ВЕРНУТЬСЯ

        Саудалы базар, жан-жақтан адам
құйылған,

Аумайды бейне тірлікте қызық жиыннан.

Бәрінің мұнда тек ұтып кету арманы,

Дүние шіркін, құралады екен тиыннан.

Алушы кетпек - түсті деп арзан қуанып,

Сатушы қалмақ - өтті деп қымбат жұбанып,

Өмірде өзін мәңгілікпін деп ойлаған

Саудагер тұрмақ - білегін таңнан
сыбанып.

Сатушы болып базарға алғаш келуім,

Сататын мүлкім - сапарлас болған
көлігім.

Ағылған топтан алданар екен кім маған,

Шұбырғандардан алдамақ бүгін мені кім?

Ат-көлік әр кез жарлыға ханның
тағындай,

Бақыт-ау жүрген кейбір жандарға
жалынбай.

Зулатып жүрген машинам кетті сатылып,

Жау мініп кеткен батырдың арғымағындай.

Көл-көсір байлық енді алақанға сыйғаны,

Үйренген көлік көңілді сәл-пәл қинады.

Дедім мен іштей - болды ма серік жанына

Әкемнің сонау жоқ-жұқа жылғы жиғаны.

Біреулер келіп, біреулер кетіп жатады,

Біреулер арзан, біреулер қымбат сатады.

Базардан қайттым есіме түсіп әкемнің

«Дүние шіркін - опасыз», - дейтін
мақалы.

Бір жаяу келіп

ат мініп кетті үйіне.

Мән берген жан жоқ

менің де жаяу күйіме.

Осы екен дедім тірлікте мың-сан естіген

Қас-қағым сәттік

дөңгелеп тұрған дүние.