ВЕРНУТЬСЯ

   Тосылдым бір тұйыққа қамалғандай...

Шындығы осы болса, амал қандай!

Арқалы ақын деген байғұс халық

О баста-ақ азап үшін жаралғандай.

Бұл жиһан жадырап бір көрінбесе-ақ,

Ол шығар мың бояуды көңілге сап.

Ол шығар армандарды биіктерге

Өмірдің өзінен нұр өмір жасап.

Тірлікте сол болғансын ең керегі,

Ол барша жұртты Күнге теңгереді.

Және өзі сүйтіп жүріп бұл өмірдің

Ләззатын бір пендеден кем көреді.

Жоқ онда төте жол да, жеке мекен,

Төтелеп сан тұйықтан өтеді екен.

Қанатты ақын сөзі мүмкін содан

Ғажайып аңыз болып кетеді екен.

Сол үшін,

болмаса да дара тұлғаң,

Баршаның кеудесіне таң атырған

О, ақын!

Қасиетіңнен айналсамшы

О баста-ақ пайғамбар боп жаратылған.

 

І

 

Өткен ғасырдың елуінші жылдарының аяғы, алпысыншы жылдарының
басында қазақ поэзиясына өте тегеурінді бір топ келіп қосылды. Олардың барлығы
дерлік астаналық қаламыз Алматыда тұрып, бұқаралық ақпарат құралдары мен кітап
баспаларында қызмет істейтін. Демек, жазғандарын жариялатуға, сол арқылы
оқырмандар мен әдебиетшілер қауымының назарына ілігулеріне мүмкіндіктері болды.
Компартияның құзырында болғанмен, газет-журналдарды ашып қалғаныңда, бір тың
есімге кезігіп, өлеңдерін құныға оқып жататынсың. Қазір баршаға белгілі жәйт,
ол кезде саяси лирикаға мол орын берілді. Солай бола тұрса да, «өтірік қостым
ішіне, өткізу үшін шындықты» деп Қадыр ақын жазғандай, таңғы шықтай мөлдір
нағыз поэзиялық туындылар да аз болмайтын.

Сол тегеурінді топ бәйгеге қосылып кетті дерсің! Қыр дуадағы
орнынан көтерілгенше, ұшқыр атпен төпетіп барып соғып алуға болады. Мұндай
жылқыны халық «тызетпе» дейді. Иә, осындай «жалт етіп, жоғалған» ақындар да
болды. Алғашында кім болып шығары мәлімсіз, дүрмек арасындағы көптің бірі
ақындар да аз болмағаны белгілі. Шынында да, тайдан тұлпар шығарын қапелімде
кім тап басып айта алады, ә? Жылдар өте келе, саралау мен бағалауға мүмкіндік
туады ғой.

Менің бұл шағын еңбегім белгілі ақын жерлесіміз Жанғали Набиуллиннің
шығармашылығына арналып отыр. Ол да жоғарыда айтылған топтың қатарында өлең
өлкесіне келген болатын. Менің пәлен парақ жазғанымнан гөрі, ақынның аз да саз
өз сөздері  өтімді болар деп ойлаймын.
Жанғали Набиуллиннің әдебиетке қалай келгенінің куәсі болыңыз, құрметті
оқырман! Ақын былай деп жазыпты: «Елуінші жылдардың аяғына таман менің алғашқы
екі-үш сәби өлеңім басылған «Әдебиет және искусство» журналын (қазіргі «Жұлдыз»)
қолына ұстап отырып, әкем Маштақов Нәбиолла (1902-1963): - Шырағым, қандай өнер
ұстансаң да, өзің білесің ғой. Тек қолыңа алған ісіңе адал бол! - деп, бетіме
сынай қараған еді. Бұл оның менің өлең жазғаныма ризалық білдіргені ме, әлде
мен балалықпен әлі сезініп үлгере қоймаған алмағайым өнер қиындығы мен азабынан
сақтандырғаны ма, сол жолы оған онша мән бере қоймаппын.

Ал анам Маштақова Рабиға Дойналықызы (1902-1968) таңданып:

Біздің тұқымда өлең шығарған ешкім жоқ еді ғой. Сонда бұл
күшік кімге тартып жүр өзі? Өлеңмен семья асырауға бола ма екен? - деген-ді.
Сауаты жоқ, ауылдың қарапайым ғана адамы ғой, өлеңнің кәсіп емес екенін қайдан
білсін!

Алпысыншы жылдардың басында менің республика жас ақындарының
ұжымдық «Жас дәурен» жинағына енген бір топ өлеңдерімді қуанғаннан қайта-қайта
оқыса да, жарытып ештеңе түсіне алмай, қапелімде не айтарын білмеген жұбайым
Сүлекешева Рауза Жұмағалиқызы (1939-1964) кенет:

- Ақын болу үшін ақыл керек шығар. Сенде ол жағы қалай еді?
- деп әзілдеген еді.

Мен үшін аса қымбат сол аяулы үш арыстың осы сөздері кейін
де, ұзақ жылдар бойы есімнен бір сәт шыққан емес. Қырық жыл бойы қандай өлең
жазсам да, қанша өлең жазсам да, ең әуелі оларды қалың орманым - халқымның үш
өкілі - үш аруақтың сын таразысынан өткізіп алу айнымас әдетіме айналған еді.
Кім білсін, мүмкін сол өсиет-борышқа адалдықтың әсерінен болар, бұдан қырық жыл
бұрын елінің жасыл Туын сүйіп тұрып ант қабылдаған сарбаздай бар жан-сырымды
ақтарып тұрып, қысқа бір өлең жазған екенмін.

Өлең!

Өлең!

Өлең боп өтер үміт,

От өріліп, биікке кетер іліп.

Сағыныштан өлеңге деген тағы

Шықты бүгін қызуым көтеріліп.

Осы -

бақыт күлімдеп келді деген!

Осы -

ақын өзіне сенді деген!

Ұйқы, күлкі қашады бұдан былай,

Тыныштық та қашады енді менен.

Күндіз-түні ой кенін бұрғылайын...

Мынау жарық өмірді жыр қылайын...

Бұдан былай күшім бар шабыт деген,

Өлең деген бар менің бір құдайым.

Күн туса да жүретін өте налып,

Торықсам да сан сынға төте барып,

Өлең үшін жұмсаймын өмірімді,

Бет қызылын жұмсамай өтем анық.

Енді бүгін, арада ұзақ жылдар өткеннен кейін, осы бір шағын
ғана өлеңді қайта оқып отырсам, ол менің барлық өмірімде өзіммен бірге келе
жатқан ақындық тұғырым, кезінде болашақ оқушыма берген мәңгілік сертім болған
екен. Содан бері бұл ақиқаттан қыл елі бұрыс аттамай өмір сүріп келе жатсам да,
өзімнің өлеңге деген адалдығымның қандай болғанын бүгін ғана сезініп отырмын.
Мүмкін бойға табиғатыңмен бірге дарыған адалдық қасиетке мұнша таңданыс
білдірудің де қажеті бола қоймас. Бірақ қым-қуыт, астан-кестен, думан-тоймен
өтіп жатқан тіршілік аласапыранында азаматтық, ақындық кредоңа сайма-сай өмір
сүріп келе жатқаныңды сезінудің өзі адамды бір ғажап жан рахатына бөлейді екен.

Мен сендердің көз алдыңызда дүниеге келдім. Оқыдым, адам
болдым. Маңдай терімді сыпырып жүріп еңбек еттім, сөйтіп халқым берген үзім
нанын адал жедім. Менің бар өмірім сендердің көз алдарыңда өтіп келеді.
Орталарыңда жүріп, қуаныш пен қиындықты да бірге, бірдей көріп, бірдей көтеріп
келемін. Менің сендерден, өзімнің бар саналы өмірімді арнаған ару өлеңнен
жасырған бірде-бір сәтім болған емес. Әсіресе, өлеңнің алдында барынша адал
болуға тырыстым.

Өлең үшін мен

қымбат уақытымды жойып, лауазым аңсамадым, һарам дәулет
жимадым, атақ-мансап қумадым. «Барға - қанағат, жоққа - жай» менің өмірлік
қағидам болды.

Өлең үшін мен

тірлігінде менен озды деп ешкімді күндемедім, менен қалып
қойды деп ешкімді тілдемедім. Сосын да көкірегімнің шүйгіні боз тартпады,
көңілім қызғаныштан сау жүрді.

Өлең үшін мен

жеңіл-желпі атақ-даңқ іздеп, әр кез әдеби орта саналған
Алматыға да қоныс аударған жоқпын. Ақ Жайықта туып, Ақ Жайықтан табанымды
тайдырмай жүріп, өлеңімді ұштадым, бұрын-соңды бұл өлкеден шыққан
ақын-жазушылардың арасынан туған жердің топырағын басып тұрып-ақ тұңғыш рет
1969 жылы СССР Жазушылар одағының мүшесі, яғни кәсіби әдебиетші атандым
(бұрынғы әдебиетші ағаларымыз бұл дәрежені астанаға ауысып барғаннан кейін
алатын).

Өлең үшін мен

өтірік сөйлемеуді өзіме қатаң тәртіп етіп қойдым. Адамның
өтірік айтқаны - жаман, ал өлеңнің өтірік сөйлегені - қасірет. Жақсы өлең де, ортақол
өлең де жазған шығармын, бірақ ешқашан өтірік өлең жазған емеспін. Көп
өлеңдерімнің бояуының қоңырлау келетіні де мүмкін содан шығар. Кім-кімге де
ақиқатпен бетпе-бет келгенде ақжарқын қалу өте-мөте қиын. Меніңше, тіпті мүмкін
емес. Өмір - қатал ұстаз. Ал өлең оның шынайы көшірмесі болса, ол қалай әрқашан
ақжелең болсын!..»

Ақын өзі, өнері туралы осылай дейді. Жанғали ақынның
шығармашылық бетбейнесін (творчестволық портретін) ашып көрсету үшін оның
жоғарыда келтірілген жан сыры өте маңызды. Бұл түптеп келгенде, осы еңбек
авторының мақсатына қызмет етіп тұр. Ең бастысы - біз ақын өлеңдерін талдауға
кірісер алдында, оның кредосын тап басып танып алдық.

 

ІІ

 

Ақын Жанғали Набиуллиннің 70 жылдығына орайластыра шығарған
бес томдығын (біреуі проза) әлденеше қайтара оқып шықтым. Бұл өлеңдердің басым
көпшілігі қырық жыл бойы қатар келе жатқан маған тонның ішкі бауындай жақын.
Себебі, кітап болып шықпай тұрғаннан таныс туындылар. Сиясы кеппей тұрғанда
оқығандарым жадымда жаңғыра бастады. Ақын ағаның көркем туындыларын көз алдына
келтірейік. Олар 1961 жылдан басталып, биылғы 2006 жылдың аралығын қамтып тұр.
«Жас дәурен» (ұжымдық жинақ), «Ақ жаңбыр», «Таныс әуендер», «Ақ сөйле,
жүрегім!», «Орда - қаһармандар қаласы», «Шыңға шырқау» (ұжымдық жинақ), «Қазақ
совет поэзиясының антологиясы» (ұжымдық жинақ), «Қасқағым», «Жырлайды жылдар»,
«Жоғары кернеу», «Жетінші перне» (бірінші том), «Жетінші перне» (екінші том),
«Жетінші перне» (үшінші том), «Жетінші перне» (төртінші том), «Жетінші перне»
(бесінші том). Осылардан көрініп тұрғанындай, ақын тынымсыз тірлікке өзін
байлап беріп, үнемі ізденіс үстінде болған. Өлең отын бықсытпай, әрдайым
маздатып отыруға күш салған!

Ақын Жанғали Набиуллиннің тұңғыш «Ақ жаңбыр» өлеңдер жинағы
жан-жағына самарқау қарайтын әдебиет сыншыларының назарына іліге кетті десек,
шындыққа қиянат болар еді. Жас қаламгер сол тұстағы өзге әріптестерімен бірдей
қабылданды. Әйтсе де сөз сиқырын терең түсінетіндер, мұның ішінде ақындар да,
әдебиетші ғалымдар да, қарапайым оқырмандар да бар - ұлттық поэзиямызға өзіндік
айтары бар таланттың келгенін сезінді. Кезінде «Ақ жаңбыр» кітабы жайында
баспасөз беттерінде оншақты рецензия, яғни, пікір жарияланыпты. Осыларды оқып
көрсеңіз, жас ақынның мол мүмкіндігі қадап айтылғанын байқаймыз.

Белгілі бір тақырыпты өлең етіп жазатын ақындар көп. Мысалы,
күз, қыз, өзен, гүл, т.с.с хақында. Төгілдіріп, егілдіріп, көлдетіп, селдетіп
жазуға болады. Жанғали ақын бұлардың қатарына қосылмайды. Ол өлеңді жазбайды,
толғатады. Яғни, ой қазанында ұзақ қайнатады. Сосын барып оқырмандарына «табақ
тартады».

Жас ақынның балауса жырларына зер салайық.

Қаскөйлердің келбетіндей ызбарлы

Қыстай жердің бетінде ауыр із бар-ды.

Бүгін бір от омбы қарды ойып жеп,

Күтір-күтір мүжіп жатыр мұздарды.

Күміс кірпік Күн қарайды тесіліп,

Билейді еркін биязы жел есіліп.

Көктем лебі қолды-аяққа тұрмай жүр.

Ұялғандай келгеніне кешігіп.

Осы сегіз жол, яғни, сегізаяқ өлеңнің «кілті» қайда тұр?
Әрине, көктемнің кешігіп келгеніне ұялғанында тұр ғой. Өлеңді соза беруге болар
еді. Бірақ жас ақын бірден-бір дұрыс, нәзік шешім таба білген.

Жанғали Нәбиуллин ақындық сапарын бастар тұсынан-ақ сөзді
елеп-екшеп қолдануды мақсат тұтып, өлеңмен сурет салуға машықтанды.

Ауыр бұлт айналды да шығыстан бір,

Жөнелді атой салып күміс жаңбыр.

Шөлдеп-ақ қалған екен жер жарықтық,

Ол қазір сол шаруасын дұрыстап жүр.

Табиғат көктен солай жұмсап нұрды,

Қандыра суарғанда сусақ қырды,

Төңірек мұқияттап шомылдырған

Уыздай жас сәбиге ұқсап тұрды.

Иә, «...жаңбырмен жер көгерер» деген қанатты сөз бар
халқымызда. Жаңа жаза бастаған жас ақын жауыр болған ойлар мен көріністерге
бармай, жаңбырдың әсерінен жаңарған төңіректі мұқияттап шомылдырған жас сәбиге
теңеп, өзінше кестелейді.

Сондай-ақ,   Жөңкілген
сағым - көк айдын

    Шұбырған көп қой
секілді.

Немесе:        Үй
сыртына жайып қойған матадай

       Қарсы алады ақ шағала желкендер.

Сөз жоқ, «Ақ жаңбыр» өлеңдер жинағы жас ақынның өзіндік үнін
танытқан кітап болды. Өлең өлкесіне именбей кіруіне жол ашып берді.

Мұқият зерделеген адам Жанғали ақынның тұңғыш кітабынан соң
басқаша ойлау, толғау жолына түскенін байқар еді. Бұл неден көрініс табады?
Әрине, өлеңдерден!

«Ақ жаңбыр» жинағы алғашқы махаббат сияқты «ас та, төк»
сезімдерге тәуелді болса, екінші «Таныс әуендер» кітабында ақын біршама
салқынқандылық танытқандай. Албырттық азайып, сезім селін әдейі тежегендей әсер
аласың. Бір-екі жылдың ішінде ақын кекселеніп қалғандай. Бірінші кітабына
бүйрегің бұрып тұрғандай болады. Иә, бұл алғашқы әсер ғана екен.

Рас, кітаптан кітапқа үздіксіз өсіп отыратын ақындар болады.
Бірақ мұндайлар өте сирек кездеседі. Сөз жоқ, ақындар бір кітабымен биікке
шығады, екінші кітабымен де сол деңгейде қалып қояды. Тіпті келесі кітабымен
«төмендеп» кетуі мүмкін. Дарындысы біршама уақыт өткеннен кейін екінші тынысы
қайта ашылып, жыр жиһаздарын «текшелей» бастайды. Дарынсызы көштен қалмауға
тырысып, текірекке ауысады.

Ақын Жанғали Нәбиуллин қаламынан туған өлеңдерді түгелімен
оқи отырып, оның ізденісі де, іркілісі де есепсіз еместігін байқаймыз. Ол сара
жолмен келе жатып, өзін сынау үшін, оқырманын ойландыру үшін әдейі эксперименттерге
бара береді екен. Осы себептерден де бір кітабына екінші кітабы мүлдем
ұқсамайды. Маған осылай көрінеді, әйтеуір. Бұл оның кемшілігі ме? Жоқ!
Жетістігі деуіміз керек.

Эксперимент дегенде, ақынның өлең жазу «технологиясын» сөз
етіп отырған жоқпыз. Бұл бағытта ол классикалық үрдісті бұзбайды. Ақын
тақырыпты таңдау, оны аша түсу, мұрат биіктігі мен ой тереңдігі арқылы
оқырманға әсер ету жағынан жаңалық іздеуге күш салады. Біздің айтып отырғанымыз
- осы жайлар.

Жанғали Нәбиуллин бес томдық таңдамалысына «Таныс әуендер»
кітабынан санаулы өлеңдерін енгізіпті. Сірә, 1967-1968 жылдар аралығындағы
ақындық деңгейін көрсетуді мақсат тұтқан болар.

Осы да бір қызық жай ойлағанға.

Адам оның сырына бойлаған ба!?

Не ертеде бір алып бұл жерге кеп,

Тау-шыңдарды түйе қып ойлаған ба!?

- Кім білсін...

Әлде тіпті ел-жұрттан жаны бөтен,

Тумысынан тіршілік заңы бөтен, -

Қатып қалған тас болып, сірә, содан,

Сонау Қарабайлардың малы ма екен!?

- Кім білсін...

Қарсы шапқан жауының садағына

Батыр мұнда үрейін қамады ма!?

Әлде тау боп тарамай тұрған бұлар

Табиғаттың түйілген қабағы ма!?

- Кім білсін...

Қарашы бір байыппен жан-жағыңа:

Таулар - мүмкін сан ойдың салмағы да.

Әлде тіпті адамдар атқан оқтан

Қара жердің бүкір боп қалғаны ма?!

- Ол да мүмкін-ау...

Жанғали ақын екінші кітабы «Таныс әуендерде» жылт еткен
сезім сәулесін тереңдікке жетелеп, ғаламдық деңгейде ой түюге ұмтылады. Балалық
шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келген ақынның бұл жинағы замандасы кәдімгі
Қадыр Мырза Әлінің атышулы «Ой орманы» (1965 жыл) кітабымен үндес болғандығын
айта кеткен орынды сияқты. Яғни, бір жүйрік бір жүйрікке сәуле түсіріп, ұшқын
бергені сияқты, екі талант келелі тақырыпты өздерінше жырлап, кеңіте түседі.

Жоғарыда шын дарындардың кітаптан кітапқа өсіп отыратынын
айтқанбыз. Жанғали ақынның үшінші кітабы «Ақ сөйле, жүрегім!» деп аталады. Бұл
жинақ 1970 жылы жарық көрді. Байқайсыз ба, оқырман? Араға бір-екі жыл ғана
уақыт салып, ақын үш кітап шығарыпты. Қырғыштың қырындай кітаптың өзі Мәскеуден
бекіп келетін кезде, шалғай облыста тұратын жас ақынның кітаптары жиі
басылыпты. Бұл нені көрсетеді?

Ақынның кітаптан кітапқа өсіп отырғанын, әдеби ортада
мойындалғанын, биік орындықта отырғандарға талантымен мәлім болғанын көрсетсе
керек. Ал сол бір тұста облыстардағы ақын-жазушылардың жолы бола бермейтін.
Баспалардың жылдық тақырыптық жоспарларынан сызылып тасталатын. Ақын Жанғали Нәбиуллин
сонау алпысыншы-жетпісінші жылдары өлеңдері сапасының өрелілігі нәтижесінде
облыста тұрып, астаналық әріптестерімен иық түйістіре алған бір қолдың
саусақтары санына жетпейтін ақындардың қатарынан ойып тұрып орын алды. Бұл
туралы Қадыр Мырза Әлі былай деп жазыпты: «... Жалпы біздің әдеби тарихымызда
астанадан алыста, шалғай шәһарларда тұрып, осынша абыройға ие болған ақындар
саусақпен санағандай. Оған Аралдан алыс ұзамай, Қызылордадан әрі қия баспай,
өнімді жұмыс істеген мүгедек ағамыз Зейнолла Шүкіров, университетті бітіре
салып барғаннан ширек ғасыр Көкшетауда тұрып, поэтикалық көкпарын бермей кеткен
Еркеш Ибраһим, сосын осы Жанғали!» Бұдан асырып айтуға бола ма, жоқ  болмайды! Мақтауға өте сараң Мырза Әліні
құран сөзіндей қабылдаймыз.

«Ақ сөйле, жүрегім!» жинағына оралайық. Еліктеу, солықтау
«ауруларынан» тез айыққан ақын нені жырлады, қалай жырлады? Қазақ поэзиясы
сияқты арнасы кең өзенге өз бұлағымен қосылып еді ғой. Сол бұлақ қалай ағуда?
Буырқана аға ма, шымырлай аға ма?

«Ақ сөйле, жүрегім!» жинағына ақынның үлкен үміт артқанынан
хабардармыз біз. Көп әншілердің басын біріктірген өнер ұжымын хор дейді ғой.
Бейнелі тілмен айтсақ, қазақ поэзиясын осындай хормен теңеуге болар еді. Ақын
Жанғали Набиуллин осынау хордың төл мүшесі болып кетті. Оның өлеңдері қазақ
поэзиясының олжасына айналды. Антологияға енгізілді. Бірақ хордың аты хор ғой.
Көптің бірісің. Жеке орындаушылыққа, яғни, солистікке не жетсін! Ақын әңгіме
арқауы болып отырған кітабы арқылы хордан өз даусын бөліп алуға күш салды.
Ерекше үнін естіруге ұмтылды. Яғни, көптің бірі болып қала бермей, тар шеңберді
бұзып шығуға тырысты.

Тұрмыс-тіршілікте қанағат болғаны жақсы. Өнерде қанағатшыл
болу тоқырауға әкеліп соқтырады. Осыны ерте түсінген ақындардың бірі - Жанғали
Набиуллин! Ол ізденістен жалықпады. «Ақ сөйле, жүрегім!» жинағы оның абыройын
көтерді, елге танымал етті. Республика жұртшылығы Ақ Жайық атырабында әдемі бір
ақынның жыр отауын тігіп, түндігінен жайсаң да жарқын туындылар ұшырып
жатқанының куәсі болды. Жанғали ақын әріптестері арасында толық мойындалды.
Жазушылар съездері мен әдебиетшілердің әртүрлі басқосуларында оралдық
қаламгердің өлеңдері жақсылық жағынан үнемі аталып өтіп отырды. Яғни, қазақ
әдебиетінен өз орнын алып, нық бекінді.

Осы «Ақ сөйле, жүрегім!» кітабына тағы бір үңілейікші.

Нұрға көміп кең дала, астананы...

Жерден құшып алғанда жас баланы,

Аз ба, көп пе, тиежақ Бет Қызылы

Ананың ақ сүтімен басталады.

Жүріп сосын өзгенің тасасында,

Оны, сірә, ұялмай шашасың ба,

Не көзіңді жұмғанша жұрт алдынан

Өр қалпыңмен өкінбей асасың ба?

Өзің біл!

Ол жұртқа анық көрінеді,

Бір ақиқат көңілде берік еді:

Бет Қызылы, өмірдің дәл өзіндей,

Адамға тек бір рет беріледі.

Бет Қызылы - ұят, ар, намыс! Бұл Жанғали ақынның өмір бойы
ұстанып келе жатқан кредосы, яғни желбіреткен жасыл туы ғой.

Осы «Ақ сөйле, жүрегім!» жинағында өзге ақындардың назарына
іліге бермеген жайлар мен құбылыстар өрнектеледі. Тұтас жырларды, шекесінен
шертіп алған шумақтарды кірістірсек, бұл еңбек жоспарланған көлемнен асып кетер
еді. Сондықтан ой түйіні тірелген тармақтарды теріп көрейін.

  Өлгендер - тек
жүректе де,

  тірілер - өз үйінде,
- дейді ақын бір өлеңінде.

 Көп ойымды кеудемде
көктемеген

 Өзімнен де жүреді
бұрын біліп, -

деп жазады ол досына арнаған жырында.

Ару қыздар туралы өлеңінде:

Жосылған көп қыз - көп сиқыр,

Көзіңді жұтып барады,

Немесе: Таңдану үшін жаралып,

Талдырып салса,

Сенбей көр!

Өтеді-ай қарап қадалып

Секірген тентек кеуделер...

Жас жүректі де, кәрі жүректі де шымыр еткізетін мына
жолдардан аттап өтіп көр!

Осындай бір сәт жеткесін

Төзімге енді тоясың...

Айналып басың кеткесін

Көзіңді жұма қоясың.

Сенсеңдер,

осы расым,

Байқаңдар бірің,

мыңың кеп!

Өзің де сосын тұрасың

Зорыққан аттай дірілдеп.

«Көзіңді жұма қоясың» немесе «Зорыққан аттай дірілдеп» деген
жолдар бір қарамаға ерекшелігі, өзгешелігі жоқтай көрінеді. Бұл сөздер прозалық
шығармада қарапайым сөйлемнің жүгін арқалап тұрар еді. Ал поэзиялық туындыда
әдемі суреттің өз орнымен түсірілген бояуындай әсер етеді. Әсіресе, «зорыққан
аттай дірілдеп» деген тіркес жас адамның, ақынжанды адамның бір сәттік көңіл
құбылысын өте әсерлі білдіреді.

Қайнап жатқан қара қазанды көз алдыңызға елестетіңізші.
Шымырлап, бұрқ-сарқ етіп, кейде тіпті ошақты қозғап жіберердей екпін танытады.
Бұл неге байланысты? Әрине, отынның қуатына байланысты ғой. Жанғали ақынның
өлеңдері осындай қазанда қайнап, піскенін көреміз. Кейде қазан астындағы оттың
жалыны азайып, қызыл шоқтана бастағанда, майы бензиннен бетер бір құшақ
тобылғыны ошақтың көмейіне атып жібергендей болады. Яғни, ой қазанына жүрек
отын лақтырып, құрыштай қорытпа алады.

Мас адамның ізіндей дәл жүріп өткен иректеп,

Бір қорқыныш тіміскиді көкірегімді түйреп кеп.

Қырық жыл ма, әлде қырық ғасыр ма екен, кім білген,

Ол пәлекет шықпас деп пе ең өзі жатқан үңгірден.

Шығар дағы...

Жоқ, әзірге ол туралы ойламан,

Үрейдің тап өзінен де үрей жайлы ой жаман.

Шығар дағы...

Мүмкін шықпай қалуы да мәңгілік.

Жүрегімнің есігіне іліп едім нән құлып.

Содан бері жеті қабат зынданда ол қамаулы,

Содан да оның бұл дүниеде жылы, күні санаулы.

Қамаулы тұр,

Тілейді алмас қаламымның сынғанын,

Тілейді әрі сауыттағы сия кеуіп тынғанын.

Қамаулы тұр,

Тілейді ол шабыттың да жұт күнін.

Мен жыр жаза алмас бір сәтімді тілейді ол-тұтқыным.

Осы жаман ниеті үшін кеудемде ол қамаулы,

Осы жаман ниеті үшін жылы, күні санаулы.

Сол зынданда өліп, оны сол зынданда жерлесем!

...Тек бір күні шынжырын ол үзіп кетіп жүрмесе.

Осы жолдар арқылы нені айтып, меңзеп отыр? Бұл қандай
қорқыныш, нендей үрей? Әр адамды аңдып жүрген ажал, дарындыны аяқтан шалатын
дарынсыз, тұрлаулы тұлғаны күндейтін пасық, тойда төбелес бастайтын бұзақы, қос
үйді қоса қондырмайтын өсекші, әкесін арбаға байлап сабаған жетесіз, кісі
ақысын жеген озбыр, ақырзаман аңсаған үмітсіз - не айтатыны бар, бәрі-бәрі
шынжырлаулы құбыжықтар ғой. Ақын осы жеті басты аждаһадан сақ болуға шақырады.
Бадырайтып, баттитып айтпай, тұспалмен, ишарамен жеткізеді. Осы пәлекеттер адам
абайсыздық танытса, шынжырын үзіп кетуі ғажап еместігін сездіреді.

Жанғали ақынның жарық көрген әрбір кітабы өзіне шақтап
артқан жүкті көтеріп тұрады. Мұнымен не айтпақпыз? Қаламгер тұтас бір жинақты
бір ой жүйесіне бағындырады. Бейсауат жүрген өлеңдер кездеспейді. Яғни, ақын
алғашқы өлеңнен соңғы өлеңге шейін бір желіге «байлап», оқырманды жетелеп
отырады. Нәтижесінде, кітапты оқып шыққанда, тұтас бір сүйекті шығармамен
танысқандай боласың.

«Орда - қаһармандар қаласы», «Қасқағым», «Жырлайды жылдар»,
«Жоғары кернеу» жинақтары жоғарыда айтқандарымызды растай түседі.

Алғашында жанды-жансыз тұғырына қонарда,

Бәріне оның белгілі бір мүсін-кейіп жонарда

Бұл табиғат ойласын деп жұмыр жердің тағдырын

Адамның да басын солай жерге ұқсатқан болар ма?

О бастан-ақ бабамыздың құс қиялы келіп-кеп,

Бір мүлікті мақтайды екен жасағаным берік деп.

Мүмкін адам сонау алғаш зеңбіректің добын да

Жұмыр қылған шығар, сірә, өз басына еліктеп?!

Бір кездегі ғаламат сол жаңалықтың алдында

Сен де, азамат, разы боп, бас киіміңді алдың ба!

Айтшы тағы, жұмырлығын кім білмейді сондағы

Бабамызды аспанға алып ұшқан алғаш шардың да!?

Оны айтасыз, қай-қайдағы сары уайыммен мазаны ап,

Жүрген талай сенімсізді жұрт көзінше жазалап,

Орбитаға шырқаған жер серігінің белгілі

Үшкір болмай, жұмыр болған себебі де ғажап-ақ.

Және елдің тағдыры үшін рас болса тоңғаның,

Күн күйдірсе алыс жолда, амалың жоқ, ол да мұң...

Сондай сәтте қос қолыңмен маңдайыңды сүйеп бір

Отырсаң да,

елестейді көлеңкесі... бомбаның.

Шекараға тәуелді емес ақын қиялы қайда шарықтап ұшпайды!
Жұмыр Жердің бейнесінен терең философиялық ой түйіндеп, оқырманды мойындатып
тынады. Қарапайым адам үшін жер шары, адамның басы, зеңбіректің добы дегендерің
- әншейін заттық ұғымдар. Ал ақын үшін оқырмандарға өлеңмен орап ұсынатын ойдың
объектілері. Міне, солай!

Жоғарыда айтып өткеніміздей, жыл озған сайын ақын өлеңдері
«ауырлай» түседі. Әрине, жақсы мағынасында! Осылай болуы тиіс те. Ойлы ақын
«үп» еткенде ұшып кететін өлең жазбаса, жаза алмаса керек.

Тармақтарға көңіл аударайық.

  Ертеңді - кеш
жүремін еркімменен

  Бір басыма мың
батпан салмақ артып.

Немесе:

  Маған, сірә, ойлардан
құтылу жоқ

  Кірпік қақпай миымды
күзетеді.

мына жолдарды оқыңыз:

 Мол жаңбырды қалаға
күнде құйған

  Қалай бұрып апарам
егістікке.

Аттап өте алмайтын түйіндер ғой бұлар:

 Егер менің бос болса
ойдан басым,

  Әлдеқашан жынданып
кетер едім.

Түс көріп жатып шөлдедіңіз делік. Ой, сол бір сәтте патшалар
ішетін бал татыған салқын шербетті жұта бересіз, жұта бересіз. Оянып кетсеңіз,
сол баяғы аңқаңыз кеуіп жатасыз. Осы сияқты оқып отырғанда, шербет жұтқандай
әсерде болып, оқып болған соң бір жолы түгіл, бір сөзі есіңде қалмайтын өлеңдер
болады. Бұларды да өгейсіту жөн емес. Ақжелең өлеңдер де қажет. Тек нағыз
поэтикалық туынды болсын. Ал Жанғали Набиуллинге келсек, ол ойдың да, сезімнің
де ақыны деп түсінемін өзім. Құрғақ ой дидактикаға апарып соқтырады. Жалаң
сезім жылымшы тәттілікке апарып соқтырады. Осы екеуі астасса ғана, нағыз өлең
туады. Жанғали ақынның қолтаңбасынан соңғы айтқан тұжырымды көреміз.

Қарамай еш сыланған сәнімізге,

Ұрсу керек біршама бәрімізге.

Қыран болып ұшсақ та,

Қарапайым

Байқампаздық жетпейді әлі бізге.

Байқамаймыз самалды соғып тұрған,

Байқамаймыз адамды жолықтырған.

Кейде өзгеге байқамай ұстатамыз

Құсымызды қолға кеп қонып тұрған.

Сездіргенше мұқтаждық қалта тіліп

Байқамаймыз дәм-тұзды сарқа тұрып.

Байқамаймыз ақыры біткенін де

Қымбат тірлік тінінің тарқатылып.

Сайлап ту сен о баста хан тағыңды,

Адам болсаң отың аз жалтақ үнді,

Асқынады байқамау

біреу шешіп,

Кигізгенде пальтоң мен қалпағыңды.

Бір қарамаға жоғарыда келтірілген өлеңнің ешқандай
ерекшелігі байқалмайды. Төрт аяғын тең басқан, артық-кемі жоқ туынды. Жанғали
ақын жазды дейтін жыр. Қаламгердің барлық өлеңіне тән қасиеттер бар мұнда. Ой
бар ма? Әрине! Біз күнделікті тірлікте көп нәрсені байқай бермейміз ғой. Ас
ішеміз, ауа жұтамыз. Күніне ондаған адамдармен сәлемдесіп, тілдесеміз. Алайда,
сол сәттердің сол қалпында енді қайталанбайтынын ойымызға да алмаймыз. Өмір
өлшеусіз беріліп, мәңгілікке қол артқандай, алаңсыз жүреміз. Тек ақындардың
осындай қалғып кеткен сезімді селт еткізіп оятатын өлеңдері фәнилік тірліктің жалған
екенін біздің есімізге салып, ойлануға итермелейді. Егер ақын өйтпеу керек,
бүйтпеу керек деп құрғақ ақыл айтса, бұл өлеңін оқырман қабылдамас еді. Ой мен
сезімге қатар әсер еткендіктен, өлең оқылып тұр, зердеде тоқылып тұр. Поэзиялық
туындының құдіреті деген осы!

Ақын Жанғали Набиуллиннің «Жырлайды жылдар» кітабы туған
поэзиямызға қосылған қомақты үлес болғаны туралы кезінде біраз айтылып,
жазылғанының куәсіміз біз.

Не десең де, өмірлік тәжірибеге жететін ештеңе жоқ! Ал бұл
шығармашылықпен шұғылданатын адам үшін, әсіресе, ақын үшін ерекше мән-маңызға
ие. Иә, ақын әсерге тәуелді жан. Әсерленбесе, сезім селт етпейді, ой оянбайды,
жүрек соғысы жиіленбейді. Өмір озған сайын, жылдар жылжыған сайын ақын сан
алуан тұжырым, құбылыс, әсерлердің «қоймасына» айналады. Осыларды ойында
қорытады, елеп-екшелейді, сараптайды. Жас кезіндегідей лап етіп тұтанып, лақ
етіп айтып салмайды. Өлеңіндегі әр сөзге, тармақ пен шумаққа өте
жауапкершілікпен қарайды. Тіпті кейде өзіне қиянат та жасайды. Сезім селін
тежеп, өзі сәтсіз деп тапқан, мүмкін, оқырмандар үшін өте керекті өлеңдерді
ішінде «тұншықтырып» тынады. Мұндай жай-күй Жанғали ақынға да тән. Сірә, өлең
өнерін құдіреттей қастерлейтін дара дарындардың бәріне де тән қасиет болар бұл.

«Жырлайды жырлар» жинағындағы өлеңдерді оқу арқылы ақынның
тың ойларынан сусындап, жаңа әлем ашқандай боламыз.

  Сері күндер құмарын
қолдаса үміт,

Жиһан кезіп, дос тауып, жолдас ұғып,

Екеу болып,

он болып,

жиырма болып...

Сапарластар жатады жолға шығып.

Сағым ойнап,

армандар алыстаған,

Шөлдері бар үстінен жан ұшпаған,

Таңдары бар,

тырбынған тірілігі бар

Үлкен өмір бұл да бір таныс маған.

Адалдық бар сертіне бекемменен,

Арамдық бар сендіріп кетем деген.

Кедейі бар,

Сосын да патшасы бар

Бір аумалы әлемді мекендеген.

Иә, өмір атты ұлы көште ақынның байқағаны мен сезінгені
өзіне ғана олжа емес, оқырмандарына жазып қалдырған өсиетнаме іспетті болмақ.
Жанғали ақынның өлеңдері ойлануға, тұжырым жасауға, әйтеуір, енжарлық атты
кеселдің бассалмауына үнемі үндеп отырады. Яғни, ақылшы серігіңе ұқсап тұрады.
Осы сөздерімізді дәлелдеп көрейік.

Оқыңыз да ойланыңыз:

Кім білсін, не үйренді өмір менен,

Ал өмірден көп менің үйренгенім.

Немесе:

Терең тамыр жаюм керек сенде

Сенің көркің болуым үшін менің.

Мына жолдарға үңіліңіз:

Бірақ, бірақ...

Сәл ғана тыным алып,

Тыным бітіп,

Оның тек мұңы қалып,

Соғыс емес, соғыстан кем де емес бір

Майдан жүріп жатқаны бүгін анық.

Мұқият байқаған жанға ақын ештеңені зорлап таңбайды,
ақылгөйсімейді, үгіттемейді. «Мен айтарымды айттым, өзіңе керегіңді теріп ал»
дегендей сыңай танытады.

Адам өзгеріп отырады. Мұнда жас мөлшерінің атқаратын рөлі
үлкен. Тіпті керек десеңіз, жыл мезгілдері, тәуліктің әр кезеңі адамның ой
жүйесіне әртүрлі әсер етсе керек. «Жас кезімде пәленше ақынның өлеңдері
кереметтей ұнайтын еді. Қазір оқи алмаймын» деген сөздерді естіп жүрміз. Бұл - шындық.
Әбден болатын жағдайлар. Ал қай кезде де оқырманға етене жақын, ақылшы, сырлас,
мұңдас, тағдырлас өлеңдер өміршең болмақ. Жанғали ақын - осындай жырлардың
авторы. Бұл туындылар келешек ұрпақтың да жүрегіне жол табары анық!

Жанғали ақын өлеңдерінің тақырыбы кең, тіпті ұшан-теңіз десе
болғандай. Тақырып тарлығы ой жұтаңдығын көрсетеді деген шын сөз. Бұл жағынан
алып қарағанда, қаламгер қамшы салдырмайтын жүйрік екенін әлдеқашан дәлелдеді.
Жоғарыда қадап айтқанымыздай, бір жүйеге бағындырылған жинақтардан оқырманға
мазасыз күй кештіретін қаншама өлең оқып, дүр сілкінеміз біз. «Апыр-ай, мұны
бұрын қалай байқамаппын, осы ой менің басыма неге келмеді» деген жақсы
мағынасындағы қызғаныш қылаң бергендей болады.

Енді бір жинаққа топтастырылған өлеңдерді іріктемей-ақ
кейбіреулерінен жалқы шумақтан мысал үшін алып көрейік.

Себеп тізіп жатпай-ақ басына ұрып,

Жарнаманы кәрі де, жасы да іліп,

Ерсіл-қарсыл ағылған бұл адамдар

Бір-бірінен жүргендей жасырынып.

Немесе:

Достар мені тәртіпке бекем дей ме:

(Салақ үйді сал жігіт мекендей ме?)

«Жарық дүние жарқырай түссінші» деп

Шам сөндірмей күндіз де кетем кейде.

Мына бір ойға көңіл аударайық.

Тірлік барда, білемін, жетпесім көп,

Мұны әрине, айтқан жоқ кектесім кеп.

Қарамаймын өткенге -

төменге мен

Басым кенет айналып кетпесін деп.

Осынау шумақты қалай аттап өтуге болады!

Еліткендей сені де кенет бір күн,

Менің тірлік - төрімді жебеп тұрдың.

Қан тамырым содан-ақ ұшқын атты

Түйіншегі секілді электрдің.

Ақын Жанғали Набиуллин жасы елуден асқан тұсында «Жоғары
кернеу» атты кітабын шығарды. Бұрыннан да өлең мәселесіне келгенде асығыстыққа
бармайтын қаламгер, бұл жинағын да мұқият дайындағаны байқалады. Өткен ғасырдың
сексенінші жылдарының орта шенінен басталған «жылмық» ақынның ой-санасында
қорытыла қоймаса керек. Сол шамаға тұспа-тұс келген Қазақстандағы желтоқсан
оқиғасы да зерделеніп үлгермеген болатын. Қалай болғанда да, ақынның кітабынан
жаңа леп ескендей. Ақын әлдебір қамшаудан құтылғысы келетіндей аласұрады.
Айқайлап айтпаса да, тірлігіне дән риза еместігін сездіреді. Бұған кінәлі
кімдер екенін өзі ұққысы, сол арқылы оқырманға ұғындырғысы келеді.

Біліп тұрған жоқпыз біз бүгін мұны.

Ақиқатқа осылай жүгін, міне!

Қуаныш пен қайғының кіндігі бір

Көзден таса қылмайтын бірін-бірі.

Сондай-ақ:

Қабыл болып жатса да тілегі мың,

Үміті көп жұртының - тірегінің.

Соны ұққандар түсінді

Оның қазір

Неге соқпай тұрғанын жүрегінің.

Немесе:

Бірте-бірте кеткендей күш алыптан,

Тамырымда қалғандай тұсалып қан,

Желден озған көңілім кібіртіктеп,

Өлем екен деп едім құсалықтан.

Мына жолдар нені меңзеп тұр?

Сайрап жатып мақсаттың бағыт-бағы,

Құштарлық боп шалқыса шабыт тағы,

Бесік - өмір

басталған жалғыздықпен

Жалғыздық боп бітпейді табыттағы.

Ойлап отырсақ, біз екі-үш қоғамдық құрылымда (формация) өмір
сүріп үлгеріппіз. «Капитализмді аттап өтіп, социализмге бір «секірдік» қой.
Сөйтсек, феодализм-капитализм-социализм (оның кемелденгені), бәрі-бәрінің
қоспасынан дәм татыппыз. Социализмнен бір «қарғып», коммунизмге жетіп баратын
едік. Әттең!.. Социализм кереметтей мақталды. Коммунизм асыл арман болды.
Капитализмді иттің етінен жек көрдік. Алайда ешкім атылып, асылып өлген жоқ
күйіктен. Капитализмде өмір сүріп жатырмыз қазір, құдайға шүкір.

Иә, қоғамдық құрылымды өмірге әкелетін адамдар ғой. Оның
көшбасында көсемдер жүреді де, «қара халықты» соңына ілестіреді. Мұны біз жақсы
білеміз. Белгілі бір қоғамдық құрылымда өмір сүре тұрса да, адамдардың бәрі бір
кісідей оның идеологиясына мойынсұна бермейді екен. Ашық күрескен алыптардың
аты баршаға аян. Олар жайлы ой мен сөз басқа. Өзі өмір сүріп жатқан қоғамның
идеологиясын қабылдамай, амалсыз күн кешкендер аз болған жоқ. Олар, әсіресе,
зиялы қауым, соның ішінде шығармашылықпен айналысатындар арасында болыңқырағаны
қазір баршаға белгілі. Бұл жағдай қазақ қаламгерлерін де айналып өткен жоқ. Ту
ұстап, ашық күреске шықпаса да, кейбір шығармаларында «рұқсат етілмеген»
еркіндіктерге барды. Осылай боларын алдын ала білген көсемдеріміз үкіметке
бағынышты цензура органын құрды. Ал ол болса, асқан қырағылық танытып, шығармалардағы
«қауіпті» деп тапқан тұстарды аяусыз қырқып тастап отырды. Сөйтіп, үстемдік
құрған қоғамдық құрылымның өмірін біраз ұзартуға елеулі үлес қосты. Бұл жағдай
Жанғали ақынның басында да болды. Оның баспаға тапсырған кітаптарынан тұтас
бөлім, топтамалар сызылып кетіп отырды. Яғни, цензураның қайшысына ілікті. Дес
бергенде, әділеттілік жеңіп, жоғарыда аталған бес томдығына «құрбан» болған
туындылары енгізіліпті. 1960-2000 жылдар аралығында ақынның үлкен бір жинақ
құрайтындай туындылары оқырмандар көзінен тасаланып келіпті. Және қандай
өлеңдер! Ойыңа от тастайтын, жігеріңді жанитын, санаңды саралайтын жырлар ғой
бұл.

... Күмістей күздің жаңбыры -

Маңдайдан аққан суық тер!

Көбейсін десең ән-жырым,

Жанымды менің жуып бер!

Үрейің болса байқаған,

Сен оны маған біліп бер!

Ашылар мүмкін қайтадан

Тот басқан мендегі үміттер.

Мына жолдарды қалай аттап кетерсің.

...Ұзатып жыл, ай, күнді есен,

Көңілдің тауып бір емін...

Өзіме бүгін күлмесем,

Сонда мен кімге күлемін?!

Безіп тек күлкі безбегір

Тағы бір майдан басталып...

Күлейін деген кезде бір

Кетеді көзден жас тамып.

Немесе:

...Тағатсыз болсам, несі мін!

Тірлігім үшін мұңайған,

Мешітке кіріп,

кешірім

Сұрайын деп ем Құдайдан.

Міне, сызылып кеткен өлеңдер негізінен осы тектес болып
келеді. Осыларда қоғамға қарсы, адамзатқа жат жымысқы ойлар бар ма? Атай
көрмеңіз, жоқ! Көңіл-күй лирикасының озық үлгісі ғой бұлар. Сызылып кеткен
өлеңдерін оқу барысында, әдебиетші-ғалым Серікқали Шарабасовтың жарияланған
мына өте құнды сөздері ойға оралады. Ол былай депті: «... Жанғали - Батыс
өлкесінің өте-мөте сараң, бірақ барынша бірегей поэзия өнерінің небір есте жоқ
ерте кездегі ұрығы. Сол дән қазіргі поэзияның құнарлы топырағына енді де,
сыршыл әрі пәлсафашыл нұрлы лирикаға айналды.

«Лирикада мінез болады» десек, ақын өлеңдері Махамбет
жырларындай өршілдікті, ашуды, бұрқануды, ұрыншақтықты тілейді, өлеңдерінің өн
бойында бір булығу жатады. Сонау әміршіл-әкімшілік кезеңде, КПСС-тің қаһары
түтеп тұрған заманда, Жанғали диссидент ақын да атанды, талай рет жұмыссыз
қалып, тек творчествосы нанымен күн көрді. Талайлар өлеңді лауазымға
айырбастап, біреулер партияға, біреулер ғылымға жалт берсе, ақын Жанғали
темекісін бұрқыратып, қайсарлықпен алшаң басып, сол өз өлең өлкесінде жүрді.
Бұл өзі ақындық қана ерлік емес, азаматтық ерлік те болған екен-ау!» Өте дұрыс,
жеріне жеткізе жазыпты ғалым.

Біледі жұрт,

туған ел - дүлдүл дарын

Мәпелеген кеудемде бір гүл барын.

Қартайсам да, қабағын бір шытпаумен

Гүлді айналып ұшады бұлбұлдарым.

Өрісі кең олардың, өзі биік,

Көрген емес бірінің өңі күйіп.

Бұлбұл жырмен жүздескен жақсылардың

Жүрегі от боп жанады, көңілі иіп.

Жыр жолынан тайдырса қыстап анық,

Сөнер еді шырақтай құс та налып.

Есер жандар ойнауға баласына

Бере алмайды бұлбұлымды ұстап алып.

Қашық жүріп іштардың өсегінен,

Биік ұшып білгірдің есебінен,

Тек осылай бейкүнә бұлбұлдарым

Сау келеді тентектің кесегінен...

Біледі жұрт,

туған ел - дүлдүл дарын

Мәпелеген кеудемде бір гүл барын.

Өзім жоқта кімге тап болар екен

Өлең атты ақкөңіл бұлбұлдарым?

Мың құбылып тұрғанда заман деген

Сездіңдер ме көңілім алаң неден?

Өзім ғана жырымды қанмен жазып,

Өзім ғана сызушы ем қаламменен.

Иә, мұндай жолдарды цензор қалай сызбасын. Ақын өрең
жетпейтінге қол созба деп тұр ғой. Қырағы «мерген», әрине, ақыннан да білгір,
ақылы кемел жан сезінеді ғой өзін. Түбі қайыр, сызылып кеткен өлеңдер
оқырмандарына оралып жатыр!

 

ІІІ

 

Ата-ана үшін он баланың бәрі бірдей. Өгейсітпейді ешқайсысын
да. Себебі, өз қанынан жаралған перзенттер ғой олар. Ақын үшін де осындай.
Әрбір өлеңі, әрбір кітабы сондай ыстық, сондай сүйікті. Алайда, «әй, осыным
озық, бәрінен де сәтті шықты-ау» деген жинағы болары хақ. Оны ешкімге естіртіп
айтпаса да, үнемі жүрегінің түкпірінде, көңілінің қалтарысында аялап жүрері
күмәнсіз.

Біз жоғарыда ақын Жанғали Набиуллиннің әр жылдарда жарық
көрген кітаптарына тоқталып, шама-шарқымызша ой-пікірімізді білдірдік. Ол
жинақтардың алды бұдан қырық жылдай бұрын оқырмандар қолына тиіп, етене сырлас
болып кетті. Ар жағын айтпағанда, облысымыз аумағындағы кітапханаларда бұлар
бар. Ал оқырмандарға енді-енді жол тартқан кітап - ақынның таяуда шыққан бес
томдығының үшіншісі. Бұл кітап тұтастай «су жаңа» өлеңдерден құралған. Айтары
ауқымды, үні ерекше кітап бұл! Жасы ұлғайып, ойы кемелденген ақын «ірі
турайды», жалтақтамайды, жүрексінбейді. Себебі, айтып отырғандары даусыз шындық
қой. Және де ақын оларды мінберден қасаң сөзбен емес, кітап бетінен биік поэзия
қанаты екпінімен айтып тұр емес пе? Қаламгер жазғандарының тыңдалып, еленер
кезі келгенін жақсы біледі. Сондықтан да абыз ақын айтудай-ақ айта алған. Мына
өлеңге назар аударайық:

Парасаттың талқан болып қамалы,

Дабыраға қосақтаса дананы,

Дүниеде астан-кестен басталып,

Заманына сай туады адамы.

Жан сақтайтын қоянға ұсап батылың,

Жегі жейді мігіттердің ақылын.

Тәуекелге дәрмені жоқ пенденің

Айырмайсың еркегі мен қатынын.

Қанжарласқан қайсарлығын ұқтырып,

Қарсы тұрар қайда қайран мықтылық?!

Бүгінгі ездер қорған емес ешкімге,

Сатқын боп та, сата алмайды тік тұрып.

Оятатын қалғып кеткен арыңды,

Көз тояттар іс көрмейсің қарымды.

Бүгін ездер «бере алмайды бар болса»,

Көксұр тартып,

көре алмайды барыңды.

Келеді өсіп өңшең тобыр жетесіз.

Тобырыңнан қайда қашып кетесіз!

Бүгінгі ездер - туған әке-шешесіз

Ар көрмейді бала сүйсе некесіз.

Қарап тұрсаң, тартпағандар қанына,

Күнің түссе, жолатпайды маңына.

Бүгінгі ездер

мәңгі-бақи бақытты

Машина мен қатын ауыстырғанына.

Уәйім емес тумаса да Күн-Айы,

Іңірлерде із тастаған ұдайы

Бүгінгі ездің

теңге ғана - Құраны,

Бүгінгі ездің

доллар ғана - Құдайы.

Осы айтқандарға келісесіз бе? Өз басым жүз пайыз келісіп,
қос қолымды көтеремін!

Ақын Жанғали Набиуллиннің шығармашылығы туралы осынау шағын
еңбегімді қолға алуды ойластырған тұста, ақыл қуатымен өзгелерді еріксіз
мойындататын білімдарлардың поэзия туралы жазғандарынан бойымды аулақ салуға
тырыстым. Не де болса, өз ой-түйсігімді білдіргім келді. Ал әңгіме болып
отырған үшінші томды ашып қалғанымда, қазақ поэзиясының қазіргі дарабозы,
Жанғали ақынның шығармашылығын өткен ғасырдың сонау елуінші-алпысыншы
жылдарынан бері қарай мұқият қадағалап, үнемі назарында ұстап келе жатқан
кәдімгі Қадыр Мырза Әлінің «Биіктік пен тереңдік» деп аталған мақаласына тап
болдым. Тап болдым да, арбалып қалдым. Енді қанша тырыссам да, өзімді қанша
аямай қамшыласам да, осы кітап туралы Қадекеңнен асырып айта алмасымды білдім.
Бұл біріншіден. Екіншіден, аз таралыммен шыққан кітап барша оқырманның,
әсіресе, керексінген адамның қолына тие бермесі кәміл. Осыларды ойластыра келе,
аса көрнекті ақынымыз Қадыр Мырза Әлінің қаламдас досының кітабына арнап жазған
алғы сөзін толықтай келтіруді жөн көрдім. Жарияланған дүниеге сілтемелер жасау
әдеби еңбектерде оғаш көрінбейтінін оқырмандар есіне сала кеткіміз келеді.

Иә, содан халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Қадыр Мырза Әлі былай деп жазыпты: «Қаншама сүйкімді жырлар жазып, қаншама
жүйелі топтамалар берсе де, қаншама қуатты кітаптың авторы болса да, қазақ
әдеби сынының көзіне ілігіп, өзіне лайық әділ бағасын ала алмай жүрген әдемі
ақындарымыздың бірі - Жанғали Набиуллин. Белинский, Добролюбов, Чернышевский,
тіпті Писареві болмаған пұшайман әдебиеттің бейшаралығы осында енді.

Қай-қай жағынан да білікті, ең алдымен, әсіресе, азаматтығы
биік Белинскийлер  Пушкиндермен, Лермонтовтармен
ғана шектеліп қоймай, астанадан әбден аулақта жүрген еңбеккер де дарынды
ақындарды ауыздарынан тастамай, үнемі айтып жүрген.

Кольцов пен Никитин секілді әбеқоңыр ақындарының өзін
аспанға көтеріп, әдебиет тарихына сүйреп кіргізген-ді. Біздің сыншыларымыз,
көңілдеріне келсе де айталық, дарындарын былай қойғанда, кісілігінің өзімен де
Белинскийдің бақайынан келмейтін еңсесіздер, әдебиеттің көшбастары, серкесі
болуға жарамаған бақай есептің өкілдері ғана!

Біз, қазақтар, талант-дарынға аса бай елміз. Олар үзбей,
үзілмей, лек-легімен келіп жатады, келіп жатады. Әрине, оп-оңай емес,
қысылып-қымтырылып, жан-жағына жалтақтап, көрместі көріп, көшке ілесіп кетеді
әйтеуір. Бірақ олардың біреуін, ең болмаса біреуін, қолынан жетектеп, жалпақ
жұртқа жария қылған бір де бір қазақ әдеби сыншысын көре алмадық. Таланттарды
тауып, маңдайынан сипап, бата беріп жүргендер - әдеби сыншылар емес, ақындар,
ақын ағалар, жазушылар Әбділдә Тәжібаев, Әбу Сәрсенбаев, Ғали Орманов, Қуандық
Шаңғытбаев, Мұзафар Әлімбаев сияқты асыл ағаларымыз Мұқағали Мақатаевты да,
Жұмекен Нәжімеденовті де, Өтежан Нұрғалиевті де, Қанипа Бұғыбаеваны да, Күләш
Ахметованы да, тіпті Тұманбай екеумізді де әдебиетке алып келген сыншылар емес,
осылар. Бізді жаңылмай тапқан да, тапқандарына қуанған да сол ардагер ұстаздар.
Біз олардың алдында мәңгі-бақи қарыздармыз.

Жанғалидың жағдайы басқаша еді. Шалғайда туып, шалғайда
тұрақтап қалды. Бір-екі рет Алматыға келмек болып әрекет етіп көріп еді, ол
әрекеттен ештеңе шыға қоймады. Біздің басымыздан сипаған дуалы ауыз
ардагерлерге оның қолы жетпеді. Сол туған жерінде, Жайықтың жағасында
жалғыздан-жалғыз  шауып жүре берді. Бірақ
әдебиет көшінен қалып қойған жоқ. Қай кезде болмасын сол ұзақ көштің үнемі жуан
ортасында. Сөйтіп жүріп-ақ Әбділдә ағасының назарына ілікті. Ол: «Таяуда менің
көзіме «Қазақ совет поэзиясының антологиясында» жарияланған «Асыққан жөн» деген
бір өлең түсті. Авторы Жанғали Набиуллин деген жас ақын екен. Өлеңі маған
ұнады. Мен мұндай өлеңді оқып қана қоймай, дәптеріме жазып аламын» деді
республикалық жас ақын-жазушылардың семинар-мәжілісінде сөйлеген сөзінде.

1968 жылы әдеби жыл қорытындысында баяндама жасаған Ғафу
Қайырбеков те осыған ұқсас бір ірі сөз айтқан-ды. «Ауқымды тақырып, биік идеяны
жырлауға мүмкіндігі мол, алғашқы ауру-еліктеуден алыстап, өз орбитасына қарай
тартқан өзгеше мінезді ақынды көрдім» деген-ді.

Ағыл-тегіл, көл-көсір кезінде айтудайын айта білетін қайран
Ғафекең Жанғали талантының тамырын дәл басқан. Шынында да, әйгілі әдеби
планеталардың тартылыс күшінен ерте құтылып, өлең-жыр ғарышында өз орбитасынан
өмірі ауытқып көрмеген Жанғалидың тақырыптары өзі ешкімге ұқсамайды. Көз
жүгіртіп көрейік: «Сөзіме сенбеген әйел», «Жауапсыз хаттар», «Тілқағыс»,
«Электрлі білектер», «Жын шақыру», «Өзгенің әйелі», «Жек көр мені», «Еркектер
үшін ертегі», «Соңғы шырпы», «Қаратпа сөйлем», «Қара ниет туралы ақ өлең»,
«Әулие тынышық», «Төрт миллиардтың бірі», «е2-е4», «Тобылғы түндер», «Бұғымүйізді
ойлар», «Ашық сабақ», «Түсірілмеген фильмнен ән», «Қауын тасыған Жирентөбел»,
«Нүкте және көп нүкте», «Үркер суға түскен түн...» т.б.

Жанғали басқа әріптестеріне тек өлең жазғанымен ғана
ұқсайды. Ал өлеңдеріне үңілер болсақ, ол - мүлдем басқа ақын. Оның өмірді көруі
де, көріп қана қоймай, қабылдауы да және оны суреттеуі де барынша бөлек.

 

... Қара судай қалғыған қараңғыда -

Жүру қайда! -

Мен өзім жүзіп келем.

... Кідірсе сәл кідірген шығар Күндер

Кешке қарай әтештің айдарында.

... Ойға шомған көлдерім қойнаудағы,

Құлыншақтай бой жазған бұлақтарым.

... Мен өтірік айтпаймын

Қара жерді -

Өзім жатар моламды басып тұрып.

... Жұқарды ма төзім де бекем-берік,

Сілеусін қар жатқандай бетімде еріп,

Налып кеттім,

Тұрмысқа бір шығудан

Күдер үзген кәрі қыз секілденіп!

Мұндай-мұндай мысалдарды қанша қажет болса, сонша келтіруге
болады. Олар көп. Өйткені Жанғалидың табиғаты, жазуының өзі яки стилі осындай.
Антон Чехов «Стиль дегеніміз - Адам» деп дәл айтқан.

Егер мен «Жанғали - суреткер ақын» десем, онда менің түк
айтпағаным. Өйткені суреткер емес ақын - ақын емес. Ал суреткерлік дегеніміздің
өзі - дарын, талант, ерекше құбылыс деген сөз. Ескерте кететін бір нәрсе -
суреткерліктің өзі әртүрлі, әрқилы болады.

... Жүрдік сосын

Алтын кірпік көктемді

Бөліп байлап бұрымына қыздардың.

... Ал күміс күлкің де

Бой жетпес

Сымдарға қалыпты ілініп.

Бұл тармақтар маған ұнайды. Ұнағанда да жай ғана ұнап
қоймайды, қатты ұнайды, неге? Неге екенін сезем, бірақ түсіндіре алмаймын.
Поэзия дегеннің ұлы қасиетінің өзі осында болуы керек. Бұл енді барып тұрған
құпия! Бұл енді жұмбақ! Бірақ бүкіл поэзия жұмбақтан тұрады десек, онда
қателесеміз. Анық, тіптен анық. Соқырға таяқ ұстатқандай шынайы бейне-образдар
да болады. Оларға да таң қаласың. Оған да таңданасың.

Күн туралы Жанғали:

... Бес құрлықты аймалап бес ұлындай

Күліп тұрды алтын Күн аспанымда, - десе,

қала туралы:

... Бұрын аяз жастанған Бөрібасар

өреді енді

диван мен кереуеттен, - дейді.

 

немесе, қауын тасыған Жирентөбел жайында:

... Тас қорадан өреді ол

Тас көшемен

Тас базарға жетеді тастай қатып, - дейді.

Көп мысал емес. Шағын-шағын үзінді, бірақ шымқай көріністер.
Алғашқы екі жолдағы жарқын көріністі тұтас көру үшін автор басқа бір планетаның
обсерваториясында отыруға тиіс. Тиіс, бірақ нағыз дарын сол суретті өзі туған
жұмыр жерде тұрып-ақ көз алдына келтіре алған. Елестетіп қана қоймаған,
махаббатқа толы үлкен сом сурет жасай білген.

Екінші мысалды тағы да бір қайыра оқып шығып, сәл ойланып
көріңізші! Қалай көремін десеңіз - солай көріңіз. Қалай түсінем десеңіз - солай
түсініңіз! Ойдың өрісі кең. Әттең! «Бөрібасар» деп нақтыламау керек еді.
Бөрібасар ғана ма?! Ол болса ештеңе емес. Иттің де бір абыройлысы, еңбегі
сіңгені ғой! Қандендерді қайда қоясың?! Күн сайын диван мен кереуеттен өріп
жатқан қандендер аз ба?! О, заман-ай! Жалпы заманның өзі иттердің заманына ауып
бара жатқан жоқ па осы?! Адамдар бомж болып, босып кетті. Ішетін тамағы, киетін
киімі, жататын баспанасы жоқ. Ал иттер қалы кілем, жұмсақ диван үстінде.
Қайсысы қожайын, қайсысы ит? Әлде екеуі де ит пе?! Әлде өлеңдегі әңгіме өтірік
пе? Жоқ, өтірік емес. Шындық, барып тұрған шындық. Кәдімгі иттер туралы туынды,
бірақ әлеуметтік үлкен дүниені қоса көтеріп тұрған терең толғау.

Жанғали сұмдық сезінгіш. Керемет байқағыш. Оның ақындық
қырағы көзі өзгені де, өзін де қылп еткізбей бағып, тексеріп отырады. Адам
жанының ықпыл-жықпылын, ию-қию қалтарыстарын ерінбей ақтарады.

... Елу жылың тебінде жусап жатып,

Қиын екен жаяулап қусаң бақыт, -

дейді ақын.

Оқыс ой. Жылқың емес, жылың тебінде жусап жатыр. Бір сөздің орнына
бір сөз түсіп кеткендей. Сөйте тұра дұрысы сол: жылқы емес, жылдар.

... Бір жәндіктің балтыры сыздамаған,

Ауырмаған басы да бір шыбықтың!

Ал керек болса! Әдетте адамның балтыры сыздаушы еді. Әдетте
адамның басы ауырушы еді! Мына бір егіз тармақты адам емес - жәндік. Жәндік
түгіл, шыбығыңның өзі етінен ет кесіп беретін біртуғаның тәрізді. Тәрізді
деймін, шынында да жақынымыз емес пе?! Егер біз, адамдар, дүйім табиғатқа
туысымыздай қарамасақ, жақынымыздай жанымыз ашымаса, дүние не болар еді?!

Ертеден кешке шейін бағатыны - айналасы, яки адамдар. Оның
аккумуляторы да сол, төңірегі. Жинақтап айтқанда - Өмір.

 

... Бір ғажабы

Сұлулардың көзінше

Біреулерге ренжи де алмайсың.

Мұндай тармақтарды талдау үшін бір емес, бірнеше парақ
керек. Бірақ оқырманға сенімсіздік білдірмей, оны аңғарымпаз ағайындардың
өздеріне қалдырдық.

... Жауабын да соңынан берейінші,

Сол «соңынан» бұйырса екеумізге.

... Бәрін де енді ұмытамын мәңгілік,

Білмеймін-ау

Ұмыта алар ма екенмін», -

деген тармақтардың тұсында өзіңнен өзің елеңдеп, сәл сасып
қаласың. Бұл - психологиялық сәттер. Бұл - ойдың, сезімнің оқыс мінез көрсетуі.
Асығып бара жатып, тоқтау, ұша беріп, қону тәрізді құбылыс. Поэтикалық ұтымды
тәсіл.

... Айна алдына галстук таға барсам,

Костюм киіп,

Тұр екем жалаң аяқ, -

дейді ақын бір өлеңінде.

Өзін-өзі қалт жібермей қадағаудың классикалық үлгісі.

Әдетте біз өзгенің кемшілігін көруге бармыз, өзіміздің
осалдығымызды көруге жоқпыз. Өзіңді өзің бақылау, өз пенделігіңді өзің әжуа
қылғаннан асқан қандай кемеңгерлік болуы мүмкін. Әттең! Адамдар соны
түсінбейді. Түсінгілері де келмейді. Адам - адамзаттың моделі. Өзін-өзі
түбегейлі зерттеген, әбден білген, көзі жеткен кісі кез келген характерді жасай
алады. Біздің әрқайсымыздың бойымызда дәлдір де, данышпан да, адал да, арам да,
періште де, пері де - бәрі де бар. Тұтас қалпында болмаса да, белгілі дәрежеде
табылады. Типтердің негізін жасауға солар жетіп жатыр.

 

2

 

Нағыз ақын туғанда азабымен туады. Жанғали да солай.
Тағдырдың тастақты, құмды, шөлді, лайлы, лайсаңды... барып тұрған ең бір
бұралаң жолын ол түгел өтті. Алпыстан асып, жетпіске жетіп қалған кезінде:
«Қолымнан келгені осы, енді болдым» деп, қолына кетпен, күрек алып, саяжайдың
арам шөбін жұлып, қоңыз теріп жүрсе, оған кім қандай кінә тағар еді?! Оның
ондаған жылдар бойына өрнектеп жазып, тірнектеп жинаған төрт томын кез келген
халықтың кез келген классигінің қатарына апарып қойсаңыз, асып түспесе де, кем
түспейді! Ол жазып қана қойған жоқ, сонымен бірге қалам қасіретін ең бір қымбат
қуанышындай арқалап бақты. Байлыққа қол жайып, мансапқа бас иген жоқ. Серілікті
серік, жоқтықты жолдас қылды. Ақындыққа тән ауруды түгел бастан кешті. Ең үлкен
майдан, ең қауіпті майдан - өмірдің өзі. Сол майданнан ол, құдайға шүкір,
аман-есен шықты. Шыбын жаны үшін күрескен жоқ, Адамдық үшін күресті. Күресіп
қана қойған жоқ. Өзімен бірге Ақындығын, Абыройын да алып қалды. Мүмкін, сол
Ақындық пен Абырой Жанғалидың жанын сақтап қалған шығар. Мүмкін! Қалай болған
күнде де Әдебиет, Поэзия аталатын ұлы өнердің алдында Жанғалидың ары таза!

Бұдан бірер жыл бұрын Жанғалидың «Жетінші перне» атты төрт
томдық таңдамалы туындылары жарық көрді. Дәлірек айтсақ, бірінші, екінші және
төртінші томдары оқырман қолына тиді де, үшінші томы кешеуілдеп барып, осы
жақында ғана өндіріске берілді. Ол том түгелдей жаңа өлеңдерден тұрады екен.
Қолжазба күйінде оқып шықтым. Маған ол барынша қатты әсер етті. Төрт томдықтың
бұрынғы кітаптарда жарық көрген таңдамалы өлеңдерден ғана тұратын алғашқы екі
томы туралы «Осы жұрт Жанғалиды біле ме екен?» деген атпен мақала жазып, оны
«Жас Алашта» жариялаған едім. Өлеңқұмар қауым ол мақаланы жылы қабылдады.
Кейбіреулер маған телефон соғып, рахмет айтты. Жанғалидың қазақ поэзиясында өз
алдына бір құбылыс болып саналатынын сол жолы айтқанмын. Жаңа өлеңдер, жаңа
кітабы арқылы ол мені екінші рет қолыма қалам алуға мәжбүр етті. Мен бұл
кітапты (томды) Жанғалидың басты еңбегі деп есептеймін.

Алпысқа адам шалдықпаса да, шаршап жетеді. Біреуді өткізсе
де, біреуді өткізбейтін асқар асу туралы Жанғали:

 

Білмеймін алпыспысың,

Тал түспісің,

Көремін түлкіге сап қар түскесін, -

 

дейді.

Сақалдың ағын - қар, түлкіні - өлең десек, қансонардағы
ақының әлі ширақ, әлі сергек. Сөзінің көкжалы әлі олжалы. Қанжығасы қанды,
қоржыны мәнді.

Жанғали  - нағыз
суреткер. Суреткерлер бояу іздемейді. Бояудың ең бір ұтымды іреңін іздейді.
Іздеп қана қоймай, табады.

 

... Аяғыңа оратылып ойнайды

Қызғалдақтың шашыраған сәулесі.

... Аппақ жаңбыр

Қыз мойнынан сорғалап,

Моншақ болып,

Құм үстіне аунайды.

... Құмды жерде су шапшиды сүйемнен

Саршұнақтай атып шыққан інінен.

... Сәулеленіп ағады алақаныңнан

Ор қоянның көжегіндей бұлқынып.

... Сосын барып қызыл құмның үстімен

Теуіп ала жөнеледі сырғанақ.

... Кіжініп тек

Алдарқатам көңілді

Өз құйрығын өзі қуған мысықтай.

 

Құлпырған бояу, дірілдеген детальдар. Түрлі түсті суреттер.
Көрмеге кіргендей боласың. Сәулетті сарай, рауанды рәсімдер. Көзің тұнады.
Әрқайсысының алдында ұзақ-ұзақ тұрасың. Көзіңді армансыз суарасың. Тұла бойыңды
ыстық сезім шарпып, қаның тасығандай болады. Егер бала кезің құмды ауылда өткен
болса, тіптен тамаша! Сәби кезіңмен қайта табысқандай тебіренесің! Өлең «Құм
эскиздері» деп аталады. Эскиз емес, сом сурет!

Жалпы Жанғали - аңғарғыш ақын. Екінің бірі байқайтын, екінің
бірі көре алатын керемет дүниеде оның шаруасы жоқ. Оның объектісі - баттиған,
бадырайған алып құбылыстар емес, тіптен ұсақ нәрселер, микроэлементтер.
Тарсыл-гүрсіл емес, сыбдыр. Дарияның тасқыны емес, қан тамырының лүпілі. «Қала
мен дала» өлеңін алып көрелік. Шаһарды, шаһар тірлігін зәулім үйлер арқылы
суреттемей,

 

... Жыл - он екі ай

Тұратын үй-үйлерден

Көршілердің түшкіргені естіліп.

... Сәлеміңе бас изейтін ерініп,

Танымайтын көршілерің мың жылғы.

... Көше толы ағыл-тегіл дария,

Аузыңа су тамызбайды шөлдесең.

... Қала мені күтіп алды

Өзінің

Түтініне өзі қатты жөтеліп.

... Қалаң осы

Танымайтын ардағын,

Танымайтын ұлысы мен ұрысын!

 

Қалада туған ақын бұлай жаза алмайды. Бұл - болмысына ауыл
тірлігі бүтіндей сіңген далалық адам ғана байқап, дала ақыны ғана суреттейтін
нәрсе. Бұл өзі - қырық жыл тұрса да, қала тірлігін қабылдай қоймаған ақыннан күтетін
сөз. Жалпы, қала тірлігі - қазаққа жат тірлік. Бірақ төзуге тура келеді.

Заман бөлек, заң бөлек демекші, бүгінде заманның мінезін
қала анықтайды. Адамның болмысын заман билейді. Жыл өткен сайын дала тірлігі
шегініп, қала тірлігі ауылды ығыстырып, ауылмен бірге ауылдың мінезі де көмескі
тарта бермек.

 

Алпыс бес жыл ақ шаң қылдың жол үстін,

Сан сұмдығын біледі ол соғыстың.

Мойыны жаман - мойынындай шошқаның,

Ойыны жаман - ойынындай орыстың.

 

Міне, бұл - заман бейнесі. Біз бәріміз - оқыған қазақтармыз.
Сауатты қазақтармыз. Даму заңдылығын жақсы түсінеміз. Жер бетінде бір ғана
халық тұрып, бір ғана халық үстемдік етуге тиіс емес. Бірақ «Күштінің көті
диірмен тартады». Сол мықтылар «глобализм» деген идеяны ойлап тапты. Олардың
ойы бойынша, бөлек-бөлек мәдениеттің керегі жоқ. Бөлек-бөлек ағымдардың қажеті
аз. Адамзаттың айтатыны - бір ән, билейтіні - бір би, сөйлейтіні - бір тіл
болуы тиіс. Бұл әрине, Америка Құрама Штаттары, Қытай сияқты елдерге тиімді.
Бірақ жаһандандыру - жақындастыру емес. Бұл - рухани отарлау. Жабайылау
түсіндірсек: тауық, қаз, үйрек, тоты, сауысқан, қарға болып не керек? Солардың
бәрі жабыла бірігіп, бір құзғынға айналғаны жөн. Тазы, төбет, қарсақ, қасқыр,
түлкі, борсық болып бөліне бергеннен не шығады?! Одан да бәрі бірігіп, не қасқыр,
не ит болғаны дұрыс. Түйе, жылқы, сиыр, қой, ешкі қажеті қанша?! Одан да бәрі
бірігіп, сиыр немесе доңыз болғаны абзал! Міне, жаһандастырудың негізгі төркіні
осы! Зәлім саясат! Жұрттың бәрі бірдей ақымақ емес! Біреу түсінбесе де, біреу
түсінеді! Сондықтан да Жаһандастырудың қарсыластары жылдан жылға көбейе түсуде.
Қару-жарақ соғысы бірте-бірте саяси соғысқа айнала бермек. Бірақ екеуінің де
түпкі мақсаты бір. Империялық үстемдік! Аз халық, аз ұлтты жұту.

Басқа халықтың, басқа бір елдің қас пен қабағына қарайтын
заман өткен. Әр ұлт, әр халық өз қалауымен, өз тағдырымен өмір сүруге тиіс.

 

Шұбырғанға кілем болып төселіп,

Сыртқы есіктен сығаладық өзіміз, -

 

дейді Жанғали бір өлеңінде. Құдайға шүкір, ол заман өткен.
Бірақ өткен екен деп естен шығаруға болмайды. «Ақындардың шамы түнде сөнбейді»
деп жазған еді бір кезде Хамит Ерғалиев ағамыз. Сөнбеуге тиіс! Халық қамын, ел
қамын ойлайтын қырағы ерлерге қалғып кетуге болмайды. Қалғымауға міндетті
қырағылардың бірі - ақындар.

Саясат бір бөлек, поэзия бір бөлек деп қарау - түбірінен
қате! Адам саясатқа барайын деп бармайды. Саясат өзі келіп тиіседі. «Я никогда
не вторгался в политику, политика пришла и вторглась ко мне» деп жазған бір
кезде Ромен Роллан.

Жанғали біздің ұғымымыздағы саяси ақын емес. Бірақ керек
жерінде ол саясатты жоққа шығармайды. Әлеуметтік құбылыстарға батыл-батыл бара
береді.

 

... Көр қазуға жалданғандар ішінде

(Тәуба! Тәуба!)

Жұмыссыздық жоқ бүгін!

... Теңге болып тәубасы кәрия жүр,

Сәби сауат ашады тиын санап.

 

Тура тірліктің өзі! Тірліктің өзі болса - поэзияның да өзі!
Әдемі айта білсең, кез келген шындық - поэзия!

 

... Айып етпе!

Таусылған соң амалы

Кәриялар күнелтеді күңкілдеп!

... Өмір сүру

Тым қауіпті екен-ау

Өмір үшін

Жан берудің өзіндей!

... Қозы өмірі - семіріп қой болғанша,

Қой өмірі - үйге қонақ келгенше!

... Ертеңменен естілмеген күлкілер

Көз жасына айналады кешқұрым!

 

Тамаша! Оқисың, сүйсінесің. Ойланасың. Ойлары салмақты.
Бірақ шаршатпайды. Миыңды ашытпайды.

Жасыратын түгі жоқ, кейбір әдебиет сыншылары өлеңді ойға
қарсы қойып, поэзия тек өзімен өзі болуға тиіс деген теорияны насихаттайды.
«Поэзия должна быть глуповатой» деген пікір болған. Оның бәрінен де түк шыққан
жоқ! Поэзияны ойсыздандыру - адам баласын ақылсыздандырумен тең!

Жаңа томның енді бір ерекшелігі - көптен бері адам аяғы
баспаған тың тақырыптарға баруында. Ол «Аллаһу Акбар» деп аталады. Дәлірек
айтсақ, томның бір бөлімі осылай аталады. Ол өзі ең маңызды, ең күрделі
өлеңдерден тұрады.

 

 

Бәріміз де күнәкармыз мәңгілік

Алла менен ақиқаттың алдында, -

 

дейді Жанғали.

Қосыласыз ба, қосылмайсыз ба, ол - өз шаруаңыз. Бірақ ақын
оңаша ойларын ірікпей, ортаға салады. «Қайтсең де келіс осымен» демейді.
«Ойлан, толған» дейді.

 

Күт-күтпе сен

Ертең ажал төтен кеп,

Талап қылса мұсылмандық етем деп,

Ата-анасын көмер екен кім болып

Бетон үйде өскен өңшең бетон бет?!

 

Ақын жаны мазасыз. Ол өзі ғана болып ойламайды. Ол адам
болып, керек десеңіз, тұтас қауым болып, тұтас қоғам болып ойлайды.

 

... Шұрық тесік шекпеніндей жарлының

Әлем тағы көрсетті тым тарлығын.

Үнсіз жетіп,

Мысықтабан сұм ажал

Бір-ақ сәтте талқан қылды барлығын.

Діріл жеңіп бой алдырған күдіктен:

«Бұл күнәкар жер үстінде жүріп кем,

Енді кезек кімдікі?» деп біз қалдық

Қырғауылдай қарауылға іліккен.

 

Жанғалидың міндет арқаламайтын, жүк көтермейтін өлеңі жоқ.
Оның жинақтарын ауыр-ауыр тең артып, болашаққа сапар шеккен керуен көрем. Ол
керуен өңшең бір қара нарлардан тұрады. Ол қазірдің өзінде біраз жерлерге
жетті. Біраз жер болғанда да екінің бірі жете алмаған көкжиектен асып барады.
Жалпы біздің әдеби тарихымызда астанадан алыста, шалғай шаһарларда тұрып,
осынша абыройға ие болған, ақындар саусақпен санағандай. Оған Аралдан алыс
ұзамай, Қызылордадан әрі қия баспай, өнімді жұмыс істеген мүгедек ағамыз
Зейнолла Шүкіров, университетті бітіре салып барғаннан ширек ғасыр Көкшетауда
тұрып, поэтикалық көкпарын бермей кеткен Еркеш Ибраһим, сосын осы Жанғали!
Жасыратын несі бар, кез келген ақын-жазушыға мәдени орта керек. Орта - стимул.
Жүйріктердің жанында жүйріктер қосыла шаппаса, тұлпардың қаны да қызбайды.
Ешқандай рекорд жасамайды... «Жалғыз шапқан ат-жүйрік» деп кекетеді қазақ.
Бірінші келетін де сол, соңғы келетін де сол! Бұл - трагедия, әрине!

Міне, осындай стимулсыз ортада ақындық қарқынын жоғалтпай
жемісті еңбек еткен - жалғыз Жанғали. Жанғали қанша жыл өмір сүрсе, сонша жыл
шеберлік мектебінде оқыды, тәрбиеленді. Өлеңдегі олпы-солпылық - Набиуллин үшін
жат қылық. Өлеңді қырлап-сырлау, сылап-сипау жағынан да ешкімнен қалыспайды.

 

3

 

Пендешілік, яғни қызғаныш көзбен қарамай, табиғат берген
тума талантты әділ бағалауға тәуекеліміз жетсе, Жанғали - үлкен ақын. Оның
өлеңдері заман температурасына тәуелді емес. Өйткені олар - қай заман үшін де
актуальді, тақырыбы да, тақырыбының өрімі де мәнді, маңызды, мәңгілік. Ал оның
жарық көріп отырған төрт томы - ақынның төрт құбыласы. Өмір бойы Алматыда
тұрып, креслолардың біразында отырып көрген талай ақын Жанғалидың істегенін
істей алған жоқ. Демек, Жанғалидың жеткен мәресіне жете алмады. Ал Жанғали үшін
бұдан артық қандай жеңіс болмақ! Бұл жеңіске ол біреулерді жеңіп жеткен жоқ,
өзін-өзі жеңіп жетті! Меніңше, бұдан артық мықтылық болмауға тиіс!»

 

IV

 

Ақын Жанғали Набиуллиннің өлеңдері туралы, өзі туралы Қадыр
Мырза Әлідей жеріне жеткізіп жазған ешкім жоқ. Ақындыққа бүкіл ғұмырын арнаған
жандардың бір-біріне берген бағасы алтындай ардақты, тұздай салмақты болмақ.
Сондықтан да біз жоғарыда айтылғандарға толықтай қосыламыз. Бұл достың досқа
деген көңіл жықпастық сөздері емес. Бұл өлең өнерін бақайшағына шейін шаға
білетін, сол жолда, яғни, поэзияда айтарлықтай заңғарға қол жеткізген, екінің
біріне назар аудара бермейтін, тура бидей туғаны жоқ, мақтау мәселесіне
келгенде тас сараң, атышулы Қадекеңнің ақтарыла айтқан пікірлері ғой.

Бір қарағанда, бізге сөз қалмаған да сияқты. Дей тұрғанмен,
өз түсінік-түйсік деңгейімізде Жанғали ақынның қазақ өлеңіне әкелген
жаңалықтары туралы айтуды жөн көрдік.

Жоғарыда тоқталып өткеніміздей, төл поэзиямыздың белгілі өкілдерінің
өзі негізінен айтар ойын тақырыпқа тәуелді етеді. Мысалы, бір тақырыпты
таңдайды да, соның төңірегінде ақындық қарым-қуаты мөлшерінде өлең толғайды.
Шартты түрде өлеңнің атын «Дала» деп алайық. Ойда тұрған ақын әрбір қазақ үшін
қасиетті даланың кеңдігін, мырзалығын, талай-талай тарихи оқиғаларға куә
болғанын, өзінің осы далада тәй-тәй басып, ержеткенін т.с.с. жазады. Иә,
болмаса, сол даланың көктемдегі үлбіреген бір гүліндей қызына ғашық болғанын
сөз етеді. Тағы осыған ұқсас жайлардан өлең туғыза береді. Мұны біз кез келген
ақынның кез келген кітабынан ұшырата аламыз. Ондай өлеңдердің авторлығына кез
келген ақынның атын қоя беруге болады. Оқырман да, тіпті маман әдебиетші де
байқай бермейді.

Ал Жанғали ақынның қолтаңбасы қандай? Ол қазақ поэзиясында
жырлауға болмайтын жайлардың жоқ екендігін дәлелдеді. «Қалауын тапса, қар
жанады» дегендей, ақындық қуатың жетсе, өлең мүмкіндігі өлшеусіз екендігін
көрсетіп берді.

Ақын Жанғали Набиуллин өлеңдерінің «сырты мен іші» ерекше
үндесіп, жымдасып тұрады. Яғни, айтылар ой, салынар сурет белгілі бір
заңдылықтарға бағынып, әрбір тармақ, әрбір шумақ адам ағзасындағы
«бөлшектердің» рөлін атқарып тұрғандай әсер қалдырады.

Ақын айтар ойын образбен «орап» жеткізуді шебер меңгерген.
Өлеңдерді оқу барысында сергек отыруға тура келеді. Қарапайым сөзбен айтқанда,
қаламгер оқырманды «қақпайлап», өзі дайындаған «межеге» алып келеді.
Нәтижесінде мойынсұнбауға, мойындамауға, құлай құптамауға амалың қалмайды.

Ұлттың поэзиямыздың бүкіл табиғатын терең түсінген Жанғали
ақын керек жерінде, ішкі мақсатына сай қажеттілік туғанда өлеңді сан құбылта
алады! Бейне бір сиқыршы дерсің. Мұндайда тармақтардағы ырғақ, ұйқас дегендерің
күтпеген жерден тосын «мінез» танытып, ойламаған тұстан тың шешім шыға келеді.

Есте қалмаған ерте замандарда, адамзат табиғаттың тура
мағынасындағы төл перзенті болып тұрғанында, қатарында бірге өріп жүрген
жан-жануарлардың тілін білген ғой. Сол сияқты ақын Жанғали Набиуллинді поэзия
сынды киелі ұғымның, өрелі өнердің мэтрі деп есептеймін өзім.

Қаламгер үлкен ой айту үшін үлкен құбылыстарды сөз етпейді.
Яғни, екінің бірі көңіл аудара бермейтін жайларды тез байқап, поэзияның қуатты
«құралдарын» іске қосып, келелі мәселелерді алға тартады. Өлеңде де, өмірде де
өтірік айтып көрмеген ақын жылымшы, жарамсақ жырларға барған емес. Жанғали
ақынның өлең сомдау тәсілі, осы жолдағы ерекше тәжірибелері ойлы оқырмандар мен
сұңғыла сыншыны шақырып тұрғандай. Жанғалитануды мұрат тұтқан ізденушіге
кезігер қазына баршылық.

Ақ Жайық атырабында туып-өсіп, кіндік қаны тамған қасиетті
өлкеден табан аудармай, төл поэзиямызға елу жыл бойы олжа салып келе жатқан
арқалы ақын айтарлықтай еңбегімен ел назарына ілігіп отыр. Өмір бар жерде өлең
де бар. Біз Жанғали ақынның жампоз жырларымен қауыша береміз.

Ақын Жанғали Набиуллиннің шығармашылығы туралы шағын
еңбегіміз аяқтала келді. Бұдан да көлемдірек жазуға болатын еді. Белгіленген
мөлшер талабына бағынуға тура келді.

Бір нәрсе айқын - Ақ Жайық атырабынан шыққан арқалы ақын
қақында болашақта талай сүбелі зерттеулер дүниеге келеді әлі. Бұған күмән жоқ.
Биылдың өзінде Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік
университетін бітіруші Асылбек Ишанов «Ақын Жанғали Набиуллин поэзиясының
көркемдік ерекшеліктері» тақырыбында диплом жұмысын қорғады. Бұл еңбекке
педагогика ғылымдарының докторы, профессор Абат Қыдыршаев ғылыми жетекші болды.
Тың тақырыпқа түрен түсті деген осы. Сондай-ақ Гуманитарлық Академияның аға
оқытушысы Талап Таймасұлы Жанғали ақынның шығармашылығын жан-жақты
зерттеп-зерделеп, кандидаттық диссертация қорғауға талпынып жүр. Бұл тақырыпта
докторлық қорғаушылар шықпасына кім кепіл бола алады. Ақынның поэзиясы бұған
әбден татиды!