ВЕРНУТЬСЯ

        Жәмпейістің сөзін
маған біздің немере апамызды алған жездеміз Аубакір да айтты. Оның әйелі Кәкіш
- менің әкемнің немере інісі Еменалының қызы. Аубакір да, оның әкесі Тұрабай да
Құтырлағанда туып-өскен «потом-ственный» 
жатақтар екен. Мен Байбан үйінде жүргең қыста Аубакір Кәкішті ертіп
Еменалының өлген баласына бата қыла келеді. Со кезде Жаманшұбарға жәмшік тартып
мен де келе қалдым...

Біздің елде ол
кезде кеңірдек барқыттан (вильвег) қамзолшалбар киетін кісі жоқ. Онда
қамзол-шалбарды біз Әлти мен Сәпінің балаларынан ғана көретінбіз. Аубакір
біздің елге осындай қамзол-шалбармен келді.

Біздің жаманшұбарлықтар
ішінде ол кезде құлақшын киетін кісі де жоқ. Аубакір басына қүлақшын киіп
келді.

Аубакірдің аяғында
«казанский» аталатын қызыл шұбар пима. Ондай пима біздің бүкіл Жаманшұбарда Нұртазада
ғана бар.

Аубакір сыртына
қараға боялған қой терісінен орысша тіккен тон киіп келді, ондай тон киетін
кісі біздің Жаманшұбарда атымен жоқ.

«Жатақ» деген
менің ұғымымда - жалшы. Аубакір - жатақ. Бірақ бұл жатақтың киімін біздің
ауылдың мырзасы да киіп көрген емес.

Ал, Кәкіш ше?

Біздің елдің
ғұрпында шәліні жас келіншек қана бүркенеді, оған да жылға жетпей жаулық
салындырады. Кәкішті ұзатқалы он шақты жыл болған. Бірақ оның басында астынан
жамылған қызыл-ала кәріс шәлі, суықта үстінен жамылатын, жүннен тоқыған көк ала
шәлі.

Елдің әйелі
ішкі-тысқы қамзолдарының белін қынап киеді. Кәкіш әйелше киіну былай тұрсын,
еркек киімінің де біздің елдің бозбаласы киіп көрмеген пиджагін киген. Бәтес
көйлекті біздің елдің байының әйелі ғана киеді, онда да сыпайы жерге жолаушы
шыққанда ғана. Кәкіштің үстінде қызыл бәтес көйлек!..

Кәкіш мәстің
сыртынан галош формалы жаңа резеңке киіп келген. Ондай резеңке біздің ауылдың
өзге әйелдері түгіл, Нұртазаң.ың бәйбішесі Бибізарада да жоқ!..

Кәкіште сыртына
пальто сияқтандырып тіккен қара тон киіп келген!..

Қысқасы, біздің
ауылдың әйелдерімен салыстырғанда Кәкіш - барып тұрған барыня

Ауыл адамдарының
ұғымынша: «Жатақ дегендер тыраш келеді, олар мал жинауды білмейді, бар жиғанын
киімі мен тамағына салады. Олардың байымайтындығы да сондықтан».

Ауылдың ұғымы
осылай болғанмен, әйел атаулының Кәкішше киінуі, еркек атаулынын Аубакірше
киінуі маған арман сияқтанды. Бұл екеуі маған Жәмпейіс айтқан сөздердің куәлігіндей
боп көрінді.

Бойым үйренгеннен
кейін, мен осы ойымды Аубакірге айтып едім:

- Жөн сез екен,
мұның,- деді ол,- кету керек бұл арадан. Қазақ арасында жүріп оңбайсың. Орыс
арасына барып жұмыс істеу керек те, адам сияқты тұру керек.

Аубакір мені алып
та кетпек болып еді, Нұртаза ризаласқан да еді, нақ со кезде қырсық шалып,
тымауратып қалдым.

Содан кейін менің
ойым орыс арасына кетуге шапты да тұрды. Бірақ оған сылтау керек. Осы сылтау,
ұзатқан апам Ұлтуған болды да, соған барам деп, көктем ауа Байбаннан ұлықсат
алдым.

Мені немере
ағамыз Ыбырай алып жүрді. Апамның аулына біз ара қонып жеттік.

Сағынысқан екі
жетімнің жолыққандағы жылауларын, әсіресе, мұңды апаның зарын бұл арада
сипаттаудың қажеттігі жоқ сияқты. Оқушыға ол сипаттамай-ақ түсінікті хал!

Жайылған деген
ауыл қалың ағаштың ығын қыстайды екен. Жаз үшке бөлінетін бұл ауылдың қысқы
мекені, Жаманшұбар сияқты бір-ақ жерде. Ауылының биі Көбдіктің Құсайыны мен
Қиқым дейтін адам екен. Байы - «бай жатақ» аталатын: Ырыске, Серікбай дейтін
екі шал. Оларды «бай жатақ» дейтін себебі: екеуі де бай орыста жалшылықта
тұрады да, баласы жоқ орыс кәртайып өлгенде, мал-мүлкін осы екеуіне актілеп
беріп кетеді. Мол қазына қолына тиген олар, туған ауылдарына көшіп келеді де,
аппақ кигіз үйлер тігеді, желілеп бие байлайды, қысқы мекеніне ағаш үй
салады...

Біз барған кезде,
жездем Болатбай кигіз үйін тігіп қырға шыққан екен. Жамаулы қоңыр кигіз үй,
ішінде көзге түсер жасауы жоқ. Со жылы Болатбайда екі бұзаулы сиыр, он шақты
қой, ешкі ғана бар екен. Екі бұзаулы сиыры мен бір биесін Ұлтуғанның қалыңмалына
Мұстафаға беріпті.

Ыбырай тез қайтып
кетті де, мен қалып қойдым. Ішкі пікірім - Құтырлағанға, Аубакірге бару.

Менің бұл ойымды Ұлтуған
да қолдай кетті, өйткені оның қайынатасы Нұралы әйелі кеп өліп, «қатынбасша»,
боп қазаношаққа араласып өскен кісі екен де, жаңа түскен жас әйелдің шаруа
істегенін, ас ұстағанын ұнатпай күңкілдеп сөйлей береді екен.

Болатбайдың өзі
жұмсақ мінезді, үй-ішіне жайлы адам екен. Бірақ: «қатыныңа оны істетпейсің,
мұны істетпейсің» деп Нұралы мүжиді де отырады екен. «Әке, қойсайшы» Деген
Болатбайдың сөзіне, «нені қоям, қойғанда осы ма» деп Нұралы көпіре жөнеліп,
кейде Болатбайды сабайды да екен.

Мен осындаи
кикілжіңге кеп кездестім. «Ашыққан ұры, ашынған тілді болады» деген мақал бар
емес пе. Қайынатасы күн сайын құлағын мүжи берген соң менің апамның да тілі
шығып, қарсы жауап қайыратын бопты...

Осындай бір
ұрсысудың уақытында, Болатбай Ұлтуғанға:

-        Сен, енді қойсайшы, кәрі кісіменен
жағаласып, сөйлеспей,- деп отырды да, тілін батырып отырған шалдың сөзіне жауап
қайтарудан Ұлтуған тиыла қоймаған соң:

-        Қап, мына иттің баласы қоймадың ба! -
деп қасында жатқан шабаланы Ұлтуғанға жіберіп кеп қалды. Темір шабала Ұлтуғанның
маңдайына тиіп, жырып түсті...

Со кезде не боп
кеткенімді білмей қалдым. Бар білгенім:

-        Өй, әкеңнің...- деп Болатбайды боқтап
жіберіп, қасымда жуындысымен тұрған легенді бетіне төңкере саппын. Содан кейін
білгенім: еңіреп, жылап жаяу қаша жөнеліппін. Бетім -- Сағындық ауылы...

Жайылғанның
ауылында екі-үш шақьірымдай жерде шептесіндеу көл болады екен. Соған жаяу
жеткенімде, жай-дақ мінген Болатбай артымнан қуып келді.

-        Шырағым, саған не болды? - деді ол, мені
ұстай ап, құшақтап тұрып.- Әлгі, бір кәрі бейшараның сөзіне ерем деп... Тіпті
бірінші рет қол жүмсағаным еді... Қайт, шырағым, ауылға, ренжіткенімнің
алды-арты осы болар...

Тағы да біраз
сөздер айтқаннан кейін, Болатбай мені атына мінгестіріп алып қайтты.

Бірақ мен ол үйде
ұзақ болған жоқпын. Әуелі апамды көндірдім де, содан кейін Болатбайға:

-        Қолым бос отырып, мұнда не бітірем...-
деп Аубакірдің шақырғанын айттым.

Болатбай бірер
күн қынжылып жүрді де:

-        Жарайды, шырағым, барсаң бар, өзім
апарып салайын, артыңнан барып жүрем. Ендігі үйің осы болар,- деді.

Ертеңіне
тарантасқа жеккен атпен Болатбай екеуміз Құтырлағаннан жүріп кеттік.