ВЕРНУТЬСЯ

Көп болды ден саулықтың кеткеніне, 

Білмедім, біздің басқа өкпелі ме?

Көп жылғы көңіл жақын жолдас еді,

Артына бір қарамай кеткені ме?

Шықпайтын тайып түссе тұңғиықтың,

Күзердің барып қайттық өткеліне.

«Жылаған көздің жасын көрді ме?»-деп.

Ойлап ем: «Бетім бері беттеді ме?»

Орнына кеткен жөтел қайта келді,

Тоң кетіп, жер жасарып көктеді де.

Әліне әр ағзаның қарағанда-

Хауіп кірді, дерт зорайып өктеді де.

Жұртыңа көшіп кеткен қайта оралып,

Сұм кесел, сені бір жын ектеді ме?!

Көріп кет, келіп, Сәке жан барында,

Жан жатыр жергілікті аңғарында.

Атыңды, сипатыңды сан жат еттім,

Сарсылтып дерттің қысқан салдарында.

Ізіңе ынтық болып інің жатыр,

Кеселдің кілтті қора албарында.

Қолдағы құшырыңды жұмса, Сәке,

Ұстазың Абу-Синаға жалбарын да.

Бұл науқас, сірә, менен үзбеді қол,

Талпынып құтылуға таппадым жол.

Еткен ем, ішкен дәрі қонбаған соң-

Көңілдің әрбір түрлі қасіреті мол.

Біздің хал осылайша сұрасаңдар,

Аға-іні, қатар-құрбы, замандас-төл...

Пайда жоқ бекер жатып жасығанмен,

Көңілім-ай, бас көтеріп, қиялға кел!

Азырақ дәтке қуат болар ма екен,

Секілді серпілткендей тұманды жел.

Жаның сау, жағаң боста тебіренсең-

Тартылса не болады тәніңнен сөл?

Жетіру, Қаракесек, Байдың ұлы

Қоныстас бір-біріне хабардар ел.

Сөзімді есіткендер еске алып,

Тілеңдер: «Ер өмірін-етпе,-деп,-шөл!»

Қалайда халық-астана, қали емес,

Деген бар: «көп тілегі-мысалы, көл...»

Алдынан жұрт жұмылса, жұмыс емес-

Теңселіп шыққанменен теңізден сел...

Махұрым матхабаттан қалдырмағыл,

Маңыраған мен бір жетім бәріңе тел.

Талайдың қамқоршысы қайтқан мендей,

Артында қайғылы жас қалған сендей.

Жүрерсің көпке дейін көндіге алмай,

Қолайсыз дастарханға жыртық жеңдей.

Қара жер бауыры суық айырған соң,

өлімге кеткен емес ешкім көнбей.

Бар еді не бастасым, не жолдасым,

Белгілі жол асатын құба дөңдей.

Көзіңе көзі түссе: «Шырағым» деп,

Жүред де жұмысыңды жөндей-жөндей.

Жұмсақ бол шитісі жоқ ақ мақтадай,

Шыңылтыр болма, балам, шылғи көңдей.

Темірдей тілің қатты болғанымен,

Жүр едім: «Жұқарар,-деп,-өңдей-өңдей».

Тапсырдым, ақырында аққа, қозым,

Кетем бе бұл арманды көзім көрмей?

Төр көрмей бала қалды, орны-есік,

Мекені біреуінің болып бесік.

Бұрыннан алдын ешкім болжамаған,

Боларын, кім біледі, әлде нешік?

«Өмір-ит» пұрсат бермей бара жатыр,

Керуендей ара шөлден аса көшіп.

Саламат Достан, Сәруар, тірі жүрсең,

Жылатпа жетімдердің ығын есіп.

Сендер де көзін алған көбелектей,

Қалдыңдар қайғы суын белден кешіп.

Білгенге, ден саушылық-дәмді дәулет,

Мал-дүние, бақ-дәреже-жалған сәулет.

«Өмірге тойдым» деген ешбір жан жоқ,

Кеңшілік-аларманы, берсе мәулет.

Ат мініп аға-інімен, халық аралап

Жүретін, келер ме екен қайтып нәубет?

Азды-көп тақсыретін тартқан білер,

Сағынар денсаулықты жанды қаумет.

Қиналып қысылғанда қол беретін

Тәбибтен кетті ме екен құрып әулет.

Келдің де айрылмадың, кесел мұндар,

Соншама айрылмастай мен де нең бар?!

Он жеті ай от басында бақтым сені,

Ретің келген жоқ па жағдай тыңдар?

Дедің бе, мені: «Кем-кем меңдетейін»,

Білдірмей біздің үшін: «Дендетейін».

Деп едім: «Өзіңмен-ақ оңысармын»,

Апарып енді кімге жөндетейін?

Қаруың қатаң тиіп бара жатыр,

Алдыңнан әскер жиып көлбетейін!

Өзіңе осал тисе, кесел мұндар,

Рухын «аруағымның» тербетейін!

Жалынған жақын досқа жан қинасаң-

Қылыш қып қызыл тілді серметейін!

Орынсыз ерегіске ие болып,

Дегенің: «Азып-тозып кер кетейін».

Ешкімге жазығым жоқ, «дос» атым бар,

Тек қана өлең жазар, «мас» атым бар.

Жаныма жақын келіп, елі-жұртым:

Оң қолмен дұшпаныма тас атыңдар!

Адамзат әулетіне қс ойлаушы

Құрысын асып-сасып қашатындар!

Жылатты жыл жарымдай мені қамап,

Қолынан бұл кеселдің босатыңдар!

Күн жақсы көріскенше, қош бәйбіше,

Секілді өткен дәуір күні кеше.

Өмірі адамзаттың-жаз бен қыстай,

Бір емес жыл он екі ай-піші-піше.

Сөнгенше қасірет оты жүрегіңнен-

Есіңе жүрем-дағы түсе-түсе.

Нақылда: «Бектен белгі-белге медет»,

Шар айна қалды, белдік алтын кісе.

Тайдан-ат, аттан-мұрат, тірі болса,

Тайыңды-таза асыра, ұстар мүше!