ВЕРНУТЬСЯ

Өтіпті ілгеріде жарлы тәліп, 

Кітабын көрді бір күн қолына алып.

Әр пенде бір мақсатқа етсе талап,

«Ақыры,-деген екен,-жетуі анық!»

«Онда мен, патша қызын аламын!»-деп,

Көңіліне біразырақ тұрды ойланып.

Шаһардың сұлтанына барды ертең,

Шамасы шыққан күндей бұллтан жарып.

Жай-жағдай бөтен түрлі жалтармай-ақ:

«Тек, маған қызыңды бер»,-деді барып.

Бұл сөзге шамданбады шахы сұлтан,

«Айттырып тұрған шығар,-деді,-сұбқан»,

Тәліптің тартынбаған ерлігі үшін,

Көңіліне сақтамады, сірә бір қам.

Ғалымның қанша айтқанмен қасиеті,

Патшаға айтқызбады бөтен бұлтаң.

-Мейірбан перзентімнің мейірі үшін.

Келтіргіл бір қап гауһар, болсаімкән.

Шүбәсіз шыным осв, ая, тәліп,

Көңлімде жоқ-ты пікір зәрре пінһән.

-Сұлтаным ниетіңді анық білдім,

Таппаққа «бір қап гауһар» үкім қылдың.

«Бұл сөзде қате бар» деп қауіп етпеймін.

Мақұл сөз мейір үшін қызыл гүлдің.

Хабар бер «бір қап гауһар» қайда болад?

Білмеймін тұрар жайын, түсіндіргін.

Арасын жазық жаһан қыдырсам да,

Келермін, жан сау болса, алып бір күн.

Бұл сөзді патша сұлтан есіткен соң,

Деп айтты: «Басқа жаққа болма сүргін.

Құдайдың «гәніш махфи» қазынасы бар,

Астында ағып жатқан дария Нілдің.

Наздында ділдасы бар тау мысалдас,

Саны жоқ, інжу, гауһар, лағылы, дүрдің».

Ақиқат мақсатына жетуі анық,

Талпынып талаптанса қайсы құлдың!

Базардан барды-дағы алды бір мес,

Қасында жолдасы жоқ, жалғыз, дербес.

Дарияның меспен тасып суын құртпақ,

Демей ме, көрген адам: «Неткен жарымес?»

Осы су жайғасатын жай іздеді,

Дегендей: «Бір жағы-ылди, бір жағы-өрлеш»

Арқалап бір мес суды, жортып жүріп,

Кең алқап, тауып алды, осы түрлес.

Жеріне мерзімдеген суын төгіп.

Қайта алмай қалды жатып, болып күн кеш.

Таппаса тәңрі есебін, таңырқарлық,

Белгісіз кісі екені не мінездес.

Саһармен салдыр қағып келді суға,

Дамыл жоқ тіл мен жақта: зікір-«һуда».

Дарияның меспен  тасып суын құртпақ,

Гауһарға түбіндегі қызды алуға.

Ойында «қалай?» деген қамтеме жоқ,

Ғылымға тұрып қалған көңілі тура.

Ол суды жарлы тәліп құйды меске,

Міндетті мойнындағы алып еске.

Ақ іске анығынан асылған соң,

Халистің қалай қалсын еңбегі ешке?

Апарып су төгетін сахарасы,

Тұрарлық анығында толық көшке.

Дарияның меспен тасып суын құртпақ,

Демей ме, көрген адам «неткен кеще?»

Нұр сипат ханның қызы Гүайымша,

Сыр мінез, сынық дерттің мұнайынша.

Қаріпке бас қосатын кезі блды,

Құстардың құп мүбәрәк құмайынша.

Ілімді көп оқыған осы қаріп,

Ақ көңіл, елбіреген мүлайымша.

Талаппен тапты ынаят тәуекелмен,

Сыпаның сейселесі сыбайынша.

Сол кезде: «Суды ірік!» деп періштеге

Бұырды қадір мәулен бұлайынша:

«Месіне Нілдің суын сыйғыз,-деді,-

Тәліптің талап қылған райынша!»

Ол жігіт «тәуекелдің тонын» киіп,

Жұмысқа созды қолын, сонша биік!

Тұрғанда местің ауызын тәліп ашып,

Дарияның кетті меске суы сыйып.

Жалаңаш балық, бақа қалды шулап

Жатқан зат су түбінде сүттей ұйып.

Құр аяқ кеуіп қалды арналары,

Тартылып талай жылғы батпақ, ұйық.

Жарқырап су түбінде жатыр екен,

Болғандай небір асыл, көзге күйікң!

Жарбиып жар жағада отыр «күйеу»,

Дарияның барлық суын меске құйып.

Нұрланған шамшырақтың сәулесімен

Таңырқап таудан келді құлан, киік.

Қасында сайран еткен сансыз әскер,

Патша да келді дереу хабар тиіп.

«Жылатып жанды, жансыз мақұлықатты,

Отырмын дарияның суын тыйып.

Шамшырақ - інжу, гауһар, жақұттардан -

Ал, шахым, керегіңді шапшаң жиып!»

Тәліптің таң ғажайып ісін көріп,

Патша да, басқасы да кетті бұйып.

Падиша кереметке қайран қалып,

Ақыры қызын берді неке қиып.

Күйеу қып, қызыметке отырғызды,

Жармасы талапты ердің болмас сұйық.

Патшаның кейпі келмей қалды сасып,

Пендеге білімі зор, несі қашық?!

Арнаға ағызғанда местің суын,

Ніл дария кәдімгідей кетті тасып!

Қарамай кедейлікке ғылым іздеп,

Ерлер сол, ерге лайық еркен кәсіп!

Қол жетпес қияға да қолын созса,

«Тәуекел» талапты ерге болған нәсіп.

Шетіне ешкім шығып жете алмастай,

Дәулетке бақ, дәреже кетті ұласып!

Ей,бектер, жан - діліңмен жаһат етсең,

Ғаламның қазынасының есігі ашық.

Арнаға сабы сайлы салсаң қасық.

Тастамас талапты ерді, тәңірім шөлге,

Жатқанның пайдасы жоқ, бекер жасап.