ВЕРНУТЬСЯ

Аш, бабын сөздің, дүр Омар, 

Жөн болса сөзің тыңдалар.

Келіспесе кестесі-

Ретсіз сөзді кім тыңдар!

Намақұл сөздің мысалы:

Аң көрмей ұшқан далаға,

Алмайтын құспен тең болар.

Лепесі қабыл ғазиздың,

Жақсының сөзі ем болар.

Нағыз ділмар сөйлесе,

Есіткен адам таңданар,

Жай жүргенде-бәрі де ат,

Шапқанда, шама аңдалар.

Халық ішінде қадірлі,

Үнемді басқан қадамы,

Тимеген не бір жорға бар!

Әр дүкенде бір зауыт,

Ашылып тұрған форма бар.

Шернияз, марқұм Бұдабай-

Кетпеген сөзі ұнамай!

Сарыбай Сәдір, Әзілкеш-

Және-дағы би Бекіш

Тап салмаған таусылып,

Сағасы терең арналар.

Сырманның ұлы Аяған,

Табылған сөзі оядан,

Көңілі-шалқар көлмен тең,

Үйрек ұшып, қаз қонар.

Уаһ, дариға, өтті Толыбай-

Сөз жүйесін тиеген,

Дулығалы құба нар!

Шақ айтса да, шағулы,

Шегебайдың сөзінен-

Хауіп етіп әркім қорғалар.

Олардай жүйрік жоқ енді-

Бағынан бұлбұл ұшырған,

Опасыз дүние бейқарар.

Балқы Базар, дүр Оңғар-

«Алқа!» деп атты қойғанда,

Қаншама пырақ болса да,

Қарасын көрмей қаңғалар.

Ересім жүйрік Ешнияз-

Есіткен жан тоймайтын

Шекермен сөзі барабар.

Қарасақал Ерімбет-

Нұсқалы сөздің кестесі,

Қалам, қағаз ұолға алса,

Тіл мен жағы қозғалар.

Дүзбенбетұлы Жиенбай-

Ақ домбыра қолға алып,

Ұшатын құстай қомданар.

Ерегіскен ер болса,

Екі талай жер болса,

Аянбай шауып жолды алар.

Абақан Кете Аманжол-

Алуға қардар табылса,

Жеңісік тауар онда бар.

Киікшіден шыққан қос жүйрік,

Сүйкімбай мен Сүйіндік-

Әнмен сөзін ажарлар,

Әрі жырау, һәм бақсы,

Сөйлесе сөзі тым жақсы,

Сарыбайдан шыққан Құлназар.

Алтын Топжан, Әлібай,

Егесті жерде тоқталмай,

Нұсқалы жауап сөз табар.

Есенжол, Жүсіп һісімді-

Сөздері сұлу пішімді,

Жаңа өрім жүйрік-бозбала

Байлауда тұрған тағы бар...

Таң айырған жүйрік бар,

Қосылған соң шабылар,

Көрінгенмен жарысқан

Бір шобыр біздің қолда бар.