ВЕРНУТЬСЯ

Киген сынды дулыға ғып кең дала,Көрінесің сонадайдан сен дара.Қирадың-ау қыш құмыра сияқты,Шерлі қала, шетінеген Шерқала. Жарақаттан, найза салып шанышқан,Үрейлі бір үн жеткендей алыстан.Ақ сүңгі тас алмас тістей ақсиып,Атылғалы тұрған бейне арыстан. Шірей тартып өшпенділік жебесін,Қорқау жаудың қақыратқан көбесін.Қадым заман арасынан қасқайып,Қиялымда көлбеңдейді елесің... ...Түсі қашып, тұнжырайды таңғы аспан,Шалғын анау жапырылып шаң басқан.Теңселеді таразының тіліндей,Өмір менен өлім, әне, арбасқан!Таусылмақ па осы арада бар несіп?Толарсақтан жүр сарбаздар қан кешіп.Шайқалғандай сұмдық шудан Шерқала,Сияқтанып сәби жатқан тал бесік. Салмақшы ма туған жерге жат ойнақ?!Шаршы алаңға шықты мың сан ат ойнап.Бір-біріне аш бөрідей тап берді,Екі жақтың қалың қолы атойлап. Кеуделерден, бас алмадай жұлынды,Түмен біткен жандарынан түңілді.Қылыштардың ұстарадай жүзімен,Кілкілдеген қызыл сәуле жүгірді. Таңмен талас, тұр-ау ертең тағы сын,Қамал жатыр , найзағай ғып намысын.Көкжиекке құлаған күн бетіне,Жабағы бұлт жаба салды шәлісін......Қырдың желі осылай деп күбірлер,Айна бұлақ көз жасындай дірілдер.Дала төсін барабанша соққылап,Құлағымда тұлпар тұяқ тұр үндер. Саз-мақамы мерейлі де, мұңдылау,Жүрегімде жалын атқан жыр жүр-ау.Қансыраған кездеріңе қиналам,Қабырғама салынғандай қыл бұрау. Қанша ғасыр мың тірілдің, мың өліп,Мәрт қамалым, көшті жылдар үдеріп...Көз ұшында куәсіндей қырғынның,Қарауытар «Қара мола» түнеріп. Жеңілмедің, жауыңды естен тандырып,Берілмедің, болса-дағы сан бүлік.Қазағымның қайсарлығы ма екенсің,Ескерткіш боп тұрып қалған мәңгілік?! Шайқас салған қарыс қадам шегінбей,Ақ қорған тұр әруақты  ерімдей.О, ШЕРҚАЛА! –Ақ сауыты батырдыңАйқастарда аман қалған сөгілмей!