ВЕРНУТЬСЯ

Өзіңізге тиді міне еркіңіз,Қуаныштың шарабынан ішкен көп.«Еркіндік!» деп, аспанға атқан бөркіміз,Ұшып кеткен, әлі жерге түскен жоқ! Иә, жерге түсіре алмай әуреміз,Қарап тұрмын аң-таң қалып мен енді.Білдірерін білмейміз бе, әлде, біз,«Қазақ» сөзі – «еркін адам» дегенді!? Білесің бе, қалды әнеки боқтықта,Бодандықтың буындырған ноқтасы.«Оразаң да, намазың да – тоқтықта»,Ой дүрбісін салайық бір, тоқташы... Жасқану ма? Жыласаң да жоқ енді!-Жолда қалған әлдеқашан шаң қауып.Өңештері жыртылғанша «өлеңді»,Додабастар айтып жатыр, зарлауық. Айналды да іліп түсер қармаққа –Жезөкшенің сояу-сояу тырнағы.Ышқырлығын ұстай алмай, арды аттап,Бозбала жүр, ерлік істей қылғаны...Жолын тапқан жегі құрттай, жұлынға,Еркіндікке бауыр басты есірткі.Соқыр тиын құн қалмаған сұрында,Неге адам өзіне-өзі өшікті?! Қиналамын, баба салтын тартардай,Қасиетсіз қылықтардың құрдымы.Қиядағы киелі анау арқардай,Биіктерден көргім келді құрбыны. Ойдан-қырдан тауып алып өрісін,Келеді әлі, қылмыс-қаншық күшіктеп...Қабықтайын сыпырып ап терісін,Тігетін кез жетті-ау деймін, ішік тек! Жайын аузын ашқан күйі, құтырып,Қазынамды қарақшылар тонауда.Ау құрғанмен, шортандары сытылып,Шабақ қана ілінеді сол ауға...Түсіп кетіп, жын ойнағы – тасқынға,Есі шыққан еркіндіктен, ой, Алла-ай!Қапелімде тап болғандай қасқырға,Кейбіреулер қашуға бар қояндай. Сайрап жатыр тілім-тілім мұң ізі,Көңілімнің шарлап шыққан қиырын.Бұқа сынды еркіндіктің мүйізі,Тыныштықтың түрткілейді бүйірін... Адамшылық, азғындық пен екі ара,Бірін-бірі кетпеуі үшін төркін ғып:Саған да бір керек екен шекара,Әй, еркіндік, айналайын еркіндік!..