ВЕРНУТЬСЯ

Ай да жалғыз аспанда, күн де жалғыз,Серік іздеп шақырар түнде байғыз...Мен де жалқы ұл едім жанұядаДүниеде жоқ дейсің, кімде жалғыз?! Жалғыздық-ай, жалғыздық... Жалбыз-мұң-ай...Ұзақ ғұмыр сәлемін алғыз дұғай!Күзгі талда қалған бір жапырақша,Жел өтінде отырып, жалғыз мұңай... Құшағынан көрінген кең даламның,Жалғыз өркеш, топтағы, мен де нармын.Жалғыз Алла жаныма жар болсыншы,Шоқжұлдыздай көктегі бір жанармын.Бір жанармын түбінде, деп келемін,Өміріме келмейді өкпелегім.Бұтақтарым бүр жарып бара жатыр,Тамыр жайып тереңге көк терегім. Жүрем аңсап, ініні, ағаны да,Кім, осынау жанымды алады ұға?!Көнем, көнем...қозыдай көгендегі,Тағдырымның бұйырған таланына. Үстелімде жанып тұр жалғыз шырақ,Сол шырақтай қаламын жалғызсырап.Жауабынан дәмелі жаратқанның,Жанарымда жатады жалғыз сұрақ...                   ***Жыр ғана болып бар қайғым,Жоғалған жандай бірдеңем.Боз аспан төсін шарлаймын,Бозарған бұлтпен бірге мен. Сар желсем, тірлік-күлікпен,Бәрін де көрер бұл басым.Ұстадым тағы үмітпен,Бозала таңның бұйдасын. Кеудемде жатқан тұманың,Ашамын көзін толғана.Биікке ұшса бір әнім,Жаныма медеу, сол ғана. Тербете бермес таң да енді,Күнменен батқан, бірге өліп.Халқыма соңғы сәулемді,Шашармын, шашу-жыр болып!