ВЕРНУТЬСЯ

Алматыда ақ жаңбыр төгіліп тұр,Көк көбесі кеткендей сөгіліп бір!Шіркін анау шыңдардың аясында,Құлпырады-ау шалғынға көміліп қыр. Қашаған-бұлт, қайрылмай, барғанда ұзап,Найзағайдың от жібі – салған тұзақ!Ақ балтырын малып ап ағын суға,Ару қайың шомылды армансыз-ақ. Кеуде кернеп саф ауа шырын балдай,Ақ шымылдық алдымда құрылғандай.Арнаменен жүгірген ақ бұлақтар,Қыпша белге құлаған бұрымдардай. Жаушы жаңбыр, сен жиі жеріме кел,Шөліркеген даламда егін өнер.Сарынынан сазды үннің сыр ұғайын,Толастамай бір сәтке, төгіле бер. Көңіл гүлін ақ жаңбыр көктетеді,Өзектегі өлең-ай дерт пе тегі?!Ақ жаңбыры сияқты Алматының,Ағыл-тегіл жырлағым кеп кетеді!..              ***Ойсыз ақын, ақын ба?!Тереңге үңіл, тартынба!Әуестенбе, бауырым,Сөздегі құр жарқылға. Күркіреген қалпында,Нөсері жоқ артында.Найзағайдай ол да бір,Өте шығар жалтыл да...             ***Кеп тұрмын туған мекенге,Көп тұрдым қарап елжіреп.Сезімім іңкәр жетер меБұлақтай анау мөлдіреп? Өмірдің мезгіл зергеріТастапты жерге белгі сап.Киіз үйі орны дөңдегіТақырға басқан мөрге ұқсап. Жатушы ем ойда тербеле,Аспанды барлап сыр бүккен.Жұлдыздар жыр боп кеудемеҚұйылатындай түндіктен.Айлы түн.Ақ бұлт  - жол шаңы...Ақсүйек ойнап жарысқан.Кездер-ай...Көздер сондағыТұрғандай қарап алыстан. Құлыншақ – қиял шұрқырап,Армансыз кезді даланы.Таныды ма екен бұл тұрақ,Баяғы тентек баланы?! Жасарып кеткен жаңбырдан,Құрақтай, жаздым енді бой.Бал дәурен шағым алдымнанДөңгелеп жүре берді ғой!