ВЕРНУТЬСЯ

    Оңтүстік Қырым
жағалауының ең бір көрікті қойнауына орналасқан санаторийде Жамалдың емделіп жатқанына
бір айдың жүзі болды. Оның бұл санаторийге кеп емделіп жүргені бірінші рет
емес, бұдан бұрын екі-үш мәрте болған. Неге екені белгісіз, осы жерге келмесе
оған басқа жердің емі қонбайтындай көрінеді де тұрады, әрі араға екі-үш жыл
салып келіп тұрғандықтан ба, бұл санаторийдің бүкіл дәрігерлер қауымы мен өзге
де әкімшілік қызметкерлері оның ежелгі таныстарындай, кейбіреулері тіпті өз ағайындарындай
жақын боп кетті. "Мен Жамал Айдаровамын ғой" дегеннен-ақ ана жақтан
трубканы кім көтерсе де қалбалақтап қуанып жатқаны. Симферопольден самолеттен түскенде оны кейде бас дәрігер өзі, не көмекшісі қарсы алады. Аппақ
"Волга" көкпеңбек кипаристермен көмкерілген қара жолға түсіп алып,
жүргені сезілмей, санаторийге қарай бет түзейді.

  Бұл жолы келгенде оны бас дәрігердің
өзі қарсы алып,күні бұрын әзірлеп қойған бөлмеге
орналастырды. Әсте бұл әу баста
емдеушілер жататын палата емес, әкімшілік бөлмелердің
бірі болуы керек, Өйткені мұндағы қабырғаларда
ұзақ уақыт тұрған медициналық жабдықтардың сарғыш іздері, терезе пердесін ілу үшін қағылған шегелер, кірген беттен мұрынға ұратын дәрі-дәрімектің өткір иісі, бәрі-бәрі де бұл
бөлменің Жамал келердің аз-ақ алдында
палатаға айналғанын айқындап тұр. Бөлме іші кең, кіре берісте киім
шешетін кішірек дәлізі бар, кеңдігі
жағынан адамы құрттай құжынап жатқан Қырым
жағдайымен қарағанда бір кісіге молынан жететін,
түрлі түсті телевизор,
телефон және тоңазытқыш орнатылған "жасаулы" бөлме екен.

  Жамал бас дәрігердің мейірбандығы мен кішіпейілділігіне қатты риза боп, өзінің,
күйеуінің атынан алғыс айтты.

  Бүгін күн сенбі. Санаторийде бір ғана кезекші дәрігерден басқа ешкім жоқ, оның өзі де
ординаторскийге кіріп алса болды, ол
жақтан сирек шығады. Емделушілердің
бәрі көңілді, кейбіреулері
теңіз жағалап,кейбіреулері
ауладағы алаңда серуендеп,
әркім көңілі қалғанша уақыт өткізіп жүр.Жамал сағатына
қарады. Онға бес минут қапты.
Ол тез-тез олимпикасын, кроссовкасын
киіп, өзін-өзі соңғы рет бір тексеру
үшін айна алдына кеп тоқтағанда,
теңіз жақтан теплоходтың гуілдеген
үні де естілді. Жамал помадасын асығыс-үсігіс
қол сумкасына салды да, есік алдында ілулі тұрған фотоаппаратын жол-жөнекей иығына іле сап сыртқа шықты.

  Аспан бұлыңғыр, ауа дымқыл. Батыс жақтан есіп тұрған қоңыр желде қарағай мен көктемнің,
балық пен теңіздің иісі бар.

 "Челлюскиншілерге" және оның
капитаны Евгений Степанович Назаровқа
жалынды сәлем,- деді Жамал теплоход
бортына көтеріле беріп, әзілдей күліп. Назаров оны қолымен тартып, бортқа мінгізіп алды.

-        Жамал Сағатовна,
Челлюскиншілер сізді өз бортында көргенге өте қуанышты,- деді Назаров ірі
тістерін көрсете, шын ықыласпен
күлімсірей сөйлеп.- Қалай, бізді кеп күтіп қалған
жоқсыз ба?

-        0 не
дегеніңіз, Евгений Степанович. Мен сіздің уәдеге
соншалықты айна-қатесіз дәл екеніңізге мейлінше тәнті боп келе жатырмын. Сіз тұп-тура сағат онда сигнал бердіңіз.
Менімше, сағаттың минуттық стрелкасы ғана емес,
секунды да сол кезде онды
көрсетіп тұрған шығар-ау. Мұндайды
біздің елде "немісше дәлдік" деп атайды.

-        Өкінішті, өкінішті,
Жамал Сағатовна. Теңізшілерше ұқыптылық
десе әлдеқалай орынды болар еді. Қалай,жақсы демалып жатырсыз ба?

-        Рақмет. Әзірге
ешкімге айтар арызым жоқ.

-        Міне, тамаша!
Сізге теңіз ауасы өте жағады екен,өткен жолғыдан... а, кешіріңіз, әрине, өткен
жолы да әдемі болатынсыз, бірақ бұл
жолы одан да құлпырып
кетіпсіз.

-        Қойыңызшы,
Евгений Степанович, сіз де артық әзіл айтатын болғансыз ба? Менің
жасымда қайдағы құлпыру?

   -0, сіз өзіңіз жайлы қалай болса солай ойламаңыз мен сіз жайлы сіздің
өзіңізден әлдеқайда жоғары ойлаймын.
Менің бір досым айтады: "Әйел адам қашан да сұлу болуы керек, ал ол сұлулықты қайдан алады -онда менің
шаруам жоқ" дейді. Менімше, аса батыл айтылса
да, көңілге қонарлық сөз ғой
деймін.

-        Иә, иә, қалай
дегенмен жаны бар сөз... Ал бүгін маршрут
қалай?

-        Баяғы сіздің сүйікті
маршрутыңыз - Ялта - Ай-Петри.-
Назаров екі қолын жайып, басын оң жағына қисайтып, бір сәтке
бағынышты адамның кейпімен мүләйімси
күлді.- Әрине, біздің жүк таситын теплоходымызда асқақ талғамның әйелдеріне арналған каюта жоқ,сонда да
болса біздің команда сізден ұялып
қалмаудың бар мүмкіндігін қарастырған
болды. Қане, жүріңіз.

  Олар басқыш арқылы палубадан төмен
түсті де, теплоходтың алдыңғы жағына таман орналасқан бір кісілік каютаға кірді.

-        Бұл біздің
жігіттердің демалатын бөлмесі,- деді Назаров
стол үстінде қалып қойған арақтың бос бөтелкесі мен стакандарға қарап тұрып:- Әй, қулар-ай, өздері жинап, артынша ыбырсытып жүргені.- Ол теплоходтың қараңғылау бұрышы жағына қарап дауыстады.-
Мичман Панин!- Түпкір жақтан "Мен
мұндамын" деген дауыс саңқ ете
қалды.- Енді сен онда болма, мұнда бол.

  Жарты минуттан соң каютаның есігінен
жирен мұртты,көзі ойнақшыған, қағылез сары жігіт сығалады.

-        Не бұйырасыз, жолдас капитан?

Назаров оған бір, стол үстіндегі бөтелкеге бір қарап алды да:

-        Босаған
бөтелкені сыйламайсыңдар, ә,- деді басын шайқап.

-        Дұрыс айтасыз,
жолдас капитан, босаған нәрсені онша
сыйлай бермейтініміз рас еді.

-        Немене, егер
мен капитандықтан босап қалсам,мені де сыйламайсыңдар ма сонда?

-        Сыйлаймыз,
неге сыйламасқа? Бірақ бір өкініштісі сол
сіз бен біз кездеспей кетеміз ғой,- Жігіт стол үстін қас пен көздің арасында тап-тұйнақтай етіп жинап, сүртіп алды
да, Жамалға қуақы көздерімен
күлімсірей қарап шегіншектеп кетті.

-        Теплоход
бортындағы тазалықты сақтамағаның үшін
кінәлісің,- деп айғайлады
Назаров оның соңынан.-Қалыңдығыңа
қоштасу хат жаз да, әлгі бөтелкеге салып суға
лақтыр. Порттан ұзаған соң борттан өзіңді лақтырамыз.

Жігіттен жауап болған жоқ, соған қарағанда ол лездің арасында капитанның соңғы сөздерін естімейтіндей
алысқа кетіп қалған болуы керек.

-        Әзіліміз ғой,-
Ештеңе түсінбей, ыңғайсызданып отырған
Жамалға Назаров күле қарады.

-        Құдай
сақтасын,- деп күрсінді Жамал.- Неткен кісі
шошырлық әзіл.- "Мичман Панин. Мичман Панин".Маған осы есім таныс
сияқты.

-        Осы аттас
фильм бар, бәлкім сол есіңізге түсіп тұрған
шығар.

-        Ә-ә...- Жамал
қолымен ауа кесіп, сықылықтап күлді.-
Сол екен ғой ойымда тұрған.

-        Бәсе. Бізден
басқа тағы бір теплоходпен таныс па деп
шошып қалсам... Әлгі жігіттің фамилиясы Панасюк.Әзілдей келе жігіттер оны
"Мичман Панин" деп атап кетті.
Қалай, жүруге команда береміз бе?

-        Еркіңіз
білсін. Сіз мені шетел делегациясының бастығындай қабылдадыңыз ғой тіпті... Күн ашылар ма екен?

-        Синоптиктердің
хабарына қарағанда:
"түстен кейін Оңтүстік Қырым жағалауларында күн ашық болады, батыстан
соққан жел сәл күшейе түседі. Ауаның температурасы- 23-24 градус".

-        Сіз бүгін
ерекше көңілдісіз, Евгений Степанович.

-        Ендеше, мен
жүруге команда берейін.

  Назаров сәл ойнақы қимылмен иілді де,
ыңылдай әндетіп жүріп кетті.Сәлден
соң жүк теплоходы орнынан қозғалып, ашық теңізге
қарай бет түзеді.

  Жамал жасы елуге таяп қалса да, киім
киісі мен жүріс-тұрысынан ерекше талғам табы сезіліп тұратын,сөйлегені мен күлгеніне,
тіпті біреуге көз тастап қарағанына
дейін әдемілік пен әдептілік белдеуінен шашау шықпайтын, туа бітті қасиеті бар, тәкаппарлық пен қарапайымдылықты бір бойына білдірмей
қатар сіңіре білген әйел еді. Ол өзін
ешқашан жұрттан бөлек ұстауға тырыспайтын, әрқашан топ ішінде бола
білетін және сол топтан оқшау да көріне алатын-ды, көпшіліктің
қатарында келе жатып алда жүре
білетін-ді. Жаз айларында бір апта аялдау
үшін атан түйенің құны
кететін, туған елден тым қиянда жатқан осы бір алақандай теңіз қойнауының адамдары
оны кісіге жағымды жайдары мінезі үшін ұната ма,әлде күйеуі Заманбектің сонау Алматыдағы беделінің сарыны бұл жаққа
де жетіп жататындығынан ба, Жамал әр келген сайын ыстық ықылас пен ілтипаттан тыс қалып көрген емес. Бұл жақтағы жауапты қызметте
жүрген кісілердің біразы оның өзін,
немесе күйеуін не сырттай,не іштей білетін болып шығады.

  Заманбек Алматыдағы қызметіне
ауысқанға дейін Қазақстанның көптеген аудандарында, облыс орталықтарында
басшылық жұмыстарда жүрді. Бұл жақтағы кейбір
кісілердің онымен қызмет бабында немесе Москрадағы үлкен-үлкен жиындарда кездесіп,
таныс-біліс боп жататындары да сондықтан. Тіпті, бұлардың жер бетінде бар-жоғынан бейхабар көлденең біреулер кездесе
қалса да,сөйлесе келе, таныса келе Жамалдың ежелгі достарындай жақын боп кетіп жатады. Сондықтан шығар,
Жамал қандай тілек айтса да
жергілікті әкімдер қабақ шытпай көмектесуге
дайын тұрады. Кездесе қалса бәрі де амандық-саулықтан соң: "Қалай Заманбек Акимович телефон соқты ма? Денсаулығы жақсы ма? Демалысқа қашан шыққалы жатыр?" деп ерекше ықыласпен
сұрап жатқаны.Жамал да оларға
бар тілейтіні - аптасына екі рет ашық теңізде
серуендеп, Ай-Петриге жиырма-отыз шақырым қашықтықтан
қарау. Әсіресе, күн ашық боп, теңіз үстінде майдақоңыр
ғана толқындар жүгіріп жүрген тымық шақта Ай-Петри
ерекше асқақ та әсем көрінеді. Жамалға бұдан өзге қызықтың да, бұдан өзге серуеннің де қажеті жоқ.Ол бұл
көрініске қараудан ешқашан жалықпайды, тіпті,сағаттар бойы көз алмай тұра
беруге дайын.

  Бұл жартасты Жамал алғаш рет осыдан он
жеті жыл бұрын, күйеуі екеуі демалуға
келгенде көрген. "Япыр-ай",деп таңғалудың орнына ол күйеуін қайран
қалдырып:

"Заманбек, мен... мен... мына тауды түсімде
көргем,-деді. Иә, иә, осыдан бір жеті бұрын... Күн көзі түсіп тұр екен-ау деймін. Сол сәуледен жартас
жан-жағына аппақ нұр шашып тұр". Заманбек оның иығынан құшақтап кеңкілдей күліп: "Сен Арыстың жағасындағы жарқабақты "Ай-Петримен" шатыстырып тұрған
шығарсың" деген оны ызыландырып. Бақшасарай аңызынан кейін оның Ай-Петриге деген сүйіспеншішілігі бұрынғыдан да күшейіп,
кеудесінен оған деген мұңлы бір сағыныш біржола орын тепті.

Гаремде екіқабат боп, сол үшін қатал жазаланып, әлде түрік, әлде ағылшын саудагерлеріне сатып жеберілген әйелдің дауылды түні кемелері апатқа ұшырағанда бірнеше күн бойы тақтай үстінде жалғыз жүзгені,
жер басудан күдерін үзіп, өзін енді тұңғиық теңізге лақтырмақ боп бел буғанда найзағай отымен Ай-Петридің жарқ етіп көрініп,әйел
мен оның іштегі баласының өмірін
сақтап қалғаны Жамалдың ой-қиялын біржола шырмап алды.

  Батыс та жоқ, шығыс та жоқ, айналаң ұшы-қиырсыз теңіз. Уысына түссең қас-қағым сәтте жұтып қояды да,түк көрмегендей
керенау толқып жата береді. Ол тұңғиыққа бәрібір - адамсың ба,
надансың ба, данышпансың ба, ақымақсың ба, еркексің бе, сәбисің бе таңдап, талғап жатпайды. Мына теплоходтың түбі тесілсе,оны
да жұта салады. Теңіз біткен
жерден Жер басталады-ау, сол Жер үстінде Жамал әйелдің баласы мен келіні бар-ау демейді, оның алыс бір Алматы деген көп адам шоғырланған елді
мекенде бес бөлмелі үйі, күйеуі бар екенімен,
күйеуінің үлкен қызметкер екенімен, бұл жаққа денсаулығын түзеп алуға
келгенімен санаспайды да.Қап-қара боп түнеріп жатқан тұңғиық теңіз Жамалдың денесін түршіктіріп, бойына қорқыныш туғызады.

-        Жамал
Сағатовна, сіз әбден ойлансын деп сағат бойы
жаныңызға адам жолатқан жоқпын,- деді оның қасына
келген Назаров.- Ой теңізден де терең, оның түбіне
жете алмайсыз.

-        Иә, дұрыс
айтасыз,- деді Жамал теңізге сүңгіген ойын
тез кері шумақтап, кеудесін жоғары көтеріп.- Мен сіздерді жолдан қалдырдым-ау, сірә.

-        Жо-жоқ. Біз
бүгін Артекке бір рейс жасасақ та жетеді.
Ал кешке дейін кеп уақыт бар. Сізді серуендету де біздің басты міндетіміз ғой,- деді Назаров зажигалкасымен темекі
тұтатып жатып оған көз
астымен күлімсірей қарап.

-        Рақмет.
Дегенмен, ыңғайсыз екен. Орынсыз тілек айтып,
масыл болған сияқты сөзінесің де жүресің.

-        Демек, сіз біздің
өзіңізге деген шын пейіліміз бен ықыласымызға шүбә келтіресіз. Солай ғой? Әрине, әрине,солай,- Назаров жас баладай
бұртиып, темекісінің күлін теңізге қарай бір-екі рет ызылана шертіп-шертіп қойды.

-        Оған
ренжімеңіз,- деді Жамал, ойыны ма, шыны ма
дегендей капитанга жай ғана жымия қарап.- Айту парыз ғой. Сый-құрметті
теңіз сияқты үнсіз жүта беруге де
болмас.

Назаров сағатына қарады да, мүлде жайдары үнмен:

-        Жамал
Сағатовна. Біздің теплоход осы арада бір сағаттай
аялдайды. Теплоход экипажының тілегі бойынша,ол бір сағатты сәскелік ас ішуге
арнағалы отырмыз,-деді- Қане,
жүріңіз,- Назаров оң қолымен палубаның қиыр
бір шетін көрсетіп, сол қолымен Жамалдың қарынан ұстады.

-        Япыр-ай,
сіздер сонша неге әурелендіңіздер? Тамақ деген
онда да жеткілікті еді ғой,- деді Жамал иегімен көрінбейтін жағалау
жақты мезгеп.

-        Әлбетте, ол
жақтағы жұрт аш отыр деген ойдан аулақпын,
әйтсе де, біздің бортқа аяқ басқан соң қонақасы бермеу де көргенсіздік емес пе?

  Төбеден күн төніп, ауа тымық, аспан
ашық боп тұрғандықтан олар тамақты
капитанның каютасынан палубаға
кешірді. "Мичман Панин" бастаған екі-үш елгезек жігіт
әп-сәттің ішінде палубаның қақ ортасына көшпелі шатыр стол мен
орындықтарды әкеп, әр түрлі
шарап пен тағамдарды үйіп тастады.

  Жамалдың денсаулығы үшін бірнеше рет
тост көтерілді. Алыстағы Заманбек те ұмыт қалған жоқ. Оның ақылды, іскер, дарынды ұйымдастырушы, көреген басшы екені талай рет айтылды.Арал теңізінде жай
жұмысшы боп жүргенде оны оқуға жіберуге көмектескен Заманбек екенін айтып, Назаров оның денсаулығы үшін де тост көтерді.

-        Кінә өзімнен
болды,- деп екініп қойды ол сөз арасында
бас шайқап.- Мен ол кісіні алдап кеткендей болдым.
Махаббат жарықтық есімді алды да, Қара теңізден
бір-ақ шықтым. Демалыс алған соң ол кісіге арнайы
кіріп сәлем беремін де, үмітін ақтамай кеткенім үшін кешірім өтінбекпін. Егер менен үмітін біржолата үзбеген болса да, ол жағын да байқап
көрмек ойым бар.

-        Жолдас
капитан, сонда сіз бізді тастап кетпексіз бе?-
деді "Мичман Панин" рюмкаларға коньяк құйып жатып.

-        Жоқ,
теплоходтарыңмен қоса арқалап кетемін.-Елігіңкіреп алған жігіттер ду күлді.

-        Мәдениет пен
этикаға адам баласын еш уақытта үйретуге
болмайды.- деді Назаров әлден соң тың әңгіме бастап.- Оны құдай береді. Ол адаммен бірге туылады.

Ол ана сүтімен еніп, сүйекке сіңеді. Менің бір танысым болды, өзі екі ннститут, бір университет
бітірген. Алғаш оқуға кеткенде қандай
надан болса, екі институт, бір университет бітіргеннен кейін де сондай надан болып оралды.-
Ол қолын сермеп, кеңкілдей күлді.- Қазір Сахалинде. Тағы бір институтқа сырттай
түскелі жүр деп

естідім.

-        Тағы ма?- деді
"Мичман Панин" көзі ежірейіп.

 Сөйтті де, Назаровтың жауабын күтпестен-ақ екі
санын шапаттап ішек-сілесі қата күлді. Жұрттың бәрін күлкіге қарық қылғанына
масаттанған Назаров орамалымен көзін,маңдай терін сүртіп, бокалын жоғары
көтергеңде жігіттер күлкілерін кілт тыя қойды.

-        Адам ұлы қолбасшы, ұлы ақын, ұлы ғалым
болуы мүмкін, бірақ мәдениетті бола бермейді. Мәдениеттілік пен ізеттілік - адам бойындағы ең бір асыл
қасиет. Мен, жолдастар, Жамал Сағатовнаның бойындағы осындай туа біткен асыл қасиеті сымбатты мен
парасатының Адам таңғаларлықтай
үйлесе біткені үшін тағы бір тос көтергім келеді. Қане, Жамал Сағатовна, сіз үшін.

-        Рақмет, шексіз
ризамын,- деді Жамал бокалдағы шампаннан
аз ғана ұрттап.

-        "Мичман
Панин", сен немене, төңкеріп салғансың ба?
Мына теплоходты қайтпексің?

-        Жоқ, жолдас
капитан. Аузыма бір тамшы да алғам жоқ.

-        Алдыңдағы
стакан неге босап тұр?

-        Соған өзім де
түсінбей тұрмын, жолдас капитан.Соған қарағанда бұған еш нәрсе құйылмаған болуы керек.

-        Сен бар ғой, "Мичман
Панин", мынау теплоходымыз теплоход болмай, арба болса, баяғыда аударып
тастар едің, ә?

-        Арба сумен
жүре алмайды, жолдас капитан.

-        Тіліңе қотыр
шықсын сенің, "Мичман Панин. Бар,теплоходты жағаға қарай бұр. Ай-Петриге.- Соңғы сөзді айтқанда Назаров "бәрі де сіз үшін
ғой" дегендей Жамалға қарап қойды.

  Арада бір сағаттай өткенде
"Челюскин" Ай-Петридің қарсы алдына, әйгілі Воронцов сарайының оңтүстік
фасадының дәл маңдай тұсына кеп жүрісін баяулатты. Төңірек көк жасыл түске
боялған, сол көк жасыл әлемнен көкке қарай мойнын созып, бар дүниеге асқақтай қарап
Ай-Петри тұр. Мына шетсіз де шексіз тылсым теңіз сияқты, оған қараған сайын
Жамал да түпсіз ойға шомып береді.

 Күнде айғай салғанда қың етпейтін осы бір
керең-мылқау ақ жартастың адам қиялын шартарапқа жетелеп,жан түбінде тұнып
жатқан әр қилы ойларды қозғай алатын қандай қасиеті бар екенін Жамал
түсінбей-ақ қойды. Дәл осылай маңқиып ол канша уақыт тұрады екен? Қанша мың,
қанша миллион, қанша миллиард жыл? Бәлкім ол мәңгілік деген ұғымның тетелесі де
шығар? Дәл осы қаңқиған ақ тауға дәл осылай, Жамал сияқты кімдер қарамады, кімдер
ойға батпады, кімдер қуанбады?Аяғымен жер басып, тоқ жүрген бейғам адам мына
жалғанда өзінен өзге құдырет жоқтай, тамның басынан шаққанына мәз болып, өзін
бар дүниенің қожасындай сезінентініне бір сәт күлесің, осы ұлы жаратылысты
өзіңе табындырмақ болғаныңа іштей қысыласың.

  Жамалдың көз алдындағы көрініс бір
сәтке ғайып боп,оның орнына қап-қараңғы дауылды
түн, тақтайға жабысқан екіқабат әйел елестеді. Дәл қазір ол байғұстың ойына сұрапыл өлім қаупінен басқа не келіп, не кетіп жатыр екен? Тек өлімге бел буу ма? Жо-жоқ, ол мүмкін емес, өлімге өзі тәуекел етпегенше адам
өмір үшін күресіп бағады, қараңғы түнде, ұшы-қиырсыз дауылды теңіз үстінде, жападан-жалғыз тақтай құшақтап қана қалған әлжуаз,
екіқабат әйелдің өзі өмір үшін арпалысады, адамнан болсын, алладан болсын
меңіреу табиғаттан болсын,әйтеуір бір үміт оның кеудесінен өше қоймайды. Міне, дауыл да басылды, теңіз үстінде тыныштық орнады. Үміт бар - енді ол толқын соғылып, опат болудан
аман қалды.

   Жо-жоқ, ол да алдамшы, уақытша үміт
екен. Су бетінде осылайша қалқып
қашанғы жүре беруге болады? Бір күн,екі күн, ары қарай не болмақ, арғы күннен
не күтпек?

Әйел бойындағы соқыр үрейді санаға жеңдіре білді, ертеңгі күннің бұдан да өткен азабынан сескенді.
Сол азапты көрмеу үшін ол өзін-өзі
суға тастауға, сөйтіп, бірте-бірте жақындап келе жатқан қаралы тағдырының алдын орауға бел шешті. Қанша қатыгез
болса да, жарық дүние сыйлаған мына ит өмірмен қош айтысып, өз иманын өзі үйіре бергенде, қара түнекті қақ айырып,
найзағай оты жарқ ете түсті. Сол
найзағай отымен бірге оның қарсы алдынан тұлғасы асқақ ақ жартас елес беріп
өткендей болды. Әйел өз көзіне өзі
сенбеді. Сенбесең анықтап көріп ал дегендей,найзағай тағы жарқ етті. Бұл жолы
ақ тау ап-анық көрінді.
"Ай-Петри! Құдай-ау, мынау Ай-Петри ғой!"Қуаныш толқыны әйел кеудесін
жарып кете жаздады. Ол өзі жабысқан
тақтайды жартасқа қарай жанталасып есе бастады. Ол жылаймын деп ойлаган жоқ, жылауға мұршасы да болмады, бірақ екі
көзінен жас сорғалап келе жатқанын
өзі де сөзер емес...

-        Жамал
Сағатовна, тағы да жақындайық па, әлде осы
қашықтық жете ме?- деген ту сыртынан естілген Назаровтың үнінен Жамал селт ете
түсті. Назаров Жамалдың түрін
көріп, сәл аңырып тұрып қалды.- Жамал Сағатовна,
сізге не болған? Япыр-ау...-
Ол шын абыржи бастады.- Сіз немене...
сіз жылағансыз ба?

-        Ім... м.„
жо-жоқ.- Жамал сәл абдырап, қол сумкасынан орамалын іздей бастады.- Неге
жылайын...

-        Қызық екен,-
деді Назаров түкке түсінбей.-Жана ғана арамызда ойнап-күліп отырған адам, енді
кеп,сәл оңаша қалғанда...
Айтыңызшы, не боп қалды?

-        Ештеңе де.

-        Бәлкім, елден
бір жағымсыз хабар келіп, сіз оны бізден
жасырып жүрген шығарсыз?

-        Жоқ, құдай
сақтасын. Бәрі де ойдағыдай.

-        Енді не?-
Назаров әйелдің жүзінен әлденені ежелеп оқығысы келгендей оған иіліп, сәл үнсіз
қарады.

-        Сіз бар ғой,
сіз осы Ай-Петриге көп келесіз.Бәлкім, өміріңіздегі үлкен бір оқиға осы таумен
тығыз байланысты шығар, ә? Солай ма?
Айталық, сезім, алғашқы махаббат, алғашқы құрбандық дегендей...- Назаров оны сергітпек
боп, көңілді үнмен секектете сөйлеп бара
жатыр еді, Жамал тік қадалған салқын көзқараспен оның сөзін кілт үзіп тастады.- Не, сіз ренжіп қалдыңыз ба? Байқамай көңіліңізге тисем ғафу етіңіз!

-        О не
дегеніңіз,- деді Жамал зорлана күлімсіреп,аппақ орамалының бір ұшымен ғана көзінің алдын құрғатып.- Кешірім сұрайтындай сіздің не кінәңіз бар? Қайта сіздерді жұмыстан бөліп,
осынша әбігерге салғаным үшін мен кешірім сұрауым керек.

Назаров көзін
қулана сығырайтып Жамалға аз-кем қарап тұрды да:

-        Дегенмен айтыңызшы, ол не?- деді
бір-бірінен сыр жасырмайтын сенімді адамның үнімен дауысын ішке тарта сөйлеп.

 Жамал енді өзіне-өзі толық келген адамның
қалпымен иығын қозғап, жайдарылана күлді де:

-        Е-е, ол бір ұзақ әңгіме,- деді терең дем
алып.-Сіз оны айтқанмен түсінбейсіз.- "Түсінбейсіз" деген сөзді
Назаров көңіліне алып қалды ма деген оймен ол өз сөзіне ізінше түзету енгізді.-
Керек десеңіз, оны өзім де түсіне бермеймін. Әлде қиял, әлде түс сияқты

буалдыр бірдеңе...

-        Онда өзіңіз
біліңіз, Жамал Сағатовна. Әйтеуір бізге өкпелеп жүрмесеңіз болғаны.-
Ол білдірмей сағатына қарап қойды.-
Қалай, тағы біраз аялдайық па, әлде қозғаламыз
ба?

-        Әрине, әрине
қозғаламыз. Сіздер онсыз да үш сағат уақыттарыңызды жоғалттыңыздар,- деді Жамал тап қазір теплоходтан түсе салып, жүріп кетуге
жиналған

адамдай жіңішке баулы сумкасын иығына асығыс асып.

-        "Мичман
Панин".- Назаров палубаның төменгі жағына
қарап дауыстады да, ол жақтан жауап күтпей-ақ,жарлығын айта бастады.- Кеттік
қалаға. Өткен жолғыдай Ай-Петриді жағаламай
жүр.

Ай-Петридің жанына жақындағанда Жамал ақ жартасты тағы да
әлденеше рет суретке түсірді.Теңіздегі серуен тамаша өтті.

Жамал Назаровқа, теплоходтағы өзге де жігіттерге көп-көп рақмет
айтып, кезекті серуенді келесі сәрсенбіге белгілеп,
корпуска оралды. Бөлмесіне кеп, фотоаппараты мен сумкасын киім ілгішке ілгенде, өзінің кәдімгідей шаршағанын, денесі салқын төсекті қалап тұрғанын сезді. Ол душ қабылдап болған соң үстіне халатын киіп, бір сағат алаңсыз ұйқыға кіріспек боп өзі кеткенде ғана
ауыстырылған ақ сейсепті
ерекше ләззатпен көтере
бергенде,терезе жақтағы журнал столының үстінде тұрған гүл шоғын көрді. Жамал таңданғандай аз ғана
қимылсыз тұрды да, оның қасына келді.
Жеті тал қалампыр гүлі екен. Гүл шоғының арасында тілдей ғана қағаз жатыр. Жамал оны қолына
алды.

"Құрметті
Жамал Сағатовна. Сізді өміріңіздегі қуанышты күніңізбен - сүйікті жұбайыңыз
Заманбек Акимовичтің туған күнімен құттықтаймыз. Сол қуанышты біздің семьяның
дастарқанында, бүгін, 16 июль, кешкі сағат 19.00-де атап өтуге шақырамыз.

 Федорчуктер семьясьі".

  Санаторийдің бас дәрігері жазған мына бір
тілдей қағаздың алдында Жамал қатты қысылды. "Япыр-ай, мен оның туған
күнін қалай ұмытып кеткенмін? Кеше ғана емес пе еді, құттықтау телеграммасының
тексін жазып қоймақ боп ұмтылганым?"

Олардың
семьясында туған күнді тойлау, оған дуылдатып мән беріп жату салтқа
айналмаған-ды. Жастық өмірдің
сонау алғашқы шақтарында-ақ Заманбек бұл оқиғаға салқын қарайтын. "Несі бар? Ал тудым, келдім өмірге, енді соны жыл сайын дабыл қағып
өткізуім керек пе? Бұл тіршілікке кім
келіп, кім кетпеген, оның неменесі қуаныш? Менімше, осы қуаныш пен құттықтаулардың ар жағында жасандылық жатады" деп, өзге жұрттардың бір-бірін өтірік
күлкімен құттықтап жататындарына жаратпай қарайтын.
Алыс жақта жүрген соң Жамал
оған телеграмма салмақ боп ойланған
еді, бүгін серуен күйеуінің туған күнін
де естен шығарып жіберіпті. Сонда да болса бүгіннен қалдырмай телеграмма салмақ боп қайта киінді.

  Сол күні кешке ол Федорчуктердің үйіне
қонаққа барды. Олардың дастарқанында
санаторийдің белді қызметкерлері,
жергілікті басшылардан да екі-үш кісі болды. Жамалдың өз басына, семьясына,
күйеуінің денсаулығына арнап әлденеше рет тост көтерілді.

  Кеш әрі көңілді, әрі мағыналы өтті.

Санаторийдегі алғашқы он күннің қалай тез өте шыққанын
Жамал байқамай да қалды.

 

                                                   
* * *

   Алдын ала келісім бойынша Жамалдың кайтуына
бір жетідей уақыт қалғанда Алматыдан Заманбек те келмек еді. Биылғы жылы
Қазастанда ауа райы ете құбылмалы болып, әсіресе,
көктем айлардында мал мен ауыл шаруашылығына көп қолайсыздық тудырып өтті. Соның
салдарынан Заманбек кезекті демалысын түгел пайдалануды өзіне ыңғайсыз
санап, бір жеті ғана уақытқа Қара теңіз жағалауына келіп кетпек боп шешкен.

  Жамал кеше үйімен сөйлескенде ол жоспардың
әлі бұзылмағанын, оның келуге дайындалып жатқанын естіп іштей қуанған, Жамал
ғана емес, бұл хабарды естіген өзге кісілер де
қуанды.Жамал ашық теңізге әлденеше рет серуенге шықты.Әлденеше рет Назаровтың
теплоходтағы дастарқанынан дәм татып, әлденеше рет мақтау сөз естіді, әлденеше
рет Ай-Петриге үнсіз қарап тұрып, талай рет сан тұрлі ойға шомды.

   Кезекті бір сенбі еді. Бүгін ауа райы
желкемді болып,теңіз бұларды жақтырмағандай мінез танытқан соң олар көп
кешікпей жағаға оралды. Түскі тамаққа дейін әлі бір жарым сағаттай уақыт бар,
Жамал еш нәрсе алмайтынын білсе де, уақыт өлтірмек боп дүкендерді асықпай
аралап,екіге жиырма минут қалғанда такси аялдамасына келді.

  Сол сәтте оның алдына кеп ақ
"Волга" көлденеңдеп тұра қалды да, ашық терезеден ер адамның:
"Жамал Сағатовна, отырыңыз", деген қомақты даусы естілді. Жамал сонда
ғана таныды: өткен жолы Федорчуктің дастарқанында бірге болған Николай
Сергеевич екен.

-        Ә-ә... сәлематсыз ба?-~ деді ол
абдырап.- Сіздерді жолдан қалдырармын.

-        Оқасы жоқ, Ялта кішкентай қала,
үлгереміз,- деді Николай Сергеевич Жамалға алдыңғы жақтағы орынды көрсетіп
жатып.

  Санаторий корпусына жеткенше олар ауа райы,
көшелердің тарлығы, жолдамасыз "жабайы" адамдардың қаптап кеткені
жайлы ұсақ-түйек нәрселерді сөз етті. Әр нәрсенің басын бір шалып отырғанда
олар санаторийге жетіп қалды да, Жамал рақмет айтып, түсіп кетті.Неге екені
белгісіз, Жамал Николай Сергеевичтің жолыққанына, таксиге отыра салмай, оның
машинасымен келгеніне өкінді, Өйткені өткен жолғыдай емес, ол шектен тыс ресми, шектен тыс сыпайы боп қапты. Жол-жөнекей оған "отыр" деуінің өзі де
жолдастық парыздың амалсыз әсері
екенін байқағандай болды.
Осьгадай бір жағымсыз, салқын күйден Жамал бірнеше күн бойы арыла алмай қойды. Тіпті Федорчуктің өзі бір кездескенде
салқын қабақ танытып, оған бұрынғыдай
жалпаңдамайтын сияқты.

 Кешке ол үйіне телефон соқты. Үйінде
келіні мен баласы болуы керек еді,
бірақ трубканы ешкім көтермеді.

  Оның іштей мазалануы бірте-бірте
белгісіз күдікке айналып, бойына үрей
үймелей бастады.Ол үйіне түні бойы телефон соғумен болды. Анна жақтан тырс еткен дыбыс естілмеді. "Құдай-ау, бұлар қайда жүр? Бала қайда? Келін қайда?
Заманбек қайда?

Біреуі болмаса біреуі болуы керек қой. Әлде телефон істемей қалды ма екен?" Өздерінің үйіндегі телефонның істемей қалуы мүмкін емес екені есіне
түскенде әйелдің жүрегіне тағы да
белгісіз үрей толқыны келіп қосылғандай болды.
Ол бірауық көршілерімен хабарласам ба екен, деп ойлады да, артық дабыраны қаламай амалсыз тан атуын күтті. Қырымның түні мұндай ұзақ болар ма?
Алматыға таңғы сағат сегіз
болды-ау дегенде телефонға тағы жармасты. Бір кезде трубканы біреу көтерді-ау.
Жамалдың жүрегі аттай тулап;

-        Әй, бұл кім?
Әмина, сенбісің?- деді алқынып.

-        Иә,- деді
келіні ар жақтан самарқау үнмен.

-        Әмина, дауысың
неге сынық? Тыныштық па?

-        Тыныштық.

-        Әй, сен мені
танымай тұрсың ба? Менмін ғой. Мен,мен, мамаларыңмын.

-        Танып тұрмын.
Сәлематсыз ба?

Жамалдың кеудесін қорқыныш билеп, ары қарай не дерін білмей қалды.

-        Әмина, Әмина
деймін. Саған не болған? Шыныңды айт,
амансыңдар ма?

-        Аманбыз.

-        Ербол қайда?

-        Ұйықтап жатыр...- Келінінің дауысы тұншыға шықты.

-        Неге ұйықтап жатыр?

-        Ол... ол түнде
тағы кеш келді.

-        Әмина, сен...
жылама, жылама, білдің бе? Жылама деймін.
Барған соң оған көрсетемін
көресіні.- Әйтеуір үй-ішінің аман
екенін біліп, оның жүрегі орнына түсейін

деді.-
Папаларың жұмысқа кетіп қалды ма?

-        Иә... Жоқ...
командировкада...

-        Командировка?
Ол неғылған командировка?

-        Бір қалада
комбинат ашылады екен, соның ашылу салтанатына
кетті.

-        Қай қалада?

Білмеймін... Какой-то
солтүстіктегі бір қала.

-        Жарайды, аман
болсаңдар бопты. Жылама, жылама деймін.
Саған көп жылауға болмайды. Балаңа зиян. Кешке қарай тағы бір хабарласармын. Жарай ма? Ал сау бол.

Ол трубканы қойып:

-        Неткен балалар?
Жалғыз әкелеріңнің қайда кеткенін білмейді- деді терең күрсініп.

  Сәрсенбі күні ол әдеттегідей жағалауға
келді. Өзіне етене таныс теплоход
трапқа бауырын сүйкеп, оны күтіп тұр
екен. Бұл жолы "Мичман Панин" күтіп алды.

-        Евгений
Степанович қайда?- деді Жамал траптан палубаға түсе берісте сүйемелдемек боп
қолын созған "Панинге"
екі-үш саусағын ғана ұстатып.

-        Ол кісі
көп-көп кешірім өтінді. Бүгін аздап сырқаттанып
қалған секілді.

-        Секілде ме,
әлде сырқаттанып жатыр ма?

-        Таңертең өзі
солай деген,- деді "Панин" аздап бөгелектеп.
"Ауырып тұрған сияқтымын, денемде қызу бар",-
деді. Бірақ сіз қам жемеңіз, сізді серуендетіп қайту біздің де қолымыздан келеді.

-        Бүгін жүк
тасымайсыңдар ма?

-        Жоқ. Түстен
кейін ұсақ-түйек ремонтқа тұрамыз."Әбден мезі қылған екенмін ғой,- деді Жамал өзінен-өзі қатты қысылып.-
Менікі не осы, сонша жабыстым кеп. Бұлар
не, менің екі туып, бір қалғандарым ба? Осы кезге шейін мұны неге ұқпай келгенмін?"

Жамал не істерін білмей, палубада біраз қимылсыз тұрды да "Панинге":

-        Бір жағынан
Назаровтың келмегені де дұрыс бопты,- деді ол баяғы көңілді кейпін сақтауға тырысып.-Мені де
қыдыруға ешқандай зауқым соқпай келе жатыр еді.-
Ол сағатына қарап қойды.- Бір сағаттан соң Алматыдан келінім телефон соғуы
керек... Сөйлесетін сөз бар еді. Мен
қайтайын.

-        Жамал... Сағатовна,-
деді "Панин" оның әкесінің атына келгенде сәл сәтке мүдіріп.- Мұныңыз
қалай? Назаров ренжиді ғой.

-        Ренжімес.
Түсіндіріп айтарсыз.- Жамал жайлап басып
траппен төмен түсе бастады. Ол "Паниннің" қуақы да зәлімдікке толы көздері өзіне қадалып тұрғанын сезіп, жауырыны шымырлап кетті. Сонан соң аяғын тез-тез басып, теплоходтан ұзай берді.

"Панин" оны тоқтатқан жоқ.

Сырт қарағанда
мұның бәрі кішкентай оқиға боп көрінгенмен
бәрібір ол Жамалды жасытып кеткендей болды. Өз ойымен өзі арпалысып, өзін-өзі ұрысып,
таныстарының соңғы күндері салқын қабақтарын өзінің тым еркінсіп кеткендігінен көріп, сол ойдан өзін қоярға жер таппай
ыңғайсызданып, корпусқа қалай жеткенін байқамай қалды.

  Ол вахтаға бұрылып, бөлмесінің кілтін алғалы үйреншікті "137" деген жазуға қол соза бергенде, кілттің орнында емес екенін көрді. Вахтада ешкім
жоқ. Оң жақтағы қараңғы түкпірде
"тетя Дуся" ғана еден жуып жүр
екен.

-        Тетя Дуся,
менің бөлмемнің кілті сізде емес пе?-деп сұрады бөлмені реттеп болған соң кілтті орнына ілуді ұмытып кетті ме деп ойлап.

Дуся апай оған жайлап жақындады да:

-        Оның кілтін
комендант алған,- деді.

-        Неге?

-        Неге екенін
олар маған айта ма?

-        Қызық екен,-
деп Жамал иығын қозғады.- "Комендантқа кілттің не қажеті бар?"- Ол
түкке түсінбеген халде екінші
қабаттағы өз бөлмесіне келді.
Бөлме кілттеулі екен. Ол не істерін
білмей, әрі-сәрі боп тұрғанда қасына
екінші қабаттың кезекшісі жақындады.

-        Жамал
Сағатовна,- деді ол баяу үнмен.- Сіз...Коменданттың бөлмесіне кіріп шығасыз ба?
Ол сізді күтіп отыр еді.

Жамал аяғының
астындағы еден ойылып кетердей жайлап
басып, демі жиілеп, коменданттың есігін ашты.

-        Рұқсат па екен?

-        О-о, келіңіз
төрлетіңіз,- деді толық келген, алдыңғы тістерін түгел алтындаған әйел оған
қарсы жүріп.-Көңіл күйіңіз,
денсаулығыңыз жақсы ма?

-        Рақмет. Бәрі
ойдағыдай.

Комендант ұзаққа созылған керексіз әңгімеден соң мәселенің түйініне көшті.

-        Жамал
Сағатовна,- деді ол жалынғандай көмескі үнмен.-
Сіз айыпқа бұйырмассыз. Сәл
бір келеңсіздеу жағдай болып тұр.
Ім... Қалай десем екен... Бізге, Моск-

вадан тексеру келгелі жатыр. Орын мәселесі ғой баяғы.

  -Сіздің бөлмеңіз - бұрынғы ординатор
бөлмесі. Комиссия сезіп қалса, жақсы тиетін түрі жоқ. Бәрімізге де.- Ол бір қолымен шеңбер жасап, бүкіл
санаторийді қамтығандай

болды.

-        Әрине, әрине,-
деді Жамал басын изеп.

-        Сөйтіп... сізді үш кісілік бөлмеге көшірсек деп едік... Оған... қалай қарайсыз?

Жамалдың өн
бойы мұздап кетті. Көз алды бір сәтке буалдыр
тартып, бөлме ішіндегі кислородты әлдекім сорып әкеткендей тынысы тарылды.

-        Ә... ә...
Мейлі. Мейілдеріңіз,- деді ол өң мен түстің
арасында дірілдей сөйлеп.- Қалауларыңыз білсін...

-        Тексеру келе
жатыр, амал бар ма... Федорчук те қинала-қинала
кеткен.

-        Ол кісі қайда?

-        Облыс
орталығына кетті. Симферопольде жиналыс бар
екен. Төрт-бес күннен соң келеді. Комиссия табан астында келіп қала ма деп ренжімеңіз... Қызмет қой...

-        Әрине,
әрине... Қызметтің аты қызмет...- Жамал ойланбастан
оның ығына жығылып сөйлей
берді. Соңғы сөз жүрегіне жуалдыздай
болып қадалса да, шыдап бағуға

тырысты.

   Екеуі ұзақ үнсіз отырып қалды. Ішкі
дүниесінде сәт сайын ұлғайып, кенересін барған, сайын кеміріп бара жатқан намыс пен ыза отының әсерінен жылап
жіберуден қорыққан Жамал аздан соң
өзін-өзі әрең жеңіп:

-        Тым асығыс болған екен,- деді күбірлеп.-
Тым болмаса... бүгін түнеп шығайын. Үш кісілік орынға...таңертеңнен
бастап ауысармын...

Комендант әйел сәл ғана ойланып алған соң:

-        Жарайды.
Солай-ақ болсын,- деді үлкен тәуекелге барғандай қолын сілтеп.

Жамал түскі тамаққа да, кешкі тамаққа да бармады.Ол сыртқа
шықса дүйім жұртқа күлкі болатындай бөлмесінен
шықпай жатып алды. Өзін-өзі қор санап, егіліп жылады.

Кешке Алматымен сөйлесті. Трубканы тағы да келіні алды.

-        Әмина,- деді
ол келінінің жылап тұрғанын естіп,шошына айғайлап.- Әмина, саған не болды? Құдай біледі, сендерде бір жамандық бар? Айт
қазір. Ербол үйде ме, тағы кешігіп келді ме?

-        Мама... мам...
ол үйде... Ол... өткен жолы да үйде болатын...

-        Не дейді? Енді
неге жылап тұрсың? Саған жылауға болмайды
дегенім қайда?.. Папаларың командировкадан келді
ме?

-        Жоқ... імм,
келді... Мам... ол ешқайда кеткен жоқ.Ол осында...

-        Құдай-ау, сен
не деп тұрсың? Есің дұрыс па? Айтсаңшы, не болды сендерге?

-        Мама... мама..
Папам қызметтен босады... Басқа жұмысқа
ауысуына байланысты...

Жамалдың қолынан трубка түсіп кетті.

-        Міне, гәп
қайда?!

  Заттарын шала-шарпы жинап, қол
сандығына салды да, ел
жатар-жатпастан автовокзалға тартты.

Таңға жуық
ол Алматыға ұшты.

Төменде көк жасыл кипаристерге көмілген шағын қала, бірнеше жылдың ішінде "өз
туыстарындай жақын боп кеткен"
сол қаланың адамдары, замана шежірелерін үнсіз
ғана қойнына тығып, ғасырлардан ғасырларға
сапар шеккен, тіршілік деген құбылыстың ұсақ-түйегіне селт етпейтін асқақ та маңғаз Ай-Петри қалып бара жатты.Қайтып
келер-келмесі белгісіз мұнда еткен өз ғұмырының бір белігі де
Ай-Петри аңыздай ежелгі ертегі сияқты сәт сайын
алыстап барады.

  Шыр етіп туылғаннан ең соңғы ақтық демнің арасы өмір деп аталатын болса, сол өмір жолында
адамдар тіршілігінің көп белігі өзін-өзі алдарқатумен, есі
кірмеген сәбидей алданумен өтетін де
Жамал жер үстінде емес,жерден алыста, шырқау биікте белгісіз нүкте боп бара жатып алғаш рет ойланды.

  Бәлкім, тіршілік деген де аңыз шығар?
Әлде, расымен ақиқат шындық па?

-        Ай-Петри
ақиқаты...