ВЕРНУТЬСЯ

   -        Сонда, оның ескі жұртты сағынғаны ма?

-        Солай болғаны ғой.

-        Апырмай, итте
де ондай қасиет болады екен-ау.

-        Болады...

 

                                       * * *

   Көктем шығуы-ақ мұң екен, Қабланның да
барлық мінезі, жүріс тұрысы, күнделікті әдеті, теңірекке көзқарасы, бәрі-бәрі
де өзгеріп сала берді. Оның біздін есіктің алдына келгеніне міне төрт ай болды.
Осы төрт айдың ішінде Қаблан көз алдымызда жүрсе де бәрімізден ұрланып ержеткен
секілді. Осы көктем шығып, наурыз торғай келгенге дейін ол көзі шыныдай
жылт-жылт етіп, алдындағы адамға тек балалық қызығушылықпен, таңданушылықпен басын
қалт-қалт еткізіп қарап отыратын кіп-кішкене сүйкімді күшік еді. Алды адамнан
бастап, өмірдегі тірі мақұлықтың бәрін белгілі дәрежеде есейтетін, ой қосатын тіпті,
барлық мінезінің күрт өзгеруіне тікелей әсер ететін үлкенді-кішілі кездесетін
сол өмірдің уақиғалары ғой.

  Қабланның да мінезіне күрт өзгеріс енгізген
сондай бір уақиға болды.

  Қар кетіп, жер енді бусанған шақта, бір күні
әкем атадан келе жатқан салт бойынша Қабланның бүкіл жүріс-тұрысына, қимылына
ерекше, бір сүйкімділік сеуіп тұратын селтеңдеген құлағы мен шұбатылған әдемі құйрығын
табалдырыққа қойды да ұстарамен гырт-гырт еткізіп кесті де тастады. Қаблан қыңқ
деп дыбыс шығарған жоқ. Екі құлағын кесіп болып, әкем енді құйрығын ұстап
жатқанда,оның сүйкімді ойлы кездеріңде айрықша бір шыдамдылық пен сабырлылық
пайда болып, екі құлағынан сорғалаған қою күрең қанды елемегендей артына жай
бір бұрылып қарады да қоя салды. Қабланның шыдамдылығына бәріміз сүйсіндік, ал бұл
жөнінде естігендер илана қоймады,иланғандары болса, пярын ұстап таңқалысты.

   Осыдан бастап Қаблан табалдырықтан бері
аттап үйге кірмейтін болды. Әйтсе де, өз иесінің өзіне мүлде түсініксіз жат
қылық көрсеткені оны бірнеше күн бойы таңдандырып жүрді, бірақ
ренжіткен жоқ, оның бәрімізге деген, тіпті жұмбақ қаталдық керсеткен әкеме
деген бейкүнә сезімі мен сүйіспеншілігі ешқандай өзгеріссіз сол күйінде қалды.

  Бірақ, оның кейбір тентек қылықтары
бірте-бірте суалып,қозы-лақпен, домаланған резеңке доппен, жел қуған қағазбен
ойнауы да тиылды.

  Алғашкы кезде ол мысықққа барынша қызығатын.Үйдегі
сары мысықты көре қалса, алдыңғы екі аяғын өнер көрсетіп жүрген цирк аты секілді
ойқастата басып,қорбаң-қорбаң жетіп баратын. Егер осы кезде Қабланның барлық
қимылы мен пішініне қадағалай қарасаңыз, оның жүзінен мысыққа деген қызығушылықты,
оны әлдеқалай бала көрген сезіммен ерекше бір күлкіні көруге болар еді.

   Иә, Қаблан күле білетін. Егер мен үйде
екі-үш күн болмай, кенет оралсам алдымнан арсалақтап шығып келе жатқан оның жанарынан
қуанышты күлкіні анық көретін едім.

  Кейде ол екі құлағын салбыратып ойға шомады.
Сол сәтте "Қабланым" дей қалсан елең етіп өзіңе күле қарайтын. Ал қазір
көп нәрсеге қызықпайтын секілді.Алдыңғы екі аяғына иегін қойып, төңірекке
жайбарақат қарап жатады. Егер алдынан домалап доп өтсе, я болмаса секеңдеп лақ
шықса, я болмаса мысық жүгірсе ойлы кездерін сол жаққа бір төңкеріп тастайды да
қайтадан "ойға шомады". Оның осы көзқарасынан "көрмей жүрген доп дейсің бе,
босқа шаршатудан басқа тигізер пайдасы жоқ", "сен лақ та секеңдеуден
жалықпайды екенсің", "осы мысықта ес жоқ-ау деймін, қарап жүріп маған
неге қарс жарылады да
жүреді?" деген сөзімдерді оқуға болар еді.

   Қабланның жақсы ит боларын біз көзін ашқан
соң-ақ білгенбіз. Әкемнің ет құдасы біздің кәрі төбетіміз былтырғы жылы боранда
қасқырға жем болған соң қолындағы асыл тұқымды қаншығы жақсы күшік туса, жекжат
пен жекжаттың ит пен мысық, пышақ пен тауық алмаспайтын қазақтың қараңғы ырымын
біле тұрса да дәл осы жолы оны аттап өтіп, ең жақсы арлан болады-ау деген
күшігін әкеп бермек болған. Итсіз қойшы - балғасыз етікшімен тең. Итсіз қой
бағу, әсіресе, қасқыры жиі кездесетін Қаратау өңірінде мүмкін емес. Бір күні
әкемнің құдасы қаншығының туғаны туралы қуанышты хабарды айтып келді. Екі күшік
қана туыпты. Бірі қаншық, бірі төбет."Паһ-паһ жарықтық-ай! Екі күшік қана
туғанын қараңызшы, әй өзі сирек кездесетін тұқым екен жарықтық!" деп әкем
сол күні тамсанумен болған. Сауранбай (әкемнің құдасы) ол қаншалықты осыдан
жеті-сегіз жыл бұрын темір жол жағасынан аштан бұралып, бауырын енді көтеріп
келе жатқан кішкене күшік кезінде тауып алса керек. Үйге әкеліп ет, сүт беріп
біраз күн асыраған соң ол кәдімгідей ит болады.
Содан бері сол үйде қалған. Өзге қаншықтар секілді үш ай сайын 7-8 ден шұбырта
бермей,жылына бір-ақ рет, екеу, біреу, ары кетсе үшеу ғана туады.

  Бауырын көтеріп, ана сүтіне жарып болды-ау
деген шақта мен барып күшікті үйге әкелдім. Әкем малдан келген соң жас күшікті
ары-бері айналдырып ұзақ қарады.Ол кісі жаңа туған мал болсын, мысық болсын,
тіпті, жас бала болсын көсеудей қолын көстеңдетіп уқалай беруді қашаннан
қаламайды. Қолдың уы жайылып, өсірмей тастайды деп қорқады. Дегенмен алғашқы
сынақ ретінде ол кісі күшіктің желкесінен ұстап аспанда ұзақ көтеріп тұрады.
Міне, қазір, қазір қыңсылайтын шығар деп мен тағатсыздана күтіп тұрдым. Бірак
ол қыңқ етпеді. Қап-қара мөлдір кездерін ашып-жұмып, ештеңе сезбегендей әкемнің
қолында үнсіз тұра берді. Сонан соң әкем оның құлағынан кезек көтерді. Сонда да
қиналған үн шығармады. "Болғалы тұр екен. Арлан ит болады!- деп әкем сүйсіне
орнынан көтерілді.- Атын не қойсақ екен?Тұмсығын, қарашы, қаблан тұмсық емес
пе, Қаблан қойсақ қайтеді?"

-        Қаблан?!

-        Иә, Қаблан. Қабландай қайратты, қабландай
айбатты болсын.

 Осы кезде күшік әкеме жалт қарады да, әкемнің
шексілесі қатып күле жөнелді.

-        Міне, міне, біздің Қаблан дегенімізді
есітіп жалт қараған жоқ па? Осы бойы Қаблан бола қойсын; бұл ат өзіне де ұнап тұр
екен.

  Содан бері оның аты Қаблан болып кетті.Қаблан
қыс бойы үй ішіміздің бір мүшесі сияқты бізбен бірге тұрады. Ол үйге аттап
кірген сәттен бастап сары мысықтың ерісі тарылып, бейілі қашты. Асыр салған ойыны,
пеш түбіндегі қаннен-қаперсіз ұйқысы, ішкен асы,сүрген тіршілігі, бәрі-бәрі де
мағнасыз күйкіге айналып,қыс бойы бір жадырамай-ақ қойды. Қабланды көрген бете белін
бүкірейтіп ұрысып кеп береді. Мысық бір тұтам бойына тығылған
асқар таудай ыза-кекпен ұмытылады, ал күшік, өзіне біткен табиғи еркіндікпен
мысықтың қыжырын одан бетер қоздыра түсіп ашусыз, зілсіз ұмытылады. Мысықтың мұндай
арбасқан ішқұса өмірі Қабланның құлағы кесілгенде ғана жадырап, үй ішінде еркіндеу
жүретін болды.

  Көктем өтіп жаз келгенде Қаблан кәдімгідей төбет
боп қалды. "Әуп-әуп" деген даусы да қомақтанып, жанарына айрықша бір
жалт-жұлт еткен от үйіріле бастады. Енді ол бізбен бірге өріске шығып, қой
бақты, кең даланың жайқалған ойы мен қырында балалық шағына ауық-ауық бой ұрып,
кей сәтте көбелек қуды.

  Ол кітап оқып отырған менің жанымда бір аяғын
аяғыма салып қойып үнсіз жататын. Осылай жата беру оны жалықтырады. Сол кезде
ол екі танауын гу еткізіп,терең бір дем алады да, аяғыма асып қойған бейнебір әлдене
айтқысы келгендей қозғап-қозғап қояды. Мен оған іштей сүйсініп, төмен қарап
күлімсіреп отырамын. Ол тағы қозғайды. Сонан соң "не Қабланым" деймін
оған сүйсіне қарап. Оның маған қадалған отты кездері осы сәтте тентектік
жасағандығы үшін ұялған жас баланың жанарындай тайқып кетеді. Ал кейде маған ұзақ
қарап тұрады. "Жалықтың ба, ішің пысты ғой сенің-ә?"- деймін басымды изеп. Ол басын
төмен салбыратады, не төңірегіндегі жайылып жүрген қойларға, не алыстағы мұнартқан
Қаратауға қарайды. Ол мені орынсыз, себепсіз мазалағандығы үшін қысылатын секілді.
Қабланның осындай айрықша ерекшелігін мен әкеме талай таңданып айтып келдім.
Менің айтқаныма илана қоймаған әкем бес-алты күннен кейін өзі де осыңдай
уақиғаның қуәсі болып, таңданғаннан сөйлеуге сөз таба алмай келді. Ал апам
иттің мұндай қасиетін көпке дейін бір жамандыққа жорып, "астапыралла"
деп үрейленумен болды.

  Бір күні Қаблан екеуміз қойға шығып, мен
кітап оқып отырдым. Ол жалықты. Менің бәтеңкемнің тұмсығын өткір тісімен жайлап
кеміре бастады. Мен аяғымды алып қашып әрі-бері
қозғалтып қойдым. Бәтеңкемді тез қозғаған сайын Қаблан да қимылын тездетіп, екі
қолымен мысық секілді шап-шап ұстап алады да, тісінің батып кететінін біліп ақырын
ғана тістелейді. Мен аяғымды тоқтата қойдым.Қаблан қозғауымды күтіп үнсіз
жатыр. Оның тілегін жуық арада орындай қоймадым. Сол сәтте ол қолын жай ғана көтеріп,
бәтеңкемнің ұшын табанымен түртіп қойды. Мен жалт қарадым. Сол кезде оның
жанарынан: "қозғасаңшы" деген жазуды анық оқыдым.

  Мен кітап оқуымды жалғастырып, аяғымды
ары-бері тербетіп отыра бердім. Бұл ойын да оны жалықтырды.Аузын ашып есінеді
де, иегін екі қолына салып, үнсіз қалды. Қанша уақыт еткенін білмеймін, әлден
соң Қаблан орнынан тұрды да, менің дәл жаныма кеп қабаттасып жатты. Одан жаңа
қимыл, жаңа қасиет күтіп мен де ешнәрсе сезбеген боп отыра бердім. Бір кезде
Қаблан қолын тіземе салды. Үндемедім. Екінші қолын қойды, сонда да аңғармаған
болдым. Сонан соң ол менің осыншалықты енжарлығыма ызаланғандай екі қолын кітап
бетіне салып, артынша оны басымен жапты да: "ал, енді қайтесің?" дегеңдей бетіме тура қарады. Оның көзінде күлкі жоқ еді. Мен кітапты былай ысырып
қойып,Қабланды құшақтай
алдым. "Қабланым, Қабланым,ақылдым
менің" дедім оны қыса түсіп. Сонан кейін ол көңілденді. Білегімнен жұп-жұмсақ қана тістелеп, менімен алысып ойнады.Оның жанары күлкіге тола еді.

  Екеуміз кәдімгідей-ақ ойнадық. Ол менің сабан
шляпамды алып қашып анадайға апарып тастап қайтып келеді. Әлден соң шауып барып
қайта әкеледі; енді бірде сол шляпамның қасына шоқшиып отыра кетеді де, менің келуімді
күтеді. Оның "көңілін қалдырмайыншы" деп солай қарай жүгіре
жөнелемін. Ол алыса кетеді. Өстіп жүргенде оның тырнағы байқаусыз білегімді
жырып кетті.Мен отыра қалып құлқайыр жапырағымен шып-шып шыққан қанды
сүрттім. Қаблан қасыма жетіп келіп шоқиып отырды да үнсіз қалды. Дөрекілік,
білместік жасап қойғандығын сезетін секілді. Мен қалтамдағы орамалдан жыртып
алып, қан шыққан жерді таңдым да, Қабланға қарап: "Міне, сенімен ойнасаң
осы. Сен аңғалсың, тентексің сен!" дедім үніме ашу қосып. Осы кінәсін
мойнына алғандай көңілсіз жанарын маған бір аударды да алыстағы буалдыр сағымға
сүлесоқ қарап отыра берді. Білегімнен тамшылап аққан қан мен даусымның қатты
шығуынан ол өрескел қателік жасап қойғанын анық сезген секілді.

   Осы сәтте Қабланның дәл алдына үлкен бір көбелек
кеп қонып, ебедейсіз қанаттарын ашып-жайып отыра берді. Көбелек ұстау - балаң
Қабланның сүйікті ойыны.Бірақ бұл жолы ол көбелекке қызыға қойған жоқ, тек көз
қиығын тастады да қойды. Көбелек ұшатын емес,қайта сәлден соң көлбең етіп көтеріліп,
Қабланның дәл алдыңғы аяғына қонды. Қаблан оған сәл қарап отырды да, арс етіп
екінші аяғымен салып қалып, онсыз да езіліп қалған байғұсты өткір тісімен
шайнап тастады.Оның қатты ашуланып отырғанын сонда ғана байқадым.

 

                                            * *
*

   Оншақты күн өткен соң Қабланмен уақытша
ажырасуға тура келді. Он бір жылдан бері қой бағып келе жатқан, ит асырауда
тәуір-ақ тәжірибесі бар әкем:"Қанша ақылды болғанмен ересек, өткір азу төбеттермен
бірге жортпай жас күшіктің беті ашылмайды" деп Қабланды Беріш деген таныс
қойшысының үйіне апарып тастады. Ол қойшының екі алғыр төбеті болатын. Жыл сайын
екеуі де қасқыр алады. Әкем Қабланды да сол төбеттердей болсын деп ойлаған еді.

   Шынында, мен Қабланға үйреніп-ақ қалыппын.
Қой соңында жүргенде әлдекімнің орнын олқысынғандай,әлдекімді әні-міні келіп
қалар дегендей алаң боп жүретін болдым. Итпен
бірге, әсіресе, Қаблан сияқты итпен бірге қой бағу ешкімді де жалықтырмас
еді.Қаблан өзіміздің жайлауға жаз ішінде қайта оралды.Итті сағыну деген, алла
сақтасын, біздің үйдің қанына сіңбеген нәрсе. Бірақ, бұл жолы барып алып келгенде, далаға үй
ішімізбен үдере шығып қарсы алдық. Оны әкем барып алып келгенде, далаға үй
ішімізбен үдере шығып қарсы алдық. Қаблан нағыз төбет боп қалыпты. Біз алғашында
оны танымай, танысақ та тез арада табыса алмай, суысыңқырап қалған көңілді тез
жылытуға тырысып, Қабланның нағыз арлан боп оралғанын айтысып,өзара күбір-күбір
едәуір тұрдық. Қаблан болса, адам танығысыз өзгерген. Осы екі айдың ішінде
желкесі күдірейіп,бұрынғы ұяң жүні қайрат пен ашуға толып қылшықтана түскен. Дөңгелек
кездері бұрыштанып, көз қарашығы жалынға айналыпты. Кеудесі аяққаптанып, аузы
жайынның аузындай жайылып жатыр. Қаблан бойындағы барлық балалығын бізден жеті
шақырым жердегі жайлауда қалдырып кеткен секілді. Алайда, мен үшін бұрынғы Қаблан, балаң
Қаблан қымбат еді. Дегенмен амал жоқ,өзгеру, есею - өмірдің басты заңы. Жас
сәбидің балғын шағы қызық-ақ. Есейген соңғы қызығы одан да көп. Сәби өзінің жүз
жылдық ерекшелігі мен басты-басты қасиеттерін осы бесікте жатқан шағында алады,
бәлкім,Қаблан да өзінің айрықша мінездерін қайратты бойының бір түкпірінде
жасырын сақтап қалған шығар.

- Досым, мына итің ит емес, арыстан бөлады. Екі айдың ішінде менің екі төбетім де бата алмайтын боп шықты ғой. Қасқырға қалай шабатынын көре алмадым әттең, қазір жайлауда қасқыр жоқ, қыста
болады. Сондықтан, қасқырға
осы бастан өшіктіріп, үйіңде терісі болса
сабан тық та, Қабланға ауық-ауық талатып қой.

   Иісін сезе берсін,- деді әкемнің танысы
екі-үш күннен соң үйге бір соққанында. Ал тамақ ішіліп, дастарқан жиылар шақта
ол әкеме: "Қабланды қаладым, не сұрасаң да берейін. Ат керек пе, атан
керек пе, тартынбайын.Басына бас демей-ақ екі төбетімді қоса ұсындым. Менің бір
тілегімді далаға тастамай қабыл алғайсың" дегенді айтты. Оның Қаблан
туралы күні бойғы тоқсан ауыз сөзінің тоқ етері осыған кеп тірелерін әкем де, мен
де сезіп отыр едік. Сондықтан оның бұл қалауын күтпеген жаңалыққа балап
ешқайсымыз селт ете түскен жоқпыз.

  Мен көзімнің астымен әкеме қарадым. Ол кісі
өзінің қызылшырайлы жүзіне онан сайын көрік беріп тұратын шиыршық атқан
қап-қара мұртын анда-санда ғана бір ширатып қойып, төмен түскен көзін жоғары
көтере алмай үнсіз отыр екен. Бұл үнсіздік көпке созылды. Әлден соң барып ол:

-"Шын
досыңның қимасын сұрама" деген емес пе Беріш. Өзге нәрсемнің қайсысына
қолқа салсаң да қой демес ем. Мына қалауың қиын тиіп отыр. "Достың көңілі бір
атым насыбайдан қалады" дейді, бірақ, бір қалауымды жерге тастады деп сен
де өкпелеме. Құдай о баста итті де адамның ырыс-құтымен бірге жаратқан деседі.
Демек,оның да несібесі иесімен бірге, осы үйдің бір мүшесі сияқты ғой. Бере алмаймын,
оған ренжіме.

   Әкемнің осылай жауап беруін тағатсыздана
күтіп отырған мен іштей қатты қуандым.

Беріш ренжіп
кетті. "Дос көңілі мың теңгелік болса керек еді, он теңгелік итіңді
қимадың. Ат басындай алтыны мен атан түйесін қажет болса сұраусыз-ақ алып жүре беретін
тегіміз қазақ емес пе едік. Ақ көңіліме ашыған айран тамызғандай ірітіп,
болмашы нәрсе үшін тауымды жықтың-ау. Қош бол!"-деді де есікті тарс жауып
шығып жүре берді. Әкемнің өзінше ақталмақ боп, әңгіме байлықта, сараңдықта тұрмағанын,
"қажет болса қазықтағы жорға мен, қамбадағы
азықты алып жүре бер, пәлен десем нәлеті айт"- деген сөзін ол естіген де
жоқ. Бәріміз үнсіз қалдық. Әлден соң әкем ақырын ғана: "қайтеміз, ренжісе ренжір. Берсең
дос та, бермесең басың бос екен ғой. Жақсы ит оған қымбат болғанда маған неге қымбат емес,- деді есік жақтан
көз алмай.- Ит деген аты болмаса иттің де иті бар, әйтпесе, атан түйесін атына
қосақтап, оның үстіне екі бірдей төбетімді ал деп Беріш қабының аузын босқа қайырып
отыр дейсің бе? Сенің атың тұра тұрсын, менің атым жүре тұрсынның кері де бұл.
Болмашыға теріс айналуын қашан қояр екен, сірә!

  Әкемнің соңғы сөзінде үлкен мән жатыр.
Берішпен ол кісі қой баққан онбір жылдан бері етене таныс, дос.Бір-бірімізбен
араласып та тұрамыз. Қыс қыстауы, жаз жайлауына көшкенде де екі үй алысқа ұзай
бермей арамызға бес-алты шақырым ғана жер тастап көрші қоныс тебеміз.

  Берішке тән бір қасиет - көрсеқызарлығында.
Әкеме де оның осы мінезі ұнамайды. Біреудің жақсы малы, әсем мүлкі, ыдыс-аяғына
дейін қызыға қарайды. Сонан соң достық қарым-қатынасын көлденең тартып
"қаладым" деп қиыла өтінеді. Бірде алады, бірде көңілі қалады. Алса
-берген адамнан жақсы жоқ, көңлі қалса - қызығуы қызғанышқа айналады. Былтыр
қыста ол әкемнің Арқа жақтан бір сиырдың құнына сатып әкелген ер-тұрманын көре
салып қалау сала келген. Әкем бермеді. Жалпы, исі қазақ ат иесінің көзі тірі тұрған
көзінде ер-тұрманын сұрамайды, ол жаман ырым. Ер-тұрман әке өлсе балаға, аға өлсе ініге мұра
боп қалады, мұрагер жоқ болса,марқұмның үзеңгі досы мен көңілі жақын адамына
аманат ретінде тапсырылады. Сондықтан әкем тіксініп, үзілді-кесілді бас
тартқан. Беріш тойған масадай торсиып кеткен.

   Сол бойы үйге де келмей әкеммен жарты жыл
бойы араз боп жүрді. Ақырында әкем оған күміс сапты қамшысын беріп, үйге
шақырып, ескі кірбіңнің ізін жуып-шайған болды. Ақ көңілмен ұсынылған қамшы түрткі
болды ма,әлде, ол оқиғаның әлдеқашан ескіргені себеп болды ма,әкем шақырғанда,
ол да маңғазсымай әйелі, үлкен қызы үшеуі кештетіп жетіп келді.Бұл жолы
Беріштің көңілі қатты қалып, әкеммен арадағы ала арқанын біржолата үзіп кеткен
секілді.

 

                                                        
* * *

   Қаблан үйге оралған соң көп уақытқа дейін
көңілсіз жүрді. Қанша еркелетіп маңдайынан сипасаң да өзіңе самарқау көзбен бір
қарап, "қойшы, мазамды алмашы"дегендей басын басқа жаққа бұрып
әкететінді шығарды.Соған қарап, біз оны екі ай бойы бауыр басып үйренген жеріне
кетіп қалар ма екен деп қорқып жүрдік. Және "көзі ашылсын" деп жас
Қабланды жат жерге жіберіп,туған есікке суытыңқырап алғаны үшін әкем де
мейлінші опынумен болды.
Қаблан кей түні үшті-күйді жоқ боп кетеді. Сол кезде бәріміз сыртқа үнсіз құлақ
тұрумен боламыз. Бұрын, итсіз өткізген екі-үш айда ештеңеге көңіл бөлмей
базардағыдай абыр-сабыр боп жатушы едік,қазір, Қаблан азғана уақытқа жоқ болса
елегізитінді шығардық. Апам шелектің бауы сарт ете қалса да селт етіп, әкем "о не?!" дейтін
болды. Өстіп отырған бір шақта Қабланның
құлаққа таныс қомақты, сонысымен сүйкімді,"әуп-әуп" деген даусы
естіліп қалады. Біз алыс жолдан сағынып
күткен адамымыз оралғандай қуанып, жадырап сала
береміз. Салыныңқы қабаққа күлкі ойнап шыға келеді. "Көке, Қаблан келді!-
деймін жатып қалған жерімнен атып тұрып.-
Әне үріп жатыр". Осыны айта салып
сыртқа жүгіремін. Есік ашылғанын көріп Қаблан да маған қарай асықпай аяңдайды. Қараңғы түнде оның болмысы ит емес, кенже туған
тайыншаға көбірек ұқсар еді.

   "Қаблан, күшім, күшім" деп
еркелетіп, оның қылшық жүнді мойнынан сипалаймын. Осы кезде әкем де шығып ол да
сипалайды.

  Қабланның томаға-тұйық мінезі көпке созылмады.
Бес-алты күннен соң байырғы иелерімен қайта табысып, балалық шағын байқатпай
сыпырып алып қалған жайлауын да, ондағы уақытша
иесі мен таныс иттерін де ұмыта берді. Бұл - бізді қуанта түсті.

  Алайда, Қабланның бойынан шектен тыс
салмақтылық,көңілсіздік кетпей қойды. Оның үстіне, соңғы уақытта ол жаңа бір
қасиет ашқан сияқты. Кейде күн ұзақ менімен бірге қой соңында үнсіз жүреді де
кенет әлдеқайда жүгіре жөнеледі. "Қаблан, Қаблан" деп үрейлене шақырғанымды
естімейді де.

  Қабланның дәл осылай оқыс жүгіріп кеткен бір
сәтінде артынан мен де жеттім... Қаблан өзімен-өзі алысып,құлқайыр арасында
аунап жатыр екен. Көз алдымдағы көріністің немен аяқталарын күтіп, мен сол
орнымда таңданып ұзақ тұрдым. Ол кейде шалқасынан түсіп қимылсыз жатады
да, кенет атып тұрып көкке атылады,артынша ұмар-жұмар боп бүрісіп, серіппелі
сымдай арс етіп тағы шапшиды. Маңайындағы құлқайырлар борт-борт сынып жапырылып
жатыр. Бір кезде ол бір түп қураған кеуректің түбінен әлденені тістеп алып, жұлқып-жұлқып
лақтырып жібереді, ол сарт етіп дәл менің алдыма кеп түсті. 

   Борсық! Ескі шүберектей борша-боршасы шыққан
борсық! Қаблан ашуға сыймай арылдап кеп әлгі өлі денені аяғымен басып тұрды да
тісімен жұлқа тартып қалды. Ол екі бөлініп
түсті. Қайратты төбеттің айызы әлі де қанбаған секілді, тез бөліне салған өлі
борсыққа қанағаттанбай екі шатынап отыра кетті. Мен оны өзіме қаратуға қорқып,
неістерімді білмей
селтиіп тұра бердім. Қаблан байқайтын емес, ашу мен айбат буып татстаса керек. Осы кезде "Қаблан"
деп жай ғана дауыстап қалдым. Ол жалт қарады.
Көзіндегі от шашқан қайраты мен айбаты сол сәтте-ақ
бәсеңсіп, әлденеден қысылғандай маған жасқана қарады. Шындығында ол мені бас салып әлгі борсықтай борша-борша, етіп тастар ма екен деп қатты
үрейленіп тұр едім. "Күшім,
күшім" дедім оны еркелетіп. Даусым қалтырай
шықты. Қаблан жапан далада жалғыз өзінің жасаған
мұндай қылығынан қысылып, маған қарай жаймен жақындады.

  Мен оны ертіп қой соңынан кеттім.
Жол-жөнекей оның қайраты бойына
сыймай тасып бара жатқандығы жайлы ойлаумен
болдым. Осы ойымды әкеме айтқанымда, ол кісі де менің пікірімді қостады.

   Бір күні әкем үйдегі қасқыр терісінің ішіне
шүберек тығып, айнымаған тірі қасқыр етті де, үй сыртындағы қыр астына апарып тұрғызып
қойды. Сонан соң екеуміз Қабланды ертіп келдік. Еңістен түсе бере әкем:
"Қаблан,айт-айт" деп қалды. Төбет әкем нұсқаған жаққа жалт қарап,
"қасқырды" көрген бетте күдірейіп тұра қалды.Көзді ашып-жұмғанша
болған жоқ. Қаблан оқтай атылып "қасқырға" жетіп барды да, арс етіп
желке тұсынан ала түсті. Біз
жеткенде ол қасқыр терісін қырық парша етіп,шүберектерді шашып тастапты.
Қабланның көзі қанталап,ашуы асқынып тұр екен. Қарсыласының тез жеңіліп қалғанына
ызаланғандай қынжыла бір қыңсылап алып,шашылған тері бөлшектерін одан бетер жұлқылай
түсті.

  "Қаблан, Қаблан болды, болды енді"
дедім мен дауыстап.Ол біз жақка бір қарады да, әлгі әрекетіне өршіге-өршелене
кірісті.Біз оны әрең дегенде ажыратып алдық. Ол әлгі орыннан кетпей қойды.
Әкем шашылған тері мен шүберектерді қапқа салып алған соң Қаблан артына
қайта-қайта қарап сонымыздан ерді.

  Сол күні Қаблан түнемеге ұйқтамай үріп
шықты.Үнінде бұрынғы бейбіт қоңыр ырғақ жоқ, әлдекімге арналған ызалы, ашулы,
зілді кек бар еді.

 

                                               
* * *

   Бір күні Қаблан екеуміз қатты ренжісіп
қалдық. Қыс ортасы болатын. Үлкен боранның хабарын жеткізіп, аспанды қаптаған
сұрғылт бұлт майда қиыршық қар тастап тұрған. Мұндай кездерде әдетте күн
май_тоңғысыз_болады.Үстіндегі қыс киімің ауыр тартып, маңдайың жыпың бастайды. Көңілденіп,
асыр салып ойнағың-ақ келеді. Бірақ,бүгін көңіл-қошым жоқ. Бәріне себепші әкем.
Колхоз орталығында бүгін онбір жылдықты бірге бітірген достарымның біреуі
үйленеді. Тойына мені де шақырған. Шопан жаны қашан да сауық-сайранға құмар-ақ
емес пе? Жайлауда үй-іші адамдары мен шексіз даладан өзге ешнәрсе жоқ қой. Алғашқы
кезде бұл бірқалыпты жансыз өмір адамға жат көрінеді, сонан соң оған да
үйренеді. Енді саған елді жердегі шулы өмір жат бола бастайды. Даламен, қырмен,
құлқайырмен, кекшіл аспанмен тілдескің келеді де тұрады. Ал мен, бір жылдан
асып барады, әкем сияқты алаңсыз үйрене алмай-ақ келемін. Ойымнан орталық шықпайды.
Қолым бос болса, әлденені сылтауратып солай қарай тартып кеткім келеді де тұрады.
Міне, сондай себеп табылды. Тойға бармақ болдым. Қуанышым кеудеме сыймай сандықтағы
көк костюмімді алып "самауыр" өтекпен түні бойы өтектедім, қырым
етігімді жалтырата майлап, шашымды жудым. Сосын қолға былтыр ғана үйретілген
шолақ тайдың жалын тарап, ер-тұрманымды сайлап, қысқасы, нагыз жігіт қалпыма
келіп, таңға жуық қана көз ілуге жантайдым.
Күн шығып, аяз сынған соң жүріп кетпекпін.

  Бірақ... таң атқан соң тәтті ойымның бәрі
әдіре қалды.Орнымнан тұрып, апыл-құпыл киініп жатқанымда әкем кіріп
"бармайсың" деді. Сол, бармайсың деді. Сонда алып бара жатқан шаруа да жоқ. Болмашы ғана нәрсе. Насыбайы
таусылып қалыпты. Енді колхоздағы
тамыр насыбайшысына бармақ, ал мен, үш-төрт күн бойы кеудесіне нан пісіп, соңғы
таңымды ұйқысыз өткізген мен, қой бағып қала бермекпін. Жалындым, енді көктемге
дейін ешқайда бармай-ақ қояйын, насыбайды қанша керек болса мен алып келер едім
деп өтіндім. Болмады. Насыбайдың сапасын ажырата алмайсың деді. Сонан соң ләм
демедім.

   Үстімдегі киімімді шешіп лақтырып-лақтырып
жібердім де,тамақ та ішпестен қайта киініп, әлі ерте болса да қойды қорадан
дүркірете шығарып өріске айдап кеттім. Кеудемде ыза қайнап,қақпағы
жабық қазаңдай жарылғалы келемін.Ат та мінген жоқпын, қолыма түсе кеткен бір
жыңғыл таяқты алып қарды гүрт-гүрт кешіп қой соңынан келемін.

   Бір кезде иығыма әлдекім асыла кетті.
Жүрегім су етіп атыма қарағанымша болмай шалқамнан түстім.Құлап бара жатып алға
қарай жүгіріп бара жатқан Қабланды көрдім. Ол да ойнайтын кезді тапқан екен!
Қашан қуып жетіп жүр? Ашуым онан сайын қозды. Орнымнан көтерілемін дегенше ол
қайта келіп тағы домалатып түсірді. Басын шайқап, арсалаңдап еліріп-ақ жүр.
"Болды,болды енді, жоғал" дедім зекіп. Қаблан онымды тыңдар емес, есіріктеніп
алған шалдуар бала секілді енді тұрып келе жатқанымда қайта жығады.
Қойын-қойшыма қар тығылып, денем түршіге бастады. Қаблан алысқа барып,шоқиып отырды.
Тұрып келе жатсам қайта жүгірмек. Қой едәуір алыстап кетті, ЬІдырап кетуі
мүмкін. "Әй, Қаблан,жынданба енді,- дедім.- Отыр тыныш". Сөйттім де
жалаң қолыммен қар тіреп ақырын көтерілдім. Ол арсалақтап шауып келе жатыр.
"Жоғал, жоғал әрі!"

  Сөйткенше болған жоқ ол менің рәсуәмді
шығарып тағы домалатып кетті. Суыққа тоңып әбіржітіп, итке әбден ызам қозды.
Екінші бір жүгіріп келе жатқанда қолымдағы жыңғыл таяқты сілтеп қалдым. Соққы
Қабланның дәл құлақ шекесінен тиді. Ол шыдамдылығына басып қыңқ еткен жоқ,
бірақ, сол орнында отырып қалды. "Сол керек,сол керек саған. Жылайтын бала
әкесінің сақалымен ойнайды, отыр енді!".

  Үстімнің қарын қағып қой соңынан жүріп
кеттім.Қабланға бұрылып та қараған жоқпын. Ол қатты ренжіп қалды.

  Арада жарым сағаттай өткен соң ол қойдың
келесі жақ шетінде жүрді де алды, қасыма жақындауды ойламайтын сияқты. Өстіп
келе жатқанда қойдың топ құлқайыр жақтағы бөлігі дүр етіп бері лап
қойды."Қаблан, Қаблан, қой деймін, жындандың ба!" дедім айғайлап. Осы
сәтте құлқайыр шетінде деңкиіп-деңкиіп жатқан екі саулықты көрдім. Төбе шашым
тік тұрып,денем дірілдеп кетті. Ал маған қарай дүркіреп келе жаткан топ қойдың
ішінен жұлдыздай ағып жүрген екі қасқырды көріп қалдым. Енді не істемекпін?
Мылтық та жоқ, тіпті болмаса атты да міне шықпағанмын. Бір кезде "һ-ай-а"
деп қалдым. Даусым тарлан-тарлан, өзім де танымадым.

  Не істерімді білмей сабырым қашып тұрғанда
қасыма Қаблан жетіп келді. Ол да сезген екен. Әлгі ренішінен ештеңе де
қалмапты. Екі көзіне от пен қайрат, онымен бірге үрей үймелепті. Менің аяғыма
келіп бір-екі сүйкеңді,сонан соң әлдене демек болғандай жалынышты көзбен қарады
да, аузын ашып, қыңсылай ұлып қойды. Артынша сол жерге аунай кетіп, қарш-қарш құлқайыр
шайнады.Әлі мұндай уақиғаға тап болмаған балаң төбеттің жүрексініп, сөйтсе де
кеудесіндегі қайраты мен ашуы өн бойына тыншу бермей өзімен-өзі арпалысып
жатқанын сездім. Мұндай сәтте ит баласы иесінің демеуіне мұқтаж-ақ болады. Қарап тұрар
уакыт жоқ, не болса да әрекет ету керек!

  Қолыма жыңғыл таяқты қыса ұстадым да, алға
қарай қозғалдым. "Қаблан, Қаблан" дедім дірілдеп. Ол қасыма жүгіріп
келді. Өз дауысым өн бойымды дуылдатып ерекше бір батылдық сеуіп өткен секілді.
"Қаблан, һайт, һайт! Қорықпа-қорықпа, бол жүгір!" Алдымен өзім
жүгірдім.Мен жүгірген соң Қаблан қорқыныш дегенді ұмытып кетті.

Жолбарысша
атылып, шеткері сытыла берген екі қасқырға жетіп барды. Төбетті күтіп тісін
ақситып тұрған арланмен Қаблан жеткен бойда ұмар-жұмар айқаса кетті. Сары тонның етегіне
сүріне қабынып, ұзап кеткен олардың артынан ентіге басып мен келемін. "Құр
қол болса да адамның аты адам, одан жасқанбайтын хайуан жоқ",- деген әкемнің сөзі тап
осы арада ойыма орала кетіп,қасқырлардың дегбірін алу үшін айғайды салып
жүгірдім.

   Алғашқы қарқынмен едәуір алысқа ұзап кеткен
қаншық қасқыр айқасып жатқан арланын көріп бері жүгіре берді де, далбақтап келе
жатқан менен жақанса керек, кішкене төбенің басына
шоқиып отыра кетті. Мен Қабланға қайрат бере айқайлап, алысып жатқан оның
қасына келдім. Мен таянған сон қасқыр сытыла қашты. Бірақ, аяғына тіс батса керек, ақ қар
қып-қызыл боп қалып жатты. Қаблан оны көп ұзатпай қуып жетіп, аш белінен тістеп
сілкіп қалды.Арлан қасқыр аунап түсті де амалсыздан тағы айқасты.

   Бір кезде Қабланның жайындай аузы оның құлағына
ілікті. Төбет бар қайратымен жұлқа тартып қалғанда қасқырдың оң құлағы жұлынып
түсті. Арлан есеңгіреп сылқ ете қалды. Қаблан бұрынғысынан да өжеттеніп, өлгісі
келмей арс-арс етіп болмашы қарсылық көрсетіп жатқан бейшара қасқырдың
тамағынан қарби тістеп сілкіп қалғанда қою күрең қанды бұрқ еткізді. Қасқыр ышқына
бір "қаңқ" етіп, қимылсыз қалды. Денесі қызып, ашу мен ызаға булыққан
Қаблан оны баяғы жасанды қасқырдай парша-парша етуге кірісіп, өлі  денені өжеттеніп жұлқылай берді. Менің таяғым
алғашқы сілтегенде-ақ қақ бөлініп, өрт сөндірген адамдай
әрекетімнен айғайым басым шығып,шолақ таяқты бағыт-бағдарсыз сілтеумен ғана жүр
едім.

   "Қаблан, Қаблан, болды-болды, қой енді.
Қаблан, жетер енді" дедім дауыстап.

Қабланның ашуы
әлден соң ғана басылды. Арлан қасқырдың тоз-тозы шығыпты. Қабланның көзі
қанталап кеткен. Алғашкы жеңіске масаттанғаңдай ол тайқып шығып, менің
қасыма келді. Үстінде сау жері жоқ, қан.Қасқырдың қаны ма, өзінің қаны ма, оны
ажырата алмадым. Баяғы шоқиып отырған қаншық қасқыр сонда ғана есіме түсіп
артыма жалт қарағанымда, оны көре алмадым.

  Мен
үйге барып түйе арба жегіп келдім де, өлген қойлар мен қасқырды тиеп, Қаблан
екеуміз кері қайттық.Қаблан қасқыр өлігінің жаныңда тыныш жата алмады.Сонан соң
оны алашаға орап, түйенің үстіне, алысыраққа апарып байлап қойдым. Қаблан қатты
шаршапты."Қабланым, батырым, ақылдым",- дедім оны маңдайынан еркелете
сипалап.- Шаршадың ба? Дем ал,демала ғой енді". Ол маған дәл баяғы күшік көзіндегідей
күле қарады. Көз жанарында екеуміздің таңертеңгі ашу-араздығымыздан із де
қалмапты. Оны сол кезде ұрғаным үшін енді өкіндім. Онда түк те кінә жоқ еді
ғой, ол тек бар болғаны ойнады, еркеледі. Менің әкеме ренжіп жүргенімде не
шаруасы бар.

Мен бұдан
былай" оны ешқашан ұрмауға, ренжітпеуге бекіндім.

   Қабланның жаралы болғанын мен арбадан түсіп жатқанда
ғана байқадым. Оның жатқан орнындағы орта кесенің аумағындай алаша үстіне қан
сіңіпті. "Қаблан,дедім.- Қаблан, мұнда кел. Қане, жақында". Одан бұрын
өзім қимылдап, үстін сипалап көрдім. Оң жақ қолтығы ырсиып, қызыл еті көрініп тұр
екен. Қасқыр тісі кере қарыс жерін сойып кетіпті. Ет қызуымен Қаблан оны байқамаса
керек.

   ...Оның жарақаты бір айда әрең жазылды. Егер
Қаблан тыныш жатса, жеті-сегіз күнде-ақ бітіп кетер еді, бәріне өзі кінәлі.
Өткендегі уақиғадан соң мына дүниенің тыныш емес екенін білді ме, түнемеге
жортып тыншу көрмей шығатын болды. Байлап қойдық. Кішкентайынан шынжыр көрмей
еркін ескен Қабланға біздің бұл тәсіліміз пайда бермеді. Бұл
күннің ішінде ол жұлқынамын деп-ақ қара қотыр боп қатып келе жатқан жарасын
жаңғыртып,қайтадан қып-қызыл етіп тастапты. Мен болмас деп босатқалы
келгенімде, ырсиған жарадан қан сорғалап тұр екен. Жаным ашып кетті. Дереу
апама  айтып құрым киіз күйдіріп бастық,
қаны тиылған соң-ақ дәкемен мұқият таңып тастадық.

   Қабланның өткен жолғы ерлігі бүкіл аймаққа
тарады.Енді кейбір ауыл адамдары оған елігіп, күшік асыраса атын
"Қаблан" деп қоя бастады. Ал әкемнің былтырғы ренжіп кеткен досы қыс
ішінде қайта келді. Тағы сол тілегін көлденең тартты. Бірақ, әкем ол жөнінде тыңдағысы
да келмей, үзілді-кесілді бас тартты. Екеуі біржола араздасып айрылысты.

   Көктем шығып, жер жібіген шақта, екі жылдан
бері қоныс аудармай отырған біз осы жерден алты-жеті шақырымдай келетін Бақанас
ойпаңынан барып орын тептік. Бақанас - көлдің аты. Суы мол да емес, аз да емес. Қыс жауған қар суы, жаз жауған жаңбыр, бәр-бәрі осы жерге келіп үймелейді. Қырына алса
аспанынан бір тамбайтын Қаратаудың
аптапты шілдесінде бұл орын қойшылар
үшін алтынға
айырбастамайтындай еді.

Түгін тартсаң майы шығып жататын, құнарлы да шүйгін-ақ жер.

  Майысқан сәуір мен зауза айының аралығында бұл
маңайға өскен раң, боз шөп пен сасырдың арасынан ат тұсауға отырған кісі
көрінбей кетеді. Көл жағасы адамға да, малға да жайлы. Міне сондықтан бұл араға
колхоздың кез-келген малшысы ынтық. Бірақ, бәрі бірдей келгенімен өріс тарлық
етеді. Осыны ескеріп, колхоз басшылары Бақанас жайылымына малшыларды жыл сайын
үш-үштен бөліп, кезек қондырып отырады.   Биылғы кезек әкемнің досы Жаңабай деген шопан
мен біздікі. Солардың ішінде бұл араға алғаш
шаңырақ көтерген біз болып шықтық.Көл тұп-тұнық, айнадай жалтырап жатыр екен.
Биылғы суы мол секілді, әсте ақырамашқа дейін тайыздамас.Үстінде ұшып-қонған
үйрек пен балықшы құстар төңіректі жарасымды шуға болеп, әлі адам қоныстана
қоймаған алқапты иемденіп алыпты.

  Бізден кейін әкемнің бұрынғы досы Беріш жетті
артынып-тартынып. Ол өзінің қашанғы әдетіне басып тиісе келді. "Менен бұрын
бұзыла көшкендегі мақсатың жақсы жерді ертерек қамту ғой. Ол болмас, іргеңді
әрірек ысыр,бұл екі жылдан бері мен уық көтеріп келген жер"- деп жүгін
біздің үйдің жанына түсіре бастады. Жаратылысынан дауға жоқ әкем:
"Беріш-ау, үй тіккен орның менікі деуің қай сасқаның бұл? Құдайдың жеріне
адам ен салғанды қайдан көріп едің. Уық көтеремін десең Бақанастың басқа маңайы
жетпей жатыр ма, әлде, жатқан түйені арбаңның оқтығымен әдейі сүйкеп
отырмысың?"- деп қарсыласқан болды. Бірақ, "ары отыр, бері отыр"
үлкен жанжалға айналатын болған соң; "Құрысын, бәледен машайық қашыпты"
деп, әкем тыныш басын шудан аулақ алып шығуға тырысып,
ол орнынан күншығысқа қарай тай шаптырым ысырылып қоныстануға кеңес берді.
Сонымен Беріш Бақанастың біз таңдаған ең бір тамаша орнын көрер көзге
күлді-көмеш кекірекпен жала қылып алды.

  Екі үй әрине ашу-араз тұрдық. Бір-бірімізге
араласпаймыз. Керісінше иттеріміз тату. Балалық шағын солардың арасында
қалдырған Қаблан, ол екі төбетпен келген күні бір ырылдасып алды да, ұзақ
иіскелеп қайта табысып кетті.

  Бақанасқа көшіп келгелі бері Қабланның неге
екені белгісіз қабағы ашылмай-ақ қойды. Қой соңында болсын,мейлі үйде болсын
иегін алдыңғы аяғына қойып ойланады да жатады. Өзі бұрынғысынан жадау тартып,
жүні жығылып қалған секілді. Ауырып жүр ме екен деп те ойладық. Бірақ ауық-ауық
ол көңілсіздіктен арылып,бұрынғысындай асыр салып ойнап кететін. Мен мұның мәнісін
әкемнен сұрадым. Ол кісі де көпке дейін түсінбей жүрді.

  Ал
Қаблан кей күндері зым-зия жоқ боп кететінді шығарды. Түні бойы алаң боп
шығамыз. Қаблан кейде түн жарым ауа, кейде таңға жуық келеді. Бір күні ерте далаға шықсам
есік алдында Қаблан тұр екен. Ұзақ жолдан оралғаны осы ғана болса керек,
сауырына шейін шыққа малынып су-су болыпты. Мені көрген сәтте азықханаға қарай
жүгіріп кетті де, ізінше қайта шықты.

  Өз көзіме өзім сенбедім. Қабланның аузында
тістеген малақайы бар еді. Менің жұртқа тастап кеткен ескі малақайым. Қаблан
соны әкеліпті. Үлкен бір тапқырлық,ерлік жасағандай масаттанып, екі көзі
шырадай жайнап тұр. Қаблан иесінің реніші мен қуанышын салған жерден танитын
еді.' Сондықтан оның қасына жетіп бардым да, мойнынан құшақтай
кетіп, аузындағы құлақшынды алдым.

  "Сен ақылдысың, сен данышпансың. Қаблан,
Қабланым менің" деп оның маңдайынан, құлағынан сипалай бердім,сонан соң ол
қуансын деп кір екеніне қарамай тозығы жеткен малақайды
басыма кидім.

-        Қалай, жараса ма екен, Қаблан?

  Ол менің бетіме, одан малақайыма қарады да
басын қисаң еткізді. Мен оның барлық қимылын қалт жібермей бақыладым.
"Қаблан осы малақайдың менікі екенін сезіп, ол малақайды
"жоғалып" қалған жерінен тауып әкеп,иесіне табыс еткені үшін шынымен
қуанып отыр ма екен?"

  Осы ой дәл қазір көкейімнен кетпей қойды.
Қабланның бүкіл қимылы мен көзқарасынан осы сұрағымды растағандай жаңа бір
жауап алдым. Ол шын мәнінде қуанышты еді. Мен орнымнан тұрған кезде әкесіне
үлкен бір көмек көрсетіп тастаған бала секілді масаттанып, жаңа өріп бара
жатқан қойларға қарай шаба жөнелді. Қой бағуға ол әбден үйреніп алған. Кей
уақыттарда түске қарай артынан барамыз. Ал Қаблан қойлардың бірде-біреуін шашау
шығармай бағып жүреді.

  Асыл ит еді-ау ол!

Қабланның түн
ішінде қайда барып келетіңдігі бізге осы оқиғадан соң анық болды.

-        Сонда, оның ескі жұртты сағынғаны ма?-
дедім бір күні әкеме.

-        Солай болған
ғой.

-        Апырмай, итте
де ондай қасиет болады екен-ау!

-        Болады.
"Тойған жеріне" деп
жұрт көп итке теліп айтқан, ал Қаблан
жүзден, мыңнан кездесетін қасиетті жалқы ғой. Оның ескен жерді сағынуы сондықтан.

Қабланның кешкен жұртқа барып келген күнгі көңіл-күйі осы ойымызды растап жүрді.

   Арада бір айдай өткен соң, жаңа қонысқа
үйреніп жадырап қалған Қабланның мінезі тағы жабырқаңқы тартты. Айналасы екі-үш
күннің ішінде жүні жығылып, көз жанары солып шыға келеді. "Не боп қалды бұған
тағы да, Көз тигіш бала секілді шікәмшіл болып алды-ау әбден!"- деді әкем
оның қарым алдында отырып.

 "Қабыланым, күшім. Не болды-а?
Айтшы, қане айта қойшы?!"

Бірақ, Қабылан "ештеңе айтпады", басын бір жағына бұрып, болар-болмас қана қыңсылап қойды.
Әкем екеуміз бір-бірімізге үрейлене
қарадық. Қаблан жеңіл-желпі нәрсеге
қыңсыламайтын еді.

-        Астапыралла,
бір бәле болған ғой бұған. Қабланым,ақылдым, қиналып жатырсың ба, бір жерің
ауыра мА сенің, Қабланым,- деді әкем
оның құлағынан қасылап.Қаблан
мұндай еркелетуге қарсылық көрсетіп, басын тартып алды.

   Ол күннен-күнге жүдей берді. Тамақ
ішуін де қойды.Қабланға бөлек тамақ жасамайтын едік: біз не ішсек ол да соны ішетін. Егер сәл тұзы кем болса ол бір-екі сылпылдатып басын көтеріп алатын да "мыналарың
жарамайды енді" дегендей шоқиып отыра кететін.

Ол сондай еді. Бірақ, бұл жолы ешқандай тамақ атаулыға көңілін де аудармады. Бәрімізді көңілсіздік басты,қорқыныш биледі.
"Шынымен ол өліп қалар ма екен?"

  Ауырып жүрген кезінде бір жаққа кетіп әлденеге
ұрынып жүрмесін деп біз оны арнайы шартақ жасап байлап қоятын болдық. Бір күні
оған тамақ құйып келсем, іші қабысып, инеліктей-ақ боп қапты. Бұрын қандай
төбет еді шіркін, қор болған Қаблан-ай!Өстіп тұрғанда ол "қыңқ-қыңқ"
деп екі-үш жөтеліп қалды. Шынымен бе, япырмау, шынымен бе?! Төбе шашым тік тұрып,
денем дірілдеп кетті. Үйге жүгіріп кіріп,әкеме болған уақиғаны айттым.
"Аһ, не дейді құдай-ау!"- деп ол кісі орнынан атып тұрып, шартаққа
қарай жүгіре жөнелді. Біз келгенде Қаблан тағы бір-екі реет қақалды.
"Нәлеті, иттің ғана баласы, кім болды екен,қандай ғана мейрімсіз болды
екен!- деп әкем түтігіп кетті.- Ине тастапты ғой. Алда мейрімсіз-ай-ә!"...

  Қабланға ине тасталыпты. Оның көз алдымызда
таусылып бара жатқан себебі осы екен. Мұны кім жасағанын бәріміз жақсы білдік.
Бірақ, көзің көрмеген соң қолыңмен қайтіп ұстарсың! Қайран, Қаблан-ай!

  Ертеңіне түске жақын Қаблан қыңсылай ұлып,жұлқынумен
болды. Оның аянышты даусын естігенде сай-сүйегіміз сырқырап, тыныш отыра алмай
кеттік.

-        Босатшы,- деді әкем маған.- Байлау
көрмеген төбет ішқұса болып та тұрған шығар. Өз еркімен бір жүріп қалсын.
"Өз еркімен бір жүріп қалсын" деген әкемнің сөзі маған біз сұққандай
әсер етті.

-        Сонда... ол... өле ме?

  Әкем үндемеді, тек иегін ғана мегзеп:
"бар, босат"деді әлгі сөзін тағы қайталап.

Мен Қабланның
қасына бардым. Ол мені көрген сәтте мұңын шақпақ болғандай қыңсылап қоя берді.
Оның жанарында: "Ием-ау, айтсаңшы, не болды, не болды маған бұл, сендер
менен гөрі әлдеқайда ақылды едіңдер ғой, не болды маған? Шынымен өлмекпін бе
енді?" деген жалынышты да үрейлі сұрақ үймелеп тұр еді. Байғұс төбет өзінің
адамдар арасындағы қызғаныш пен алакөздіктің құрбаны боп бара жатқанын қайдан
білсін!

  Шынжырдан босатқан кезде Қаблан үйді айналып жүгіре
жөнелді. Бірақ онысы көпке созылмай жер бауырлап жата қалды да тағы қыңсылады.
Осы кезде ол орнынан кенет тасыр-тұсыр тұрып жүгіріп барды да арс етіп әлденені
лақтырып жіберді. Топ ете түскен жаққа қарап едім, серейіп жатқан байғұс сары
мысықты көрдім. Лездің арасында жан тапсырып, аузы қисайыпты да қапты. Бұл уақиғаға
таңданып мысықтың жанына келгенімде оның жанында жатқан бір кесек қызыл етті
көрдім. Бәрі де түсінікті болды! Жаюлы тұрған еттен алып қашып бара жатқанын
Қаблан көріп қалып, жазасын сол жерде Берген екен! Мысықты ол баяғыдан жек
көретін еді, ақыры түбіне жетіп тынды.

  Кешке қарай тынышталған болды. Біз
қайта-қайта көріп қойып отырдық. Түн болып, ас-су ішіп біткен соң тағы шығып,
шартаққа кіргенімде Қабланды көре алмадым.

-        Көке, Қаблан жоқ!- дедім үйге қайта
кіріп.

-        Жоқ, дейді? Әттесі-ай, бекер
босаттық-ау, бір бәлеге ұрынып жүрмесе болар еді сол. Ізде олай-бұлай шығып!

  Мен аяқ жетер жердің бәрін шарлап шықтым.
"Қаблан келмеді ме?" деп Беріштікіне де барып қайттым. Ол жақта да
төбет жоқ болып шықты. Үйге келген соң әкем атқа мініп іздеуге
шықты. Шолақ таймен мен де кеттім. Үйге таңға жуық оралдым. Ештеңе таба
алмадым. Күн көтеріле бергенде әкем келді. Далаға шыққанымда оның Қабланды ат үстінен
сирағынан ұстап шартақ жанына қойып жатқанын көрдім. Жүрегім мұздап, өн  бойымнан жан кетіп қалды.

  "Жақсы ит өлігін көрсетпейді" деген
осы ма, әлде,ерекше туған Қаблан ақтық демін өскен жердің ауасымен алғысы келді
ме екен, әкем оның денесін кешкен жұрттан тауып әкеліпті. Бұл
бәрімізді, әсіресе, жаңа көрші Жаңабайдың үй-ішін де қатты таңдандырды.

  Күн сәскеге таянғанда Қабланды Бақанастың
түстік жағындағы бір төбешікке жерледік. Көрші Жаңабай жер қазысты. Бір мойын
Беріш бір сұмдықты сезді ме, төбесін де көрсетпей, үйінен шықпай қойды.