ВЕРНУТЬСЯ

    Есіркеп түскі тамағын ішіп болған соң
бет-аузын тыжырайтып, көзін жұмып, рақаттана құлағын шұқып отырған кезде жер
сілкініп, дабыл жарғағын жарып ала жаздады да, столды қимылдатқан сол екен деп,
қарсы бетте отырған төрт жасар жазықсыз баласын жақтан тартып жіберді. Әлгіде
ғана келесі жексенбіде әкесімен бірге қалаға барып ойыншыққа кенелетін боп
отырған бала шырқырап қоя берді.

-        Әй, жын қағып кетті ме, баланы неге ұрдың?-деді
әйелі түкке түсіне алмай. Күйеуі себебін түсіндірмек боп, көзін ежірейтіп
саусағын шошайта беріп еді, жер тағы қимылдады.
Есіркеп баласы мен әйеліне, сонан соң төбеге қарады. Тебедегі лампочка әткеншек
теуіп тұр екен.

-        Ойбай, кұрыдық! Далаға!- деді де,
Есіркеп алды артына қарамастан аулаға шықты. Сол екпінімен ауланың қауіпсіз-ау
деген қақ ортасына барып тоқтап, артына ентіге қарады.
Әйелі мен баласы әлі жоқ!

-        Ойбай, Кәмәсия! Шық, шық тез!- деп ол жіңішке
дауысымен жан ұшыра айғайлады.

   Жер тағы қимылдады. Зәресі кеткен Есіркеп
жайшылықта аузына алмайтын "бісмілләніи-кің~қайталап, жерге отыра кетті.

  Жарты минуттай уақыттан соң барып тажал
аузындай боп үңірейіп тұрған үйдің есігінен баласын көтеріп әйелі шықты. Ол
күйеуінің қасына таянған соң:

-        Иә, жаның қалды ма?- деді баласын жерге
түсіріп.

  Есіркеп сонда барып есін жиды.
Жазықсыздан-жазықсыз баласын ұрғаны, жер қимылдағанда соларды
сүйрелей шығудың орнына қарақан басын алып қашқаны, енді кеп ауланың ортасындағы ыстық тақырдың үстінде отырғанын сезіп, ұялғаннан
денесі шымырлап кетті.

  "Қап, құлағымды бекер шұқыған
екенмін" деді ол барлық кінәсі соған тіреліп тұрғандай.

-        Келі жасайтын ағаштай күнге қақталып
нағып отырсың? Тұр былай!- деді әйелі одан бетер жерлеп.-Жанының тәттісін! Бала
кезімде екі қасқырмен айқасқанмын дейді ғой тағы!- Әйелі кенет қаркылдап күліп
жіберді.- Екеуі бірдей саған әуре болатындай қасқырлардың
сенен басқа шаруасы жоқ па?!

-        Болды... болды,- деді басқа сөз таппаған
Есіркеп қызарақтап.

-        Боса болды, тұр
орныңнан. Ел көрсе ұят-ты. Анна моторың
өшіп қалар, жұмысыңа кет.

  Есіркеп еңсесін басқан ұятты әзер көтеріп тұрып,
жан-жағына қарады. Құдай сақтағанда мұның ерсі қимылын ешкім көрмепті.

  Ол сол орнында аз-кем аялдады да, артындағы
семіз түйенің ізіндей шаңын алақанымен бір-екі қағып, үндемеген бойы қақпадан шығып
кетті.

   "Ақжар"- бұрынғы ірі колхоздардың
бірі. Осыдан бес жыл бұрын шаруашылықты онан әрі ірілендіру жайлы жоғарыдан нұсқау
түсіп, осы төңіректегі төрт-бес колхоз жиылып бір совхозға бірікті де,
"Ақжар" бөлімше боп шыға келді. Ал Есіркеп болса
"Оймауыттан"- қазіргі совхоз орталығынан осы жерге моторист боп
ауысты.

   Алғашқы кезде орталықтан көшіп келген маман
ретінде ол шеткері бөлімшенің адамдарын көзге ілмей жүрді.. Қалт етсе орталыққа
таяды, тіпті үйінде қалса да, әйелі мен балаларына
"мені орталыққа кетті" деңдер деп тапсырып қояды да, өзі
"Қобыланды батырды" оқуға кіріседі.

  Бөлімшенің қыруар фермалары бар МТМ-сы бар,
магазин,монша, клуб, байланыс бөлімшесі, тағы басқа толып жатқан
әкімшілік-шаруашылық орындары бар, жүз елуге жуық түтіні бар.
Бәріне электр керек. Бөлімше болса жоғарғы вольтті жүйеге әлі жалғаспаған.
Совхоз іріленген соң ауданның бұйрығымен бұл жерге электр тогын беретін екі дизель
орнатылды. Ауыл адамдары үшін бұл Москва метросын салумен бірдей еді. Енді оның тікелей қожасы -моторист
болу әрбір механизатордың арманына айналды.

Көпшілігі
бөлімше меңгерушісі
Тойболдыны кезек-кезек жасырып
үйлеріне шақырып, ниеттерін жұқалап
білдіріп жатты. Болашақ екі дизель
Тойболдының да ауыл арасындағы
беделін есіріп, кісілігін арттырып кетті. Бөлімше тұрғындарының
арасында "анау моторист болады екен, ол емес, анау болады екен" деген лақап қаулап тұрды. Бір күні совхоз директоры Тойболдыны шақырып
ап: "Сен айтқан адамдардың бәрін
білемін, кандидатуралары келмей тұр.
Әзірге осы жігіттен лайығы жоқ",- деп Есіркепті ұсынды. Екі-үш күннен соң екі тележкамен Есіркептің семьясы "Ақжарға" көшіп келді.

   Гулеген лақап сап тыйылып үміткерлер
әлдекімді айыздары қанып бір боқтады. Бұл оқиға Тойболдының дүрілдеп тұрған
беделі мен кісілігін кішірейтіп кетті.Бөлімшеде жаңа өмірге шұғыл бет бұрды.
Керолин сасыған бағаналар кір көшелерді қаздаң қағып аралап кетті, тартылған
сымдар әр үйдің бұғатынан кіріп, төрінен шықты. Бас-аяғы бір жылдың ішінде жұмыс
бітіп, бөлімше кеңсесінің алдындағы алғашқы шам жарқ етті. Бұған дейін Есіркепке екі
көмекші моторист, екі монтер бекітіліп берілді. Сөйтіп, бұл автоматты түрде
электр станциясының бастығы боп шыға келді.

  Есіркеп бөлімшедегі ең беделді адамдардың
біріне айналды. Тіпті, совхоз директоры келген кезде көбінесе қасына Есіркепті
ертіп жүретін болды. Бұл оқиға Тойболдыға рухани соққы боп тиіп, ол келе-келе
қан қысымы жоғарылайтын ауруға душар етті.

Сол жылы бөлімше тұрғындары
магазиндегі телевизор атаулыға қырғындай тиіп, бас-аяғы төрт-бес айдың ішінде әр
үйдің төбесіне қалқиып мұнаралар өсіп шықты. Кедеймін дегенде кеңірдегі кеуіп,
үйіне бар ғанда "қара шыбын қағып жеп" отыратын ағайынды Омбай,
Домбайлар да ең алғашқылардың бірі боп түрлі-түсті телевизор алды.

   Сөйтіп, совхоз бөлімшесінің мәдени жұмысы
ғана емес,сауда айналымы да ерекше жанданып жүре берді. Есіркеп әр үйде электор
счетчиктің болуын қатал талап етіп, әр үйге абонент
кітапшасын тапсырды. Дер кезінде ақшасы төленбесе, ол үйдің жарығы кесілетінін
және бір айға шейін электр энергиясын пайдалану правосынан айрылатынын
ескертті.Орталықта жүрген кездегі соңынан калмайтын қанқу сөздерден, құрдастардың
қажауынан құтылып, Есіркептің көңілі есіп, дүрілдеп-ақ келе жатыр еді. Сыр
алдырмас үшін шақырған жерге
сирек баратын, бара қалса көп отырмай кетіп қалтын-ды. Қырсық қылғандай МТМ меңгерушісінің
кенже қызы қырман басының үлкен баласына аяқ асты күйеуге шыға қалды да, бұл
амалсыз тойға қатысты. Жан-жағынан "Ес-ағалап" қоймаған соң, бұл екі-үш
рет тартып жіберген. Арақ жарықтық көпшіліктің алдында баяғы Есіркепті танытып
кетті. Осы тойда батырлық, жігіттік жайлы әңгіме өрбіп-ақ кетсін. Сол кезде Есекең:
"Бала кезімде екі қасқырмен айқасып, екеуінің де терісін сыпырып алып
едім"- деп қойып қалды.

  Естіген жұрт ауыздарын ашты. "Қалай, мылтығыңыз
бар ма еді?"- десті тұс-тұстан. "Неғылган мылтық! Құр қолмен. Міне,
мына екі қолымнан басқа түгім де жоқ",-деп ол отырғандарға қолын жағалай көрсетіп
шықты.

  "Сенбеймін,- деді қызыңқырап алған, ши
тоқитын қамыстай шілмиген бір жігіт.- Сіз түгіл мына отырған біздің
Тәшкенбайдың өзі қолында мылтығы болса да, бір қасқырды аңыратып қуып бара
жатып, алдынан екіншісі шыға келгенде аңырап кейін қашқан". Есіркеп шалт
етеқалды. "Қашса қашқан шығар. Ол Тәшкенбай мен Есіркеп",- деді ол
пеш жанында отырған ат басты жігітке қарап қойып. Дау басталып кетті. Ат басты
жігіт жақ бір бөлек,
Есіркеп жақ бір бөлек боп төбелесерменге жетті.

-        Ал мықты болсаңыз шығыңыз!- деді
шілмиген жігіт.- Сіз бала кезіңізде екі қасқырдың терісін сыпырыпсыз. Ал
Тәшекең екі қасқырдан қашқан.Қайсыларыңыз мықты екенсіз, күресіп көріңіздер.
Тәшеке,дайынсыз ба?

-        Дайындамын,- деді ат басты жігіт гүж
етіп.

Есіркепке оның
даусы үрей тастап өтті. Сонда да үндемей қалуды ар санап:

-        Мен де
дайынмын - деген сөздің аузынан қалай шығып
кеткенін байқамай қалды. Күйеуінің ел алдында масқара болғалы тұрғанын көрген әйелі ебін тауып оның қасына келді де:

-        Жазған-ау, қойсаңшы. Деректрден ұят
қой,- деп намысын оятпақ боп еді, ол
өршеленіп кетті.

-        Неге қоям!
Деректр болмақ түгілі құдай болсын,Есіркеп намыстың құлы. Шығыңдар!

   Күрес ат байлайтын бастырманың
астында өтті. Олжерге лампочка әлі орнатылмаған екен, шілмиген жігіт есік алдындағы "Жигулидің" фарын
жақты. Кемпір-шал,келін-кепшік, бала-шаға, бөлімше активтері түгел қарап тұрды. Меңгеруші Тойболды қанша араласса
да, ешкімді тоқтата алмады. Есіркепті
директордың жақсы көретінін біліп,
әрі көп қалмаған алдағы
пенсиясын ойлап, оған батырып ештеңе
дей алмай дағдарып қалды.

Күрес көпке созылған жоқ, қас-қағым сәтте бітті. Тіпті мұны күрес деп атаудың өзі артық еді.
Өңкиіп тұрған ат басты
жігітке Есіркептің кіжініп жете бергені сол еді, ана бәленің қандай әдіс қолданғаны белгісіз, аспандағы жұлдыздарды
бір-ақ көрді. Ат басты жігіт
онымен тоқтап қоймай, шалқалап жатқан
мұның екі қолын кеудесіне әкеп құйрығымен
басып отырды да, қалтасынан
темекі алып тұтатты.

  Намысқа шыдай алмаған Кәмәсия баласын
жетектеп үйіне қарай безді, меңгеруші Тойболды бір даудың боларын біліп,
бәлесінен аулақ дегендей жылыстап шыға берді.

Есіркептің
жекпе-жекте жеңіліс табуы, жай жеңіліс емес, масқара боп жеңілуі сол сағатта-ақ
бүкіл бөлімшені шарлап кетті.

  Ол топтан шығып, үйіне қарай беттеді. Өн
бойын намыс кернеп, аяғы жерге тимей ұшып  келе жатқан секілді. Жұрттың "Ес-ағалап"
алдан кес-кестегеніне,кешірім сұрағандарына да қарамады. Кенет ол үйіне емес,электростанцияға
бұрылды. Құстай ұшып келген бойы кезекші отыратын будканың есігін жұлқи ашты.
Май-май темір столға маңдайын қойып Жұмат қалғып отыр екен,ойламаған жерден
бастығының кіріп келгенін көргенде орнынан атып тұрып: "Жоқ! Ұйықтаған
жоқпын!" деді өршелене дауласып.

-        Өшір!- деді Есіркеп.

-        Жоқ, ұйықтаған жоқпын! Кезекте тұрып мен
ешқашан ұйықтамаймын!- деді "үніңді өшір" деп тұр екен деп ойлаған ол
жан дауысы шыға ақталып.

-        Не далбасалап тұрсың?
Өшір. Моторды өшір!

-        Мотор-ды?!

-        Иә.

-        Н... неге?
Қалай?

-        Солай. Өшір.
Көрейін әтәңә нәлеттерді. Тұрған-тұрған жерлерінде қалшисын да қалсын. Ойнаған
екен Есіркеппен!

-        Есаға... Қалай
болды?.. Жұрт жалыбы жасайды ғой.

-        Жасай берсін!
Генератор күйді де, цилиндр қатып қалды
де. Общем, мотор бұзылды.
Бітті! Бол тез!

  Бес минуттан соң дизельдің үні өшіп, ауыл
үстін тастай қараңғылық басты. Жарық өшетін сәтте будканың төбесіне шығып, той
етіп жатқан үйге қарап тұрған Есіркеп, ол жақтағы топырлап жүрген жұрттың шу
ете қалғанын еміс-еміс естіп, айызы қанғандай рақаттанып қалды.

-        Мен үйге кеттім. Сұраған адам болса көрдім-білдім
демейсің.

Түкке түсіне алмаған
Жұмат үнсіз келісіп қала берді.

-        Мен бәрібір ұйықтамаймын,- деді ол
үзілді-кесілді.

-        Өзің біл.

  Шағын бөлімшенің шаруашылығы қараң қалды.
Аласа клубта өтіп жатқан би тоқтап, ә дегенше жазықсыз кино-механик қыруар
боқтық естіді. Магазиндер мен қоймалардың кездеріне қос көрініп, дембіл-дембіл
аспанға мылтық атыла бастады. Көп үйлердің терезелерінен сыңырайып білтелі
шамның әлсіз сәулелері көрінді.

  Есіркеп үйіне келді де, аузы ашылған бөтелкеден
бір стакан арақты сіміріп салып, қорылдап тұрып ұйқыға басты.

-        Әй, балаларды шошытасың, анау үйге барып
жат,-деді Кәмәсия оны оятып.- Адам деген шамасына қараса қайтеді. Елге масқара
боп!.. Ана жақта моторыңның өшіп

жатысы мынау.

  Есіркеп әйелінің сөзін естіген жоқ. Әуелгі кезде
қорылдағанын аз ғана тоқтатты да, ізінше қайта жаңғырта бастады. Оның қасында
жатып береке таппайтынын білген Кәмәсия балаларын
көрші бөлмеге біртіндеп көтеріп әкетіп, мұның есігін мықтап жауып тастады.

  Таң атпай Тойболды келді. Қалай болғанда да
станцияны жөндеу керектігін айтты. Одан соң зав МТМ жетті.Клуб меңгерушісі,
моншаның, магазин мен қоймалардың қарауылдары қаптады. Бәріне де: "Дизель
сынып қалған Орталықтан запчасть әкелгенше ток болмайды" дегенді шақ кесті
жауап қайтарылды.

  Есіркеп үйінің алды түстен кейін базарға
айналып кетті. Бүгін кешке "Қыз Жібектің" екінші сериясы.Электр
болмағандықтан, телевизор болмағандықтан бұл фильмді "Ақжар" бөлімшесінің
адамдары енді ғана құнығып көріп жатқан. Бәрі жата кеп жалыңды.
Айналды,толғанды, өзіне кеп тірелгенге дейінгі ата тегіне, өзінен тарайтын бұдан
кейінгі ұрпағына нұр жаусын айтты.

  Есіркепселт етпеді. Фильмді орталықта
жүргенде көріп алған. Әйтсе де, жұрттың жалына түскенін іші қалап
отыр.Кешегідей емес, сәл жібиін деді.

-        Сенің қолыңнан келмейтін нәрсе бар ма? Цилиндр қатып қалды деген не ол? Сен сияқты
шеберге маңдайдың бір терлегенінен
қалмайтын жұмыс қой,- деген кешегі шілмиген жігіттің сөзі Есіркепті біршама бері қаратып кетті. Бірақ көне кетуге болмайды, күте тұру
керек.

-        Кешегі ат
басты ноқайдың сазайын бердік,- деді от
тағы да жанды жерге тиіп.- Өзі де ұяттан жерге кіре жаздап маңдайын соғып
отыр. "Кешіре алатын болса кешірсін,
ат-шапан айып тартуға дайынмын",- деп сәлем айтты. Өзіңнің кешірдім деген сөзіңді есту
үшін қойын сойып, қолын қусырып,
бүгін үйінде күтіп отыр. Кешке дейін
бір бәле ғып светті жақ.

Ұзақ үнсіздіктен соң Есіркеп басын сипап:

-        Цилиндр
дегенді жөндеу...- деп
салмағын арттырып барып көнгелі
сөз бастап келе жатыр еді, топ ішінен бір
шыдамсыз: "Өзің сенсең МТМ-дағы мотористер жөндесін" деп бүлдіргі
сөз айта қалсын. Есіркеп қайта тырсиды.
Жалма-жан шілмиген жігіт әлгі шыдамсызға тарпа
бас салды.

-        МТМ-да қай
оңған бар еді?! Цилиндр жөндейтін бұл
маңда бір жан жоқ. Отыр көкімей,- деп ары кетіп бара жатқан Есіркепті бері тартып ала қойды.

-        Жарайды,- деді
Есіркеп күрсініп.- Халық тілеген соң
аянбайын. Кешке свет болады!

-        Бәрекелді!
Міне, жігіт, міне азамат!- Жұрт тарай бастады.-
Есаға, кешке қайда келейін, станцияға
ма,үйге ме?- деді шілмиген Тарақбай.

-        Үйден алып
кетсейші,- деді Есіркеп шіреніп.

Ол кезекші моторист Жұматты шақырып алды да,электростанцияға тартты.

-        Ешкімге ештеңе
деген жоқсың ба?- деді Есіркеп жол-жөнекей.

-        Жоқ. Бұзылды дедім. Болды.

-        Әйеліңе де?

-        Оған айтып не
жыным бар?

-        Жарайсың. Сені
осындай сырға беріктігің үшін ұнатам.
Соның үшін келесі жолы бір ұйықтағаныңды кешірермін.

-        Мен ұйықтамаймын!- деп Жұмат еліріп шыға келді.

-        Болды, болды.
Түбі бір ұйықтайсың ғой.

  Екеуі электр станциясына кеп, жұртқа  сөз қылу үшін жазықсыз генератор мен дені
сап-сау мотордың айра-жайрасын шығарып шашып тастады. Кешке жақын дизельді "жөндеп
бітірмек" болған Есіркеп шашып тастағандарын қайтып орындарына сала алмай
әбден састы. Содан ымырт үйірілгенде барып дизельдің дауысы гүр ете түскенде екеуінің
жүректері жарыла қуанды. Есіркеп барып рубилникті қосып қалғанда, ауыл үстінде
электр шамы жарқ ете түсті.

   Көп ұзамай Тарқабай машинамен кеп Есіркепті
үйінен алып кетті: Осылай боларын біліп, мотор от алған соң-ақ ол асығыс басып
үйіне кеп отырған.Әйелін ертіп, маңғаз қалыппен машинаға отырды.Маңғаз қалыппен
ат басты жігіттің ауласына кірді.

  Жұртпен маңғаз амандасты. Маңғаз қимылмен дастарқаннан
дәм ауыз тиіп отырды. "Қыз Жібек" басталғанша қуырдақ желінді, арақ
ішілді. Етті кинодан соң жеуді дұрыс көріп, кейінге қалдырған. Үй иесі - ат
басты жігіт көрінетін емес. Соның келіп кешірім сұрауын күтіп Есіркеп
есік жаққа қайта-қайта қарап отырған. Ол әлі жоқ. Шілмиген Тарақбай жиі-жиі
далаға шығып,әлдекімдерге әлденені мұқият тапсырып жүр.Кино басталуға он
минуттай қалған кез. Жұрттың бәрі телевизор алдынан орын алып, бір-біріне
"тыныш" дей бастағанда
сырттан оқыс айғай естілді. Есіркеп анық таныды - ат басты Тәшкенбайдың айғайы.
"Өй нәлетілер!Төле, қойымды төлеңдер!" деген сөзден оның мас
екенін,бір келеңсіз жағдай болғанын сезді.

  Оқиға былай болған-ды. Есіркеп кешегі ашудан
соң бүгін моторды жүргізбесін білген адамдар өзара ақылдаса келіп,
"Тәшкенбай қой сойып кешірім сұрап жатыр" деп Есіркепті алдап
шақырған. Жабылып жүріп бір Тәшкенбайды көндірерміз деп ұйғарған-ды. Есіркеппен
келісіп алып Тәшкенбайды іздегенде ол үйінде жоқ болып шықты. Ертең келетін боп
Сарыағашқа "Жигулидің" запас бөлшектерін іздеп кетіп қалыпты.
"Осылай да осылай.Айтып қойып едік, масқара болғалы тұр. Келгесін өзіне түсіндіреміз"
деп Тарқабай Тәшкенбайдың "әйелін бері қаратады. Келмесе келмей-ақ қойса
екен деп  отырғанда Тәшкенбай "Қыз
Жібек" басталуға он минут қалғанда жетіп келді. Өлердей қызу. Суға түсіп,
шаңға аунаған ба, қызыл "Жигулиі" сатал-сатал. Үйіне келіп, күтпеген
тойға тап болғанына таңданып, мән-жайды сұрағанда Тарақбай майын тамызып
түсіндіреді ғой. Бірақ ат басты жігіт түсінер болмады. "Кетіңдер,
тараңдар! Бәрін қырам да жоям. Қайда әлгі
екі қасқыр соғатын өтірікші? Той үстінде светті өшіргеннің қалай екенін
көрсетейін!"- деп қайта делебесі қозып, үлкен сұмдықтың басын шығарды. Жұрт
Тәшкенбайға жабылды да кетті. "Ойбай, әке-көке, бір ашуыңды бер. Біз саған
еркелеп едік. Есіркепке несіне кіжінесің, кеше үстіне шығып темекі шектің ғой,
со да жетпей ме? Ертең бір қойыңды екі қой ғып қайтарамыз.Арақ-шараптың бәрін
өзіміз сатып алдық. Сенікі тек аты ғана. Соқыр тиын да зиян шекпейсің. Одан да
Есіркеппен барып амандаса сал. Үш минуттан соң "Қыз Жібек" басталады.
Ел қатарлы сен көр,- деп тұс-тұстан анталағанда Тәшкенбай
амалсыз илікті. 

  "Қыз Жібек" басталғанда ол үш-төрт
жігіттің сүйемелдеуімен басы қалтақтап кино көріп отырды. Тек Бекежан боп жүрген
Асанәлі Әшімовты көрген сайын "Өй әкең!" деп Есіркепке алара қарап
қойып отырғаны болмаса, бөтен мінез танытқан жоқ.

  Дегенмен, бұл оқиға Есіркептің ел
ішінде дүрілдеп тұрған беделіне нұқсан келтіріп, оның да өзгелердей
пенде екенін, тіпті, осал жақтары мол
екенін танытып кетті. Бұл жақтан да құрдастар
табылып, ашуланбақ түгілі жарылып кетсең
де орталықтағыдай әзілдейтінді, әрі-беріден соң келемеж қылатынды шығарды. Оның қайсыбіріне бола станцияны тоқтата бересің! Бірте-бірте
көндікті. Жанға бататын қалжың
естіген кезде үндемей отыра беретін баяғы көне мінезіне қайта кешті.

  Ешкім көрмеді десе де, бүгінгі жер қимылдаған
кездегі қылығы ауылға түгел тарап кетіпті. Кешке үйіне қан түленіп келді де,
әйеліне тарпа бас салды.

-        Ажырасамын!
Азар болса Есіркеп әйелсіз өтер. Қазір кет, қазір кет төркініңе!- деп шеке тамырлары адырайып көзі
ақиланып шыға келді.

-        Әйелі сасқан
жоқ.

-        Тағы не болды-өй
саған?- деді жайбарақат қазанға кеспе салып жатып.- Немене, жынның қасына
түнеп шықтың ба?

-        Өй, аяр!- деді
Есіркеп.- Бәрін бүдіріп алып түк білмегендей
бола қалуын қарашы! Сен ғой жұртқа жайған.Әйтпесе... баламды ұрғанымды кім көріп тұрыпты? Қыз жау деп Көбікті бекер айтпаған. Қыз деген де сен сияқты қатын болады. Жаусың сен, жаусың!

-        Өй, сандалмашы
әрі,- деді Кәмәсия екіленіп тұрған
күйеуіне көңіл де аудармай.- Сен сорлыға кітап оқу да жақпайды.
Былтыр "Мың бір түнді" оқып жүргеніңде
"әйел деген мекер болады" деп құлағымның құрт етін жеп ең. Қолыңа кітап ұстамай-ақ қойшы, жұмысыңа тура барып, тура кеп жүрсең жетер.
Дәл сенен ешкім ештеңе сұрамайды.

-        Сипақтатпа,
сипақтатпа өйтіп! Баламды ұрғанымды, үйден қашып шыққанымды сен
айтпасаң, кім айтады?

-        Кім айтушы
еді, балаң айтқан шығар. Күні бойы далада
ойнап жүр ғой.

Есіркеп бұдан әрі ашулана берудің ретін таппай, ашуланбайын
десе бірден райдан қайта салуды бойына ар санап,
сол орнынан тапжылмаған күйі баласын бірнеше дүркін боқтап алды. Өзін мүлде жазықсыз сезініп қалмасын деп, әйелін қосақ арасында екі-үш рет боқтай салды. Күйеуінің қазіргі халін түсініп тұрған
Кәмәсия үндеген жоқ. Тек Есіркеп
сабасына түскен боп жуыну үшін сыртқа
беттей бергенде:- Бәсе - деді мырс етіп.

-        Немене,
"бәсе?"- деп күйеуі қайыра сұрады.

-        Бәсе деймін-ау,-
деді әйелі қасықпен көженің тұзын көріп жатып, күлімсіреп,- біздің
Есекең не жолы осы бойы асқақтап
қалар екен деп жүр едім, бірте-бірте келе
жатсың ғой таз қалпыңа. Боқтауды ұмытып
қалған шығар деп ем, бұрыңғыңнан да
машықтанып апсың.-Әйелі тағы күлді.- Бұрын бір-екі рет қана боқтаушы ең, байғұс, ішінде дем жетпей тұншығып бара жатыр-ау,аузыңды ашқанда арба-арбасымен түсті ғой.

  Есіркептің көзі ит көрген ешкідей едірейіп,
өкпесі ауа сормай қалды. Әйеліне ұзақ қарап тұрып, үйді басына көтерердей:

-        Ой,
ә-ә-кең...- деп айғайлап тұрып боқтады.Әйелі қорықпақ түгілі айылын да жиятын
емес, қайта күйеуі боқтап бітісімен
ішін басып тұрып, көзден су аққанша қарқылдап күлді. Енді Есіркеп өзі қорқайын деді.

-        Әй-әй, болды,
болды! Балалар естіп қояды,- деді сасқанынан
сыбырлай сөйлеп. Сөйтті де, далаға шығып кетті.

  Қазақ мойынға бір мінсе оңайшылықпен түсе қоя
ма?Осы оқиғаның әсері біршама әлсіреп, ұмыт бола бастағанда біреуді келеке
етпесе жүре алмайтын құрдастар Есіркептің төңірегінде жана әңгімелер өрбітіп,
өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай ғып айтатын болды.Есіркептің орталықтағы,
тіпті, орталыққа дейінгі оғаш қылықтары теріле бастады. Өткен жолы Тарақбай қалаға барып,
асханадан тамақ ішіп отырса қасына бір жігіт кеп жайғасыпты. Жөн сұраса келгенде ол Есіркепті бала кезінен білетін боп шығады.
"Жақсы жігіт еді, оның түбіне жеткен
қалжың болды" деп отырып, екі-үш әңгіме айтып береді.   Астық орылып жатқан кауырт көз болса
керек,Есіркеп табан астында қалаға жеткізетін көлік таба алмай қатты қиналады.
Жеке меншік машинасы барлар орақ соңында, совхоз машиналары Есіркепке бола
жетпіс шақырым жерге бара ма? Байғұстың бармаған, жалынбаған адамы қалмайды. Айналып кеп тапқаны осы жігіттің водовозы болады ғой.

  "Ойбай, қасыма әйелім мен емшектен
шықпаған балам бар, кабинаға сыймайсың" дейді бұл. "Үзеңгіде тұрып барармын"
дейді ол. Жігіт кенбейді, "түрмеге түсетін жайым жоқ" дейді.

  Есіркептің қатты қиналып тұрғанын көріп жігіт
оған кеңес береді. "Тағы да іздеп көр, болмаса, бір амалын табармыз"
дейді. Ақыры сол "амалға" жүгінуге тура келеді. Водовоздың суын
төгіп, ішіне көрпе салса сүңгуір қайықта отырғандай жап-жайлы боп шығады екен.
Тек машина ары-бері теңселгенде дүние төңкеріліп келе жатқандай болады, бірақ
амал қанша, шыдауға тура келеді.

   Есіркеп шыдады. Тұншығып өліп қала жаздады,
бірақ шыдады.Орақ науқанына байланысты облыстық милиция мен мемлекеттік
автоинспекцияға қалаға кіретін кез келген машинаны тоқтатып, тексеруге право
берілген-ді. Тіпті,су таситын машинаға дейін тексерілсін деген нұқсау бар.

   Демек, сұғанақ қолдар су таситын машинамен
де бидай  "тасуға" көшкен.Бір кезде
машина тоқтады-ау, әйтеуір! Есіркеп жартылай ашық тұрған цистернаның аузына
қарай еңбектеді.Мезгіл кешқұрым болатын. Әне, қақпақ шалқасынан ашылды.

-        Келдік пе?- дейді Есіркеп қарлыққан
дауыспен.Цистернаның аузын ашып тұрған адам салдыр-гүлдір құлап түсті.

Б  ұл - цистернаның ішін тексермек болған
милиция екен.

-        Құрыдық!-
дейді шофер жігіт Есіркеп сыртқа шыққан
соң.- Өліп қалмаса болғаны!

  Шынында да, екеуі сотталып кете жаздап, үлкен машақатпен әрең құтылыпты.

Тарақбай ауылға
асығыс аттанды...

 Есіркеп бұған да көнді.

Ол көнбіс боп алды. Жасырғанды, жасандылықты қойып, о баста құдай қандай мінез берсе,
солай өмір сүруге көшті. Баяғыдан-ақ
осылай етпегеніне өкінді. Енді ол
араласқанмен араласып, жағаласқанмен жағаласып жүруді де үйреніп алды. Осылай ету әлдеқайда жеңіл әрі көңілді сияқты. Тіпті, реті келгенде өзі
де басқаларды келеке ететінді
шығарды. Бөлімше жігіттерімен араласып кеткені
соншалық кей-кейде әйеліне:
"Әтәсіне нәлет, жаңа машина алып
жігіттермен бірге жүрсем бе екен",-дейтінді шығарды.

  Бәрі де осылай қалыпқа түсіп, бәрі
жарасымды боп келе жатқан.

Бөлімше жоғары вольтті жүйеге жалғанып, электростанцияның
қажеті болмайды екен деген сөздің шыға бастағанына біраз болды. Тіпті, кейбір дайындықтар да жүргізілген. Сол жылы жазда Есіркеп
демалыс алып,өмірінде бірінші рет Қаратеңіз жағалауына барып демалып қайтты. Жолдастары кеу-кеулеп шығарып
салған. Есіркеп қайтып келгенше
бөлімше аяқ асты жоғарғы вольтті жүйеге
жалғанды да, өрт қаупі күшті
болғандықтан облыстан келген мамандар екі сиыр фермасы мен моншаға және
тауықханаға жаңа керек-жарақтар орнатуға тыйым салған. Қайраты
қайтып, қадірі төмендеген дизель солар үшін
ғана амалсыз күркілдеп тұрған-ды.

  Есіркепті құрдастары күтіп алады,
Тарақбай,Тәшкенбай, тағы басқа "байлар" мен "бектер"
вокзалдың ресторанында Есіркептің келгенін жақсылап атап өтеді.Құрдастарының
алдынан күтіп алғанына дән риза боп,желпініп отырган Есіркепке Тарақбай тұрып:

-        Сен кеткелі
мына завтоқ әбден құтырып алды,-деді ол шарасыз адамның кейпімен күрсіне
сөйлеп.

-        Иә, айтпақшы,
соның жыры бар екен-ау,- деп қостады
Тәшкенбай да жылқы басын шайқап.

-        Не боп қалды?-
деді Есіркеп оларға түгел қарап шығып.-
Ол неге есіріп жүр?

-        Есіргенде
бізге не істей алады,- деді Тарақбай кәдімгідей
күйіне сөйлеп.- Есіңде ме, баяғыда үлкен баласы завтымының кенже қызына үйленіп
той жасағанда...арамызда түсініспеушішік боп қалып еді ғой?

-        Иә-иә,- деді
Есіркеп пен Тәшкенбай өткен іске өкінген
боп бас шұлғып.

-        Енді завтоктың
кенже қызы завтымының үлкен баласына тұрмысқа шыққалы жатыр. Бүгін кешке
тойы.Завток айтады- Есіркептің баяғы қысастығын екі дүниеде ұмытпаспын
деп. Той болатын кезде аулақ болғаны жақсы болды
деп отыр. Біз айттық- "ақсақал онда кінә жоқ еді ғой деп. Сөйтсек айтады- "бірақ, болған күннің өзінде де екінші рет тойымның шырқын бұзатын болса, екі қолын артына байлатып Итжеккенге айдатамын
дейді. Әйеліңді тойына да шақырмапты.
Осы отырған төртеуміз барып завтокпен ұрысып
қайттық. Есіркептің үй-іші шақырылмаса,
тойыңа біз де бармаймыз дедік.

-        Сүйттік,- деді
қалған үшеуі де бірден
қосылып.

-        Рақмет,- деді
Есіркеп ұзақ үнсіздіктен соң қатты толқып
отырып.- Басынған екен,- деді сонан соң естілер-естілмес
қана күбірлеп.

-        Япыр-ау
десеңші, айдалада жүрген жазықсыз сенде несі
бар? Бүгін келгенің қандай жақсы болды, қарқылғанда  ауылға барған бойда моторды өшір де жатып алшы. Далаға шықпай ғой. Завток сені
шынымен айдатып бара жатса, біз де
қарап отырмаспыз.

-        Қайда-ан!-
деді Тәшкенбай ернін тыржитып.

-        Артына
қарасын,- деді шегір жігіт. Сөйтті де, сыраға бір үзім нанды батырып алып, аузына бұралақтап тыға салды.

Есіркеп ауылға әрең жетті. Төртеуі төрт жақтан намысын
лаулатып ел шетіне кешқұрым іліктірді.Есіркеп моторды өшіретін боп жетті.
Машина тура станцияның жанына кеп
тоқтады. Іші бірдеңе сезе ме Жұмат та будкасынан атып шығып, бастығымен жымыңдай амандасты.

-        Өшір!- деді
Есіркеп.

-        Нені?

-        Моторды. Көріп алайын сенен келгенді. Бол тез!

Цилиндр
қатып қалды ма?

-        Бұзылды де. Бітті!

-        Құп болады.

Машинада тұрған жігіттер айғайлады.

-        Есаға, кеттік! Жұматтың өзі өшіріп келер.

Есіркеп кабинаға отырып, есікті сарт жапты.Қырман басының
үйінде той болып жатқаны рас
еді.Төрт жігіт Есіркепті есігінің алдына түсіріп, жалынса да қарамай кетіп қалған. Ал шындығында олар тойға асығып бара
жатқан еді. Әйелі Кәмәсия да бала-шағасы мен сонда болатын. Қолжуғыштың ішінен кілтті алып, ішке
кірді."Төркінінен әлі келмеген екен,- деді ішінен.- Мен болсам ғой бүгін
тойға барып, мәре-сәре боп
жүрер еді. Көзім тайып кетіп еді..." Жым-жырт үйде кенет ол
әйелі бала-шағасына жаны ашып, көңілі босап кетті.

  Төрге барып жатты да, сыртқа құлақ тұрді.
Басының ішінде ескі вагон ары-бері қаңғып жүрген секілді зырқ-зырк, сарт-сұрт, шиқ-шиқ, өзге дыбысты естір
емес. Сөйтіп жатып ұйықтап
кетіпті.

Дабыр-дұбырдан
көзін ашып алды. Таныс дауыстар секілді.
Әйелінің дауысы ғой!

-        Папаларың
келген бе-ей! Папаларың келіпті ғой!-деген әйелінің дауысынан ол біржола сергіді.

-        Тү-у, сендер
де бүгін ғана жеттіңдер ме! Өй,қошақандарым!-
деп ол орнынан тұрып, бала-шағасына қарай
қозғалды. Қараңғыда жобалап жүріп екі баласын құшақтап,
беттерінен сүйді.

-        Қараңғыда
неғып жатсың. Шам жақсаңшы!- деді әйелі.

-        Оның жайын
саған кейін айтам... Бүгін свет болмайды...- деді ол әйеліне.- Май шам қоя сал.

-        Оның жайын
кейін айтамың не? Шамға не
бопты?Қане? Әйелі өшіргішті
шырт еткізгенде жоғарыдағы люстра көз шағылтып жарқ ете
қалды.

   -Өй, ит! Өй иттің баласы! Әлі
өшірмеген бе?-деп Есіркеп табан асты бүлініп, апыл-ғұпыл бәтеңкесін кие бастады.

   -Қайда.. байғұс-ау?- деді әйелі
үрейленіп.

Есіркеп жауап беруге мүршасы келмей сыртқа атып шықты.

  Ауыл үстіндегі жарық күндізгідей самсап тұр екен. Дизельдің
дүрілдеген дыбысы да естілмейді.Есіркептің ойына әлдене түсіп, сол орнында қалшиып тұрып қалды.

-        Ана төртеуінің
сылқ-сылқ күлкісі жаман еді,
солар бірдеңе бүлдірген жоқ па?- деді соңынан ілесе шыққан Кәмәсия.

-        Қай төртеуі?!

Әйелі төртеуінің атын атады.

 Есіркеп жансыз адамдай сол орнында ұзақ
тұрды. Сонан соң ағаш бұтайтын дөңкеге отыра кетті де,
білегіне маңдайын қойып... жылап
жіберді.

 

                                                     
* * *

   Таң атпай Есіркеп бөлімше меңгерушісінің
үйіне жетіп келді. Тойболды әлі ұйықтап жатыр екен, көзін ашқанда сонау Қара
теңізге кеткен Есіркепті көріп, әрі кісі өлтіретіндей түтіккен жүзінен тіксініп
жастықтан басын жұлып алды.

-        Оу... Ес... Не
болды?- деді тұтығып.

-        Екі тележка
керек!- деді Есіркеп ентігіп.

-        О-оны
қайтесің! Т-ты-тыныштық па?

-        Тыныштық.
Кешке қайтып әкеп берем.

...Есіркеп күн шығар-шықпаста екі тележкамен кеп,үй ішін,
шуылдатып, жүктерін тиеп жатты.

-        Қайда
кешпексің сорлы-ау!- деп әйелі жылап жүр.

-        Бас ауған жаққа?.. Жыламаңдар! Өшір үндеріңді!-деп ол әйелі мен балаларына айғайлап
қояды.

  Жүк тиеліп бола бергенде Тойболды
бастаған бір топ адам Есіркептің
үйіне сау етіп жетіп келді. Ішінде шала мас
кешегі төртеуі де бар. Қақпадан кірген бете төртеуінің
көздері шарасынан шығып  рас
па, өтірік пе дегендей аңқиып-аңқиып тұрып
қалды.

Жылап жүрген қатын-бала мен қатулы Есіркепті көріп, Тәшкенбай бастап оларға лап қойды...

-        Кешір біздей
дорақтарды! Кешір біздей иттерді!Қайдан білейік, ауыл тағы бір күлсін деп едік!-
деп зар илегенде төртеуінің
де мастығы тарқап кетті.

  ...Сәскеде жүк түсіріліп,
жайғастырылып болды. Тарақбай үлкен қисар қойын сойып, қалған үшеуі арақ шарапқа шабылды.

  Кешке Есіркептің үйінде үлкен той
болады. Төртеуі қайта-қайта кешірім сұрады. Енді әзілдесек тілімізге
қотыр шықсын десті. Көздеріне жас алды. Теріс қарап Есіркеп те орамалмен жасын сүртті.Арақ құйылды. Ат басты Тәшкенбай стаканды
қолына алып:

-        Қоныс құтты
болсын!- деді ыржиып.

-        Иттер,- деді
Есіркеп еріксіз езу тартып.