ВЕРНУТЬСЯ

   Ақымақтар-ай, тентектер-ай түге! О, жарым естер-ай десеңші!

Бойына сыймаған күйініш пен өкініш, Қарекеңнің Жан түбінен осы бір сөздерді лақтырып тастады.
"Не жетпейді,опыр-ау не жетпейді екен бұларға. Ел тыныш, қой үстіне боз. Торгай жүмыртқалап, ақ түйенің қарны ақтарылып жатысы мынау. Белі сырқырап
жұмыс істеп жатқан да жоқ қой жүдә.
Енді не жетпейді бұларға? "Осылар жесін,осылар кисін" деп жар құлағын_жастыққа
тимей. жарасқылықты өмірлеріне жаның сүйсініп, "е, құдай, балаларымды
бақытты қыла гөр, өмір жастарын ұзақ қыла гөр"
деп жүргенде бұл ақымақтардың
гуттей ұйыған тұрмыстары
нілдей бұзылып, қақыратып
кетті-ау қабырғаны! Ақымақтар-ай, тентектер-ай түге!

   Қарекең ұзақ түнге кірпік ілмей
жиі-жиі күрсінумен болды. Түн ортасы
әлдеқашан ауып қалған.
Жанындағы кемпірі де көпке дейін көз
жұмбай, әзімен бірге
күрсініп,аһ ұрып жатыр еді, енді маужырап ұйықтап кетіпті.

  "Қайтсін, шаршаған шығар байғұс. Таңның
атысынан күннің батысы қыбыр-қабыр бір тыным көрмейді,- деді Қарекең кемпіріне
аяушылықпен қарап қойып.- Оның үстіне, мына уақиға да оған оңай тиіп жүр
деймісің.Осының бәрін көре-біле тұрып, кейде оған орынды-орынсыз қожыраңдаймын
кеп-кеп. Енді қартайғанда, осым не менің осы? А? Тоба!"

  Дала сүттей жарық. Терезеден дір-дір
етіп ай сәулесі құйылып тұр. Үй ішінде асыр салған ай нұрынан қабырғада ілулі тұрған киім-кешектер
қарауытып көрінеді.Далада да, үйде де мүлгіген тыныштық. Бір кезде сыртқы есік сарт жабылып, маужыраған дүние селт ете түсті.

  "Ерғабыл ғой. Ол неге ұйықтамай жүр
екен? Әй,ақымақ, осының бәріне сен ғой кінәлі. Келін байғұстан ештеңе де жоқ
сияқты-ау. Араларыңа түсіп аброй таба ма бұл адам. Өзіміздікі жөн. Өзіміздікі дұрыс
дейсіңдер де тұрасыңдар ғой түге. Ұрыса беретін жас бала емессіңдер тағы да.
Қайтерсің енді?"

  Қарекеңнің есіне откен күндердің уақиғасы
түсті. Онда Ерғабылдың әлі үйленбеген кезі. Ауылда онбір жылдықты бітірген соң,
араға екі жыл салып Шымкеттегі мұғалімдік институтқа доқумент
тапсырды да, пизика дей ме, қимия дей ме, әйтеуір бірдеңесінен құладым деп
қайтып келген.Сонан соң бес-алты күн бос жүріп, қыз-келіншектермен бірге мақта
теруге араласты.

   Арада бір-екі ай етіп, жиын-терін болған
шақта Ерғабыл қояр да қоймай жүріп, мақта теруден жинаған ақшасына бір мотоцикл
сатып алды. Сол сол-ақ екен, оны үйден табу қиынға айналды. Азанмен тұрып алады
да,шашы желбең-желбең етіп әлгі машинасымен әлек болып жатқаны. "Тамағыңды
ішсеңші, суып қалды ғой" деген сөзге "міні, қазір қазір" деп құдайдың
сәске түсіне дейін жүреді. "Ойбай-ау, алғаныңа шөміш кебетін уақыт болған жоқ,
сенің матасекіліңнің бір бәлесі бар ма, ертеден кешке дейін түрткілейсің де
жатасын. Анау Ергешбай мінеді де жүре береді ғой осы",- деген Қарекеңнің сөзіне
Ерғабыл:

  "Ой, көке-ай, әпкаткіден өткенше күтіп
мінген жақсы,немесе тез тозып қалады",- деп жауап беретін. Сонан соң үйге
кіріп бір пиялай айранды нансыз сіміре салатын да әлгі матасекілін тырылдатып
бір жаққа ғайып болады.

  Қайда баратынын айтып кетсе айналайын дейсің
ғой, ләм демейді. Кейде сол кеткеннен мол кетіп екі-үш күн бойы зым-зия
хабарсыз кететінін қайтерсің. Үйдегі ата-анасы түнемеге кірпік қақшай_тан
атқанша дыр еткен дыбысқа құлақ түріп жатқаны сол.   "Ойпыр-май, мына баласы түспегір аман
боса болғаны. Ана қу темірді қайдан сатып ала қойып еді.
Бір пәлеге ұшырады-ау сол!"- деп Қарекең мен Бибінұр шешей қарап жатып
қайғы жұтады.

  Өстіп, далаға қайта-қайта тың тыңдап,
балаларынан еш дыбыс ести алмай тып-тыныш жатқан бір шақта есік алдына мотоцикл
дүр-дүр етіп кеп тоқтай қалады. Екі қария қуаныштан жүректері жабыла жаздап
есікке жарыса ұмтылады. Қартайғанда ата-ана перзентінің алдында бала болады
екен-ау! "Ой айналып кетейін сенен! Мата-секіліңнен де айналдым-ау. Дүр
етіп жетіп келді әні, о шүкірім"- дейді екеуі.

  Осы жұмыр жер бетінде тек Қарекеңнің ғана
баласы осылайша ерекше жаратылған ба, әлде, барлық әке мен баланың арасында
болмай қоймайтын занды алшақтық па, Ерғабыл даладан
келгенде кәрі адамның жанын жадыратып айызы мен мейірін қандырып ашық-жаркын
бір сөйлемейді. Сұрақ қойса ғана қысқаша жауап береді де, өз бетінше бір
нәрсемен айналысып тұрғаны, тіпті ештеңе таба алмаса адам түсініп болмайтын
қайдағы бір жоқ өлеңді ыңылдап айтып отырады. Мұндағы ата-аналар өзінен жарқын
бір сөз естуге ынтық болып, онсыз өткен екі-үш күндері жылға теңеліп кеткенін,
ай тентек-ай, бір түсінсейші, ой
жіберсейші соған бір.

   Осынай кездерде Қарекең жарыла
жаздайды. Ақыры шыдай алмай:
"Ау, айтсаңшы күмілжімей, қайда болдың,не іс істедің? Біз бөтенбіз бе осы
саған. Үйде бармыз ба, жоқпыз ба, онымен ісің болмайды ғой жүдә-а. Құдай біледі, кіріп келгенде біз өліп жатсақ
"о, өліп қапты ғой мына байғұстар"
дейсің де қоярсың. Ұнжырғасы
түседі де жүреді",- деп ұрысып
кеп алады баяғы. Бірақ,
Ерғабыл:"Не айтамын. Тоқтарбектің үйінде болдым. Жатып кет,жатып кет деп жалынған соң бір-екі күн түнедім"...-
деп сөзінің соңын жұтып қояды.

  Міне, бүгін де тап солай бей-мезгіл уақытта
кіріп келді. Үстінен сәләркенің иісі аңқып тұр. Түнімен диірмен тартып
шыққандай киімдері аппақ шаң.

- Көке, әлі ұйықтамағансыңдар
ма?- деді ол кіре бере.

  Ата-ана ашу атаулыны біржолата ұмытып, ұлын
жас баладай қарсы алып шешіндіреді, жуындырады. Тамақ береді. Ерғабыл осы
кісілердің көңілі қалмасын дей ме,алдына қойған тамақтан аз ғана ауыз тиіп
жататын бөлмесіне кіріп кетеді. Екі күні екі жыл боп күткен ата-ана жүрегіндегі
сағыныш бәсеңсу былай тұрсын, баласына көз тоқтатып қарай да алмай екініп қала
береді.

   Қоңыр күз келіп, жауын-шашынды сіліңгір күн
басталды. Ерғабыл жерге кең себетін жұмысышылардың бригадирі болып бекіді.
Соңғы кезде ол жұмыстан келген соң бұрынғыдай тасыр-тұсыр ете бермей жақсылап
жуынып,шашын майлап, галсгугін тағып, мотоциклімен күнде бір жаққа ғайып
болады.

   Қыс түсті. Бір күні Қарекең қорадағы уақ
малға шеп шашып жүргенде, әлгі айтып жүрген ұзын бойлы, ашаң келген Тоқтарбек,
үйдің қасындағы Ергешбай және өзінің ұлы Ерғабыл үшеуі
үш мотоциклмен арылдатып кеп есік алдына тоқтады. Ана екеуі
"аттарынан" түсіп, Қарекеңе ізет сақтап сыпайы ғана қол беріп
амандасты. Ерғабыл болса, анадай
жерде оқшау тұр.

-        Молда болыңдар,- деді Қарекең сақалын
сыйпап.

-        Әй, Ерғабыл, нағып тұрсың ербиіп, үйге
кіргіз мына балаларды. Ойпырмай, осындай қақаған қыста матасекіл мініп жау қуды
ма сендерді түге, жаз бойы дырылдатқандарың аз болды ма?- Иә,
Тоқтарбек,әке-шешең қуатты ма?

-        Шүкір,- деді ол үлкен адамдарша байыпты
болуға тырысып. Сәлем айтып жатыр.

-        Е, сен осында келетініңді айтып шығып па
едің?

-        Иә. Осы үшеуміз де біздің үйден шықтық.

-        Нағыл дейді! Әй, тентек-ау,- деді
Қарекең ұлына қарап.- Сенің үйде жүргенің жаңа ғана емес пе еді?Астапыралла,
жын ба, пері ме? Сендерді түсініп болмас сірә. Қой, үйге кіріңдер, жаурап,
көгеріп кетіпсіңдер ғой.Үстеріндегі киімдерін қара, тоба-ай! Бір-бір жапырақ жұп-жұқа
шүберекті іліп апты.

  Үйге кіріп, тамақ желініп болған соң
Тоқтарбек Ерғабылға көз тастады да, тамағын кенеп, ұшатын құстай қомданып
қойды. Досының бұл қимылын жүрек лүпілімен күтіп отырған
Ерғабыл орнынан тұрып, өз бөлмесіне кетіп қалды.

-        Қареке,- деді бір кезде Тоқтарбек шай
ішуге дастарқан жайылған соң.- Біз... үлкен бір шаруамен келіп едік.

-        Е-е, қо-ош,- деді Қарекең елең ете
түсіп.- Иә.

 Тоқтарбек өзін кәрияларша ұстап, сабырлы,
байыпты болуға қанша тырысса да, жеме-жемге таянғанда абдырап,үні біте берді.
Сонан соң қайта-қайта тамағын кенеп сөз бастады.

-        Імм... ол себебіміз, Қарекесі мынау еді.
Биыл көктемде, аманат жан аман болса, Ерғабылыңыз жиырма екіге толады екен.

-        Иә, иә, дұрыс балам,- деді Қарекең
Тоқтарбектің ескілікті шалдарша сөйлеп отырғанын, бірақ, онысы өзіне тіпті
үйлеспей тұрғанына аздап езу тартып.

-        Ер-азамат үшін бұл аз жас емес,- деп жалғастырды
Тоқтарбек сөзін.- Біздің бабаларымыз он бес жасында отау иесі болған екен, ал
Ерғабыл үш жылы кем екі мүшелге кепті.

"Е-е,- деді
Қарекең ішінен.- Түсінікті, түсінікті,үйлендірейік демексің ғой. Нұр жаусын
тілегіңе, нұр жаусын балам".

  Бұл игі ниет Қарекеңнің ойында көптен жүр
еді, бірақ онысын ұлына айтуға батылы бармай келген-ді. Енді Тоқтарбектің
аузынан мынадай жылы лебізді естіген кезде, қуаныштан көзі
күлімсіреп, бурыл сақалын сыйпалай берді. Сөз соңын іштей шыдамсыздана күтті.

-        Ерғабыл Надяны сүйеді,- деп бір кезде
Тоқтарбек түйеден түскендей дүңк еткізіп қойып қалды.- Ол да. Екеуінің
жүргеніне жарым жылдай болды.

-        Не дейді!- деді Қарекең шошып кетіп,-
Надясы несі тағы?!

  "Қап бүлдірді-ау,- деп күйінді қатар
отырған Ергешбай ішінен.- Бағаналы бері сылап-сипап келіп, аяқ жағын атала
қылып жібергенін қарашы. "Надя" деп несі бар мұның!"

-        Надя деген Нәзира дегені ғой ата. Біз
еркелетіп осылай атаймыз,- деді шыдай алмаған Ергешбай сөзге араласып.

  Қарекең "уф?" деп демін терең бір
алды да, ауыр күрсінді. Сонан соң "і-і, айта бер" дегендей
Тоқтарбекке қарап қойды.

-        Сол, Қареке, сіз келісім берсеңіз болды.
Тойды жасап жібереміз. Келініңіз тура ертең үйде болады.Келісесіз ғой?

  Қарекең ұзақ ойланды. "Ойпырмай, міне, бұл
күндегі жастардың тірлігі осы, апай-топай,- деді ішінен.-Ерғабыл бағана ғана
осында жүр еді, Токтарбектің ауылына барып кеп қапты. Бұлардың барлық тірлігі
осы міні.

  Қарашы, "ертең келін түседі" деп
аузымен үй кешіріп, үй қондырып отырғанын. Не айтарсың бұларға. Әлгі Бибінұр қайда
жүр?"

  Қарекеңнің өзі діттеп жүрген көрші ауылда бір
қыз бар болатын. Оның әкесімен де әмпей-жәмпей еді. "Құдай қос көрсе,
жекжат боламыз түбі" деп ішіне түйіп жүрген.

Сырт естуінше де,
өзі көруінше де Қарекең қыздың сын-сымбаты мен мінез-құлқын өте ұнататын. Міне,
енді кенет ол ойының бәрінің іргесі қозғалып, шаңырағы ортасына түскелі тұр.

-        Қыздың әке-шешесі бар -ма?- деді әлден
соң ол қоңыр шайды ұрттай түсіп.

-        Бар. Сіңлісі де бар. Біздің үйдің
қасында тұрады.

-        Імм. Олардың
не дейтінін білесіңдер ме?

-        Е, олар не
десін! Надя, а, Нәзира Ерғабылды сүйеді, оған кім қарсы тұра алады.

"Сүйеді. Кім қарсы тұра алады!"- Сөздерін көрдің бе,- деді Қарекең іштей,- Түйеден түскендей-ау,түйеден. Әке-шеше
деген бұларға нақа бір қолдағы кесе секілді.

  Олар бұларды жаман болсын дей ме екен
сірә?..

Сөйтіп, арада бір апта өткен соң, Ерғабылдың үйлену тойы болды. Бұл қуанышына Қарекең көрші
ауылдағы түбі жекжат болармын деп жауап түйген үзеңгі
досы Шерәліні де шақырды. Бірақ, ол жіберген шақыру қағазын нақ той болатын күні бара алмаймын деп қайтарыпты.
Сонда ғана барып Қарекең Шерәлінің де
өзімен жекжат болармын деп үміттеніп жүргендігін, енді келіп тойға шақыртқан қағаз оған шаншудай қадалғанын
түсінді. "Қайтеміз енді,"-деді ол кемпіріне.- Бала үшін ежелгі
достармен ренжісуімізге де тура
келер!"

  Той-томалақ тарқаған соң Қарекең қасына ауыл
шалдарынан екі-үшеуін ертіп алып, көрші колхоздағы құдасының үйіне тартты.

  Қыздың әке-шешесі Нәзирәнің күйеуге
тиетіндігінен бейхабар еді. Тіпті ол Ерғабылмен кететін күні кешке жайбарақат
сіңлісіне көйлек пішіп отырды-ау. Содан соң сиыр сауып, кешкі тамақ әзірледі.
Әрі-беріден соң даладағы итке жуынды да құйған жоқ па? Өз қыздарының ерке
күлкісіне, сыңғырлаған үні, "апа-көке" деуі, бәрі-бәрі де бұл үйдің
ішінде соңғы рет естіліп тұрғанын кемпір-шалқайдан білсін! Олар үшін Нәзираны
әлі анна сүті ауызынан кетпеген жас бала емес пе еді? Осы үйде мәңгіге қалатындай
еді ғой.   Сөйтіп жүрген қыздары бір күн
түнде жоқ болып, орнын сипалатып кеткенде, Молдабай қарттың көкірегін орны
толмас бір ыза, опыныс билеп, ал ана жүрегі қарс айрылды.   Байғұс ана Нәзирәнің анық бұл үйден кетіп,
жат босағаға кеткенін жұрт аузынан естігенде,қызының кеше ғана қолына алып, екі
жеңін ғана бітіре алмай кеткен көйлегін қайта-қайта көкірегіне басып ұзақ жылады.
Жұрт жиналып жапырлап басу атып жатты.

  Осы оқиға аздап ескіріп, әке-шешенің қайғысы
серпіле бастаған шақта үлкен бесінмен таласып, үш құда сау ете қалды. Қарекең
бір баласы екеу болып, әйтеуір бір жат үйге бас құда боп табалдырық аттайтын ең
бақытты, ең қуанышты кезеңді қалай қарсы аларын көз алдына анық елестете
алмаушы еді. Ал дәл қазір, көліктен түсіп, үлкен бастырманың алдындағы қазыққа
ат байлап жатқанда,үйден өзінің ет құдасы бой көрсетіп сәлем бере шықпағанына іштей
налып қалды. "Япырмай-ау, жаман болайын, жақсы болайын, оған мен енді алыс
адам емеспін ғой. Кімнің баласы үйленіп, кімнің қызы күйеуге тимей жатыр.
Күйінбейтін әке болмайды. Бірақ, ашуын ақылға жеңдіріп, өкпе-реніші болса
соңынан айтса қайтеді",-деді үйге беттеп келе жатып.

  Есік алдында үш-төрт әйел пайда бола кетіпті.
Бәрі де сыбырласып қана еріндерінің ұшымен амандасады.

-        Ішке кіріңіздер,- деді орта жастағы бір
әйел сол жақтағы қара матамен тысталған есікті ашып.Үш құда ішке кіре бергенде
қонақтардың келгенін енді ғана аңғарған кейіп көрсетіп Молдабай да есікке
беттеп келе жатыр екен. Олар бір-бірімен қол алысып амандасып болған соң үй
иесі "шешініңіздер"- деді. Осы кезде ауызғы үйден кішкене қыз бен
тағы бір әйел кіріп,қонақтардың киімін шегеге іле бастады. Жаңа жекжаттардың алғашқы жүз
көрісуінің көңілсіз сәттері артта қалып,бес-он минут өткен соң, қонақтар терге
салынған құрақ көрпеге жайғасып отырды.

-        Иә, мал-жандарыңыз аман ба?- деді
Қарекен бірінші боп тыныштықты бұзып.

-        Шүкір,- деді Молдабай ақырын
ғана.-Өздеріңіздің?

-        Ақырындап. Қалай, қыстан күйлісіздер ме?

-        Биылғы қыс қытымырланып тұр ғой, құдай
ақырын берсін,- деді Молдабай тамсана сөйлеп. Сөйтті де есіктен кіре берген
әйеліне әлде не деп ымдағандай болар-болмас иек қағып қойды. Оның мұнысы
"көрші шалдарды шақыр"дегені еді. Әйелі оны салған жерден түсініп,
қайта шығып кетті.

  Арада бір сағаттай уақыт өткенде ішкі үйдің
тері мен босағасына дейін қонақтар тізіліп отырды. Төрге өрмелеген сайын
кісілердің жас жағы да есе түскен. Шалдар жағы кезек-кезек өткен-кеткенді
әңгімелеп, гу-гу күліп қояды.Ал, төменгі жақта шай құйып, кесе ұзатып отырған
ортабуынның адамдары анда-санда "япырмай, міне, пәленше-екем оңай емес
біздің" деп әңгімешіге дем беріп жатыр.Жылқы мен жылқы кісінескенше, адам
мен адам сөйлескенше деген осы ғой. Шалдар жиналып, әзіл-оспақ араласқан соң
Қарекең өзін алғаш кіріп келгендей емес еркін, кең ұстады. Құдасы да жаман кісі
көрінбейді. Болса да келгелі бері бақылап отыр. Әңгімесі дәмді екен.Тыңдаушысын
тамсандырып, айызын қандырып тастайды.

  "Әлбетте, әлбетте,- деді Қарекең өзіне-өзі.-
Қыз ашуы онай дейсің бе? Соның
орнында мен болсам қайтер едім?

 Алғашында солғын болса, кеудесін
ашу кернеген шығар."Ашу алдында, ақыл соңында" деген бар емес
пе?"

  Шынында да, Молдабай сөзшең, ұстамды, аузынан
шыққан әрбір сөзін ойланып айтатын байыпты кісі еді.Оның осы қасиетін Қарекең
бүгінгі кеште-ақ байқап қалды.

Кеш батып, іңір
қараңғылығы үйірілгенге қолға су құйыла бастады. Анда-санда ашылып қалған
есіктің ар жағынан әйелдердің ду-ду күлгендері естіліп жатыр. Және асқа деген
тәбетті қоздырып, есік ашылған сайын жас еттің иісі бұрқ ете қалады.

  Тамақ желініп болған соң осы кеште үшінші рет
дастарқан жайылып, кісілер шай ішуге кірісті. Әлгі бір әңгімешіл шалдар да сөзді
неден бастарын білмей "імм,імм, шай алыңыз кәні" деп қысқа-қысқа үн
қатып отыр.

  Бұл - сөйлеуге сөз таппағандықтан емес, келесі
бір әңгімені неден, қалай бастауды білмегендіктен туған жай еді.

-        Еһе, бұйрық деген осы екен де,- деді
әлден соң Қарекеңмен бірге келген кәрия сөз бастап.- Құдай бұйыртса, міне,
сіздер мен біздер жекжат болдық.Өкінгеннен не пайда, енді қалғаны қуаныш қой
біздерге.Бәріміз де қыз өсіріп отырмыз. Қызы бар үйдің түбі бір өкініші бар. Сол
қызымыздың қай күні кетіп қаларын Алла білсін. Бүгіңдегі жастарға пәлен деу де
қиын ғой.Әкелердің ойлайтыны солардың келешегі екен, теңін тапса дейді екенбіз.
Молда-еке, қызыңыз жаман есікке барған жоқ. Әкесі міне, ақ тілеумен алақанын
жайып алдыңызға кеп отыр. Ұл болса... өз баламызды мақтау жараспас, дегенмен қыз қалаған
соң жаман болмағаны ғой, рас емес пе,- деп аздап күлімсіреп ол отырғандарға
қарады.

-        Е-е, әлбетте. Кім жамандасын,- деген
сөздер тұс-тұстан естіліп қалды.- Імм, айта беріңіз.

  Сөйтіп, құдалар алғашқы таныстықтарын мал-жан
амандығымен әзіл-оспақтан бастап, түн жарымы ауғанда барып, осылайша келелі
кеңеске кешті. Екі жақ мәмілеге келіп, ет құда болайық деп қол алысқанда қыстың
ұзақ таңы сыз бере бастап еді.

  Сол кезде ғана әйелдердің шыдамсыздана күткен
сәттері де жетіп, Қарекеңдердің қоржын-косқұлақтарының аузы сөгілді. Дүние
деген жолдас емес, көңіл құрты. Ол өзгеге құлаған
ықылас пен құрметтің белгісі.

  Қарекеңдердің алып келген үш тоғызы қыз
ауылының адамдарың риза етіп тастады.

Құдасының үйінде
екі күн жатқан соң, жаңа жекжат болған ауылдың қанша дегенмен сыншыл келетінін
ескеріп, Қарекеңдер қайту қамына кірісе бастады.Осы аз ғана күннің ішінде
Қарекең өз құдасымен де,ауыл ақсақалдарымен де тіл табысып, етене жақын болып кетті. Бұлар
жүрер кезде осында келгелі бері танысқан шалдар кәдімгідей абыр-сабыр,
әуен-жәуен боп жиналысып қалды. "Сыйға сый, сыраға бал" дегендей, қыз
төркіні де қарап қалмай үш
шалға үш шапан жауып, тағы да толып жатқан сәлемдемелермен қонақтарын
аттандырып салды.

  Ауылдан қозы көш ұзаған кезде, Молдабай
тізгін тартып,ат басын тежей берді. Қарекең де құдасының ішкі ойын сезгендей
қолындағы күміс сапты қамшысын әдейі жерге түсіріп жіберіп,
соны алғалы аттан түсті.

-        Ал, Қареке,- деді Қаражан атына қайта
отырып қатарласа бергенде Молдабай.- Алғаш жүз көріскенде томсырайған мінез көрсеткенім
үшін қазір өзім ұялып келе жатырмын. Оным
үшін айып етпегейсіздер. "Күйеу жүз жылдық, қайын мың жылдық" деген
бар. Енді, сіз бен біз жекжат болдық. Қыз бердім екен деп керкитін әке мен емес, сыйлағанның
құлымын. Алдыма келіп ақ бата сұрағандарыңызга бек ризамын. Көзіңізге мақтанғаным
емес, ендігі бір арманым жақсы бір құда табу еді, ол тілегім қабыл болған
сияқты. "Бай мен бай құда болса араларында жорға қатынайды, кедей мен
кедей құда болса араларында дорба қатынайды, бай мен кедей құда болса бір-біріне
зорға қатынайды" деген ғой бұрынғылар. Қазір бай кедей деп бөлетін жайымыз
жоқ, сонда да болса, әлгі айтқандай, зорға қатынап жүрмейік. Қыз бердім екен
деп мен сіздерден ештеме дәметпеймін. Тек, аралас-құралас боп отырсақ маған
бәрінен де сол қымбат. Одан басқа не қалды бізге. Әке
үшін балаларының ойнап-күліп жүргенін көруден қызық не бар? Ендігі қалғаны
солардың ғұмырлы болуы, солардың тату болуы.

  Қаражан Молдабайдың сөзшең, ашық-жарқын,
байыпты кісі екенін бұрын да аңғарған еді. Бірақ, оның ішкі дүниесі дәл осындай
кең, әкелік мейірімі терең болар деп ойламаған-ды. Ол құдасына шексіз риза
болды. Біраздан соң ол құдасының шылбырынан ұстап тоқтатты да:

-        Молде-еке, құда құдалық жағымен. Мынау
ақ ниет ақ көңілмен ұсынған достық белгім болсын, алыңыз,- деп күміс сапты
қамшысын ұсынды.

  ...Әлден уақыттан кейін шығарып салушылар
қоштасып кейін қайтты да, үш жолаушы жаңа құдаларының аулынан алып кайтқан
жақсы әсерлерін ортаға салып, қоңыр үнмен баяу әңгімелесіп
бара жатты.

  Ауылға келіп, үш-төрт күн өткен соң да
Қарекең Молдабайды ұмыта алмады. Онымен бірге өткізген үш күн ешқашан
ескірместей боп, жадында сақталып қапты. Тіпті,ол құдасын сағына бастаған да
сияқты. Осындай түндердің бірінде Қарекең кемпірімен ұзақ сөйлесіп, жақсы
жекжат тапқандарын тағы бір еске салып, мақтаныш тұтатын-ды.

  "Құдайға шүкір,- деп қоятын ол бір
күрсініп.- Бала беріп, сол баланың қызығын көрсеткеніңе құлдық. Осы бір жапырақ
қара баланың арқасы ғой жұрт қатарлы жекжат тауып, келін
түсіріп, ду-ду той жасап, ел санатына қосылып отырғанымыз. Ерғабылжан болмасын
кәні, кім келер екен, кім бас сұғар екен осы үйге. Айналайын қара баласынан
сол. Кеше колхоз бастық көріп қалып сонадайдан әдейі атының басын бұрып,
қолымды алып құттықтап жатыр. "Балаңыздың аяғын іліндіріпсіз ғой, құтты
болсын.Биылғы көктемде өзін мақта бригадирі етіп тағайындаймын ба деп жүрмін. Күзді
күні көң төгуді жиырма күн бұрын
орындап шықты ғой, жарайды" деп мақтап кетті. Көрсеткеніне шүкір де! Ертең
ерте тұрып Серғазы молдаға тұмар жаздырып ал да, шымылдықтарының бір бұрышына
тігіп қойшы, тіл-кезден аулақ болсын. Көрсетпе екеуіне де, әйтпесе ашуланып жұлып
тастап жүрер тентектер. Мақұл ма?

- Мақұл емей...
менің де ойымда жүр еді бұл.

  Ата-ана балаларының қамын ойлап, ұзақ түнге
кірпік ілмей шықты. Олар үшін осылай талай таңды ұйқысыз өткізудің өзі бақыт
еді.

  Жастар болса ештеңе ойлап та жатқан жоқ.
Олардың  басында бір-ақ сезім бар еді. Ол
- өздерінің шексіз бақытты екендіктерін сезіну. Сол бақытты да уайымсыз жарқын
өмірлерінің салтанат құруына мейрімді әкелер ата-ананың нәзік қамқорлығы білдірмей
сәуле шашып тұрғанын олар әзірге байқаған жоқ. Және өздері үлкен үйдің бұрышынан
кішкене бір жаңа шаңырақ көтеруі арқылы әкелер мен әкелердің жанына жаңа дүние
орнатып, олардың
арасында жарастықты, шынайы достықтың нәзік отын тұтандырып отырғанын да олар
байқамады.

  Осылайша көрікті өмірдің тағы бір айы артта
қалып,қар енді ери бастаған шақта Қарекең құдаларын шақыртты. Жекжатын жақсылап
бір күтіп алмақ болды.Әрине шақырған жерге ешкім де құры қол бармайды.Сондықтан
Молдабай да қапысыз дайындалды.

  Сөйтіп жаңа көтерілген жас шаңырақ әкелер
арасына осылайша әбігер де тастап кетті. Әйтсе де олардың қалған өміріндегі бар
қызығы мен қуанышы осында жатыр ғой!..

  Қарекең мен Молдабайдың арасы осы шақырыстан
соң бұрынғыдан да жақындасып кетті.

  Арада тағы бір айдай уақыт өткен соң бұларды
Молдабай шақырды. Сонымен, бұрын бір-бірін мүлдем танып-білмейтін кісілер
ежелден келе жатқан туыстардай бас-аяғы үш-төрт айдың ішінде араласты да кетті.
Енді олар бір-бірінсіз тұра алмайтын да болды. Біраз күн келмей қалса
өкпелесетінді шығарды. Ал осы өмірдің бәріне дәнекер болған жас жұбайлар бірде
ана үйде, бірде мына үйде еркін кіріп, еркін шығып, ата-аналар алдында еркелеп
жүре берді.

  Осылайша, күн артынан күн өтіп, олардың бас қосқанына
бір жыл толды. Ерғабыл бұрынғы желікпе мінезін қойған сияқты. Көбінесе үйде
болады. Ерғабыл болса бригадир, Нәзира мектепте пионер вожатый.

  Қарекең осы өміріне күн сайын мың шүкіршілік келтіріп,
балаларының тыныш та тәтті тұрмыстарын тіледі.Бірақ, енді бір жыл өткен соң
толқынсыз көлге тас лақтырылғандай әдемі тұрмыстың іргесі шайқатылып кетті.
Ерғабыл мен Нәзира ажырасты. Олардың не себепті ажырасқанын, араларында қандай
келіспеушілік болғанын Қарекең де, Бибінұр да анық білмеді. Әйтеуір, соңғы үш-төрт
ай бойы олардың анау шағын бөлмесінен анда-санда ащы айғай
естіліп қалып жүрген-ді. Сезімтал әке балаларының күрт өзгерген мінездерін ә
дегенде-ақ байқап қалған. Әйтсе де, "не болды, неге томсырайып жүрсіңдер?" дегі сұраған жоқ. Кемпіріне де рұқсат етпеді.

  "Қойшы не болса соған елеңдей беріп. Ұрысар да
татуласар, араласпай-ақ қояйық"
деген-ді.

 Жаздың жайма кезінде аулына барып кештетіп
оралды. Келсе, үйде әлі шам жағылмапты. Терезе біткен үңірейіп тұр. Оның денесі
мұздап сала берді. Бибінұр, уа Бибінұр, бармысың",- деді ол есіктен кіре
бере. Ешкім жауап қатпады. "Тоба, қайда кеткен бұл үйдің адамдары",-
деп ол ішкі үйдің бөлмесіне кіріп электр шамын жағып қалғанда тіреуге сүйеніп
жылап отырған кемпірін көрді. Қарекең бір сұмдықтың болғанын сезіп шошып кетті.

- Әй, не болды,
неге жылап отырсың Кеш батқанда,- деді ол әйелінің қасына келіп. Бибінұр шешей шалынын
үнін естіген кезде барып басын көтерді де:"кетті",- деді сөзінің ар
жағын айта алмай келесі бөлме жаққа қолын сілтеп.

   Қарекең ауыр бір күнсінді. Сол орныңда
едәуір уақыт тұрды да, баласының бөлмесіне беттеді. Ерғабыл үйде жоқ екен. Сол
күні олар ас та ішкен жоқ, сиыр да саумады, көгеңдегі қозылар
да ағытылмады.

  Ерғабыл дүсір-дүсір етіп, түн жарымы ауғанда
келді.Есік алдындағы аш төбет асыла кетті ме, оның қаңқ еткен даусы естілді. "Итте
несі бар мұның,- деді ұйқысыз жатқан Қарекең
ішінен. 0 байғұстың жазығы не?"

-        Ерғабыл өз бөлмесіне жайғасты-ау дегенде
Қарекең буындары сытыр-сытыр етіп орнынан тұрды. "Қайда байғұс-ау",-
деді кемпірі сыбырлап. Ол үндеген жоқ.Кемпірі де қайта сұрамады. Шалының қайда
бара жатқанын өзі де біліп жатса керек.

  Қарекең ұлының бөлмесіне кірді. Ол сырт
киімін орындық үстіне қалай болса солай тастай-тастай салып, енді жастыққа бас
қойған екен. Ойда жоқта кіріп келген әкесін көріп, жастықтан
басын көтеріп алды.Қарекең сөзді неден бастарын білмей босаға жанында едәуір
уақыт үнсіз тұрды. Бала алдында әкенің де айтарға сөз таппай дәл осылайша
қиналатынын Қарекең осы сәтте ғана сезген сияқты. Әкесінен сөз күтіп, бала да
үнсіз жатыр.

-        Келін қайда?- деді Қарекең әлден соң
мүлгіген тыныштықты селт еткізіп. Ерғабыл да бұл сұрақты іштей тосып жатса
керек:

-        Төркінінде,- деді аспанға қараған бойы.

-        Імм, қайтып келе ме?

-        Білмеймін.

-        Енді кім біледі?

-        Өзі біледі.

 Тағы үнсіздік. "Ойбай-ай, мына күшіктің
сөзін-ай Ә! Тіпті, "атам өлсе қойылар, атан өлсе сойылар" дегендей бейғам
жатыр ғой жүдә. Қиналса нағылдеген екенсің".

-        Не болды, не жетпей қалды сеңдерге? Кінә
қайсыңнан?

-        Білмеймін көке.-"Мазамды
алмаңызшы" дегендей баласы аздап қабағын шытып, басын арғы қабырға жаққа бұрды.

  Қарекең сол орнында ұзақ тұрды да шығып
кетті.Есікті жауып, терең бір күрсінді. Маңдайының терін сүртті. Өз бөлмесіне
енгенде оның келуін шыдамсыздана күтіп отырған кемпір: "Не болды, келін
неге кетіпті?"деген сұрақпен қарсы алды. Шалы үндемеді.Келіндерінің өз
үйлерінен неге кеткенін Қарекең мен Бибінұр ауылдағы кейбір жас жігіттерден
есітті. Олардың ажырасу себебін естігенде Қарекең күйініштен өртеніп, шоқ боп кетті.
"Ойбай-ай, ойбай ғана ақымақтар-ай! Не дерсің, недерсің бұларға
енді. Сол инедей нәрсе үшін...пай-пай-пай, тентектер-ай! Кісіні жерге тірідей көмесіңдер-ау!- деді ол ауыл сыртындағы төбеде отырып.-"Бала
тәрбиелеу жөнінде екеуінің пікірі қайшы кепті!" 0, тоба, бұл не бұл, осындай да жанжал, осындай да талас бола ма екен? Үлкен, ер қабырғасы
қайысатын нәрсе болса бір сәрі-ау.
"Бала тәрбиелеу жөніндегі пікірлері
қайшы келген! 0 сұмдық!- Қарекең мырс ете қалды.-
Ойбай ғана ақымақтар-ай, осыған да адам сүттей ұйып отырған тұрмысын
бұза ма екен. Тіпті, ол
жөнінде екеуінің жиналыста таласып
несі бар десеңші. Осынысы күйдіреді-ау
бұлардың, осынысы. Мына Ерғабылда шайнам ми
болса нағылдейсің. Мектепке барып несі бар-ай оның а? Істейтін жұмысы шашынан асып жатыр. Өз жөнімен жүрсе біреу ұра ма екен? Әй, бұны да жігіт болды, үй болды деп жүрміз-ау!"

  "Ал мейлі, ұрыса қойсын, таласа қойсын
жүдә. Енді соған бола ажыраса ма екен әлде ғана құдай-ау десеңші!

  Бір жиналыста ғана емес, жалпы екеуінің
пікірі келіспепті, сондықтан жиі ұрысады екен" деген не тағы?Бұларға адам
түсініп болмас".

  "Тоқта,
тоқта, құдай-ау, келін осы екі қабат емес пе еді!- деді әлден соң Қарекең
күбірлеп,- мен үйде болған кезімде ұялып, көп аса далаға шыға бермейтін еді
ғой.

Амандық болса
енді бір-екі айда... О, ақымақ-ау, ит-ау,соны көре-біле тұрып мына Ерғабылдың ісін
қарашы енді.Өстіп қой, кісінің зығырданын қайнатып, ішіне ерт салатыны!"

  Күн батып ымырт үйіріліп қалыпты. Ол үйіне
ақырын аяңдады. Үйіне келіп, бір-екі кесе көк шай ұрттаған соң,пияланы төңкеріп
тастай салып, жантая кетті.

  Арада бір-екі ай өтті. Қарекең құдасының аулына баруға әлденеше рет тәуекел етті. Тіпті, бір рет орта жолдан қайтты. Бірақ, осыдан бұрынғы ет
жақын құдасы өзінен суып қалғандай,
барғанмен өзін селқос қабылдайтындай
көрінді. Әрі ол Ерғабыл ақылға көніп келіннің соңынан барар деп те жүрді. Ал Ерғабылдан ондай рай байқала қоймады. Әрі-беріден соң
келіншегі жайлы ойламайтын да сияқты.
Жұмысына барады, келеді.

  Әке-шешесімен жылы жарқын сөйлеседі. Бәлкім
ішкі дүниесіндегі аласапыранды ата-анасына байқатпай жүрген болар.

  ...Ай арқалыққа ауып бара жатыр.
Үй-іші күңгірт тартқан. Қарекең
кемпіріне көз тастады. Ол дәл баяғысынша қимылсыз жатыр. Әлден соң
ауыр ойдан бір серпіліп, орнынан тұрды
да, есік жаққа беттеді. Шегеде ілулі тұрған
жеңіл-желпі киімдерін сұғына-сұғына салып сыртқа шықты. "Әлгінде Ерғабыл далаға
шыққан жоқ па еді, қайтып кіріп
кеткен бе? Оны қалай байқамадым екен?"

  Қарекең сарайға кіріп, ер-тоқымын алып шықты да ат қораның есігін ашты. Тор қасқа шарбақ
есіктің оқыс ашылғанына осқырына бір
қарап, келе жатқан адамның өз иесі
екенін таныған соң оқыранып қойды. Қарекең атты ерттеп мініп, далаға
шықты. Ауыл түгел ұйқыда. Маңайда мүлгіген
тыныштық. Лып еткен жел жоқ. Тек арықтың ар
жағында шашақ атқан жүгерілердің ғана сыбыр-сыбыр еткендері естіледі. Ол арықтағы жайпауыттан кешіп өтті де, жүгері арасындағы жалғыз аяқ жол арқылы жапырақтарды сатырлата құдасының
аулына бет түзеді.

  Жол-жөнекей Қарекең Молдабайды еске алды. Сол
сәтте оның еті қашқан әжімді жүзі бүлк-бүлк етіп, үшкір сақалы шошаңдап кетті.
"Енді не деймін оған, бетін қалай көрмекпін оның. 0 шіркін-ай, қандай асыл
адам еді,қандай жақын болып кетіп едік. Арамыздан қыл өтпестей тату едік.
Жекжат емес, бірге туған ағайындай едік қой.

  Опырым-ау, кеше ғана екеуміз әңгімелесіп,
келесі көктемнен бастап аманшылық болса бір жерден там салайық деп келіскен жоқ
па едік. Енді соның бәрі қайда қалды?

Ақымақтар-ай,
тентектер-ай, сендер екенсіңдер ғой бәріне де дәнекер болып жүрген. Біздің
қуанышымыздың, достығымыздың ұйтқысы да сендерсіңдер-ау.Апыр-ау, күн
жетпегендей жынды адам секілді түнде шыққаным қалай бұл,- деді ол тағы да.-
Молдабай ұйықтап жатқан шығар, енді түн ішінде оны не деп оятамын. Бәрінен бұрын
не деймін, не айтамын оның алдында?Мына ақымақтың ақымақтығын не деп жуып-шаймақпын?!"

  Қарекең осындай ой шумағына шырматылып, құдасының
аулына қалай келіп қалғанын да аңғармады. Және бұл сұрақтың бір де біріне жауап
әзірлеген жоқ.Ол өзіне таныс қорғанның алдына келіп түсті де дарбаза ағашына ат
шылбырын байлай салып, қақпа есігін сықырлата жаймен ғана итерді. Үйде шам
жанып тұр.Олар ұйқтамаған ба? Іштен күңгір-күңгір сөйлескен кісі дауысы
естіледі. Тап осы сәтте қақпа есігі сарт етіп жабылып Қарекең
жалт қарады.

-        Бұ қайсың бұл?- деді шығып келе жатқан адам
үстіндегі бешпетін жоғары бір сілкіп қойып. Қарекең дауысты тани кетті.

-        Молде-еке,- деді ол біршама таңданған
үнмен оған қарсы жүріп.- Бұл сіз бе?

-        Иә, мен. Өзіңіз қайдан жүрсіз жеті
түнде?

-        Ауылдан. Сізбен сөйлескелі келдім.

Екі шал кол
алысып амандасты. Молдабай бұрынғыдай "үйге кір" деп елпектеген жоқ. Бұл
неге өйтпейді деп Қарекең де ойламады.

  Екі құда ай астында қатарласа үнсіз жүріп
келеді. Өзен жақтан ескен жел жүгері мен жусанның бірде жұпар, бірде кермек
иісін әкеледі.Олар ауыл маңындағы бір төбенің басына кеп отырды.

-        Құдағи қуатты ма?- деді Молдабай
жайғасып отырған соң.

-        Қуатты ғой,- деп жауап берді Қарекең селқос
қана, көңілінде бұдан да маңыздырақ мәселе жатқанын аңғартып.- Қуатты ғой,-
деді тағы да, даусын көтере сөйлеп.- Ауыл
арасы таяқ тастам жер болса да, мына тентектердің тентектігі Тұсау болып келе
алмай жатырмыз, құде-еке. Екі ай бойы ат ізін салмай кетті деп маған ренжіп жүрген де
шығарсыз. Оның да жөні бар. Қайт дейсіз, өзіңізге келіп көрінуге беттегі
күйеден көз ұялады.Келмейін деп жүрмін бе? Бұрынғыдай өзіңізбен әңгімелесіп,
ішкі шерді ақтарып қайтуға асықтым да,аңсадым. Бірақ анау тентектер жағынан бір
жылы хабар болып қалар, құданың аулына сонда соғармын деп іштей тынып жүр едім.
Ондай хабар байқалатын емес. Онан соң шыдамым таусылып, түнделетіп осында
жеттім. Неге келгенімді, не айтарымды да білмеймін. Әлде кеңес сұрағалы келдім
бе?

  Қарекең амандық-саулық айтып, орағытып
отыруға төзімі жетпей, еңсесін басқан ауыр ойын осылайша ақтарып салды да, жауап
күткендей үнсіз қалды. Молдабай көпке дейін ләм деген жоқ. Салалы саусақтары
көк шөпті сырт-сырт жұлады. Осы үнсіздіктің ар жағында қандай сезім, қандай толғаныс
жатқанын Қарекең айтпай-ақ сезініп отыр. "Оңай дейсің бе оған,- деді ол
іштей.-Бір кезде алақанына салып аялап отырған қарқаралы қызы айы-күні жетіп
төркініне келіп отыр міне. Ауыл-аймақ,ел-жұрт не демей жатыр дейсің. Көп жүрген
жерде күңкіл сөз болмай тұрмайды. Бұрын басқа бір ауылдың адамдары Нәзираны
айттыра келгенде, Молдабай: "Мен қызыма пәлен деп қолқа сала алмаймын.
Барлық билік өзінде.Қалау соныкі. Көнбегенде елің жаман, жұртың жаман, я болмаса ұлың
жаман деп көнбей отырған жоқпын. Осыны естен шығармаңдар",- деп, келген үш
дүркін қонақты сыпайы шығарып салған. Сол уақиғаның қуәсі болған біраз топ:
"әні, қызың нағыз теңін енді тапты. Ішімді көр дегендей қайтып кеп төріңде
отыр. Қыздай жігітке айттыра келгенде ат-тоныңды ала қашып ең, келешекте осыны
көруге асыққан екенсің ғой"- деп миықтарынан күліп жүрмесіне кім кепіл?
Еһе, бұл жалғанда әке үшін бұдан асқан азап, бұдан асқан қорлық бар ма сірә.
Беу әкелер-ай, соның бәрін үнсіз арқалап, ішінде дүлей арпалыс жатса да оныңды
сездірмеуге тырысасың-ау!"

  Молдабай әлден соң басын көтеріп алып, малдас
құрып отырды. Қолындағы көк шөпті умаждап-умаждап тастай салды да, бойын тік
көтеріп, терең бір күрсінді. Батып бара жатқан айға қарап тұрып:

-        Балаңмен сөйлестің бе?- деді нығара сөйлеп.

-        Жоқ,- деді Қарекең ақырын ғана.

  Молдабай "і-і" деп бір ыңыранды да,
сол бойы үнсіз қалды. "Қо-ош,- деді әлден соң ол тағы да.- Мен не деп кеңес айтайын Қареке. Екеуміз кеңесіп
шешетін нәрсе болмағандықтан ойым онға, ақылым алтыға бөлініп, пәлен етейік деп айта алмай
отырмын.Қайтеміз, нәсіп шығар.
Менің саған өкпем жоқ. Келіп тұр, құдалықтан
ажырассақ та тату кеңіл суымасын.Шығарып
салма сөзім емес, ақ шыным бұл. Ал, ана немелердің жұлдызы қайта қосылатын болса, онда кәрі әке өле-өлгенше армансыз болар еді.

  Осы кезде алыстағы үйдің есігі ашылып іштегі
шам жарығымен әлдеқалай бір әйелдің есік тұтқасынан ұстап,делдиіп тұрғаны көрінді.
Молдабай әлдене күткендей солай қарай еңсесін көтеріп
қадала қалды.

-        Қайнаға-ау, қайнаға,- деп айғай салды
әлгі әйел.

-        Уа, не мен мұндамын,- деп Молдабай
орнынан ұшып тұрып, солай қарай жүрді. Қасындағы Қарекеңді ұмытып кеткен
секілді.

-        Қайнаға, сүйінші, сүйінші. Немерелі
болдыңыз, ұл,ұл! деп оның алдынан ентіге шықты.

- 0 жасаған,
шүкір, шүкір мұныңа. Қатшайым,сүйіншіңе ана көгендегі бір тоқтыны ал, ол аз
болса өзіңе тағы бір көйлек...

  Қарекең сол орнында қимылсыз қатты да
қалды."Қайнаға немерелі болдыңыз"- дегенді естіген кезде, оның буын-буыны
қалтырап, денесінен дәрмен кете бастады."Немере дейді! Құдай-ау
немере дейді. Келінжан босанған ба? 0
тоба, о жасаған!"

  Оның кезерген еріндері осы сөздерді тынымсыз қайталай
берді.Содан соң есін жиып айналасына қарады. Қыбыр еткен жан жоқ. Молдабай да
ішке кіріп кетіпті. Өзі келгенде оның далада
жүрген себебін енді аңғарды. Ол екі аяғына бір-бір батпан тас байланғандай алға
қарай ақырын қозғалды. Сол бойы қақпа алдына кеп тоқтады. Ашық қалған есіктен
қуанышты адамдардың дабұр-дұбыр сөйлескен үңдері естілді. Қарекең қақпаға
сүйеніп тұрып ішке езіле, ентіге қарады.

  Осы сәтте іштен шыр етіп жылаған жас
нәрестенің даусы естілді. Қарекең басын көтеріп алып, қақпаның кедір-бұдыр
тақтайларын сипалай берді. "Айналдым-ау,айналдым-ау үніңнен!
Немере! Менің немерем,Қаражанның немересі. 0 құдай!.. Айналдым-ау
үніңнен!"

   Қарекең кейін шегініп, дірілдеген
қолымен атының шылбырын шешті. Өзін
әлдекім қуып келе жатқандай ер үстіне
жас жігітше қарғып мініп,
аулына қарай шаба жөнелді.  "Тентектер-ай,
әлде ғана тентектер-ай! Өздіңдер-ау, жаншыдыңдар-ау мына кеудені. Қой үстіне
боз торғай жұмыртқалайтын заманда... Қап, ақымақтар-ай! ?'

  Ол үйіне тез жетуге асығып, атына қамшыны
баса түсті.