ВЕРНУТЬСЯ

    Арада алты ай өтіп,
жаңа жылға бір-екі жеті қалғанда Сәргел докторлық дипломын қолына алып, көптен алаңдаған
көңілі бір тынды. Диссертациясын қорғап болған соң-ақ Алматыдағы
ғалым біткен бар жұмысты тастап, тек бір мәселемен - Сәргелдің докторлығын қалайда
бекіттірмеу мәселесімен айналысып жатқандай, Қаратайға сары уайымын хатпен де,
телефонмен де зар илеп айтумен болды. Соңғы рет хабарласқанда Қаратай
табиғатында жоқ мінез танытып, немесе ағасына зекіп тастаған. Бұл сүзек болған адамдай бірнеше
күн бойы қуарып, өз басына өзі ақыр заман тудырып, іс насырға шапты деп
түйген-ді.

  Түнемеге ұйқы көрмей, ас үй мен коридордың
тозығы жете бастаған паркетін сықырлатып жүріп алатынды шығарды. Миллион рет
жүріліп өткен "Ас үй - коридор" "Ас үй
маршруты" өз жемісін де берді: қолынан ештеңе келмесін білсе де ол 'бір күні
аяқ астынан Мәскеуге жүріп кетті."Болар-болмас доктор түгілі, мүше-корреспонденттермен
әрең сөйлесетін аттестациялық хомиссияда "пәленше-еке" деген ешкім
бола қоймаса керек, айдаудан қайтқандай Сәргелдін жағы суалып, жүзі шүңірейіп,пұшайман
болып оралды. Жайшылықтың өзінде төңірегіне күдікпен қарап, уайым олжалап
жүретін ол мына оқиғадан сон мүлде мазасыз боп алды. "Маған жандарың
ашымайды, сендерге бәрібір",- деп ол үй ішіндегілердің апшысын бидайдай
қуырды. "Ешкім менің доктор болғанымды қаламайды, өйткені көре алмайды.
Бәрі де күле кіріп,күңірене шығатын адамдар. Өзінен озған былай тұрсын,осы күні
қатарлассаң да жұрт күндейді. Бәрі жау, бәрі!

    Бұ заманда дос жоқ, "мен, тек мен,
өзім болсам" деген көз. Өзінен артылғанын ғана досына береді, иә, артылғанын
ғана. Ешкімге сенбеймін, Өз ойың өзіңе жау боп тұрғанда басқаға қалай
сенбекпін! Әйеліме ме? Еркектің бірінші жауы - әйелі!"

    Еркектердің ашу үстінде қимасына да тіл
тигізіп, от басындагы әйелден жаман боп кетерін, сабыр сақтап күте тұрсаң баяғы
ер көңілді арнасына қайта түсерін Мәлике жақсы білетін.
Бірақ, Сәргелдің бұл сөздері басқа еркектердей тасыған кезде түбіндегі тасын
бетіне ойнатып шыға келетін ашу өзенінің қасиеті емес, туа біткен оңаза мінез, ызбай көңіл,
күлді бадам түйсік, секемшіл сөзімдерден екенін де ұғып бітті. Ол күйеуімен қарсыласуын
да қойып, жұмысына әдеттегіден ерте кетеді де, жоқтан өзгені сылтау етіп кешірек қайтады. Бұрынғыдай
шегір көзбен қарсы алып,жүрек сыздатар сұрақты бастай берген Сәргелге
"Прекрати,пожалуйста!"- деп қабақ шытып, оның масадай ызындап

көтеріліп келе
жатқан сөздерін топырлатып кеудесіне қайта қуып тығады. Әйелінің үзілді-кесілді
орысша тойтарыс беруі Сәргелді тұйыққа тіреп тастайды. Демек мұндай
сәтте ол неден де болса тайынбайды деген сөз.

   Сол сергелдең мен қырғи-қабақ күндер артта
қалып,енді жаңа жыл мерекесіне жылдағыдан ерекше дайындалып жатқан көз еді.
"Мәлике,- деген әйелі мен екеуінің арасы біршама
жарасым тауып, көңілдері орныққан кезде Сәргел оның қасында жатып,- бұл жаңа
жыл ерекше жаңа жыл - ғылым докторының үйінде өтетін жаңа жыл.Есіңде болсын!"

   "Зәлім,- деген іштей Мәлике,-
мақтаншағын көрдің бе өзінің! Білеміз қалай доктор болғаныңды. Үш ауданның он
жылдық тарихын тіздің де шықтың. Кімге керек ол? Не үшін керек?
Сол аудандарға екі-ақ рет бардың, зерттеуге уакыт қимадың, мені қызғандың. Бар фактілерді
өздері жіберіп тұрды. Сол да ғылым ба, сол да мақтаныш па?"

   -     Жарайды,
жақсылап қарсы аламыз,- деген Мәлике де күйеуіне қарсы келе беруден жалығып.

  Сәргелдің әйелінің жанына көптен бері жатып тұрғаны
осы еді. Қабақ салқындаған соң төсек те салқындап, екеуі екі кереуетте үнсіз
жатып, үнсіз тұрып кететін Мәликенің өз пікіріне қосыла кеткеніне сүйсініп,
Сәргел көзін жұмып,шалқалап жатқан оның төсін сипалады, қолы бірте-бірте төмендеп,
тіміскіленіп бара жатқан кезде:

  -      Қойшы,
орныңа барып жатшы,- деді Мәлике Сәргелдің гуілдей бастаған танауынан бетін бұрып
әкетіп.Сол сәтте жаңа жыл мерекесін тағы салқын қабақпен қарсы алу қаупін
сөзе қойған ол Сәргелді жұбата салмақ боп:- Ерте тұрып салат жасаймын,- деді
бейбіт үнмен.

   Сәргел немқұрайды салқын сөзден суып
үлгірген айырдай ұзын қолын айылдай жинап алды да, құдыққа түсіп кеткен адамдай
ләм деместен үн-түнсіз қалды. Әйелінің өзін төсектен не қуғанын, не қумағанын
анық біле алмай,сондықтан, не ашуланарын, не ашуланбасын тағы ажырата алмай,
көңілін ертеңгі үмітпен жұбатып, өз төсегіне қарай тұрып кетті.

    Сәргелдің гуілдеген танауынан құтылу үшін
түндегі айта салған сөзі өзіне таяқ боп тиіп, Мәлике амалсыз ерте тұрды да,
дайындығы жоқтығына қарамастан қолына түскен нәрседен салат жасап, өз тірлігіне
өзі іштей күліп,асығыс жұмысына шығып кетті.

Мәлике кешкілік жұмыстан
қайтып келгенде, Сәргел залдың есігін айқара ашып қойып, диванда жападан-жалғыз
сұрланып отыр екен. Мұндайда мереке алдында,әсіресе, "докторлық жаңа
жыл" қарсаңында қанша қытымыр болғанмен оның болмашы нәрсеге сұрлана қоймасын
сөзген Мәлике, алдында үлкен бүліншілік тұрғанын салған жерден аңғарды. Сол бүліншіліктің
қандай тұрі боларын ойша шарлап, әрқайсысына іштей дайындалып, ол ұзақ
шешінді. Бұл әбден шешініп болғанша күйеуінің тырс етпеуі оны шынымен шошыңдырайын
деді. Аяғына жеңіл тапочкасын киіп, Сәргелге көңіл аудармай өте
берген оны залдан шыққан "Мәлике!"- деген зілді дауыс ас үйдің
табалдырығын аттай бергенде қуып жетіп, кілт тоқтатты.Ол кері бұрылып,
таңданған пішінмен залдың есігінен қарады.

   -     Сіз
салат жасауға асықпаңыз, таңертең асыққаныңыз да жетер,- деді ол ойламаған
жерден "Сізге" көшіп.- Салатыңыздың мүлде асығыс, мүлде беймөзгіл,
мүлде дәмсіз дайындалуы әйелдердің кей-кейде байқалатынына қулинарияға деген
қырсыздығына мүлдем ұқсамайды. Мұның ар жағында менің күдігімді растай түсетін
дәлелдер жасырынып жатыр. Әрине, өкінішке орай!- Ол жайлап орнынан тұрды.- Сіз
отырыңыз, мында.- Ол өзі тұрып кеткен диванды нұсқады.- Менің ешқандай тамаққа
тәбетім жоқ, салат дегенді атамай-ақ қойыңыз!

  -      Сэр,
не болса да ашып айт, немене мен тұрам да шығып кетем,- деді Мәлике ашу
шақырып. Сөйтті де диванға барып бір шетіне жайғасты.

   -     Қалай
ойлайсыздар, егер мен тамаққа тәбетім жоқ десем, осындай айрықша мереке алдында
жанжалға құлшынып тұр деген ой тумақ па? Әрине, жоқ! Бүгінгі айтатын сөз...

   -     Қысқартып
айтшы, құдай үшін!

  Сәргел Мәликенің сөзін естімеген адамдай
жалғастыра берді.

  -      Бүгінгі
айтатын сөз - жеке адамдардың бір-біріне деген адалдығы, сол адалдыққа әркімнің
көзқарасы мен пікір дегенге мүлде келіспейді. Бұл жерде ерлі-зайыптылардың
адалдылығы деген қасиетті ұғым жатыр. Ол дауласуға жатпайды.

  -      Сонымен?

  -      Сонымен,
қымбатты Мәлике,- ол кеудесін көтере түсіп, даусын кенеп алды,- мен өз
күдіктерімнің рас екенін дәлелдейтін жаңа фактілердің үстінен түсіп отырмын.

Мәликенің іші
қылп ете түссе де, онысын сөздірмей жайбарақат калпын сақтап отыра берді.

   -     Ол
факті - мына менің қолымдағы сигарет тұқылы!- Сәргел алақанын жазып,
"Қазақстан" сигаретінің тұқылын көрсетті.- Бұл залда соңғы рет қашан темекі
шегілгенін мен жақсы білемін, егер содан қалған болса, бұның ескіріп, шаң басуы
керек еді. Бұл мүлде жаңа. Демек, мен Мәскеуге кеткенде шегілген темекі.Темекі
шегіп, тұқылын диван астына лақтыру! Қандай жоғары мәдениет, биік интеллект! Мәликенің өн бойы шымырлап кетті. Өзінің де қауіптеніп
отырғаны осы еді. Сәргел Мәскеуге кеткенде Бағила, Жасын үшеуі Көктебедегі
ресторанға барған.Мәликенің Жасынмен алғаш танысуы да сол еді. Жігіт оған қатты
ұнаған. Түсінігінің кеңдігі, адамдар жайлы ойының нақтылығы, өз пікірін
бүкпесіз ашық айтатыны,жан-жақты білімі, үйде де, түзде де бұрын-соңды бұл тектес
әңгіме тыңдап көрмеген Мәликені бірден баурап алған. Оның қай салада болмасын
тек өз пікірі, өз-топшылауы. оларға деген өз санасында туған батыл да дәлелді көзқарастары
бір сәт өз ортасының мына жігіттен тым алыс екенін, дәлірек айтқанда, өз
ортасынан мына жігіттің тым алыс, тым биікте екенін сөздіріп өткен-ді. "Адамдар
неге осындай болмайды? деген сонда ол.- Неге? Мейлі бәрі бірдей Жасын болмай-ақ
қойсын, жартысының, тіпті,төрттен бірінің осындай болуына мүмкіндік бар ғой.
Неге ізденбейді, неге сәл биікке көтерілуге ерінеді, тоғышар өмірге неге құмар?"
Ол "журналистпін" деп баяғыда танысқан жігіттерді Жасынмен ойша
салыстырып көргенде еріксіз күліп
жіберді. Олардың да білері өз білгенінен аспайтынын, көретін көкжиегі де екінің
бірі көре алатын қашықтық екенін еске түсіріп өзу тартқан.

   Рестораннан шыққан соң Мәликенің көңілі
ерекше қуанып, бүгінгі кешке мейлінші ризалығын білдіріп және осындай сирек,
тіпті, кездеспейді деуге болатын сәтті жалғастыра түспек
ниетпен Жасынды үйіне шақырған.Ол бір жақсы кеш болып етіп еді. Бұрын музыкадан
да, әдебиеттен де хабарым бар деп жүретін Мәлике Жасын келіп кеткен соң өзін
мүлдем сауатсыз сөзініп қалып еді.Жасын оған ұнап қалды. Бірақ ол ұнату
Мәликенің жүрегіне тек орын толмас мұң орнатып, оны өзінен алыстата түсті.
Екеуінің арасында Алатаудай асу бермес шың жатқанын, ол шыңдардың неге
байланысты екенін де жақсы білді. Ішкі
дүниесінде оянған жібек талшығындай бір сөзімнің өсуінен гөрі өшуіне жағдай
жасайтын мыңдаған кедергілердің бірі боп, және ең бастысы боп,өзі өлердей жақсы
көретін Бағиланың тұруы еді.Сол күні күл салғышты алып бара жатып, Мәлике ішіндегісін шашып
алған.    

   Сол күні оңаша қалып, адам баласы, әсіресе,
әйел баласы өз тағдырына өзі әмір ете алмайтынын, өз дегенінше өмір сүре
алмайтынын ойлап жастығын сулаған.Әйел бақытының еркектердің бақытына мүлдем ұқсамайтынын,
тіршілікте қанша биікке көтеріліп, даңққа ие болса да "бақыттымын"
деп сөзіну үшін әйелге олардың аздық ететінін, әйел бакытының тек еркекке
тәуелді екеніне ызаланып жылаған.

  Қазір, Сәргелдің алақанынан сигарет тұқылын көргенде
артта қалған сол бір кеш, сол кешпен бірге Жасын есіне түсіп, жүрегі дір ете
қалды. Сырттай қарағанда, түкке тұрмайтын темекінің
тұқылы үлкен дауға арқау етуге арзымайтын секілді, жат жұртқа әңгіме етіп
айтудың өзі ұят. Бірақ, оның ар жағында басқа сыр жатыр еді, ол -үйге бір
еркектің келуі және оны Сәргелге ешкімнің айтпай, жасырын сақтауы. Демек, үй ішінде
арамдық жасырынған. Қамша қытымыр деп кінәлағанмен Сәргелдің бұл жолғы
күдігінің орынды екенін Мәлике анық түсінді.Енді оның алдында екі-ақ жол
қалған-ды: бірі бәрін мойындау, екіншісі -"білмейміннен" басқа сөз
айтпау.

  Біріншісін таңдайын десе, Бағила мен Жасынның
арасына шоқ түсіріп алудан шошынды, екіншісін таңдауға "білмеймін"
деген сөз мүлде аздық ететіндей көрінді.

  Мәликенің басқа амалы да жоқ еді, соңдықтан
Сәргелдің алақанындағы темекі тұқылына қарап тұрып, басын шайқап, иығын қозғады.

  -      Түсінсем
бұйырмасын,- деді ол мұндай "кереметтің" сырын ашуға Сәргелдің
көмегін сұрағандай оған таңдана қарап.

  -      Ал
маған түсінікті!- Сәргел темекі қалдығын алақанына уыстаған бойы қолын артына ұстап.-
Қазір сендерге де түсінікті болады. Елтай, Ертай! Қане, мұнда келіңдер!

  Мәлике Сәргелдің балаларды шақырғанын естігенде
өзін-өзі билей алмай, орнынан қалтырай көтерілді. "Залым,- деді ол ызасы бұрқ
етіп,- балалардан сұрап алған екен ғой! Неткен
пысықтық!"

  Өзі келгелі бері балаларының сыбысы
естілмегенінен,әкесі шақырған кезде екеуінің де томсырайып-томсырайып келе
қалғанынан Мәлике Сәргелдің оларға ұ,рысқанын тіпті, шындарын айтқызу үшін
жазалап қорқытқанын да сөзді. Екеуі аналарын көріп, қабақтарына қуаныш үйірілгендей
оған жақындай бергенде Сәргел оларды есік алдына тұрғызып қойды.

   -     Елтай,
сен бағанағы сөзіңді қайталап айтшы. Үйге бір ағаның келгені рас па?

 -       Рас.-
Ол анасына бір көз тастады да, қайта төмен қарады.

 -       Ертай,
енді сен айтшы. Рас па?

 -       Лас. Аға ұзақ отылды. Мамамдал да ұзақ отылды.Елтесіне садикке
кеш балдық.- Кішісінің жауабы нақты да аумақты шықты.

   -     Жарайсыңдар!
Енді өз белмелеріңе бара беріңдер!

  Үлкенінің есі кіріп қалған болса керек, бұл
жауаптың жақсылық емес екенін аңғарып, басын салбыратып шығып кетті, Әкесінің бұл
жолы ұрыспағанына қуанған кішісі көп шаруа тындырғандай
тайрандай басып ағасының соңынан жүгіре жөнелді.

  -      Ал,
бұған қарсы айтар басқа дауыңыз бар ма?-деді Сәргел әйеліне қол созым жерден төне
қарап.

 -       Жоқ,-
деді Мәлике болары болған соң неден болса тайынбас кейіппен.- Кінәні
мойындаудан, ажырасудан басқа амал жоқ.

 Сәргел тың тыңдағандай Мәлике жаққа кеудесін
сәл қисайтып оғаш бақырая қарап тұрды да:

   -     Жоқ,
қымбатты Мәлике, неке сіздің ғана меншігіңіз емес, ол екі адамға ортақ нәрсе,-
деді саусағын сермеп.-Арызды мен жазамын. Өйткені қылмыс сіздің жақтан жасалып отыр. Күйеудің
көзіне шөп салу, неке бұзу,моральдық азғындау - ол даусын көтере түсті,- моральдық
азғындау сіздің тарапыңыздан!

  -      Жаз,
жаз, қазір жаз! Қалай деп жазсаң да ерік өзіңде.- Ол диванға сылқ етіп отыра
кетті де, екі қолымен бетін басты.

  -      Бұл
жаста екінші рет әйелден айрылу - біреуінен өлідей, екіншісінен тірідей - маған,
әрине, оңай емес,-деді кенет Сәргелдің де даусы дірілдеп.- Өзім араласар қауым
алдында не бет қалмақ? Мына екі баланың тағдыры қалай болады. Мұны ойламайтын
менің жүрегім жансыз тас емес. Бірақ жеке бастың ары мен намысы адамды қандай
қиындыққа болса да итереді, соған көндіреді. Жұрт алдында өз кінәмнің жоқтығын
дәлелдеу үшін мен сотқа қылмысыңызды ашып жазамын. Төсекте жатқаныңызды ешкім көрмесе де,
мен жоқта үйге бөтен еркектің келуі сіз екеуіміздің ажырасуымызға толығынан
жетеді. Ол еркектің кім екенін мен әзір білуге асықпаймын, оны да сот

процесінің көзінде
біліп алуымызға болады.

  Мәлике жағдайдың тым ушығып бара жатқанын сөзді.Егер
Сәргелді бір амалын тауып тоқтатпаса, мұның түбі үлкен шуға айналарын,
Бағиланың жүрегіне жазылмас жара түсерін, ең соңында, Жасынның да басы дауға
қалып шаңырағының шырқы бұзыларын түсінді.

  -      Сэр,-
деді ол жалбарынған, жыламсыраған дауыспен.- Егер басқа амал қалмаса мен
ажырасудан арланбаймын, бірақ мәселе онда емес қой. Егер бәрін айтып берсем
сенесің бе, түсінесің бе?

  -      Егер
сіздің де айтатыныңыз Бағиланың сөзі болса,мен сенбеймін.

 -       Қалай,
ол да үйде ме?

 -       Бәрі үйде. Мен жоқта осы үйде үш әйел қалғансыздар,
үшеулеріңіздің де төрт кездеріңіз түгел.Бірақ Мәнсия бұл оқиғадан мүлде
хабарсыз екен, сендер иә, сіздер оны өз топтарыңызға қоспапсыздар. Сіздерге оңашалық
қажет болған!

  -      Манс
сенен гөрі маған жақын, әйтсе де, оның мінезін білесің ғой, өзі де қосылмайды.

  -      Біз
көп дауласып кеттік білем,-- деді Сәргел басын тағы бір кегжең еткізіп.- Сонымен,
ол адам кім? Жасырмай айтыңыз!

 Мәлике Сәргел жүрісін тоқтатып, екі қолымен
столды тіреп, өзіне құлағын тігіп, көзін тіктегенде барып:

  -      Мұндай
мәселемен еркектің шаруасы болмаса керек еді, амал қанша,- деді иығын қозғап.-
Біз бұл дауымызбен Бағиланы жерге қаратамыз ғой. Ұят емес пе?

  -      Үйге
еркектің келуі ұят болмағанда оны кім деп сұрау ұят па? Иә, ол кім? Аты-жөні,
қызметін айтыңызшы. Бәлкім, сонда сеніп қалармын.

 -       Немене,
бұл үй бөтен адам кірмейтін, темекі шегуге болмайтын аурухананың реанимациясы
ма?

  -      Сіз
сұраққа жауап беріңіз!

  -      Япырмау,
түсінсеңші! Қарындасының ұнататын адамының аты-жөніне бүйтіп қадалған кімді көрдің!
Оны біліп алғанда саған не түседі? Жасырды деп ашуланасың, Мәскеуден
келгеніңде үйде кімнің болғанын айтып алдыңнан сүйінші сұрап шығуымыз керек пе
еді?

  -      Жоқ,
сен қарындасымды қалқан қылма. Сені ұстап беру оған да оңай
емес!

  Мәликенің мынадай сұмдық ойдан шарасы
таусылып,сөз айта алмай тығылып қалды. Бір сәтке кеудесін ашу-ыза кернеп,
бәріне қолды бір-ақ сілтеп, екі баласын жетелеген бойы үйден біржолата шығып,
жүре бергісі келді.

  -      Сен...
сен мені де өлтіресің,- деді ол сәлден соң кеудесін қолымен басып.- Сыбырлағыңа
шейін арамдық жайлаған. Сенің арамдығың адалды арам етеді. Айтарымды айттым, ары
қарай арың мен арамдығың білсін. Ол буынынан әл кетіп, орнынан тәлтіректеп тұра
бергенде есік аузында тұрған Бағиланы көрді. Жылаған болуы керек, көзі мен екі
беті сәл қызарып, домбығып қапты.

  -      Лике,-
деді ол Сәргелге назар аудармастан.- Сіз мен
үшін көз жасыңызды төкпеңіз. Мен жатақханаға кетем. Бұл жерде енді тұра беруге болмайтынына көзім жетті. Шаңырақтарыңыздың шырқын осы бұзғаным да аздық етпес!

  Бағиланың бұл үйден кетуге шынымен шешім қабылдағанын
жанында тұрған сары саквояж бен портфельден байқап, Сәргел мен Мәлике
бір-біріне қарасты.

   Сәргелдің жанарында "Бұл қалай?"-
деген таңданыс тұрса, Мәликенің көзқарасында "Осыған жетіп
тыңдық",-деген табалау жатыр еді.

  Бағиланың бұл үйден кетуі, шыңдап келгенде, өзіне
ешқандай туыстық ауыртпалық артпайтынын Мәлике әйелге тән шапшаң оймен шолып
өтті. Расында, егер бұл Сәргелге тимесе
Қаратайдың да, оның толып жатқан жора-жолдасын, әйел, бала-шағасын, мына тұрған
Бағиланы да білмес еді ғой, бір-біріне мүлде бөтен адамдар ғой.Күйінсе өз туысы
Сәргел күйіне берсін? Өзі қас пен көздің арасында осылай ойласа да кеудесін
аралап өткен теріс пиғылдан өзі шошынды. Адамды бір-бірімен туыстық қатынас
емес, мейірім мен махаббат туыстыратынын, ол жақындық өз туысыңнан да қадірлі
боларын ойлады. Осы бір жарым жылдың ішінде ол Бағилаға мүлде бауыр басып,
онсыз өмір сүре алмайтындай етене жақын болып алып еді. Қолына саквояжі мен
портфелін ұстап, сол ең

жақын адамының,
ішкі сырын түгел ақтарар адамның кеткелі тұрғаны оған жай оғындай әсер етсе де,
Сәргелдің не дейтінін күтіп, шыдап бақты.

  -      Бұл
не, маған қыр көрсету ме?- деді Сәргел қасына барып.

  -      Жоқ,
өз еркіммен,- деді қыз күбірлеп.-Қалауымша тұруға болады ғой, Лике, солай емес
пе?-

  Ол Мәликеге қарап, зорлана күлімсіреді.
"Сайтан, жылап тұрып күлсе де, күліп тұрып жыласа да әдемі!"- деді Мәлике
іштей.

  Сәргелдің көз алдынан үш адамның портреті -
әуелі Қаратай, оның министрліктегі досы, ректор елес беріп өте шықты. Егер мына
қыз тентектікке салып, бұл үйден біржолата кететін
болса, әлгі үш адамның үшеуі де сол елес сияқты мұның өмір жолынан ғайып
болатындай көрінді. Сол үшеуінің ғайып болу, болмауының бір ұшы осы қаршадай
қызда жатқаны Сәргелді ызаландырса да,өзін байсалды ұстауға тырысып сөз
бастады.

-           
Бәрің
бастарыңнан сөз асырғыларың келмейді,-деді ол бауырмал, жұмсақ үнге көшіп.-
Айып болса да айтайын, ерте ме, кеш пе, жаман ба. жақсы ма, сен де тұрмысқа
шығып, үй боласың. Сол кезде адал өміріңе сырттан сұғанақ қол араласса, жылы ұяңды
жылан аралап өтсе, қай қайсың болса да ашынарсыңдар, тіпті менен де жаман
әрекетке баруларың ғажап емес. Енді кеп өзім байқаған, балаларым көрген
шындықты айтсам, бірің ер-тоқымыңды баурыңа ап тулайсыңдар, бірің бәдәуидей арқаланып
шыға келесіңдер. Соның бәрін біле тұра, сендердің ойларыңша, мен үндемеуім
керек пе еді, дұрыс деп құптауым керек пе еді? Кінә сендерде, бірақ сен кетсең ел-жұрт
не дейді, ауылдағы ағайын не дейді, Қаратай қалай ойлайды. Бір қарындасын
сыйыстырмайды демей ме?Бар, заттарыңды орнына апарып қой!- Ол Мәликеге қарады да:- Неге тұрсың, көмектес- деді бұйырып.

- Мәлике Сәргелдің "сізді" қойып "сенге"
көшкеніне,қытымыр шалдың бұл жолы бауыр-етті қытықтайтындай жылы сөздер айтқанына, Бағиланың екі ойлы боп мүдіріп қалған сәтін
пайдаланып, "Бар, көмектес",- деп бұйырғанына қуанды. Ол саквояж бен
портфельді іліп алды да, Бағиланы иығымен итеріп, ай-шайға қаратпай түпкі
бөлмеге айдап кірді. Олар Бағиланың бөлмесіне опыр-топыр кіріп бара жатқанда, қарсы бөлменің есігі ашылып, өздеріне жеп жіберердей кәрлі көзбен қарап тұрған Мәнсияны байқап қалды.

    -    Неткен
қорқынышты!- деді Бағила креслоға отыра кетіп.

  -      Не
қорқынышты?

   -     Жаңағы
көзқарас! Ол маған ылғи осылай қарайды.Мен оған не істедім?!

 -       Кім
білсін,- деді Мәлике күрсініп.- Не жазғанымды білмеймін, мені де жек көреді. Байғұс
қыз,менен өзге жанашыры жоқ екенін, ешкім мен сияқты жақсылық жасай алмайтынын
білмейді ғой деймін. Еңді оған қандай жағдай жасауым керек? Қолымнан басқа не келеді?..
Қойшы!- Ол бұл тақырыпта айтар сөзі көп екенін, бірақ, оның -қазір ауыр
болатынын білдіріп,қабағын  шытты.- Сұлудың
жүрегі суық болады ғой деймін. Мені қалай қиып кете бермек болдың, соны айтшы?

   -     Сәргел
ағаның жібермейтінін білгем,- деп күлді Бағила.- Ал, жібере қалған күнде де
келіп тұрар едім.

 Мәлике көзқарасын үлкейтіп, оған тесіле қарап
тұрды да:

   -     Мынаның
қуын қарашы-ай!- деді. Жібермейтінін біліп едім дейді.- Сен маған қолың тигенде
келіп тұрасың, ә?! Мен саған бар ғой, мен саған казір сол сөзің үшін сыбағаңды беремін!-
Ол столда жатқан газетті орап алып, оның арқасына сатырлатып соға жөнелді- Ал
сазайыңды, ал!

  Мәлике оны "жазалап" болған соң
"Кешір, кешір Лике, енді олай етпеймін",- деп бұлқынған Бағиланы құшақтай
алды. Оның бетінен, маңдайынан, көзінен сүйді.Өзін қоя берген кезде Бағила
Мәликенің жанарынан жылт-жылт етіп төңіректеген жасты көрді. Ол көзіне неге жас
алды? Қайғыдан ба, қуаныштан ба, кешегісінен бе,бүгінгісінен бе, қазіргі
тіршілік қаракетінен бе, әлде, ертеңгісінен бе - оның сырын ешкім, тіпті,
Мәликенің өзі

де білмейтін. Бұл
да қырық қатпар адам жанының өзге түгілі өзіне де жұмбақ толқынысы мен
тебіренісі еді.

 

                                                 
* * *

   Бірнеше күннен соң Қаратай Сәргелден мәні жұмбақ,мазмұны
күңгірт, бірақ мейлінше ұзақ хат алды. Ол ешқашан бұл секілді ұзақ жазылған
хатты біреуден алып та, біреуге жіберіп те көрген емес, Ашуын ашса да, жалпы
кіріспеден әрі оқуға уақыты болмай, қалтасында екі-үш күндей жүріп қалды.

   Ол бір оқығанда хаттың негізгі айтпақ ойы не
екенін толық түсіне алмай, әйтсе де, жүрегі бір жамандықты сөзіп, қайта
оқыды.Сәргел өз үйінде таяуда болған оқиғаны жазыпты. Оны жазбасына болмағандықтан,
мұндай келеңсіз хабарды әкенің білуі парыз екенін, өзінің сол парызды аттап өте
алмағандығын, бұл сырды ешкімге, тіпті, қыздың анасына да айтпауын өтініп
жазыпты. "Мен әрқашан өз әулетіміздің тазалығы қоғам алдында да, адам
алдында да қызарар тірлік жасамауын, алып-қашты сөздерден аулақ болғанын, көбірек
ойлаймын,"- депті ол хаттың соңғы жағында.

   Қаратай балапанның ізіндей айқыш-ұйқыш,
ірі-ірі жазуларға үңіліп отырып, әрең оқып шыққан. Ертеңгі шайдың көзі болатын.
Ауданның ең алыс, шеқаралық совхозында малдың жайы жаман деген хабарды кеше
естіп, мал шаруашылығы бөлімінің бастығының міңдетін атқарушы Тұрғатты қасына
алып, ертөмен солай жүріп кетпек еді. Бұл бөлменің меңгерушісі пенсияға
кетіп,Қаратай күзден бері осы жұмысты қолынан іс келсе,көрейін деген оймен Тұрғатқа
уақытша тапсырған. Әйелі столға ертеңгі асты әкеп қойғанынша қарай тұрмақ оймен
хатты аша салып еді, сол бойы отырып қалды.Ол бір кесе ыстық шай мен екі-үш
жарпа етті аузына сала салып, орнынан тұрды.

   -     Денсаулығыңды
бұзасың ғой, тамақ ішіп алсаңшы,- деді әйелі оның бұл сөзден соң қайыра отыра салмасын
білсе де жан ашу танытып.

  -      Машина
кеп қалды. Әне, күтіп тұр.

   -     Әлгі
нәрсе не, хат па? Сонша үңілдің ғой?

  -      Жай...
Сенін үстіңнен түскен арыз!

  -      Кім
жазыпты?- Ол да әзілге орай сұрақ қойды.

  -      Студент
кездегі қыздарым. Олар картаймапты, әлі сол күйінше екен.

 -       Олар
не дейді?

 -       Не
деуші еді, әлі үміт үзбепті.

 -       Бар.

 -       Міне,
кетіп бара жатырмын.

 -       Сол жақтың магазиндерінде фламастер болса, ала келші,
балалардың миымды жегеніне үш күн болды. Совхоздарда болып қалады.

  Қаратай әңгіменің тұрмыс қажетімен біткеніне
күліп алды да, үйден шығып кетті.

Батыстан соққан
желкем кеше кештен бері жауып тұрған қиыршық қарды жерге бір қалыпты қиғаш қондырып,
онысына көңілі толмағандай кей-кейде екіленіп,еркінсіп алады да, қайта қалпына
түседі:

   -     Асфальт
біткен соң ары қарай жол бар ма екен?-деді Қаратай аудан орталығынан шыққан
соң.

   -     Жол
жоқ деп естігем. Совхоз орталығына жеткен соң басқа машинаға мінеміз. Түнде
директормен сөйлестім,бәлкім, трактормен жол ашып қойған шығар.- Тұрғат іскерлігін
көрсетіп алғысы келіп, жағдайды нақты баяндауға тырысты.- Төрт шопаннан әзірге
жүз қырық бес қой шығынға ұшырады. Кейбір бөлімшелерде ірі қарадан өлгендер
бар.

   -     Ең
көп шығынға ұшырағаны қайсы?

  -      "Бүргендідегі"
шопан. Есіңізде шығар, былтыр сізге бір шаруамен келіп жүрген, Жасы елулерге
тақап қалған,жеті баласы бар, денелі кісі.

  -      Есімде,
есімде,- деді Қаратай.- Келген.

  -      Жалтыр
бас.

 -       Онысын
қайдам, кеңсеге келгенде жаутұмағын шешкен жоқ.- Қаратай мырс етіп күлген соң
машина ішіндегі шофер мен Тұрғат та кеңкілдей күлді.

   -     Ондай
мінезі бар,- деді Тұрғат, шопандардың әрқайсысын жақсы білетінін танытып.- Райкомға
келгенде бас киімді алуды да білмейді-ау, жарықтықтар.

  Екі сағаттан соң олар совхоз орталығына
жетті. Совхоздың шеқарасы боп саналатын төбе басында оларды директор мен тағы
үш-төрт жергілікті басшылар күтіп тұр екен. Қаратай оларды көрген соң машинадан
түсіп,әрімен кезек-кезек қол алысып амандасып шықты.

   -Анда мал қырылып жатыр, бәрің үйде
отырсыңдар ғои,- деді Қаратай директорға қарап, салқын қабақпен.

 -       Сіз
келеді деген соң...- Ол әлдене дел ақтала бастап еді. Қаратай оның сөзін бөліп
жіберді.

  -      Сонда
мен осы жаққа сендерді түгендегелі келеді деп пе едіңдер!

 -       Қаратай
Исаевич, орнымыздан табылайық дегеніміз ғой.

 -       Сендердің
орындарың анда - мал қырылып жатқан жерде!- деді ол белгісіз қыстау жаққа қолын
сермеп.- Маған өзің қалсаң да жетесің. Ол жаққа жол бар ма?

  -      Бар.
Түнде екі грейдер кеткен.

  -      Түнде?
Мен келеді деген соң? Ал, мен келмесем ше? Құс боп қатынайтын ба едіңдер.

    -    Қаратай
Исаевич, қарап жатқан жоқпыз. Техниканың бәрі қар тоқтатуда жүр. Екі
грейдерді сол жақтан алдырдық.

  Қаратай директорға, сонан соң әліптің артын бағып,үрпиіп үнсіз тұрған қалғандарға жағалай қарап шықты.

   -     "Мал
қора бітті, тауық қораға ағашты қайдан аламыз?" "Мал
қорадан". Володя кешегі журналды көрсетші!

  Қазақшаны қалада өскен қазақтардан он есе
жақсы білетін орыс жігіті тонының ішкі қалтасынан бір сатиралық журналды алып,
прораб пен директордың сөйлесіп тұрған сәті бейнеленген қарикатураны
оның қолына бере қойды.

   -     Міне,
көріңдер!- деді Қаратай журналды директорға ұсынып.- Сендердің де тірліктерің
осы. Егіске дайындалып жатқан техниканы алып жол тазалауға жұмсағансыңдар. Оған
басқа грейдер бөлу керек, арнайы!Ал, көрмегендерің кейін көрерсіңдер. Кеттік!

  Үйіріліп тұрған адамдар бір-біріне
жалтақ-жалтақ қарасты. Ақырында бәрінің жанары анталап кеп директорға
тоқтағанда ол қаймығып барып:

   -     Қаратай
Исаевич, ас-су ішіп алып аттансақ... Біздің рабочкомымыздың әйелі кеше ұл
тауып... Соны біздің үйде сізбен бірге аздап атап өтсек деген ойымыз бар еді,-
деді

үзіп-жарып.

 Секретарь оған бұрылып қарады.

  -      Ұл
тапқан - рабочкомның әйелі. Оны неге сіздің үйде атаймыз?

  -Солай келісілген еді... Қаратай
Исаевич.

 Қаратайдың күлкісі келді, бірақ,
өзін-өзі ұстап қалды.Әйтсе де, "Әйелі ұл тапты",- деген сөзді елеусіз
қалдырғысы келмей, аласа бойлы, қызыл шырайлы, көзі күлімдеген кісіге қарап:
"Дәм ауыз тиеміз. Құтты болсын!- деді.- Ал, қол тимесе". Ол:
"Сыбағамды ала кетермін",- деп зитып қала жаздады да, дер көзінде тоқтай
қалды. Алғаш секретарь болған кезде, шаруашылықты аралап жүріп, бір тойдың
үстінен түсіп қалғаны бар-ды.

Онда да асығыс болатын, аудан басшысы мәмірежай жүре ала ма? Үй иесі мен директордың көңілін көтеру үшін әлгіндей сөзді айта салып еді. Аттанар шақта совхоз кеңсесінен
шығып, машинаға отырғанда
бір-ақ көрді, машина машина
емес, магазин боп кетіпті. Төбе
шашы ду ете қалды.

 -       Бұл
не?- деді ол қасында тұрған директорға қарап.

 -       Екі тоғыз ғой,- деді ол ыржиып.

 -       Ол
неғылған тоғыз?

 -       Тойдың
сыйлы қонағы - сіз. Тоғыз-тоғыз киімнен он сегіз киім.- Директор үлкен азаматтық жасап тастағандай өзіне күлімсірей қарап тұр.

 Қаратай ләм деместен ішке қайта кіріп
кетті. Шоферін шақырып алып, киім-кешектің
бәрін директордың кабинетіндегі стол үстіне үйгізіп қойды. Директор шалдау кісі еді, қоштасарда:

   -       Мынаның
бәрін алып кетіп, тиісті жеріне берсем,халіңіздің қандай боларын білесіз бе?-
деді.

  Директордың көзі атыздай боп кетті.

   -     Солай,-
деді секретарь оның көзі ұясынан шығып кетер ме екен деп бақылап тұрғандай оған
ұзақ қарап.-Екіншілей бұлай жасамаңыз. Бала-шағаңыз бар, қарт адамсыз, сонан
соң кештім!

  Сыйдың арты сотқа тіреле жаздағанын енді сөзген
директор кекеш боп қала жаздап барып әрең тілге келді де: "Сау
болыңыз!"- деген қысқа сөзді қырық беліп әзер айтты.Қаратай да
"сыбаға" деген сөзді енді қайтып аузына алмайтын болған.

   Ол директорды қасына отырғызып алып, шопан қыстауына
қарай бет түзеді.Қаратайдың райын байқаған соң, директор қалғандарды қайтарып
жіберген.Грейдердің түнде өткен жолын тобықтан қар басып,машина жүрісін өндіре
алмай келеді. Аудан орталығына қарағанда бұл
жақтың желі өктемдеу, ызғарлы екен.Қарсы беттен сабалап тұрған қарды машинаның терезе
тазалағышы жанын салып жан-жаққа лақтырып жатса да үлгіре алмай, жол бірде жалт
етіп анық көрініп, келесі сәтте-ақ қайта бұлыңғыр тартады. Машина дөңгелегі ауық-ауық
шұңқырға түсіп кетіп, іште отырғандардың қолқалары үзіле жаздайды.

   -     Грейдершілер
жолдың ескі сүрлеуінен шығып кетіпті,- деді Володя тап-таза қазақ тілінде.
Қаратаймен қазақша сөйлесіп, ауық-ауық шофермен орысша тілдесіп келе жатқан
директор селт ете түсті де, орыс жігітіне қарап тұрып, өзінен-өзі қызарып
кетті. Оның ыңғайсызданғанымен
шаруасы жоқ, Володя жолдан көз алмай өзімен-өзі боп келе жатыр.

Олар жарым жолға
келгенде бетін бері бұрып, маңқиып тұрып қалған екі грейдердің біріне кездесті.
Іште ешкім жоқ шығар деп оны айналып өте бермек болғанда, кабинадан әлдекімнің
қараңдағанын көріп, бұлар машинаны жалма-жан тоқтатты да, үшеуі бірдей аударыла
түсті.

   Бұлар жақындағанда грейдерші де кабина есігін
ашып,келідей бұйра басын қылтитты. Суық сорған жүзі көгеріп,жылқы еріндері
амандасуға әзер икемге келді.

    -    Оу,
батыр, мұнда неғып тұрсың?- деді Қаратай директордан бұрын әуелі өзі тілдескісі
келіп.

   -     Неге
болушы еді, сынып қалдым,- деді жігіт дүңк етіп.

  -      Жолдасың
неге көмектеспеді?

  -      Көмектескенде
бітетін нәрсе емес. Жолыңнан қалмай жүре бер дедім. Қазір ол "Бүргендіге"
де жетіп қалған шығар.

  Жігіттің қалжыраған, ұйқы жеп, аяз сорған
бетінен күлкі нышаны байқалды. Манадан бері оның аудан басшысымен тым өктем
сөйлескенінен зәресі ұшып тұрған совхоз директоры:

   -     Жаның
бар ма, жоғарыдан шіренбей түссеңші жерге!- деп зекіді Қаратайдың желке тұсында
тұрған ол ыммен сес көрсетіп.

  Жігіттің ол сестен сескенетін тұрі жоқ,
қасынан өтіп бара жатқан қозыға, немесе, басқа бір үйреншікті үй жануарына
қараған самарқау төбеттей оған бір қарады да, қоя салды.

   -     Аяғыммен
жер басып үйренбеген адам едім, аянып отырғаным,- деді ол директордың одан
бетер иманын ұшырып.

  -      Қаратай
Исаевич, көңіліңізге алмаңыз!- деп ол құрақ ұшты.- Әй, сен ішіп алғаннан
саумысың, қалай-қалай сөйлейсің өзің?!

 -       Мен
сізге айтарымды кеше айтқам,- деді жігіт кесек астында өскен қауындай жалпиған
мұрнын шуылдата бір тартып.- Сынып тұр, айдалада тұрып қалам дедім.

"Өлсең
өлігің сонда қалсын",- дедіңіз. Міне, қалып тұрмын.

  Аудан басшысының алдында мына оңбағанның
бәрін айтып тастағаны директордың ызасын қайнатты. Оңаша болса жерден алып, жерге
салар еді, тек, Қаратай болған

соң іші қазандай
қайнап, жарыла жаздап әрең тұр.

  "Бәлем, көрермін ертең!"- деді ол
іштей.

   -     Сынар
машинаң сынды, айдалада қалғанша жолдасыңмен бірге кетпедің бе?- деді мына
жігіттің бойынан тазалық пен адалдық байқаған Қаратай оны өзіне жақын тарта
сөйлесіп.

   -     Ол
менің алдымда болатын. Тоқтап қалсам қарама,кешігесің, сен келгенше күте тұрармын
дегем. Грейдердің бұзылып жүргенін ол да білетін. "Жұт жеті ағайынды"

дегендей, мотор
да сөніп қалды. Таңға жуық сөнген.

   Совхоз директоры аудан басшысының бір
трактористке соншалықты жабысып, сыр тарта бергенін іштей ұнатпай қалды. Мұның
бәрін ол өзі жайлы жұмысшылар арасында жақсы  пікір тастап кету үшін жасап тұрғандай
көрінді.

  Әңгіме осымен біткен шығар, енді жүрерміз деп
тұрғанда Қаратай қайта сөз бастады.

Өзің бір ер
келбетті жігіт екенсің. Аяғыңа нешінші размер киесің?- Бұл күтпеген сұрақтан
жерде тұрған директор мен Тұрғат та, "аспанда" отырған грейдерші жігіттің
өзі де аңтарылып қалды. Сөйтсе де сұрақ қойылған сон, жауап бермеске болмасын
түсініп:

   -     Тигенін
киеміз,- деді жымиып.-"Аяғы үлкен тигенін киеді, аяғы кіші сүйгенін
киеді". Біздікі сол, тигені ғой. Қырық үшінші размер!

  Қаратайдың іші әлдене сөзгендей оған тағы
біраз барлай қарап тұрды да:

  -      Көрсетші
аяғыңды,- деді.

Ол ыңғайсызданып,
сәл мүдірді де:

 -       Міне,-
деді оң аяғын жоғары көтеріп.

 -       Бергі
аяғыңды неге көрсете
салмадың?

  -      Кісіге
сол аяқты көрсеткен шариғатқа қайшы.

  -      Ім-м,
шариғатқа қайшы дейсің, ә? Түсінікті. Володя,- деді ол кабинада отырған жігітке
айғайлап.- Мұнда кел!- Ол жетіп келді.- Қанша килограмм көтере аласың?

  -      Штангадан
жүз жиырма. Арқама салса екі жүзге дейін көтере алам,- деді ол күліп.

  -      Ендеше,
ана жігітті аркаңа сал да, машинаға отырғыз. Салмағы көп болса жүз, не жүз он шығар.

  Қаратайдың мына сөзі ойыны ма, шыны ма, ол
жағына түсіне алмай Володя әуелі қасындағыларға, сонан соң ыржиып
"аспанда" отырған жігітке қарады.

    -Байқа, құлатып алма,- деді еңгөзердей
жігіт Қаратайдан басқаның бәрін таңқалдырып.

   -     Қаратай
Исаевич, бұл әзіліңізге түсінбедік,- деді директор әлгі айтқанды орындау керек
пе, керек емес пе дегенді бір тұжырымдап алу үшін.

   -     Қазір
түсінесің.- Сөйтті де машинаға қарай кетіп қалды.

  "Не боп кетті бұл!- деді директор
грейдершіге арқасын тосып тұрған Володяны көріп.- Өң бе, түс пе?Мына
трактористің қылғаны-ай, ә?! Қаратай Исаевич та қызық адам екен
ғой өзі, мұнысы несі?!"

  Кенет оның ойы кілт үзіліп, өңі қуарып кетті.
Володяның арқасына мінген қырық үшінші размер киетін жігіттің сол аяғы жерге
сүйретіліп келе жатқанын көрді.Директор үрей мен таңданыстың арасында дағдарып тұрып
калды.

  Бірнеше минуттан соң машина орнынан қозғалды,бірақ
көпке дейін ешкім жақ ашып үн қата алмады. Ойда жоқта кездескен мына жағдай
әсіресе совхоз директорын тұйыққа тіреп, тілін біржолата байлап кеткен
секілді.Манадан бері артқы жақта емін-еркін отырып келе жатқан Тұрғат екеуінің
өрісі тарылып, қысылысты да қалды. Оның үстіне мына грейдерші жігіт те аудан
басшысының келуіне орай аяғын үсітіп алғанына масаттанғандай бір өзі екі кісінің
орнын алып, жайылып жатыр. "Бұлардың тұяғы қимылдап кетсе міндет,- деді
ішінен директор күйініп.-Аяғы үсіп кетсе де, айдалада жүріп жардан қарғып кетсе
де, бір жерде мас боп қатып қалса да жауап бересің.Соны біліп алған бәлелер. Өз
жаны өзіне емес, басқаға керек секілді, тіпті, сол жанын прокатқа алған адамдай
аямайтындарын қайтесің? Содан біреудің бердемесі кетеді дей ме екен? Ал мені
жазалады, орнымнан алып тастады.Сонда не түседі? Өзінің азап шегетінін неге ұмытады?

Асырап отырған
бала-шағасы бар емес пе? Және, мынадай суықта білдей жігіт аяғын үсіте ме?
Былтырғы қыста екі шопан бірдей адасып кетіп, үш күннен соң табылды, біреуі он
алты жасар бала. Сол баланың екі саусағы ғана үсіді ғой, сонда да балалықтан.
Ал бұл трактордың ішінде отырып аяғынан айрылып отыр. Ұйықтап қалған ғой. Ішіп алып
ұйықтаған шығар-ау".

  Ол көзінің қыйығымен грейдершіге қарап еді,
жылы жерге келген соң ба, маужырап, кірпіктері жұмылып бара жатыр екен, Бағана
оны машинаға көтеріп салардың алдында Володя оның сол аяғын қармен біраз
ысқылаған-ды,бәлкім, сол ем болды ма, әлде, табиғатына біткен шыдамдылықтан ба
қыңқ етіп қиналыс білдіріп келе жатқан жоқ.

   -     Ал
батыр, аты-жөнің кім, айта отыр,- деді Қаратай біраздан соң артқы жактағыларға
мойнын бұрып.

  Жігіт көзін ашып "Маған айтасың
ба?"- дегендей бірнеше сеқунд үнсіз жатты да, еріндерін ғана қимылдатып:

  -      Кенжетай
Оразов,- деді ақырын ғана.- Әкемнің ең кішісімін, сонан соң атымды Кенжетай
қойған. Бірақ алты баланың ішіндегі ең денелісі - мен.

  -      Ең
денелісі бола тұра аяғыңды үсітіп алғаның ұят емес пе?- деді Қаратай оған
күлімсірей қарап.

  -      Сол,
денеме сенем деп құдай ұрып қалды ғой. Киіз байпағымды ауылға барып шығатын болған соң
бір жігітке беріп кетіп ем, үйдегі
байпақты жыңғыл шабуға әкем киіп кетіпті. Сонан соң мына етікпен ғана қалуға тура
келді.Қызық, адам өз денесінің үсігенін
білмей қалады екен ғой!- Ол жан-жаққа
жалт-жалт қарап өзу  тартқан болды.

  -      Жазылып
кетсе жақсы, жазылмаса мүгедек боп қаласың ғой,- деді Тұрғат сөзге араласып.

  -  
Ә-ә,- деді жігіт немқұрайды қолын сілтеп.- Жиырма тоғыз жыл он екі мүшем
сау, бейғам өмір сүрдім, аз емес.Қанағат ету керек. Бұл тіршілікті көрген де
бар, көрмеген де бар, көзегін
күтіп сарылып жатқандар да бар, көзегі келгенмен жарық сәуле көрмей зу етіп
өтіп кеткендер де бар. Мен әке-шешемнің алтыншы баласымын дедім ғой жаңа.
Олардың қалалы жерде емес, далалы жерде өмір сүргеніне де шүкір. Екеуінің екі
дипломы боп, Алматыда жүрген болса, мен деген, қайда-а-а, бұл дүниеге келмес едім
ғой. Алты ағайынды емес, көп болса үш, не екі ағайынды бала боп жүрер едік.
Қалғанымыздың бәрі, алынып тасталар
ек!- Ол отырғандарға тағы бір сыпыра қарап шықты да, жайбарақат жата
берді.Мынадай оқыс та оспадарсыз боп көрінген жауаптан бәрі бір-біріне қарасып
үнсіз қалды.

   -     Кенжетай,
аузыңа не келсе соны айта бермей,байқап сөйлесеңші! Қасыңда үлкен кісілер бар,-
деді директор оны әуел бастан жақтырмай келе жатса да бұл жолы қасылай сөйлеп.

   - Айтып келе жатқаным басқаныкі емес, өз
айыбым ғой. Егер оны да сөкет
көрсеңіздер, қойдым,- деді ол басын терезе
жаққа бұрып.

  Қаратай мына жігіттің ойының еркіндігін,
жалғандық пен жылтыр сөзден мүлде аулақтығын, өзі сыйлаған адам болса жанында
аямас мәрттігі барын байқап, оны іштей ұнатып қалды.
Одан бір сәт көз алмай қарап отырып,тонының сыртқы қалтасынан қылтиып көрініп тұрған
кітапқа көзі түсті.

   -     Осындай
ақ қар, көк мұзда кітап оқып жүрген ер екенсің. Қалтаңдағы не кітап?

Кенжетай мойнын
сәл бері бұрып, калтасындағы кітапты алды.

   -     Екі
рет оқыдым. Қол тисе тағы оқимын ба деп салып жүр едім. Қиын жазатын жігіт
екен. Өзі менен екі~ақ жас үлкен. Ойды қайдан таба береді?!

 Қаратай мұқабасы мыж-мыж боп, кір басқан
кітапты қолына алды да, ішін көрді. Кітапта автордың суреті бар            екен. Өңменіңнен өтердей суық та
ойлы көз тура өзіне қадала қарап тұр. Оның есіне таныс бейне түсе кеткендей болды.
Қайдан керді, қай жерде жолықты? Бір-екі жылдың төңірегінде жазушы атаулымен
жүздескен жоқ еді ғой! Иә, қайдан көрді?..

  Кенет оның жүрегі дір ете түсті. Сол! Сол
жігіт! Бұл жайлы жаздың күні тауда жүргенде Бағила да айтқан.Өздері қупеден
қуып шығатын жігіт!Ол кітап авторының фамилиясына қарады. "Жасын Мәдиев.
Неткен кездейсоқтық!- деді ішінен Қаратай.-Бұл жігітпен ылғи да жайсыз жағдайда
кездесе беретін болдым ғой".

  Қаратай кітапты біраз уақыт аударыстырып
қарап отырды да, жігіттің өзіне қайырып берді.

  -      Уақыт
болса, ауданға барғасын тауып алып оқырмын.

   -     Жиындарда
көп боласыздар ғой. Сонда... қонақ үйде оқып шығуыңызға болады,- деп ақыл қосты
әке-шешесінің қалада тұрмағанына шүкіршілік етіп жатқан жігіт қалтасына кітабын
салып жатып.

  Тұрғат пен директор түнімен суыққа тоңып,
аяғын үсітіп алды ғой деп оның сөзі мен қимылына қарсылық көрсетпей, сырттай қамқор
ниет танытқанмен, мына "алтыншы баланың" тым еркінсіп, Қаратаймен терезесі
тең адамдай оңай сөйлесіп келе жатқанын ұнатпай, іштей қызғанып келеді және өздерін
елеусіз тастағаны үшін аудан басшысына жасырын реніштері де жоқ емес.

  Түске жақын олар "Бүргендіге" де
жетті.Өзі салып өткен жолмен басшылардың қалай келгенін көрмек болғандай, шопан
тамының жанында бауырын көтерген грейдер бұларға бір қырындап қарап тұр
екен.Грейдерші жігіт тамақ ішуге кірсе керек, машина кеп тоқтағанын
естіген соң сыртқа атып шықты. Оның соңынан шопанның әйелі мен сегіз-тоғыз
жасар қызы да көрінді.

   Бұлардың Кенжетайды көтеріп келе жатқанын
көріп әйел мен қыз түкке түсінбей ербиіп тұрып қалды, ал, үйден шыққан грейдерші
жігіт өзінің серігін тани кетіп, оны бас салды. Әуелгіде ойы жаманға жүгірген
болуы керек,серігінің тірі екенін, тек тірі ғана емес, мешел баладай ыржиып
келе жатқанын көріп қуанғаннан, бір жағы басшылардан ұялғаннан сыпайылық
сақтап: "Өй,аузыңды..."- деп әр жағын айтпай бір боқтап алды да, оны Володядан аударып, өзі көтеріп алды. Манадан бері демін ішіне тартып, сілейіп тұрған шопан әйелі сонда барып арқасынан диірмен түскендей бір
күрсінді.

  -      Уһ!
Жаманқараның тайы өліп қалған екен десем...адам екен ғой!- деді ол шапшаң
сөйлеп.

 -       Адам
боп шыққанына өкініп тұрсыз ба, қуанып тұрсыз ба?- деді Қаратай оған жақындай
бере күлімсіреп.

  -      Е,
қайсысы болса да аман болсын! Әлгі райкомдарың қайда, келе жатыр ма?

Аудан басшысының алдында өрескел бірдеңе айтып бүлдіріп жүрмесін деп совхоз директоры жалма-жан сөзге араласты.

 -       Алдыңда тұрған сол кісінің өзі! Қасындағы кісі де аудан
басшысының бірі.

 -       Көтек!
Нағыл дейді, құдай-ау!- деді әйел бетін шымшып.- Әй, Күлзира, бар, көкеңді
шақыр! Жылдам.

  Шешесінің бе әлде өзінен үлкен әпкесінің бе,
үстіне шектен тыс кең күпәйке киіп, оларға сүзіле қарап тұрған қыз бұйрық ала
салысымен алыстағы қора жаққа қарай жүгіре жөнелді. Қарсы алдынан соққан қарлы
желден етегі желбіреп барады, қолпылдаған керзі етігінің екі өкшесі күпәйкесінің
артын барабаншының таяғындай кезек-кезек соққылайды.

  -      Иә,
аман-есенсіздер ме? Ойбай-ау, мынау өзіміздің деректр екен ғой, құдай ұрып
танымай қалғаным. Айып етпе қарағым,- деді ол жасы өзімен қатарлас болса да егде
адамдай тағы да абдырай сөйлеп,-- Мына бір боран да тоқтамай есімізді шығарып
жіберді. Қане, үйге кіріңіздер. Өздеріңнің осы жаққа келетіндеріңді жаңа ғана мына
бүлдізер жеткізді. Үй деген шуы жиналмай, шашылып жатыр. Қазір балалардың әкесі
де кеп қалады.Қаратай мына әйелдің аңқылдаған ақ жарқын мінезі мен ашық
көңіліне риза болғандай сәл жымиып, үйге кірмей-ақ қойсақ кайтеді дегенді
білдіріп еді, ол асаудай тулап шыға келді.

  -      Басшы
болсаңыздар, басшы шығарсыздар, бірақ астан үлкен ешкім де жоқ!- деді ол
назымен ашуын томыртқалап.- Ұрысатын болсаңыздар төр алдында отырып~ақ ұрыса
беріңіздер, ошақ қасында отырып тыңдай береміз. Ай даладағы жалғыз үйлі қойшыға
кім ұрыспайды, тыңдап үйренгенбіз тәйірі!- Оның даусында кенбіс болған мінез
бен жантақ тамырындай тереннен сыр берген ашулы нышан жатты.- Бала-шағамыздың
алдында да бала-шағадан ұрыс есітуге арланбайтын болғанбыз.Кіріңіздер! Көп
болса өкіметтің қырық қойы қырылды деп ашулы келген шығарсыздар. Одан өкімет
кедей боп қалмайды. Малды табатын адам. Қой баққанымызға он жеті жыл бопты, мұндай
қырсыққа душар боп көрген жоқ едік. Содан бері қырық емес, қырық мыңдық
еңбегіміз бар. Арқадан қаққан ешкім жоқ, бәрі дөкей, бәрі көсем,аузын ашса
алғыс емес ұрыс шығады. Ел-жұрттан безіп осы адырда бұ
байғұстар неге жүр деп ешқайсысы ойламайды. Шиеттей бала-шағаның қысы-жазы
көргені осы.Қырық қой қырылды деп... Алдыңғы жылы арыстандай

боп...

   -     Теңге,
болды, болды! Суырылып барасың ғой. Бұл сөзіңді басқа уақытта айтарсың,- деді
ақтарылып келе жатқан әйелді совхоз директоры кілт тоқтатып,- Қаратай Исаевич,
үйге кіріп шықсақ кайтеді. Бір-екі кесе шай ішіп, бой жылытып алған да жаман
болмас.

   Теңгенің талай сырдан хабар беріп өткен мына
сөзінен кейін сәл ғана сәтке ойға шомған Қаратай совхоз директорына қарап,
үнсіз бас изей салды және өзінен әлгінде "Үйге кірмей-ақ қойсақ
кайтеді",- деген ұсынысының мүлдем қате болғанын енді ғана түсіңді.

  Олар кірпіштен салынған екі бөлмелі қоржын
тамның "қонақ бөлме" деп аталатын жағына кіріп келгенде, пеш жанында
состиып-состиып тұрған біреуі жеті, екіншісі төрт-бестер
шамасындағы екі қызға кездері түсті. Пештің арт жағындағы бұрышқа екі грейдерші
жігіт жайғасыпты.Үйдегі аптечканы тауып алып, сау грейдерші үсіген грейдершіге білген
емін жасап жатыр екен. Жан тапсырса да әзілдеп тапсыратын болуы керек, серігінің
қолы денесінің көз келген жеріне тиіп кетсе де Кенжетай "мама" деудің орнына қасақана "папа" деп айғайлап қояды.

   -     Осыларға
қашан ес кірер екен. Үйді тап-тұйнақтай етіп отыратын жасқа келдіңдер ғой,- деп
Теңге үйге сөйлей кірді. Көрпе салыңдар. Кісі келгенін көрмедіңдер ме? Бұларға
айтпаса болмайды, өздері біліп істеу деген жоқ!

  Кішкентай екі қыз аласа саңдық үстіне
жиналған көрпелердің үшеуін қолдасып көтеріп түсірді де, бірін төрге, екеуін
екі қабырғаға жанай төседі. Кішкентайы пысық екен, қимылы ширақ, енкейгенде
бетін жауып кеткен кап-қара шашын ересек қыздай арық қолымен жоғары сілкіп
кояды.Екеуі көрпелерді төсеп, міндеттерін мүлтіксіз атқарып бітті де, пеш жанындағы
дәл баяғы орындарына қайта барып тұрды.

   -     Төртеуі
ұл бала, үшеуі қыз,- деді Теңге балалардың шашылған киімдерін жиып жатып.-
Олардың екеуі оқуда, екеуі әкелерімен бірге жүр. Мына біреуіміз (әлгі екі
қыздың үлкені) биыл біріншіге барып еді, каниқулға келді де, жолды қар басып қайтып
бара алмай қалды.Еңді бүлдізер алып баратын болды. Сіздердің келгендеріңіз де
тәуір болар ма...

  Теңге бульдозерді адам сияқты елестетіп
сөйлейді екен. Ол бульдозер жайлы айтқанда тап бір оның өзі жүріп тұратындай,
жүргізушісі жайлы есіне де алмайды,Қаратай осыны байқады да, әрі ақ көніл
әйелдің бұлардың неге келгенімен ісі жоқ, әйтеуір келгендеріне қуаныш білдіріп
жатқанына аздап жымиып қойды.Қонақтар көрпеге отырған соң Теңге:

   -     Ал,
Сопия, Мәрия, сопиып қарап тұрмай шай қойыңдар,- деді иегімен самаурын жақты
меңзеп. Олар екі айттырмай лып етіп дәлізге шығып кетті.

  -      Қыздарыңыздың
аты орысша ма, қазақша ма?-деді Қаратай Теңгеге күле қарап.

 -       Кім
білсін соны,- деді Теңге пеш үстіндегі үлкен қара қазанды ас дайындауға
әзірлеп.- Ана миы ашқан шалдың қойып жүрген аттары ғой. Әліне қарамай ежелеп кітап оқып
отырады да, сондағы әйелдердің аттарын қыздарына жапсыра береді. Біреуі есеп шығаратын,
біреуі қимия дей ме, пизика дей ме соны шығаратын екі қатын бопты дейді ғой.
Ана алжыған шал екі қызына солардың атын таратып берген. Әні, анау, қойдың кіріс-шығыс
кітабының артына он шақты әлгіндей аттарды жазып қойған. Келесі қыздарына
қоймақшы.- Ойы әлдеқайда жүгіріп барып қайтты да, Теңге мырс етіп күліп
жіберді.-Бір түйір ес болса сөйте ме!

  Үй ішіндегілер түгел күлді. Сол күлкі
бойларын жадыратып, көңілдерін көтеріп кетті. Қазір ғана жұртты жадыратқан Теңге
келесі сәтте қонақтардың миын шыңылдатып, темір қасықпен қазанның түбін қырнай
бастады. Директор қабағын тыржитып отырды да:

   -     Ту,
Теңге, тамақ ішпесек ішпей кетейік, тоқтатшы алдыңдағыны!- деп зекіді.

  -      А,
жақпай қалды ма!- деді Теңге қазанның арғы жағынан бұларға көз тастап.- Қазір
далаға алып шығып қырайын. Біздің шал осыны жақсы көреді. Қолы бос,еріккен
сәтінде: "Қазаның бос болса темір қасықпен қырнашы",- деп өтінеді.
Мен қырнаймын. Ол тыңдап жатады да, қорылдап ұйқыға кетеді. Үйде балалардың
бірі қалмай қыр асып кетеді.

  -      Сіздің
шалыңыз ерекше болды-ау?- деді Тұрғат кеңкілдей күліп.- Кешікті ғой, тезірек
келсе екен!

  -      Былтыр
көріп едің ғой, содан әлі өзгерген жоқ. Қазір кеп қалады.

  Өзгелерге "сіз" деп, бұған
"сен" деп сөйлескені Тұрғаттың намысын қытықтап, сыздандырып кетті.Сәлден
соң көптен сөз боп отырған Көлбай да келді.Есік ашылған кезде ішке әуелі бір
қап аяз бу боп кірді , араб ертегілеріндегідей бу тарқаған соң төр жаққа қарап
тұрған Көлбайдың суық сорды қара қошқыл жүзі көрінді. Ол отырғандармен ернін ғана
күбірлетіп амандасып шықты да, кісі келгендегі үйреншікті орны болу керек, араға бірнеше
адамдық орын қалдырып, төменгі жаққа барып жайғасты. Жағдайдың мәз емес екені
түтіккен жүзінен, конақтарға тайғақтап, тура қарай алмай отырған солғын
жанарынан басшылар анық байқалады.

   -     Шығын
қанша?- деді Қаратай қысқа амандық-саулық сұрасқан соң төтесіне көшіп.

  -      Қырық
еді, жаңа бесеуі тағы қатып қалды,- деді ол қабағы жазылмай.Бәрі үнсіз қалды.

   -     Себебі
не?- Қаратайдың сұрағы директордың көптен мазасын алып отырған сұрақ еді.
Көлбайдың қалай жауап берерін іштей дірілдей күтіп, ол есік жаққа қарап қойды.

  -      Себебі...
себеп деген көп қой... Қайсы бірін айтасың...

  -      Басты-бастылары
кайсы?

  Көлбай көпке дейін кібіртіктеп сөйлей алмады.
Бар себебін айтса, мына алдында отырған директорды аудан басшысының алдында жығып
беретінін, сөйтіп, оны өзіне қырғи қабақ етіп алатынын және бар кінәні біреуге
жаба салғандай боп көрінерін сөзді. Сөйтсе де, бірінші хатшы жауап күтіп үнсіз
отырғасын амалсыздан:

  -      Биылғы
мал арық. Оның үстіне қойлар тым Кеш қырқылды...- деді сөзінің ар жағын
көмейінде қалдырып.

   -     Оған
өзіңіз кінәлісіз,- деді Қаратай.- Тағы не себеп бар?

  -      Кінәнің
бәрін өз мойныма ала салсам қайтеді? Мал сонында өлген қазақ емес пе едік, көп
болса... отырып шығармын...- Оның жауабынан неден де болса тайындырмайтын ызадан
гөрі, себебін түсіндіре алмас бір жағдайлардың бар екенін шаруашылық жайын
көптен білетін Қаратайдың іші сөзгендей болды:

  -      Басқа
себеп жоқ болса... отырасыз,- деді Қаратай,ал бұған қалай қарар екен деп
салқын, жайбарақат тіл қатып.- Бірақ, жоқ малдың орнын өтеп барып отырасыз.Тура
барып отыра салам деп ойламаңыз.

   -     Иә,
тұрмеге отыру да оңай емес деңіз! Дұрыс қой.Он жеті жыл жалаң аяқ жар кешіп,
қызыл аяқ қар кешіп,дүниенің өзге қызығын ұмытып, мал
соңында салпақтайын.

Соңымда бала-шағам жүрсін тоз-тоз боп, жабайы боп.Сонан соң
мен тұрмеге жабылайын! Бәрі қорқытуға
шебер.- Ол қазан жанында күйеуіне үрейлене қарап тұрған әйелін
байқаса да сөзін тоқтатпай, жылт-жылт жанып жатқан
пеш ішіндегі оттан көз алмай айта берді.- Сол қырық бес малды биылғы
сыйлыққа алған малымнан өтейін! Сонан
соң отарларыңызды жинап алыңыздар! Мен де
ел қатарлы орталыққа барып, тыныш өмір сүргім келеді. Не үшін десеңші-ау, не
үшін жүрмін бөрінің мекені болған қу
далада?! Төрт ай қыста екі аяқты адам көрсек жүрегіміз жарыла жаздап қуанамыз. Еститініміз ұрыс пен "түрме" деген сөз болғандықтан қуанамыз ба? Соттасаңыздар, соттаңыздаршы, кетейін,
әтесіне нәлет, бүйткен тірліктің!- Ол
астындағы бөстектің сипалап отырған жүнін
тартып қалғанда жұлынып кетіп
еді, оны пештің астыңғы жағындағы шоққа лақтырып жіберді.

    -    Көлбай,
не болған саған, боқтамай сөйле!- деді директор қызып кеткен оны тәртіпке
шақырып.

  Көлбай оқыс басын көтеріп, оған жалт қарады.
Ашу буып, қас пен көздің арасында көз құйрықтары қызарып,қанталап кетіпті.
Совхоз директоры оның мына жанарынан тайқып, сескеніп қалды.

   -     Боқтаса
несі бар? Оны да халық қажет болған соң ойлап тапқан шығар!- деді Көлбайдың
ызасы әлі де қайта қоймай.- Өмірімде мұндайды көрген жоқ едім,кырық бес мал
арам өлгенде бір боқтаса адам түгілі құдай да кешірер. Сыпайы бол дейді ғой
маған. Күйіп бара жатсаң қалай сыпайы боласың? Ақыры жеттік,жеткіздіңіздер осы
халге!..

  Директордың ашуы қозды. Аудан басшысының алдында
бар кінә өзіне жүктелгелі тұрғанын алдын ала сөзе қойып,оған тіктей қарады.

  -      Айт,
айт қане! Осы кісінің алдында айт! Малыңның арық боп боз қырауға қырылып жатқаны
үшін маған қояр қандай кінәң бар?- Директор жантайып жатқан жерінен басын көтеріп,
оған тек әділдік талап еткен адамның кейпімен батыл қарады.

   -     Жазғы
жайылым көзінде маған соры шығып жатқан жерді бердіңдер ме? Бердіңдер. Малдың
семізін етке айдадыңдар ма, айдадыңдар, басқа отарға ауыстырдыңдар. Ол неге
қажет болды? Қора дайын деп едіңдер, келген соң үй ішімізбен өзіміздің жабылып
жүріп салғанымыз рас па,рас. Он машина жем түсірудің орнына екі машина
түсірілді ме, түсірілді. Бізге деп жинаған мая Мекеден алыс екені тағы рас.
Трактор береміз деген сөз өтірік боп шықты ма,өтірік болып шықты. Күзден
бері трактор көріп отырғаным осы - ол да райком келген сон жол салғалы келді. Енді не
себеп керек? Бұдан соң мал қырылудың
орнына егізден қозы табу керек пе еді! Тірі қалғаны іш
тастайды. Бұл -айғайдың алды, айғайдың көкесі көктемде
болады.Жүзінен елу қозы өрсе
де қуанармыз.

  Көлбай сөзін бітіріп: "Енді несіне
кіналайсыңдар",-дегендей мойнын есік жаққа бұрғанда, Қаратай сұраулы пішінде
директорға, онан соң "Сен не қарап жүр едің?"

дегендей Тұрғатқа
көз тастады. Табан астында бұл сауалдардың бәріне жауап таба алмай, екеуі де
қипалақтап қалды. Өз басын бәлеге шатыстырғысы келмеген Тұрғат,директормен
шаруашылықты аралап өткенін,кемшіліктерді атап көрсеткенін, алыста болған соң
әрбір тапсырманың орындалуын
телефонмен ғана қадағалай алатынын айтып ақтала бастады. Мұның бәріне қанағаттанбаған
Қаратай "болды" дегендей қабағын тыржитқан соң, ол да сөз аяғын жұтып,
таңданған пішінмен басын шайқап барып үнсіз қалды.

  Қаратай малдың қырылуында жалғыз шопанның
ғана емес, совхоз басшыларының да кінәсі мол екенін, сол себептердің бәрін
қазір аша алмасын, ауданға барған соң шаруашылықтары салақсынып кеткен совхоз
директорларын шақырып, ашық сөйлесу керек екенін түсінді. Сондықтан,онсыз да
берекесі қашып, пұшайман жеп отырған шопан байғұстың үйінде
ашу шақырып, талдау жасап жатуды орынсыз тапты. Ең бастысы - ол малшының
ашынған сәттегі сөзін естіді, бір шындыққа апарар күдікті жіптің ұшынан ұстады,
қалғанына көз жеткізу енді қиындық тудырмайды. Өзі келгенге шейін қыстау жаққа
катынау былай тұрсын, тіпті, жолдың да түспеуі оған көп сырды анғартып кетті.

  -      Қырық
бес қойға орталықтан бері қарай жол салып алдық. Есептеп келгенде, құны соған
шамалап қалатын да шығар,- деді әлден соң Келбай тағы шатақ әңгіме бастап-
Қалған сегіз машина жемді жеткізіп беріңдер.

  -      Жеткіземіз,
жеткіземіз,- деді директор әңгіменің шым-шымдап жыли бастағанына қуанып.-
Барған соң кінәлі кім екенін де табамыз. Жем түгел жеткізілді деп естігем.

  -      Мына
қырылған малды не істейміз, актілейміз бе?-Ол сәл ғана мойын бұрып, директорға
қиғаш қарады.

  -      Көреміз.
Барған соң бас мал дәрігермен ақылдасамыз. Өлетіні өліп болды ма, жоқ, жаңағы
санға тағы қосылатын тұрі бар ма?

 -       Кім
білген. Қораны жөндеп, ат арбамен үш-төрт шөп түсіріп алған болдық. Енді өріске
шықпаймыз ғой.

  Әңгіме ушығып барып,бірқалыпты арнаға
түскендей болған соң Теңгенің де қабағы ашылып, ортаға дастарқан жайды. Алды
тоғызда, соңы төрт-бестердегі қыздар да шешелеріне көмек
беріп, дамыл көрмей жүр. Самауыр келіп, шай құйыла бастаған кезде даладан
абыр-сабыр дауыстар естіліп, Володя кіріп келді. Қолындағы үлкен тегеште үйітілген
қойдың бас-сирағы мен ішек-қарны бар.

  - Жеңеше, мынаны қайда қояйын,- деді ол осы үйдің
бір баласындай шаруақор дауыспен.

   -     Жер
құрып қалғандай қайда қояйын дегені несі,-деді Теңге жекіп.- Сүйтіп ұста да тұр!-
Теңгенің бұл жеқуінде кісіні жатсынбайтын өзімсінгендік жатқанын білген Володя
тегешті ошақ жанындағы шағын столға қоя салып, шайға отырды.

  -      Келеке,
сонымен жоқ малдың санын өйтіп-бүйтіп жүріп қырық алтыға жеткізесіз бе?- деді
Қаратай Теңгенің қазанға бас салып жатқанына күлімсірей қарап отырып.

  -      Жоқ,
сол цифр күйінше қалады. Бұл өз малым.Өкіметтің малы шетінен ақ мәліш, менікі
қазақы қара қой. Еті сасық ақ мәлішті сізге сойып не көрініпті!

   -     Япырай-ай,
тым асығыс едік. Тағы да аралайтын отарларымыз бар, бекер әуре боп
жатырсыздар-ау,- деп Қаратай қиналып еді, үй иесі бой бермей қойды.

  -      Сізге
бұйырған мал екен, дәм татып кетіңіз. Біздің үйге жолыңыз түсе бермес.- Ол
кеңкілдеп күліп алды да: Менің де малым жыл сайын қырыла бермес,- деп қосып
қойды. Оның бұл сөзіне отырғандар де гуілдеп,көңілді күйге түсіп қалды.

  "Ел іші жақсы ғой,- деді Қаратай,-
айтарың бар ма! Бәрін көтереді, көндігеді,ұрысады, сөгеді, ашуланады,керек
болса боқтап та жібереді, бетіңді көрместей боп кетеді. Соның бәрінің соңында
кешірім жататын қайран халқым-ай. Кеңсіңдер ғой. Кейде тілдейміз, қорқытамыз,тұрмеге
жабам деп те қоқан-лоққы жасаймыз. Заң талап етсе солай етеміз де. Жұмыс бабы,
ел қамы, олай етпесек тағы болмайды. Бәріміз де қара басымыз үшін жүрміз
бе?Менің де үй бетін көрмей, әйел-баламмен сөйлеспей жүргеніме не себеп? Өкімет
артқан сенім. Сенімнің үлкен-кішісі тағы жоқ, ақтауың керек".

  Ол төменгі жақта шай ішіп отырған үй иесі
Көлбайды бұрын да көрген. Бір ренжісе осы адам ренжір еді: "Кісі емес
екенсің", деп сырт айналуына да қақысы бар. Жоқ,олай етпеді, қойын сойып,
қолын қусырып, бұрынғы ренішінен із де қалмай қазақы, дархан мінез танытып отыр.
Мені көрген жерден сырт айналса не істер едім?Шынында, не істеймін?
Алдындағы бір отар қойын тартып алармын,
сол болар ма еді бар тындырғаным?
Бір отар қой оған басқа ауданнан да табылады. Сол жақта жұртпен тіл табысып, жақсы істеп кетсе, алыстағы
мен қызармаймын ба?

  Алдыңғы жылы інісі сотты болып, Көлбай мұның алдына
бірнеше рет келген. Інісі екі-үш жігітпен қосылып кешқұрым көрші совхоздағы
студент қыздарға бармақ болады. Бидай орақтың қайнаған көзі. Мұның бортында бір
тоннаға жетер-жетпес бидай қалыпты, оны да өзіне бекітілген комбайн сынып қалған
соң, бір айналып келермін, қырманға бір тонна бидайға бола несіне барам деп,жігіттерді
жеткізіп салуға уәде береді. Жігіттерді қыздар жатақханасының алдына түсіріп, жұмыс
біткен соң қайтып келуге уәде беріп, аңызға қайта кетеді. Жолда мұны учаскелік
милиция ұстап алып, бортындағы бидайды көреді де, акт
жаза бастайды. Байғұс бала жағдайын қанша айтып түсіндірсе де ана қырсық көнбей
қояды.

  Ақыры ісі сотқа түсіп, мұны бір жылға бас
бостандығынан айыру қаупі төнеді. Сол кезде Көлбай Қаратайға өлердегі сөзін
айтып талай кеп еді. "Заңнан аттап кете алмаймын.Әділ жазасын
алсын",- деп ақырғы рет оны кабинеттен қуып шыққандай болып еді. Ел
сөзіне, тіпті, аудандық проқурордың пікіріне қарағанда жігіт текке кеткен
секілді.Оның астықты ұрлап бара жатпағанын, шынында, ешкім білмейді. Және, орақ
көзінде мұндай жаза қолдану басқа жердегі сұғанақ колдардын тиылуына себебін де
тигізеді.Қысқасын айтқанда, Көлбайдың інісі басқаларға тоқтау салу үшін мысал
ретінде кетті.

  Қаратай сол кезде іске араласқанда, аудандық
сот,әрине, мұны тыңдайтын еді. Кейіннен өкініп қалды. Сол қаталдығы үшін,
жалбарынып сұрағанда, қол ұшын бермегені үшін осында келе жатқанда да өз-өзінен
қысылып келді. Сол оқиғаның бәрін ұмытқандай Көлбайдың қазіргі жалпақ көңіл,
жайылма суат мінезі Қаратайға кеңдік пен кешірімдікті үйретіп кеткендей болды.
Және, оның бойынан аудан басшысы болған соң ғана кешірім, кеңдікке салынып
отыру емес, табиғи тазалық, табиғи адамшылық жатқаны байқалады.

  Қаратай шай үстінде де, қазанға салынған ет
піскенше малдың қора-қопсысын, жемшебі мен барлық жағдайын көрмек боп аралап
жүргенде де Көлбайдан сол інісінің жайын сұрамақ боп әлденеше рет оқталды.
Бірақ, ескі ренішті қайта қоздырғысы келмей, бәрінде де өзін-өзі тежеп қала
берді.

  Екі сағаттан соң олар шопан үйімен қоштасты.
Сау грейдерші "үсіген" грейдершіні күні бойы әуеніне төңкеріліп жүріп
бетін бері қаратқан. Аяғына жан кірді деп ет үстінде бәрі қуанған. Сол қуанған
бойда оны көрпеге қалың орап, серігі өз грейдеріне салып, бұлардан әлдеқайда бұрын
жүріп кеткен. Жүрер алдында ол Қаратаймен қоштасып тұрып: "Бір өзіңіз екі Адам
екенсіз",- деді. "Жүрегіңізде ақын, көзіңізде ақыл жатыр. Батыл
айтқаныма кешіріңіз. Сау болыңыз",- деген.

  - Не оттап тұрсың, бар жөніңе!- деп директор
зекіп еді, Қаратай оны көзбен тоқтатып, жігітпен жылы қоштасты.

  Қаратай Көлбайдың каниқулға кеп, мектебіне
қайтып жете алмай қалған кішкентай қызын машинамен орталыққа алып кетті. Қоштасарда
Көлбайдың үй іші түгел далаға шықты. Әпкесі алыс сапарға аттанып бара жатқандай
ең кенже қызы ебіл-дебіл боп жылады.Сәлден соң айдаладағы шопан үйі қарлы
боранның ішіне араласып, кезден ғайып болды.

  Қаратайдың кеудесіне ерекше бір қимас мұң
орнаған сияқты. Оның не екенін, неге байланысты екенін, әзірге анық біле
алмады.Ол келесі отарға жеткенше қасындағыларға ләм деп тіл қатқан жоқ.

  Қаратай үйіне түн жарымы ауа жетті. Әйелі
есік ашып оның киімін шешті, әдеттегісінше кімдердің телефон соққанын, не
жаңалық болғанын қысқа ғана айтып шықты.Ол бір кесе шұбат ішті де, ұйықтап
жатқан балаларының маңдайынан иіскеп, төсегіне қисайды. Көзін қанша жұмса да ұйқысы
келмей қойды. Бүгінгі оқиғаның бәрі бір-бірлеп елестеумен болды. "Қанша
дегенмен ел ырысын жасап жатқан солар ғой, қайран жаны таза жандар-ай,-деді
ішінен. Сонау бір қиянда, ақ түтек боранның астында жалғыз үй қалды. Он жеті
жыл бойы осылай боп келеді.Табиғаттың ыстық-суығымен араласып келеді. Балалары да ерте пысыған,
ересек адамдардай, біздің балалармен салыстырудың өзі ағаттық. Олардың бала
болуы керек еді ғой, ол қасиеттері қайда? Жаздың аптабы мен қыстың бораны ұрлап
кеткен бе? Кездері қандай ойлы, сөздері қандай мағыналы! Даланың табиғатындай
таза жүрек, таза көңіл. Не айтсам соған сенетін, қалай бұрсаң солай кететін аңқау көңіл. Жоқ,
аңқаулық емес, тағы да сол тазалықтан, иә тазалықтан. Балалық тазалықтан емес,
табиғи тазалықтан. Әке-шешесі де солай. Көңілі түссе қиналып отырып ердің құнын
кешуге бар. Он жеті жыл бойы мал жайы болмаса, өз жайын айтып ешкімнің алдына
бармапты. Қара үзіп алға шықпаса да, қолынан келгенінше адал жұмыс істеп
келеді. Кейбіреулер сияқты көзге көлгірси,жалған әрекеттен аулақ. Адамның
болмасын, оны қандай тірлікке бейімі барын кезден тануға болады ғой. Адамның бірінші жауы -
екі көзі, ол бәрін айтып тұрады, тек оқи білу керек. Көлбай мен Теңгенің көзінде
бір-ақ нәрсе жоқ - ол арамдық. Сол қасиет балаларына көшкен, сол қасиет оларға
мирас боп қалады. Қызық-ау, сол қасиеттің қайнар көзі - Көлбайды жазаға тарту, тұрмені
айтып,-ол ызалы тұрде мырс етті,- қорқыту жанын тасыту! Не үшін? Он жеті жыл
адал еңбек еткені үшін бе? Қырық бес қой үшін жазаға тартылмақ па? Он жеті жыл
адал еңбектің құны қырық бес қой болмақ па?! Сол жылдардың ішінде ол өсірген мал
қанша мың болды? Оны неге ескермейміз?- Ол сағатына қарады, түнгі екі бопты.
Енді бес сағаттан соң тұру керек.

  Қаратай көзін қайта жұмды. "Жетер, енді ұйықтамаса
болмайды, ертең жұмыс. Қызық-ау, ойланып жатуға да уақыт жоқ. Күнде
осылай".

  Бір сәт грейдерші жігіт есіне түсті.
"Ақын, ақыл".Менің ойыма келмейтін сөздер. Маған айтылғандығынан емес,
сөзді тере білуін айтам. Есті жігіт болуы керек.Мұндай мінездің адамдары жаман
болуы мүмкін емес.Директор оған неге зекіді, ол неге бәріне зекиді? Ол не,сол
совхоздың орта ғасырлық қожайыны ма? Оның көзінше көп жайлар айтылды-ау?! Ұзата
бермей мән-жайды тез анықтау керек. Басқа отарларда да жағдай осындай боп
шықты. Иә, созбау керек! Әйтпесе, шаруа жайы оналмастай боп құлдырағалы тұр.

Оның есіне кенет
грейдерші жігіттің қалтасындағы кітап түсті. Бағиланың таудағы сұрағы оралды.
Онан Сәргелдің хаты. Оның да тұспалдап айтып отырғаны осы жазушы болмасын.
Бағила бұл жігіт жайлы маған неге айтты? Тек, қупеден қуып шыққанымызды еске
салу үшін бе? Тек сол үшін ғана ма? Шатасқан бір дүние!"

  -      Не
ойлап жатырсың?- деді әйелі оның әлі ұйықтамағанын сөзіп.

  -      Жай,-
деді Қаратай түнгі шамды сөндіріп,- Алматыға барып қайту керек қой деймін.

  -      Не,
партактив пе?

 Қаратай мырс ете түсті.

  -      Иә,
соған ұқсас. Семьялық актив!

 

                                                        
* * *

 

    Көктемде Жасынның жаңа кітабы жарық көрді. Бұл
оның үшінші дүниесі еді. Кітап аннотациясында: "Автор бұл шығармасында
замандастарымыздың жарқын бейнесін жасауға тырысқан.
Олардың махаббаты, туған жерге деген ыстық сөзімі, достықтары мен ізгі
қасиеттері, өмір жайлы толғаныстары айшықты тілмен әсем суреттелген. Повестің тілі
жатық, қызғылықты, жеңіл оқылады",- депті. Аннотацияны Жасынның өзі
көрмеген еді, оқыған кезде жүрегі айнып, кітап бетін ары қарай ашуға зауқы соқпай
қалды...

  "Неткен жаттанды, жауыр сөздер! Мұнан
соң бұл кітапты кім оқымақ, кімді қызықтырмақ?"

 Газеттер аты шулы автордың араға үш жыл салып
ұсынған кітабы жайлы ләм демеді. Мұндай шығарма дүниеге келмегендей, ондай
кітап жазылмағандай не рецензия,я болмаса, басқа әдеби мақалалардың ішінде
аталмады да.Сонда, Жасынның үш жыл бойы санасын сарсылтып ойлаған ойлары, жасаған
образдары, фантазиясы мен философиясы сөз етуге тұрмайтын болғаны ма? Олай
болса жазудың қажеті не? Тек кітап шығару үшін ғана тер төккені ме? Ондай
кітаптың Жасынға керегі қайсы?Ол әдеби апталық газеттің соңғы номерін алды. Өзі
қатарлас бір жазушының таяуда шыққан повесі жайлы үлкен мақала басылыпты.

  Жасын ол повесті қолжазбадан оқыған, авторы
пікір айтуын сұрап әкеп берген. Шығарма оған мүлде ұнамаған еді. Ұнамау былай
тұрсын, онда көркем шығармаға арқау етіп алуға болмайтын, арзан оқиғалар
баяндалыпты. Оқу бітіріп келген жас маман, оның махаббаты, совхоз директорымен
шаруашылық жайлы таластары, парторгтің іштей жас маманды қолдауы, сүйген
қызының неге екені белгісіз,бұдан теріс айналуы, оның арзан сары уайымы, үйіне келгенде
шаруашылық проблемаларын қабырғасы қайыса ойлауы, ақыры директорды жеңуі (?!),
сонан соң ғашығының оның алдында қателігі үшін кешірім өтінуі, жалған көздің
арзан жасы, олардың табысуы.

  "Япыр-ай,- деген Жасын шығарманы оқып
біткен соң шын күйініп,- шынымен осыны көркем шығарма деп жазды ма, осыған өзі
сенді ме екен? Және осыны творчество деп, сол творчество жолындағы жаңа
қадам деп түсіне ме? Қазіргі
әдебиетіміздің деңгейі осындай болу керек
пе? Енді осыны оқушыға ұсынамыз
ба? Бейшара әдебиеттің обалын
қайтеміз, оны неге адам алғысыздай арзандатамыз? Егер мен бұл шығарманы
мақтап берсем ше? Ол сене ме, шынымен
сене ме? Көркем шығармаға тән ой қайда, мінез қайда, Адам қайда, тіл
қайда? Бірі жоқ! Онда жазушы болып не
керек? Жазушы деген ұғымға қалай жеңіл қарап барамыз? Ол -
халықтың ақыл-ойы мен намысы, қабырғасы ғой. Керек көзінде қайысады, керек көзінде сынады. Бұл сынбақ
түгілі сыздамайды да. Жан-жақтарына қараса қайтеді екен? Өзгелердің өнері
қандай, өлшем қандай?"

  Жасын шығарма соңына бір-екі ауыз сөз
жазды да,автордың келетін уақытына жарты сағат қалғанда үйден шығып
кетіп қалды. Қолжазбаны авторға әйелі табыс еткен.Жасынның жақсы пікірін күтіп келген
ол шығарма соңындағы тұжырымды оқып, сенерін де, сенбесін де білмей бір қызарып, бір көгеріп тұрып қалды.

  "Қызығы жоқ қырық өтірік. Әдебиетке
жанымыз ашымаса ашымасын, оқушыны аяйық". (Қойылған қол).

  -      Өзін
данышпанмын деп жүр екен ғой. Кімнің данышпан, кімнің есуас екенін уақыт
көрсетер! Оқушыны аяйық!! Аяныш болса алдымен анау қияли дүниелерін тоқтатсын. Тұртіншектеп
қара көлеңке қуыстан қара бояу жинаудан басқа не бітіріп жүр? Мен өзіміздің
жарқын өмірді көрсеттім. Ал ол ше?

  -      Төменге
құлдырамай сөйлесеңізші. Жазушы деген атыңызға ұят емес пе?- деді Жасынның
әйелі сәл қабақ шытып.

 - Со-лай ма! Жасыннан жұққан сабырлылық екен ғой.
Бір-екі адам мақтады деп ол өзінен басқаны ұмытқан екен. Көрерміз!

  -      Оны
Жасынға айтыңыз. Мына бөлмеде әкей ауырып жатыр, ақырын сөйлеңізші.

Жігіт есікті тарс
жауып шығып кетті.

 Сол шығарманы әдебиеттің жаңа бір белесіндей мақтаған
көлдей мақала Жасынның күлкісін келтірді.Әдебиеттегі мұндай процесс оған
күтпеген жаңалық емес-ті.

  Жасынның жаңа кітабына сілтідей тұнып тұрған
сын екі айдан соң кенет бұрқ ете түсті. Тағы сол газет. Тағы да үлкен мақала.
Бірақ, мазмұны мен мағынасы мүлде кереғар.

  Жасынның түгі қалмапты. Бастан-аяқ
сынаған."Бұлыңғыр", "түсініксіз", "кейіпкерлері
идеяның құлы","ойлары көркем шығармаға емес, ғылыми еңбекке
тән","тілі мен ұғымы қазаққа жат", "жасанды",
"көркем шығарманың заңдылығын ұмытқан", "творчестволық тоқырау",- деген
сияқты сөздер мақала ішінде аяқ алып жүргісіз екен.

  Жасынға бұл қатты соққы боп тиді. Соққы
болған -мақала мазмұны емес, мақала авторының қала берді бүгінгі сынның тым
аласалығы, ересінің жанашыр халдегі тарлығы еді. Ол соған күйінді, соған жаны
ауырды. Және бұл мақаланың алдын ала ойластырылып жазылғанын да байқап ерніне
ызалы күлкі үйірілді. Ол сын туралы мақала жазуға екі-үш күн бойы дайындалып
жүрді де, дәл қазір өзін қорғаған сияқты боп көрінетін болған соң ол ойын да
белгісіз кейінге ысырып қойды. "Қызбалық танытып қайтем,- деді ол ішінен.-
Жазушы сыналуы тиіс, оған дайын болу керек. Менің мақсатым - жазу, ойымды жазу-
Қорғану менің міндетім емес. Сауыт әлсіздерге, өзіне-өзі сенбейтіндерге ғана
қажет!"

  Екі жұмадан соң басқа бір жастар газетіңде
"Шығарма оқушыға түсініксіз",- деп сынаған түсініксіздеу мақала басылды.Дәл
сол күні Жасын Бағилаға телефон соқты.

   -     Мен
қонақ үйдемін,- деді ол бірден.- Бірге оқыған досымның бөлмесінде отырмын. Ол
қыдырып кетіп қалды, ертең келеді. Күтем.

  -      Екеуміз-ақ
па?!

 - Менен үріккенді қашан қоясың? "Қонақ
үй",оңаша" деген сөз тағы сол қазақы қаупіңді оятты ма?

  -      Иә.
Мен сізден ылғи қорқамын.

 Трубкадан мырс еткен күлкі естілді.

  -      Ол
жаман қасиет емес. Қанша уақытта келе аласың?

Бағила сағатына
қарады. Сонан соң:

  -      Бүгінгі
мақаланы ала барайын ба?- деді.

  -      Керегі
жоқ. Алдымда жатыр. Бес жүз отызыншы номердемін.

  -      Онда...
жарайды, бір сағатта барам.

 Май айының соңғы күндері еді.
Қала ішінде лүп еткен жел жоқ, маужыраған тымық кеш. Аласа үйлердің бәрі жасыл
ормандай тұна өскен биік талдардың астында қапты, тек көп қатарлы қонақ үйлер
мен әкімшілік мекемелері ол зорлыққа көнгілері келмегендей бойын алып қашып, мұнартқан
көгілдір дүниеге жоғарыдан мойын соза қарап тұр. Батып бара жатқан күннің қызыл
жалқын сәулесінің астынан ұзақ қарғалар топ-топ боп шығып, қаланың шығыс жағыңдағы
паркке қарай асықпай ұшып барады. Бауыры жаз, басы боран Алатау батар күннің нұрымен
айқын көрініп, айбары мен сұлулығын жанды-жансызға паш етіп маңғаз тұр.

  Бағиланың кеудесіне ерекше қуаныш енді. Ол қолындағы
түйе жүн кофтасын бұлғақтатып, еркелей басып жоғары өрледі.

  Қонақ үйдің бесінші қабатына көтеріліп, бес
жүз отызыншы номердің есігін қақты. Дәл босағада күтіп тұрған ба, есік
қағылар-қағылмаста Жасынның өзі ашып, оны тез ішке кіргізді де, екі қолынан кезек-кезек
сүйді.

    -    Ужас!-
деді Бағила оған таңырқай қарап.-Сізден арақ иісі аңқып тұр. Өзіңіз оңаша
отырып іштіңіз бе?

  -      Иә.
Кейде оңаша отырып өзің ішкен жақсы.

 -       Ол
жақсылық емес. Демек, баспасөздің ауыр сынына төтеп бере алмадыңыз. Сізге
жараспайтын әлсіздік.-Бағила кофтасын креслоның арқалығына тастай салып, өзі Жасынға қарсы
қарап отырды.

   -     Сіз
аурып жүрген жоқсыз ба? Жанарыңыз мұнартып тұр,- деді Бағила столдың арғы
жағына кеп орындыққа жайғасқан Жасынға.

  -      Жоқ,-
деді Жасын даусын сілкіп тастап.- Бір бөлмеде екі бірдей адамның көзі жалын
атып тұруы жараспайды.

  -      Сіздің көңіл-күйіңіз өте нашар екен,- деді Бағила.-
Мені несіне шақырдыңыз?

Жасын екі фужерге
шампан құйды да, біреуін қызға ұсынды.

   -     Менің
сыналған құрметіме.- Ол фужерін жоғары көтеріп Бағилаға "алыңыз"
дегендей басын изеді. Қыз фужерді жартылай ішті де, столға қайта қойды.

  -      Білесіз
бе?- деді ол жігітке тура қарап.- Біз Лике екеуміз бүгін сізді көп әңгіме
қылдық. Бір сағат бойы сізді, сіздің творчествоңызды, семья жайыңызды, сын мақалалар
туралы сөз еттік. Лике сізді жақсы көреді.Бүгінгі мақаланы оқығанда, сенесіз
бе, ол көзіне жас алды.Көзінін жасын сүртіп отырғанда, Сәргел ағай кіріп:
"Неге жылап отырсың?"- деп ал кеп сұрақтың астына алсын.Онымен
дауласам деп отырып, ақыры ол шынымен жылап тынды. Ол кісі сондай қу,
ішіңдегіні біліп қояды. Сізді жақсы біліп алды.

   -     Қуаныштымын!-
деді Жасын кекесінді тұрде мырс етіп.

  -      Сол
кісі менің папама бірдеңелердің шетін шығарған болуы керек. Осыдан бір ай бұрын
келіп кеткенде маған көп сөздер айтты. Бұрын ол кісі ақыл айтпайтын. Дауысына
қарап, оның сіз бен екеуміздің кездесіп тұратынымызды білетінін аңғардым. Сонда
да ол көп шешіле қойған жоқ. "Байқа балам, сендердің қайғыларың әуелі
маған батады, әке-шешенің абыройын ойла, өз басыңды қадірлей біл",- деді. Мен
оны сонғы келісінде жақсы көріп
кеттім.

   -     Енді
мені жек көре бастайсыз ғой?

  -      Сізді
жақсы көрудің өзі қиын емес пе?- Ол шампаннан тағы ұрттады. Ұрттап жатып, басын
жоғары көтергенде бұл сөздің қалай әсер еткенін білгісі кеп, фужер арқылы
Жасынға қарады. Ол стол үстіндегі журналды аударыстырып, бөлек ойда отыр екен.
Әдетте, ішкі толқуы мен арпалысы сапырылыскан шақта ол тап осылай тым бейтарап,
тым байсалды бола қалатын еді. Бағила оны байқады да, оған басы артық сұраулар
бермеуге тырысты.Ішкі дүниесінде бұл сөздердің бәрінен де салмақты басқа бір ой
жатқанын да қыз түсіне қойды.

   Жасын көше жақтағы лоджияның терезесін
ашқанда сырттан қоңыр салқын ауамен бірге төменгі жақтағы фонтанның бірқалыпта
сарылдаған даусы қосарлана естілді.Ол екі қалтасына қолын сұғып, қарсыдан
көрініп тұрған опера театрына, ерсілі-қарсылы қыдырып жүрген адамдарға,
фонтанға ұзақ қарады. Бөлме ішінде өзінен басқа ешкім жоқ, ерігіп тұрған жан
секілді. Оның бұл мінезіне үйренуге қанша тырысса да, өзінің елеусіз қалғанына
намыстанған сөзімін де Бағила жеңе алмай-ақ қойды.

  -      Сур,
мұнда келіңізші,- деді Жасын кенеттен орнынан тапжылмаған бойы.

Бағила оған жалт қарады да:

  -      Мен
неге баруым керек?- деді тәккаппарлығы ұстап.

  -      Өтінемін, тағыңыздан түсіп қалмайсыз, мұнда келіңізші.

 Ол орнынан қинала көтеріліп, үнсіз кеп оның
жанына тұрды.

-           
Қараңызшы,
жоғарыдан қарағанда адамдар қандай ұсақ! Жер бетінде канша ұлт, қанша адам бар,
бәрі осылай қыбырлап жүр. Жер шарының бір нүктесінде соғыс болып жатыр,
мемлекеттік төңкеріс боп жатыр, жаңа мемлекеттер құрылып жатыр, біреу өліп
жатыр, біреу күліп жатыр. Қанша тіл, қанша әдет-ғұрып, неше тұрлі дін, неше тұрлі
үміт пен сенім. Ешқайсымыз бір-бірімізді білмейміз. Сол білмеген күйі өтеміз.
Алматы деген қала барын, сол қаланың "Алматы" деген қонақ үйінің бес
жүз отызыншы бөлмесінде екеуміздің дәл осылай тұрғанымызды, "бері келіңізші"
дегенім үшін сіздің намыстан әрең жақындағаныңызды, бүгін мені газетте қатты сынаған мақала
шыққанын, айталық, Африкадағы бір тайпаның адамдары біледі дейсіз бе? Өзімізден
басқа ешкім білмейді.

  Бағила Жасынның жүзіне барлай қарады: мас боп
қалған жоқ па?

 -       Өкінішті!

 -       Не...
өкінішті!- деді Бағила оның ойын толық түсінбей.

 -       Ешкімнің
білмейтіні. Адам баласының дәрменсіздігі өкінішті. Сонау бір қиянда кішкентай
екі адам, қыз Бен жігіт бір-біріне өлердей ғашық. Бір-бірінсіз тұра алмайды.

Біздің одан мүлде
хабарымыз жоқ.

  -      Біз
оны біліп қайтеміз?

  -      Бізді
де ешкім білмейді. Ешкім!

 -       Неге
"бізді де"?

 -       Біз
бір-бірімізді сүйеміз ғой.

  Жасын терезеден бетін бұрмаған күйі Бағиланың
иығына қолын салды. Сонан соң өзіне тартып, оң қолымен ғана қыса құшақтады да,
басын сәл қисайтып қыздың самайына бетін басты. Сол сәтте ол өз бойынан бұрын-соңды
байқап көрмеген ерекше бір елжіреген нәзіктікті,жан түбінен оянған өшпес сөзім
мен ыстық ықыласты байқады. Ол ыстық ықылас ешқашан салқындамастай көрінді. Қыз
денесімен жақындасқан осындай қас қағым сәтті адам өмірінің ең бір киелі,
қайталанбас, бір ғұмырда бір-ақ рет кездесер сәт екенін түсіндіріп өтті.
"Мүмкін,қол жетпестей боп көрінген әйелдің тым алыстығы ғана осындай сөзім
тудыратын шығар. Егер мен онымен бұдан да жақынырақ болсам, мейлі, тіпті,
күйеуі-ақ болайын.Осындай қайталанбас киелі сөзім кеудемде күнде дүрсілдей бермек пе? Құдайдың
құтты күні? Жұбайлық өмірдің соңына дейін? Әрине жоқ! Демек, киелі деген сөзімімнің
өзі жалған, уақытша екен ғой? Белгілі бір белдеуге дейін.Онан әрі үйреншікті
тіршілік басталады. Бұл қыздың самайына бетім тиген кезде жүрегімнің майдай
еруі былай тұрсын, өзімнен бөлек жатқанын да қалайтын шақтарым болатын шығар?
Әрине! Сонда қалай, менің тап қазіргі,сөзімдерім тондай тозып, тоқымдай
қадірсіз бола ма? Егер сөзімдерім ескірсе, оған салқын болсам, оның бәрі менің адамшылығыма
байланысты бола ма? Әрине, өлген сөзіммен де өмір сүруге болады, тіпті, тамаша
өмір сүруге болады. Немесе, керісінше, тірі сөзімді жаңа туған баладай тұншықтырып
өлтіре салып та, жалғанда шайқала басып жүре беруге де болады. Бірақ, адамның
адамға тән жақсы көру, жек көру деген қасиетті сөзімінің өз заңы, өз табиғаты
бар ғой. Тірі адам секілді оның да туылып,өліп-өсуіне қақысы бар. Демек,- деді
Жасын өз ойының жаңа бір қатарға тірелгеніне қызыға таңданып.- Демек,оның да
тозуға, картаюға, өлуге қақысы бар екен ғой?!

  Ендеше, ол үшін адам неге кінәлі болуы
керек? Оны неге жабылып айыптауымыз
керек? Мен қазір әйелімді бұрынғыдай жақсы көрмеймін, тіпті, үйде жоқ болса іздемеймін,
ол да мені алаңдап күтпейді. Бұдан соң да шала-жансар
тіршілікті жалғастыра беру
керек пе? Ол өмірдің кімге қажеті боп
тұр? Өмір сүретін мен емес
пе,оған басқаның араласуының қажеті қанша? Мен қоғам өміріне әйелімді ұнатпау арқылы инедей де зиян келтірмеймін ғой!Қызық!- деді ол тағы да.-
Осылай ілініп салынып та тіршілік
етуге болады екен ғой. Бар ғой, көп қой ондайлар.
Неге "ондайлар" деймін, өзім ше? Мен де солардың бірімін. Үйге барғым
келмейді - барамын, ол әйелмен тұрғым келмейді - тұрамын,
оның қасына жатқым келмейді - жатамын. Ешкім де зорлап
жатқан жоқ. Адам мойны бас пен
кеудеден неге жіңішке десем,киілген қамытын сыпырып тастай алмас үшін екен ғой!

   Қызық! Адам қамытты өзі жасайды, өзі киеді, өзі
налиды.Бәлкім, адам жаны әуел бастан сергелдеңге құмар шығар.Ұл да оның көп
ғажайып қасиеттерінің бірі секілді. Адам деген ұғымды толықтырып тұратын ішкі
қайшылықтарының күрделі бір тармағы шығар. Олардың бірін-бірі
түсіну,түсініспеуі де осы ішкі қайшылық заңдарының деңгейіне байланысты ғой.Сонда
бір кезде мына тұрған қызды да мен түсінбеуге тиістімін бе? Бұған деген
ықыласым суып, жек көрмесем де, немқұрайды боламын ба? Өмірімде не айтпаған, не
жазбаған сөз "махаббат" деген ұғымнан мойныма таққан алқа сол
махаббаттың қамытына айналмақ па? Махаббаттың алтын қамытына?! Жоқ, бұл тым
қатал, тым өрескел!

   Әйел деген нақтылы ұғымды ұмытуға болар,
оған деген алғашқы сөзімдерді ұмыту күнә. Ақ қағаз бен сәбиді алдағандай
кешірілмес күнә. Ол - қасиетсіздік.- Жасын іштей мырс ете түсті.- Осыны сөзінудің
өзі болашақ қамыт жасалатын материал емес пе?!" Дәл осыған дейін
миын шимайлаған ойларын қас-қағымда шолып өткен жігіт, Бағиланы өзіне бұрып,
жүзіне тіктей қарады. Әлгінде ғана шаршаған, солғын жанарға нұр құйылып, ойлы
да өткір қалпына қайта түсіпті.

  - Шынымен сізді ұнатып қалғаным ба?- деді ол
әлі философиялық-романтикалық халден арыла алмай.

  Бағила өзінің екі иығынан ұстап тұрған
Жасынның қолынан жанарын көтермей, мына сұраққа не жауап айтарын білмей абыржып
қалды. Иә, ерте ме, кеш пе,қаншама шағыр болса да Жасынның осылай дейтінін ол білген-ді,
тіпті, іштей күтіп еді. Оған деген сонау кездегі поөзда басталған сиқырдай бір
маталған ықылас өзін қайда, қай жерге апарып тірерін анық білмесе де кеудесінде
күн өткен сайын бұлқынып ер жетіп еді. Оның әйел-баласы бар екенін, жас
жігіттердей емін-еркін бірге жүре алмасын, оған деген сол ықыласы аяланудан
гөрі азапты көбірек шегерін де алдын ала сөзген-ді. Жас қыз өн бойынан
салқындық қана есіп тұратын, өзгемен ғана емес, өз-өзімен де қарама-қайшы осы
адамды неге, не үшін жақсы көретінінен де әзірге білмеуші еді. Бірак,оның
періштедей таза көңілі осы бір адамға құлай сенетін сияқты, қатты болса да, кей
сәтте қатыгөз болса да, оның бәрінің ар жағында адалдық, биік парасат, жақсыны қастерлей
білетін қасиет жатқанын көретін. Жасынмен танысып, онымен сөйлескеннен бері
Бағиланың көңілі ешкімге толған
емес, бәрі тым төменде, арифметикалық еңісте жатқандай болатын. Онымен әрбір кездесу
дүние тану, адам тану, өзіңді танудың жаңа көкжиектерін кеңейте
түсетін-ді. Сөйлескен шақта әйел-еркек деп жынысқа бөлмейтін Жасын, Бағиланың бұрынғы
тар түсініктерін байқап қалса қатты ренжитін, намысына тиіп,

ұрысып та
тастайтын, Сондықтан болар, ол телефон соғып,кездесуге шақырған сайын әлденеден
жүрексініп, жасқанып баратын. Мұндай адамдардың әсерге, сөзімге қапысыз берілмейтінін,
қазанда еріген мұздай жүрегінің бір жағы салқын, бір жағы жылы боларын да
баяғыдан байқаған-ды.

  Сөйте тұрса да, Бағила онымен жаңа кездесулерді
асыға күтетін, ал кездескен сәттерінде өздері жайлы бір ауыз сөз айтпаушы еді.
Кей кезде Жасын шектен тыс өзімшіл, бірбеткей боп отырып алады, кісіге қасақана
тиіскеңді ұнатады. Осындай сәтте ол келгеніне өкініп, кеткенше асығатын. Бірақ
үйіне жетер-жетпесте жүрегін жалғыздық торлап  оны ренжітіп жалғыз тастап кеткеніне өкініп,
сол күні-ақ телефон соғатын. Соңғы кезде ол өз махаббатының жиырмада,ы қыздарға
тән ер адамға ғана оянар аласұрған махаббат емес екенін оның адамды сүю деген
үлкен ұғыммен астасып жатқанын ұғынды. "Шынымен сізді ұнатып қалғаным
ба?"- деген Жасынның сұрағы беріден емес, әріден, бір-біріне қарама-қайшы
қатпар ойлардың арасынан тізгін үзіп, әрең шыққан сауал екенін тағы түсінді.

  -      Сізге
бар ғой, шынымды айтсам, лирик болу мүлде жараспайды екен. Құдай үшін, маған бұлай
қарап тұрып сөйлемей-ақ қойыңызшы. Әйтпесе, мен сізді жек көріп кетем. Және, ұнату,
ұнатпау жайлы бір-бірімізден сұраудың қажеті қанша? Отырыңыз, шампан суып
қалды.- Ол сыңғырлай күліп, әлгі орнына қайта жайғасты.

  -      Солай,-
деді Жасын аздап өзу тартып.-"Ұстаздан шәкірт озар" деген осы. Сіз
менен де қатал боп барасыз ғой деймін... Жарайды, лирикалық сәт осымен бітті.-
Ол фужерлерге тағы
шампан құйды.- Мен бүгін өзімше ашылып бір сөйлегім келіп еді, түк шықпағанын
өзім де біліп отырмын. Шынында, бір-біріміз жайлы айта алмайды екенбіз ғой,
солай ма?

  -      Мүлде
олай емес. Айтуды үйренбей тұрып ұмытып қалғанбыз!

 -       Браво!
Сол сөзіңіз үшін ішем!- Ол фужерді орталады да, тыжырынып қайта қойды.-
Шампанды иттің етінен жек көрем! Кәрі
ақынның махаббат жайлы лирикасы сияқты жүрегіңді қыжылдатады.

   -     Мен
буфеттен коньяк алып келейін. Шын айтам.

  - Керегі жоқ. Осында да бар.- Ол орнынан
тұрып,шкафтан бір бөтелке
коньяк әкеп қойды.- Сізге серік болғалы
өзіме де шампан құйып едім.
Коньякқа қалайсыз?

  -      Керегі
жоқ, маған осы да жетеді. Сіз
иттің етінен жек көретін нәрсені жақсы көруге қақым бар шығар?

  -      0
не дегеніңіз, мені де қосып жек көруге қақыңыз бар.

 -       Мен
оны сізден сұрамаймын. Сонан соң "сіз" деген сөзді қойыңызшы. Соңғы кезде
жыныма тиетін боп жүр.Бұл сөзді естіген сайын ашуланса әйеліне де
"сіз" деп сөйлейтін Сәргел
ағай елестейді.

 -       Жарайды.
Содан төбең көкке жетсе "сен" дейін.Ал, өзің ше?

 -       Мен
қоя алмаймын.

 -       Екеуміз
үйленсек те ме?

Бағиланың бетіне қызыл бояу ойнап шыға келді. Сәл үнсіздіктен соң барып:

 -       Иә,
үйленсек те,- деді қабағын шытып.- Бірақ біз
ешқашан ерлі-зайыпты бола алмаймыз. Мен "сіз" деген бойымша өтем.

  Жасын орнынан тұрды да асықпай басып оның қасына барды, қолынан асықпаған күйі фужерін
алып, стол үстіне қойды. Оның бұл
қимылына таңданып, өзіне қарай берген қыздың ернінен сүйіп алды. Қыз бұлқынып, қарсылық білдірем дегенше ол басын қайта көтеріп
орнына барып отырды.

  Бағила жыларман халде булығып, иегін ұстап
үнсіз отырып қалды.

  -      Мұныңыз
әділдік емес,- деді ол әлден соң әрең тілге кеп.

  -      Білемін,-
деді Жасын жайбарақат.- Үш жылдан бері сенің ерніңнен сүймеу де әділдік емес
қой. Тіпті ұят.

  -      Мұндай
әрекет барлық, адамның қолынан келеді.

 -       Мен
неге олардан ерекше болам?

 -       Жоқ,
мен үшін сіз басқашасыз. Ешкімге ұқсамайсыз. Ұқсағыңыз келсе... білмеймін, оны
өзіңіз біліңіз. Бас салып сүюге қабілеті бар адам маған барлық жерден
табылады.- Ол сөзінің соңғы жағын сыбырлай сөйлеп, көзіне жас алды.

  "Иә, бүгін бастан-аяқ сәтсіз күн болған
екен,- деді Жасын іштей.- Енді кешке дейін тағы қандай қолайсыз жағдай кездесер
екен?"

 Жасын Бағиланың арына тигенін, өзі жайлы биік
ойын аласартқанын, оның таза көңіліне дақ түсіргенін түсінді.

  -      Кешір,-
деді ол қыздың қасына қайта жақындап.- Мен сені сүйген жоқпын. Сүйгенімді
қайтып алдым.

  Бағила оған бір қарады да, иегін екі
алақанына қайта қойды. Жасын оның көзінен жылт еткен ыза отын байқап қалды, ол
ызаны тудырған өзінің соңғы сөзі екенін де білді.

  -      Сіз
осы сөзді тауып айттым деп тұрсыз ба?- деді қыз Жасынның әлгі ойын растай
түсіп.- Бүгін үндемей-ақ қойынызшы. Сізге бүгін сөз өнері жат секілді.

Жасын не
ары, не бері қозғаларын білмей, сол орнында тұрып қалды. Қыздың мына сөзі өз көкейіндегі ойларына дәл тигендей болды.

  -      Иә,-
деді ол бір жолата ес жиған адамдай сергек үнмен.- Бүгін сәтсіз күн екенін жаңа
ғана ойлап өтіп едім.- Ол столға жақындап, коньяктан бірнеше тамшы құйып ішті
де, рюмкасын қолына ұстаған бойы сөзін жалғастырды.- Бірақ, сәтті күн деген не?
Ол - ойлаған ойыңның түгелдей жүзеге асуы, сенің жаза баспауың ғой?Солай ма? Кейде
ол да жалықтырады, оның да адам жанын байытары шамалы. Біле білсең, осының
бәріне сен кінәлісің. Неге қарайсың? Иә, сен кінәлісің. Менің ойым көп еді, бүгін соның бәрін ақтармақ едім.
Шықпады.Шықпағаны да дұрыс
болған шығар. Егер бәрін айтып қойсам,
қалған тіршіліктің мәні азаятын секілді. Әйтсе де,өміріме сен көп араласқалы бері мен бостандық дегеннен айрылдым.

  -      Міне,
міне! Сіз өзіңізге енді ғана оралдыңыз,- деді қыз күліп.- Сіз маған осындай
сәтте ғажап найсыз.

Жасын стол мен
лоджияның екі ортасында тұрып оған қадала қарады.

 -       Сонда
немене, саған ұнау үшін ылғи осылай сөйлеп тұруым керек пе? Сен өзін  сөзге тоймайтын мешкей қыз екенсің!

  -      Мен
бұл сөзге бәрібір ашуланбаймын.

 -       Өйткені
саған сөздің аштығы әбден етіп кеткен. Ал мен сөзден қашам, әбден тойынғамын.

  -      Бәрібір
сөйлеп тұрсыз ғой.

 -       Енді
сенің алдыңда үнсіз отырайын ба? Сен бар ғой, атың кім еді? Бағила,- туһ,
неткен жасанды, нашар ат еді,- Сур, егер бұлай сөз жарыстыра берсең, мен сені тағы
сүйіп алам.

  - Оған мен қарсы емеспін.- Қыз ішпесе де
фужерді ерніне апарды.

 -       Қалай?!
Не дедің?

 -       Оһ,
қуанып кеттініз бе? Оған мен қарсы емеспін дедім.

 Жасын рюмкасының дыбысын білдірмей столға
қойды.

  -      Ңеге
қарсы емессің? Әлгінде сен өкпеледің ғой.

 -       Сізге
дөрекілік жараспайды. Осылай ашық келіңіз.Сонда мен бәріне де дайынмын.

Жасын үнсіз
қалды.

  -      Тілін
жұтқан адамдай үнсіз қалмаңыз. Әлгі сөзім ойыңызды әр жаққа алып қашып тұр ма?-
Ол иығын қозғап, мырс ете қалды.- Құдай үшін, өмір бойы сөйлемей тұра беріңіз, бірақ,
арзан оймен әлек болмаңызшы.Ол менің де, өзіңіздің де намысыңызды қорлайды.

Жасын оның қасына
келді.

   -     Бірақ,
қолымнан фужерді алмаңыз,- деді қыз сәл ғана езу тартып.

  -      Жоқ,
алмаймын. Игіліңізге ұстап отыра беріңіз.-Жасын оның шашынан ұстады.- Білесің
бе, мен сені өте жақсы көрген сәттерімде,- ол сәттердің төмендейтін де көзі
болады,- ер адамның әйелді сүю формасына мүлде қанағаттанбаймын. Мен екінің
бірі сияқты ғашық болғым келмейді, екінің бірі болу деген сөз, түптеп келгенде төсекпен
біту деген сөз. Сен мен үшін одан мың есе биіктесің.

  -      Онда
екеуміз Ахалтеке боп, жапан даланы көзіп кетейік. Есіңізде ме?

  -      Есімде.
Оған мен қазір-ақ дайынмын. Бірақ, амал жоқ, адам боп қала береміз. Сен, балақай, тұқымыңда маскүнемдіктен
өлген біреу болса да, мына фужеріңді столға
қойшы. Сөз бен шампанға
тоймайды екенсің.

  Бағила оқыс күлкіден шашалып қала
жаздады.

  -      Бар
болғаны екінші бокал ғой.

  -      Сол
аз ба? Менің бір досым бар, драматург,арақтың тығынын иіскесе де мас болады. Оның
қасында сен әйел адамсың ғой.

  -      Япыр-ай,
осы сөздердің бәрін не әкем, не Сәргел ағай есітіп тұрса не болар еді? Бүкіл
үрім-бұтағым мен өз басымды аяусыз қорлыққа беріп отырғанымды кеше алмас
еді-ау. Ал, мен көніп отырмын. Бұдан да көнбіс болатын тұрім бар. Алла ақырын
берсін!- Ол фужерін столға қойды.- Ал, енді не бұйырасыз?

   -     Ештеңе
де! Мен мына түкке тұрмайтын чехтың шынысынан сорлы емес шығармын. Ол да күні
бойы сенің ерніңді еміп бітті ғой. Үндеме, күлме де!- Жасын оның оң жақ иығынан
кеп, екі бетін екі алақанымен сипалап ұстап тұрды да, ернінен сүйіп алды. Қыз
көзін жұмды.

  Сыпайы ғана қарсылық көрсеткен боп, жігіттің
иегінен болмашы ғана итерді. Жасын тағы да сүйді. Әуелі астыңғы ернін, сонан
соң сәл ғана дүрдиіп тұрған үстіңгі ернін, сонан соң екеуін
де қосып сүйді. Мұрнына нәп-нәзік француз духиінің иісі мен, тіліне неміс
помадасының дәмі келді. Ол помада мен духидің иісіне тезе алмайтын. "Барлық
әйелдерге тән духи мен помаданың иісі! Мұның қажеті қанша еді?- деді ішінен
Жасын. Әйелдер бұған неге құмар болады?" Ол қыздың мұрнынан, әлі жұмулы көзінен,
маңдайынан, құп-құрғақ еріндерінен бірнеше қайталап сүйді де, иілген кеудесін
көтеріп, орнына барды.

  Қыз көзін ашты. Ашқан бетте Жасынға қарады.
Жігіт бұл жанардан тәкаппарлықтың ұяңдықпен, асаулықтың бағыныштылықпен
ауысқанын көрді. Сонымен бірге ол бұл жанардан:
"Біз киелі белдеуден еттік. Бұдан ары не болады?"- деген сұрауды да
оқыды, анық оқыды. "Тірліктің қарапайым заңынан адам алыс кете алмайды ғой
деймін,-деді ол ішінен.-Көз келген қолайлы сәтте биіктен төмен түсе салуымыз
оп-оңай. "Сонда қалай,- деді екінші бір ой,- түсініктің биігінде тұрып,
тағдыр мен өмірлік болашақты жерге тастау керек пе?"

  Жасын мұндай сұрақты қыздың естіртіп ешқашан
айтпайтынын, өзінің оған ешқашан жауап бермесін, Бере алмасын білді. Бұл жай да
екеуінің арасындағы ешқашан айтылмайтын,
үнсіз көзқараспен ғана түсінетін терең сыр боп қала бермек.

   -     Помадаңның
сапасы жақсы болуы керек. Қанша шампан ішсең де ерніңнен дәмі кетпепті,- деді
әлден соң Жасын үнсіздікті бұзып.Қыз одан көзін тайдырып, ашық лоджиядан сыртқа
көз тастады.

  -      Бұл
сіздің үш жылдан кейін барып ернімнен алғаш сүйгенде туған алғашқы басты
проблемаңыз ба?

  -      Иә,
басқа ешқандай мәселе қабырғамды қайыстырып тұрған жоқ.

  Бағила оның зілді шыққан үнінен іштей толқып,
өз ойымен арпалысып тұрғанын сөзді. Ішкі дүниесінен қарғын жүрген кезде
осылайша ұсақ-түйекті әңгіме ететінін де соңғы жылдары аңғарған.

  -      Айтпақшы,-
деді Жасын әлден соң темекі тұтатпақ боп сіріңке жағып тұрып.- Мен осыдан үш
сағат бұрын сенің портретіңді салатын суретшіні көрдім.- Ол сіріңке шиін
аспанда айналдырып өшіріп, күлсалғышқа тастады да, темекі түтінінің арасынан
қызға көз тастады.

  Бағила екі қолын иегінен алмай, алға сәл
иіліп, әлі дел-сал күйден арыла алмай отыр екен. Көптен ұмыт болған жігіт жайлы
айтқанда, ол қасын сәл ғана көтеріп,Жасынға сұраулы пішінмен қарады.

   -     Ол
сіздің, кешір, сенің жаңа портретіңді аяқтауға жақындап қалды. Сіздердің үйдегі
портрет, мен бірдеңе білсем, бұл жанрдағы тамаша туынды.

  -      Оны
сіз қайдан танисыз? Жігітті айтам.

  -      Өткен
жолы бір әңгімеден сипаттап беріп едің ғой.Оның үстіне, портреттің бұрышында
"Е. И." деген екі әріп бар. Естай Игіманов. Белгілі суретші-портретист.
Бұл саладағы мен сыйлайтын адамдардың бірі. Шығармалары екі рет жеке көрмеге
қойылған. Жас. Дарынды.

  -      Ой,
алла-ай, жер бетінде қазір не көп-дарын көп!-Ол жай ғана күрсініп, тағы да
лоджия жаққа қарап қойды.

   -     Жоқ,-
деді Жасын оған жайбарақат қана соққы беріп.- Дарын аз. Сенің айтып жүргенің
диллетанттар ғой. Олар көп ретте дарындының алдына түсіп кетеді.Сонан соң олар
көп сияқты боп көрінеді.

  -      Менің
портретімді жасап жатқанын сізге айтты ма?

  -      Неге
айтпайды! Бір жылдан бері салып келеді екен.Сені талай көріпті. Қасында
фотосуреттерің де бар. Бағиланың
таңданғаннан көз шарасы ұлғайып кетті.

  -      Бұл
барып тұрған ұятсыздық қой! Қайда барсам да соңымнан бір адым қалмай еріп
отырады, қолында фотоаппараты бар! Масқара! Енді маған жетпегені -соңымнан
тыңшы мен барлаушылардың еруі ғана!

 -       Ол
сенің соңыңнан жүрген жоқ.

 -       Енді
кімнің?

 -       Объектінің.
Кәдімгі көркем шығармаға арқау болар объектінің. Сен Бағила Қаратаевна да,
тарих фақультетінің студенті де, газеттерде күнде сыналатын жазушының азапты махаббаты
да емес, жай ғана объектісің. Сен оған
портрет жасау үшін материал ғанасың. Бар болғаны осы.

  -      Рақмет.-
Қыз намыстан сәл абыржып, қорланған пішінде басын изеді,- Бәлкім, мен де сізге
обьект үшін керек шығармын? Шығармаңыз жазылып біткен соң қажетім болмас.

  -      Мүмкін.
Жазушылық практикада құнды материалдың өзі қажет болмай қалады. Керісінше,
елеусіз, ұсақ материалдар шешуші роль атқарып кетеді.

  Бағила үшін әлгіндей ызалы да маңызды сұраққа
Жасынның жайбарақат немқұрайды жауап беріп отырғаны оның ашу-ызасын оятты.

  -      Шығарма
үшін жарамсыз боп қалғанымды күткенше, мен өз еркіммен кетейін. Меніңше, сол құндылау
шығар деп ойлаймын.

  -      Қорықпа,
мен махаббат жайлы, сұлу қыз жайлы шығарма жазбаймын. Маған объекті болуға сен
жарамайсың. Менің шығармаларыма ажарсыз, арық қыздар керек. Олар ойшыл
болады.

  Бағила бұл сөздерге ашуланарын да,
ашуланбасын да,тіпті, мән бермей қоя саларын да білмей, екі ұшты ой толқынының
ортасында үнсіз отырып қалды.

-           
Білесіз
бе,- деді әлден соң Бағила даусының дірілдегенін жасыра алмай.- Сіз жер деп
аталатын үлкен қазандағы мұз сияқтысыз. Бір жағы жылы, бір жағы аяз. Жасын мына теңеуге елең етіп, оған назарын тіктеп қарады да, селкілдей
күлді.

-        Тамаша! Бірақ, мен еріп кетпеймін бе?

-        Ерімейсіз. Құданың құдіретімен еріп бітпейтін
боп жаралғансыз!- Ол ызадан әлі айыға алмай, Жасынды табалап отырған адамша
даусын таптай сөйледі.- Сонан соң, құдай үшін, ана жігітке айтыңыз, портретті
үйге жібермесін. Жасын мырс ете
түсті.

  -      Таза
өнер жайлы түсінігің әлі тар екен ғой,- деді ол темекі түтінін будақтатып
отырып.- Байқауымша, бұл портрет оның творчестволық бір белесі болмақ, демек,
ол сіздің үйіңіз
түгілі көрмелердің өзіне тілхат арқылы қойылады. Үйге жібермесін!- Ол тағы
күлді.- Вильям Шекспирді енді қайтып қонаққа шақырмаспын! Бүгінгі таңдағы бір
әйел солай сөйлеп отырса қаңдай болар еді?!

   -     Ол...
Өткен жолы үйге жіберді ғой!- деді қыз ызадан булыға сөйлеп.

  -      Иә.
Бірақ ол эскиз болатын. Соны да аңғармадыңдар ма?

  Қыз орнынан тез тұрып, лоджияға шығып кетті. Жасын оның
қорланып, ашуланып шыққанын білді. Оның соңынан
лып етіп жетіп баруды жеңілтектік санап, өз сабасына қайта түсу
үшін араға уақыт сала тұрғанды
жөн көрді. Бірақ, қыз
көп кешікті. Лоджияның
жақтауына сүйеніп, оның қимылсыз тұрғанын байқады. "Бұл жолы шынымен ренжіген болуы керек. Бармаса
болмайды".

   Жасын жайлап басып оның қасына
жақындады. Қыз оның бар-жоғын ұмытқандай кешедегі қыдырып жүрген адамдарға, мұз сүңгілердей түп-түзу аспанға атылып жатқан фонтандарға тесіле қарап, қимылсыз тұр екен. Ол өзінің келгенін, сол келісімен кешірім өтінгенін білдіргісі кеп, тамағын
кенеп қойды. Сонда да бұрылған
жоқ.Жасын оның жылап тұрғанын
сөзді. Жақтауға шынтағын сүйеп, қыз жүзіне ұрлана бір қарағанда, кешедегі самсаған
шам сәулесінен көзіндегі жылт-жылт етіп төңіректеген
жасты көрді.

   -     Әйелге,
жылаған да жарасады,- деді. Жасын монолог оқып тұрғандай көшенің
арғы бетіндегі скверге қарап.- Ол
одан жанын тазартады, әйелдің әйел екенін танытады.
Мен жыламайтын, жылай білмейтін әйелдерден қорқамын,
олар арамдық пен жауыздыққа жақын.
Білесің бе, қазір дүние жүзі
әйелдерінің алдында әйел бола білу мәселесі
басты проблемаға айналды!- Ол сәл ғана жымиып Бағилаға қарап еді, ол кілт бұрылып бөлмеге кіріп кетті.

  Жасын бойын шымырлатқан ыңғайсыз жағдайда бір
минуттай үнсіз тұрды да, ішке қайта енді.Бағила креслоға бетін басып,
кәдімгідей иығы селкілдеп жылап отыр екен.Жасынның бөлмеге енгенін аяқ
дыбысынан сөзіп, орнынан ұшып тұрып, креслоның арқалығында жатқан кофтасын
қолына алды.

  -      Мен
білмеймін, ештеңе де білмеймін! Көп білудің маған қажеті де жоқ!- деді ол ызаға
булығып.

  -      Дұрыс
айтасың,-- деп Жасын оны жайбарақат қостай сөйледі.-- Әйелдердің көп білгені
бақытына сор.Аз білген адам жақсы өмір сүреді. Түк білмейтін мақау болсаң -
одан кереметі жоқ. Бұл әйелге де, еркекке де ортақ нәрсе. "Ойлы адамға
қызық жоқ бұл жалғанда".Сен қазір жылап тұрсың, Абай өткен ғасырда
жылаған.

   -     Сіз
мейірімсіз адамсыз! Бәріне жауабыңыз дайын!Жүрегіңізде аяушылық деген жоқ!

  -      Мен
шындыққа батыл қараймын, бар болғаны сол ғана. Бұдан кейін көп біле беруге
тырыспа. Көп білсең достарыңнан да айырылып қаласың. Өзінен асқан адамды жақсы
көре бермейді. Осы күйіңше қал. Бағила қол сумкасынан орамалын алып, көзін
сүртті.

   -     Мені
сізбен таныстырған қай тағдыр!- деді ол ашулы  дауысына болмашы наз араластырып.- Екі сөзіңіздің
бірі қорлау, кемсіту, намысқа тию, ақырында міне, жылату. Сіз менен он екі жас
үлкенсіз. Менімен қатарыңыздай, жауыңыздай сөйлейсіз. Он екі жас үлкен,үйленген,
бала-шағасы бар, өмірдің ащы-тұщысын талай татқан! Енді кеп, мен сол адаммен!..-
Ол ар жағын айтқысы келмей, көз жасына тығылған адамша мұрнын жиірек тартып,
тоқтап қалды.

  -      Сен
қайтқалы тұрсың ба?

  -      Иә...
Кетуден басқа ештеңе қалған жоқ.- Ол орамалын орнына мұқият салып, сумкасының
аузын қаттырақ басып шырт еткізіп жапты да, үстіне кофтасын киді. Оны да қасақана
асығыс киді. Ол Жасынның әлдене деуін күтіп, түймелерін баяу қадады. Бірақ,
Жасын көңіл жұбатып, оны кідірте тұратын сөз айтудың орнына:

  -      Сау
болыңыз,- деді де сигарет тұтатып, ашық терезе алдына барып, сыртқа бетін бұрды.

 -       Біз
енді кездеспейміз бе?

 -       Мүмкін.
Қажет болса жер асты арқылы сөйлесеміз ғой. Телефонмен кабельдері арқылы.

  -Осымен бәрінің біткені ма? Осылайша
оп-оңай!Және не үшін? Жоқ, мені бір желімдей жабысып тұр екен деп
ойлап қалмаңыз. Мен үш жылға созылған ойларым мен шартарапқа шарпыған қиялдарымды, ұмытылмас сәттерім мен азапқа да түскен шақтарымды қия алмай тұрмын. Маған сол қымбат, сол өкінішті. Сізге бәрібір...сіз,- оның
даусы тағы үзіліп шықты,- Сіз тағы басқа қызбен
кездесесіз. Оның бойынан менде кездеспеген жаңа қасиет табасыз...

 Жасын жалт қарады. Жүзі қуарып, кездері ызғар шашып тұр екен.

  -      Иә,
табамын!- деді бұрынғысынша сабырлылық сақтап, бірақ, даусында жүрек шымырлатар
салқын ыза бары байқалады.- Менің одан басқа шаруам жоқ! Өмірге қыздардың
қасиетін зерттеуге ғана келгенмін. Егер үш жылдық ойларың мен қиялдарыңды қия
алмай тұрсаң,тезірек кеткенің дұрыс. Алты жылға айналғаннан кейін мүлде ауыр
болады, тіпті, өкінудің өзі кем болуы мүмкін.Маған да.  Ол қайтадан теріс айналып, терезе алдына
барып тұрды.

 Бағила есік алдына барып аз-кем аялдады да,
Жасын тарапынан жылы рай байқалмаған соң мұнда қалудың ретін де, сылтауын да
таппай, ақырын басып шығып кетті.Үйіне жетіп, өз бөлмесіне енген бойда
ебіл-дебіл боп жылады. Кеудесіндегі ызасы жылаған сайын тасқындай түсетін
сияқты. Бұл жылаудың түп төркіні неде - өзіне-өзінің ыза боп қорлануынан ба,
әлде Жасынды кінәлаудан ба, ол жағын өзі де анық білмеді, әйтеуір ішкі дүниесін
ащы бір өксік кеулеп, өзегін әлдене ертеп бара жатқан секілденді.

  Мәлике де жылады. Ол мән-жайды білмей тұрып-ақ,Бағила
төсегіне кеп құлағанда жылай бастаған. Сауысқандай сақ, үкідей ұйқысыз Сәргел
бірдеңені сөзіп қалар деп, ол бәрін ертеңге қалдырып, жүрегі сыздаған бойы Бағиланы
жұбатуға да шамасы келмей, өз бөлмесіне кетіп қалды.

  Арада бірер сағат өткен соң ащы ызаның уыты
тарқап,оның орнына салқын да сабырлы ой шым-шымдап ене бастады. Сол шым-шымдап
енген сабырлы ой оның көз алдына Жасынды әкелді.

  "Ол жалғыз қалды,- деп ойлады Бағила.- Жападан-жалғыз. Бәлкім ол қонақ үйде ғана
емес, өмірде де жалғыз шығар?
"Көп білсең достарыңнан да айрылып қаласың".Бұл сөзді неге айтты? Ол
маған арнап айтылған сөз бе?Өзіне арналған сөз шығар? Бәлкім, ашуы келген кезде өзіне айтатын сөзді өзгеге айтатын шығар,
маған - сенетін, жақын адамына?   Әйткенмен, онымен дос болу, онымен қатар жүру
қандай қиын! Ал, оны ұмыту... одан да қиын!

   Ол ше? Мен айтқандай шынымен мейірімсіз бе?
Шынымен аяушылық жоқ па? Мүмкін емес. Мұндай адамдарда қайғы-уайым болмай тұрмайды.
Оның бүкіл тұлғасы ой мен ар-намыстың көшпелі ұясы. Демек, ойлы адамның мейірімсіз
болуы мүмкін емес. Бәлкім, ол менен құтылғысы келетін шығар, менімен алғаш
танысқан сәтіне әлі өкінер? Мен оны бостандығынан айырдым ғой. Ішінде шырмауықтай
шарпысып, санасын сарсылтқан, миын жеген сергелдең ой аз емес шығар. Оның
жағдайы менің жағдайымнан әлдеқайда ауыр. Әлдеқайда  күрделі ғой. Дос таңдау, өмірлік адам табу (!)
менің өз еркімде, толық өз еркімде, ал оның
мүмкіндігі шектеулі. Алдында ондаған кедергі тұр, ол кедергілерден аттап кету
де оңай емес.Жай, басқа кәсіптің қарапайым адамы болса, өзін-өзі ойдың мүжуіне
тастамайтын болса, әрине, оған әлдеқайда жеңіл болар еді. Оның менен он екі жас
үлкен екенін,өмірдің ащы-тұщысын көп көргенін неге айттым? Ол менің сөзімсіз-ақ
мұны көп ойлайтын шығар! "Маған да" деген сөзді бекер айтқан жоқ
қой".

   Кенет қыздың сапырылысқан ойларының арасынан
басқа бір күрделі сұрақ жылт ете түсті."Сонда... Сонда мен бұдан былай не
істемекпін? Мұның бәрінің апарып тірейтін жері не болмақ? Көзді жұмып алып,
қайда барары белгісіз кеменің соңынан ілесе беруге болмайды ғой. Ол
кеме, әрине, өзгелерге мүлде ұқсамайтын алып та сырлы кеме, баратын жері де мен
көрмеген ғажайып бір ертегідей қала, бірақ, маған ол қаланың қажеті жоқ, маған
басқа қала керек, мүлде басқа қала. Ол тіпті, кішкене ғана порт болуы мүмкін,
әйтседе мен баратын жер - сол. Онда мен білетін, мені білетін, оларсыз өмір
сүре алмайтын ағайын-туысым бар,ата-анам бар, өз достарым бар. Менің өмірім
кішкентай болса да тек сол
портпен байланысты. Мен билетті соған алып қойғам. Енді кеп, ойда жоқта кездескен
бір кеменің алыптығына, жүрер жолының қызғылықты да қиындығына, барар қаласының
бір-біріне ұқсамайтын әсерлілігіне елігіп,сол кеменің ақылды да ашулы, сабырлы
да салқын капитанымен алаңсыз еріп кете бермекпін бе? Кеме діттеген қаласына барып
тоқтаған соң қайтем? Бері қарай өзім ғана қайтамын ба? Жол тым алыс, біз тым ұзап
кеткеміз,әрі, дауыл мен жартас көп. Одан да қайтпаған жақсы.Ал, капитан кері
қайтпайды, ешқашан, ол еліне бара жатқан, өзінің таңғажайып Еліне.Енді не істеу
керек, жүре беру керек пе, түсіп қалу керек пе? Тез ойлан, тез шешу керек, кеме
жағадан, туған порттан
алыстап барады.Шынында, не амал жасау керек? Бұл екеуінің қайсысын таңдаған дұрыс?
Қайсысын?"

   Оның көз алды мұнартып, қабырғада ілулі тұрған
Сәргелдің бұрынғы әйелі мен екі баласының портреті сағым арасына сіңіп бара
жатты.Олардың жоғарғы жағында көрінбейтін көкжиекке еліге қарап, бұғының кепкен
басы тұр.

                                                 
* * *

   Екі күннен сон Мәлике мен Бағила кешкілік
балконда әңгімелесіп отырды.

   -     Иә,
әйел атаулының бәрі бақытсыз,- деді Мәлике осыдан он шақты күн бұрын қолға алған
балаларының кеудешесін тоқи отырып, Бағиланың күні бойғы сөзінен өзінше жалпы
қорытынды жасап.- Өйткені, олардың өмірі өзгенің қайғысы мен қуанышын түсінуден
тұрады.Басқаның жанын түсінуге еркектерден гөрі әйел жақын. Сондықтан да біз
байғұс көп кешіреміз, көп мұңаямыз.Өзіміз бақытсыз бола тұрсақ та өзгенің
бақытсыздығына жанымыз ашиды, жылаймыз.

  -      Лике,
айтыңызшы, мен бақытты боламын ба,бақытсыз боламын ба?

 Мәлике тоқып отырған кеудешесінен бас көтеріп
оған бір қарады да, айтар жауабын қыз жүзінен оқып алғандай,көзін қайта төмен
түсірген бетте сөйлеп кетті.

   -     Білмеймін,-
деді ол демін тереңдеу бір алып.-Сен тым көп ойланасың,- бәрін парасат пен
ақылға жеңдіргің келеді.

   -     Ол
жаман ба?

  -      Неге?
Жақсы. Тіпті, өте жақсы!- Мәлике оқушының
сұрағына жауап беріп тұрғандай байыппен,тәптіштей сөйледі.- Жақсы адам болудың несі
жаман?

  Бағила төмен қарап отырған Мәликеге сұраулы пішінде қарады.

  -      Сіз
шыныңызды айтып отырған жоқ сияқтысыз.

  -      Мен
бе?- Ол көзін бадырайтып, кеудеше тоқып отырған сымның өткір ұшымен омырауын
нұқып көрсетті.- Мен сені неге алдаймын?

 -       Білмеймін.
Айтқыңыз кеп тұрған басты сөзіңіз ішіңізде қалған тәрізді. Өйткені сіз тым
сабырлысыз.Қысқа шейін әлі көп бар, кеудешені асықпай тоқысаңыз да үлгересіз
ғой.

Бағиланың дәл
байқаған бұл сөзінен Мәлике дір ете түскендей, тоқуын баяулатып барып тоқтатты
да, басын көтермеген бойы ойланып қалды.

   -     Егер
шынымды айтсам,- деді ол сәл қасын кере сөйлеп,- өзгені көп түсінетін ойшыл
адам барлық уақытта бақытты бола бермейді. Олардың өмірі қол фонарьдың батареясы
секілді, бар мейірімі мен қайрат-жігерін өзгеге жұмсайды да, өзі түптеп
келгенде энергиясыз қалады.

 -       Сонымен...

  -      Сонымен,
білмеймін... Мүмкін, соның өзі бақыт шығар. Жалпы, үлкен ұғымнан келгенде. Ал,
жеке бастың ұғымынан келгенде, ол иығын қозғап қойды.- Білесің бе, жақсы адамдардың
басым көпшілігі тіршілікте бақытты бола бермейді. Бір ғажабы - олар мұны
бақытсыздық деп ешқашан есептемейді. Өйткені олар өзіне тиісті бақыттың басқаларға
үлескенін біледі және мынау маған тиесілі еді деп айтпайды. Жақсы адам болудың қиындығы
да сонда.

   -     Лике
, сіз бүгін ерекше ойшылсыз ғой. Мен өзім жайлы ғана сұраған жоқпын ба?

  -      Мен
сен жайлы да айтып отырмын.

  -      Демек,
мен үлкен ұғымнан келгенде бақыттымын да, жеке бастың ұғымынан... бақытсызбын
ғой? Бірақ, бір ғажабы өзімді бақытсызбын деп есептемеймін?

   -     Дәл
солай болмаса да, сенің бойыңда сол қасиеттердің нышаны бар. Кім біледі,
алдыңда әлі өмір көп. Адам өзгереді ғой. Жас көзімде сөзімтал, түсінгіш,жақсы
деген жігіттерім мен қыздарым қазір мүлде өзгерді,көпшілігі қу, өмір сүруге
бейім, жалтақ та жағымпаз боп кетті, ал жаман деп ойлаған адамдарым парасатты
азамат болды. Өмірдің өзі бәрін үйретеді.

   - Мен мектепте оқып жүргенде оныншы класты бітіргенше
асығып едім. Есейсем, өмірге аралассам деп зрмандаушы едім. Дүние деген аңыздағы
жұмақтай көгілдір түске боялып, пәк күйінше маған қол бұлғап тұратын. Оның бір
бөлігінде адамдар бақытты өз иелерін күтіп тұратындай,
мен соны тауып ала салатындай сөзінуші ем. Енді қарасам, бәрі оңай емес екен.

  Ол ойлы пішінде күлімсіреп қойды. Сөзінің
соңында мектептегі өмір бір бөлек те, есейген кездегі өмір мүлде басқа екенін,
оның түсінуге ауыр күрделі қайшылығы боларын, әділет
пен әділетсіздіктің мәңгі майдандасып жатарын айтпақ болып еді, оған тілі
жетпеді және оның бұл араға қатысы жоқ екенін түсінді. Бұрынғы бейтаныс қазіргі Жасынды
бір кезде қупеден қуып шыққандарын,өзінің оп-оңай оқуға түсе салғанын,
студенттердің тізімін оқып тұрған қыздың өз фамилиясын таппағанда қорланып жылап жібергенін,
тәмпіш қара қыздың тарихтан екі алып қалса да студент болғанын, Сәргелдің
ғылыми жолын,тіпті қарсы алдында өзімен сөйлесіп отырған Мәликенің сырты бүтін, іші
түтін өмірін, Жасын творчествосын тасталқан қылған соңғы мақалалар, бәрі-бәрі
дәл қазір топырлап кеп есіне түсіп өтті. Өзі осылай ойлап отырса да,аузын
ашқанда мүлде басқа сөз айтты.

   -     Иә,
Сіз дұрыс айтатын болуыңыз керек,- деді ауладағы бассейн жанында бір-бірінің үстіне
ойыншық шелектермен сарылдатып су құйып тұрған екі кішкене баладан көз алмай
отырып.- Мен ол жігітті ұмыта алмайтын сияқтымын, ал оның жолы... мүлде басқа.

   -     Сүр,-
деді Мәлике оған назар тоқтата қарап.-Жасынның ерекше адам екенін білем, ол
сенікі емес.Сондықтан, ауыр да болса да айтайын, сенің оны ұмытқаның жөн. Ерте
ме, кеш пе, бәрібір ұмытуына тура келеді. Жазғы каниқулыңда алыс бір жаққа кет.
Мәселен,Қара теңізге, немесе, Бурабайға. Жалғызсыраймын десең мен де бірге
барайын.

  Бұл Бағиланың Мәликеден мүлде күтпеген сөзі
еді.Және, бұл сөздерді ол бұрынғы өз мінезіне мүлде жат,мүлде беймағлұм сабырлы
кейіппен айтуы оны барынша таң қалдырып, жүрегін мұз саусақпен шымшылап өткендей
болды. Бұрын Жасын екеуінің жолында жанын құрбан етуге дайын боп көрінетін елгөзек
те, ақ жарқын Мәликенің екі-үш күннің ішінде күрт өзгеріп, Жасынды қалай ұмытудың
жолдарын айтып отырғанына тағы түсіне алмады. "Бәлкім, мен ақыл сұрағандай
болған соң амалсыз ойлап тапқан шарасы шығар? Жасын мен екеуміздің арамыздағы
оқиға бұдан ары жалғаса берсе тұйыққа кеп тірелерін, тірелгенімен тұрмай әуелі мұнда,
сонан соң елдегі әке-шешесіне белгілі боп, оларды да ұятқа қалдырарын сөзген
болар. Мұнан әрі не боларын білмей өзім де күйзеліп
жүрген жоқпын ба? Оны ұмытқан
да жөн шығар? Әрі кешегі оқиғадан соң оны ұмытуға да қақым бар
ғой!"

   -     Онан
соң... жакында жазғы сессияларың басталады.Сен бұл жаққа оқу үшін келгеніңді ұмытпа,-
деді басы толған шудың арасынан Мәликенің даусы бөлек естіліп.- Сенің тағдырыңа
біз Қаратайдың алдында жауаптымыз.

  -      Иә,
иә, солай! Жақында сессия...- Мұны
айтқан кезде Бағиланың көзіне жас
төңіректеп үлгірген еді. Оның даусының
үзіліп шыққанын, көзіне жас алғанын анық сөзсе де, Мәлике басын жоғары көтермеді. Тап бір күні ертең қар жауардай, ал баласы осы күртешенің
бітуін ғана күтіп үйінде жалаңаш
отырғандай тоқуын бұрынғысынан да жылдамдата түсті. Бағила оның қимылы мен бет-жүзінен айрықша бір ішкі толқынысты аңғарып,
бірақ, одан сыр бергісі келмей
отырған Мәликеге ызаланып, айғайлап жібере
жаздады.

-           
Лике,
не болған сізге? Маған айтпайтын қандай жасырын сырыңыз бар еді! Тоқтатыңызшы
тоқығанды,құдай үшін! Қурортта не бітіреміз!

Бүгінгі барлық әрекеті мен сабырлы сөздері Бағиланың ызасына тиіп отырғанын
енді ғана аңғарған адамдай,Мәлике лыпылдап отырған саусақтарын оқыс тоқтатты
да:

   -     Сэр
бір нәрсені бүлдіргелі жүр,- деді шарасы таусылғандай ақырын сөйлеп.- Ол
Жасынмен сөйлеспекші.

  Бұл ол жігіттей нәзік дипломатия мен биік
мәдениетті меңгерген дейсің бе, кеңірдегінен тобық жүгіріп, көзі үкінің
көзіндей боп жетіп барғанда қырсығына тиіп, бүкіл қала есітер дауға айналып
кете ме деп қорқам. Жасынның әйелі бұл жайды есітсе не болмақ? Және, көлденең біреуден
емес, қыздың немере ағасынан!

  Мәликеден естіген бұл хабар, шынында, жас
қызды қатты шошындырды. Ақырамаштың суық торғайларындай дүр етіп жүрегіне
қонақтаған үрей оның Мәликеге деген ашу-ызасы мен қонақ үйдегі оқиғаның әлі
табы қайтпаған іш құсалығын лөздің арасында бәсеңсітіп тастады. Ол нақтылап
келгенде неден қорыққанын, нені көз алдына елестетіп  шошынғанын білген жоқ, әйтсе де, кеудесін сұмдық
жайлады. Өз өмірі мен Жасынның өмірі қыл үстінде тұрғандай көрінді және өз
жағдайынан гөрі Жасынның жағдайы жанына қаттырақ бататын секілді.

  Бағила бұл оқиғаның мәңгі құпия боп қалмасын,
ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір кезде бір қолайлы сәт тауып бәрін-бәрін әкесі мен
шешесіне сыр ғып ақтарарын,ақтарғанда, қайғысын таратқандай емес, бір адамның
кеудесіне көптік етердей бай сөзімдерін қуана отырып,мақтана отырып ақтармақ
еді. Енді соның бәрі табан астында астаң-кестең боп, бәрінің күтпеген жерден
кесірлі бағыт алып кеткелі тұрғаны қызды әрі қатты қорқытып,

әрі дағдартып
кетті.

   -     Жоқ,
олай болуы мүмкін емес,- деді ол дірілдеп.- Ол кісілікке жатпайды. Мен мұны кешіре
алмаймын!

  -      Сонда
не істемексің?

  -      Кетем!
Басқа қалаға! Басқа институтқа!

  -      Ақымақ
болма,- деді Мәлике зекіп.- Бұл жақтағы сөз ол қалаға сенімен бірге, немесе,
сенен бұрын жетеді. Және Қаратай мен  бізге таңба тастап кетесің.

 -       Енді
не істеу керек?

 -       Сэрге
өзім түсіндіріп айтам. Бәрі жай сөз деймін.Жазда екеуміз Қара теңізге кетеміз. Бәлкім,
шынымен оны ұмытарсың. Солай ма?

 Қыз оған тесіле қарап ұзақ тұрды да, бетін
басып солқылдап жылап жіберді.

 

                                              *
* *

    Сол
күні кешке Сәргел үйге ерекше көңілді кірді.Басқыштармен көтерілгенде ыңылдатып
әндетіп, есік ашқан әйеліне өмірінде байқалмаған мінез көрсетіп иіліп тұрып гүл ұсынды.

   -     Бүгін
екеуміздің қосылған күніміз, есіңде ме?-деді ол жаз ішіңде де басынан тастамайтын
тер сіңді шляпасын киім ілгіштің жоғарғы полкасына қойып жатып.

    -    О-о,
рақмет!- деді Мәлике Сәргелдің ең әдемі гладиолустарды таңдап әкелгеніне шын
қуанып. Дәл қазір ол күйеуінің гүл сыйлағанына қуанып тұрғаннан гөрі,гүлдің
әдемілігіне сүйсінуі басым еді.- Сэр, сен гүл мен сыпырғының арасында
қаншалықты айырма барын біле бермеуші едің ғой, қалай таңдадың?

   -     Ер
адам - таусылмайтын қазына. Қаза білсең оның сыры көп!- деп ол саусағын
шошайтып, ыржия күлді.- Қой, бүгін отау болған күнімізді атап өтейік.Ешқайда да
бармаймыз, осында өткіземіз. Шаңырақ құрған күнді шаңырақ астында атап өткен дұрыс.
Міне,мына сумкаларда бірдеңелер бар. Байқа, шампанды маған қаратып ашпағайсың!-
Сәргел баяғы кезде, Медеу ресторанында отырып Мәликенің оны шампанға шомылдырғанын есіне
ала сөйледі.

   Бүгін Сәргел екеуінің қосылған күні екенін,
шынында,Мәлике ұмытып та кетіпті. Сәргел оған гүл беріп, сол күнді еске
түсіргенде, өз жүрегінде қуаныш та, тебіреніс те жоқ, түсініксіз бір бос
кеңістік жатқандай сезінді. Ол кеңістікке Сәргелмен ішкен неке суынан қуаныш
боп бір тамшы да тамбайтынын, керісінше, оны реніш пен наланың, көп ретте жұртқа
көрсетпейтін көз жасының тамшыларымен толтырарын, тола қалса сонымен толарын
түсінді,бұрын да түсінген. Бірақ, ол оның бәрін қырмандағы қоқыстай кеудесінің
бір бұрышына үйіп қоя тұрды да, шын қуанған боп күйеуінің былғауыш сабындай
жіңішке мойнынан құшақтады. Бағиламен арада өткен бүгінгі әңгіме,бүгінгі
келісімнен кейін бұл үйге қандай болса да бір қуаныш керек еді.

  Мәлике Сәргелге тап қажетті күні, зәрулі күні
қосылғанына қуанды.Бір сағаттан соң олар түп-түгел стол басында отырды.Ас үйде
болмаса, залда өтетін салтанаттан әманда сыртқары қалатын Мәнсия мен екі бала
да үлкендермен қатар жайғасты. Үлкені Елтай биыл мектепке баруы керек,
сондықтан салауаттылық сақтап, дастарқанға шақырған кезде кішісінен кейінірек
келді. Ол анасының жанындағы  орынға жайғасқанда
інісі ағасына деп құйылған лимонадты да орталап, жоспарын ұят та болса асыра орындап
жатыр еді.

Соңғы күндердің
оқиғасы мен әлгінде ғана Мәликемен арадағы әңгіменің ауыртпалығынан әлі өзіне-өзі
келе алмаған Бағила аурудан жаңа тұрған адамдай стол басында сүлесоқ отыр.
Сәргелден қол созым төменде индеецтерден шыққан тұңғыш жазушы Сат Октың
кітабынан көз алмай Мәнсия жайғасыпты. Стол басында қанша адам болса бәрінің де
өз ойы, өз мақсаты, өз дәрежесінде ақылы мен қулықтары бар, бір-бірлеріне мүлде
ұқсамайды. Тіпті,кішкентай Елтай мен Ертайдың да мақсаттары әр басқа. Үлкені
авиаконструктор боламын десе, кішісі сағыз сататын дүкенде сатушы боламын деп
әзірге елде жоқ кәсіпті айтады.

  Сәргел көңілді қалпынан таймай, бокалдарға
шампан құйып шықты да, бүгінгі салтанаттың мәніне біраз тоқталып, тост көтерді.
Хрусталь бокалдар аспанда түйісіп, күйме
қоңырауындай сыңғырлады. Ол бокалдардың арасында Елтайдың лимонад толы бокалы
мен ішіңде тамшысы да жоқ Ертайдың да бокалы сыңғырға сыңғыр қосты.

  -      Мәнсия,
әр нәрсенің өз орны бар,- деді Сәргел бокалын соғыстыра салып кітапқа қайта
үңілген оған.-Дастарқан басында ас ішіледі, кітап оқылмайды, ал стол басында,
анау өз бөлмеңдегі, ас ішілмейді, кітап оқылады.

Мәнсия басын
көтеріп, екі жұдырығына иегін тіреп отыра қалды.

  -      Дәрігер
болғысы келген адам мединститутта оқиды,пединститутта оқымайды. Педагог болғысы
келген Адам пединститутта оқиды, мединститутта
оқымайды,- деді ащы мысқылмен
күлімсіреген боп.

  Сәргелдің көзі шарасынан шығып кете жаздады.
Ол отырғандарға жағалай қарап өтті де, оған қайта мойын бұрды.

  -      Бұл
да кітапты көп оқығанның пайдасы ғой,- деді дастарқан шырқына кесірін тигізбеуге
тырысып, әзілдеген боп.- Егер алған білім пайдалы нәрсеге жұмсалмай іште қала беретін
болса, ол улы  газға айналып, адамның өзіне
зиянын тигізеді. Білім де ағшының бүркіті сияқты. Оны орнымең жұмсау керек, бағалау
керек, қастерлеу керек. Егер бүркітті аң
көрінбесе де томағасын алып босқа ұшыра берсе, ол ашуланып, аңшының өзіне
шабады. Тілдің де қасиеті осыған ұқсас. Оның да қайтып айналып кеп өзіңе тиетін
көзі болып тұрады. Және жиі болып тұрады!-Сәргел сұқ қолын аспанға шошайтып, өз
сөзіне өзі риза болғандай шиқылдай күлді.  Мәнсияның көзінен ыза оты жылт ете түсті
де,еріндерінің көгеріп, болар-болмас дірілдегені байқалды.Сәргел бунтка
бастағалы тұрған паузаны ұзата бермей,жалма-жан тағы сөз бастады.

  -      Көп
ұзамай бәрің де оқуларыңды бітіресіндер.Жан-жаққа тарайсыңдар. Міне сол кезде,-
деді ол қайта көңілденіп,- мені сол кезде мына аталарыңды сағынасыңдар. Қандай
көңілсіз болмасын, өткен, артта қалған өмірді аңсайтын адам баласына біткен
қасиет. Мен бір үзім нанға зар боп, бүтін көйлек киіп көрмеген болашақ шағымды
аңсаймын. Сол күн бір айналып келсе екен деп тілеймін. Ал, сендер... сендер бұл
үйден не жаманшылық көріп жүрсіңдер. Бәрі бар, бәрі жетеді, ешкім қақпайлап
жатқан жоқ. Тыныш та бейғам өмірдегі кірбіңдердің бәрі өткінші, бәрі ұсақ,
оларды ұмытып кетесіңдер. Қане, мына тосты біріңе жеңге, біріңе әпке, енді біреулеріңе
- ол даусын көтеріп, екі баласына еңкейді,-мама. Мәликенің денсаулығы үшін алып
қоямыз. Түгел!- Ол өзі осылай деп
ұран тастаса да үшеуінің де тамшы қалдырмай түгел ішіп салғаңдарына таңданып,
шын жөтелгісі келді ме, тамағын қырнап шашалып қалды.Келесі тосты Мәлике
көтерді.

-           
Бүгін
- Сәргел екеуміздің ұмытылмас күніміз.Дәл осы күні екеуміз заңды тұрде өмірлік
жолдас болдық.Күнделікті тіршілік қамымен, ерлі-зайыптылардың үйреншікті өмірімен
сол ұмытылмас күн көмескіленіп бара жатыр екен. Соны еске салып, әуелі мені,
қала берді қалған бәріңді қуантып отырған мына алдарыңдағы -біріңе аға, біріңе
жезде, енді біреулеріңе - ол да дәл Сәргел сияқты екі баласына еңкейіп қойды,-
әке -Сәргелдің, Сэрдің денсаулығы үшін көтерулеріңді сұраймын. Түгел!

  Алдымен өзі, сонан соң екі қыз да қағып
тастады.Сәргелдің бадырақ көзі жылт-жылт етіп үшеуін де тез аралап шықты. Сонан
соң ішінде балалап үлгірген қап-қап күдікті ойларын ернін қымқырып біраз
қамауда ұстап отырды да, ол ойлардың тәптігі басылды-ау деген кезде аузына
бокалды апарды.

 Мәликемен қосылған күнді от басында ішпесек те
ырым үшін атап өтейік деп ойлаған Сәргел мына үшеуінің,әсіресе, мына екі қыздың
қамшы салдырмай шампанды сілтеп-сілтеп салғандарына қатты қайран қалды,
тіпті,шошынайын деді. Демек, олар үйренген, бұл жоқ жерде үйренген. Бәлкім, бұл
жоқ жерде олар бұрқыратып темекі де шегетін шығар? Бұрын іше алмайтын адам
кенеттен,дәл бүгін, менің көз алдымда бірден бокал құрғата алмайды ғой.

  Ол үшеуіне сынай қарап шықты. Жүздері моп-момақан,
ешқандай қулық-сұмдығы жоқ, күнәдан пәк,бейкүнә. Бірақ, кішкене үгіттесең,
тіпті үгіттемей-ақ тағы бокал босатуға дайын сияқты.Келесі сәтте ол Мәликенің
сөзін есіне алды. Оның әр буынынан, әр әрпінен, дауыс екпіндері мен
күлкісінен,бәрі-бәрінен кермек мысқыл мен жасандылыкты, уытты астарды аңғарып,
тың тыңдағандай басын бір жағына сәл қисайтып, көзін шымырлап тұрған
бокалындағы шампаннан алмай ойға шомып қалды.

  Ширек сағаттан соң Сәргел салтанатты отырысты
шұғыл жауып, семья мүшелерін стол басынан таратып жіберді.

  -      Сэр,-
деді Мәлике стол үстіндегі ыдыстарды жинап жатып.- Бүгінгі идеяң үшін
қуаныштымын, шын айтам. Бірақ, байқауымша, басқа да қуанышың бар сияқты.
Жасырмай айтшы, ол не?

  Креслода газет қарап отырған Сәргел оған
жайлап қарады да, Мәликенің көзімен көзі түйіскен кезде "бәлекет, қайдан
білдің",- дегендей басын шайқап, жайма-шуақ езу тартты. Сонан соң кешкі
газетті журнал столына тастай салды.

   -     Иә,
басқа хабарым тағы бар,- деді көңіліндегі әлгі күптігейді қазір айтатын
қуанышты хабарына жеңдіріп.

  Мәлике күйеуінің айрықша жаңалық есітуге
дайындалып,қатталған тарелкаларды көтере берген бойы оған қарап тұрып қалды.
Сәргел қуанышты хабарды бірден айта салғысы келмей, иығын қомдап, ерніндегі күлкісіне
манызды салмақ қосып, бет-әлпетін байсалды қалыпқа түсіріп алды. Ойындағы
хабарына лайықты пішінге түстім-ау дегенде барып кеудесін шалқайтты да:

   -     Ертеңнен
бастап сіздің күйеуіңіз кафедра меңгерушісі!- деді бұл сөзім қалай әсер етті
дегендей әйеліне мақтанышпен қарап.

   -     Солай
ма? Вот, бәлекет!- Мәлике тарелкаларын столға қайта қойып, алжапқышына қолын
сүртті.- Мен барып құшақтайын ба, әлде өзің кеп құшақтайсың ба?

-        Әрине, мен!- Ол маңыздана басып кеп
әйелін құшақтады да, бетінен сүйді.

-        Қаратайға ештеңе демей-ақ қой.

Сәргел шошып
кетті.

-        Бұл жерге Қаратайдың кандай қатысы бар?

-        Сен басқаша түсініп қалдың, шошымай-ақ
қой.Қаратайга Бағила жайлы ештеңе демей тұра тұр дегенім ғой.

Сәргелдің лып
етіп қызарып шыға келген беті қайта қалпына түсті.

-        Жарайды! Бір қуанышты бір ренішпен
араластырмайық.

-        Сонан соң,- Мәлике оған еркелеген боп,-
жазда Сур екеуміз Қара теңізге баратын боп шештік. Сол сонда,бәлкім, әлгі
жігітті ұмытар. Сен бізге екі путевка тауып бересің. Кафедра
меңгерушісің, докторсың. Келістік пе, Сэр?

 Сәргел теңіз жағасында қупальникпен жатқан
әйелін,оның қасынан тағы бір әйел емес біреуді көріп тұрғандай терезе жаққа
біраз қарап тұрды да:

-        Осыны да ұмытуға болмай ма?- деді.

-        Жоқ!- деді
Мәлике жағдайдың меңдей беретінін үзілді-кесілді даусымен танытып.- Жас
қыз үшін  бұл аса қиын да қауіпті
мәселе. Алысқа кету керек.

  Сәргел Таяу Шығыс мәселелерінен де күрделірек
нәрсеге енгендей екі қолын артына ұстап, ауыр ойға шомып, үй ішімен бет алды
жүріп кетті. Ақырында Мәликенің жанына кеп аялдады да:

  -      Ертең,-
деді жай ғана күрсініп.- Жауабын ертең берем.

 Мәлике үнсіз келісіп, тарелкаларын көтеріп
шығып кетті. Демек, алдағы түн сұрау мен сынау түні болатыны сөзсіз.

 

                                             *
* *

   Жазғы сессияларын ойдағыдай аяқтап Бағила төртінші
қурсқа өткен соң Малике екеуі Қара теңіз жағасына жүріп кетті. Өзі
командировкадан келгенде үй ішінде бір жеті бұрын темекі
шегілгенін сезетін қызғаншақ Сәргелдің әйелін осындай "қатерлі
сапарға" жіберуі, ол тарапынан ерлікпен парапар еді. Және оның ойында
"қурорт", "теңіз жағасы" деген сөздер "Көзге шөп
салу" деген сөздің баламасындай көрінетін. Бұл жолы әйелінің қасында немере
қарындасы бара жатқан соң, көңіліне соны медеу тұтып, қинала отырып рұқсатын
берді.Сәргел оларды самолетке шығарып салып, үйіне келген соң телефон арқылы
Қаратаймен сөйлесті.

   -     Рақмет,-
деді Қаратай ризалығын білдіріп.- Оған жасаған әкелік қамқорлығыңызға
қуаныштымын.

  -      Тәйірі,
рақмет деуге тұра қояр ма екен,- деді Сәргел өз ісіне қасақана мән бермеген
боп.- Балалардың қамын ортақ ойлау парызымыз ғой. Олар біздің өз ұрпағымыз, артта
қалар тұяғымыз. Солар үшін жүрген жоқпыз ба бәріміз де!

  -      Екінің
бірі сіз сияқты түсіне бермейді ғой.

Сәргел Қаратайга ұнағанына
қуанып, кеңкілдей күлді.

 -       Өзің
білесің өткен жолғы... әлгі бір... келеңсіз әңгімеден аулақ болсын деп... Оны ұмытты-ау
деймін.Қазір бәрі жақсарды. Қабағынан көріп жүрмін. Алыс жаққа барып, теңіз
суына шомылған соң, тәтті де балаң ойларына теңіздің тұзды суы араласып, кермек
болмаса да тұшып қайтатын болады.- Ол бұл жолы жақсы теңеу тапқанына риза боп
қарқылдап күле беріп еді, трубкадан өзін қостай кеткен күлкіні естімеген соң
даусын баяулатып жатпай-ақ кілт тоқтай қалды. Келесі сәтте бетіне бірден салқын
қандылық орнап, көзі сәт санап шақырая берді де:

 -       Қашан?..
Ім-м... неге?- деді таңданғаннан тілі таңдайына жабысып.- Білмеймін. Оқыған
жоқпын. Қазір жазушы көп қой. Бәрі жақсы, қайсыбірін оқисың. Қол тимейді.
Грейдершілер окыса, олардың уақытысы бар шығар. Бізде сабақ, қыруар тіршілік, ғылыми
жұмыс.Қаратай, мені кешір!- Қатты айтқысы келсе де даусын көтере алмай, онысы
өтініш сияқты боп шықты.

  -      Жақсы
жазушы болса болар. Заман жақсы, ел тыныш, жақсы жазбағанда не істейді. Бәріміз
де қарап жүрген жоқпыз. Қол тисе көрерміз. Өткен жолы қолыма алып байқап едім,
түсіне алмадым. Ұйысып жатқан бір бәле.
Сонда не дейсің? Вот, солай. Жаза берсін.

  -      Өзіміз
болған соң сөз арасында айтқаным ғой,-деді Қаратай күліп.

  -      Әрине,
оның ақылдылық. Жауыңа да парасатпен қарау
керек. Бірақ, ол бізге жау емес, есекке қалдырады.Егер бұрынғысын қайта бастаса
мен онымен басқа тілде сөйлесем.
Біздің тұқымның соңынан сөз
ергенін қаламайтынымды білесің.
Жалпы, жазушы дегенге жаным қарсы.
Олар өзі бар... нелеу, тұрақсыздау
ма, қалай... Мына жігіт
үйленген, бала-шағасы бар, газеттерде күнде сыналып жатады. Өзін ішеді дей
ме...

  -      Сәке,
сіз мені түсінбей қалдыңыз. Ол жігітті...-Қаратай сылқылдап күліп алды.- Ол
жігітті күйеу бала еткелі құлшынып тұрған мен жоқ. Жалпы бейтаныс жазушы
ретінде айтып отырмын. Өзімше объективті болғаным ғой.

  -      Е,
бәсе!- Ол қайтадан шиқылдай күлді.- Жұмысың жақсы ма?

  -      Жаман
емес. Жеңгей жоқта ауылға
кеп, демалып қайтыңыз балалармен.

  -      Құда қаласа. Барып та қалармын. Ал,
сау бол.Бәріне сәлем айт.

  Ол үлкен бір міндеттен құтылғандай жеңіл бір
демалып, балконға шықты. Күн батып, көз байланып келе жатқан шақ еді. Төменнен
өзіне етене таныс тұлғаны көргендей боп, алға итініп, үңіле қарады. Иә, сол. Ол
мұнда неғып жүр?

   -     Сербота!
Бұл сенбісің?- деді Сәргел дауыстап.Жігіт қалшиып тұра қалды да, дауысқа мән
бермеген мүлде басқа адамдай орнынан қайта қозғалып, бұрышты айналып кетті.

  Сәргел өз көзіне өзі сенбей иығын бір қиқаң
еткізді де, ішке қайта кірді. Балалар Мәнсиямен далада ойнап жүрген. Ол екі
қолын артына ұстап, аңырайған бөлмелерді аралады. Бәрі
тап-тұйнақтай, тап-таза, сұп-суық. Үй ішіндегі кітаптар мен мебельдер,
қабырғадағы орта қол картиналар тылсым сырды ішіне бүгіп жатқан сияқты.Ол
сенделіп жүріп Бағиланың бөлмесіндегі бұрынғы әйелі мен екі баласының
портреттерінің алдына қалай келіп қалғанын байқамапты.Сәргел оларға ұзақ
қарады. Сол кезде кеудесіне әлде қалай бір сағыныш
пен жалғыздық еніп, көңілі құлазығанын сезді.

 

                                 * * *

  Таң бозарып келе жатты.

  Кешкі тамақтан соң бір сағат жатып алып, столға
отырған Жасын орнынан тұрып, терезені ашты. Сырта қамалып тұрған кәусар ауа
ішке лап құйылып, жылылыққа ұйыған денесін дір еткізді. Ол сонда ғана барып түні
бойы шеккен темекі түтінімен қимылсыз отыра бергеннен басының зырқылдап тұрғанын
сезді.

  Үкі мамығын тербетер жел жоқ, таң алдындағы
маужыраған тымық шақ. Дүние күннің шығуын күтіп, демін ішке тартып, тына
қалған. Маңай әлі ұйқыда. Терезеге төніп тұрған терек пен қарағаштардың қою
жапырақтары да таң алдындағы тәтті ұйқысынан ояна қоймапты, үн шығармай мүлгіп
тұр. Сол сыбдырсыз жапырақтардың арасынан бөзілдеуік пен қараторғайлардың мың құбылтып
салған әндері тұп-тұнық, тап-таза естіледі.

  "Күннің туылуы,- деді Жасын іштей.- Жаңа
күннің туылуы! Дүние толғатып жатыр. Біраздан соң дүниеге жана күн келеді".

 Ол таңның атуын көзбен талай көріп келеді,
бірақ,бір-біріне ұқсап атқан таңды көрген емес. Әр таң әр басқа.Адам сияқты
олардың да әр тұрлі мінезі, әр тұрлі сыры бар. Оның ойына болашақ кейіпкерлер
айтатын диалог түсті. "Дүниеде не сұлу?", "Таң сұлу" "Енді
бұған қарама-қайшы ұғым болу керек, әйтпесе мұның мәні аз",- деп ойлады ол
тағы да. Ажарсыз, сүйкімсіз нәрселерді ойша шарлап шықты, бірақ таба
алмады.Ажарсыз, сүйкімсіз дегендердің бәрі де таразылап келгенде, адам
баласының қалыптасып қалған қабылдауына байланысты екенін аңғарды.

  Ол терезеден сыртқа сұғынған денесін кейін
тартып,жазу столына қайта жақындады. Үй ішіне сіңіп қалған темекі түтінінін
қоңырсық иісі қайтадан қолқасын қапты.Басы қайтадан зырқ ете түсті. Терезенің
екі жақтауын да бірдей ашып, түні бойы жазған жолдарына үңілді.Екі жарым-ақ
бет! Кешкі сегізден таңғы  төртке дейін бітіргені
осы. Бір де бір сөзі өшірілмеген екі жарым беттік диалогсыз текст. Жалпы ол ешіріп
жазғанды ұнатпайтын.

Өзгелердің талай
рет кешіремін, өңдеймін, сызамын дегендеріне түсінбейтін, оған қарсы болатын
да. "Таза өнер бір сәтте екі тумауы керек,- дейтін ол.- Көркем шығармада
"жекелеген сөз" деген бөлек ұғым жоқ,өнер - сол жеке сөзден
басталады. Ой мен сана адамға сол сөздерді күні бұрын дәл табу үшін берілген.
Керек көзінде дәл табылмаған сөз - жазушының әлі дайын еместігін көрсетеді. Бірі
сызылып, бірі түзеліп, айғыз-айғыз болған қағаз алдында отыру ұят емес пе?
Әуелі бәрін ойда жазып алу керек. Сөзді өңдеп жазу - жазу - писать, өңдемей
жазу - тудыру - творить". Замандастары тұс-тұстан шуылдап, қоя беретін:
"Сонда жалғыз сен ғана дүние тудырасың да, өзгелер тек жаза ма? Пушкин, Толстой, Достоевскийің тағы, тағылар.

   Сеніңше, олар тек жазды ма? Еш нәрсе
тудырмады ма?"Екеуі де бар. Адам құдай емес. Мен ет пен сүйекке табынбаймын". "Сонда... сен
данышпан болдың ғой!!!""Бар болғаны мен өзімше ойлаймын. Жер бетінде
сыналмайтын данышпандық жоқ. Сызбай жазуға да қақым бар".Ол машинкаға
бірден жазатын адамның тәсілене өлердей қарсы еді. Сөзді сыйламаушылық дейтін-ді. "Толстой "Анна Каренинаны" машинкаға ауызша айтып тұр!" Ауызша айтқан кезде ешқашан
"Анна Каренина"
тумайды!

   Жасын екі жарым бетті түгел қайта
оқып шықты. Бұл өзен арнасын бұрып, шөл даланы суландыру жобасын ұсынған талантты инженер-ғалымның бұрын
өзі ойламаған зиянды салдарға тап
болғаннан соңғы ой толғау,тебіренісі мен опынысы еді. Өзіне ұнайтын сияқты.Есік ақырын ашылып, ақ
жейде, ақ дамбалмен состиып қарап тұрған әкесі көрінді.

   -     Иә,-
деді ол өктем үнмен.- Тағы ұрыс естігің кеп таңды таңға ұрып отырсың ба?

  -      Ә,
бала, жап есікті!- деді Жасын оған доқ көрсетіп,- қай бала бақшадан адасып
жүрсің?

  -      Жағың
пышақ қайрағандай, көзің шөлдің құдығындай, үйің сасық күзеннің ініндей. Бәрібір
ертең кәзиттер арадай талайды, несіне әуре боласың!

Жасын сақылдап күліп
алды.

  -      Сен
бала, барып ұйықта. Көп болса фамилияңды алып қоярсың. Маған
псевдоним-ақ әке болады.

  -      Ол
кім псевдоним деген?

 -       Ол
да әкенің бір тұрі. Бірақ, борсық тұқымдас -ұрған сайын семіре береді.

Қолында орта
кесесі бар, шалын шынтағымен ысырып ішке анасы кірді.

  -      Ален
Делондар мен Софи Лореңдер қаптап кетті ғой.

-        Құрт қатқан тары көже. Ішіп алшы,-
деді анасы жұмсақ үнмен.

-        Әйтпесе ішегің
қабырғаңа жабысып қалады.

-        Сайрай бермей
баршы орныңа,- деді кемпірі шалына ала көзімен ата қарап. Аш тауықтай құлқын сәріден сайрайсың! Жүр, мазасын алмайық!- Ол шалын
ертіп шығып кетті.

  Жасын кесені қолына алды. Ыстық та емес, суық
та емес, сіміріп салатындай әбі-тәбі екен. Кеше езілген құрт жоқ болатын. Оны езу
үшін кемінде бір сағаттай уақыт керек. Анасы да көптен бері ояу жүрген екен-ау!Ол
сағатына қарады. Таңғы алты болыпты. Енді бір сағаттан соң әйелі мен баласы да
тұра бастайды.Жасын терезені жауып, шамды өшіріп, әйелі жатқан ұйықтайтын
бөлмеге қарай жүре бергенде, даусын ақырындатып қойған телефон дызылдай жөнелді.
Жасын таңданып, иығын қозғады да, трубканы алды.

  -      Тыңдап
тұрмын,- деді ол үйдегі қайта орнаған тыныштықты бұзбай ақырын ғана.

Ар жағынан әйел
даусы естілді.

-        Жасын, бұл сіз бе?

-        Иә.

-        Қалай ерте тұрғансыз? Алматыда енді таң
атқан болар. Бізде жап-жарық.

-        Бұл кім?

-        Мен Мәликемін ғой.

-        Кім?!

-        Мәлике. Ұмытып қалдыңыз ба?

-        Қайдан?

-        Ялтадан.

Жасын түкке
түсінбей үнсіз қалды.

-        Алло! Алло!

-        Не айтайын деп
едіңіз?

-Біз осында... демалуға келіп едік...- Оның даусы абдырап,
үрейлі шықты.- Бағила қатты ауырып, ауруханаға түсті.- Кеше...- Мәлике жылап тұр. Жасын жұмсарайын
деді.

-        Мен не көмек
бере аламын?

-        Сіз... сіз
келіп кетіңіз. Келуге тиіссіз. Келген соң түсінесіз.
Телефонмен ештеңе айта алмаймын.

Жасын сәл мүдіріп барып:

-        Естеріңіз дұрыс
па? Ялта - Қаскелең емес қой,-деді.- Және барғанда қолымнан не келеді?

 -       Өтінемін. Екі үш күнге уақыт табыңыз. Сізге телефон соқпай-ақ
қояйын деп едім, болмады. Түсініңіз! Келесіз бе? Оның жағдайы шынымен ауыр.
Менің он бес тиындықтарым бітіп қалды, телефон-автоматтан соғып,тұрмын, тез
айтыңыз!

-        Сонда мен Алматыдан шақырылған жедел
жәрдем ретінде бармақпын ба?

-        Ненің ретінде екенін білмеймін, келіңіз.
Егер билет алу қиын болса, орталық аэрофлот агентствосының тоғызыншы кассасында,
естіп тұрсыз ба, тоғызыншы кассасында тетя Маша
деген кісі бар, ұмытпаңыз, тетя Маша!Мені айтсаңыз ұшып бара жатқан самолетке
де билет алып береді. Біз "Орсаңда" ресторанының жанындағы корпус...

 Дауыс үзіліп кетті. Мәликекің он бес
тиындықтары бітсе керек.

 "Неткен ұшқалақтық!- деді Жасын
ызаланып.-Осындай хабар айтуға келеді, он бес тиындықтарын да жеткілікті ғып
алмайды! Ялта! Олар қашан кетіп жүр?Мәликенің идеясы ғой шамасы".

   Жасын Бағиламен баяғы оқиғадан соң екі-ақ
рет телефонмен сөйлескен. Қыздың даусынан тек реніш қана емес, санадан
туындайтын салқындықты аңғарып, қайтып хабарласпаған-ды.
Және өзінің де жанын кеміріп, күннен күнге ұлғайып, сүйек жараға айналып бара
жатқан қасіреттей сезімді дәл осы тұста тежеп, шамасы жетсе шідерлеп тастауға
бекініп еді. Ол қанша алысқа ұзағанмен, өзін өзі қанша ауыздықтағанмен Бағиланы
ұмыта алмасын, нәзіктікке езіле бермейтін қасаң жүрегінде оның бейнесі ақырғы
минутқа дейін бірге өмір сүрерін жақсы түсінді. Былайғы жұртқа тұрпідей көрінер
"Жас қыздың өмірін қор қылармын",- деген ойдан ол қорыққан жоқ, бұлай
деп ойламады да, бар қорыққаны - құдайдай табынар сұлулыққа да бір кезде
бойының үйреніп, оған көңіл бөлмейтін көздің
келерін сөзінгендіктен еді.

  Періштенің қызымен некелескен бір еркек, бес
жылдан соң аузы қисық бір әйелге ынтық бопты (Жасынның бір повесіндегі бір
шалдың ер адамның қанағаты мен соқыр нәпсісі жайлы ауыз-әңгімесінен). Жасын
әлгі еркектің адамдық қасиетінің өлгенін аза тұтты. Адам бойында ет өлу,
үйрену, көз тию, көңіл тояттау сияқты қасиеттердің бұғып жатарын білген ол Бағиламен
бірге сұлулық пен ынтызарлық символын өлтіріп алудан қорыққанды.

  Ол жұмыс кабинетінде ұзақ ойланып отырды да,ұйықтайтын
бөлмеге беттеді. Дыбысын білдірмей есікті ашты. Әйелінің ұйқысы қанып қалған
болуы керек,білдірмей кірсе де бұл енген кезде орнынан бір қозғалып, оң жақ
қырына аунап түсті.

  Жасын паралон халатын шешіп жатып әйеліне
қарады.Бейкүнә, бейғам күйде, екі алақанын жағына төсеп, момақан пішінде ұйықтап
жатыр. Әлгінде ғана сонау Ялтамен сөйлескенін, ол жақта өз күйеуінің жүрегінен
мәңгі орын алған басқа бір қыздың барлығын, мұның келуін асыға күтіп отырғанын
мүлде білмейді.Ол анау айтқан сұлу да емес, көп ішінде елеусіз қалар ажарсыз да
емес, орта бойлы, қыр мұрынды, жарасымды қастарының екі
ортасы көтеріңкі біткендіктен жүзіне ылғи да таңданыс сеуіп тұратын, әдеміше
келген әйел еді .

  Екеуінің арасында түс шайысу, дауыс көтеру
деген ешқашан болған емес. Ол Жасынды мейлінше жақсы көретін, сол жақсы көруі
екеуі отасқалы бері бәсеңдеген жоқ, бәлкім, олардың ұрыс-талассыз өмір
сүрулеріне де әйел бойындағы сол сарқылмаған сезім, сол сезімнен туындайтын
кешірімділік әсерін тигізетін шығар. Неге екені белгісіз, осы кешірімділік пен
не айтсаң соған көнетін баладай бағыныштылық кей кездерде Жасынның ішкі ызасын
оятатын. Өз тағдырын күйеуінің қолына қапысыз тапсырып, алаңсыз ұйықтап жатқан
әйеліне Жасын бір сәт аяушылықпен қарады. Өзінің алдыңда оның инедейде кінәсі жоқ
екенін, сондықтан, оны жек көрудің де мүлде қисынсыз, негізсіз екенін ол жақсы
білетін-ді. Егер жүрегінен басқа қыз ұмытылмастай берік орын алса,бұл - әйелін ұнатпаудан,
жек көруден туған сезім емес,сыры өзіне де жұмбақ, оны жеңуге шамасы жетпейтін,
ол үшін ешкімді кінәлауға болмайтын айрықша күш екенін де санамен ұқты.   Ялтаға ұшу - оның алдына екі бірдей күнәні
көлденең тартпақ. Бірі - басқа бір сылтау айтып үй ішімен әйелін алдау,
екіншісі - адалдықтан аттау.Осы ой арпалысы өзін тынымсыз мазаласа да, ұстап тұруға
болмайтын еріксіз күш оны аэрофлот агенствосының тоғызыншы кассасына қарай итермелей берді. Ол біреу зорлағандай қиналып билет алды, амалсыз
самолетке отырды. Самолет те біреу
зорлағандай орнынан қинала қозғалды, қинала екпін алды. Әйелдің бөлмесінен бері созылған адалдықтың жібі бырт етіп үзіліп
кетті.Самолет жерден көтеріліп,
аяғын бауырына жиып алды.

 

                                         * * *

   Жасын Мәликенің бөлмесін тапқан кезде күн
батуға бақан бойы қалып еді. Ол бөлмеде жоқ екен. Бұл қалада ол әлденеше рет
болған, бәрі таныс. Былтырғы көктемде ғана жазушылардың Чехов атындағы
творчество үйінде бір ай демалған, повесінің бірінші бөлімін осында бітірген.Онда
кісі аз еді, жаз айы болған соң, теңіз жағасы құмырсқаның илеуіндей құжынаған
адам. Жасын сияқты киіммен жүргендер ілуде бір кездеседі, көпшілігі жартылай жалаңаш.
Киіммен жүру ерсі секілді. Жағаның құмдауытында ине тастар жер жоқ, жаппай күнге
қыздырынып жатқан адамдар. Кеш батуға таянған соң кейбіреулер
үрлейтін төсектері мен жастықтарының желін шығарып, қайтуға дайындалып жатыр.
Енді біреулер бүгінгі күнді аяғына дейін толық пайдаланып қалмақ боп,жонын
күнге тастап, қимылсыз қалған. Баз-біреулер доп ойнап, енді біреулер кітап
бетіне үңілген. Алыстан қарағанда ұсақ боп көрінетін адамдар теңіз жағасында шабақтай
жапырлап жүр. Көз жетер жердегі мүйіске дейін қыбырлаған адам. Олардың көптігі сондай,
бүкіл ел шешініп тастап, түгел суға шомылып жатқан секілді.

  Жасын киоскіден газет алып, үш-төрт қыз
отырған сәкінің бір шетіне жайғасты. Қыздар тым көңілді.Аяқтарын бір-біріне
айқастырып, шалқалап отыр. Күнге күйген денелері қыздырған мыстай көзге
қоңырқай шалынады. Олар киіммен жүрген бұған таңдана, әрі менсінбей бір қарап
алды да, бүгінгі жоспарлары жайлы үзіп-үзіп айта бастады. Және не айтылса да
бәрі күледі. Тістері теңіз маржанындай аппақ. Шашы су перісінің шашындай аппақ, сұңғақ
бойлы бергі шеткі қыз шашын тәкаппарлана сілкіп қалғанда оның ұшы Жасынды
желпіп өтті. Француз духиінің жеп-жеңіл, нәзік иісі мұрынға келді. Адамдар ерсілі-қарсылы ағылып жатыр. Денелері қоладан
құйғандай сұлу екі-үш жігіт өтті, олардың соңында ертегіден шығып келген
перінің қыздарындай төрт-бес қыз қатар түзеп, байпандай басып барады.

  -"Қызық,- деді Жасын іштей,- Қырымның
жазғы жағалаулары демалатын, денсаулығыңды түзейтін ғана жер емес. Ол -
фестиваль - әдемі дене мен әдемі мүсінді демонстрация жасайтын фестиваль. Мүсін жарысы,әдемілік
жарысы".

  - Қыздар,- деді Жасынға таяу отырған қыз шалқасынан
отырған қалпынан жазбай.- Түнде мен ғажап түс көрдім. Барлық дүние Қырымның
жазғы жағалауындай, қыс болмайды екен ғой деймін. Барлық адам біз сияқты қупальникпен
ғана жүреді екен. Иә, тек қупальникпен! Кенет... киіммен жүрген адамды көріп бәріміз
үрпиісе қаламыз. Ол ұятсыз көпшілік ішінде тәртіп сақтамағанынан қысылу былай
тұрсын, сигаретін шегіп тыңдамайды. Ертең
галстук тағып келем деп шікірейеді.Ақыр немен бітті дейсіңдер ғой. Оны милиция
алып кетті!Киіммен жүргеннің қалай болатынын танытқан шығар!

   Қыздар ду күлді. Мына "су перісі"
әңгімені ойдан шығарып, өзіне тиісіп отырғанын Жасын түсіне қойды да,күлкісі
келсе де ештеңе естімеген адамдай газетке үңіліп отыра берді.Әлгі қыз тағы сөз
бастады.

  -      Қыздар,
жан-жақтарыңа қараңдаршы милиция көрінбей ме?

-        Көрінбейді,- деді арғы шеткі қыз да
шалқалап жатқан қалпы.- Айтпақшы, оның формасы қандай? Жалаңаш па, әлде киіммен
бе?

-Әрине плавкамен! Есің дұрыс па?

Олар тағы күлкіге басты.

 Жастықтың, тәкаппарлықтың, еркіндіктің
өзегін жарып шыққан күлкі.Ортадағы қыз да аспаннан көз алмай:

-        Шіркін, сауаты
бар адамға не жетсін, олар кітап та,
газет те оқи алады!- деп еді, бергі шеттегісі оны іліп әкетті.

-        Қор болған
Қырымның жағалаулары-ай! Бүкіл одақтық
оқу залына айналмасаң болғаны!

Төрт қыздың төртеуі де сәкі арқалығына желкелерін қойып, аспанға қарап шалқалап отыр.   Бұл
жолы Жасынның қытығына ашықтан-ашық тиіп, әдейі сылқылдай күлді. Жасын да
үндемей отыра бергенді жөн көрмей газетті дауыстап оқыған болды. "Сол кезде
Иисус Христос су бетімен жүріп отырып періштедей төрт қызға келді де,мынаны
айтты: мен сендерді осы жағада қалдырамын, Енді сендер су патшалығының қыздары
емес, жай адам боп өмір сүресіңдер. Мен Назареттен қайтып келгенімше бәрін де
адамдардың арасында сәуегейлік құрып, олардың көрген түстерін жорумен шұғылданасыңдар.
Әзірге  адамдардың көретін түстері
шектеулі, өйткені, олардың ой-өрістері де жан-жақты жетілген жоқ. Егер адам
түсінде ақ боз ат мініп жүрсе - мәртебесі биік болады, егер ол патшамен қол
алысып, қасында отырса, мансабы өседі, түсінде балық ұстаса не ғашық болады,
немесе бала сүйеді. Ал егер түсінде жалаңаш адамдарды көрсе - көп ұзамай есінен
адасады, заң адамын көрсе басы дауға қалады, тағы тағылар. Түс жорудың
бастылары әзірге осылар, қалғанын Назареттен келген соң айтам. Адамдарға
түсіндіріп айтыңдар, олар көрмеген
түсін көрдім деп айтушы болмасын, егер олар мұны орындамаса о дүниеге барғанда
менің тірі көзімдегідей крестке керіледі".

  Төрт қыз күлкілерін тоқтатып, оған аңтарыла
қарасты.Жігіт оларға назар да аудармастан, газеттің басқа бетіне үңіліп,
жайбарақат отыра берді. Жүзінде әзіл мен күлкінің ізі де жоқ. Су перісіндей ақ
құба қыз мына сөзге иланарын да, иланбасын да білмей, жігітке тесіле қарады,
мойнын созып, газетке ұрлана көз тастады.

-        Сіз... шынымен оқыдыңыз ба?- деді қыз
баладай таңданып...

  Жасын әйел сенімінің қашан да осал боларын,
жылдар бойы қалыптасқан сол сенімін көз келген бір оқыс жағдай сетінетіп өте
саларына тағы көзі жетіп, іштей күлімсіреді де, газетті аса бір киелі заттай мұқият
бүктеп қалтасына салды, сонан соң жайлап орнынан тұрып, аспаннан түскен әулиедей
қыздарды онан сайын таңқандырып, асықпай басып олардан ұзай берді.Төрт қыз
бір-біріне қарады.

   -     Осы
біз түс көріп отырған жоқпыз ба?- деді ортасындағы қалғандарының зәресін
алып.Олардың сүйкімді жүздеріндегі таңданыс бірте-бірте үреймен алмасып, төртеуі
де орындарынан үдере тұрды.

  Жасын Мәликелердің бөлмесінің есігін қаққанда
іштен Мәликенің өзі атылып шықты. Коридорда ерсілі-қарсылы жүрген адамдарға
қарамастан ол шыққан бетте Жасынның мойнына асыла
кетті.

  -      Келдіңіз
бе әйтеуір! Екі көзіміз төрт болды ғой?-деді ол ебіл-дебіл жылап.- Неге
кешіктіңіз?

  Жасын күтпеген мына жағдайдан қысылып, не
айтарын да, не істерін де білмей, аузына түскен жұбату сөздерін міңгірлеп,
тәлтіректеп тұрып қалды. Мәликенің ыстық демі мен көз жасы, мойнынан қыса құшақтаған
білегі оны тұншықтырып бара жатқандай болды.

  -      Қалай?-
деді Жасын оның құшағынан босанған соң бірден Бағиланың жайына көшіп.

 -       Қазір
тәуір. Кеше өліп қалады екен деп зәре-иманым қалмады.- Мәлике орамалмен көз
жасын қайта-қайта сүртумен болды.- Сізді көп айтты. Оны қатты ренжіткен... сіз
ғой. Неге өйттіңіз?

Жасын не жауап берерін білмей тосылып қалды.

  -      Сырқаты
қаңдай?-деді ол бөлмеге кіріп, орындыққа отырған соң.

 -       Білмейді
екенбіз, жүрегі ауырады екен ғой. Өзіңіз де сезіп жүрген шығарсыз, сізді ұмытпақ
боп алысқа кеткенбіз. Одан айрылып қала жаздадық.  Мәликеге теңіз ауасы жаққан сияқты. Сопақша
беті сәл дөңгеленіп, жүзіне қан жүгіріпті. Көзінің астында бұрын бірден
байқалатын болмашы әжім сызықтары жойылып, шаршағанда пайда болатын көз
көлеңкелері де ғайып бопты. Жасынның келуіне орай дайындалған ба, иығына жететін
қысқа шашы кенет жел үрлеген көл бетінің біркелкі майда толқынындай ұқыпты бұйраланыпты.
Үстіндегі етегі ұзын, гүлді шыт көйлегі оның бойын бұрынғысынан сұңғақ тартқызып,
қара торы өңіне жарасып-ақ тұр. "Пәлекет, талғамы жақсы,- деді іштей Жасын.-
Өзінің әдемі екенін жақсы біледі тағы. Әйелдер де қызық-ау, ең
жақсы көретін адамы ауруханада хал үстінде жатса да бойын сәндеп ұстауды ұмытпайды.
Дегенмен,жүрегі таза әйел".

-        Біз оған бүгін жолыға аламыз ба?- деді
Жасын.

-        Маған пропуск берген. Түсіндіріп айтсақ,
екеумізді де жіберер. Әуелі мен көрейін. Кім біледі, сізді бірден көрген соң
көңілі толқып жағдайы қиындап қалар.

  Олар қаланың батыс жағындағы кипаристер мен
жасыл шыршаға көмілген поликлиникаға жеткенде күн қыр астында қалып, маңай
күңгірт түске боялған еді. Мұнда әлгіндей
сапырылысқан адамдар да, ретсіз шу да жоқ,жанға жайлы тыныштық. Жарты
шақырымдай жердегі теңіз толқындарының жарқабаққа соғылып гүрсілдегендері талып
естіледі, жаңа ғана өздері келген жақтан демалушыларды кезекті серуенге
шақырып, катерге отыруларын сұрап жатқан порт дикторының репродуктордан шыққан даусы
ауа толқынымен бірде қатты, бірде бәсең естіліп тұр.

  Жасынның алыстан келгенін түсінген соң
дәрігерлер ауру жатқан палатаға Мәлике екеуінің де кіруіне рұқсат берді. Әлгі
келісім бойынша алдымен Мәлике кірді де,көп ұзамай қайта шығып, "жүріңіз"
дегендей үнсіз басын изеді.

  Бағила Жасын келетін болған соң жастығын сәл биіктеу
қойып, кездесуге өзінше дайындалған бопты. Ол қанша салмақты болуға тырысса да,
оны көрген сәтте кеудесінің көтеріліп-басылуы жиілеп, жүрегі лүпілдей жөнелді.
Қыздың кенет толқып кеткенін көріп, кереует жанында отырған сестраның зәресі ұшты.
Әрине, бұл келген жігіттің қызға қандай туыстық қатысы барын олар анық
білмейтін-ді. Сырқаттың бет-пішінінің табан асты өзгеріп, дем
алуының жиілегенін байқаған жас сестра қасынан өте берген жігіттің құлағына
"Екі минуттан артық сөйлеспеңіз",- деп сыбыр ете түсті.

  Жасын өзіне жақындағанда Бағила оған қарап
аздап езу тартып күлген болып еді, жігіт кеп қасына отырып,қолынан ұстағанда
көз көбелері бірден жасқа толып, ол екі самайды қуалап аға жөнелді.

  Жасынның да жүрегі шым етіп, ішкі дүниесі
қалтырап кетті. Ол алақанында жатқан нәп-нәзік, жұп-жұмсақ әлжуаз саусақтарын
үнсіз сипалап отырып қалды. Осы бір әлжуаз саусақтардың нәзік жылуы қолы арқылы
өз жүрегіне жетіп, оны бірте-бірте ерітіп, елжіретіп бара жатты. Сонау қонақ
үйдегі айрылысудан кейін кездесіп отырғандары осы екенін, сол айрылысудың
соншалықты өрескел, соншалықты ессіздіктен екенін қазір жан-тәнімен ұққан Жасын
қыз алдында тілсіз кешірім өтінгендей оның саусақтарынан елжірей сүйді. Сонан
соң маңдайынан, сонан соң ып-ыстық, жұп-жұмсақ еріндерінен сүйді. Бір-біріне әлі бір
ауыз тіл қатпай, жұрттың бәрінің көзін бақырайтып қойып, келе сала сүйіске
кірісіп кеткен мына жігітке, қарсылық көрсетпеген сырқат қызға тандана қарап
қалған сестра мұнан әрі не істерін білмей еріндерін тістелеп тұрып қалды.

-        Бұл жолы ерніңнен дәрінің дәмі шығады,-
деді Жасын езу тартып. Бағила "солай" дегендей күлімсіреп,басын изеп,
көзін жұмып қойды.

-        Алғаш рет қонақ үйде, екінші рет
ауруханада,-деді қыз өткенді еске алып.- Бәлкім, бұл - соңғысы шығар...

-        Артық сөз айтып қайтесің,- деді Жасын
оның сәл бозарған жүзінен көз алмай.- Қазір жұрт тұмау тисе де өлемін деп қорқатын
болды. Сен оларға ұқсамай-ақ қой.

-        Сізді әурелегенімізге кешіріңіз.- Ол осылай
жатысы үшін Жасын алдында қысылғандай көзін одан тайдырып, терезе жаққа қарап
қойды.- Ликенің ойлап тапқаны ғой. Оның
таппайтыны жоқ.- Қыз Мәликеге қарап, әрі кінәлағандай, әрі риза болғандай
жымиып қойды. Сонан соң қайтадан Жасынға қарады.

-        Қашан қайтасыз?

-        Сен тәуір болған соң.

-        0, мен кеп жатып қалуым мүмкін. Сіздің
қыруар жұмыстарыңыз бар, ерігіп жүрген адам емессіз ғой. Әйел,бала-шағаңыз бар.

-        Мұндай сөздеріңді қойшы.- Жасын қабақ
шытты- Сонан соң, "Сіз" дегеніңді қойшы.

Бағила кенет
айтылған бұл өтініштен таңданып, біраз үнсіз жатты да:

-        Менің сырқатым нәзіктігіңізді оятты.
Солай ма?

-        Жоқ,- деді Жасын Бағиланың дәл айтылған
сөзін мойыңдаса да мойындағысы келмей.- Ол мені картайтып жібереді.

 Әзілдеген болса түбінде шындығы жатқан бұл
сөзден Бағила дауыстап бір күліп алды. Оның күлкісіне сестра мен Мәлике де,
Жасынның өзі де қосылды. Бұл келген жігіттің қызға ешқандай туыстық қатысы жоқ
екенін түсінсе де сестра енді қабақ шытуын қойды, бірақ, өз міндетін ұмытпай
оларды асықтыра бастады.

-        Ертең қайтыңыз,- деді Бағила сәл
үнсіздіктен соң.- Рас айтам.

-        Сенің "жөндеп ауруыңа" мен
кедергі жасаймын ба?

-        Иә. Мұндай жағдайда сізбен кездесе
бергенді қаламаймын. Әрі... әрі екі күннен соң әкем келеді.

Дәрігерлер хабар
беріп қойыпты. Сізді көрсе... ол түсі...түсінесіз ғой.

-        Әрине, түсінем...- Жасынның еріндері
ғана күбірлегендей болды. "Мені көрсе қайғысының үстіне қайғы жамайды,-
деді ол іштей Бағиланың ойын жалғастырып.- Иә, сөйтеді. Мен әйел адамды жақсы көру
деген белдеуден асып кеткемін. Бәріне қақым бар, тек сүюге қақым
жоқ. Қақым бар кезде кездеспеді, бұлай сүйе алмадым. Бірі болса - бірі
болмайтын, бірін тапсаң - бірін жоғалтатын адам бойындағы қасиет өмірдің өшпес
заңы ма? Неге олай? Сонау жылғы "Театралка"кафесіндегі кездесуден
бастап тынышымды алған, ішкі дүниеме қарғын судай күрт өзгеріс енгізіп, әйел
адамды шын беріле сүю деген ұғымымды жаңартып кеткен, қалған өмірімде ұмыта
алмасымды санамен, парасатпен сезінген осы бір жан иесін жоғалтуым керек пе,
жоғалуы тиіс пе?

  Оқуын бітірген соң ол өз бетінше кетеді, мен
өз бетімше қалмақпын ба? Тып-тыныш, бейғам, бейтарап? Сонан соң да атқан күнді
батырып, тіршілікті жалғастыра бермекпін бе? Ол да сөйте ме? Неге? Неліктен? Әйелім мен баламның
барлығынан ба? Өмірдің заңы осыны талап еткендіктен бе? Олай болса, тағдыр мені
мұнымен неге кездестірді. Бала
сүймей, үйленбей тұрғанда
неге жолықтырмады? Бұл да тағдырдың бір әділетсіздігі ме, адамды келемеждеп,
сынға салуы ма? Менің бұл махаббатымның
құны мен бағасы - әйелім мен
екі балам, олардың тағдыры болмақ па? Неткен қымбат, неткен қаталдық! Екі күннен соң дүниедегі ең
жақсы көретін адамымның әкесі келеді,
ал мен оған дейін кетуім керек,бұл жерде менің рухым да болмауы керек. Қашуым
керек!Өйткені мен жасырын ғашық болуға ғана еріктімін, жұрт көзіне де түспеуге тиіспін. Жасырын
махаббат! Неткен сұмдық, не
деген қорлық!" Ол кенет Бағиланьщ қолын қайтадан қысты да:

-        Алматыға
барған соң, екеуміз паркте қыдырайықшы,-
деді.

Бағиланың көз шарасы ұлғайып барып, ернінен күлкі табы
байқалды.

-        Бәлкім, сіз
балмұздақ жерсіз?- деді ол күліп.

-        Мен шын айтып
тұрмын.

Қыз иығын қозғады.

-        Алдымен
Алматыға жетіп алайықшы.

Ертесіне ол Бағиламен қоштасуға қайта келді.

-        Сау бол, Сур,-
деді ол қыздың колынан сүйіп.-Есіңде болсын, Алматыға барған соң мен кешегі айтқанымды орындаймын.

-        Оһ, неткен ерлік!

-        Күлме. Сен қарсы емессің ғой?

-        Мен сіздің айтканыңызға қашан қарсы боп
едім!- Қыз терезе жаққа
мойнын бұрғанда көзінен мөлдір тамшылар жылт ете калды. Қызық-ау, Алматыда
аурухана жетпегендей...

  Мәлике қызды тыныштандырмақ боп оны самай шашынан
сипалады, Бірақ, жан толқуы үстінде жасалған бұл нәзіктік оны саябырсытудың
орнына кеудесінде баяғыдан ұйып жатқан реніші мен назын, ызасы мен
сергелдеңін,қуанышы мен мұнын, барлық-барлық сыр қатпарларын қозғап жіберді. Бағила
үн шығармай, көзі баттиып ашық жатып тағы жылағанда Мәлике Жасынға бір қарады.
Ол бұл қарастан соң жағдайдың бәріне мұны кінәлаған салқын нышан байқап қалды.

  Ол дір ете түсті.

  Өзін бір ғана сәтке шарпып өткен көзқарас
жақсы көру мен кінәлаудан екі аралығындағы талай сөзді аударып өткен секілді
және Жасын адам жанарының тілден миллион есе бай, миллион есе терең екенін дәл
осы сәтте алғаш рет шын ұғынды.

 -       Біз
кеткелі газеттер сізді сынаған жоқ па?- деді Бағила осы сөзімен бәрін де ой
шырмауынан құтқарып.

 -       Әзірге
жоқ. Сен келгенше болып қалар.- Ол аздап езу тартқан болып еді, Бағила мән
бермеген соң әзілінің мүлде орынсыз шыкқанын түсінді.- Мен тағы келем,-деді ол
басқа ешқандай сөздің ретін таппай.- Өзім алып кетем. Төрт-бес күннен соң. Бағила бетін бері
бұрды.

 -       Керегі
жоқ,- деді ол Жасынға көз тоқтата қарап,- мен өзім барам сізге. Жасын толқып
кетті.

  Бұдан ары қарай тіл қатудың артық екенін
білді.

Қанша ақылды сөз
болғанмен олардың бір де бірі әлгі сөзден кейін туған үнсіздікке тұрмайтынын,
одан аспайтынын сезді.Ол орнынан үнсіз көтерілді де, еңкейіп кеп Бағиланың маңдайынан
сүйді.Сонан соң ләм деместен есікке қарай бұрыла берді.

  Сол сәтте есік өзі ашылып, күтпеген жерден
бас дәрігермен бірге Қаратай мен Тұрғат кіріп келді.Оларды ертең келеді деп
ойлаған Мәлике мен Жасын тұрған-тұрған жерлерінде қатты да қалды. Азапты
үнсіздік үш-төрт сеқундқа созылды. Қаратай - Мәлике - Жасын арасындағы жанар
алмасу біте берген сәтте бас дәрігер сөз бастады.

  -      Қызыңыздың
мұндай сырқаты барын байқамағандығыңыз қиын болған,- деді ауру жатқан жаққа
қарамауға тырысып.- Оқасы жоқ, бүгінгі медицинаның араласуына әлі кеш емес.
Жақын арада бәрі жақсы болады. Сіздерді мазаламауға да болар еді, бірақ, кім біледі,
хабар бермеуге хақымыз жоқ.

  Қаратай дәрігердің сөзін жүре тыңдап, қызының
қасына келді де, маңдайынан иіскеді.

  -      Кінәлімін,
кешір,- дед ол сыбырлап.- Бұрын неге білмегенмін? Әке болған соң білуге тиіс
едім ғой.- Оның даусы дірілдеп, теріс айналып кетті. Қалтасынан орамалын алып, білдірмеген
боп әуелі мұрнын, сонан соң тез арада көзін сүртті. Келесі сәтте бойын қайта
жинап, қызына қарады. Онымен Тұрғат амандасып жатыр екен. Ол да туу алыстан
келген соң қол алысып қана қоюды қомсынғандай Бағиланың маңдайынан сүйді. Жаңа
ғана Жасын сүйген маңдайдан.

  "Неткен жиіркенішті,- деді ішінен
Бағила.- Бір маңдай, оны бірінен соң бірі кеп мүлде екі тұрлі адам сүйіп етті. Бір-біріне
керағар екі адам. Мақсаттары да,мақсатқа барар жолдары да, таным-түйсіктері де
екі басқа. Тұрғаттың неге ілесіп келгенін әкем білмейді-ау. Азаматтық деп
ойлайтын шығар".

 Жасынмен қонақ үйде айрылысқан соң Бағила Тұрғаттан
хат алған-ды. Ол сегіз бөлмелі үй салдырғанын,ішінің жасау-жиһаздарға толғаны,
бірақ, оған ең қымбат алтын жиһаз - Бағила ғана жетпей тұрғанын жазыпты.Мұны
"алтын жиһаз" деп атапты. Өзінше, сүйікті қызының бағасын
асырғаны осы бопты. Ол беделінің облыс алдында да жаман емес екенін,
"Қаратай Исаевичті жанындай жақсы көретінін", оның да дәл осылай өзін
"жақсы көретінін"
жазған екен.

 Қазір өзінің күн сайын спортпен шұғылданатынын,ГТО
значоғын алғанын, тіпті, бір бұзау асырағанын, сонны күн сайын бір жыл бойы
көтере беретінін, бір жылдан соң салмағы 120-130 кг.
тайыншаны оп-оңай көтеріп кете біреудін жолын осылай ойлап тапқанын жазыпты.

  Сол хат есіне түсіп, Бағила есік жаққа мойын
бұрды.Босаға жанында тұрған Жасынның жоқ екенін сонда ғана көріп, ауру жүрегі
зырқ ете қалды.Оның көз алды қарауытып кетті. Адамдардың сөйлескен, дабыр-дұбыр
болған дауыстары алыстап, талмаусырап бара жатты.Дәрігерлер палатадағы бөгде
кісілерді түгел сыртқа шығарып жіберді.     

 

                                         * * *

  Есік алдында елеусіз қалған Жасын жұрт
естерін жиған соң туыстар арасында ыңғайсыз жағдай тудырарын сезіп, олар
абыр-сабыр боп жатқанда-ақ сыртқа шығып кеткен-ді. Ол адамдары сапырылысып
жатқан жағалаудан жоғарырақ көтеріліп, кеңдеу көшенің тротуарына түсті де,автовокзал
жақты бетке ұстап, жаяу жүре берді. Есіктен кірген бетте өзіне қадалған
Қаратайдың жанарын көз алдына елестетті,"Ол маған күдікпен қарады. Бұл
қарас - қияндағы Қырымда ауырып жатқан қызының палатасынан қазақ жігітін кездестіргеніне
таңдану емес,- деді ол іштей.

   Ол - тану. Ол мені білетін сияқты. Маған
қараған көзіндегі қарашығының қимылдауы соның дәлелі.Дегенмен, жаман адам
болмауы керек. Қызына не деп айтты? "Кінәлімін кешір. Бұрын неге
білмегенмін? Әке болған соң білуге тиіс едім ғой!" Әке парызын
сүйекпен,қанмен түсінетін адам айтар сөз. Фолкнерді оқымаған шығар, Кавабата
дегеннің кім екенін білмес, "Ағайынды Қарамазовтарды" қолына ұстамаған
да болар. Онда тұрған не бар? Оларсыз да жақсы әке болуға әбден болады ғой,солай ғой!"

  Кенет оның есіне өз балалары түсті. Олар да
неге екені белгісіз, дәл әлгі палатаның екі кереуетінде қатарласып жатқандай
елестеді. Екеуінің де көзінде келкілдеп жас тұнған. Жанашырлардың бәрі келіп, кетіп
жатыр.

  Олардың әкелері келмейді. Ешқашан келмейді.
"Мен кінәлімін",- деп көзіне жас алмайды.Жасынның жүрегі шымырлап,
демі жиілеп, қан тамырлары солқылдап кетті.

Ол жолдан адасып,
қаланың мүлде басқа жағынан шығыпты. Автовокзалға апарар жолға қайта түсті.
Жолдан шатасқаны секілді, басын шырмаған ойлардың да
бағыт-бағдарсыз жүйе қуып, ешқандай байламсыз, тоқтаусыз зулап бара жатқанын аңғарды.Ол күн батуға арқан бойы қалғанда
барып, әйтеуір автовокзалға жетті.

  Автобустың жүруіне небары он бес-ақ минут
қалыпты.Жолаушылардың біразы отырып та жатыр екен. Ол автобус жанына келгенде
алдынан Мәликенің жүгіре шыққанын көріп, таңданғаннан қалт тұра қалды.

  -      Ойбай-ау,
сіз қайда жүрсіз! Уайымнан жынданып кете жаздадым ғой!- деді ол алқына сөйлеп.-
Автобус жүргелі тұр!

  -      Бұл
болмаса келесі бар шығар, самолет бәрібір түнгі он екіде ұшады.

  -      Не
деген сабырлы адамсыз! Билет алынып қойылған.
Жүретін болған соң уақтылы жүру керек қой.

-Бұдан
кейін автобус жоқ, троллейбус қана. Онымен ішіңіз көгеріп кетеді.

 Мәликенің шаруақор, пысық, қамқор үніне
Жасын іштей сүйсініп, оған қарап
жымиып қойды. Жаз айында самолеттің
билеті бір қараның құны боп
кеткен Ялта сияқты қалада да ол жолып тауып, кеше билет алып келген. Автосбустан қалып қоя ма деп уайым
ғып тұрысы тағы
мынау. "Мұндай адамдарсыз адамның күні қараң-ау,- деді іштей Жасын.- Кейде бұны да қадірлей бермейміз. Және өзі
қандай көрікті. Әйел адам көрікті болуы керек екен ғой. Қайдан алса онан алсын, әйел Адам көрікті болуы керек".Ол ойымды оқып
қоймасын дегендей Мәликеден көзін тайдырып
әкетті.

  -      Сіз
кеткен соң Бағиланың жүрегі қайта қабынды,- деді Мәлике даусын кенет баяулатып.

Жасын оған жалт
қарады.

-        Қорықпай-ақ қойыңыз. Тәуір болды.

Жігіт ауыр бір
күрсінді.

-        Иә, біз сізді осылай ұмыттық!- деді
Мәлике ойнақы үнмен.

Екеуі де
бір-біріне қарап күліп алды.

-        Менімше, бар идеяның басы сіз ғой
деймін?

-        Иә, мен!- деді Мәлике ши қалпағын тузу тұрса
да жөндеп қойып.- Жалпы, бәріне кінәлі менмін. Тіпті, Африкадағы мемлекеттік
төңкерістерге де қатысым бар ма деп қалам.

-        Сізге ши қалпақ жақсы жарасады,- деді
Жасын онын сөзіне сүйсінгенін мүлде басқа аңғарымымен білдіріп.-Әлгі кісілер
кашан қайтады екен?

-        Ә-ә, айтпақшы,- деді Мәлике Жасынның иығынан
қағып қойып.- Қаратай сені сұрады. Сұрағанда бар ғой,бірден атыңды атап сұрады.
Менің иманым ұшты. Оңашада ұрысатын шығар
деп ем, қайтып бұл жөнінде ләм демеді.Менімше, ол сені, соншалықты жек
көрмейтін сияқты. Ал,қасындагы жігіт! Уий!- Ол бетін тыржитып, қолын сілтеді.-
Жаным жек көреді. Бағиланы Алматыға сол алып бармақшы. Қаратай ертең дәл осы
рейспен ұшады да, ол осында қалады. Егер дәрігерлер рұқсат етпесе,ауылға барып
қайтып келмек.

  Жасын оған тесіле қарады. Мәлике де бұдан көз
алмай үнсіз қарап тұрды да, кенет екі бетінің ұшына түймедей екі тамшы қызыл
шеңбер пайда болып, ол тез арада жайыла бастады. Бет-жүзі түгел қызылға боялып
біткенде барып ол кірпіктерін қағып-қағып алды да:

  -      Ой,
мен сізге "сен" деп сөйлеппін ғой, кешіріңіз,-деді күбірлеп.

-        А-а, солай ма? Мен басқа оймен әлек боп
тұрғанда сіз кешірілмес күнә жасаған екенсіз ғой. Естімеген ол сөзімді мен
ақтық демім біткенше кеше алмаймын!

-        Біз барғанда сіз Алматыда боласыз ба?-
деді Мәлике оның көтеріңкі даусына сабырлы үнмен жауап беріп.

-        Неге "біз барғанда?" Мен тағы
келемін дедім ғой.

-        Керегі жоқ. Әлгі жігіт осында болады. Ол
сізді ұнатпайды. Жалпы, жазушыларды ұната бермейді. Оның үстіне, ол... ол
Бағиланың оқу бітіргенін күтіп жүр.

  Жасын қалтасынан сигарет алып, асықпай тұтатты.Темекі
түтінін бірінің артынан бірін тез-тез екі-үш будақтатып алды да, жайымен ғана:

-        Білемін,- деді.

-        Қалай? Бағила айтып па еді?- деді Мәлике
таңданып.

-        Айту шарт емес. Сезем. Ол бағана есіктен
кіріп келе жатқанда көзінен танығам. Беріден ғана ойлайтын адамның
бет-жүзіндегі құбылыс та күрделі емес, оқу оңай.

-        Білесіз бе,- деді келесі сәтте Мәлике
төмен қарай тұрып.- Мен сізге ризамын.

-        Не үшін?

-        Шынымды
айтсам, бұрын мен де жазушыларды онша ұната қоймайтынмын, Шығармаларын сүйіп оқысам да өз бастары жайлы пікірім мүлде басқа еді. Неге олай екенін қайдам, әлде, терең ойдан гөрі шолақ
ойдың адамдары көптіктен бе,
осындай пікір өзінен-өзі қалыптасты.Сіз
оның бәрін тас-талқан етіп, жазушы деген ұғымды көз алдымда биікке көтердіңіз,
осы уаққа дейін өзімнің аласа ойда
жүргенімді түсіндірдіңіз. Автобус жүруге дайындалып, моторы гүрілдей бастады.

-        Мен сізді
самолетке шығарып салайын,-
деді Мәлике ерекше бір қимас үнмен.

-        Есіңіз дұрыс
па?! Сонау Симферопольге бармақсыз ба?
Оның үстіне билетіңіз де жоқ.

-        Есіңізде
болсын, Мәлике - жер бетіндегі билет атаулының
сиқыршысы. Ұшып бара жатқан
самолетке де билет ала алам.- Ол күліп қойды.

-        Жоқ. Бағиланың
қасына барыңыз. Қаратай да сізді жоқтап
отырған шығар.

-        Оған айтып
кеткем.

-        Мені шығарып
салуға кеттім деп пе?

-        Иә. Несі бар,
білсін...

Ол Мәликеге қарап тұрып басын шайқады.

-        Сен өте кайсар әйелсің,- деді әдейі,
"сен" дегенді қадай айтып.
Мәлике бұған жанарын бір
тастады да,кірпіктерін қайта құлатты.

 Жасын автобустың басқышына аяғын қойып
тұрып,онымен қол алысып
қоштасты, Сол кезде ол
Мәликенің кірпіктері дірілдеп, қою
қастарының қосылып-жазылып тұрғанын көрді. Оның барынша толқып тұрғанын аңғарған Жасын сергітпек боп:

-        Сөйтіп,
бірнеше жылдан бері маған ат қоя алмадың, ә?- деді күліп.

Мәлике кінәсін оңай мойыңдаған баладай басын изеді.Жасын соңғы рет саусақтарын қысқан кезде, қоштасып тұрған адамының кім екенін енді ғана біліп алғысы келгендей кірпіктерін жоғары көтергенде, мөлдір моншақтай тұп-тұнық екі-үш тамшы көз шарасынан сау етіп үзіліп түсті.

Автобус орнынан қозғалды. Жасын автобустың артқы терезесінен Мәликенің қимылсыз
тұрғанын көрді.Адам жол ортасына дейін шыққан жерін,
жол ортасынан ары қарай барар жерін ойлайды деген рас екен. Жасын самолетке отырғанша Бағиланың жайын, еңді
бірін-бірі ұмыту емес, ұмытуға тырыса да алмастарын,
қызының жанында тұрып әкесінің бауыр өзер жылы сөзін,Мәликенің әлгі көз жасын
қайта-қайта ойлаумен болды.Өзін шығарып
салуға келген әйелдің көзінен
моншақтай домалап түсе салған жас тек
қимастық, достық парыздан ғана емес,
ешқашан айтылмай, көкірегінде қамауда
жатып картаяр, шілдеде жүріп шірір
ерекше бір сезім толқыныстарынан екенін Жасын да байқап қалды. Бұл байқағанын да ол ешқашан сыртқа
шығармайды, осылай жүрек пен сана
түбінде еріксіз сақтап жүре береді. Ол да сөзбен
айтсаң сәні кетер қырық қатпар адам өмірінің бір қыры боп қала бермек.

  Енді оның көз алдына ешқандай жазығы жоқ
әйелі,ешқандай кінәсі жоқ екі баласы елестеді. Екі баласы еске түскен сәтте
аурухананың ақ төсектерін көрді. Түстегідей аппақ дүние,
аппақ боп екі баласы жатыр. Жанашыр адамдардың бәрі осында. Ал, олардың
әкелері келмейді. Ешқашан келмейді."Мен кінәлімін",- деп көзіне жас
алмайды.