ВЕРНУТЬСЯ

    Беріліп істеген жұмыс
қашан да ауыр болады ғой.Жетінші класс оқушысы Ермектің әке-шешесі колхоздың құс
өсірушісі еді. Фермада әзірге бір-ақ үйлі жан істейтін.Толып жатқан тауық, түйе
тауық және үйрек-қаздарға жем, су беру, олардың астын тазалау, жұмыртқаларын жинап
орталыққа апарып өткізу, ауырған құстарға қарау,тағы соңдай толып жатқан қыруар
шаруадан олар үйлеріне түн ішінде ғана қалжырап оралатын.Содан соң асығыс
тамақтарын ішеді де, қылжиып ұйықтауға жатады. Таң қараңғысында қайта тұрады.
Өйткені құстар ерте оянады.  Жазғы каниқулға шыққан Ермек азаннан кешке
дейін не істерін білмей ерігетін. Оның бір кемшілігі - тез өкпелегіш болатын,
Әлдебір құрбы-құрдастары байқаусызда бір сөз айта қалса, не оны байқамай қағып
кетсе, ол көпке дейін бұртиып, олармен сөйлеспей жүретін. Әке-шешесі биылғы
жазда оны қалаға апарып екі-үш күн қыдыртуға уәде берген еді, бірақ қасындағы
серіктері аяқ астынан ауырып қалып, олардың бұл ойлағандары жүзеге аспады.  Ермек қалаға келіп жатқан көшпелі зоопаркке
бара алмағандығына қатты ренжіп жүрді. Ермектің бұл қылт
етпе өкпешілдігі орны толмас өкінішпен біте жаздап барып қалды. Ол былай болған
еді.

 

                                                
* * *

  Ермек орнынан тұрған кезде күн сәскелікке
көтеріліп қалыпты. Терезеден түскен күн шағын бөлмесін тандырдай күйдіріп
барады екен. Ол  аулаға шығып, қол
жуғыштағы сумен бетін  жуды. Даладағы ошақ үстінде тұрған жабулы қазанның
қақпағын ашып еді, қып-қызыл ғып қуырған тауық етін көрді. "Тағы да
тауық!"- деді ол ызаланып.Бұлардың құс фермасында жұмыс істегені бәле
болды ғой.Азанда тауық, түсте тауық, кешке де тауық. Қуырып береді, сорпа ғып
береді, отқа қақтап береді, тұшпара ғып береді, кәуап қып береді, котлет қып та
береді. Тамақтарының тұрі таусылмайды. "Қашанғы тауық жей береміз?"десең
папасы: "Құс еті асқазанға пайдалы" деп жауап береді. Оу, әкесі-ау,
асқазанға пайдалы деп бір тамақты жей беру керек пе? Ол пайдалы болса, асқазаны әр тұрлі себептермен
бұзылған саған пайдалы шығар, ал ешқандай ауруы жоқ, темір тастасаң да қорытып шығаратын
менің асқазанымның жазығы не?"

  Міне, әділетсіздік деген қайда, міне өзін
ғана ойлау қайдан басталады! Оның асқазаны ауырады, сол үшін бәріміз тек құс
етін жеуіміз керек! Оның мұндай қулинарлық саясатына мамасы үзілді-кесілді
қарсы шыға алмайды, бірақ оны түгелдей қостамайды да. "Азаннан кешке дейін
неге тек тауық қана жейміз?" деген сұраққа ол бұл сауалдың дұрыс
еместігін, жеп жүргендерінің тек тауық еместігін, бірде шөже, бірде балапан,
бірде мекиен, бірде қораз, бірде қаз, ата қаз, бала қаз, түйетауық, бала үйрек тағы
сол сияқты құс өсірушілер ғана білетін атауларды бірінен соң бірін шұбырта жөнелгенде
уәжден жеңіліп,шынында да, жеп жүргеніміз бірыңғай тауық емес екен ғой деп
өрескел қойған сұрағыңнан өзің ұялып қаласың.

  Егер әлгі аталғандардың бәрі түптеп келгенде құс
боп шығатынын дәлелдеп бере білсең де ол кісіні бәрібір жауаптан тоса алмайсың.
Оңдай жағдайда ол ащы шындыққа бір емес, бір-екі табан жақыңдап дауысын көтере
түседі де:

   -     Адам
қолында не бар, соны жейді! Шошқасы бар,шошқа, сиыры бар, сиыр, қойы бар, қой
жейді. Қоймашы картоп жейді,
капуста жейді, арқан мен темірді де жейді.Ал біз тауық жейміз.Әр
күн сайын кем дегенде он тауық өледі,
соның өлгелі жатқанын сойып
алмағанда мен олардың
әрқайсысына операция жасап аман алып қалмақпын ба?Ондай өнер
менде жоқ, мен хирург емеспін,тәуігішілігім де жоқ! Жұмыс істемей түске шейін
жататын адам алдына не қойса соны жеу
керек!" деп әрі-беріден соң
өзіңе шабуыл жасап, аузыңды аштырмай тастайды.

   Тауық қора жақта жұмыртқа жинап жүрген
анасының айғайы естілді.

  -      Әй,
Ермек, қазанда жабайы жуа қосып қуырған балапан бар, соны же!

   -Көрдім,- деді Ермек немқұрайды үнмен. Ол бұл
даусының мамасына жетпейтінін білсе де айғайлауға зауқы соқпады.Сонан соң ол
сарай маңында тұрған ағаш бөшкедегі суға қолын тықты.
Түнгі салқыннан ол мұп-мұздай боп тұр екен. Анасы тауық қораға кіріп кеткен кезде
ол бөшкедегі суға гүмп ете түсті.

  -      Әй,
Ермек! Ермекжан, қайда кеттің?- деп айғайлады мамасы.- Сен неге тамағыңды
ішпегенсің?

  Ермек демін ішіне тартып қимылсыз отыр. Бөшкеден
басы көрінбеуі үшін тізесін бүгіп еңкейе түскенмен ернеуден сарылдап аққан су
оның қайда отырғанын бар әлемге әйгілеп тұрған
еді. Анасының айғайы күшейе түсті.

  -      Қап,
мына бұзықты-ай ә! Әй, тұр бөшкеден! Суды былғадың, түске жақын тауықтарды
суарамыз ғой!

  "Тауық, тауық! Бұлардың тауықтан басқа
сөзі жоқ,-деді ол күбірлеп.- Азаннан кешке дейін тауықтан басқа ойлайтындары
болмайды. Ал каниқулда менің үйде қамалып отырғаныммен олардың ісі де жоқ.
"Су былғанады!" Ал былғансын! Тауық жеркенетіндей мен соншалықты лас
болыппын ба? Олар бұдан да өткен көң-қоқыстарды шоқып жүрген жоқ па?" Оған
тағы бір ой келді.

  "Ол ғой менің бөшкеде отырғанымды көрді,
ал бөшкенің ішіңде су тола екенін жақсы біледі, ол қарап тұрған кезде мен сол
суға тұншығып жатуым мүмкін ғой,әбден мүмкін ғой! Бөшкенің ішіне менің
отырғанымды біліп тұрып жүгіріп келудің орнына "суды былғайсың" деуі қалай?
Олардың маған жаны ашымайды. Бұларға менен гөрі тауық қымбат. Құстың арасында
жүріп өздері де құс боп кеткен. Егер мен өле қалсам ше? Олар мені ойлап жылар
ма екен, жыламас па екен? Әй, қайдам..."Ол өз ойынан өзі қорланып, қараптан-қарап
отырып жылағысы келді.

  Анасы жүгіріп кеп оны бөшкеден суырып алды
да, оны негізгі төрт нәрсе бойынша кінәлі деп тапты. Бірінші -тамақ ішпегендігі
үшін, екінші - суды төккендігі үшін,үшінші - қалған суды былғағандығы үшін, төртінші
-суық суға түскендіктен оны ауырып қала ма деп өзінің екі-үш күн бойы уайым
қылатыңдығы үшін. Осы төрт кінәсі үшін бала анасынан қанша "сыбаға"
алу керек болса соның бәрін түгел "алған" Ермек май құйрықтан тиетін "шапалақ
процедурасы" біткен кезде көз жасына ерік беріп үй сыртындағы жыраға қарай
жүгіре жөнелді.Жүгіріп келе жатып ол анасының "қайта ғой" деп
жалынған, жалбарынған дауысына құлақ тұріп көріп еді, ол жалынудын орнына әлі
айғайлап ұрсып тұр екен.

   -     Бұдан
түк пайда жоқ! Есіл-дерті дала! Көшпелі зоопарк!Кет зоопаркіне, бар өз
бетіңмен! Батыр қараңды.

  -      "Ә-ә,
солай ма,- деді Ермек одан бетер ызаға булығып.- Сендер мені өтірік жақсы
көресіңдер, беттерің енді ашылды, бәлем. Кетсем кетемін, батырсам батырайын қарамды. Ал қош
бол!

  Ермек қойнауды өрлеп жүре берді. Талай-талай шатқалдардан
етті, қой тастардан секірді, жыралар мен шұқырларға құлап кете де жаздады.Бір бұлақтың
басына кеп тұнық судан етбеттеп жата кетіп қанғанша ішті.

  Маужырап ұйықтай бастады...

  "Мен жоғалуым керек, қарамды батыруым
керек!"

 Ол жанындағы апанға секірмек болды.
"Ең қолайлы жер осы. Мен осы
жерге секіріп түсем де жоғаламын" деп шешті
ол ойын. Ол үлкен апанға секіргелі көзін жұмды.

  "Қош бол, пап! Қош бол, мама!
Жоғал деген соң мен жоғалуым
керек!" деп суға сүңгитін адамдай демін терең алып енді секіргелі жатқанда апан ішінен әлдене қозғалғандай болды.

  Ермек оған анықтап қарағанда алба-жұлба
киінген бір кемпірді көрді.

  Дәл осы сәттен бастап Ермек таңғажайып
оқиғаға араласып кеткенін өзі де сезбей қалды.

  -      Сіз
мұнда неғып жатырсыз? Жылан шағып алады ғой,- деді ол шошынып.

 Кемпір басын көтеріп, орнынан тұрды.

 -       Мені
жылан шақпайды.

 -       Қалай
шақпайды?

 -       Сол,
Мыстан кемпірді жылан шақпайды.

Ермек сенерін де,
сенбесін де білмей аңырайып тұрып қалды.

- Сіз Мыстан кемпірсіз бе?

-        Әрине. Көріп тұрған жоқпысың.

-        Өтірік! Сен
мені алдап тұрсың. Сен дуана
кемпір шығарсың.

-        Сенбесең міне,
көр!

  Ол Ермекке қуәлігін ұсынды. Ермек қолына
"удостоверение" деген доқументті алды да оқып шықты. "Аға Мыстан
кемпір. Аты-жөні - Қарасача Қарамаса... Ой қандай ұзақ!.."Сиқыр"
бірлестігі. Қуәліктің берілген уақыты 1989жыл". О-о, қуәлікті биыл ғана
алған екенсіз ғой. Құттықтаймын!

  -      Қайдағы
биыл? Сауатың бар ма, жөндеп қарасаңшы! Біздің дәуірімізге дейін!

 -       Мәссаған!
Біздің дәуірімізге дейін? Сонда 3976 жыл. Жұмыс істегеніңізге 3976 жыл болды
ма?

 -       Иә.
Сонда да старшыйлықтан жоғары көтеріле алмай-ақ қойдым. Менен екі мың жыл кейін
келген бір қыз бар еді, осыдан бір жеті бұрын мыстандыққа тағайындалды. Бірлестіктің
жаңа бастығына туыс боп келеді екен. Сүйеушің болмаса, көрген күнің құрысын! Мың
жерден адал бол, таза бол, жүргенің сол салпақтап!

-        Ойбай-ай! Мен сізден қорқайын
дедім.

-        Неге?

-        Сіз Мыстан
кемпірсіз ғой. Біз олардан қорқып үйренгенбіз.

-        Сен қорықпа.
Мен әбден картайған кемпірмін. Жатсам болды ұйықтай беретінім де сондықтан. Одан да сен маған көмек бер.

-        Қайтіп?

-        Маған еріп
біздің бірлестікке жүр.

-        Онда мен не
істеймін?

-        Мәселе мынада.
Мен жақында пенсияға шықпақпын.

-        Шықсаңыз
қайтем?

-        Пенсия молдау
болу үшін соңғы жүз жылдағы табысың да көп болуы керек. Біздің табысымыз - сендерсіңдер.
Яғни, алдап-арбап қолға түсірген адамдардың санына,
бүлдірген тірлігімізге
байланысты.

-        Егер мені алып
барсаңыз сізге сыйлық бере ме?

-        Қайдам.
Негізінен біз кез-келген адамды ұстай бермейміз.
Ол үшін берілетін сыйлық ақша да аз. Егер қолға
түсірген адамымыз әрі батыр, әрі ақылды, әрі өжет боп келсе, міне, сонда құдай берді дей бер. Пайдаға да,абырой-атаққа да шаш-етектен кенеліп
қаламыз. Оң солын танымаған сені
апарып жаңа бастығымнан сөгіс
алып қалам ба қайдам. Күні бойы ешкімді алдай алмадым.Қазір жұрттың бәрі пысық, бәрі қу
боп алған. Кейде өзіңді алдап
жібереді. Ал маған құр қол
қайтуға болмайды...

-        Рас па? Сізді
кім алдады, есіңізде жоқ па?

-        Неге болмасын!
Ордабасы деген жерде, қазіргі Шымкент
облысы, Алдар деген біреу тұрып
еді. Ой-бо-ой,адамның қуы еді-ау, талайымызды алдап жіберді ғой!

-        Алда-ар?!
Кәдімгі әйгілі қу Алдар Көсе
ме? Сіз Алдарды көрдіңіз бе?

-        Е, көрмегенде! Өзінде бір тал сақал-мұрт жоқ, көсе болатын.
Талай рет алдаймын деп барып опық жеп қайттым. Бастығым
қайта жібереді, мен қайта келем.Бірде шайтан боп келем, бірде жай адам боп
келем, бірде көз-келген жануарға
айналып, түйе, ат, сиыр, есек боп та
келем.

-        Сіз адамға да айнала аласыз ба?

-        Әрине!
Хайуаннан адамға, адамнан
хайуанға, одан өтіп албасты мен
жын-шайтанға да айнала алам. Бастығын айтса
не болмайсың!

-        Ой қандай
қызық!

-        Несі қызық! Кейде
біреуді шағу үшін шаянға, құрт-құмырсқаға айналасың да, оның жолын
тосып бір жырада айлап, апталап
жатасың. Ол бәле уақтылы келе қоймайды.
Әсіресе, қазақтар қандай салақ! Келетін жеріне ешқашан уақтылы
келген емес., Күні бұрынғы ақпар бойынша пәлен уақытта келеді деп күтесің, ал
олар бір күн,немесе екі күн кешігіп келеді. Сондықтан жоспарымызды да орындай алмай ит боламыз.

-        Сіздерде де
жоспар бар ма?

-        Болғанда
қандай? Қазір шаруашылық есепке көшіп жатырмыз.
Не табасың - соны аласың. Мәселен, бүгін сені
апардым ба, кешке қарай саған лайықты ақшасын төлейді. Дым апармасаң - дым жоқ. Баяғыда батыс Пруссияда қызмет еттім. Адамдары қандай ұқыпты десеңші. Пәлен деген жерге
пәлен уақта барады деп хабар алсаң,
дәл сол минутында келуші еді сабаздар. Артық бір минутың кетпейді, алдап-алдап қапқа саласың да, тайып тұрасың. Жоспарды екі есе орындаушы ем. Ол кезде жас та едім!- деп Мыстан кемпір қылмаңдап қойды. Ермек енді шынымен қызыға бастады.

-        Сіз де жас
болдыңыз ба?

-        Сұрағының тұрін! Көргенсіз! Жас
болмай бірден Мыстан кемпір боп туды
дейсің бе? Баяғыда, Пруссияда мыстан
қыз боп жүрген шағымда бет
біткеннің әдемісі едім шіркін!
Бірлестіктің бүкіл еркегі соңымнан қалмаушы еді.
Бір бастықтың айтқанына көнбей қойып ем, ол ызаланып мені Қазақстанға айдады да жіберді. Сол жылдары ғой сендердің Алдар Көселеріңе жолығып
жүргенім.

-        Ол қалай
алдады, айтыңызшы?

-        Ой, оны есіме
де алғым келмейді!

-        Мыстан әже,
айтыңызшы, а?

-        Әже  деме, апа де.

-        Иә, мыстан
апа, айтыңызшы!

-        Сол  оңбаған
Алдарды алдап қолға түсіре алмаған соң
бір күні қыз қалпымда үйіне кіріп келдім,- деді ол күрсініп. Мыстан кемпір ойын жинақтап
алғысы келгендей аспанға қарап
біраз отырды да:- Тым болмаса семьясын бұзып, бүлік шығарайын деген ойым ғой. Әйелі сырта ешкі сауып отырған болатын. Тұрі келіспеген, етек басты біреу еді. Кейде сондай жігіттерге сондай салпы етек әйелдердің тиіп алатынына жының келеді.
Әділдік жоқ,әділдік жоқ өмірде!..

-        Сөйтіп, кіріп
келдіңіз. Сонан соң?- деді Ермек әңгімеден
ауытқып бара жатқан оны бері қақпайлап.

-        Иә, сөйтіп
кіріп келсем, Алдар Көсе домбыра тартып отыр екен. Мені көрді де, орнынан ұшып тұрды. "Әп бәлем, қолға енді
түскен шығарсың" деп қоямын ішімнен.

Жаңа айттым ғой, Пруссиядан жаңа ауысқан бетім деп,ежелгі
салт бойынша оған қолымды ұсындым.
Ол: "Мұны қайтем?"- дейді.
"Сүй,- дедім.- Ер адам әйелдің қолынан сүюі керек". "Біздің қазақтар әйелдің
қолынан сүймейді",- деді ол.
"Енді қай жерінен сүйеді?"- дедім мен
де қадалып. "Тамағынан"- деді ол. Сөйтті де, менің тамағымнан иіскеді. Маған оның паңдығы мен тәкаппарлығы бірден ұнады. Ауызғы үйден әйелінің шелегін
салдырлатып кіріп келе жатқаны естілді. Мен тым болмаса бүгін шу шығарып кетейін деп әдейі: "Алдарчик,жаным,
енді қашан көрісеміз?" дедім. "Қалаған уақтыңда,- деді ол да күлімсіреп,- Тіпті, кетпеймін,осында
қаламын десең де болады".   Байқаймын, әйелі де қарсы емес. Ренжу,
ашулану деген ойында жоқ. Бұл маубастар ештеңе түсінбеген шығар деп:
"Сонда немене,мына әйеліңді қоя бересің бе?"- дедім. Сол кезде әйелі тұрып:
"Қазақтар көп әйел алады. Бұл өңірде әзірге бір әйелмен жүрген жалғыз
біздің Алдекең. Сіз сияқты көрікті қыз тиемін деп жатса менің қарсылығым
жоқ",- дегені.

  Семьясын бұзбақ болған ойымнан түк шықпайтын
болды.Мен күнде келетін болдым. Оларға күнде келіп жүріп,Алдарды шынымен жақсы
көріп қалмасым бар ма? Өзі ақ көңіл, адал,
есігінің алдында жалғыз ешкісінен басқа адалы жоқ тақыр кедей екен. Сыртынан
жер жарған даңқын естіп бұл өңірдегі ең мыңғырған бай сол шығар деп жүретінбіз.
Ол да маған кет әрі болмады. Ойладым, "жын-шайтан боп, мыстан боп жүргенше
осыған тиіп алып тып-тыныш өмір сүрсем қайтеді",- деп. Бірақ оған менің жұртым көне ме!
"Болшы да бол, Алдарды тез әкел" деп күнде қыдыңдайды. Сөйтіп
жүргенде екі қабат боп қалайын. Коллективтегі талқылаудың қалай өткенін көрсең
ғой  (Ит терімді басыма каптады. ) Аттай
елу жылдан соң босандым. Ұл тудым.

-        Алдар баласын көрді ме?

-        Қайдағы көрген! Сендер тым аз өмір
сүреді екенсіңдер ғой. Бір-екі жыл отасқанымыз сол еді, бір күні ол: "Мен картайдым.
Балаңды адалдыққа тәрбиеле. Біздің елге жамандық
жасамаңдар,"- деп өсиет айтты да, өлді де қалды. Картайып өліпті. Ұзақ
жасапты дейді. Өлген кезде 105-те екен. Біз үшін ол деген
не? Бір жаққа командировкаға барып келгенмен тең.

-        Ол балаңыз
қайда?

-        Әскерде. Кәмәндір. Бірақ көп болды, хабар
жоқ.

-        Сіздерде де
әскер бар ма?

-        Неге болмайды?
Жарқыным, біздің өміріміз дәл сендердің өмірлеріңдей. Сендерде не болса,
бізде де соның бәрі бар. Тек біз
басқаша өмір сүреміз.

-        Басқаша өмір! Қандай қызық ә?

-        Әрине!  Ал
жүр.

-        Қайда?

-        Біздің
бірлестікке.

-        Жоқ, мен бара
алмаймын,-деді Ермек іс жеме-жемге
таянғанда бойын үрей билеп.

-        Күні бойы
екеуміз келіскен жоқпыз ба? Несіне қорқып
тұрсың. Барасың. Біз сені
азғантай ғана былай...азаптаймыз. Сонан соң ертегідегідей бәрі жақсы аяқталады. Әке-шешең сені, "жоғал, құрып
кет" деді ғой ақыры. Деді. Мен
де естіп тұрғам. Көп болса
үш-төрт күн жүресің де қайтып
келесің. Дәл осы жерге өзім әкеп тастаймын.
Оған дейін ата-анаң да сені өлердей сағынып отыратын
болады.

-        Сіз мені алдап
отырған шығарсыз, а?

-        Жоқ, сені
алдап қайтейін. Сен кездеспесең
менің күнім не болар еді. Ал кеттік.
Біздің бірлестікте той боп жатыр.
Неше тұрлі сиқыршылармен, жын-шайтандармен табақтас боласың.

-        Ол қандай той?

-        Біздің
бастығымыз бізге бастық болған
әрбір күнін тойлайды. Бүгін  оның
таққа отырғанына үш жүз алпыс бес мың
бір жүз қырық төрт күн.

  Ермек ұзақ ойланды. Егер бұлардың патшалығындағылар мына кемпірдің
айтқанындай болатын болса қорқатын түгі жоқ. Оның үстіне әке-шешем де әбден сағынсын.
Оларды осылай "тәубасына" келтіріп алмасам,мені тым ұмытып барады.

-        Ал жарайды, келістім! Бірақ екі-үш
күннен соң қайтып келетін болайын. Жарай ма?

-        Уәденің аты - уәде! Әкел қолды!

  Ермек оған қолын ұсынды. Мыстан кемпірдің
қолы кепкен бұтақтай құп-құрғақ әрі қатты екен. Ол дорбасынан сауыт-сайман шығарып:

-        Міне, мыналарды киіп ал!- деді Ермекке.

-        Бұл батырлардың киетін сауыт-сайманы
ғой!

-        Дұрыс айтасың. Мен сені даладан кездестірген
бала демей, бір елдің атақты батыры деп айтуым керек, қой. Сонда менің не
абыройым, алатын сыйлығым өседі. Мә, киіп ал!

 Ермек батырлардың сауыт-сайманын киіп алды.

-        Бұрын бірдеңемен айналысып па ең өзі?

-        Немен?

-        Спортпен.
Айталық, суға жүзу, спидвей, биатлон?..

-        Айналысқам.
Фехтованиемен. Ол неге қажет?

-        Енді... босқа
жүрген адамды апарғаннан гөрі, спортшыны әкелдім десем оған да ұпай жазылады да.

 Ермек сауыт-сайманды киіп алды.

-        Ал мен
дайынмын!

-        Ендеше мін
арқама!

 Ермек оның арқасына мініп еді,
Мыстан кемпір: "Жұм көзіңді!"- деді. Ермек көзін жұмды.

-        Кеттік! Мойнымнан мықтап ұста.

 Олар тұрған жерде көк түтін бұрқ ете қалды да,
екеуі кезден ғайып болды.Сөйтіп үйінен өкпелеп кеткен Ермек ертегідей өмірге араласты
да кетті. Әрине, әуелгінде ол қатты қорықты,сол қорқыныш жүрегінде үйіне,
ата-анасына деген сағынышын оятты. Бірақ алда тұрған тылсым өмір оған бәрінен
қызық боп керінді. Оның үстіне, қорық-қорықпа, бәрібір шегінер
мүмкіндік жоқ еді. Енді оған тәуекел етуден басқа амал да қалмаған-ды.

 

                                 * * *

  Бұлар кеп түскенде жындар мен мыстандар бірлестігінде
той қызып жатыр еді. Бұл - сарай емес,жабайы үңгір мен тастардың арасы. Мыстан
кемпірлер,қос мүйізді жындар, жалғыз көзді дәулер, құйрықты шайтандар, тістері
ақсиған албастылар мен жезтырнақтар, өздерінше әдемі
киінген мыстан қыздар шарап ішіп, би-билеп жүр. Олардың ортасында Бірлестіктің
патшасы Тюльтан отыр. Оның кеудесінде "Тюльтан-99" деген жазулы лента
бар. Қызметшілер оған тұс-тұстан шарап пен неше тұрлі жеміс шырындарын, піскен
ет пен отқа қақталған кәуаптарды тықпалауда. Тюльтан масаң күйде қалғып-мүлгіп
отыр.

-        Құрметті албас... албастылар және мыс...
мыстандар! Менін патшалық құрғаныма бүгін нешінші күн?-- деді ол жындарға
қарап.

-        Үш жүз алпыс бес мың бір жүз қырық төрт
күн!-деп олар бірауыздан хормен жауап берді.

-        Ал мен қаңдай патшамын?

-        Сен ұлылардың ұлысы, данышпандардың
данышпаны, патшалардың патшасысың, ұлы мәртебелім!- деді қөмекшісі шәңкілдеген
жіңішке дауыспен.- Біз ешқашан сендей кемеңгер патшаны көрген жоқпыз және
көреміз деп үміттенбейміз де! Біздің арамызға патша боп келіп қалғаныңызга
өзіміз де таң-тамашамыз. Біздің жын-шайтан боп аман-есен жер басып, бала-шаға
асырап отырғанымыз тек сіздің теңдесі жоқ көрегеңдігіңіздің арқасы. Мыңдаған
жылдар бойы біз тек сендей патшаны армандап келгеміз. Оның рас екендігін он бір
мың жасқа келген касымдағы мына кәрі сайтан айтсын. Рас па?

-        Рас, рас!
Сіздей патшаны өмір бойы армандап келдік.
Жасасын ұлы патшамыз Тюльтан-99!- деді кәрі сайтан
даурыға айғайлап.

-        Ур-ра!
Гип-Гип, ура-а!- деп оны хор қостап кетті.

-        Сіз сияқты
данышпан патшасы жоқ елге біздің жанымыз
ашиды. Ұлы мәртебелі тақсыр- деп бір жас сайтан
оған жағымпазданып айғай салып еді, қалғып отырған
Тюльтан-99 оқыс көзін ашып алды.

-        Не-ме-не?
Жанымыз ашиды?- деді ол ежірейіп.-Біреуге жан ашу деген не сұмдық! Бұл не масқара!Көмекші! Сен қайда
қарап жүрсің?

-        Ол жас қой,
байқамай айтып қалды, ұлы мәртебелім! Әйтпесе, біздің бірлестікте ешқашан біреуге жан ашу деген болған емес және болмайды да!

-        Ал мынау не?

-        Ол қателесіп тұр, мәртебелім!

-        Жастар,
жастар! Жастар қазір бұзылып
барады!Көрдің бе олардың ақымақ
бастарына қандай жылауық сезімдер ұялай бастағанын! Кесіңдер ондай басты!- Патшаның аузынан кесімді бұйрық шыққаны сол-ақ екен жендеттер жас сайтанның басын әп-сәтте қағып тастады. Алысқа
сүйреп әуре болмай-ақ тура жұрт көзінше,тұрған жерінде алды.

-        Міне,
патшалығымыз енді жат ойдан тазарды.Қоғамды арам ойлы адамдардан тазартқанымыз
үшін!-деп Тюльтан шарап толы тостағанын жоғары көтерді.

-        Ұлы мәртебелі
патша ағзамның данышпандығы мен көрегендігі
жасасын, ура жолдастар!- деп көмекшінің өзі тостағын
басына түгел көтеріп алды да:- Біз ертеңгі тойға қызу
әзірлікке кірісуіміз керек,- деді қақалып-шашалып. Оның сөзін патшаның өзі
қостады.

-        Иә! Ертең
менің таққа отырғаныма үш жүз
алпыс...- деп ол кеңесшісіне бұрылды.-
Қанша күн болады, ақымағым
менің?

-        Қырық бес күн,
мәртебелім менің!- деді көмекшісі ықылық
атып.

-        Қалай?
Қы-қырық бес-ақ күн бе? Одан көп
сияқты еді ғой.

-        Үш жүз алпыс
бес мың бір жүз қырық бес күн болады,
мәртебелі тақсыр!- деді көмекшісі
әрең дегенде сөзін түзеп.

-        Міне, солай
де!.. Ал құрылысшылардан не хабар бар? Олар менің салтанатты сарайымды қашан
бітірмек?

-        Сарай салынып
бітті, ұлы мәртебелі тақсыр!

Патша қуана қол соғып айғайлап жіберді.

-        Ура! Ура!
Жасасын мен! Жасасын...- Ол өзінің нешінші
екенін ұмытып қалып:
"Нешінші едім?"- деді көмекшісінен.

-        Тоқсан тоғыз, жоғары мәртебелім!-
деді ол.

-        Тюльтан-99
жасасын! Яғни, жасасын мен!
Енді ол мынадай үңгір мен жабайы
тастардың арасында отырмайды! Енді оның еңселі сарайы болады! Ал кешейік!

-        Көшуге әлі
ерте, ұлы мәртебелім!

-        Неге?

-        Сарай салынуын
салынып бітті. Бірақ онда
күрделі жөндеу басталып жатыр.

-        Жаңа салынған сарайды неге жөндеу керек?

-        Онсыз бізде
ешқашан үй салынып көрген
емес,мәртебелім. Ол - қалыптасқан дәстұр.

-        "Ескі
әдеттен арылыңдар" деп бір жерде айтқан сияқты едім ғой. Айтып па ем, әлде айтпап па ем?

-        Есімде жоқ,
тақсыр! Қазір мен қарап жіберейін,-деп көмекшісі қойын дәптерін суырып ап ұзақ іздеді де,ештеңе таба алмай
оған қарады.

-        Жоқ екен,
айтпапсыз, тақсыр!

-        Онда жазып
қой. "Бәрің ескі әдеттен тез
арада арылыңдар!" Жаздың ба?

-        Жаздым,
тақсыр! Қандай ғажап сөз! Бұрын қалай осыны
білмей келгенбіз.

Шарапқа әбден тойған Тюльтан жылымсырай сөйледі:

-        Мен таққа отырғанда басталған сарай әлі салынып біткен жоқ! Не деген жайбарақаттық!
Бәрібір мен оның бітуін күтпеймін.
Бітпесе де көшемін! Барып өзім жөндеп аламын!

-        Ол да мүмкін
болмай тұр, мәртебелім.

-        Неге?

-        Екінші қабаттағы
сіз отыратын бөлменің едені
әлі салынған жоқ.

-        Неге?

-        Еденін салғалы
жатқанда шорту-морту елінің ішкіштер...
а, ішкі істер министрі келіп, арақ-шарап алу үшін еденнің материалын түгел сатып жібергенбіз.

-        Алаяқтар!
Саудагерлер!- Ол амалы құрып
отырып қалды.- Мейлі, едені болмаса
да тұра берем!- деді әлден соң.- Мына жерден әбден жалықтым!
Кеттік!

-        Ол да мүмкін
болыңқырамай тұр, ұлы
мәртебелім.

-        Неге?

-        Сіз отыратын бөлменің төбесі әлі жабылған жоқ.

-        Неге?

-        Оның төбесін
жапқалы жатқанда Крым-Брым елінің сыртқы
істер министрі келіп, шифрлар мен тақтайларды түгел сатып жібергенбіз.

Тюльтан шыдай алмай жас баладай жылап жіберді.

-        Мың жылдан
асты! Тура мен таққа отырған жылы басталған
құрылыс еді, күнде ертеңмен
әлі келе жатыр!Кетем! Басқа патшалыққа ауысам! Тұрмаймын сендердің араларыңда!

-        Қазір барлық
патшалықта штат қысқартылып жатыр, ұлы мәртебелім! Баратын жер жоқ!

-        Ах, оңбағандар!.. Жарайды, әзірге қала тұрайын,мүмкін түзелетін шығарсыңдар. Ал сарайды салып жатқан кімдер?

-        "Алмаатадолгострой"
тресі, ұлы мәртебелім!

-        Еңді ол қашан
бітеді?

-        Ертең, ұлы
мәртебелі тақсыр.

-        Жарайды. Тағы
да күте тұрайық. Ал бүгінгі
тойға кімдер келмек?

-        Бүгінгі той
ерекше болғалы тұр, тақсыр!

-        Ол немен
ерекше болады, ақымағым?

-        Сіздің таққа
отырғаныңызға,- деп ол қағазға қарап алды да:- Үш жүз алпыс бес мың бір
жүз қырық бес күн толған ұлы мерекеге дүниежүзіндегі ең ірі Диюперілер
Бірлестіктерінің ең ірі өкілдері келмек,- деді бұлғақтап тұрып.-
Сонан соң, бұл тойға қазақтың жас батыры
Ермек те қатыспақ.

  Тюльтан мынадай күтпеген хабардан селт ете
қалды да, көзін кеңірек ашып көмекшісіне қарады.

-        Кімнің батыры дедің?

-        Қазақ батыры, ұлы мәртебелім!

-        Қазақ? Ондай
ел бар ма?

-        Бар болғанда
қаңдай, ұлы әміршім. Біз қазір
солардың территориясында отырмыз.

-        Ол қалайша?
Біз Палестинада едік қой!

-        Біздің ол
жерден көшіп кеткенімізге төрт мың бір жүз
елу күн болды, мәртебелім.

-        Көшкенімізді
мен неге білмеймін?

-        Ұлы тойдан кейін
сіз... мас... а, сіз қатты ұйықтап жатқан болатынсыз, тақсыр.

-        Бәрібір, мұндай
халықты бұрын естімеппін.

-        Естімеуіңіз
мүмкін емес, әміршім. Атақты Алдар Көсе осы елден шыққан. Ол сіздің бір
жиеніңізді осыдан мың жыл бұрын бір
ай бойы есек қып мініп жүріп,бәрімізді масқаралаған болатын.

-        Ах! Ах!.. Оңбаған... Оңбаған!.. Есімде!..

-        Алдар Көсе
онысымен тұрмай біздің бір
мыстан қызымызды екіқабат қып, алмай
кеткен.

-        Солай де! Мен
оны неге білмеймін?

-        Сіз онда да ұйықтап жатқан болатынсыз, ұлы мәртебелі тақсыр!

-        Ол қыз қайда?

-        Алдар Көсенің бүгінгі ұрпағынан шыққан ең атақты жас батырын осыңда алып келе жатқан сол
баяғы мыстан қыз.

-        Оның аты кім?

-        Қысқартып
айтайын ба, толық айтайын ба?

-        Қысқартып айт.

-        Қараса сақара касса қараласатарласа тамасасатала сасасаға.

-        А, сол қыз ба?
Бізге Пруссиядан жер аударылып келген
ғой?

- Дәл солай! Ақыл-есіңіздің осыншалықты бүтін,осыншалықты ұшан-теңіз екендігіне тағы да бас иеміз, ұлы мәртебелім! Ол қазір қыз емес.

-        Неге?

-        Ол қазір Мыстан
кемпір болған.

-        Кімге тиді?

-        Ешкімге тиген
жоқ, ұлы мәртебелім! Ол қазір  мать-одиночка.

-        Неге?

 Сұрақ-жауап көбейіп кеткендіктен
көмекші шаршап,сөзін айта алмай қалды. Ол әлдене деп қолын ербеңдетіп,қисалаңдап
тұрды да, тұрған жерінде гүрс етіп құлап түсті.

  Манадан бері патшаға шарап құйып, тостақты
оның ерніне тосып, тізесіне отырған масайрап жүрген Тсара көмекшіні кейін
сүйреп тастап сөзге араласты. Тсара -  адамдармен
араласа бастаған бұл патшалықты құрту үшін жүрген жауыз әйел. Бірақ оның
жауыздық әрекетінен бұл ел бейхабар.

  -      Ол
мыстан баяғы Алдар Көседен екіқабат болғаннан кейін бұл жалғанда ешкімді
сүймеуге ант берген,мәртебелі тақсыр!- деді Тсара патшаны желпи отырып.-Ә,
есімде! оның адамға ғашық болғанын коллективте талқылап едік қой.

  -Дәл солай, ұлы мәртебелім. Ол әйелді Жайхуан
теңізіне, қазіргі Сырдарияға лақтырмақ болғанымызда, о,ұлы данышпаным өзіңіз
арашалап қалғансыз. Сөйтіп, есеп-карточкасына жазылатын қатаң сөгіс жариялап,
жылдық сыйлықтан айырғансыз.

  -Неге мен оны аядым?

  -Ол кезде мыстан қыз екіқабат болатын. Алдар Көседей ақылды қудан ұрпақ өсірсек,
сіз адамдарды оңай қолға түсіретін
боламыз деп кеңес берген
болатынсыз, о, ұлы көреген патшам!

  "Сіздің ұлылығыңызга өле-өлгенше бас
иеміз, тақсыр!" деп, патшаны қоршаған жұрт қоғадай жапырылып тағзым етіп
жатқанда, сырттан әлдеқандай бір ескі машинаның сықыры, темір
шиқылы естілді. Патша мен Тсара аңырып тың тыңдады. Сол кезде жартас қақпа
жартылай ашылып,ішке Мыстан кемпір мен Ермек келді. Ол екеуі қол ұстасып тас
тақта отырған Тюльтанға жақындады да, оның алдына кеп тізерлеп тәжім етті. Мыстан кемпір сөз
бастады.

  -Алдыңызда Алдар елінің өкілі, аса ақылды,
аса ер жүрек, аса айлакер Ермек деген жас батыр тұр, ұлы мәртебелім!

Ермек кеудесіне
қолын қойып басын иді.

Тюльтан орнынан тұрып,
оны айнала қарап шықты.

-        Жақсы, жақсы! Сырт пішінің ұнайды. Менің
мыстандарым мен сайтандарым қазір өтірік айтатынды шығарды, сондықтан, қолға
түскен адамның өзімен сөйлесуге кештім,- деді ол баланың әр жерін шұқып көріп.-Қане,
айтшы, мына мыстан сенімен неше күн айқасты,сен қалай жеңілдің?

-        Мен жеңілдім? Олай деп сізге кім айтты?

-        Үш күн дегенде әрең жеңдім, тақсыр!-
деді Мыстан Ермектен бұрын сөйлеуге тырысып.

-        Тоқта-ат! Өзі айтсын!- деп ақырды патша.

-Ә-ә, иә..
ешқандай жаудан жеңілмеп едім, сіздің Мыстаныңыз айлакер екен. Менің
аяқ-қолымды байлап осында алып келді,- деді Ермек Мыстан екеуінің манағы сөйлескен
сөзі есіне түсіп.

-        Жарайсың, Мыстаным!- деді Тюльтан
кемпірді арқасынан қағып.- Жарайсың!

Тсара патшаның құлағына
сыбырлады.

-        Ұлы әміршім, бұлар өтірік айтып тұр.
Мынаның үстіндегі сауыт судай жаңа,- деді ол Ермектің сауытына шұқшиып.

-        Неге?

-        Негесі қалай? Жаңа сатып алынған! Үш күн
соғысқан адамның сауыты осылай жаңа боп тұра ма екен?

 Ол Ермекке жақындап, баланы тағы бір айналып шықты.
Бағана, үстіне киіп көрген кезде екеуі де байқамапты, сауыттың етек жағында
этикеткасы әлі салбырап тұр екен. Мыстан кемпір мұны қайдан алды -дүкеннен бе,
әлде біреудің қоржынынан ба, Ермектің ойына мұндай нәрсе кірмеген де еді.

-        Міне, этикеткасы да алынбаған, су жаңа
сауыт,-деді Тсара алақандай картонға үңіліп.-"Алма-Атабытчермет"
комбинаты деп жазылыпты.

Патша қаһарына
мініп, айғайдың астына алды,

-        Ах, ах!.. Оңбаған! Найсап! Кәрі
қақпас!..

-        Сіз менің арыма тимей сөйлеңіз, ұлы
мәртебелім,-деді мыстан патшаның масаң жүзіне қаймықпай қарап.-Алдар Көсенің
елінде "Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ" деген жақсы мақал бар.
Намысымды қорлаған соң тілім шықса оған мен кінәлі емеспін!

-        Мұндай суайтты баяғыда құрту керек еді!
Адамзатпен жүріп екіқабат болған найсап, кәрі мыстан!

-        Тоқтатыңыз
арға тиюді! Мен қанша мыстан болсам да,
затым әйел! Әйелді сыйласаңыз етті.

Тюльтан басын шайқап, оған тесіле қарап қалды.

-        Ал сыйладым
басыңды,-- деді ол селкілдей күліп.-Мынаның... басы иығына жөндеп орналаспапты. Қазір ала тұрыңдар, кейін қайта саласыңдар. Ха-ха-ха!.

Жендеттер Мыста кемпірді ала жөнелді.

-        Дат, тақсыр!-
деп осы кезде сөзге Ермек
араласты.- Даудың басы - менің сауытым болса, оның жаңа екені рас. Ширпотребтен бүгін алдық. Сіздің патшалыққа келе жатқан соң құр қол келмей осы сауытты өзіңізге сыйға тартқалы ала келіп едім. Су жаңа, этикеткасы әлі жұлынған жоқ.

  Ол сауытын шешіп, Тюльтан-99-ға сыйға
тартып еді,патша оған жас баладай мәз боп қатты қуанды. Ермек сауытты патшаның иығына жапты. Тюльтан оның екі жеңін сұғынып киіп көріп еді, оның екі қолы ұшатын құстай керілді де
қалды.

-        Ой, қандай
ғажап! Маған жараса ма?- деді ол Тсараға
қарап.

Зымиян Тсара қасақана оны кекетіп:

-        Керемет! Сізге
құйып қойғандай шақ екен,-
деді күліп.

-        Өкімет бағасымен қанша тұрады?

-        Бағасы... бұрынғы
бағасы 99 сом елу тиын, комиссионный бағасы 93 сом жетпіс тиын.- Бұл -
кеудешесі.Шалбары бұрынғы бағасы 85 сом 60 тиын, кейінгі бағасы 59 сом 40 тиын. Найза -47 сом, қалқан -60 сом 20 тиын. Бәрін қосқанда 226 сом 30 тиын.

  Патшаның көзі алақандай боп отырып
қалды. Оның төңірегіндегілер
таң-тамаша боп ішектерін тартты. Бұл елде
мұншалықты көп сан емес,
бесті беске қосудың өзі жоғары математика боп есептелетін.

-        Керемет!
Ғажап! Осыншама сандарды тез
арада қоса салды! Ғажап!- деді
төңіректеп тұрғанда
таң-тамаша қап. Арамза Тсара тағы
килікті.

-        Мүмкін емес! Бұрын
жаттап алған!- деді ол айғайлап.

Жұрт гуілдеп кетті.

-        Немене, әлгіге
таң қалып тұрсыздар ма?- деді Ермек.- Фу-у, біз ондай қосу-алуды бірінші
класта-ақ үйренгенбіз!

-        Бірінші
класта? Бірінші класта! Қызық! Ал тағы қосшы.

-        Өзіңіз бір сан
айтыңыз.

-        Бес қосу бес.

-        Сол да сөз боп
па! Он болады да.

-        Алты қосу
төрт,- деді бір мүйізді жын енді қайтер екенсің
дегендей қарқ-қарқ күліп.

-        Ол да он.

Жындар бір-біріне қарап таңдайларын қақты.У-шудан оянып,
қатарға кеп тұрған көмекші:

-        Мен оған қазір
ең қиын есеп берейін,- деді қойын дәптеріне
қарап.- Өзім де көптен қоса алмай жүр едім.-Жиырма бір қосу қырық жеті.

-        Алпыс сегіз!-
деді Ермек ойланбаған бойы.Көмекшінің
көзі алақтап жан-жағына
қарады.

-        Мынау ұлы
математик!- деді ол қолын
аспанға шошайтып.

-        Ой, сіздер қиындау сұрақ қойыңыздар. Мәселен:алу, көбейту, бөлу деген сияқты,- деді Ермек енді біршама еркінсіп.

-        Ә-ә, таптым!-
деді көмекші қулана күліп.- Үшті үшке
көбейткенде қанша болады? Ал айта қойшы қане!

-        Бұл да сөз боп
па екен, тоғыз болады.

-        Феномен!- деді
патша жағасын ұстап.

-        Феномен!- деп
қостады оны Тсара да қосарлана айғайлап.

Ермек енді өзін мүлде еркін ұстай бастады.

-        Сіздердің
айтып тұрған есептеріңіз түк
емес,- деді ол.- Қиындауын
айтыңыздар. Мәселен сіз,- деп ол көмекшіге
қарады.- Бір сан ойлаңыз.

-        Ал ойладым,-
деді көмекші әлденеден үрейленіп.

-        Қорықпаңыз,
еркін айта беріңіз. Енді сол санды өзіне-өзін
қосыңыз.

-- Қостым делік...

-        Жарайсыз. Оны
екіге көбейтіңіз.

-        Ой, қандай
қиын!.. Менің тіпті басым шағып кетті.

-        Ойлан!- деді
Тюльтан ақырып.

-Құп
болады, тақсыр, ойландым. Көбейтіп те қойдым.
Ары қарай не істейін?

-        Оны бастапқы
саныңызға бөліңіз.

-        Не деген қиын
еді!.. Иә... ал бөлдім.

-        Қаншадан
тигенін айтып берейін бе?

Бәрі жамырап:

-        Иә, айтшы!
Айтшы қане!- деп анталағанда Ермек аяқ
астында тапталып қала жаздады.

-        Төрттен
тиеді,- деді Ермек өзін жаншып кеткелі тұрған бір мүйізді сайтанды
кеудесінен итеріп.

-        Дұрыс! Дұрыс!.. Ғажап!- деп көмекші таң қалғаннан
есінен танып құлап түсті. Оны
жұрт тағы да сыртқа қарай сүйрелей
жөнелгенде патшаның қызы Мугара Ермекке жақындады.

-        Сіз ұлы
математиксіз,- деді ол ұяла
күлімсіреп.-Құттықтаймын!

Ермек оның сүйріктей саусақтарын ықыластана қысты.

-        Патшалығымызға
келген ұлы математик үшін кеселерге шарап құйылсын!- деді Тюльтан жарияға жар салып. Сөйтті де, өзі елден бұрын тостағын қағып салды.Шарабын ішіп болып, патша
"Уф-ф!" деп демін терең бір алды
да, Ермекке:- Ал осындай өнерің үшін не қалайсың?-
деді.- Бәрін орындаймын!..

-        Мені осында
алып келген кемпірді ажалдан құтқарсаңыз
болғаны,- деді Ермек.

-        Бар болғаны
сол ма?

-        Иә, сол! Патша
жендеттерге айғай салды:

-        Ей, әлгі
Мыстанды өлтірмеңдер!

-        Біз оның басын
алып қойдық!- деді жендеттер шуылдап.

-        Оның басы
қайда?

Тас қақпа жақтан "Міне, мында жатыр екен" деген қомақты да зор дауыс естілді.

-        Тсара! Басын
орнына қой! деп әмір етті Тюльтан.

  Бұл кезде Тсара да шарап уытына өлтіріп мас
боп отыр еді.- Ерініп отырмын, тақсыр шараптан көп ішіп қойыппын,- деп ол
есіней жауап берді.

  -Ұлы математиктің тілегін орындау
керек! Бол, тез!-деді әмірші
ақырып.

Тсара самарқау көтеріліп, қақпа жаққа қарай жүрді.

   -Жарайды, әкеліңдер деді ол есінеп қойып.

Жендеттер мыстан
кемпірдің кеудесі мен басын әкеліп.Тсараның алдына дүңк-дүңк еткізіп тастай
салды. Тсара масаң күйде әлдене деп күбірлеп, басты орнына қалай болса солай қоя салды
да, Тюльтанның қасына қайта келді.

   -Әміріңіз орындалды, тақсыр! Сәлден соң
сөйлей бастайтын болады деп аяғы-аяғына шалынысып қүлап түсті.

   -Мен... Осындай ұлы математикті арамызға
әкелгені үшін... Мыстанды... сыйлағым келіп отыр,- деп Тюльтан ағынан жарыла сөйледі.
-Оған... қазынадан... бір жарым айлық жалақысын дәл қазір санап беріңдер! Дәл
қазір!..

   -Қазынада көк тиын жоқ, ұлы мәртебелім!-
деді қазынашы тақ-тақ етіп.

   -Неге?- деп ол қазынашыға итініп қалып еді,
құлап кете жаздап барып әрең бойын түзеді.

   -Бәрін бітірдік. Бағана диюлар ең соңғы
ақшаны алып көрші Бірлестіктен ертеңгі ұлы тойға арақ-шарап әкелуге кеткен.

-        Ал менің
мыстандарым мен жын-шайтандарым не бітіріп
жүр? Олар ақша таппай ма?

   -Қолдарынан еш нәрсе келмей жатыр, ұлы
мәртебелім!

   -Неге?

-        Адамдар бұрынғыдай емес, пысық боп
кетті,тақсыр!

-        Неге?

-        Негесі несі? Олардың арасындағы ақылдыларды
ұстап бітіре алмай-ақ қойдық. Олар біздің өкілдеріміздің өзін алдап жіберетінді
шығарды. Ақылды деп ұстағандарымыздың көбісі ақымақ боп шығып жатыр,тақсыр!

-        Маған ақымақтың керегі жоқ, ақымақ керек
болса өздерің-ақ жетесіңдер. Маған тек ақылдылар керек,ақылдылар! Адамдар
арасында ақылдылар неғұрлым аз болған сайын, олар солғұрлым надан болады. Ал надандарды
алдау оп-оңай!

-        Бүгін бір данышпан бізде тұтқында отыр
ғой, ол аз ба,- деді көмекші.

-        Иә, заман өзгерді!.. Бұдан біраз жыл бұрын
қандай керемет еді, шіркін!- деп қиялдады Тюльтан.

-        Соны айтсаңшы!- деп қостады Тсара оны.-Жұрттың
көбісі ішіп жүретін. Дүние-мүліктері шашылып жататын. Әсіресе қазақтар!
Малдарын далаға байлап қойып, өздері есіктерін ішінен іліп жатушы еді-ау!

    -Қайран, заман-ай!..

Күні бойы Ермекті
төңіректеп жүрген қазынашы оған кеп:

-        Айтпақшы, сенің әке-шешең бай көрінеді
ғой. Дала толған тауықтары,
үйрек-қаздары бар екен. Ертеңгі тойға соларды
айдап алып келсең қайтеді. Маған мініп-ақ барып келейік,- деді сыбырлап.

-        Өз үйіме ұрлыққа түсіп мені жын ұрып па?- деді

Ермек ашуланып.

-        Онда
басқалардыкін алып келейік.

-        Жоқ, мен ешқашан
ұрлық жасаған емеспін!

Қазынашы қойнынан бөтелке алып Ермектің алдына қойды.

-        Бұл не?- деп
таңдана сұрады Ермек.

-        Көріп тұрсың ғой, жартылық!

-        Мұны қайтем?

Қазынашы кеңірдегін шертіп калып: "Ішесің"- деді.

-        Біз, мектеп
оқу... а-а... Иә... Біз, батырлар,ешқашан арақ ішпейміз!

-        Қ-қайран баяғы
заман-ай десеңші! Араққа бәрін сатып
алушы едік-ау! Есімде, бір мас күзетшіден бір литр араққа екі пулемет сатып алғаным.- Ол ықылық атып әрең сөйледі.

  Мыстан кемпір қалтақтай басып олардың
қатарына кеп тұрды. Оның басын Тсара мас боп жүріп теріс
орнатып қойыпты. Денесі бері
қарағанда, басы ары қарап сөйлейді.

-        Маған келгенде
бұлардың қазынасы да қурап қалады,-
деп ызаланды Мыстан.- Ұлы мәртебелі тақсыр!
Ұлы мәртебелі әміршім!.. Бұл әділетсіздік қой!

  Патша оның сөзін естіген жоқ. Өйткені,
ол баяғыда қылжиып ұйықтап кеткен болатын. Ермек енді
ғана байқады, Мыстанның басы теріс қарап тұр екен.

-        Мыстан апа!
Сізге не болған? Басыңыз
қалай-қалай тұр?

-        Мына
маскүнемнің жасағаны ғой,- деді Мыстан ұйықтап жатқан Тсараны нұсқап.- Жартылық қоймасаң өмірі
жарытып ештеңе істемейді. Оңбаған, жатып ішер!

Патшаға жағынып алып жұртпен ісі болмай кетті! Көрермін
ертеңгі күніңнің не боларын!

Сырттан жаушы ентіге басып жүгіріп кірді.

-        Ұлы
мәртебелім! Ұлы мәртебелім тақсыр! Қырсық!Үлкен қырсыққа душар болдық, тақсыр!-
деді ол ентігіп.

Патша бір көзін ашты.

-        Не бол-ды?-
деді ол ұйқылы-ояу.

-        Көрші бірлестікте арақ-шарап екі есе
қымбаттап кетіпті. Енді не істейміз?

-        Са-сатып
алыңдар!..

-        Оған ақшамыз
жетпей жатыр, ұлы мәртебелім!

-        Барахолкаға апарып үстеріңдегі киімдеріңді
сатыңдар!- Осыны айтты да, ол қайтадан ұйықтап кетті.

-        Құп болады, ұлы мәртебелім!- Ол енді
жұртқа қарады.- Ей, кәрі-жас,
жын-шайтандар мен мыстан қыздар һәм
мыстан кемпірлер! Диюлар мен албасты жолдастар! Ұлы патшамыздың таққа отырғанына (қағазға қарап) үш
жүз алпыс бес мың бір жүз қырық бес күн толған мерекесіне орай бүкіл әлемнің түкпір-түкпірінен
қонақтар келгелі жатыр. Сол қонақтарды абыроймен аттандыру үшін ақша қажет. Қазынада соқыр тиын қалмай жұртқа
жалақы Бере алмай отырмыз. Сондықтан,
үстеріңдегі киімдеріңді шешіп, барахолкаға
сатып келіңдер! Жұрт наразылық білдіріп, гулеп кетті.

-        Ұлы
патшамыздың атымен бұйырамын!
Жарлықты орындаңдар! Қане, патша
үкіметіне кім қарсы?

Жын-шайтандар гулесіп тарай бастады.

 

                                             *
* *

   Тас сарай ауласында малайлар мен қызметші
диюлар той қамымен әбігерге түсіп жүр. Киімдерін сатып жібергендіктен олардың
бәрі жалаңаш. Үстерінде ұяттарын жауып қана тұрған лыпа бар.Мыстан қыздар мен
дию қыздар билеп жүр. Билері дөрекі. Олар үлкен тойға арналған концертке
дайындалуда.

-        Тоқтаңдар! Тоқтаңдар!- деді маэстро
алақанын шапалақтап.- Мына билерің тым дөрекі! Қолдарыңды ербендете бермей,
бастарыңды шайқай бермей жындар сияқты жөндеп билеңдер! Қане! Оркестр!
"Жындар биін"ойнаңдар!

  Музыка ойналып, би қыза түсті. Жындар мен
шайтандар араларындағы "шетелдік" Ермекке бар өнерлерін көрсетіп қалуға
тырысып-ақ жүр. Патшаның қызы Мугара мен Ермек ақырын
ғана билеп жүр. Киіммен жүрген "шетелдік" қонақ Ермек пен патшаның
қызы Мугара ғана.

-        Сіздердің жын-шайтандарыңыз бүгін неге
жалаңаш жүр?- деді Ермек Мугарадан сыбырлай сұрап.

-        Оны сізге айтуға болмайды.

-        Неге?

-        Оны айтсам
менің басымды алады.

-        Патшаның
қызының басын алуға кімнің құдіреті жетеді?

-        Әкемнің өзі-ақ
әмір етеді. Ол өте қатал адам.

-        Бәрібір Тсара
салып береді екен ғой.

-        Қорқам. Ол
ылғи ішіп жүреді, әдейі қисық салып беруі
мүмкін. Жалпы, мен әйелден күдіктенем және қатты қорқам.

-        Дегенмен,
жын-шайтандар әлденеге қатты наразы сияқты.
Олар бұрынғыдай көңілді емес.

-        Мен сіздің
алдыңызда айыптымын...

-        Не үшін?

-        Әкем үшін. Ол
кісі соңғы кезде көп ішетін болды.Оның қателігі болса
кешіріңіз. Таққа отырғаннан бастап тойлауда.
Айтсақ тыңдамайды. Көп болса
он мың жыл жасаймыз, қысқа өмірді көңілді өткізіп қалу керек дейді.

-        Мәссаға-ан! Ол
мың жыл жасап отырып соны қысқа өмір
дейді-ә!

Осы кезде
жендеттер аяқ-қолдары
байлаулы төрт-бес диюларды айдап
әкеп, бір бөлмеге қамап жатты. Оны көрген
Ермек биін тоқтатып.

-        Мугара ,
мыналардың жазығы не?- деді.

-        Олар
қашқындар?

-        Қандай
қашқындар?

-        Бұл
бірлестіктің тәртібіне көнбейміз,
деп басқа жаққа қашып бара жатқан
жерінен жендеттер ұстап әкелген. Енді оларды өлтіреді.

-        Неткен
аянышты!

-        Тс-с-с!
"Аяу" деген сөзді біздің патшалық ұнатпайды. Екінші олай деп айта көрмеңіз.

   Осы кезде тас бөлмеге қамалған жандардың шыңғырған
дауыстары естілді. Соған қарағанда оларды азаптап өлтіріп жатса керек.

  -      Болды!
Әзірге жетеді. Енді, кешеден бері үйреніп жатқан қазақ биін билейміз,- деді
маостро. Оркестр!Дайындал! Бұл - ерекше вальс. Биді бірінші болып Ермек батыр
мен Мугара ханшайым бастайды. Музыка "Қазақ вальсі" ойналды. Есепке
шорқақ болғанмен жындар музыкаға қабілетті боп шықты. Мугараның сұрауы бойынша
Ермек "қазақ вальсінің" әуенін екі-үш рет қайталап бергенде музыканттар
оны тез арада ұғып ала қойды.

  Вальс әуені жын-шайтандарға ерекше әсер етіп,
олар теңселіп кетті. Ермек иіліп кеп Мугараны биге шақырды.Олар вальс ырғағымен
билей жөнелді. Олардың ерекше биіне жын-шайтандар разы боп, сүйсіне қарап қалыпты.Музыка
олардың жеке қайғыларын да ұмыттырып жіберді.

  Қарап тұрғандардың әуелі бір-екеуі, келе-келе
бәрі биге араласып кетті.Би бітіп, бәрі мәз боп қол соқты.Тұтқындар жазаланып
жатқан тас бөлменің ар жағынан ащы айғайлар естілді. "Жасасын бостандық!Жойылсын
жеке өкімет! Құрысын маскүнем патша!" Сонан соң олар өлең
бастады.Сәлден соң бәрі жым-жырт болды.

-        Бәрі де елді,- деді Мугара көзіне жас алып.

  Ермек оны жұбатып, жасын сүрту үшін оған бет
орамалын берді.

-        Бәріне әкем кінәлі,- деді Мугара.- Атамыздың
жиған бүкіл қазынасы той тойлаумен таусылды. Бүгінгі тойды атқару үшін халықтың
үстіндегі киімін сатуға жарлық берілді. Жұрттың
жалаңаш жүргені сондықтан. Мұны мен айтты деп тісіңнен шығарма, әйтпесе мені,-
деп ол мойнын саусағымен кесті.Осы кезде сақшылардың даусы естілді.

-        Ұлылардың ұлысы Тюльтан-99 ұйқысынан
оянды!

-        Әлемдегі ең кемеңгер патша Тюльтан-99
осылай қарай келе жатыр!

Сақшы хабарлама
жасап біткенде бір бұрыштан Тюльтан көрінді. Ол ортаға шығып есінеп алды да,
жан-жағына қарады.

-        Сіздей ұлылардың ұлысын аман
көргенімізге шексіз қуаныштымыз!- деді сақшылар бірінен соң бірі жарыса бас
иіп.

-        Бақыттымыз!

-        Арманымыз жоқ! Болмақ емес!

Тюльтан-99 тағына барып жайғасты да:

-        Менің таққа
отырғаныма бүгін нешінші күн?- деді өзімен
еріп келген көмекшісіне еңкейіп.

-        Үш жүз алпыс
бес мың бір жүз қырық бес күн ұлы
мәртебелі тақсыр!

-        Сонда қанша
жыл болғаны?

-        Оны есептеп,
жылға айналдыратын ешкім жоқ,
ұлы мәртебелім! Ондай ұлы математик
әлі туылған жоқ.

-        Бар!- деді топ
ішінен біреу.

Бәрі дүрлігіп оған қарады. Ермек екен.

-        Үш жүз алпыс
бес мың бір жүз қырық бес күнді жылға
айналдырғанда Мың жыл, төрт ай, жиырма бес күн болады, ұлы мәртебелі тақсыр!- деді ол тақылдап.

-        Әне, есіттің
бе ақымақ! Жазып қой! Ал сен ондай математик
туылған жоқ дейсің. Жасасын ұлы математик Ермек!

-        Жасасын!
Жасасын! Жасасын!- деген дауыстар жан-жақтан
жаңбырдай жауды.

-        Сіздердің
билеріңіз маған өте ұнады,- деді Мугара.- Музыкасы
қандай әсем! Сіз маған тағы да би үйретесіз бе?

-        0, әрине,
ханшайым! Егер сіз қаласаңыз! Біздің музыка
мен вальстің сізге ұнағанына
өте қуаныштымын!Бірақ өскен соң сол елдің адамдарын сіздің де алдап-арбайтыныңыз жараспайды-ақ!

-        Жоқ, мен олай
етпеймін! Мен сіздің елге ешқашан жамандық
жасамайтын боламын.

-        Сіз солай
ойлайсыз, ал басқалар көне қоймас.

-        Ешкімді алдап-арбамай,
ешкімге жамандық жасамай адал емір сүруге мен өзгелерді де үгіттеп көремін.Олар көнеді. Мен оларды көндірмей қоймаймын! Сіздер ойлағандай біздің бәріміз алаяқ сұм емеспіз!..Қай елде болмасын
қыздың аты қыз ғой. Мугара өз елінің жаман қылықтарына намыстанып жылап жіберді.Жұртқа көрсетпеу үшін Ермек сыйлаған
орамалмен дембіл-дембіл көз жасын
жасырын сүрте берді. Орамалды дымқыл
тартып кеткен соң ол оның бүктеуін жазып еді,ішінен көк жібекпен жүргізілген жазу шықты. Мугара оған таңдана қарады.

-        Неткен
керемет!- деді ол орамалға түсірілген оюлар
мен жазуларға түсінбесе де таң-тамаша боп қарап.

-
       Бұл не?

-        Бұл - оюлар.
Ал мынау - жазу.

-        Онда не
жазылған?

-        Ермек ол
жазудың сырын айтуға ыңғайсызданып сәл мүдіріп қалды.

-        Бұл... Білесіз
бе, мәселе былай... біздің елде қыздар балаларға орамал сыйлайды. Орамал сыйлаған
кезде барөнерін салып оның
бетіне әр тұрлі жібек жіппен оюлар жүргізеді, өзі орамал ұсынып отырған
жігіттің атын жазады.

-        Қыздар орамалды
ұлдарға сыйлай ма?

-        Иә.

-        Неге өйтеді?

-        Ім... м...
Орамал ұсыну - жақсы көрудің белгісі.

-        Ал мұнда не
деп жазылған?

-        "Ермек"
жеп жазылған.

-        Демек, сізді
біреу жақсы көреді ғой, солай ма?

Ермек ыңғайсызданып күмілжіп қалды.

-        Кім білген,-
деді ол иығын қозғап.- Кластас бір қыз
туған күніме сыйлаған.

-        Сенің туған
күнің қашан?

-        1977 жыл, 10
апрель.

-        Біздің
дәуірдің бе?

-        Әрине! Біздің
дәуірімізге дейін болса... оһо-о, менің сүйегім
де күл боп кетпес пе еді!..

-        Тү-у, сіз тым
жас екенсіз ғой,- деп күлді Мугара.- Бірақ сөздеріңіз жасамыс адамның сөзіндей.
Соған қарағанда сіздер бәрін тез біліп, тез үйреніп, енді ақылды бола бастағанда өліп кететін болуларыңыз керек.

-        Мүмкін,- деді
Ермек қыздың пайымдылығына сүйсініп.-
Әбден мүмкін. Амал қанша, құдай бізді солай жаратқан.

-        Мына орамалды
берген қыз да сізбен жасты ма?

-        Иә, екеуміз
бір күнде туыппыз.

-        Аты кім?

-        Айжан. Ай және
жан, яғни айлы жан деген сөз.

-        Сіз оны жақсы
көресіз бе?

-        Қайдам,- деді
Ермек "жақсы көремін" деп мойындасам, Мугараның көңіліне дақ түсіріп
алармын деп қауіптеніп.- Мен әлі
махаббат жөнінде ойланып көрген жоқпын.

Расында да, оның қаупі дұрыс боп шықты. "Махаббат жөнінде ойланып көрген жоқпын" деген
сөзі Мугараның құлағына жағымды тисе керек, оның жүзіне қан
жүгіріп,ерніне күлкі үйірілді.

-        Егер мен сізді
жақсы көріп қалсам қайтесіз?

 Ермек күтпеген сөзден не айтарын
білмей абыржып қалды. Сабақ білмей қалған көзіндегідей басын сипап,төмен қарап
кібіртіктей берді. Өз сөзіне жауап күтіп Мугара да үнсіз тұр.
Ермек бұлай үнсіз тұра беруді қолайсыз көріп, басын жоғары көтергенде өзіне
тесіле қарап тұрған екі көз - екі найзаны көрді. Сол найза бұл жоғары қараған кезде
өңменін тесіп өткендей, жүрегі зырқ ете қалды.

Ермектің денесі от боп жанып бара жатты.

-        Жарайды,- деді
әлден соң Мугара күліп.- Мен сізді
аядым. Сондықтан әлгі өткір нұрымды
қайтып алайын. Әйтпесе, сен маған ғашық боп қаларсың. Айдаладағы біреудің қанын жүктеп қайтейін. Адам ғой
ол байғұс та...

-        Қанын
жүктегені қалай? деді Ермек әрең тілге келіп.

-        Егер мен сізді
жақсы көрсем мына орамалдың иесін аты
кім еді...

-        Айжан...

-        Иә, Айжанды
мен тірі қоймаймын ғой. Осында тұрып-ақ өртеп жіберем.

-        Қалай?
Өртегені қалай? Қайтіп?

-        Не қалайы бар.
Кәдімгідей. Апанға құлатам,
адастырып өлтірем, суға түсірем, бұлт боп барып найзағай боп
атам... Сіздер сияқты аңғал жаралған адамдарды жазалаудың тұрі көп қой. Сонан
соң, солардың бәрінің себебін іздеп, дәлелдеп әуре боп жатасыздар. Бізге де
керегі сол. Мугара сықылықтап қатты
күліп еді, үлбіреген жас қыздың
бет-әлпеті мен жанарынан
болашақ мыстанға тән аярлық пен қатыгездік ұшқыны жылт ете қалды.

-        Мугара,
өтінемін, сіз бұлай күлмеңізші,- деді Ермек ақырын.

-        Неге? Менің
күлкім саған ұнамай ма?

-        Иә. Әсіресе,
жаңағы күлкің.

-        Онда, сіз де
мені ашуландырмаңыз. Әйел ашуланған кезде олардың кеудесінде бір-бір
мыстан пайда болады.

-        Сіз неге
ашуландыңыз?

-        Сіздер
өздеріңізден басқаны ақымақ деп ойлайсыздар. Сіздерді жек көретіндігіміз сондықтан.

-        Жоқ,
қателесесіз, біз ешкімнен өзімізді артық санамаймыз,- деп бұртия қалды Ермек.

-        Көрдіңіз бе, қазір тура менің
қасымда тұрып өтірік айтып
тұрсыз. Ал маған бәрі
белгілі. Сіз Айжанды жақсы көресіз, бірақ оны менен жасырғыңыз келеді. Және, соған мені сенеді деп ойлайсыз. Менің ашуланатыным сол.Өзгені
ақымақ санау деген осы. Ермек Мугараның барлық шындықты оп-оңай біліп,бәрін дәл
тауып тұрғанына таң қалды.
Керемет бір ұрлығы мен айыбы табан асты ашылғандай ол Мугараның алдында кінәсін мойындап, сол үшін кешірім сұраудан басқа жол таппады.

-        Мен сізді
алдайын деген жоқ едім, кешіріңіз,-
деді Ермек Мугараның алдында тізе
бүгіп.- Мен жай... сізді ренжи ме
деп... Бізде мұндай өтіріктер
күнде айтылады.Сондықтан оған ешкім мән бермейді. Кешіріңіз мені!

  Мугара жансыз адамдай міз бақпай ұзақ
тұрды да,кестелі орамалдың
бүктеуін қайта жазып, оған тесіле көз салып,
тағы қимылсыз калды. Патша қызын қайрылмастан қатты ренжітіп алған екенмін деп Ермек оның қолынан ұстап:

-        Сіз неге
үндемейсіз, Мугара? Бір білместікті кешіруге
болады ғой, мен сіздердің араларыңызға алғаш түсіп отырмын ғой,- деп жалына бастап еді, ханшайым:

-        Мен... мен
сізді жақсы көремін,- деді даусы дірілдей
шығып.- Сіз біздерге ұқсамайсыз,
сіз бір тұрлі жайдарысыз мейрімдісіз
және ұлы математиксіз...

-        О-о, қайдағы математик! Біздің класта әлгіндей есептерді кез келген бала шығара алады.

-        Бәрібір,
сіз... маған ұнап қалдыныз...

-        Сіз де! Сіз де
бізге ұқсамайсыз. Сіздің кездерңіз бірде түпсіз зындан секілді, бірде
найзағай отынан жаралған жебе сияқты. Сонымен, сіз мені кештіңіз бе?

-        Иә,- деді
Мугара оның селдір шашынан сипап.-Кештім.

-        Ермек
қуанғанынан орнынан атып тұрып,
оны иығынан құшақтай алды.

-        Мына орамалды
қайтеміз?- деді Мугара.

-        Ол сізде
қалады...

-        Бұл біреудің
сыйлығы ғой.

-        Иә... рас-ау...
біздің елде біреудің сыйлағанын екінші біреуге сыйламаушы еді... Ал,
бірақ, онда тұрған не бар?.. Мүмкін, бұл жолы ол дәстұрді бұзғандық боп табылмас. Біз доспыз ғой, солай ма?

Мугара басын изеді.

-        Орамал менікі,
еңді оны мынадай ерекше жағдайда сізге сыйласам ешкім ренжімес.

-        Онда...
мен...- Мугара саусағымен
жазуларды бір сипап өткенде олар лезде ғайып болды.

-        Бұл... сіздің мұныңыз
не?- деді Ермек шошынып.Жауап орнына Мугара жымия күліп, орамал бетіндегі жазуды көрсетті. Көк жібекпен жазылған "Ермек" деген ғана жазу қалыпты.

-        Бұл сізден
қалған ескерткіш болсын,- деді ол орамалды камзолының ішкі қалтасына салып
жатып.- Айжанға айтыңыз
ренжімесін!

-        Жарайды, айтам! Ол бұған ренжімейді. Ол
-жақсы қыз,- деді Ермек Мугараның ренжімегеніне орамалды ескерткіш ретінде өзінде
қалдырғанына қуанып.Осы кезде патшаның:

-        Қонақтар неге кешігіп жатыр? Олардың
келетін кезі болған жоқ па?- деген сабырсыз даусы естілді.

-        Келетін көзі әлдеқашан болған, ұлы
мәртебелім.Бірақ...- деген көмекшінің қарлыққан үні шықты.

-        Не бірақ?

-        Олардың көбісі, сән-салтанат
күймелерімен және фаэтондарымен шыққан екен, бәрі қалаға кіре алмай қайтып
кетті, ұлы мәртебелім!

-        Неге?

-        Қаланың көшелері түгел қазылып
тасталғандықтан олардың күймелері жүре алмады. Олар үйлеріне барып,ұшқыш
кілемдеріне мініп келуге кетті.

-        Аһ оңбағандар! Бәрін түрмеге жабу керек,
түрмеге!..

-        Қонақтарды ма?

-        Ақымақ! Сендерді!

Жаушы тағы да
ентіге басып жүгіріп кірді.

-        Қырсық, ұлы мәртебелім! Тағы бір
қырсыққа тап болдық, айтуға аузым бармай тұр?- деді ол тізерлеп отыра кетіп.

-        Аузың бармаса
да айт, ол неғылған қырсық?

-        Барахолкада
киім екі есе арзаңдап кетіпті, ұлы мәртебелім.

-        Неге?

-        Айттым ғой,
қырсық деп! Арақ-шарап өте аз болғалы
тұр.

-        Онда көршілерден сұраңдар!

-        Сұрай-сұрай оларды әбден мезі қылдық, ұлы мәртебелім! Енді оларға қарайтын бет жоқ.

-        Онда,
қонақтарға тамақ пен арақ-шарапты аз ішкізудің
жолын табу керек. Ондай жолды кім біледі?

Ешкім үндемеді. Жындар мен шайтандар бір-біріне қарасып ұйлығып тұрып
қалды. Шетте тұрған
Ермек:"Мен білем!"- деп алға шықты.

Бәрі бұған дүрліге қарады.

-        Естуімше, ұлы
мәртебелі тақсыр,- деді ол патшаның алдына кеп,- сіздің жиен ініңізді баяғыда
Алдар Көсе бір ай есек қып мінген
екен. Сол жиеніңіз ортаға шықсын да,
Алдардан үйренген әнін орындап берсін. Ән салып,
ән тыңдаған жұрт арақты аз ішеді.

-        Ол не?

-        Ол қандай ән?

-        Патшаның
жиенін табыңдар!- деген дауыстар жалпы
у-шудың арасынан оқшау естіле бастады.Ортаға екі муйізі бар, көзі алақ-жұлақ еткен Әңгүдік шықты.

-        Баяғыда бәрімізді адамдардың алдында
масқара қылған шайтанға шетелдік қонақтар алдында ән айтқызуға қарсымын!- деп айғайлады Тсара тағы да осы
елдің қамын ойлаған
боп көрінуге тырысып.

-        Бізде жағдай
мәжбүр етіп отыр, құрметті
Тсара!Қонақтарға тамақ пен шарапты аз ішкізудің жолын тапсақ болды емес пе?- деді көмекші. Қызып келе жатқан дауды патша бөліп жіберді.

-        Ол қандай ән?
Оны қалай үйреніп едің?- деді ол жиеніне
қарап.

-        Жастық кезде жасаған бір білместігім еді,
мына шайтандар соны әлі күнге шейін
сөз қып қояр емес,- деп былдырлады
Әңгүдік.- Алдар екеуміздің ұзақ сапарға шыққанымыз
рас еді. Жаяу жүріп әбден шаршаған соң мен
тұрып: "Алдар! Бүйтіп
жаяу жүріп екеуміз де бірдей шаршағанша
кезек-кезек шаршайық"- дедім.
"Қалай?"-деді ол.    "Екеуміз бір-бірімізге мінейік те ән
айтайық.Кімнің әні ұзақ болса, ұзақ мінеді" дедім. Ол келісті. Біріқ бірінші
кім кімге мінеді деп ұзақ ойландық та, кімнің жасы үлкен болса сол мінсін деп шештік.
Сөйтіп, жас сұраса бастадық. Мен туған көзімді айттым. "Мен туғанда аспан алақандай,
жер тоқымдай еді. Менің туған күнімде үлкен той бопты" дедім. Сөйтіп ем,
Алдар Көсе ал кеп жыласын, ал кеп жыласын. "Бауырым-ай, бауырым-ай" деп
екі бүйірін таянып алып қояр емес. "Не болды?"-деп сұрап ем:
"Ойбай, сол тойда менің кенже балам көкпар шауып жүріп аттан құлап қайтыс
болып еді, сен сол баламды есіме салдың" деп тағы жылағаны. Әрең қойдырдым.
Сөйтіп, ол бірінші мінді. Мінді де өлең бастады. "Әлеулай-лай" деген
өлең: "Әлеулай-ләй" деп айтып келеді, айтып келеді, айтып келеді.
Бітер емес.Әбден шаршадым. Сонан соң: "Ей Алдар, сенің "әлеуләйләйің"
біте ме өзі?"- дедім. "Ойбай бұл өте ұзақ өлең. Егер
"әлеуләйләйім" бітсе "әриайдайым" тағы бар деп,
"Әриайдай, әриайдай" деп әндете жөнелгені.Сөйтіп, ол мені бір ай
міңді. Жұрт қыран
күлкіге басып, ішектері қатқанша селкілдеді.

-        Керек болса мен сол әндерімді айтып
берейін,-деді Әңгүдік ыржалақтай күліп.

-        Табылған ақыл!- деді көмекші.- Айтшы
кане!

-        Сіз сол өндерді білесіз бе?- деді Мугара
Ермектен.

-        Ол ән емес, шайтанды ұзақ міну үшін
Алдардың ойлап тапқан айласы ғой. Сол алданған шайтанмен кездесемін, ол шайтан
сіздің алыс туысыңыз боп шығады деп кім ойлаған!

-        Ал мен болсам бізді алғаш алдаған елдің-адамымен
кездесем деп ешқашан ойлаған жоқ едім!

  Бұл сөздеріне екеуі де мәз боп рақаттана
күлді.Аспаннан дүрілдеген дауыс естілді. Дауыс естілісімен жаушының да жұртты
тәртіпке шақырған айғайы қоса шықты.

-        Жараңдар! Алаңды босатыңдар! Қонақтар
келе бастады. Үйді-үйлеріңе кіріңдер! Бол! Тез!

-        Жүріңіз, менің бөлмеме барып отырайық.
Сіз мені математикаға үйретесіз, ал мен сиқыр жасауға үйретемін,- деді Мугара
Ермекке.

-        Сіз де сиқыр
жасай аласыз ба?

-        Әрине. Бізге көзімізді аша салып сиқырлықты үйретеді.

-        Қызық екен! Жүріңіз!

  Мугараның бөлмесі Ермектің күнде көріп
жүрген класына ұқсас екен. Мұнда
неше тұрлі аңдардың терісі, сиқыр жасайтын
құмыралар мен көзелер, әр тұрлі
маскалар көп жиналыпты, Ермек оларды таң-тамаша қалып көріп шықты. Әсіресе, маскалар мен бос тұрған құмыралар
оның көңіліне ерекше әсер етті.

-        Міне, бұл
менің шеберлік бөлмем. Жеке бөлме алғаныма үш жыл болды, Осы бөлмеде он жыл сиқырлық сырын меңгеруім керек.

-        Сонан соң?

-        Сонан соң маған
"Мыстан" деген қуәлік беріледі.Мыстан болу үшін мен жер бетіндегі
жанды-жансыз бейненің үш жүзге жуық тұріне айнала алатын болуым керек. Ал қазір
бес-алты-ақ тұріне айнала алам.

-        Бес-алты тұріне? Қазірдің өзінде ме?

-        Иә. Үлкендердің
айтуыншз,- ол жан-жағына ұрлана
қарап, сыбырлай сөйледі,- біз ең кедей патшалық екенбіз. Бір кезде
керемет бай болыппыз. Қазір
бәрінен айырылып қалғанбыз. Жұрт ол үшін менің әкемді кінәлайды. Әйтпесе, менің шеберханам бұдан
әлдеқайда кең, оқытушыларым,
әлдеқайда көп болуы керек екен.

-        Ол
байлықтарыңыз қайда?

-        Кешеден бері
байқап отырған шығарсыз. Әкем мың жылдан асты, таққа отырғанын күнде тойлауда. Бүйте берсе,
ол бір күні менің өзімді де сатуы мүмкін. Бұдан бұрын екі әпкемді де жастай сатып жіберген.- Мугара дәл бүгін аттанғалы отырғандай жыламсырай сөйледі.

-        Қой, жылама...
Бұл жолы олай ете қоймас.

-        Қараңыз, ұшқыш кілемдерімен қонақтар келе
бастады. Әне, әкем оларды қарсы алуға шықты,- деді Мугара бірден сергіп.

-        Сандра-мандра
елінің патшасы,- деп айғайлап таныстырып жатыр көмекші.- Апай-Топай жұбайымен.-Тюльтан олармен құшақтасып көрісті.

-        Саримори елінің
сыртқы істер министрі Арсын-күрсін
жұбайымен.- Тюльтан олармен
де амандасты.

-        Қозған-Тозған ішкі істер министрі Мұқалаш-сұқалаш жұбайларымен.

-        Және басқа да
ресми адамдар!

Адамдар алаңға сыймай барады. Қонақтармен танысу рәсімі біткен соң Тюльтан патша сөз алды.

-        Менің таққа
отырғаныма үш жүз алпыс бес мың бір
жүз қырық бес күн толған мерекеге келген шетелдік қонақтарға шексіз ризамын,- деді ол қағаздан бас алмай.- Мырзалар,
кане, сіздерді той дастарқанына шақырамын!

Бәрі гуілдесіп ұзын столға жайғаса бастады.

-        Тюльтан
патшаның жұбайы, яғни, сіздің
мамаңыз қайда?- деді Ермек Мугараға қарап. Бұл сұрақтан Мугараның қабағы түйіліп кетті. Сонда да болса қинала сөйлеп:

-        Апам, бір күн
түнде жоқ боп шықты,- деді ол мұңайып.-
Тсараның айтуынша, әкем той тойлаудан қолы
тимейтін болған соң ол кісі
үйден кетіп қалған көрінеді. Тсара
айтады, ол басқа күйеуге тиіп кетті дейді.Сонда оның мені ойламағаны ма? Ол
мені өте жақсы көруші еді ғой... Енді
әкем Тсараға үйленетін шығар...

-        Ал сіз не істейсіз?

-        Білмеймін...

-        Бәлкім,
менімен бірге кетерсіз.

Мугара жаңа танысына ұзақ қарап тұрды да, басын шайқады.

-        Болмайды.

-        Неге?

-        Сендер
адамсыңдар, ал біздер шайтанбыз, мыстандармыз,- деді Мугара "сенге" көшкенін байқамай.

-        Онда тұрған не бар?

-        Мен барсам кім
боп барам? Ешкімді танымаймын.Сен батырсың, күні бойы соғысқа кететін шығарсың. Ал мен жалғыз қаламын.

Ермек қыз алдында шындықты мойындап:

-        Мыстан апа
өтірік айтты. Мен батыр емеспін, мен бар
болғаны бесінші класс оқушысымын,- деді оның жүзіне тура қарамауға тырысып, Мугара күлкісін тыя қойды.

-        Солай ма? Ол
кісі көбінесе бізді де алдап жүреді.Ой мыста-а-ан!

-        Сонымен,
менімен бірге кетуге қалайсың?

Ол тағы басын
шайқады.

-        Ол жақта саған ешкім тимейтін болады.
Екеуміз күні бойы тауық, үйрек-қаз бағамыз. Кітаптар оқимыз,есеп шығарамыз,
билейміз. Мектепте дискотека болады...

Келістік пе?

Мугара тағы да басын шайқады.

-        Ех, сен босқа
қорқып тұрсың! Біздің балалар
мынадай!- Ол бас бармағын шошайтып қойды.

-        Мен қорықпаймын.
Мен мыстанмын ғой. Керек десең сиқырлы жүзігім тағы бар. Міне! Сипап қалсам
нөкерлерім шыға келеді.

-        Рас па?

-        Әрине.

-        Қазір жасай
аласың ба?

-        Жасай алам.
Бірақ әзірге нөкерлерім аз және олардың орындау қабілеті де нашарлау. Енді
төрт-бес жылдан соң олар қуатты күшке
айналады.

-        Қалай?

-        Ол да біздің
патшалықтың күш-қуатына
байланысты. Неғұрлым бай
болсақ, солгұрлым жүзікке
жасыратын құлдарымыздың да қуаты мол болады. Біз
оларға өте көп төлейміз.

-        Кімге?

-        Олардың
иелеріне. Бай патшалық өздерінің басы артық
қызметшілерін басқаларға сатады. Ал бізде қазір ақша жоқ. Бәрі де ақшаға
байланысты.

-        Қазір жүзікті
бір сипашы.

-        Бостан-босқа
сипауға болмайды. Бір тапсырма айтпасаң келесі жолы шықпай қояды.

-        Мен айтайын.

-        Айт. Бірақ
қиын болмасын.

-        Мәселен,
біздің қалада көшпелі зоопарк бар. Соны алдыра
аламыз ба?

 Мугара ойланып тұрды да: "Көрейік",- деп жауап қатты. Ол саусағындағы жүзіктің қабын
сыпырып, оны сипап қалды. Үй ішінде
қап қара, қоп-қою түтін пайда болып,
дәу бір қара құл олардың
қарсы алдына кеп қол қусырып тұра қалғанда Ермектің зәресі кетті.

-        Не бұйырасыз, әміршім?- деді қара құл.

Мугара Ермекке қарап: "Зоопарк тұрған жердің адресін
айт",- деді. Ермек өзінің келген жерін түп-түгел айтып берді. Қазақ ССР-і, Шымкент облысы, Арыс қаласы.

-        Есіттің ғой,-
деді Мугара қара құлға қарап.

-        Есіттім,
тақсыр!

-        Есітсең, сол
жерде кешпелі зоопарк жүр екен. Соларды түп-түгел осыңда алып кел.

-        Адамдарының
керегі жоқ!- деп қосып қойды Ермек.
Мугара да оның сөзін қайталап. "Адамдарының керегі жоқ",- деп бұйырды.

-        Құп болады!

Қара түтін бұрқ
етіп, қара дәу жоқ болды.

-        Міне керемет!
Ал сендер... кедейміз, кедейміз дейсіңдер,
жүзіктеріңді бір сипап, дүниенің бар байлығын жинап алмайсыңдар ма?

-        Болады. Бірақ орталықтан тексеру келгенде ел тонап
тапқан байлық үшін патшамыздың басынан сипамайды. Екі рет кешіреді, үшінші рет
оның басын қағып алады.

Қазір... әкем екі мәрте дүние жинады. Үшінші рет жасаса бітті, өлім жазасына кесіледі.

- Міне ғажап! Міне гәп қайда? Ал орнына кімді қояды?

-        Оны жұрт
айтады.

 Осы кезде тағы да қара түтін пайда
болып, темір тордағы аңдар бірінен соң бірі жоғарыдан салбырап түсе бастады.
Көзді ашып-жұмғанша Ермек аңсап жүрген зоопарк түгел көшіп
келді.

-        Жұмысшыларым аз, әрең әкелдік,- деді
Қарақұл маңдай терін сүртіп.- Қазір тез шартайтын боппын.Қашан демалысқа шығып,
бостандық алар екенмін!

-        Бір-екі жыл шыдай тұр, сонан соң
бостандық берем! Ал жақсылап көріп ал,- деді ол Ермекке.

Ермек мынадай құдіретке
таңданып, сөз таппай қалды.

-        Мәссаға-ан!
Расымен зоопарк! Ғажап! Ғажап!- дей берді ол алдынан өтіп жатқан әр тұрлі
аңдарға қызыға қарап.

-        Біздің
уақытымыз аз. Әкем білсе ұрысады,-
деп ескертті Мугара.

-          Болды. Жүзіктің кереметіне көзім
жетті. Енді қайтара бер,- деді сәлден
соң Ермек Мугараға зияным тиіп кетер
деген оймен. Мугара Қарақұлға:

-"Зоопаркті орнына апарып тастаңдар да, демала беріңдер,- деп әмір етті.

-        Құп болады!

Зоопарк те, Қарақұл да кезден ғайып
болды. Екеуі оңаша қалған соң Ермек:

-        Мугара! Егер
орынсыз болса кешір... Бүгін сенің әкең
қарамағындағылардың киімін сатып той жасап жатыр. Ертең не істемек?- деп сыр
тартты.

-        Білмеймін...-
деп жауап қатты қыз.- Мен әкемнен
қорқам, әрі оған жаным да ашиды.

-        Мугара!
Мугара! Сен қайда кетіп қалдың? Ау,Мугара!- деген мыстанның даусы естілді.

-        Мен мұндамын!-
деп айғайлады Мугара.

-        Тез мұнда кел, сені әкең іздеп
жатыр. Ермек қайда?

-        Ол да осында!

Мыстан кемпір олардың қасына келді.

-        Екеуің күні
бойы оңаша отырдыңдар ма?- деді ол таңырқап.

-        Несі бар?
Бірге болдық.

-        Байқа! Бұл
адамдардың жүректі арбап алатын бәлесі
бар,- деді ол өткенді еске алып.- Байқа!..

-        Ермек маған өте ұнайды. Оның ешқандай бәлесі жоқ!

Кемпір күрсініп қойды да:- Еһ, ұнайды ғой, ұнайды,- деді.- Бірақ олар - Адам. Өмірлері өте қысқа.Бір жақсы көріп қалсаң өзіңе қиын. Күйігі жаман болады. Мен
Алдарды әлі ұмыта алмай
жүрмін. Одан кейін ешкімді көзге де
ілгім келмей қалды. Бұлардың бір бәлесі бар!

-        Мыстан апа,
бізді жамандамаңыз,- деді Ермек намыстанып.

-        Ол жамандағаным
емес қой. Алдарды әлі ұмыта алмай жүрсем, оны жек көргенім бе екен. Еһ, сендер оны түсінбейсіңдер ғой... Мугара, сені әкең
шақырып жатыр.Тез бара ғой

-        Мыстан апа, сіз неге мұңайып тұрсыз - деді
Мугара.

-        Жай. Анау маскүнем Тсара басымды жөндеп
орнатпаған соң мазам болмай жүргені әрі әскердегі баламнан да хабар жоқ.

Тюльтанның даусы
естілді. Оның мас екенін Мугара бірден білді.

-        Му-га-ра...
М... м-му-гара деймін!

-        Міне, менің
қызым! Ол өте ақылды! Қазір сиқырлықтың үшінші жылын бітірді! Менің
қызым Мугара үшін тағы бір алып
қойыңыздар!- деп әкесі шарап толы тостағанды
жоғары көтерді.

Қонақтар дуылдап алып қойды.

-        Менің қызым керемет
билей де алады. Қане, Мугара! Көрсетші жаңа биіңді. Әдемі қыздың өнерін көру үшін жұрт тына қалды. Мугара ортаға
шығып билей жөнелді. Ол ғажап билейді екен.
Ермек оның тал шыбықтай бұралған
денесі мен әсем қимылдарына сүйсіне қарады.
Би қонақтарға өте ұнады.

-        Тағы! Тағы!
Мугара!- деп айғайлады желігіп алған
олар.

-        Мен қазір
вальс билеймін. Мүлдем жаңа, ол "Қазақ вальсі"
деп аталады. Оны билеу үшін маған сыңар керек.Бұл биді маған үйреткен - адамзат
өкілі Ермек. Ол Ермекті ортаға жетелеп шықты.

Қонақтар "адам" деген сөзді естіп бір-біріне таңдана қарасты. Кейбіреулері шошынып, енді біреулері оған үңіле қарады.
"Тюльтан патшалығы бұзылған
патшалық, олар адамдармен алғаш қарым-қатынас
жасап. Алдар Көсе деген бір қу аяқты араларына кіргізген" деп қонақтар бұл оқиғаны сан-саққа жүгіртіп, өзара сыбырласа жөнелді.

  "Қазақ вальсі" басталды.

Ермек пен Мугара
дөңгеленіп билей жөнелді. Би біткенде қонақтар орындарынан тұрып қошемет
көрсетті.Бәрі қол соғып, тағы да шарап ішілді.

-        О-о, ғажап! Мен мұндай биді ешқашан
көрген емеспін!- деді Сандра патшасы тамсанып.Ал оның қасында қалғып отырған
Саримори патшасы бір сәт көзін ашып:- Мына сорпаларыңызда бір түйір ет жоқ,
анау адамды неге турамағансыңдар?- деді Тюльтанға қарап.

-        Ол - ұлы
математик,- деді Тюльтан.

-        Онда тұрған не бар? Математикті де жеуге болады,- деді Тхан патшасы.- Бізге
оның математикасынан гөрі еті қымбат.

-        Басқалардың
ойына келмей тұрған кезде Мугараны сатып алайық,- деді оның әйелі.- Тюльтан
қазір тақыр кедей. Қызын арзанға береді. Шарап көрмегендей
қылқылдата бермей, қыздың әкесімен сол жайлы сөйлес.

 Тхан елінің патшасы тәлтіректей басып
Тюльтанның қасына кеп отырды.

-        Ал, кол... коллега! Сенің қызың бізге өте
ұнап қалды. Сен бізге оны сат. Ақшасын қазір, қолма-қол беріп кетем!- деді ол
ықылық ата сөйлеп.

Тюльтан масаң
күйде ойланып қалды.

-        Келіссең осы ақшаның бәрін қазір беріп
кетем,-деп ол ақшаны қобыратып столға тастады. Тюльтан жауаптан тосылып, бұрқыраған
ақшага қарап отырып қалды.Көп ақшаны көрген Тсараның көзі оттай жанып шыға келді.

-        Беру керек. Жақында ана бетбақ әйелің
келіп бәрібір ол қызды алып кетеді,- деді ол ызаланып.-Тегін кеткенше өткеніне
сатып жіберген жақсы емес пе?Сатып алушылар айнып қалмай тұрғанда тез келісу
керек.

-        Сен... дұ-дұрыс айтасың, Тсара,- деді Тюльтан.-Мен
сені сыйлаймын! Сондықтан... келістім!..

Тсара істі
жеделдетіп жіберді.

-        Ұлы патша Мугараны сатуға келісті,- деді
ол Тхан патшасына.- Тек, сіз айтқан соң ғана келісті!

-        Менің ұсынысым ешқашан жерде қалған
емес,-деп шірендіТхан патшасы. Сөйтті де, Тюльтанға қолын созып:- Бар береке,
әкел алақанды!- деді.

Екеуі шарт та шұрт
қол алысып пәтуаға келді.Тханның әйелі: "Әп, бәлем! Әкесінің маскүнем болғаны
мұндай жақсы болар ма! Енді ол қызды апарып кемпірі өлген сасық бай Дымсызбасқа
үш бағасына сатамыз! Тойға келе салғанымыз қандай жақсы болған!.." деп өзінше
жоспар құрып, сол жоспарды ойлап тапқаны үшін күйеуінің алдында мақтана
бастады. ЬІңылдап "Қазақ вальсінен" есінде қалғандарын айтуға да
кірісті. Күйеуі адамзат әнін айтуға тыйым салып еді, ол: "Кімнің әні болса
да маған бәрібір, тек ақша түссе болды!" деп өршелене ыңылдады.Мугара
жүгіріп Ермектің жанына келді. Ол ебіл-дебіл боп жылап тұр.        

-        Айттым ғой... ол мені сатады деп... Ол
аямайды,-деді жібек оюлы орамалмен жасын сүртіп.- Біздің патшалықта жанашу, аяу
деген болған емес.

-        Рас па?

-        Рас. Әне, әне бір сақалды сайтанмен
менің әкем қол алысып келісті. Олар мені ол жаққа барған соң үш есе қымбатқа
бір кәрі сайтанға сатпақшы!.. Жаңа естідім...Ой, менің ол жаққа барғым
келмейді!

-        Енді не істедік, а? Бәлкім, оның ақшасын
қайтарып берерміз.

-        Ондай ақша бізде жоқ.

-        Егер мен әке-шешеме барсам. Бүкіл
тауықтары мен үйрек қаздарын айдап әкеп берсем ше?

-        Жоқ, болмайды. Олар ерегіссе сендердің
де, біздің де патшалықтарымызды тас-талқан етеді. Соғыстың керегі жоқ. Мен үшін
қырғын болмай-ақ қойсын.

Басы қисайып
Мыстан кемпір келді.

-        Жылама, ертең байыған кезде сені қайта
сатып аламыз,- деді ол Мугараны жұбатып.

-        Оған дейін олар мені қорлайды ғой.

-        Амал бар ма, қыз сорлының көретін күні
сол,- деп ол да кәрі көзіне жас алды.- Мені де он үш жасымда әкем қалың малға
сатып жіберген. Бірақ, өзім қашып құтылғам. Содан бері әке-шешемнің бетін
көрмей кеттім.Қазір олардың қайда екенін де білмеймін. Өлі ме, тірі ме?.. Қанша
шайтан болса да өлген шығар-ау, бейшаралар.

-        Сонда,
патшаларыңыз осылай өле-өлгенше
тойлай бере ме?

-        Иә. Кешегі газетке оның "Тойлаймын,
өйткені қызыққа тоймаймын" деген интервьюі шықты.

-        Бұл ашықтан-ашық елді құрту ғой.

-        Иә, солай.

-        Одан неге құтылмайсыздар?

-        Ойбай, жап
аузыңды!- деді Мыстанның
зәресі ұшып,- Оның тыңшылары
көрінбей ұшып жүреді.

-        Ал бірақ оның
құрығанын тілейсіздер ғой?

Дауыстап жауап беруге қорқып, олар бастарын ғана изеді.

-        Жасасын ұлылардың
-ұлысы, данышпандардың данышпаны Тюльтан-99! Ура! Жолдастар!- деп тост көтерді Тсара.

  Бұл қолпаштау өзге патшалардың намысын шағып алды. Шарапқа шалқып,
кеуделеріне нан пісіп отырған қонақтар
наразылық білдіре бастады.

-        Ол неге біз
отырғанда ұлылардың ұлысы болады?Ол неге данышпандардың данышпаны болады?- деді

Қозған-тозған елінің патшасы көзін ежірейтіп.

-        Біз өз
патшамызды осылай дәріптейміз, құрметті қонақтар!- деді Тсара Тюльтанның қолын
сүйіп.

-        Оны қалай
дәріптесеңдер солай
дәріптеңдер, бірақ біз жоқта
айтыңдар,- деп теріс айналды Сандра патшасы ренжіп.

-        Кім ол ұлылардың ұлысы?- деп даурықты әңгіменің
не туралы екенін түсінген Саримори патшасы.-Мен тұрғанда ешкім де ұлы бола
алмайды? Данышпандардың данышпаны - мына тұрған мен!

-        Иә, осы! Менің күйеуім дұрыс айтады!-
деп қосарланды оның жұбайы.

-        Оттапсыңдар! Ұлылардың ұлысы - менмін!-
деп кеудесін қақты Сандра патшасы.

-        Иә, осы! Менің күйеуім өте дұрыс
айтады!- деп оны да әйелі қостай жөнелді.

-        Бәрің де далбасалапсыңдар! "Тхан
патшасы -ұлылардың ұлысы" деген кітап бізде кеше ғана шықты,міне!- деп ол
қалың кітапты көрсетті.- Ягни, мен тұрғанда ешкім ұлы бола алмайды. Болыңдар,
бірақ "Тхан патшасынан кейінгі ұлы" деп айтыңдар!

-        Иә, сөйтіңдер! Оған рұқсат - деді оның жұбайы
айғай-шуды баса дауыстап.

Олар ұлылыққа
таласып, сол жерде бықпырт болды.Бір-біріне шарап шашып, құйрық, мүйіздерінен
тартып,ыдыс-аяқтарды бір-біріне лақтырып, той топалаңға айналды да кетті.

Тюльтан патша
болса қаннен-қаперсіз өз тағында пырылдап ұйқыға кетіп еді. Соққы тиіп Тсара да оның қасына барып құлады.

-        Мугара!
Мугара! Кеттік!- деп айғайлады Тхан патшасы.

Ол әйелі екеуі ұшқыш
кілеміне асығыс міне бастады.

-        Мен... мен
сіздермен бірге кетпеймін!..- деп қарсыласты
Мугара.-- Менің ол жаққа барғым келмейді.

-        Біз ақшаңды
төлеп қойдық, қалай бармайсың! Бол, тез!- деп Тхан патшасының әйелі Мугараның қолынан ұстап кілемге
қарай сүйрелей жөнелді.

-        Жоқ! Жоқ! Мен әкемнің сатқанына
көнбеймін!Көнбеймін!- Мугара болса зар илеп келеді. Мынадай әділетсіздікке тезе алмаған Ермек:

-        Сіздер неге
жат елде жүріп басынасыздар! Босатыңыздар қызды!- деді ертегідегі батырларша
олардың алдын кес-кестеп.

-        Ей, сен кім
едің сонша?- деді Тхан патшасы оған менсінбей
қарап.

-        Мен - Адаммын!

-        Адам болсаң
қайтейін, бола бер! Бірақ бізде шаруаң болмасын, өзіңнің адамдық жолыңды біл! .

-        Жердің қожасы
- Адам! Сондықтан біздің барлық әділетсіздікке
араласуға хақымыз бар. Қызды
босатыңыздар!

Тхан патшасының әйелі суырылып шығып:

-        Біз ақшасын төлеп
қойғамыз!- деп Ермекті жолдан ысырды.

-        Ал егер
ақшасын қайтарсақ ше?

-        Үш есе ғып қайтарыңдар,- деді әйел
қасақана қол жетпес бағаны айтып.

-        Келістік!-
деді Ермек нық сөйлеп.- Шарттарыңызды
орындауға әзірміз!

-        Онда біз қарсы
емеспіз?- деп жауап қатты аяр әйел.

-        Мугара,
жүзігіңді берші!- деді Ермек
ентігіп.

-        Сен Қарақұлды шақырғалы тұрсың ба? Ол болмайды.

-        Неге?

-        Жынға жын қол
көтермейді.

-        Сонда да бере
тұршы. Мен оны өз туыстарына  жұмсамаймын.

Мугара оған
жүзігін берді. Ермек оны сипап қалғанда баяғы Қарақұл жетіп келді.

-        Не бұйырасыз, тақсыр?

-        Ей, тамыр,- деді Ермек ежелгі досымен
сөйлескендей,- ештеңе де бұйырмаймын, бір қиын жағдай болып тұр. Көмектесші а?

-        Ол не жағдай?

-        Ақша тауып берші. Қарызға.

-        Қанша?

Ермек Мугараға
қарап "қанша" дегендей иек қақты.

-        Білмеймін,- деп күмілжіді Мугара.

-        Сендер қанша беріп едіңдер?- деді Ермек
Тхан патшасына қарап.

-        Жүз елу мың дзина,- деп әйелі күйеуінің
алдын орай жауап берді.

Ермек жүгіріп кеп
Тсараның мойнындағы дорбаны жұлып алды. Ішіндегі ақшасын тас тақтаға төгіп
жіберіп санай бастады. Оның ақшаны тез-тез санағанына Тхан патшасы мен әйелі
қайран қала қарап тұрды.

-        Мұнда небары 90мың дзина, деді ол
екеуіне кезек қарап.

-        Біз ештеңе де білмейміз. Жүз елу мың
бердік пе,бердік. Үш есе ғып қайтарыңдар. Әйтпесе Мугараны алып кетеміз,- деді
аяр әйел үндеме дегендей күйеуін тұртіп қойып.

-        Ах, оңбаған Тсара! Сол екі арада алпыс
мыңды жымқырып үлгерген екенсің ғой! Тым болмаса мен сыйлық ақшамды да
ала алмай қалдым!- деп бір бүйірден Мыстан кемпір байбалам салды.

-        Қапаланбаңыз,
әже, аласыз, деп Мугара оны жұбатқан
болды.

-        Жо-оқ, жай
айтқаным ғой. Сол ақшаның маған керегі
де жоқ. Сені құтқаруға қосқан үлесім болсын. Ай,сұрқия Тсара! Тюльтанды маскүнем қылған сен! Сен!

-        Қалай, үш жүз
алпыс мың дзина тауып бере аласың ба?

Қарақұл ойланып тұрып қалды.

-        Балам ұшқыш кілем сатып алам деп жүрген
ақша бар еді. Жарайды, соны бере  тұрайын,- деді ол дорбасынан бір
буда ақша алып.

-        Рақмет!
Кілемнің кезегі келгенше
тауып береміз,солай ма, Мыстан апа?-     Әрине,
әрине? Тірі жанбыз ғой, бір бәле ғып
тауып береміз,- деп Мыстанн да
қуанғаннан қалбалақтап қалды.Ермек бір дорба алтын ақшаны әлгі екеуінің алдына
қоя салды.

-        Міне
ақшаларыңызды, алыңыздар да тайып тұрыңыздар!- деді ол енді еркін сөйлеп.

-        Иә, тайып тұрыңдар! Бол!- деп гүж ете қалды Қарақұл да.

Олар ақшаны алып тайып тұрды.

Ермек, Мугара, Мыстан кемпір үшеуі қуаныштан кездеріне жас алып, бірін-бірі көптен
көрмегендей құшақтаса кетті.

-        Олар қайтадан
кеп дауласып жүрер, сендер басқа жерге
барып жасырына тұрыңдар,-
деді Мыстан Ермек пен Мугараға.- Мен білетін Тхан патшасы болса
ақша десе арын сататын бәле.

-        Онда бар
ғой... мен жартас ішіндегі бір оңаша қуысты
білемін. Ол жерге адам сен түгілі, сайтан біз де бара бермейміз. Сонда барайық,- деп ұсыныс айтты Мугара.

Олар осыған келісті де, екеуі тау шатқалына қарай қол ұстасып жүгіре жөнелді.

 

                                 * * *

  Ұлылыққа таласқан төбелес бұрынғысынан да
қыза түсті.

-        Кім ұлы?- деді
Сандра патшасы.

-        Мен ұлы!- деді
Саримори патшасы.

-        Мәс-саған!-
Сандра патшасы Саримори патшасын жұдырықпен қойып қалды.

  Төбелеске әрине, әйелдер де араласып, үлкен
шайқас басталып кетті. Олар әрқайсысы өз күйеулерінің ұлы екенін дәлелдей
бастады.

-        Кім ұлы?- деді Қозған-тозған патшасы.

-        Мен ұлы!- деді
Саңдра патшасы.

-        Мәсс-саған
ендеше!- деп Қозған-тозған патшасы оны
қақ бастан салып жіберді.

Төбелес қыза келе олар үйден шығып кетті. Олар бірін-бірі жұлқылап жүріп тас сарай маңындағы құз жартасқа тірелді. Соққыдан
Саримори патшасы құлап бара жатып әйелінен ұстап еді, әйел қалғандарынан, сөйтіп,бәрі
де бір-бірін жібермей, күркіреп жатқан өзенге құлап тынышталды.

  Тсара ұйқысынан оянып, жан-жағына қарады.
Ешкім жоқ екенін көріп, заттарын шұғыл жинастыра бастады."Өміріме жетер
дүние жидым. Енді бұл маскүнемнің маған керегі не? Бұл енді маған күйеу боп та
жарытпас.Одан да ешкім көрмей тұрғанда ізім-ғайым жоқ болайын".Ол тез-тез
киініп шыға берді де, әлденеге бел буғандай ойлана қалды.

   "Тоқта, тоқта! Маған бір ой келді,-
деді ол Жан жағына қарап.- Бұл  ғой
харамдық жолмен екі рет ел тонады. Әлі бір рет тонауына болады. Сонан соң
өзінің басы кетеді. Кетсе кете берсін. Сол байлықты неге алып кетпеймін?"

  Ол Тюльтанның мойнындағы алтын алқаны шешіп
алды да, оның бір тетігін баса қойды. Алқаның қақпап,ашылып, ішінен тағы бір
алқа шықты. Тсара оның тетігін басқанда қара түтін бұрқ етіп, алақ-жұлақ
еткен,еш нәрседен тайынбайтын дию жетіп келді.

   -Не бүйырасыз, тақсыр?- деді жалаңдаған Дию.

  -Тюльтан патшаның атынан бұйырамын. Қайда
барсаң онда бар, тез арада екі қап алтын ақша тауып кел.

   -Бір қап,- деді Дию.

   -Жоқ! Екі қап, Бұйрықты орында!

   -Тақсыр, қазір екі қап алтын ақша табу
мүмкін емес.

   -Бұл не деген бейбастақтық! Өл, тіріл, бұйрықты
орын да!

Дию блокнотын ашып қарады да:

  -У-у, бұл болмайды, тақсыр!- деді
басын шайқап.

   -Неге болмайды?

   -Бұл үшінші рет екен. Бұрын екі рет
ел тонапсыздар...

  -Онда сенің шаруаң болмасын. Кетсе біздің
басымыз кетеді. Бар! Жөнел!

  -Жарайды. Маған бәрібір, -деп Дию ғайып
болды.

 Тсара Тюльтан жатқан биік тақты орнынан
жылжытып жалт-жұлт еткен алтын ақшаларды қолымен сапырып рақаттана күліп қойды.
Сонан соң ол ақшаларды тез-тез сандықшаларға
салып, бұрышқа апарып үйе бастады.Осы кезде қара түтін бұрқ етіп, Дию жетіп
келді де,бір қап алтын ақшаны Тсараның алдына тастай салды.

-        Енді бір қабы қайда?- деді Тсара ақырып.

-        Осының өзін әрең таптым, тақсыр!

-        Өзің жымқырмасаң болғаны.

-        Мен бала-шағамды арам ақшамен асырамаймын.

-        Онда өзің біл. Ал мына алтын ақшаларды
Қырым жағалауыңдагы Аю-Дат тауының бауырына апарып таста.Білесің ғой.

-        Білем. Бұрын екі рет алтын апарған жерім
ғой.

-        Ендеше тез бұйрықты орында!

Дию ұйықтап
жатқан Тюльтанға қарап:

-        Қожайынның өзі неге бұйырмайды?- деп сұрады.

-        Әй, білесің ғой оны,- деді Тсара қолын
сілтеп.-Мас...

-        Жап-жақсы патша еді, босқа ішіп кетті,
байғұс!-деді Дию жанашыр үнмен. Сөйтті де кезден ғайып болды.Оның артынша Тсара
да шыға жөнелді.

  Тас сарай ішінде найзағай жарқ-жұрқ ете
қалды. Найзағай үні басылған соң селебесі жер сызған ұзын бойлы періште пайда
болды да, тақта ұйықтап жатқан Тюльтанды қылышымен тұртіп оятты.

-        Ей, Тюльтан! Тұр, басыңды көтер!- деді
Періште.

Тюльтан қозғалар
болмаған соң ол дауысын қатайтып:

-        Ей, тұр деймін саған!- деді екінші рет тұртіп.

Тюльтан ұйқылы-ояу
халде әлдене деп сандырақтай бастады.

-        Тсара! Тсара!
Сен қайда жүрсің, Тсара?

-        Басыңды
көтеріп, есіңді жи! Келіп тұрған
қылышты Періште!- деген кезде Тюльтанға бұл сөз бірден әсер етіп, ол есін жиып алды. Өзіне төніп тұрған қылышты Періштені көріп, оның екі көзі шарасынан шықты.

-        Сен... сен...
неге? Қайдан?-.. Мен не істедім?..- деді ол
бойын билеген үрейдей қалш-қалш етіп.

-        Не істегенінді
өзің білесің,- деді Періште қылышын
қынабынан суырып жатып. Қылышты көріп Тюльтан жалбарына сөйледі.

-        Менің жазығым
жоқ! Өлтіре көрме! Жазығым жоқ!Бір түсінбеушілік болган ғой. Мен екі рет қана
ел тонағам,үшінші рет тонаған жоқпын.

-        Тонадың. Қазір
ғана!

Тюльтан
жанталасып омырауын сипалады. Мойнында алқаның
жоқ екенін көріп, сылқ етіп отыра кетті.

-        Ой, оңбаған Тсара! Жауыз Тсара! Сен екенсің
ғой ел тонатқан! Тсара! Тсара!

Қанша айғайлағанмен оған ешкім жауап бермеді.

-        Менің жазығым жоқ! Ел тонаған мен емес! Көріп отырсың ғой, уәзірім Тсара, қашып кетіпті. Аяй гөр,
аяй гөр мені!- Онда
менің шаруам жоқ. Заңның аты заң.Оны ешқашан бұзбайтынымызды білесің. Әкел мойныңды!

-        Оны қайтесің?          

-        Түсінікті емес
пе? Шабамын.

-        Жоқ! Жоқ!
Бермеймін мойнымды! Бермеймін!-деп ол шегіне берді, бірақ одан бір елі қалмай Періште жылжи берді.

-        Бір жолға кешірші. Мен... байқамай... Ұйықтап қалған кезімде... Енді ұйықтамаймын. Енді ішпеймін де...- деп Тюльтан оның тізесін құшақтады.- Енді

арақтың маңайынан жүрсем құдай ұрсын!

-        Мұның бәрін бұдан
мың жыл бұрын жасауың керек еді. Енді кеш. Саған кешірім жоқ!

  Ол селебесін сілтеп қалды. Тюльтан гүрс етіп
құлап түсті. Найзағай жарқ-жұрқ етті де, қылышты Періште ғайып болды.

 

                                   * * *

   Тас сарайдың ығы-жығы боп жататын шағын
алаңы ел кешіп кеткендей жым-жырт. Масаң патша да, мүйізді жендеттер мен
жалаңдаған жаушылар да көрінбейді. Сарай тылсым тыныштық құшағына
бөленген. Көп қуыстың бірінен тез-тез басып, жіті қимылдап жүрген Тсараның тұлғасы
көрініп қалады. Ол талайдан бергі арманы - адамдармен алғаш
қарым-қатынас жасаған бұл патшалықты біржола жою мақсатына кіріскен. Елдің
берекесі кетіп, бас көтерер азаматтары тозып біткенде ол өзінің ұлы сиқырын
іске қосып, мұндағылардың бәрін құмыраға тығып бітіп те қалды.

  Әне, ол патшалықтағы құмыраның бәрін жинап,
қатар-қатар қойып шықты. Сонан соң тағы да күбірлеп дұғаа оқи бастады. Оның бұл
әрекетін көріп қалған Мыстан кемпір жетіп келіп:

-        Тсара! Сен не, қандай жауыздық жасап
жатсың?-деді шошына айғайлап.

-        Менің ісіме араласпа, кәрі Мыстан!- деді
Тсараның көзі қанталап.

-          Сенің жауыз екеніңді баяғыдан біліп
едім. Сен жай қайыршы боп келіп, Тюльтанға жағынып алдың да, оны азғындық
жолына түсірдің. Мугараның шешесі үшті-күйлі жоқ боп кетуі де
сенен келген бәле екенін сезгем.

-        Сезсең қателеспепсің. Енді маған кедергі
жасама!

-        Тсара! Бұл сұмдығыңды тоқтат! Мынауың
барып тұрған жауыздық қой. Бұдан өткен сұмдық бола қоймас!

-        Біздің қас жауымыз - адамдармен тату тұрмақ
болған жын-шайтандардың орны - құмыра! Мен олардың бәрін құмыраға тығамын да,
аузын жауып, жартастың астында мәңгілік қалдырам. Оларға ең лайықты жаза осы!

-        Лағынет атсын сені, Тсара! Сен ең барып
тұрған қара жүрексің. Сені найзағай атсын! Құдайдың қаһары атсын.

-        Е, Мыстан! Қақсауыңды қоймасаң, сені де
бір құмыраға тығамын!- деді Тсара оны қорқытып.

-        Сенің маған сиқырың жүрмейді. Мен сенен
екі мың жыл үлкенмін. Әйтпесе, сен мені алғашқылардың бірі етіп құртар едің
ғой.

-        Онда басқа
жаза аласың! Мә ендеше!

Тсара екі қолын кемпірге қарай созып, "көзге көрінбес құлдарым мен күңдерім, сендерге үлкен емес ұсақ жұмыс тапсырдым, алдымда тұрған кәрі Мыстанды
Тюльтанның тағына байлап тастаңдар.
Суф-ф-ф!"- деді екі алақанына дем салып.

  Көзді ашып-жұмғанша Мыстан кемпір такқа байланып қатты да қалды. Тсара ішек-сілесі қата қарқылдай күлді.

-        Менің бұл жақсылығымды
ұмытпассың, құмыраға тықпай
саған жеңіл жаза бердім. Мың жыл, екі мың жыл,он мың жыл! Осылайша қатып-семіп,
қанша қаласаң сонша тұра бер!
Енді сен мәңгіліксің.- Ол кемпірдің тас арқасынан
қағып-қағып қойды.

Тсара екі қолын тағы да алға жайып дұға оқи бастады.

  "Барша әлемнің аса құзырлы падишасы,
адалдық пен аяушылық дегеннің ең қас жауы, дүниедегі жын-шайтандар мен
әжинелердің әміршісінің атынан дұға қылып, бұл патшалықтың барлық
жын-шайтандарын осында жинауға бұйырамын".

  Тас сарай іші ғажайып бір тұрге бөлініп,
қызыл жартастардан от шашырады. Адам түгілі жын-шайтандардың өзі ұғып болмайтын
айғай-шу, азынаған жел, ысқырған боран секілді тылсым дыбыстар құлақ тұндыра
бастады.

  Жын-шайтандар арбалған қояндай еріктерінен
айырылып, Тсараны қоршай бастады.

-        Жер бетінде бұдан кейін екі аяқты
адамдарға аяушылық деген болмас үшін, бұл дүниеде тек перілер мен мыстандар,
сайтандар мен диюлар, албастылар мен жындар үстемдік етуі үшін осы тұрған
барлық харам ниет жын-шайтандар құмыраларға тығылсын! Суф-ф-ф!

  Анталап тұрған көпшілік түтінге айналып, құмыраға
еніп, ыңырсыған, қиналған, шыңғырған дауыстар ғана естіле бастады. Келесі бір
сәтте бәрі де тынышталды.

-        Бітті! Бұзылған бір патшалық жер бетінен
жойылып, бәрі де құмыраларға тығылды,- деді Тсара масаттанып.

 

                                 * * *

  Жартас ішінде Ермек пен Мугара жүр.
Ермек табиғаттың ғажайып
көрінісіне тояр емес. Ол үшін мұндағы әрбір тас, әрбір көрініс таңсық.

-        Иә, ертегі десе ертегі! Қандай ғажап та
тылсым дүние!- деді өл тобесінен
төніп тұрған құзар жартастар мен төменде мұнартып
жатқан түпсіз құзға қарап.

-        Саған ұнай ма?

-        Ұнағанда қандай! Керемет! Ғажап!

-        Мен осы жерде
дүниеге келіппін,- деді Мугара мақтанып.

-        О-о! Онда
сенің арманың жоқ! Сен сонан соң да әрі
жұмбақ, әрі әдемі қызсың.

-        Бұл жердің аты
да" солай. Мугара -"әдемі жартас" деген сөз.

-        Мугара! Мугара! Мугара - әдемі, Мугара -жұмбақ, Мугара - ару! Расымды айтсам
бар ғой, алғаш естігенде сенің атың құлағыма тұрпідей тиіп еді.

-        Тұрпі? Ол не?

-        Ә-ә, сен ондай
теңеуді білмейді екенсің ғой. Тұрпі деген
міне, мына тас сияқты бүж-бүж. Денеңе тигенде сондай жағымсыз.

-        Жағымсыз? Мен сондай болғаным ба?

-        Қой, сен оған
ренжіме. Ол жай айтылған сөз
ғой.Оның саған түк қатысы жоқ,- деді Ермек оның қолынан ұстап.- Ренжімеші, жарай ма? Саған
ренжіген түк те жараспайды.

-        Солай ма? Енді
ешқашан ренжімейтін боламын. Сен үшін!-
Ол Ермекке қиыла қарады.

-        Біз мұңда
таңертең неге келмедік?- деді кенет Ермек.

-        Маған мұңда
келуге тыйым салған.

-        Неге?

-        Білмеймін.
Тсара рұқсат етпейді. Ол
менің мұнда екенімді көрсе ана-ау
суға лақтырып жібереді,- деді ол төменде
мұнартып жатқан құзды көрсетіп.

-        Себеп?

-        Айттым ғой,
білмеймін деп. Мұнда ешкімнің келуге хақысы
жоқ. Бәлкім, Тсара
біреулермен бұл жерде оңаша кездесетін шығар.

-        Қызық екен.

Осы кезде шатқал арасынан әлдекімнің тұлғасы қараң ете қалды.

-        Тс-с! Анау
кім?- деп демін ішіне тарта қалды Ермек.

-        Қайдағы?

-        Анау қызыл
тастың түбіңдегі?

Мугара Ермек көрсеткен жаққа қарады да,қорыққаннан сұп-сұр боп кетті.

-        .Тоқта, тоқта!
Өзінің тұлғасы таныс сияқты.
Кел,мұнда жасырына тұрайық.

Ол бір тастың тасасына бұғып отыра кетті. Қара жамылып, бетін тұмшалап алған әйел қызыл тасқа үш реет қолын тигізіп, үш рет қолын шапаттады. Сол
кезде қызыл тас орнынан жылжып, астынан кішігірім құмыра көрінді.Әйел құмыраны бері алып, оның қақпағын ашты.

-        Япырмау,
мынау... мына әйел... Тсара ғой!

-        Тсара?

-        Иә! Біз құрыдық! Тсара дүниедегі ең күшті,
ең қатыгез сиқыршы. Ол бізді бір-ақ үрлеп анау өзенге лақтырады да жібереді. Жүр, ол көрмей тұрғанда бұл жерден тез кетейік!

-        Жо-жо-оқ! Тұра тұр. Оның не істейтінін көрейік.Мұнда үлкен бір құпия
жатқан сияқты. Қорықпа,ол бізді бәрібір байқамайды.

Тсара құмыраның
қақпағын ашып, әлдекіммен
сөйлесе бастады.

-        Сенің патшалығың құрыды!- деді ол құмыраға үңіліп.- Маскүнем
күйеуің ел тонағаны үшін жаңа
ғана қылышты Періштенің қолынан қаза
тапты.

Құмыраның
ішінен булыққан дауыс естілді.

-        Сен дегеніңе
жеттің, Тсара! Менің күйеуімді осындай жолға салған сен. Менің екі қызымды да сен саттырып жібердің.

-        Ой... мынау
менің... ма-ма!- Мугара анасын танып айғайлай беріп еді, Ермек оның аузын
баса қойды. Тсара жан-жағына сақтана
қарап тұрды да, сөзін қайта
жалғады.

-        Менің Тюльтанға уәзір болғанымды ұнатпай, сарайдан қудырмақ
болғаныңды әлі ұмытқан
жоқпын.

-        Сен дуана боп
қайыр тілеп келгенде әулеттің заңын бұзып, саған аяушылық көрсетіп, үйге
кіргізген мен емес пе ем?

-        Иә. Сен
болатынсың. Сендер сол үшін жазаланып отырсыңдар.
Аспан алақандай, жер тоқымдай кезде
жаралған едік. Содан бері мұрты
бұзылмай келе жатқан жын-шайтандар дәстұрін алғаш сендер бұзып, алғаш реет "аяушылық" деген бәлені сендер
бастадыңдар. Алғаш реет біздің ата
жауымыз - Адамдармен байланыс жасадыңдар.

Сол үшін сендерді жер бетінен құртуға ең ұлы әміршіміз мені жіберген болатын. Қазір бүкіл
патшалығың құмыралардың
ішінде тұншығып жатыр. Мен
саған соны айтып кеткелі келдім.

-        Менің Мугарам
қайда? Ол да құмырада ма?

-        Ах,
оңбағандар! Олар Адам екеуі жүр еді ғой!..Мен одан қалай айырылып қалдым екен
а?!

-        Оның жазығы
жоқ! Оны тірі қалдырып кет. Жалынамын! Керек болса, аяғыңа жығылайын, Тсара! 

- Жоқ. Сендердің біреулеріңді де бостандықта қалдыруға болмайды?

-        Біздің Құдіретіміз қайда?

-        Міне!- ол
Тюльтанның мойнынан шешіп алған алқаны
көрсетті.-Құдіреттерің менің
қолымда!

-        Найзағай атсын
сені, Тсара! , Құдайдың қарғысы ұрсын!

-        Қарғысыңды
қайтып ал!

-        Алмаймын!

-        Ендеше өз
обалың өзіңе!

Тсара құмыраны
жартастан төмен қарай лақтырып жіберді.
Сол кезде Мугара шыдай алмай "ма-ма!" деп айғайлап қалып еді, сиқыршы Тсара жан-жағына жанұшыра қарап, тез-тез дұға оқи бастады.

-        Көзге көрінбес
құлдарым мен жындарым, осы
жартастың ішінде Адам мен Сайтан қыз жүр тез тауып әкеліңдер, суф-ф-ф!

 Мугара солқылдап жылап жатқанда
қасына Тсара лақтырған құмыраны өзенге түсірмей қағып алған Қарақұл келді.

-        Мугара,
жылама! Мамаң өлген жоқ. Мен суға түсірмей қағып алдым! Міне!- деді ол ақсия күліп.

Мугара басын көтеріп:

-        Сен қайдан
жүрсің?- деді таңырқап.

-        Сендерді аңдып
жүрмін. Кетпегенім жақсы болған екен.

-        Рақмет,
қайырымды Қарақұл!

Мугара құмыраға үңіліп:

-        Мама! Мама!-
деп айғай салды. Құмыра
түбінен анасының даусы естілді.

-        Аманбысың,
күнім!- деді ол тебірене сөйлеп.

-        Мама, біз сені
жоғалып кетті деп жүргенбіз,
мама!

-        Жоқ, мен
жоғалған жоқпын. Бәрің ұйықтап жатқанда Тсара мені сиқырлы құмыраға тығып, осында әкеп тастаған.

-        Енді қайттік!
Сені қалай босатамыз?

-        Өзіміздің Құдіретті қолға түсіріп, Тсараны өлтіргенде ғана босанам. Басқа амал жоқ.

Бұл кезде
екеуін іздеуге шыққан
Тсараның құлдары мен күңдері бұларға төніп қалып еді.
Әрекет жасамаса босқа құритынын сезген Ермек Қарақұлға:

-        Сенде қанша
сарбаз бар?- деді аптығып.

-        Бес-ақ сарбаз,
тақсыр! Алтау еді, біреуі өткен жолы зоопаркті
тасып жүргенде белін
шойырылтып алып үйінде жатыр!          

-        Қалай,
Тсараның қолымен соғыса аламыз ба?

-        Тәуекел,
тақсыр!

-        Ой, біздің
күшіміз аз! Енді қайттік?- деді Мугара сасқалақтап.-
Бәлкім құмыраны алып
қашармыз?

-        Жоқ, олар
бәрібір бізді тауып алады. Менің ойымша, не болса да соғысу керек. Не өлім, не
өмір!

-        Дұрыс айтасыз!
Не өлім, не өмір!

-        Мугара, сен құмыраны алып анау тастың түбіне барып жасырын. Қарақұл, сен сарбаздарыңды шақыр!-деп Ермек
тізгінін өз колына ала бастады.

-        Сарбаздар!
Сапқа тұрыңдар! Тез! Тез!-
деп ақырды Қарақұл.

Бес сарбаз сапқа тұрды.

-        Сарбаздарым!-
деді Қарақұл жалынғандай
ақырын дауыспен.- Сендер менің әрқашан арқасүйер, пана тұтар,сенім артар жасағым боп
келдіңдер. Мен сендерді лажы

болса қиянға жұмсамауға тырыстым. Түсінем, сендер кәнігі жауынгерлер емессіңдер, сендер бар болғаны
Мугара ханшайымның оқу-жаттығу
жүргізетін шағын ғана тобысыңдар. Соған қарамастан қазір теңдесі жоқ шайқасқа енулеріңе тура кеп тұр. Біздің патшалықтың сендерден басқа арқа сүйері қалмады. Жау күші бізден әлдеқайда басым. Соғысу - біздің міндетіміз емес деп
қазір мына шайқастан бас тартуларыңа
да болады. Бірақ басымызға күн туды.
Алдымызда екі-ақ жол бар,- бірі - соғыстан бас
тартып, бас сауғалап жан
сақтау, сөйтіп, патшасыз,елсіз өмір
кешу, екіншісі - өлімге бас тігу. Қайсысын қалайсыңдар?

-        Не өлім, не өмір! Тәуекел! Соғысамыз!- деді сарбаздар бір
ауыздан.

-        Рақмет! Онда
алға, сарбаздар!

Шайқас басталды да кетті. Шайқас ұзаққа созылды.Ермек екі
қылышпен жау ортасында ойран салып жүр.Мектепте үйренген қылыштасу өнері дәл
қазір әжетке әбден жараған сияқты.Қарақұл да, сарбаздар да оңды-солды
соғыс салып жүр.Тсара әскерлері құзға құлап, суға секіріп, қылыштан мерт боп жатыр. Бұлардан екі сарбаз өлді.Күші басым жау бұларды тықсыра
бастады. Ермек қоршауда қалды. Оның
қылышы сынып, күркіреп жатқан төмендегі
өзенге түсіп жоқ болды.

Қарақұл да
әбден қалжырады білем. Ол ырсылдап,маңдай терін сүртіп, жиі-жиі сүріне бастады.
Жауынгерлер болса жан аямай
бөлек-бөлек ұрыс салып жүр.

  Қарақұлдың әлі кетіп, қылышын
әрең-әрең ғана көтерер халге жетті. Осы кезде ол жау әскерлері арасынан өзіне
төніп келе жатқан жүзбасыны көріп, сілейіп тұрып қалды.
Таңданғаннан сілтегелі көтерген қылышы жерге түсіп кетті.

-        Құдайым-ау,
мен кімді көріп тұрмын!..
Ачирал, бұл сенбісің?- деді Қарақұл өз көзіне сенерін де, сенбесін де білмей.

Оған төніп
келіп қалған жүзбасы да қылышын көтерген бойы
тұрып қалды.

-        Сен мені
қайдан білесің?- деді арса-арса боп шаршаған Ачирал сол қолымен көзіне құйылған терін сүртіп.

-        Неге
білмеймін! Кішкентай кезіңде
мен сені талай-талай арқалап едім ғой. Сен Мыстан кемпір Қарасачаның баласы
емессің бе?

-        Иә, дәл солай!
Өзің кім боласың?

-        Мен Тюльтан патшаның
құлдарының бірімін. Сенің шешең біздің патшалықтағы ең құрметті мыстандардың бірі.

-        Рас па? Ол
кісі тірі ме?

-        Иә, тірі!
Баламнан хабар жоқ деп ылғи уайым қып жүретін.

-        Ал маған...
сенің шешең қайтыс болды деген хабар кеп
еді... Ол тірі екен ғой! Ол қазір
қайда?

-        Тас сарайда
қалған.

-        Тірі ме?

-        Әрине, тірі!
Сен өзің қайдан жүрсің?

-        Мен ұлы
патшалықтың кезекші
бөлімшесіндемін.Жәрдемге шақырғанда
көбінесе біздің жауынгерлер барады. Ал кеттік сарайға!- Ол қым-қуат майдаңдасып жүрген сарбаздарына бұрылып:- Сарбаздар! Тоқтатыңдар ұрысты! Қылыштарыңды қынапқа
салыңдар!- деді бұйыра айғайлап.

Манадан бері соғыс барысын бақылап тұрған Тсара:

-        Ей, жүзбасы! Бұл
не қылғаның! Жалғастыр соғысты!- деді
Тсара ашуға мініп.

-"Анаң қайтыс болды" деп хабар берген сен емес пе ең, Тсара!

-        Иә, мен! Анаң
өлген. Өлмесе өледі!- деді Тсара енді
ашық кетіп.- Мен ұлы әміршінің тікелей өкілімін,не айтсам соны бұлжытпай
орындауға тиіссің, құлым менің!

-        Басым кетсе,
кетер, бірақ өз еліме қылыш көтере алмаймын,
Тсара!

Тсараны тек қарудың күшімен жеңу мүмкін емес екенін ұққан Ермек, өзге жолдастарын таң қалдыра оның қасына жүгіріп келді.

-        Мен сізді
келген күннен жақсы көремін, Тсара,-деді ол оның алдына тізерлей отыра кетіп.-
Сіз осындағы жөн білетін, сөз білетін ақылына көркі сай
жалғыз әйелсіз. Сіз Құдіретті
алып, көмек шақырыңыз. Әйтпесе мыналар сізді
өлтіреді. Жаны қысылып тұрған
Тсараның бұл сөзге иланбасқа лажы
болмады.

-        Сенің
мыналардан гөрі ақылды екеніңді біліп едім.Сен мені аналардан қорғай тұр!

-        Жарайды!

Тсара омырауына қолын сұғып, құтыны алды
да,Құдіретті шығарып, енді тетігін басқалы жатқанда Ермек оны жұлып алып, биік жартастан төмен
секіре жөнелді.Сонан соң тез алақанын ашып, онан әрі не істерін білмей тұрып қалды.

-        Мугара!
Мугара!- деді жанұшыра айғайлап.

-        Мен мұндамын!-
деді анасының жанынан кете алмай тұрған
Мугара дауыстап.

-        Құдірет менің қолымда! Енді не істеу
керек?

-        Мама, Құдірет біздің қолымызда. Енді не
істеу керек?- деді ол да құмыраға үңіліп, асыға сөйлеп.

-        Алқаның ішінде
алқа бар. Сол алқаның тетігін бассын.
Сол кезде біздің қолбасы
жетіп келеді.

Мугара Ермекке дауыстады.

-        Алақаның;
ішінде алқа бар. Сол алақаның тетігін бас.
Сол кезде біздің қолбасы
жетіп келеді.

Ермек олар айтқан сөзді бұлжытпай орындады. Сол кезде баяғы Дию жетіп келді. Ол шаршаған, ентігіп тұр.

-        Алтын
ақшаларды енді жасырып бола беріп едім,демалдырмадыңыз ғой. Не боп қалды?- деді ол тыжырынып..

-        Ол қандай алтын-ақшалар?

-        Өзіңіз апар
деген. Аю-Даг тауына.

-        Ә-ә, солай
ма!..- деді бұл
сөздің сырын ұға қойған Ермек.- Жарайды. Оны кейін сөйлесеміз. Әзірге анау Тсараны ұстап ал да құзға лақтыр!

-        Өзім де содан
қалай құтылуды білмей жүр
ем!Қазір!- деді Дию күлімсіреп.

 Дию Тсараны ұстап алып, жан
даусын шығара құздан төмен қарай лақтырды да жіберді.

Күн күркіреп, найзағай
ойнады. Найзағай үні басылғанда құмыра шарт сынып, ішінен сұңғақ бойлы, әдемі келген
әйел шықты.

-        Мама!
Маматайым!- деп Мугара оның мойңына асыла
кетті.

-        Күнім! Сені де
көретін күн болады екен ғой!- деп анасы
да көз жасын көл қылды.

-        Міне, мына жігіт
Ермек,- деді Мугара оны анасына таныстырып.- Ол - бізге келген қонақ. Мыстан апай ертіп келген. Бұл болмаса сен екеуміз
көрісе алмас едік.

-        Рақмет! Құдайдың
нұры жаусын! Еліңде тыныштық болсын!- деді ол Ермектің басынан сипап.

 Қара - тастың ар жағынан Ачирал бастаган бір
топ сарбаздар мен Қарақұл көріңді.

 

                                               
* * *

   Тас сарай қаңырап калған. Алаңда қатар-қатар
аузы жабық құмыралар ғана тұр. Қарасача кемпір таққа танулы күйінде қалған.
Ермектер кіріп келіп, мына көріңіске қайран қалып тұрып
қалды.

-        Біздің патшалыққа не болған? Өзге жұрт
қайда?-деді Мугара жан-жағына үрейлене қарап.- Мына құмыралар неге тұр?

-        Тсара жұрттың бәрін құмыраға тығып
кетті,-- деді Қарасача дыбыс беріп.

-        Сіз қайдасыз, Қарасача апай?- деді Ермек
түкке түсіне алмай.

-        Мен мұндамын. Тақта таңулы тұрмын!

Мугара тақта
таңулы тұрған оны құшақтай алды.

-        Ал... менің әкем қайда?

-        Сенің әкең... сенің әкеңді аспаннан
келген қылышты Періште өлтіріп кетті...

Оның кінәсі жоқ
еді ғой, не үшін?

-        Бәріне Тсара жауыз кінәлі. Ол кетерінде
алтын ақшаға көміліп кетпек боп, Тюльтан ұйықтап жатқанда Құдіретті ұрлап алып,
Диюларды ел тонауға үшінші реет жіберді.        

-        Рас! Мен оларды Аю-Даг тауына апарып
тығып келдім,- деп сөзге араласты Дию.

-        Ой, байғұс папам! Сен неге ұйықтап қалып
едің!.. Қайран папам!..- Ол отыра қалып еңіреп жылап жіберді.Жұрттың бәрі
жылады.

-        Қойыңдар, жыламаңдар!- деді Қарасача
басу айтып.- Өлгеннің артынан өлмек жоқ. Болған іске болат болыңдар! Марқұмның
өзі де соңғы кезде ел-жұртын ұмытып кетіп еді ғой. Енді бәріміз жаңа өмір
бастаймыз!

-        Ой, біз сізді босатуды да ұмытып
кетіппіз ғой.Қарақұл, Мыстан апайдың қолын шеш!

  Қарақұл өңкеңдей басып келіп, оның байлауын лезде
шешіп тастады. Байлаудан босанған Мыстан кемпір керіліп-созылып бойын жазып алды
да:

-        Ал Тсарадан қалай құтылдыңдар?- деді.

Жауап орнына олар
таныр ма екен дегендей Ачиралды ортаға итерді.

-        Мына бір одырайған дию кім?- деді Қарасача
оған сығырая қарап.

-        Танымадыңыз ба, апа? Мен ғой!- деп
Ачирал ыржия күліп еді кемпір:

-        Құдайым-ай... Өңім бе, түсім бе? Құлыным!..-
Карасача құшағын жайып баласына ұмтылды.- Сен... хабарсыз кетті деп әлгі
Тсара... Құлыным, бар екенсің ғой!- Ол есінен танып құлап түсті.

-        Ал мына құмырадағыларды қалай
босатамыз?-деді Мугара, Қарасача өзіне-өзі келген соң.

-        Тсара өлді, енді оларды босату оңай!-
деді Ачирал.

Қарақұл қылышпен
құмыраларды бір-бір ұрып шығып еді, аулаға улап-шулап жын-шайтаңдар қаптады да
кетті.

-        Жасасын бостандық! Жасасын біздің азат
патшалық!- деді жындар айғайлап.

 Ермек у-шу басылған соң ортаға шығып:-

-        Ал азаттық
күндеріңіз құтты болсын құрметті...Жын... Жолдас...

-        Өз сөзіңмен
айта бер,- деді мүдіріп қалған оны Мугара сөзбен демеп. Ермек құттықтауын жалғастырды.

-        Иә, азаттық
күндеріңіз құтты болсын,
жолдастар!Мен ойда жоқта сіздердің араларыңызға кеп, көп оқиғаның қуәсі болдым. Елге барып айтсам оған ешкім сене
де қоймас. Менің де әке-шешем бар. Олар мені жоғалтып, екі кездері төрт боп отырған шығар. Енді еліме қайтайын.

-        Жоқ! сен бізге ұлы патша боласың! Сен осында қал!- деді Қарақұл
гүж етіп.

-        Көңілдеріңізге
рақмет!- деді Ермек толқып.-Бірақ әр елдің өз патшасы болуы керек. Сіздер өз
араларыңыздан өздеріңізге жаңа патша сайлап алыңыздар!Мен оған қайтпас қайсар
қолбасшы, ақылды азамат Ачирал лайық деп білер ем. Бұған не дейсіздер!

Жұрт оның сөзін көтерді де кетті.

-        Жасасын ұлы падиша Ачирал!

-        Олар Ачиралды
таққа көтеріп әкеп отырғызды.

-        Сенім
артқандарыңызға рақмет, халайық!- деді

Ачирал тебірене сөйлеп.- Сол сенімнен шығуға тырысармын.
Сіздер үшін жан аямай күресуге
ант етем!

Мыстан кемпір қуаныштан жылап жүр.

 -Мені алып келгеніңіз үшін берілетін сыйлық
ақшаны енді алмай-ақ қоятын шығарсыз?- деді Ермек оған әзілдеп.

-        Садақа! Садақа! 0, құдайым, баламның
бақытын баянды қыла көр! Баянды қыла гөр!- деп тағы да көз жасын төге жөнелді.

-        0, ұлы патшам! Бізді бір жүзікке тығып
қойғаннан не түседі?- деді Қарақұл Ачиралға.- Керек кезде шақырып әуре боп
жатқанша, ылғи да қастарыңызда жүргеніміз жақсы емес пе?

-        Дұрыс айтасың, Қарақұл!- деді бір
мүйізді шайтан.

-        Уа, өзгіде келген жын-шайтандар!- деді
Ачирал орнынан тұрып.- Бүгіннен бастап сендер жүзікке, құмыраға тығылудан азат
боласыңдар. Жойылсын басыбайлы

қапас өмір!
Мугара, қане, ең алдымен жүзігіңді суға сен лақтыршы!

-        Мен оқуымды қайтем?- деді ол бәрібір
жүзігін алу үшін саусағын сипап.

-        Біз енді басқа оқу оқимыз. Қане, лақтыра
той.

 Мугара жар шетіне кеп жүзігін суға лақтырып
жіберді Ачирал Құдіретті қолына алып.- Ол біздің патшалық нығайып, күшіне әбден
мінгенше қажет болады. Сонан соң мұны да жоямыз.

-        Жасасын данышпан патша Ачирал!

-        Жасасын Бостандық!

-        Жойылсын құмыра!- деді тыриған бір арық
дию.

-        Ал енді Адамзат жұртының өкіліне рақмет
айтып,еліне аттандырайық,- деді Ачирал көпшілік тынышталған соң.

-        Ол ел саған алыс емес, Ачирал!- деді
Ермек оның әке жағын есіне салып.

-        Білем. Бірақ мен осы елге бауыр басып
кеткенмін.Тағдыр солай. Ал Ермекті сән-салтанатпен шығарып салайық, ағайындар!

Сөйтіп, қоштасу
сәті де келіп жетті.

Мугара көзіне жас
алды.

-        Ал сау бол, Мугара - ару қыз!- деді
Ермек оның қолын қысып.

-        Қарасача апай рас айтады екен...- деді
қыз жыламсырап.

-        Нені?

-        Есіңде ме? Адамдардың жүректі арбап
алатын бір бәлесі бар деген сөзі... Мен саған үйреніп қалыппын...

-        Иә, есімде. Сен жақсы қызсың, Мугара.
Бірақ екеуміз мүлде екі басқамыз.

-        Иә, солай!.. Мә, мынау сенің орамалың! Есіңде
ме,мен жылаған кезде
бергенсің. Сый орамалды алып қалғаным
жарамас.

-        Бұл орамал
сенде қалсын,- деді Ермек.- Саған ескерткіш!

-        Рақмет!.. Ал
енді қоштасатын кез келді!..

Мугара толқып тұрған
ағайын-туыстарына қарап:

-        Ағалар мен
апалар! Біз Ермекпен қоштасу вальсін билейік!-
деді ол жылап жүріп.

Жан тебірентер әсем музыка, ырғақты вальс ойналды.Билемеген
ешкім қалмады. Қарақұл да,
жасы жеткенҚарасача кемпір де, ұлы патша Ачирал да биге араласты. Ермек пен Мугара шыркөбелек айналып
жүр.Би біткен кезде бәрі тоқтап, кездеріне жас алды.

-        Ермекті өзім әкеліп едім, енді өзім
апарып тастаймын, Алған жеріме!

-        Патшаның шешесіне адам тасытып
қойғанымыз ыңғайсыз болар, басқалар апарып салсын,- деді Мугараның анасы өмір сүрсем,
бұдан былай да солай өмір сүремін,- деді Қарасача жігерленіп.- Біз бәріміз
бірдейміз! Ал, Ермек, кеттік еліңе!

-        Кеттік!- деді Ермек те оның соңынан
еріп.Қаратастан жасалған үлкен қақпа айқара ашылып,жұрт оларға қақ жарылып жол
берді.Мугара орамалын бұлғап, көзінің жасын сүртіп тұр.

  Қош, Мугара!

  Қош, ертегі елі!