ВЕРНУТЬСЯ

     Ережеп пен Елеместің арасындағы бірнеше жыл
бойы пісуі жетіп, иі қанған төбелес 1986 жылдың жетінші сентябрінде, жексенбі
күні, жергілікті уақыт он сегіз отыз бесте бұрқ ете
түсті. Сырт қарағанда бұл төбелес табан асты басталғандай көрінуі мүмкін, ал
іштей қарағанда оның шығуы заңды еді: екеуінің арасындағы қырғиқабақ қарым-қатынас
барған сайын ушығып, бір-біріне тұра ұмтылуға қолайлы сәт қана жетпей жүрген.
Сол "қолайлы" сәт бүгін туды. Әрине, Ережеп үшін оның дәл бүгін
тумағаны керек-ақ еді, амал қанша, жағдай соны талап етті. Бүгін ол
автобус аялдамасына қарай... Жұртқа түсінікті болуы үшін басынан бастап айтайықшы.

  Осыдан бірнеше жыл бұрын, тіпті, баяғы заманда деп айтуға
болады, Ережеп қатты аварияға түсіп, аузындағы алты тісін сындырып алды. Алты тіс кеткен соң ауыз болмай, қасқырдың ескі ініндей үңірейіп
қалады екен. Сол үңірейген ауызбен ол
бір жыл жүрді.   Бір жыл ішінде құрдастарынан естімеген сөзі
қалмады, тіпті, "апан ауыз" деп балалар да мазақтайтынды шығарды.
Мазақ өз алдына ғой, бұл жұрт алдыңда не күле алмай, не сөйлей алмай,не
мейірленіп ас іше алмай қор болды. Темір тіс салдыруға арланды, алтыннан
салдыруға ақша жоқ, үндемей жұмысын істей берді. Бір жылдың ішінде озаттар
қатарына қосылды да, сол жылдың күзінде аудандық партия конференциясында сөз сөйлейтін
боп шықты. Конференцияға бес күн қалғанда, совхоз директорының есіне Ережептің
алты бірдей тісі жоқ екені түсіп, отырған орнынан атып тұрды.

-        Масқара! Енді
қайттік?- деді ол парторг пен рабочкомга кезек қарап.

-        Өзін шақыртып
сөйлесейік,- деді парторг.

-        Шақырғанда не
дейміз?- деп қолын жайды рабочком.

-        Қап! Тісі
бүтін басқа адам таппағандай...
Бірдеңе жасауға болмай ма?

-        Не жасаймыз?..

-        Не жасаймызы
несі, бір шара қолдану керек қой.Аузын апандай ғып ауданға оны қалай жібереміз?
Сөйлеген сөзін кім түсінеді оның?

-        Орнына соған ұқсастау біреуді жіберейік,- деп рабочком
күңк етіп көріп еді, директор оны жеп жіберердей ата қарады.

-        Ой, сіз де
қайдағыны шығарады да жүресіз?- деді Директор
қолын сілтеп.- Өзіміздің зубник қайда?

-        Алматыдағы
стоматологтардың жиналысына кеткен.

-        Қашан келеді?

-        Білмеймін...
білмейміз, бүгін ғана кетті ғой, қазір жолда
бара жатыр,- деді парторг нақты жауап беріп.

-        Қап, таза
масқара болдық-ау. Шақырыңдар ана Ережепті,
не ойлағаны бар екен, сөйлесіп көрейік.

  Жарты сағаттың ішінде Ережеп кеңсеге
жеткізілді. Ол бұрыштағы орындыққа
жайғасты.

-        Конференцияға дайындық қалай?- деді директор қолға түскен ұрымен сөйлескендей оған ашулы түрде ажырая қарап.

Ережеп үндемеді.

-        Естіп отырсың
ба, дайындық қалай деймін?

Ол тағы үндемеді.

-        Тілің бар ма,
айтсаңшы!- деп директор столды бір қойғанда барып Ережеп шошып оянғандай
селт етіп:

-        Жақсы,- деді. Бұл сөзді айтқан кезде оның
қып-қызыл тілі жалаң етіп
көрінді де жоқ болды.

  Директор, парторг, рабочком үшеуі
бір-біріне қарап қойды да, мәселенің
төркінін түсінгендей жеңіл
бір күрсініп алысты.

-        Сөйлеу
қолайсыз болса, үндемей тыңдай бер,-деді директор оған жақсылық жасағандай
қоңыр үнге көшіп.- Бес күннен соң
конференция. Сен сөз сөйлеуің керек, ауданда фамилияң жатыр. Міне, сөзің
де дайын.-Ол тартпаны ашып
барып қайта жапты.- Иә... Бәрі дайын. Бірақ сен дайын емессің. Осы екі арада
тісіңді сындырып...- Директор ашуға
булығып терезеге қарады.- Конференция
өткенше шыдай тұрсаң қайтіп еді... Уақыт аз қалды. Мен қазір көрші совхозға телефон соғамын, қазір кет те, ертеңге дейін тіс салдырып келетін бол, ұқтың ба?

Ережеп басын шайқады.

-        Неге ұқпайсың? Не, барғың келмей ме?

-        Теміл тістің
келегі жоқ,- деді ол ысылдап.- Алтыннан салдылам.

-        Совхоздың саған
сақтап отырған алтыны жоқ. Айтылды - бітті, корші совхозға аттанасың.- Директор жартылай бұрылып, оң жақтағы телефон
дискісін бұрай бастағанда Ережеп орнынан тұрып шығуға
беттеді. Зәресі кеткен рабочком ұшып тұрып, оны орнына қайта жайғастырды.

-        Слушай, саған
не керек?- деді амалы құрыған директор
бәсеңсіп.- Қашан салдырмақсың?

-        Ақша жинап.

-        Қашан жиналады
ақшаңыз, айып болмаса білуге бола ма
екен?

-        Біл жылдай
келек.

-        Ал конференция
бес күннен соң, оны білемісің,ақымақ,- деді директор соңғы сөйлемінің бәрін буынға бөліп,
нықтай сөйлеп.

-        Білем.

-        Білсең айтып тұрғаның
не?

-        Ақшам жоқ.

-        Сенің аузыңдағы жеке меншік тісіңе өкімет
бәрібір ақша төлемейді, ол сметада
қаралмаған,- деді директор кекесінді
үнмен.- Сондықтан қарыз ал.

-        Ешкім белмейді.

Директор отырғандарға қарап шықты.

-        Кімде ақша
бар?

Парторг пен рабочком сұрақтың жалпы мәнін түсіне алмай үнсіз қалды.

-        Касса жақты
қарап көріңдерші, кім ақша алып жатыр
екен?- деді директор. Рабочком шығып кетті де,ізінше қайта оралды. Сүрлем таситын
"Беларусьтің" жүргізушісі Елеместі жетелеп кірді. Түкке түсіне алмай есік алдында аңқиып тұрған оған директор:

-        Қанша алдың?-
деді.

-        Т-т-т-төрт жүз
елу...

-        Ал саған қанша
керек?- деп ол Ережепке бұрылды.

-        Төлт жүз. Үш
жүз сомы тіске, жүз сомы анда-мында.

-        Сен төрт жүз сомыңды Ережепке бер.
Қарызға.Ауданға барып тіс салдырып келсін.

-        Ойпырмай...
Әйелім... бала-шағам...

-        Болды. Келесі
айда қайтарады. Қарсыласпа, бұл оқиғаның
саяси мәні бар.

  Сонымен, Ережеп аяқ асты аудан орталығына жүретін болды. Совхоз директорының өзі бірге аттанды. Сол жақтан олар Ережепке тіс салдырып,
конференция өткен соң бір-ақ
келмек.Келесі ай түгіл келесі жылда да Ережеп Елеместің төрт жүз сомын қайтара алмады. Арада екі жыл өткен соң барып Ережеп ақшаны конвертке салып, бұртиып жүрген
Елеместің ашуын тарқатпақ боп, оны әйелімен қосып үйіне шақырды. Конверттің сыртына: "Шымкент облысы, Бөген ауданы, Қараспан совхозы, Байжансай бөлімшесі, Нұралиев
Елемес Естаевичке" деп адресі мен аты-женін
ресми түрде толтырып, ас
үстінде оның алдына қойды. Ол маналы
бері көңілсіз отырған, сол көңілсіз күйі конвертті ашып, жұртты таң қалдырып,
ақшаны мұқият санап шықты. Санап болды да:
"Алмайм" деді.

-        Неге?- деді
Ережеп түкке түсіне алмай.

-        Аз.

-        Неге?

-        Сол. Аз.

-        Азың қалай?
Төрт жүз сомың түгел.- Ол конвертті қолына алып, ақшаны көзбе-көз санауға беріп еді,анау оны тоқтатып
тастады.

-        Әуре болма,-
деді ол дүңк етіп.- Сен менен ақша алған кезде бір тіс елу сом болатын,
қазір жүз сом.

  Ережеп пен әйелі ауыздарын ашып, бір-біріне
қарады.Сонан соң көмек сұрағандай Елеместің әйеліне бұрылып еді, "Не естіп
отырсыңдар, сол" дегендей ол да мелшиіп қапты.

-        С... сонда...
мен сс-саған...

-        Сонда сен маған
сегіз жүз сом бересің. Былтырдан бері
алтынның екі есе қымбаттағанын
білмейсің бе?

-        Қымбаттаса
қайтейін, мен сенен төрт жүз сом алып едім
ғой.

-        Алған жоқсың,
саған алып берді. Дедектетіп отырып деректірдің кабинетіне алып барғандарыңды
әлі ұмытқан жоқпын. Сонда сен
ғой мені көрсеткен, солай ма?

-        Қой, ойбай,
сені керсетіп нем бар? Рабочком ғой тауып
келген.

-        Алдама,
білем... Ал мына ақшаны бәрібір алмаймын. Тісті менің ақшама салдырдың ба,
менің ақшама салдырдың, енді сол тіс
екі есе қымбаттады ма,қымбаттады. Ендеше мен сенен неге сегіз жүз сом алмаймын?

-        Ал мен тіс
салдырмасам қайтер едің?

-        Онда жайыма
жүрген болар едім. Қысқасы, тамыр,ренжімесең одан әрмен, маған не сегіз жүз сом
бересің,не сол ақшаға
салдырған тісіңді өзіме қайтар.

-        Қайтарғаны қалай?

-        Сол, сегіз тіс
қайтарасың

-        Мен сегіз тіс
емес, алты тіс салдырғам. Міне,- деп ол
аузын ашып, тісін көрсетті.- Жүз сомын дәрігерге бергенбіз.

-        Онда менің
шаруам жоқ. Не сегіз жүз сом, не сегіз тіс.
Болды. - Ол орнынан тұра бастап еді, Ережеп те шарт кетті.

-        Әй, сен шын
айтып отырсың ба? Маналы бері қалжыңдап
отырған шығар десем, есің дұрыс па өзіңнің?Сегіз тіс қайтар дегенің қан
сасқаның ол? Міне ақшаң,алсаң ал, анау оны бері лақтырып жіберді.

  Шашылып он сомдықтардың біреуі суып қалған
шайға түсті.   Ережеп оны жалма-жан конвертке
тықты да, бүкіл ақшаны мұқият қалтасына салып алды.

-        Алдыңнан өттім
- міндетім өтелді. Енді қолың жеткен кезде
аласың,- деді ол түтігіп.- Мен бір еріккеннен
салдырғандай. Ол кезде сөз сөйлеуім керек болатынын
өз құлағыңмен естімеп пе едің? Өй, саяси сауатсыз!

-        Сен тісің мен
саясатты шатастырма, білдің бе?-деді Елемес намыстанып.- Сен аварияны қалай жасағаныңды
білесің бе? Машинаны ішіп алып айдаған болатынсың.
Керек жерінде мен сол құпияңды ашып беремін. Қарашы-ей, мұның табан астынан
сауатты бола қалуын. Ал қош бол!
Бірақ есіңде болсын, аузыңда жалт-жұлт
еткен анау алты тіс - менің тісім. Мен оны қалаған кезімде қағып
алуға қақым бар. Ол әйелін қолынан жетектеп үйден шығып жүре берді.

-        Құнамақор! Бәлеқор!- деп кіжінді
Ережеп олардың соңынан қудыра сөйлеп.- Оларға арнап асқан етті итке таста, итке!

  Қанша ашу қысқанмен еттің бәрібір итке
тасталмайтынын сездіріп,
әйелі оның қасына жайбарақат жақындады.

-        Әй, байғұс-ау, өтірігің шығып қалды.
Авария жасаған кезде ішіп алған екенсің ғой. Бәсе, мен де сезіп ем-ау...
Ал тауып бер енді сегіз жүз сомын.

-        Онда ісің
болмасын, тауып беретін мен ғой!- деді Ережеп
ескі құпияның ойда жоқта ашылғанына іштей қысылып.

  Бұл ерекше оқиға жұртқа тез тарап, бүкіл совхоз күлкіге батты. Олардың күлкілері көпке
созылған сайын Ережеп пен Елеместің
арасы ушыға түсті. Бұлардың өздері түгілі
былайғы жұрт та төбелес
әні-міні шығады деп күтулі жүрді.

  Бірақ бәрі бейбіт аяқталды. Совхоз
директоры участковый милиция Сексенбаевты Елемеске екі рет жіберіп алған соң, ол төрт жүз сомын алуға келісті де, Ережеп тісін сақтап қалды.Ақшаны қарыз бергізгенде
де, қарызды қайтып алғызғанда да, әкімшілік қысым
көрсетілді деп Елемес Ережепті жек
көрсе, не сегіз жүз сом, не сегіз тіс даулады, одан қала берді, бір кездегі
аварияның құпиясын ашып қойды деп
Ережеп Елеместі кінәлады. Сөйтіп екеуінің
арасындағы араздық татуласудың барлық перспективаларын аттап өтіп, антогонистік
қайшылыққа қарай бағыт ала берді.
Өзге де ұсақ-түйек қақтығыстарды есептемегенде, өткен жолы, тағы бір ірі конфликт болды.Совхозда жиі болып жататын
үйлену тойының бірі еді.

  Әдетте, мұндай жерлерде бедел деген
аса қатты сақталып,жұрт сол субардинация бойынша жоғары - төмен жайғасады. Қазақтарды қатты қинайтын
мәселелердің бірі - осы стол басына орналасу. Кім қалай отырады, кім кімнен кейін орын алады, кімнің алдына не
қойылып,кімдерге көбірек көңіл бөлінеді, кімнің аты көбірек аталады - мұның
бәрі ұлттық беделдің
атрибуттары боп есептеледі де, сол
сәттегі мәні жағынан бұл мәселе Таяу Шығыс
проблемасынан кейінгі екінші күрделі мәселе боп шешімін әрең табады. Осындай жиындардың бірінде Елемес Ережептен
төмен отырып қалады, демек, Ережеп автоматты
түрде Елеместен бір мысқал
қадірлілеу болып есептелінеді, демек,
бұл одан бұрын ас жейді, одан бұрын шай
ішеді, одан бұрын сөйлейді. Оның үстіне бұл той - бұл ауылдың ес біліп, етек жинағалы бері ішкіліксіз өткізіп отырған үшінші тойы.   Жұрттың
бәрі сабырлы,жұрттың бәрі ақылды, ізетті, кішіпейіл, кешірімшіл,мейірбан,
әзілкеш, сөзге сараң да сыпайы. Соған қарамастан іштей арбасу да астыңғы ағыспен
өз бетінше өрбіп отырады. Сондай арбасу Ережеп пен Елеместің арасында салған
жерден басталып, тынымсыз үдеп отырған.

  Арада екі сағаттай уақыт өтті. Бұрынғы көзбен
қарағанда столдың төменгі жағынан екі-үш айғай, есіктің ар жағынан бір-екі
кішігірім төбелес басталып, емін-еркін қайта бітетін көз. Жұрт екі сағаттан
астам шай ішіп отыр.Ешкімнің шайға зауқы болмаса да ішіп отыр. Міне, сол екі
сағаттан астам уақыт бойы Елемес Ережепті көзге ілмей, оны адам екен деп
менсінбей намысына тиюмен отыр. Шай төменгі жақтан келетіні белгілі.
Демек, Елемес кесені Ережепке береді, Ережеп оны әрі асырады. Ал кесе кезегі өзінікі болған кезде Елемес қасақана оны жол-жөнекей біреуге
бұрып жіберді, не алады да, өзінің алдына байқамаған болып қоя салады. Бір рет, екі рет, үш рет,төрт
рет... әлі жалғасып келеді. Әні тіпті, "Ережептің кесесі" деп төменгі жақтан атап жіберілгеніне қарамай ол әңгімеге ұйыған
адам боп отырып шайды өзінің алдына бір
ұрттады да қоя салды.
"Оңбаған!- деді іштей Ережеп.-- Атаңның басы әңгіме тыңдап отырған
шығарсың.Сенде әңгіме түсінетін ми бар ма!" Ол ызаланып, Елеместің
алдындағы шайды ұртталғанына қарамастан жұлып алды да, өз алдына қойды.

-        Ат суарайын
деп отырсың ба, алдыңда үш кесе тұр ғой,-
деді ол той атмосферасына сай сөйлегенмен ыза уытын жасыра алмай.

-        Жоқ,- деді ол бұған
мойын бұрмаған бойы езу тартып.- Менде ат қайдан болсын, есек суарайын деп ем,алыпсың ғой ақыры.

Ережеп аузындағы шайын ұрттамай бұлтитып сәл ойланып
көрді. Сонда барып Елеместің сөзінің түп төркінін түсініп шайына шашалып қалды. "Иттің баласы,- деді ол жұрт әлденеге күліп жатқанда орамалымен
аузын сүртіп әлек боп жатып.- Баяғы
заман болса ғой, нар тәуекел деп
аузыңа қояр едім. Тұра тұр, бәлем, алдыңа келтірермін
бір күні".

  Сәлден соң Елемес ойда жоқта бұған бұрылып,құлағына сыбырлады.

-        Қазақтарға
ішек не үшін керек екенін білесің бе?

Ережеп оған "не оттап отырсың?" дегендей бажырая қарады.

-        Ыстық шай
ішкенде арты күйіп қалмас үшін!-деді ол өз сұрағына өзі жауап
беріп. Сөйтті де екі иығы селкілдей күлді.- Неге күлмейсің?- деді ол
тағы да қытығына тиіп.

-        Бұл сөзіңе
адам түгіл ит те күлмейді.

-        Әрине. Күлмей
отырсың ғой.- Ол әдейі бұрылып кетті.

-        Бұл - тиісу
еді. Бұл - екеуінің арасындағы
конфликтінің ешқандай келіссөз арқылы бітпейтінінің айқын белгісі еді. Елемес әлгі сөзін ар жағындағыларға да айтқан болу керек, бес-алты еркек бірден гу еткенде үйді жарып жібере жаздады. "Шамамен төбелестің
жақын қалғаны ма?- деді Ережеп гулеген күлкінің астында
қобалжу аралас күйге беріліп.- Елден, директордан ұят болатын болды-ау.
Мейлі, ұяттан намыс күшті, ұят та болса төбелесеміз
де. Бірақ қашан? Әрине, бүгін емес, басқа бір кезде. Әйтпесе, той иесі төбелестіңдер деп ренжиді ғой".

-        Қазір төбелес
деген атымен ұмытылып, ауыл
тыныш боп қалды,- деді мұның ойын тап басқандай төрде отырған бір кәрия.

-        Иә, несін
айтасың, елдің берекесі кірді
ғой,- деп қостады оны екінші бір
кәрия.- Қарашы, қандай жақсы отырмыз,
дау да жоқ, дамай да жоқ. Бұрын той төбелессіз, милициясыз бітпеуші еді, солай ма, Оқас?- Кәрия көпшіліктің бел ортасында отырған
участковый Сексенбаевқа қарады.

-        Иә, иә, дұрыс
айтасыз,- деп басын изеді аға
лейтенант. Оның бас изеуінде "әлбетте" деп қуана қоштаудан гөрі "өкінішке орай" деп келісе салған сыңай басымырақ жатқан секілді.

-        Жігіттер сау,
ел тыныш, енді не істейсің?- деді еңгезердей қойма меңгерушісі қасында
отырған шағын денелі Сексенбаевтың төбесінен қарап.

-        Табылады ғой,-
деп жымиды Сексенбаев.

Қоймашы директорға бұрылды.

-        Ауданға айтып,
совхоздағы участковыйдың
штатын қысқарту керек,- деп әзілдеген
болды да, сол әзіліне мәз боп
қарқылдай күлді. Бірақ ешкім
ілеспей, жалғыз күліп отырғанына
қолайсызданып, ол құдыққа
түсіп кеткендей кенет жым-жырт бола қалды. Сексенбаев
жымиып күлді де қойды. Жұрт қайта
тынышталып, момақан да сыпайы қалыпқа түсті. "Бәрі де бейкүнә, қой аузынан шөп
алмайтын момын, сыпайы,- деп
ойлады ішінен Ережеп.Үңіле
қалсаң бәрінің де былығы бар. Тіпті, қыздай сызылып отырған
анау Сексенбаевтың өзін алшы. Тіпті, баяғы авариядан
кейінгі қылығының өзі неге тұрады? Қарашы,енді түк білмегендей жымиюын".

 Баяғы аварияның ішкіліктің салдарынан
екенін жасыр деп Ережеп Сексенбаевтың
аяғына жығылып жалынған "Мен авария жасасам, жұртқа зияным
тиген жоқ, айдаладағы бағананы
соқтым ғой, нең кетеді, жария қылма"деп уәж айтқан. Ол көнбеді, тіпті, схемасын сызып алды да, папкасына салып тайып тұрды. Сынған
алты тістің сырқырағанын да ұмытып, кешке оның үйіне келді. Ол маңына жолатпады.
Түнде қайта соғып еді, ол үйінде жоқ екен. "Ауданға кетті" деді әйелі әрең жауап беріп.
"Құрыдым,- деді басын ұстап.-
Масқара болды деген осы".

  Бірақ кешкілік осында жүрген адамның
түнге қарай ауданға кеткенін түсіне алмады. Ол жақсылықтан
үмітін үзіп қақпаға қарай беттей беріп еді, мысығын ұстай алмай жүрген бес
жасар қызды көріп тұра қалды. Қалтасынан шытырлаған үш сомдық шығарып, оған ұсынды да:"Көкеңнің қайда
екенін айтсаң бәрін берем, ертең сағыз аласың",- деді.

-        Ал айтпасам
бермейсің бе?

-        Әрине. Бірақ
сен жақсы қызсың ғой, айт.

-        Ол ана жаққа
кетті,- деп қыз қырман жақты нұсқады.

-        Немен?

-        Албамен.

-        Жарайсың, мә,
ала ғой. Бірақ мен берді деп ешкімге
айтпа, жарай ма?

-        Жалайды.

 Қырманға баратын жол ескі қорым арқылы өтетін.Ережеп оны осы маңнан тосты.
Бір сағаттан соң Оқастың арбасының
тықыры естілді. Түн ішінде моладан да, кездейсоқ адамдардан да қорқып келе жатқан болуы керек, оның үні
шықпайды. Арба Ережептің тұсынан
өте бергенде, ол шеңгел арасынан атып шығып еді. Оқастың есегі үркіп, арбасын аударып жібере жаздады. Өзі болса кеудесінен жан
кеткендей сілейіп қапты.

-        Кім фамилияң?-
деді Ережеп дауысын өзгертіп.

-        Секс...
Секс...

-        Ол неғылган
секс! Жөндеп айт!

-        Секс...
Сексенбаев.

-        Ә-ә,
Сексенбаев де. Қанша қап жем апара жатсың?

-        Он бір...

-        Ондай былай
болсын, жолдас Сексенбаев!- деді Ережеп
оған жақындамаған бойы ресми тіл қатып.-Менің қылмысымнан сенің қылмысың жеңіл
емес. Авария туралы қолыңдағы қағазды жыртқың келсе жырт,жыртқың
келмесе өзің біл. Қайырлы түн, Сек-сен-баев жолдас!

Ережеп ұзап
кеткен соң ғана ол тілге келіп:

- Қап иттің баласы-ай!- деп жерге бір түкірді.Сол Сексенбаев,
әні, түк болмағаңдай айттырған
қыз секілді сызылып отыр. Ал анау
қоймашы болса... Әй қойшы, оның
қайсыбірін айта бересің. "Қарапайым адам жоқ,- депті ғой бір
жазушы.- Сол рас болар".

  Сонымен, сексен алтыншы жылдың жетінші
сентябрі де келіп жетті. Соңғы бір
апта бойы Ережептің үйі лирикалық қуанышқа толы болатын. Москвада Шепкин атындағы театр училищесінің соңғы курсында оқитын әйелінің
сіңлісі жолдас қызымен келіп жатқан. Екеуі де сұңғақ, екеуі де
әдемі. Ауылдың беймаза шаңы басылған соң
кешкі салқынмен екеуі көшеге серуендеуге шығар еді,сол кезде екеуінің оқтаудай
түзу аяқтарына, кез келген киім жараса кететін мүсіңдей денелері мен әдемі баяу жүрістеріне қызықпайтын адам қалмайтын-ды.
Әсіресе,бойдақ жігіттердің есі кетіп, баратын жерлері ауылдың мүлде қарсы жақ беті болса да, осы жақпен
айналып өтетінді шығарды.   Ережептің
үйі - жас жігіттер (тек қана жас жігіттер емес) төңіректеп шықпайтын,
беделді,сүйкімді үйге айналды. Бұл болса жұмыстан ерте келеді,жақсылап тұрып
душ қабылдайды, шашына бриолин жағып, әтір сеуіп, бір сөзбен айтқанда,
"қалалық" кейіпке түседі де, екі
қызды екі жағына алып, кешке клубқа барады. "Менмін" деген талай
жігіт екі қызға бір метр жақын келіп сөйлесуді арман етсе, бар болғаны
совхоздың ескі самосвалын айдайтын, шашының арасынан шаң кетпейтін Ережеп екі
қыздың ортасында кетіп бара жатады.

   Ол ол ма, кейде екеуінің біреуі әлденеге
қатты разы боп ықыластана күлгенде, Ережептің түкке тұрмайтын сексеуілдей
кедір-бұдыр иығына басын сүйеп күлетінін қайтесің. Біреуге көл, біреуге шөл, жаратқан десеңші!

   Еркектің дүниеде кешіре алмайтын
нәрсесі - басқа еркектің сұлу әйел
алдындағы өтімділігі. Москвада Шепкин атындағы училище бар екенін, тіпті сол
Шепкин дегеніңнің кім екенін білмейтін,
білгісі де келмейтін ауылда туып-өскенмен, Елемес пен Ережеп әйел мен еркек арасындағы қарым-қатынасты өзге біреуге әсер етер нәзік сырларын жақсы білетін-ді. Осы бір апта
бойы Ережеп өзінің бейбіт жолмен
бітіспейтін қас жауы Елеместі рухани жағынан
мұқатқанына іштей масаттанып
жүрді.Ауылдың көркі, бар жігіттің мерекесі болған со екі қыз бүгін жолға
шықпақ. Ережеп оларды Шымкентке баратын
автобусқа апарып салады, ал екеуі таңертеңгі "Қазақстан" поезымен Москваға
аттанады. "Міне, өмір
деп соны айт! Ал менің жүрісім болса
мынау - қайдағы бір Сексенбаев,
қайдағы бір Елеместермен ерегісіп. Қайтеміз,бәрібір өмір сүру керек. Шепкин
атындағы театр училищесін білмесең де өмір сүруге тура
келеді. Өткен бір отырыста:
"Махачкала - грузиндердің астанасы ма осы?"деп сұрақ қойған совхоз
директоры да ешкімнен кем қалмай тіршілік етіп келді ғой, кем қалмақ түгіл, бүкіл бір совхозды басқарып отыр. Өткен жылы
депутаттыққа да өтіп кете
жаздады".

  Келесі аптада кірпішіңді тасып берем
деп сиыршы Метештің көк
"Жигулиін" сұрап
алды. Аққудай әсем екі қызды
самосвалға салу ел мен жұрттың алдында масқара емес пе? Оның да "Жигулиі" жетісіп тұрған жоқ
екен,алдыңғы екі терезесі бірдей жоқ, дөңгелектері таздың басындай жап-жалтыр.

-        Байқа,- деді
Метеш,- ГАИ ұстап алмасын. Мынандай
дөңгелекпен бір метр жүргізбейді.

-        Білеміз...
Қалаға кірмеймін ғой...

  Машинаны түске дейін айнадай ғып жуып, ішін әбден тазалады. Кешкілік екі қызды өзі есік ашып
артқы орынға, әйелін өз қасына жайғастырды.Оларды бүкіл көрші-қолаң
шығарып салды. Мынандай мейірімге
толқып кеткен екі қыздың екеуі де көздеріне жас алды. Бәрі көңілді,
бәрі тамаша еді...

Екі қыз бен
әйелін машинаға салып алып, ауыл сыртына шыққаны сол еді, қарсы алдынан тележка
тіркеген "Беларусь" көрінді. Жолдың май топырағын аспанға будақтата
көтеріп, тележкасы ирелеңдеп ұрып келеді. Жел оң жақтан, демек, шаңға бұлар
емес, ол көміледі. Бұларды ол да таныды. Ережеп өз көзіне өзі сенбеді. Бұлардың сол жағымен өтуге тиіс "Беларусь" бүкіл заңға бір түкіріп, кенет оңға жалт бұрды да, бұларды
ішке алып дедектей жөнелді.Шаңға қалмас үшін Ережеп те оңға ығысты, ол бәрібір бұларды ту сыртынан айнала берді. Бұл
сигнал басты,қолын сілтеді,- болмады. Дәл жанынан, қол созым жерден
"Беларусь" өте шықты. Алдыңғы екі терезесі бірдей жоқ машинаның іші қою шаңға көмілді де
қалды. Ережеп артына бұрылып қарағанда екі қызды көре алмады.Бұл - шектен
шығу еді. Бұдан әрі тезуге болмайтын еді.
Шаң басылған соң сигналды ұзақ бір ойбайлатты да,Ережеп сыртқа атып шықты.
Ешнәрсе сезбегендей Елемес ирелеңдеп тартып барады екен. Әйелінің,
екі қыздың жалынғанына қарамай, ол машинасын кері бұрып алды
да,"Беларусьтің" соңынан қуып кеп берді. "Жигулиге" сөз боп па, әп-сәтте оны қуып жетті.
Қапталдаса беріп Ережеп тағы сигнал берді. "Беларусьтің" кабинасынан
түкке түсінбегендей Елемес еңкейіп
қарады да, "жай ма?" деді күлімсіреп.
Ережеп оған "түс" дегендей белгі берді. Елемес те осыны күтіп келе
жатқан болуы керек, жалма-жан тракторын
тоқтатты да, секіріп түсіп, оның қасына жетіп келді.

 Өз ойының дұрыстығын дәлелдеу үшін қара күшке жүгінетін күн туа қалса қалай ұру керектігін бірнеше жыл бойы ойында дайындап, ойында пісіріп
келген Ережеп асықпай, саспай, әрі тез,
әрі сабырлы түрде оң қолымен алғашқы соққысын жұмсады. Соққы Елеместің сол жақ шекесінен айна-қатесіз дәл тиді. Ол да
бірнеше жыл ойша дайындалған болу керек, мұның да сол жақ құлақ
шекесі ысып кетті. Оң жақ, сол жақ,
оң жақ, сол жақ... Машинадан әйелдер түсіп ажыратқанша олар бір-біріне бес-алты рет қол жұмсап үлгерді. Сырттай дайындықтары жақсы өткен
болуы керек, екеуінің барлық соққылары мүлтіксіз дәл тиіп, әйелдер араға түсе берген сәтте екеуі де нокдаун алып, есеңгіреп лағып кетті.

-        Пәлеқор,
пайдакүнем!- деп күбірледі Ережеп.

-        Джентельмен
нашелся!- деп ентікті Елемес.

Жерді жарып шыққандай участковый Сексенбаев мотоциклмен
жетіп келді де, іс табан астында насырға шапты. Шаң, төбелес, милиция екі
қыздың намысын жасытып,әрі үрейін кетірді. Сексенбаев кеп акт жасай бастағанда,ол екеуі көздеріне жас алды. Тәкаппар да сұлу қыздардың жылағанын, шаңға малынып әбіржігенін көріп, Ережепті олардың алдында бір мұқатқанына Елемес іштей көтеріліп қалды. "Бір емес, он акт жаса, маған десең тұүрмеге жап,қазір жолымнан қалдырма" деді де, есін әбден жиып болған соң Ережеп үш әйелді шуылдатып
машинаға отырғызып, шаңдатып тартып тұрды.

-        Жақсы
төбелесетін боп апты, оңбаған!- деді Елемес оның соңынан қарап тұрып.- Қырғи
қабақ боп жүргенше арамызды ашып
алғанымыз дұрыс болды...

Баяғыда-ақ естіп бітіре салу керек еді...

-        Енді сен қол
қой,- деді Сексенбаев тракторына мініп
алған Елемеске қаламсабын ұсынып.

-        Неменеге?

-        Төбелескенім
рас деп. Міне, мында.

Өзіне ұсынылған
қағаз бен қаламға Елемес ұзақ қарап тұрды
да:

-        Немене,
төбелес көріп, құдайың беріп қалды ма?-деді оған кекете үн қатып.- Бұл төбелес
емес, біле білсең,- татулықтың басы.
Сенің міндетің де акт жасау емес,
тыныштықты сақтау. Ал сен болсаң... тұмсығының астында төбелес
жүріп жатады, ал бұл ажыратудың орнына акт жазып тұрады.

-        Сонда да қол
қой.

-        Қоймаймын.

-        Қоясың.

-        Ей, сен сөзге
түсінемісің, біздікі төбелес емес деймін.

-        Енді не,
сүйісу ме?

-        Оған сенің
басың жетпейді...

-        Не дей-сің?
Түс бермен!

-        Ал түстім.-
Елемес "Беларусынан" секіріп түскен кезде бәтіңкесінің басына әлдене тырс-тырс тигенін сезіп,төмен қарады. Сонда барып ол манадан
бері түбі босап, етіне ғана ілініп тұрған екі тісінің шаңда домалап жатқанын көрді. Жерден үзілген түймесін көтерген адамдай асықпай-саспай
еңкейіп екеуін де алақанына салды да,
Сексенбаевтың дәл тұмсығының
алдына тақап тұрып:

-        Әне, секірем
дегенде, сенің кесіріңнен екі тісім түсіп
қалды, жауап бересің!- деді де тракторына қайта отырды. Отыра берді де кеудесін бері бұрып, бұл өңірде бұрын-соңды ешкім естімеген сөз айтты:-
Конфронтация осымен бітті, жолдас
Сексенбаев!- деді барша жұртты таң қалдырып.

  Сексенбаев не дерін білмей, состиып тұрып
қалғанда қою шаңды бұрқыратып жүрді де кетті.Елеместің жағдайын естіген Ережеп оның
үйіне әйелін жіберіп, егер ол тісін
алтыннан салдыратын болса, екі тісінің
біреуінің қаржысын өз мойныма алуға дайын екенін білдіріп хабар жеткізді. Елемес әуелде ұялғаннан үндемепті. Бәлкім, осы кезге шейін келіскен шығар.