ВЕРНУТЬСЯ

    Біздің ауылдың
шет жағында еңсесімен көз_ тарта қоймайтын. кішкентай ғана елеусіз бір үй бар.
Оның өзгелер сияқты сапырылысып келіп-кетіп жатқан мейманы да жоқ, шалқып
жатқан дәулеті мен шаруасы да жоқ.Осы үйдің құрым киізбен қапталған қара
есігінен бірі үлкен, бірі кіші
екі адам - әжесі мен әлі мектепке бара қоймаған немересі ғана кіріп-шығып
жүреді. Екеуі бір-біріне серік, бір-біріне жұбаныш. Әжесінің асқар таудай
тілегі - жұдырықтай немересі, жұдырықтай немересінің асқар таудай арқа сүйері -
қушиған кәрі әжесі. Бар байлықтары - екі саулық, бір шыбыш, ала мысық, осыдан
үш ай бұрын ғана асырап алған қара күшік. Екеуіне бұдан өзге дәулеттің де,
дүниенің де, керегі жоқ, тек құдай патшаларға
тыныштық берсін, әнебір жаман немере аман болсын. Ел тоқ болса екеуіне осы
байлық та жетеді.

  Құлағы салпиған қара күшік түнемеге там
айналып шәуілдеп үріп шығады. Әліне қарамай ол да осы үйді қориды, оған да осы
үй қымбат. "Өй, әптің құрғыр!"-дейді әжесі тыныш түнде ұйқысыз жатып.
Бірақ бұл кею емес, керісінше, оның бұл үнінен: "Үй болып, түтін түтетіп отырғанымызға
шүкір. Балам өліп, келінім кетсе де жалғызымның көзіндей боп немерем қалды.
Ішіме құса толып, өзіңе тіл тигізген көзім болса кешіре гөр жаратқан,қуартып қу
басымды қалдырсаң қайтер едім. Немере сүйдіріп, ит асыратқаныңа, оны шәуілдетіп
үргізіп қойғаныңа құлдық" деген жоққа нысап, барға қанағат ризашылық көңілін
аңғаруға болар еді. Таң атқан соң бұлар да өзгелер сияқты өз тіршілігіне
кіріседі. Екеуі сөйлеп жүріп қорадағы үш малды өріске айдайды, итке быламық
қайнатады. Сөйтіп жүргенде иығы бүлкілдеп сары самауыр да қайнап, әжесі
дастарқан жаяды. Күнде осы кезде дастарқан
басында екі адам отырады. Бірі - жүзін әжім көмген қарт әже, екіншісі - уыздай
балғын немере.

  Барлық жастық шағы мен балғын дәуірін
немересіне сыйлап әже отырады, сол әженің арқасында жетімдік дегенді жете
білмей, мәз-мәйрам боп бала отырады. Сәлден кейін көрші
кемпірлердің бірі кеп әңгіме құрады, не "шай іш" деп ертіп кетеді.
Шаңырағы астында қонақсыз, кісісіз отыра алмайтын қазақ емес пе, біраз кемпір
бір үйге жиналып, шөлдемесе де қоңыр әңгіме үшін күрең шайды жайлап тартып
отырады. Бәрінің айтатындары ел тыныштығы, балалары мен немерелерінің амандығы.
Кейде бір-біріне өкпе айтады, "Тәшкеннен балаң келгенде бір мейіз де
татырмадың ғой сен, қу кемпір" деп өздерінше бұртиған болады. "Біздің
қолға да „қарға тышар, тұра тұр,Түркстандағы қызым төркіндеп келсін"...
деп қайсы бірі алда тұрған қуанышын айтып, өзінің де қыз беріп, қыз алған шаңырақ
екенін әзілдеп болса да байқатып өтеді.

  Аракідік келіндерін жамандаған боп мақтанып
та алатын сәттері кездесіп қалады. "Ана кіші келінім,- дейді төрде отырған
кимешекті кемпір дауысын кілт төмендетіп,- ене-ау, ас аңдығандай
боп қыдыра беріп қайтесіз, үйде отырсаңызшы. Сәрсенкүлдің де оянатын көзі боп
қалды деп күмілжиді маған кеп. "О-о, әдірем қал-ау сен, әдірәм қал, дедім
өзіне.- Ас аңдығандай боп деуін қарашы-ай мұның. Немене, мен қыдырсам, аштықтан
қыдырады ғой деймісің. Әңгімелесеміз, отырамыз. Көрге кіргенше күлді көмеш боп көміліп
үйде отыра бер демекпісің, о несі-ей түге! Сәрсенкүлдің оянатын көзі боп қалды
дейді ғой маған барып, жыласа жұбатып ал өзің. Бір емес, бес баланы қабақ
шытпай жүріп мен де өсіргем, енді рәтін көрмеймін бе?- деп есікті тарс жауып
шықтым да кеттім.

  Өлігің әдіре қалғырларды сүйтіп қоймасаң да
болмайды.Бес бала есіріп, бес келін түсіріп, отырсам сол жаялық жуып. Керегі не
маған ол күшіктердің, өсірсін өздері. Олар маған рақат керсетіп, басыма кек тас
қояр деймісің бір".

-        Әй, Қатира, тәубә деп сейле, тәубә деп,-
деді үй иесі Қалампыр.- Немерең болмаса неменең қадірлі сенің."Құдайдың
берем десе баласы жоқ па, жіберем десе бәлесі жоқ па"
деген, алла кәріне алып жүрсе қайтесің.

-        Қойшы, қайдағыны айтпай. Астапыралла,
кешіре гөр асылық сөйлесем!.. Бе-еу,  Қалампыр
, соны шын айтып отыр дейсің бе мені бір. Кемпір болып, үй бағып отырған соң
кейде ұрысамыз, кеиміз әйтеуір. Бағана "Сәрсенкүлің құрысын" деп
ашуланып шығып кетсем де жол-женекей ойымнан кетпей, көкейімде түйіткіл боп тұрып
алғаны. Кешір, кешіре гөр құдай! Бәрі де сол жаман немелердің арқасы емес пе,-
деп әлгінде ғана жібіместей боп
қатып отырған Қатира суға түскен кесектей езіліп, көзіне жас алып шыға келді.

  От басында отырып осылайша сырласу, күрең
шайды ұрттай түсіп мәслихатттасу кемпірлердің сүйікті сәттері-ау!

  Үй іштерімен қанша ренжіссе де, қапаланса да,
қуанса да, бәрі-бәрі солардың арқасы екенін айтып, алдымен елге,сонан соң
балаларына тыныштық, амандық тілеп, түске жақын орындарынан
тұрады.Бұлардан шыққан соң немересін жетектеп Қалампыр әжей де үйіне
аяңдайды. Алғашқы сәтте жүрегінің терең түкпірінен белгісіз бір мұң мен жапа
бас көтергендей бойын кеңілсіздік билейді. Бұл сөзім өз үйлеріне келіп,құлыптаулы
есік алдында иелерін күтіп жатқан қара күшікті кергенде бұрынғысынан үдей
түсетін сияқты.

  Әсіресе, түн ортасы әлдеқашан ауып, маңайды
елі тыныштық басқанда кәрі сүйектен ұйқы қашып қай-қайдағыны ойлайды.
"Өзекті жанда елім бар, бір күні көз жұма кетсем мына жалғызымның күні не
болмақ?" дегенде көкірегі өксікке толып көз кәбесіне ыстық жас көлкілдеп шыға
келеді. "Қазір алсаң да жас кетіп бара жатырмын демес ем, бірақ, мына қарғам
оң-солын танығанша қарайлай тұр, жасаған" деп немересі үшін өзіне өмір тілейді. Өстіп
жатып, әлгіндегі өзі сияқты кемпірлердің тасып-шалқып сөйлеген сөздерін, оларға
сапырылысып келіп-кетіп жататын кісілерді еске алады. Сол сәтте жүрегіне
белгісіз бір қызғаныш сезімі ұялағандай, "бізге неге ешкім келмейді?
Қашанғы бір үйдің қонағы боламыз,неге қонақ қабылдап, көңіл жадыратпаймыз. Ағайын
деген қайда, өзгелердікі сияқты неге араласып жатпайды шіркіндер. Әлде,
әбіржітпейік деп аяй ма екен?- деп өз-өзінен таңданады.- Әлде, пейілім тарылып
бара ма?Құдай сақтасын, мына немеремнің бір күнгі қуанышынан садаға бәрі
де!"

 Көзі ілініп кеткен екен. Әлдекімнің терезені
асығыс тақьмдатқанынан оянды.

-        Бұ қайсың?

-        Әй, Қалампыр, сүйінші, сүйінші!- деді
сырттағы дауыс. Оньщ бағанағы Қатира екенін бірден таныды.

-        Сүйіншің қойнында. Не болды?

-        Жайбасардың әйелі ұл туды!

-        Ой айналайын-ай-ә! Аман-есен босанған
екен ғой.Ойбай-ау, кірсеңші үйге, нағып тұрсың, есік ілінбеген.

-        Жоқ, мен кетейін. Енесі сырқат қой, тез
бармасам болмас. Кіндігін кесіп бола салып, сені қуантқалы осылай қарай
жүгірдім. Ал, тез киініп келерсің. Сүйіншіңді ұмытпа-ай кемпір.
Кейін, ана Тұрлыбегің үйленгенде көрімдік етіп қайтарамын.

  Қалампырдың жүрегі лүп ете қалды. "Құдай
тілеуіңді бергір Қатира,- деді ішінен асығыс киініп жатып.- Ақ тілеуіңді
періште әумиін десін. Бала-шағаңның игілігін көргірдің ниеті
қандай түзу еді!"

 Ол немересін ұйқылы-ояу көтеріп алды да,
есігін де жаппастан сүріне-қабына ауыл ортасындағы келіні босанған үйге қарай
асығыс жүріп кетті.

 Жайбасар - осы ауылдагы трәктірші жігіт. Үйленгеніне
он төрт жыл болса да келіншегі құрсақ көтермеген.Енесінің келінін апармаған
тәуібі, түнетпеген мазары жоқ.Арыстанбап пен Түркістанға талай барып, талай
келді.Қаратпаған білгір дәрігер де қалмады.Алладан да, адамнан да үміт үзіп отырған
шақта келіні жерік болды.Содан бастап шағын ауылдың аузында Жайбасардың әйелі.

  Құдай тілеуін беріп, өшкен үмітін қайта
жаққан екен бейшараның.Бір атадан қалған жалғыз тұяқ еді, көп әулие-әнбиелердің
бір шапағаты тиген ғой" деп әркім әрқалай қуаныш білдіруде.Жайбасардың
үйіне келгенде жиналған жұрт нәрестеге ит көйлек кигізіп те қойыпты. Ол
немересін оңаша үйге жатқызып кеп, шаршыға түйген бір уыс күміс ақшасын
абыр-сабыр боп жатқан жұрттың үстіне шашып жіберді де:

-        Әй, Қатира, сүйіншің мынау болсын. Аяқ
астында бұдан өзгенің реті келмеді,- деп оның басына шәлі орамал жауып, қолына
сусылдаған тігулі жібек көйлек ұстатты.

-        Озды, озды мына Қалампыр бәріңнен!- деп Қатира
кемпір өз келіні босанғандай көңілдене, саңқылдай сөйлеп жүр.

  Қалампыр төсек тартып жатқан Сырғакүлдің
қасына келді.

-        Келінің босанып, немерелі болғанда бұл
жатысың қай жатыс,- деді құрдасын көңілдендірмек боп.- Мейлі,не болса да
немереңді көрдің. Құтты болсын! Бәсіресіне көгендегі
саулығымды атадым.

-        Алланың рақымы жауған саған, Қалампыр! Құдайдың
көрсеткеніне құлдық. Енді өлсем де арманым жоқ.-Биік жастықта шалқалап жатқан
Сырғакүлдің көзінен аққан ыстық жас жастығын жуып кетті.

  Үй толы кемпір. У-шу, абыр-сабыр.Екі-үш күн
өткен соң Сырғакүл үйінің қуанышы да саябырсып,
кемпірлер өмірі қайтадан қалпына келе бастады. Осы қуаныштан кейін Қалампыр
көңіліне қаяу салып кеткен кішкене бір оқиға болды. Олар Сырғакүлдің үйінен келіп,
төсек салып жатып қалған еді. Сәлден соң немересі.

-        Әже,- деді.

-        Әу, құлыным?

-        Сырттан неге үрмейді?

-        Ұйықтап қалған шығар.

-        Иттер де ұйқтай ма?

-        Ұйқтайды.

-        Біз оған тамақ бермедік қой.

 Қалампырдың ойына күшіктің кешелі бері аш
екені түсті.

-        Әлдә байғұс-ай-ә. Ауыз тамдағы тостақта
сүт тұр еді, құйып келе ғойшы.

Тұрлыбек далаға
шығып, күшігін дауыстап шақырды.Жоқ.

-        Сырттан, Сырттан, мә-мә!

Күшіктің сыбысы
білінбейді.

  Шынымен ұйқтап жатқан шығар деп ұясын көрді,
мал қораны қарады. Ізім-қадым, Ол там айналып, үйге қайта кіргелі бұрыла бергенде
қара көлеңке бұрышта күшігінің серейіп еліп
жатқанын көрді де "әже!" деп айғайлап жіберді. Әжесі далаға атып шығып,
немересін көтеріп алды да:

-        Не боп қалды! Далаға жалғыз шықпа дедім
ғой саған!- деп оның таңдайын басты.

-        Әже... Сырттан... өліп қапты.

-        Әу, шыбыным.

-        Енді... енді ешқайда кетпейікші-а?

-        Мақұл күнім, мақұл.

-        Әже,- деді сәлден соң тағы да.

-        Не жарығым?

-        Біздің үйге нағып ешкім келмейді?

-        Ұйқтай ғой қарағым, ұйқтай ғой. Кейін
бәрі де келеді.

  Қалампыр таң аппақ атқанша көз ілмеді.Осы бір
түннен бастап Қалампыр әжейдің көңілі шындап қамықты. Бірақ, немересіне сынық
жүзін көрсетпей,бұрынғысынша оны еркелетіп, ақ жарқын қөңіл танытуға тырысып
бақты. Қанша айтқанмен кең пейіл, келмесең өкпелей қалатын қонақжай ауыл
адамдары емес пе, немересін алдап-сулап, кемпірлермен бұрынғысынша әңгіме-дүкен
құрды, Зеркүлдің Түркістаннан есік ашып келген қызыны қоржынының аузын сөгуге
қатысты. У-шудың арасында жүріп, осындай қуаныш өз шаңырағының астында болуын
армандады, бірақ артынып-тартынып келе қоятын ет
туыстарының жоқ екені есіне түскенде байқатпай бір күрсініп алатын.Олар қандай
болса да әйтеуір бір қонақтың келуін тіледі. Ақыры бұл тілегі де орындалды-ау!

 Бір күні кешкілік есік алдындағы жаңа асыраған
сары күшік шәуілдеп қоя берді. "Бұл кім болды екен?" деп елең ете
түскен Қалампыр орнынан тұра бергенде "Кеш жарық!" деп бір еркек пен
бір әйел кіріп келді, тани кетті. Бұдан он жыл бұрын қайтыс болған нағашы апасының
қызының қызы екен.

-        Жасаған-ау, Дәметкенбісің! Сені де
көретін күн болады екен ғой шырағым-ау!- деп Қалампыр оны құшақтай алды.

-        Қойыңыз әже, жылағаныңыз қалай бұл!

-        Қайтейін... қайтейін енді қарағым,- деді
ол кемсеңдеп.-Өздеріңше соқпай кеткендерің не? Тым-тырыссыңдар бәрің. Өзім
барып келе қояйын десем, әуселем мынау, ошақтың үш
бұты алты айшылық жол. Ой, қарақ қанәм, келші, бетіңнен тағы сүйейінші. Аумаған
шешесі бопты да қапты. Ойбай-ау, күйеу баламен амандаспаппын ғой, е-е, бұл
кәрі адамдарды қойсайшы. Аманбысың қалқам-ау?

-        Шүкір шеше, аманшылық.

-        Қане, шешініңдер, төрлетіңдер. Үй де
айра-жайра.Мына Тұрлыбек келіншек әкелгенде болмаса, бұл үйдің шашылғаны шашылған.

  Ол төрге ұзынша көрпе салып, екі жастық
тастады.

-        Иә,
ауыл-аймақ, мал-жан аман ба?

-        Аманшылық. Көз
көргендердін бәрі сізге сәлем айтып
жатыр.

-        Сәлемат
болсын. Ата-енең қуатты ма?

-        Бір күн ауру,
бір күн сау, жүріп жатыр ғой әйтеуір.

-        Е-е, кәрі адам
онсыз бола ма? Ай, Тұрлыбек,состиып сен неге тұрсың-ай,- деді Қалампыр
немересіне қарап.- Айтып қоймайтын
Сайрамдағы әпкең келді ғой сенің. Кел, амандас былай.

-        Ойбай-ау,
мынау Тұрлыбек пе?- деді Дәметкен.-Мен басқа бала шығар деп тұрсам... ту-у, қандай дәу жігіт боп кеткен өзі! Кел, келе ғой маған. Ой
айналайын жігіт болғанынан.

  Дәметкен қолынан тартып, Тұрлыбекті
алдына отырғызып, бетінен сүйді.

-        Ойбай-ау, мен
неғып отырмын. Тұрлыбекжан-ай,Сырғакүл
мен Қатираға барып келші. Сайрамнан сіңілісі келді де, бәрін ертіп келсін. Мен ас қамына кірісейін.

-        Әбіржіп
қайтесіз әже, тамақты өзіміз-ақ жасап ішеміз
ғой.

-        Жоқ ойбай.
Сендерге тамақ істетіп... Қазір, қазір Қалампыр сыртқа шығып көрші үйге
айғайлады.

-        Ай, Ербосын,
үйдемісің?

Далаға әйелі шықты.

-        Келін, Ербосын
үйде ме?

-        Суға кеткен.

-        Неғыл дейді!
Сен не бітіріп жүрсің?

-        Тамақ пісіріп
жатырмын.

-        Тамағыңды қоя тұр. Біздікінен іше
саларсыңдар.Ербосын келсе бізге кеп ана қойды сойып берсінші. Сайрамдағы
сіңілім келді, сіңілім!..

-        Мақұл ене.

Дәметкен мен күйеуі мал сойдырмаймыз деп қанша қарсыласқанмен ештеңе өнбеді.

-        Қой айналайын,
олай демеңдер. Сендерден мен немді
аяйын. Мал басқа бітеді. Тұрлыбекжан аман болсын.Көгенде жалғыз шыбыш қалды.

-        Бас-аяғы бір сағаттың ішінде мал сойылып,
кемпір-кешек жиналып та қалды. Көрші келіндер далаға лапылдата от жағып,
иісін бұрқырата бас-сирақ
үйтіп жатыр.

Қалампыр кемпірде сабыр жоқ.

-        Бұл ауылдың
келіндері қайда түге,- деп өктем сөйлеп
жүр.- Бір ұрттам су қалмапты
ғой, ішек-қарынды немен жумақ бұлар!
Ай, Қатира, қайда әлгі бес келінің, біреуін суға
жіберсеңші.

-        Өлігің әдірә
қалғыр әлгінде "қазір барамын ене" деп қалып еді ғой, күйбіңдеп шыға алмай жүрген шығар.Шелегің қайда, мен-ақ әкеле салайын,
солардан өзіміз жылдамбыз осы. Қалампыр әлі сөйлеп жүр.

-        Сырғакүл әлі келмеген бе?-- деп
дауыстап қояды.- Оған енді күйме
жібереміз бе? Үйіне кісі келсе жетіп
барамыз ғой осы. Әй, барып шақырып келе қойыңдаршы,-
деп ойнап жүрген үш-төрт балаға
қарады.

-        Тұрлыбек
шықсыншы, бірге барайық.

-"Тұйлыбек
шықсыншы, Тұйлыбек шықсыншы".Кімнің баласы мынау?
Ол әпкесінің қасында отыр. Өй,әптің құрғыр, бар, өздерің барып келіңдер!

Үш-төрт бала дүркіреп ала жөнелді.Енді бірер сағаттан соң шағын ауылдың кемпір-кешектері түгел жиналып, екі бөлмеге сығылыса жайғасты.Қазан-ошақтың басына келген Қалампыр:

-        Келіндер-ау,
Сырғакүл бүгін Арысқа кетіп
қалған екен, сыбағасын
алып қоя салыңдаршы, өкпелеп
жүрер,-деді бетінің терін сүртіп. Үй ішінде тойдағыдай
у-шу, шадыман күлкі.