ВЕРНУТЬСЯ

1954 жылы тамыз айының 29-ы күні Гурьев облысындағы (Қазіргі Маңғыстау) Маңғыстау ауданының Тұщықұдык сслосынан почта таситын Қосым шалдың түйесіне мінгесіп, сол кездегі аудан орталығы Таушық поселкісіне бет алып жолға шықтым. Шешем аурулы, күйіміз шамалы, жолға азыққа бір табан нан пісіріп берген. Ол кезде аудан бойынша орта мектеп біреу, ол — аудан орталығы Таушық поселкесінде, Шахта орта мектебі деп аталады. Менің интернатқа орналасып, 8 класқа оқу үшін келе жатқан бетім.Қосым ақсақалдың почта таситын көлігі күйсіздеу, қатты жүруге жарамайды, жайлап аяндап жүреді. Ара-арасында мені түсіріп жетектетіп алады. Жолға бір түнеп, 30 тамыз күні сәскеде Таушыққа да жеттік-ау. Қолымда жіппен ортасынан таңылған, тозығы жетіңкіреген чемоданым бар, түйеден түскесін кідірместен мектепке келдім. Келсем, мектептің ауласының іші толы бала, олар интернатқа орналасуды сұрап, арыз жинап жатыр екен, мен де арызымды жазып, соларға қосып жібердім. Арыздарымызды жинап алғаннан кейін: "Сағат төртте осы жерге жиналыңыздар, интернатқа қабылданатындардың тізімі оқылады", — деп бізді таратты. Менің жақын жерде бара қоятын үйім де жоқ еді, сағат 4-ке дейін интернаттың көлеңкесінде аялдай тұруға тура келді. Интернат мектептің қарсысында орналасқан, екеуінің арасы тас қоршаумен қосылған, ортасы -үлкен алаң. Чемоданымды астыма қойып отырдым, қарным да сыздап ашып барады, кешегі ауылдан алып шыққан нанды Қосекең екеуміз жолда бөліп жеп алғанбыз. Сөйтіп отырғанымда, ұйыктап қалыппын, біреу келіп, "Әй, бала, неғып отырсың?" деп оятып жіберді. Мен: "Тұщықұдықтан оқуға келіп едім, сағат 4-ке жинақталындар деген, соны күтіп отырмын", — дедім. "Онда сағат төрт болды, жинал деген жеріне бара ғой" деді ол.Аулаға кірсем, тағы да балалар жиналып, күтіп тұр екен. Көп ұзамай, екі адам келіп, интернатқа алынатындардың тізімін оқыды, менің аты-жөнім ол тізімде жоқ болып шықты. Сірә, аталмай қалған жалғыз мен болмасам керек, "Біздер тізімде неге жоқпыз?" деген дауыстар ду ете түсті. Тізімді оқыған адам "Әуелі жетім балалар алынады, содан кейін жартылай жетім балалар қабылданады, содан соң орын болса, - басқа балаларды қабылдаймыз" деді. Әлден соң, ол: "Қазір кімнің қай класта оқитыны туралы тізімдері оқылады, тізім оқылып болған соң, шуламай, әркім өз кластарына барып отырсын, интернатқа алынбағандардың жайы сол жерде шешіледі" деді. Менің атағым 8 "А" класында оқитындардың ішінде аталды. Класқа кірсем, алдыңғы екі партадан баска орындарды балалар иеленіп қалыпты, амалсыздан алдыңғы партаға отыруға тура келді. Чемоданымды бұрышқа апарып қойдым. Мен отыра бергенімде, қолында менікінен айырмасы шамалы, ол да жіппен буылған чемоданы бар, киімі де менікі сияқты жұпыны, бұйра шаш, дүрдік ерін қара бала кіріп, чемоданын менікінің қасына қойып, қасыма келіп отырды.Көп ұзамай, класқа қолында журналы бар, манағы үйықтап жатқанымда оятқан, атжақты, суық жүзді, бойы ортадан жоғары қара кісі кіріп келді. Жапырлап орнымыздан тұрдық. "Отырыңыздар!" деді де өз орнына жайғасып болған соң: "Менің аты-жөнім — Шоңқалов Торғай деген болады, математика пәнінің оқытушысымын, осы кластың жетекшісімін және интернаттың тәрбиешісімін" деп таныстырды. Содан кейін алфавит бойынша балалардың аты-жөнін, қай жерден келгенін түгелдей журналға және дәптеріне де жазып отырды. Сол кезде класқа рұқсат сұрап, тағы бір қыз бала оқушы келді, артқы парталардың біріне барып орналасса керек. Бір оқушы жаңағы келген қызға "Сыбай болдық, сыбайлас бұрыштардың ережесін сақтайық" демесі барма. Солай деуі мұң екен, "Сенің аты-жөнің кім еді, кәне, сыбайлас бұрыштар жөнінде білетініңді айтшы!" деп, Төкең баланы орнынан тұрғызды. Бала жауап беріп жарытпады, "Ұмытып қалдым" десе керек. Сонан соң мұғалім:— Ал, кәне сыбайлас бұрыштар жөнінде кім айтады? — деп, класқа көз жүгіртті. Мен де "Интернатқа алынбайтын болдым-ау" деген уайым, сірә, бар, сосын "Себептігі тиетін болар" деген оймен сыбайлас бұрыштардың тендігін анықтайтын теоремасы мен дәлелдемесінен ойымда бар нәрсені айтып бермек болып, "Мен айтамын" деп қол көтердім. Қарасам, қасымдағы бұйра бас та қол көтеріп отыр екен.Ал, кәне, тыңдайық, сенің атың кім еді? — деді оқытушы. Мен аты-жөнімді айттым да тақтаға шығып, бор іздеп едім, "Ауызша айта бер, түсінемін" деді оқытушы. Мен өзім білетінімді айта бастадым, аз уақыттан кейін ол "Кідіре түр" деді де, "Кәне, сен жалғастыр" деп бұйра бас қара баланы тұрғызды. Аты-жөнін сұрады. "Кекілбаев Әбіш" деп жауап берді. Маған оқытушы "Отыр" деді де, "Ал, онда, Кекілбаев, сен жалғастыр!" деді. Әбіш айтып болған соң, орнына отыруға рұқсат етті. Содан соң журналды қолына алып, үйден оқитын балаларды бір-бірден тұрғызып, аты-жөндерін, қай мектептен жетінші класты бітіргенін сұрады, содан соң интернатқа жататын балалардың тізімдерін жасады да, "Енді интернатқа орналаспаған, бүкіл жерде үйі жоқ балалар бар ма?" дегенде, мен, Әбіш және бір қыз қол көтердік. Біздің аты-жөнімізді жазып алды да, 'Үшеуіңіз қазір мүғалімдер бөлмесіне келіңдер!" деді. "Коридорда оқудың кестесі бар, соны жазып алыңдар, сабақ таңертеңгі 8-00-де басталады, кешікпеу керек, осымен бүгінгі сабақ аяқталды" деп таратты. Кластан шығып, коридордағы сабақтың кестесін көшіріп алып, Әбіш екеуміз оқытушылардың отыратын бөлмесіне барып, "Шоңқалов ағайдың шақыруымен келдік" деп едік, "Ол кісі директорда, қазір келеді" деді. Жарты сағаттай күтіп отырдық. Бір кезде ол келді де, менің қолыма тілдей кағазды ұстатты:— Шарипова деген интернатта тәрбиеші бар, соған апарып беріңдер, интернатқа орналастырады, — деді. Әбіш екеуміз қуанышымыз қойнымызға симай, интернатқа келіп, апайымызды тауып, директордың жазған тілдей қағазын беріп, сол қағаздың күшімен сол бойда интернатқа орналастық.Біз өзімізге бөлінген бөлмеге келсек, бізден бұрын екі бала орналасқан екен. Шұңқаров Өтелген, Әбдиев Амантай және екеумізбен төртеу болдық. Қазірде ортамызда Амантай жоқ, өмірден ертелеу кетіп қалды, Шұңкаров Өтелген — ғылым кандидаты, Актау университетінде кафедра басқарады.Келесі күні таңертең сабаққа келдік. Бірінші сабақ орыс тілі болды. Валентина Яковлевна Осташкова деген орыс қызы келіп, сабақ бастады. Әрқайсысымызды орындарымыздан тұрғызып, аты-жөндерімізді тіркеп, 1-2 минуттай сөзге тартты. Орнынан тұрып жауап берген балалардың орысшалары өзімнен асып бара жатпағасын, "қарар болдық-ау" деп отырғанмын. Кезек Әбішке келгенде орнынан тұрып, кідірместен өзін толық таныстырып, оқытушыдан өзін таныстыруды сұрады. Ол кезде Маңғыстау ауданында (ол кезде Гурьев облысы) орыстар атымен жоқ десем, өтірікші болмаспын. Форт-Шевченко қаласында ғана орыстар болды, ондағы мектепте оқыған балалар азды-көпті орысша білетін-ді.Менің орыс оқытушысын бірінші көріп тұрғаным. Мен Әбішке, оның орысша іркілмей сөйлейтініне қатты таң қалдым да, қызықтым да, қызғандым да. Міне, осылайша біздің таныстығымыз басталды. Көп ұзамай-ақ, Әбіштің барлық пәндерден жақсы білетінін, әсіресе, қазақ, орыс әдебиеттерін, тарих пәндерін сүйіп оқитынына көзіміз жетті. Әбіштен орысшаны қалай жақсы үйренгенін сұрағанымда, өткен жазда орыс тілді адамдардың арасында төрт айдай экспедицияда жұмыс істегенін, соңда бір шама үйреніп қалғанын, оның үстіне орыс әдебиеттерін де үзбей оқитынын айтты.Оқу басталып кетті, екеуміз үнемі кітапханаға барамыз. Әбіш сол кездің өзінде кітапханадағы классиктердің еңбектерін алып оқып, тауысты десек артық болмас. Мен де сол кезде 5 класымнан бастап әдеби кітаптарды кеп оқитын едім. Мұхтар Әуезовтың "Қараш-қараш", "Қилы заман", "Абай жолы" эпопеясының әуелгі екі кітабын, Сәбит Мұқановтың "Менің мектептерім","Ботагөз",Әбдіжәміл Нұрпейісовтің "Курляндиясын", Жюль Верннің таңғажайып қияли кітаптарын, Пушкиннің, Тургеневтың, Чеховтің қазақша аударылғандарын оқыған болатынмын. "Алпамыс", "Қобыланды", "Едіге", "Ер Тарғын", "Қамбар", "Карасай-Кази", т. б. дастандарды жатқа білетін едім. "Кербаланың соғысы", "Зарқұм", "Сал-сал", "Дариға қыз", "Ләйлі-Мәжнүн", "Мұңлық-Зарлық" дастандарын сол кезде жыр айтатын Тоқсанбай, Айтқұл, т.б. ақсақалдардан есітіп, сақтаған жайым бар. Маңғыстау облысындағы Сталин атындағы колхоздың Қарашағыр жеті жылдық мектебінің кітапханасындағы қазақ тілінде бар іске татыр төлтума және аударма кітаптарды тауысып оқып келген болатынмын. Сөйтіп, мен де өзімше "көп оқыдым-ау" дегендей дәрежеде жүргенмін.Әбішпен біріккен соң менің "көп оқыдым" деп жүргенім тек әшейін нәрсе болып шықты. Әр демалыс сайын Таушықтың орталық кітапханасына барып, алған кітаптарымызды тапсырып, жаңадан кітап аламыз. Әбіштің алып оқитын кітаптары — Хемингуэй, Моэм, Набоков, Джек Лондон, Киплинг, Иво Андрич, Колдуэм, Чехов, Мамин-Сибиряк, Ги де Мопассан сияқты атақтылардың еңбектері. Менің тісім бата қоймаган кітаптар. Әбішке еріп мен де аталған жазушылардың орысша жазылған кітаптарын оқиын десем, түсініп жарымайтындығымнан болар, ұйқым келе бастайды. Бір күні Әбіш маған Толстойдың "Кавказ әңгімелерін", "Казактар", "Крейцер сонатасы", "Иван Ильичтің өлімі", "Хажы-Мұрат" кітаптарының қазақшасын оқып шығуды, содан соң орысшасын оқуға ақыл берді. Толстойдың қазақшаға аударылғандарын, соңынан орысшасын оқып шыққанымда, орысша сайрап кетпегенмен, орыс тіліндегі кітаптардың мазмұнына лекер түсінетіндей болып қалдым. Соңынан Достоевскийдің "Өлі үйден шыққан жазбаларын", "Құмарпаз", Пастернактың "Доктор Живагасын", Кобо Абэнің "Құмдағы әйел", "Бөтеннің түрі" кітаптарының орысшасын оқып шыққанымда, Әбішім қатты қуанды. "Сен енді менсіз де классиктердің орысшаға аударылған еңбектерін оқып түсіне бастадың, осыныңнан жазбасаң, осы оқу жылының аяғына дейін орысшаға судай боласың!" дегені әлі есімде.Бірде Әбіштің Стефан Цвейг жазған, ұмытпасам, "Бальзак" атты кітапты оқып отырып, "Кейбір жерлері орысшаға дұрыс аударылмапты, былай деп жазғанда, дұрыс болатын еді" деген сөздері есімде қалыпты.Мен Әбіштің әдебиетке деген құмарлығына, оның терең біліміне, ойшылдығына, сол кездегі адамгершілік қасиетіне таң қалатын едім. "Біздің заманымыздың Аристотелі осы шығар" деген ойда болатынмын.Қырқүйек айының орта кезеңінде окушылардың жалпы жиналысы болды. Жиналыста оқушылар комитетінің төрағалығына Әбіш сайланды, мен дружина кеңесінің төрағалығына бекітілдім, сонда қабырға газетінің редколлегиясы белгілеңді. Редактор болып Т.Көшеков сайланды, мүшелеріне И.Сейітов, А.Әбдіров, Ә.Кекілбаев, Б.Төлеуғалиев енгізілді. Интернат кеңесінің төрағалығына Т.Ерғалиев, комсомол ұйымының хатшылығына Б.Озғанбаев сайланды.Ерғалиев Тілекбай, Көшеков Төлесін, Әбдіров Асан, Озганбаев Бегалылар жоғарғы кластың оқушылары болатын, Осылайша оқушылар арасындағы қоғамдық жұмысқа қызу араласып кеттік. Оку жылының ортасы болды. Оқушылар қысқы демалысқа шықты. Күйсіздеу балаларға интернатта қала берулеріне рұқсат етілді. Олар интернаттың жеңіл-желпі жөндеу жұмыстарын атқаруға тиісті болатын. Мен ауылға бармай, солардың қатарында интернатта қалдым. Әбіш те ауылына бармай қалды. Оның негізгі себебі, сірә, кітапханадағы кітаптардың оқылып таусыла қоймағандығынан болар деп ойлаймын. Осылайша оқу жылы да аяқталды, табылған көлікпен ауылдарымызға аттандық.Келесі 1955-56 оқу жылында Таушыққа қайта келдік. Былтырғыдай емес, биыл Әбіш екеумізді интернатқа бірінші кезекте қабылдады. Менің жағдайым тым ауырлау болатын. Бұрын айтқанымдай, жәрдемақы күнелтісімізге жетіңкіремейді. Бізге көмектесіп келе жатқан нағашы әкеміз — Мәтен деген ақсақал, оның зайыбы, екеуі де сол жылы қайтыс болды. Біздің үйміздің іші және нағашымыздың отбасыларының күнелтісі шешемнің інісі Мағзамның мойнына қалды. Осындай жағдайға байланысты нағашы ағамыз сол кезде Таушықтан ашылып жатқан шоферлік курсқа түсіп оқығанымды қолайлады. Амал жоқ, келісуге тура келді.Ол кезде Тұщықұдық селолық кеңесінің хатшысы Найзабеков Мұңал деген азамат еді. Сол кісі жасы 18-де деген анықтама беріп, колхоздың қаржысын шоферлік курстың есебіне аударып та қойған болатын.Мен интернатқа орналасып алғасын, 7 шахтадан ашылған шоферлік курсқа таңсәріден кетіп, түс кайтағы сабаққа мектепке келіп түрдым. Кейде интернаттың түскі тамағына үлгермей, тікелей сабаққа келетінмін. Мұндай жағдайымды тек қана Әбіш біледі, басқа бірде-бір адам білген жоқ.Бір күні таңертең ерте қүндегіше интернат ауласына шыға бергенімде, класс жетекшіміз және интернат тәрбиешісі болып қызмет атқаратын Шоңқалов Торғай ағайымыз мені кідіртті де: "Сен үнемі сарыала таңнан қайда барып жүрсің, мен көптен көріп жүрмін, шынынды айт?!" демесі барма. Менің ол кісіге өтірік айтуға шамам келмеді, басымдағы жағдайларымды толық айтып бердім. "Ие, солай де, Төлеуғалиев, бұнынды менен басқа кімдер біледі?" - деді ол. Мен ешкім де білмейтінін айттым. "Олай болса, бұл жайыңды маған айттым деп ешкімге айтпа, бастапсың ғой, аяқта, бірақ, өзіңе қиын болатын шығар" деді де жүре берді. Мен екі оқуды да жалғастыра бердім. "Менің шоферлік курсты қосып оқып жүргенімді Әбіш балаларға айтып қоя ма?" деген іштей күдігімнің қате екенін артынан ұқтым. Оның айтпағаны былай тұрсын, менің курска кеткен кездерімде, оқытушылар іздей қалғанда "кітапханаға кетті, почтаға кетті, ауруханаға кетті" деп іздеушілерді шығарып салып отырғандығын соңынан білдім.Сонымен, 1956 жылдың қаңтар айы болу керек, Әбіш екеумізге қоштасуға тура келді. Себебі, ол өзінің аулынан ашылған Ленин атындағы орта мектепке оқитын болды. Ол кездерде мен де шоферлік курсты аяқтауға жақын едім. Қаңтар айының аяғында бітіріп, шоферлық правоны алдым.Әбіштің кетерінде маған: "Шоферлікті бітіргенмен, оқуды тастама, мектепті бітіруімізге аз қалды, жазғы каникулда жұмыс істеп, ақша табармыз, Алматыға университетке бірге кетерміз" деп қайта-қайта айтқаны әлі есімде. Солай дегенмен, өмір өз дегенін істеді. Мен сол жылы интернатта жатып, 9 класты бітірдім де ауылға барып, колхоздың жұмысына кірісіп кеттім. Кейіннен барып, Шоңқаловтың көмегімен 10 кластың емтихандарын сырттай оқитын оқушылардың сынында тапсырып, оқуды толық бітірдім.1957 жылдың жазында Мәскеуде жастардың дүние жүзілік фестивалі өтті. Соған орай ауылдарда, аудандарда дайыңдықтар өткізіліп, облысқа адамдар іріктелінді. Маңғыстау ауданынан облысқа баратын өнерпаздар арасында мен де болдым, Әбіш те қатынасты. Әбіш өзінің шығарған өлендерін оқитын, мен Шона Смаханұлының сын тақырыптарындағы көркем сөздерін оқыдым. Сондағы бір жағдай әлі есімде. Атыраудың (ол кезде Гурьев) үшінші ауданының асханасында біздерді тамақтандырған. Асханада шыбынның көптігінен тамағымызды дұрыс іше алмағанбыз. Кешке концерт қойғанымызда, Әбіш асханадағы тазалықтың нашарлығын сынап, "Шыбын тамақ ішкізбейді" деген алты шумақтан тұратын сол күні шығарылған сатиралық өлеңін оқып шығып, залдағы отырған көрермендср ұзақ қол соғып еді. Қатысып отырған облыстың басшыларына ұнамағандығын артынан білдік.Әбіш сол жылы Қазақ мемлекеттік университетінің тіл-әдебиет факультетіне түсіп, оқып кетті. Менің Әбішпен бірге университетке түсіп окимын деген арманым орындалмағанмен Гурьевтің ауылшаруашылық техникумына түсіп бітіріп шықтым. Одан кейін Мәскеудегі Бүкілодақтық кәсіподақтардың жоғарғы мектебінің экономика факультетін бітірдім. Совхоздарда бас инженер, партия комитетінің хатшысы, аудан партия комитетінің бөлім бастығы, совхоз директоры болып қызмет атқардым. Қазір де ауылшаруашылығы кәсіподақтарының облыстық көмитетінің төрағалығы қызметіндемін. Балаларым ер жетті, бәрі де жоғары білімді мамандар. Немерелерім бар, Құдайға өкпем жоқ. Қазірде "Маңғыстаумұнайгаз" мекемесінің жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде кызмет атқарамын.Әбіш 1960 жылдардан бастап тынымсыз еңбек етіп, талантын әр қырынан таныта білді. Өлендер жинағынан басқа повесть, әңгімелердің, сыни еңбектердің бірнеше кітаптарын шығарды. "Аңыздың ақыры", "Үркер", "Елең-алаң" аталатын романдар жазды. Г.Мопассаның "Омір", "Пьер мен Жан" романдарын, Л. Толстойдың "Соғыс пен бейбітшілік" романының тарауларын, шетел авторларының әлденеше пьесаларын, әңгімелерін қазақ тіліне аударды.Москваның "Молодая гвардия" баспасынан шыққан Әбіш Кекілбаевтың "Дала балладалары" (1975 ) кітабына алғы сөзіңде Әбдіжәміл Нұрпейісов "Ол өзінің шығармаларында атақты тарихи оқиғалар есімін саудаға салмайды. Ол өзінің халқының өткен тұрмысын әспеттеу немесе мансұқ ету секілді мінезден де аулақ. Адам өмірінің әлеуметтік сыр-сипатын философиялық, психологиялық тұрғыдан терең көрсету бұл повестердің шыншылдық қасиетін ерекше көрсете түскен" деп тұжырымдайды."Куй" повесі ГДР-дің "Фольк унд вельт" баспасында екі рет қайта басылып шықты. Белгілі неміс сыншысы Герберт Кремпиен осы повестке "Адайлар мен түркімендер арасында жүздеген жылдарға созылған алауыздықтан хабардар ететін осы оқиғалар "көшпенді халықтарда бұрын тарих болмады" деген кауесетті жоққа шығарады, мұндай қауесет бұрын қазақтарға да таңылып келген еді... Сонымен қатар, Орта Азия даласында өткен кішігірім қақтығысты суреттеу арқылы да үлкен қоғамдық мәні бар гуманистік хикая жасауға болатынын дәләлдеді. Қазақ жазушысы Әбіш Кекілбаев ертедегі ұлттық тарихқа үңілсе де, бүгінгі заманда, мысалы, Африка халықтары үшін айрықша мәні бар өте көкейтесті жайларды қозғайды" деп көрсеткен.Көпшілікке белгілі "Ханшадария хикаясы" повесінде әділет пен сүйіспеншілікке, адамгершілік пен қайырымдылыққа қарама-қарсы суреттелген, көпшілікті өлшеусіз қасірет-қайғыға, алапат ойран сұмдықтарға бастайтын шеті-шегі жоқ билік пен карақан басының қамын күйттеген сол билік иесінің ештен кеш болса да, райынан қайту кезеңі, рухани қайыршылық көріністері жан-жақты сипатталған. Бұл повесть Шыңғыс хан туралы көне аңызға құрылған болатын.Ал, жазушының "Шыңырау", "Бәсеке" атты повестсрі, ондағы оқиғалар біздің заманымыздағы әлеуметтік ой-пікірлер жағынан қозғау салады. Ауылдағы қарапайым оқиғаларды шебер суреттеп, қазіргі заманның қажетіне асарлық, адамшылық-этикалық тұрғыдан ойлар туғызады.Әбіштің тарихи балладалар циклі "Аңыздың ақыры" романында өзінің толық көркемдік шешімін тапқан. Бұл тұрғыда Шыңғыс Айтматов: "Дарынды қазақ жазушысы Әбіш Кекілбаев мифологиялык системалар мен структураларды игеру арқылы өткен мен бүгіннің маңызды мәселелерін қозғай білген. Бұл кітап - ойшылдықтың сатысынан қарағанда да, аңыз әңгімелер мен бүгінгі күндер тәжірибссінің қорытпасы. Кекілбаевтың таланты, менің пікірімше, бүл шығармалардың мазмұнын ғана байытып қоймай, оның көркемдік қасиетін де арттыра түскен" деп өз пікірін ашық білдірген болатын."Бір шоқ жиде", "Автомобиль", "Құс қанаты", "Шеткері үй" повестерінің кейіпкерлері Әбіш балладаларында кездесетін қаһарлы қаныпезер емес, билік тізгінін ұстамаған қарапайым қатардағы адамдардың қазіргі кезеңдегі өмірлерін нақтылап көрсеткен. Бұл тұрғысындағы А. Буниннің жазған пікірінде "Кім жөніңде айтсақ та, бәрібір емеспе? Жер бетіндегі әрбір жұмыр басты пенде жайында Ә. Кекілбаевша жаза алсақ, өте дұрыс болар еді" деген еді.Әбіш 1978 жылы бастап, 1983 жылы аяқтаған "Үркер", "Елең-алаң" романдары үшін 1986 жылы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыкқа ие бодды. Сөйтіп, шығармашылық жолындағы өзінің құрметтелген биігіне шықты.Әбіш өндірістік жұмыстарды атқару кезінде де тынымсыз қызмет жасайды екен, оған бір мысал айта кетейін.1985 жылы шілде айының іші болуы керек. Алматыға самолетпен түскен бойда Әбіштікіне келдім. Үйге келсем, Клара (Әбіштің жолдасы) Әбішке телефон соғып, үйге менің келгенімді хабарлаған болуы керек, "Сені Әбіш телефонға шақырып жатыр" деді. Телефонмен елдің амандығын сұрасқаннан кейін "Мен үйге бүгін бара алмаймын, осында түнеймін, үйге ертең кешке барамын, сен ертең жиналысыңнан шыққан соң, үйге кел, қонақүй дегенді қой, бүгін Клара, сірә, өзіңе тиді ғой" деп әзілге айналдыра бастады. Мен әзіл әңгімесін бөліп, үйге бара алмаймын дегеннің мәнісін сұрадым. Ол кезде Әбіш Мәдениет министрінің өндірістік жағынан орынбасары болып жасайтын. Қазір есімде жоқ, бір үлкен мәдени объектінің құрылысы салынып жатса керек, "Сол құрылыстың бір маңызды бөлігін бүгін түнгі ауысымдағылар аяқтайды, соның қасында болмасам болмайды" — деді. "Онда өзіңе дем алатын орын бар ма?" -деп сұрасам, "Прорабтардың кереуеті қойылған бір болме бар, сонда көз шырымын алуға болады" деп қарап тұр. Әбіштің тікелей өндіріс басқарғандағы ынтасын көріп, сонда таң калғанмын.Әбіштің еңбегі Одақ кезінде де, қазірде де бағаланбай калған жоқ. Әдебиетке сіңірген еңбегі ескеріліп, 1982 жылы КСРО-ның "Құрмет белгісі" орденімен марапатталды, 1987 жылы "Қазақстанның Халық жазушысы" атағы берілді, 1995 жылы "Кырғызстан Республикасының еңбегі сіңірген мәдени сңбеккері" деген атаққа ие болса, сол жылы Президенттің "Бейбітшілік пен рухани татулық" сыйлығын да алды."XX ғасырдың таңдаулы жазушылары" атты халықаралық әдеби-анықтамалық басылымға (проспект) Кеңестік Шығыстан Шыңғыс Айтматов, Әбіш Кекілбаев, Расул Ғамзатов есімдері енгізілді.Осы әңгімеге орай, бір штрих ойыма түсіп отыр, айта кетейін. 1970 жылдың жаз айларының бірінде Москвада, ВДНХ-да, Олжас ағамызбен кездесіп қалдым. Ол кісі бүгін Алматыға жүріп кететінін, "Россия" қонақ үйінде Әбіштердің бар екендігін, қай жерде жатқанын айтты. Мен ертесіне таңертең "Россия" қонақүйінің батысынан кіретін жағынан көтеріліп, 7-ші қабаттағы айтқан бөлмеге келсем, есік жартылай ашық тұр екен, рұқсат сұрап ішке кірдім. Ортадағы бөлмеде екі адам шай ішіп отыр екен, Шыңғыс ағамызды таныдым, қасында ақ шашты, орақ мұрынды қара кісі отыр екен. Мен сәлем беріп, аты-жөнімді айтып, қолдасып амандасып: "Әбіш бар дегесін келіп едім" — дедім. Менің Шыңғыс ағамызды үшінші рет көруім. Бірінде Алматыда, Әбіш "Қонақүйде Шыңғыс Айтматов жатыр" дегесін еріп барғанмын. Әбіш сонда мені таныстырып, бір күлкілі әңгімені айтқан, ол сол күні кеште Әбіштікінде қонақта болған еді. "Әбіш түнде Алматыға ұшып кетті" деді де, "Ә, сен Бектұр екенсің ғой", — деп сол әңгімені айтып күлдіріп алды. Сол Әбіштің құрдасы — осы жігіт" деді де, маған карап: "Бектұр, мына кісі — Расул Ғамзатов деген ағаң" деп таныстырды. Шыңғыс ағамыздың қалжың әңгімесінен кейін мен де кішкене әңгімеге араласып, арасында "Шәке, біздің Әбіш қандай жазушы?" деп сүрап қалып едім, "Әбішке кімнің шәкі бар" деп қазақша жауап берді. Мен "шәкі бар" дегенді "тендесі" бар деп түсіндім.Расул Ғамзатов та "Әбіш — үлкен ойшыл жазушы" деп, сөз қыстырып жіберді. Мен сөйтіп екі ғұламаның Әбіш туралы айтқандарына көңілім көтеріліп шыққанмын.Әбіш Кеңес Одағының кезінде Павлодар облысынан депутаттыққа түсті. Ол кезде кімнің қай жерден депутаттыққа түсетінін Орталық партия Комитеті белгілейді. Павлодар облысының Баянауыл ауданында сайлаушылармен кездесу жиналысында бір үлкен ақсақал кісі "Жігітім, бұл - Қаныш Сәтбаевтың туған жері, бірақ, ол да бүл жерде дауысқа түскен жоқ еді, сенің өзіңнің елің бар емес пе? Өз еліңнен неге түспедің?" - депті. Сонда Әбіш: Жүйріктігіңді сынағың келсе, жүйрік өсірген елге бар — құлын кезіңді көрген жоқпын деп, жалыңнан сипамай қалмас, жігіттігіңді сынағың келсе, азамат өсірген елге бар — атаңмен табақтас болмадым деп, сағынды сындырмас деп ойладым" деген көрінеді. Соңынан, Павлодардан Алматыға жүрер кезінде өзіне сұрақ қойған ақсақал бастаған бір топ қарт адамдар келіп, батасын беріп, "Текті адамның аузынан шығатын сөзді айттың, парасаттылығыңа көзіміз жетті, ойыңа алған шаруаңыз орындалар" деп, шығарып салыпты. Депутат болғаннан кейін Әбіш Павлодарлық сайлаушылардың талаптарын орындау жөнінде де көп қызметтер атқарды. Мысалы: Майқайың өндірістік орнын пайдалану мәселесін шешті, Сұлтанмахмұт Торайғыровқа Маңғыстау обылысынан құрылыс материалдары мен шеберлер апарып ескерткіш (мовзолей) тұрғызылды. Екібастұздың экологиялық жағдайы туралы арнайы үкімет шешімі алынды. Павлодар облысының Семеймен шектесетін аудан кеңшарлары ядролық жарылыстан зардап шеккендер қатарына жатқызуға ұсыныс жасады.Әбіш адамгершілік, азаматтық тұрғыдан да, жазушылық жағынан да, мемлекеттік қайраткерлік жолында абырой асқарында жүрген азамат. Әбіш үнемі еліміздің ауызбірлігін, татулығын берік ұстанатын, алауыздықтан туындап, тұтастық пен бірліктен айыратын келеңсіз жәйттармен үнемі күресіп жүрген қайраткер.Соңғы жылдардағы Әбіш тікелей айналысып отырған мемлекеттік саясаттағы "Тарихи зерде, ұлттық татулық жылы" (1997), "Тарих бірлігі мен Үлттық тарих жылы" (1998), "Ұрпақтар сабақтастығы жылы" (1999) деп аталып, оған деген шаралардың ұйымдастырылуына көп ұлтты Қазақстандағы барша халықтың үлес қосуы достық пен ауызбірліктің кепілі болып отырған жоқ па?Окушылар назарына ұсынылып отырған естелікте облыс, республика тұрғындарының ішіндегі белгілі азаматтардың Әбіш Кекілбайұлының 60 жасқа шығатынын ескеріп: "жақсы дос көрінесіңдер, білгендеріңді газетке берсейші, біздер де танысайық, түрлі шаралар ұйымдастыруға қажеттігі болар" — дегесін білгенімді қысқартып жазып отырмын.