ВЕРНУТЬСЯ

Таң шапағы жаңа білініп, қараңғылық ыдырай бергенде, бір топ суыт жүргінші аттарын ауыздыққа сүйеп келіп, өзбектерден шығатын керуен жолына жақын жердегі үлкен қаражалдың үстіне шығып, аттарының басын тежеді.Маңдайында алақандай төбелі бар қара арғымақ мінген, қапсағай бойлы, ат жақты, қызғылт түсті тайлықтың жүнінен екі бет етіп тоқыған шекпенін қаусырып қайыс белбеумен буынып, аяғына ұзын қонышты, былғарыдан тігілген саптама етік, басында желкілдеген ақ сеңсең бөрік киген осы топтың басшысы, түркіменнің атақты қарақшысы Таған-Дұрды алысқа сүзіле қарап:— Абдал, қарашы, тонау белестің үстінен не көрінеді? — деп сұрады.Қасында тұрған қара шұбар атты — мұның да басында сеңсең бөркі бар бұжыр бет қара кісі:— Иә, бірдеңе қозғалады, адам болсын, мал болсын, бір топ қара бар сияқты, — деді.Олай болса, аттарыңнан түсіп, айылдарыңызды қайта тартып алыңыздар. Қапталдағы қоласпен жақындап барып анықтармыз, — деп Таған-Дұрды өзі де атынан түсе бастады.Таған-Дұрды жасы отызды орталап қалған, осыдан он жыл бұрын әкесі Мәмедқұлдың жасағының ішінде болып, Адай ауылдарына тұтқиылдан шабуыл жасағанда тұңғыш рет кісі өлтіріп, адам қанын жүктегеннен бірталай елді тонап, талай керуенді олжалап, талай жазығы жоқ жандардың өмірін өз қолымен қиған қандықол қарақшының өзі болатын.Алғашқы өзі қатынасқан жорықта қолға түскен жесірлердің ішінде Сүйінқара батырдың екі қызы, Айсалқам мен Жансалқам да болатын. Он алты жастағы Жансалқамды Мәмбеткұл әкесі кіші әйелдікке алған. Енді жылға жетпейтін уақыттан кейін сол өгей шешесі Жансалқамның қолынан өлетінін Таған-Дұрды сол кезде білмеген еді.Биылғы жылдың қысы қар жаумай, қара қатқақ болып аяқталса, жазғытұрғы жауын бір тамбай жазға айқасып, куаңшылық басталды да кетті. Жер еміп, күнелтіс жасап отырған Бесқала елінің шаруасын куаңшылық шайқалтпай қойған жоқ. Ашаршылықтың болатынын алдын-ала сезген Бесқаланың қолы ұзын азаматтары өзбектегі жақын таныстарынан астық сатып алудың қамын ертерек ойлай бастады.Бесқала елінің жағдайын естіген Акбар саудагер, отыз атан-нарға ақталған жүгері, тары, тұқымдық бидай, т. б. заттар тиеп, Бұхарадан шыққанына жетінші күн болатын. Бүгін таң сыз бере керуенді жолға салған Акбардың есебі, кештетіп Дархан атаның жайлауында отырған елдерге жетіп қону болатын-ды. Керуеннің еңкеуден енді түсе берген кезі-тін, алдарынан самсап шыға келген аттылы топты көргенде Акбардың тұла бойы шымыр ете түсті. Таң алакеуімде жолды тосып тұрған топтың жәй жүргіншілер емес екенін бірден түсінді. Жұрт шұбырып жатқан ұлы керуен жолымен жүрмей Үргенішке жүргіншілер көп жүрмейтін, тіке жолмен жүргеніне қатты өкінді. Керуеннің алдыңда арқан бойы алда келе жатқан Акбар атының басын тежеп, олардан тірі құтыла алмайтыны ойына орала бергені сол еді, өз қолының тақымына қыстырған шолақ мылтықты қалай суырып алғанын өзі сезбей қалды. Керуеннің алды ошарылып іркіліп калды.Жақындап қалған аттылы топтың алдыңғы жағында келе жатқан шұбар атты сеңсең бөріктінің қолындағы алты атардың аузы өзіне тіктеле бастаған бойда, шолақ мылтықтың да даусы саңқ етті. Акбар қол мерген адам еді. Қолын көтерген бойда мылтық қоса атылатын және көздеген нысанаға дәл тиетін-ді. Бұл жолы да солай болды. Алты атар ұстаған қолы сылық түсіп, сенсең бөрікті шұбардың үстінен құлап бара жатты.Одан кейін болған жай кезді ашып жұмғанша аяқталды. Акбар атының басын кейін бұрам дегенше қара арғымақтының өзінің қасына қалай келгенін де, көз ілеспес жылдамдықпен Акбардың басын қылышпен қағып жіберіп допша домалатқанын да, керуеннің қалған алты адамының қарақшылардың қылышынан әп-сәтте қан-қасап болғанын да айтатын қалашылардың түйелерінен басқа тірі куә қалмаған еді.Қияқты мен Тұщықұдықтың арасында Сорқұдық, Ақшақұдық, Көңдіқұдық деген суы тұщы құдықтар бар. (Қазіргі Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданындағы жер-су аттары қазір де осылай аталады).Жарқұдық деп аталатын суды жылда Есіркеп ақсақал жайлайтын. Биылда көктем шығысымен Жарқұдықтың қасында бұрынғы қонатын үлкен қоңыр төбенің басына келіп орналасқан. Есекең асқан бай адам емес, өзінің күнелтісінс жететін жүз елуге тарта уақ жандығы, онның үстінде түйесі, бір айғырдың үйірі жылқысы бар орта шаруаның бірі болатын. Осыдан 3-4 жыл орыстың байлары (купецтері) Маңғыстау түбегінің Каспиймен шектесетін жағалауларына қалашықтар салып, олардың атын "Сарыташ", "Долгий", "Бұрынжық" пристандары деп атап, балық аулатып Астраханға жіберіп отырған.Есекең жылына малының терісі мен жүнін Долгийға апарып сатып, керекті заттарын алуды әдетке айналдырған болатын. Сол әдетімен бір барғанында қасындағы баласы Дәлубай қайтар мезгілде тас үйдің көлеңкесінде ойнап жүрген кішкентай күшікті ешкімге корсетпей қапшыққа салып алыпты. Орта жолға келгенде барып Дәлубай қапшықтан күшікті алып әкесіне көрсетіпті. Есіркеп күшікті қолына алғанда қыңсылап дыбыс шығармағанына, бір рет ырылдап қойып, үнсіз жатқанына таң қалған көрінеді. Міне, сол күшік, үш қар басып үлкен сарғылт-қоңыр түсті арлан төбет болды. Бұл ит — ит сияқты емес, сөйлей алмайтыны болмаса, сөздің бәрін түсінеді, адамнан кем емес, — деп отыратын көрінеді Есекең сөзден сөз шыққан кездерде. Күшіктеріне Құткелді деп ат қойыпты. Соңынан Бердібек:- Құткелді деп ат қойған аттары орынды болды. Оның себебі, қойдың ішінде Құткелді жүреді, өрістен түйе келмей қалса, Құткелді кетіп айдап келеді. Бұрын күн аралатып тоқты торым жеп тұратын қасқырлар былтырдан бері қарай — Құткелді ит санатына қосылғасын бұл маңайға жууды койған-ды.Тамыз айының ішінде үйге жамағайын Бердібек келіп, Бесқаланың жәрмеңкесіне керуен алып жүретінін, соған Есекеңнің сататын малы болса Дәлубайды ертіп жібергенін дұрыс көреді. Жылда үйінен адам жібермей-ақ, Бердібекке 4-5 ірі қара малды қосып айдатып, керек жарағын алдыртып келген Есіркеп: "Дәлубайды қосып жібермесем ұят болар, жылына Бердібектің мойнына мінгенім", деп Дәлубайды Бердібекпен бірге жіберетін болыпты. Бердібек Дәлубайға:Құткелдіні де өзіңмен бірге ала жүр, жолда түнемелікте ұры-қары тап болды, иттің қажеттігі болады, — деп Құткелдіні ертіп алып кеткен.Қалашылар айға жуық жол жүріп, Үргеніштің базарына келіп жайғасады. Базарға айдап апарған малдарын сатып, мал терілері мен түбіт, жүндерін өткізіп, "енді 3-4 күннен соң қайтамыз" деп отырғанда, керуеншілер түйелерінің қасында жүрген қызыл-қоңыр, теңбіл-шұбары бар басы үлкен, аяқтары жуан арлан итті алыстан көріп әдейі бұрылып келген Таған-Дұрды қалашылардың бастығы Бердібекті іздеп тауып, жөн сұрасқаннан кейін Құткелдіні саудалайды. Бердібек иттің өзінікі емес екенін және иттің өте керектігін, сол иттің арқасында ұры-қарыдан аман келгенін айтып, сататын ниет білдірмейді.Акбардың керуенін қолға түсірген қарақшылардың суыт жүріспен Үргеніштің базарына келгеніні де үш күндей болып қалған. Керуеннің астықтары мен күш көліктерін сатып нобайлаған кезі, үш-төрт түйе мен алты-жеті қанар астық қалған болатын. Таған-Дұрды ойланбастан Бердібекке:—      Төрт қанар акталған тары мен жүгері және екі атан түйе беремін, — деді. Қағыс естідім бе деп ойлаған Бердібек:—      Не дедің? — деп қайталап сұрапты. Таған-Дұрды қайталап айтады. Олай болса, мен иесін тауып, ертіп келейін, - деп жәрмеңкенің ішіндс жүрген Дәлубайды тауып алып, хабарды толық жеткізеді. Дәлубай Таған-Дұрдыға итті беретін болып келіседі де, жаңағы айтылғандардың үстіне оқ-дәрісімен екі мылтық беруді сұрайды. Таған-Дұрды оқ-дәрісі мен екі мылтықты, төрт қанар астықты, екі атан түйені Дәлубайдың қолына ұстатып, өзі итке ие болады.—      Сіздер кеткенше итке тамақты өзім әкеліп беріп тұрайын, сіздер тамақ бермеңіздер, — десе керек. Бұлар қозғалып кеткенше Таған-Дұрды итке күніге бірнеше рет жас қозының еті мен сорпасын, секер қосқан түйенің сүтін беріп, тамақтап, итті үш күннің ішінде өзіне үйретіп алыпты.Сөйтіп, Құткелдімен қоштасып, оның орнына екі өркешті қарағайдай екі атан түйе, оқ-дәрісі мен ағылшынның екі венчестері, төрт қанар жүгері мен тары алып Дәлубай ауылға келеді."Бір төбеттің құны екі түйе, екі мылтық төрт қанар ақталған түйір астық болыпты", — деген әңгіме елге аңыз болып тарап кетіпті.Күз өтіп, қыс аяқталатын мерзімде, соңғы қанар астық орталап қалғанда, Есекеңнің бәйбішесі тары алып жатып:Есеке, мына қызықты қара, деп қанардың ішінен салмағы әжептәуір кенеп қалтаны суырып алып, сылдыр еткізіп шалының алдына тастай салыпты. Есекең сол бойда қалтаның аузын сөгіп қараса, іші толы алтын теңге болып шығыпты.Ертесіне Есіркеп Дәлубайдьі қасына алып, екеуі екі атпен алтын акшадан 9 дәнесін алып Долгийға жүреді. Азды-көпті мал терілерін сатпақшы болады. Негізгі себебі, акшаның алтын екендігіне көз жеткізу болса, оның құнының қанша екендігін де білуді жөн көрді. Азғантай жүн-терілерін сатып болып, Байдың дүкеніне барып, дүкеншіге алтын теңгенің екі дәнесін көрсетіп, құнын сұрайды. Дүкен ұстап тұрған орыс шал алтын теңгені көріп, қожайынын шақыртады. Орыстың байы келіп көріп, тілмаш арқылы Есіркеппен сөйлесіп, бұл алтын акшаны қайдан алғанын, қанша теңгесінің барын сұрайды. Есіркеп барлығы 9 екенін көрсетіп:—      Әкем бай болған кісі еді, сол әкемнің маған калдырған мұрасы, - деген көрінеді. Тоғыз алтын теңгені қолына ұстап тұрған орыс байы:—      Мына ақшаға не алғың келеді? — деп сұрады.—      Бір пұт шай, екі қап ұн, 20-30 метр түрлі мата түсе ме? — депті Есекең.Орыс байы дүкеншіге Есекеңнің айтқандарының бәрін есептетіп шығарып:Осының үстіне балаңыз екеуіңізге екі етік және осы заттарыңызды тиеп апаратын бір арба, оны сүйреп апаратын бір ат алуыңызға жетеді, — деп, алған тауардың тізімін екі дәне етіп жасатып, өзі қолын қойып, Есіркептің бармағын бастырып, бір дәнесін Есекеңе беріп, жолға шығарып салыпты.—      Неге қағаз жаздырып, қол қойдырдыңыз? — деп сұрағанда,—      Ертең "алтынымызды алып, құнын кем есептепті" деген наразылық әңгіме туатын болса, бұл құжат керек болады, деп жауап беріпті.                       Қуаныштары қойнына сыймай келген әкелі-балалы екеуі алтынның азғантайын үйлеріне қалдырып, қалғанын белгілі жерге көметін болады.Сөйтіп, кешкі тамақтарын ішіп бола бергендерінде үй сыртынан иттің гүр еткен даусы естіледі. Есіркеп басын көтеріп:-Мынау біздің Құткелдінің даусы ғой, — дейді. Үйдегілердің бәрі түгелдей сыртқа жүгіре шықса, ит шөкесінен жатқан күйінде бауырымен жылжып келіп, Есіркептің екі аяғының арасына тұмсығын тығып, құйрығын былғандатады. Есекең үнсіз жатқан итті құшактап көтеріп алып, үйге әкеліп қараса, иттің азып кеткенін, бұрынғы жылтырап тұратын қызыл қоңыр шұбар терісінің ұйпа-тұйпа болып қалғанын, көзінің жасының төгіліп тұрғанын көріп шыдай алмай:-Құткелдім-ай, қалай келдің, қалай таптың? - дегенде босап, даусы бұзылып кетіпті. Кемпірі мен баласы да көздерінен қалай жас шығып кеткенін байқамай қалыпты.Осыдан бастап, Есіркеп үлкен байлардың қатарына қосылды. Отырған үлкен төбенің аты Құткелді деп аталып кетті.Шындығында да Есіркептің шаңырағына құт дарытқан -Құткелді еді. Құткелді болмаса, саудагер Акбардың ішіне алтын тыққан ала қанары Есіркептің үйіне келер ме еді?Сонда Жансалқам Таған-Дұрдыны өзінің өлтіргенін сол күнге дейін ешкімнің білмейтінін, Адайлардың қалашыларынан бір итті сатып әкелгенін, иттің өте акылды екенін, Дұрдыны жерлеген күні түнде "еліңе бар" деп итті шығарып жібергенін, ол иттің сол кеткеннен мол кеткенін айтыпты. Және Дұрды өлгеннен кейін қанды көйлек жолдастары келіп итті сұрағанын, итті өзбектердің керуенін тонап, содан түскен олжаға Адайдың керуен бастығы Бердібектен сатып алғандығын, болған оқиғаны түгелдей Дұрдының итті алып кетуге келген жолдастарының бірі айтқан көрінеді. "Иттің жоқ болып кеткеніне он күндей болды" дегенде, Дұрдының жолдастары иттің еліне кеткенін біліп сандарын соғып қалыпты. Осы бір аңызға айналып кеткен деректі оқиғаны елдің есіне салуды дұрыс көріп жариялап отырмын.