ВЕРНУТЬСЯ

1981 жылдың наурыз айының аяқ кезінде аудандық партия комитетінің хатшысы Мырзабаев Киев менің бөлмеме келді де:—      Ал, Төлеуғалиев жолың болсын, кететін болдың ба, -деді де шығып кетті. Топырағы торқа болсын, Киекең екеуміз катты әзілдесетін едік және оның үстіне әңгіменің басын айтып, аяғын аяқтамай кетіп қалатын әдеті бар. Ол шығып кеткесін көп шыдай алмай, Киекеңнің кабинетіне келдім. Жаңағы айтып кеткен әңгіменің жайын сұрадым. Өтірік білмегенсімей-ақ қой, кететін болдың енді бұл жерден, демесі бар ма.—      Ау, Киеке мен әлі түсінбей тұрмын, қатты құпия болмаса, не болып жатқанын айтсайшы, — дегенімде:Сені "Октярьдің 50 жылдығы" атындағы совхозға директорлық қызметке жіберетін болды, облыстық партия комитетінің хатшысы Мұрат Қасиев ұсынылған үш адамның ішінен сенің кандидатураңа тоқтап отыр, - деді. Ол кезде Қасиев Мұрат деген азамат обкомның ауылшаруашылығы жөніндегі хатшысы болатын.—      Енді көп үзамай, обком шақыратын шығар, бірінші хатшы ештеңе айтқан жоқ па еді, айтпаса, енді айтатын шығар, менен естідім деп айтып қойып жүрме, — деп күлді.Менің Маңғыстау аудандық партия комитетінің өндіріс транспорт бөліміне менгерушілік қызметке Куйбышев атындағы совхоздың партия комитетінің хатшылык қызметінен келгеніме әлі екі жыл толмаған еді. "Октябрьдің 50 жылдығы" атындағы кеңшардың шаруашылығы аудан кеңшарларымен салыстырғанда ауқымдылау болатын себебі, мұнда күрделі механикаландырылған суармалы егін шаруашылығы бар болатын. Шаруашылығының жалпы жағдайымен кағаз жүзінде таныспыз. Кейінгі кезде директор құтаймай келе жатқан жайы бар. Қазіргі директоры Әміров Тұрғанбайдың да барғанына бір жарым жыл ғана болған еді. Совхоздың шаруашылығы ылдилап кеткендіктен оны мен түзете аламын ба, оған тәжірибем жетер ме екен деген ой мазалап ойланумен отырған орнымда ұзақ уақыт отырып қалыппын.—      Төлеуғалиев, бұл не отырыс, жұмыс орныңа бар, не ойлап кеттің, — деген Киекеңнің сөзінен кейін ойым үзілді де. — Осы қызметке барғым келіп отырған жоқ, қандай ақыл бересің, — деп Киекеңнен ақыл сұрадым. Ол:—      Бектұр, сенің мына әңгімеңді менен басқа ешкім естімесін, партияның жұмсаған жеріне бармау дегеннің не екенін білмейсің бе, егерде облыстық партия комитеті осы ұйғарымында тұратын болса, дәлел айтпастан бару керек, — деп тұжырымдады. Арада канша уақыт өткенін дәл айту өте қиын, жиырма күндей шамасы өткен болуы керек, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Өтеуов Арон Мақуұлы өзіне шақырып, совхоз директорлығына облыстық партия комитетінің хатшысы Мұрат Қасиевтың мені ұсынып отырғандығын, ол ұсынысты Мұқашевтың қолдап отырғандығын, енді көп үзамай, облыстық партия комитетінің сөйлесуге шақыратынын айтты. Осы әңгімеден кейін үш-төрт күн өтпей-ақ, мен тамағым "ангин" болып қатты ауырып, ауруханаға түстім. Ыстығым көтеріліп сынап бағанасы 41-42 градусқа дейін жетіп, 7-8 күндей жатып қалдым. Сол кезде облыстық партия комитетінің мені шақырмағанын естідім. Ауруханадан шыққан бойымда обкомға келіп, Мұрат Қасиевте, одан соң Саламат Мұқашевта болдым. Менің Сәкеңнің жеке қабылдауында бірінші болуым. Конференция, пленум, актив жиналыстарында көріп, сәлем бергеніммен, жеке қабылдауында болмағанмын. Кіріп сәлемдескеннен кейін шақырған мезгілде неге келмегенімді сұрады. Мен жағдайымды айтқаннан кейін: "Бектұр, сен мені осында осы қызметке әкеліп отырғызған жиналыста катыстың ба?" - деп сұрады. Мен Саламат Мұқашевты облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы етіп тағайындаған кезде Маңғыстау ауданының Куйбышев атындағы совхозында партия комитетінің хатшысы болатынмын, ол жиналысқа қатысқанмын. "Жиналысқа қатыстым" — деп жауап бердім.-        Онда сен мені көрген шығарсың, президиумда зорға отырдым, тамағым ісіп кетіп су іше алмай жүргенімде осы қызметке байланысты Москваға барып, содан тікелей осында қелген бойым болатын. Сен болсаң "тамағым ауырды" — деп Шетпеден Ақтауға келмей жатып алдың, — демесі барма. Мен ыстығымның 42 градусқа дейін көтерілгенін, қасымда дәрігер отырғанын, қазір де ақи-тақи жазыла қоймағанымды айтып ақталған болдым.Олай болса, деді де біреулерге телефон шалып, таңертеңгі Алматының рейсіне билет алып, мені ұшакқа мінгізіп жіберуді тапсырды. Мен сол күнгі ұшақпен Алматыға бардым. Келесі күні таңертең Ауылшаруашылық министрінде болдым. Түс қайта Қазақстан Орталық партия комитетінің ауылшаруашылығы бөлімінде, содан кейін үйымдастыру бөлімінде болып, кешкі сағат 5-тердің шамасында Орталық комитеттің хатшысы Трофимовта болып, бекіп шықтым. Келесі күні Ақтауға келіп, Сәкеңе қайта кіріп, хабарымды айттым. Сәкең бұл жолы көңілді екен:-        Дұрыс болды, Маңғыстаудан кеше Алматыға барып Ауылшаруашылық министріне кіріп, одан соң ОК-тің секретарында болып бекіп, Бүгін Ақтауға қайтып келуіңнің өзі қолыңан іс келетіндіктің бір көрінісі, — деп жымиды да, — жүмыс орның құтты болсын, — деп қолымды алды да, — енді Ақтанов деген бастығыңа барып, хабарлас, — деді.Топырағы торқа болсын, Қалекеңе келіп, хабарымды айтып, Ауылшаруашылық министрлігінің мені директорлыққа тағайындаған бұйрығын бердім. Ол кісі:-        Жарайды, ауылға барып демала түр, екі күннен соң мен Шетпеге барамын, сол жерден кездесейік, аудандық партия комитетінің хатшысымен бірге сені "Октябрьдің 50 жылдығы" атындағы кеңшарға алып барып, қызмет орныңа отырғызармыз, - деді.Сонымен, мен 1981 жылдың 20 сәуірінде "Октябрьдің 50 жылдығы" атындағы совхоздың директорлығы қызметіне кірістім. Мені алып барып отырғызған облыстық ауылшаруашылық басқармасының бастығы Қалекес Ақтанов пен аудандық партия комитетінің сол кездегі екінші хатшысы Көшімов Әмірхан деген жігіт еді. Кеңшардың активтері алдын-ала хабарланған болуы керек, жинақ отыр екен, келген бойда жиналыс ашып, мені таныстырудың рәсімін жасады. Шайырдың адамдары мені бұрыннан танитын болатын. Себебі, 1969 жылы Аманкелді (Тұщықұдық), Правда (Шайыр, Шай (Шебір) колхоздары "Октябрьдің 50 жылдығы" атыңдагы кеңшар болып біріктірілгенде мен орталық жөндеу шеберханасының меңгерушісі болып қызмет атқардым. 1971 жылы "Куйбышев" атындагы совхозға бас инженерлікке жіберген, одан 1973 жылы "Ералиев" атындағы совхоздың техникалық жағдайы төмендеп кетті деп, кеңшар директоры Қаржаубаев Қамысбайдың сұрауы бойынша және өзімнің келісіміммен сол совхозға бас инженерлік жұмысқа аударған. Сол жерде жасап жүргенде 1978 жылы "Куйбышев" атындағы кеңшардың партия комитетінің хатшысы болып сайлануыма байланысты Жыңғылдыға ауыстым. Аз уақыттан кейін аудандық партия комитетінің бөлім бастықтығы қызметіне ауыстырып, сонда Шайырға екінші рет келген бетім болатын. Сол себептен де, Шайырдың азаматтары мені жақсы танитын.Кеңшарды қабылдап алғанымда 31 мың бас кой, 1300 бас түйе, 5 мың бастың үстінде жылқы, 370 гектар суармалы жоңышқа егістігі бар болатын. Жер көлемі жағынан аудандағы кеңшарлардың ішінде ең азы "Октябрьдің 50 жылдығы" атындағы кеңшар еді. Аудандағы кеңшарлардың жер көлемдері мал басына шаққанда 11 гектардан келсе, "Октябрьдің 50 жылдыгы" атындағы кеңшардыкі 5 гектарға жетпейтін. Оның себебі, 1969 жылы ұжымдық шаруашылықтар бірігіп кеңес шаруашылығына айналғаннан кейін, "Октябрьдің 50 жылдығынан" бөлініп, тағы да Тұщықұдық, Жаңажол жеке кеңшар болып ұйымдасқанда жердің бөлінуінде қателіктерге жол берілгендіктен біздің кеңшардың жер көлемі айтарлықтай азайып кеткені белгілі болды. Сөйтіп, мен кеңшардың жауапкершілігін мойныма тұтастай қабылдап, шеті жоқ, шегі жоқ, демалысы аз, уайымы көп жұмысқа ден қойып кірісіп кеттім.Шеті жоқ, шегі жоқ дегенім — жылдың басында малды қыстан аман алып шығудың қамы болса, қыс аяқтала берісімен, мал төлдету науқаны, басталып кетеді, бұл жұмыстың егжей-тегжейін жазып кетсек, үлкен шығарма болатынына сөз жоқ, төлдеп бола берген мезгілде, малды жаппай жаз жайлауға көшіру — берісі 200, әрісі 500 км-ге орталық-оңтүстік үстірттерге апарып орналастыру, көші-қон аяқтала берісімен жабағы жүн қырқу, оны зауытқа өткізу, осы жұмыспсн қатар мал азығын дайындау, сөйтіп жүргенде қозы айырып, отарлау, ол аяқтала бергенде мал шағылыс науқаны басталып кетеді. Бұл тек тікелей малдың өзінде болатын жұмыстар. Осыған қоса, мал азығын дайындау, өз жерінде шабатын шөп болмаса, басқа облыстарға барып, шөп сұрау, суармалы жердің шөбін сапалы түрде шауып алу, т. т. шеті жоқ, шегі жок делінетін жағдай осы.Уайымы көп дегенім, осы жұмыстар мезгілінде ұйымдаспай қалса, малдың күйі кетеді, суық күзден бастап мал шығыны басталып кетуі мүмкін. Өлген малды ешкім тірілте алмайды. Техника болса, оны тірілтіп алуға болады ғой. Сол себепті де мал басынан шығын бермеу - бірінші сатыға қойылады. Қыс айы басталғанда конторда отыруды сиректетуге тура келеді. Қыстақты аралап, мал азығын, кораның жылылығы мен астының құрғақтығын өз козіңмен жиі көріп, кетіп жатқан кемшілікті дер кезінде түзетудің шарасы алынуы қажет.Мал төлдету науқаны басталысымен ұйқыны да азайтуға тура келеді. Туған төлдердің жағдайын күніге көріп түрмаса кемшіліктер кетіп калады. Өсімге калдырылатын телді сортына, салмағына, жынысына карап бөлектеп, оның күніге сүтке тойып тұруына жағдай туғызу қажеттігі болады. Елтіріге сойылатын қозы енесінен туғаннан кейін 3 күн сүтке тойып, жылы жерде болып, терісінің өңін кіргізгеннен кейін барып, сою пунктіне өткізіледі. Қозы отарлау мезгілінде ұйымдаспай, саулықтар қозысын ертіп күзге қалса, онда ол саулыққысқа күйсіз күйіңде түседі. Отардың ішіндегі қозы бөлектенбесе, шаң жұтып, өкпе ауруына шалдығады. Мезгілінде жүн қырқылмаса, қой қотыр болады, қырқылып, дәріленген тоғыттан өтуі керек. Мал азығы дайындалмай қалса, не болатыны белгілі гой. Міне, осы қызметтерді мезгілінде сапалы ұйымдастырмаса, директорда уайым көп болады.Бұрын көп жылдар кеңшарларда бас инженерлік қызмет істегенмен малдың айналасында инженер ескермейтін жұмыстар көп екеніне осылайша көзім жетті. Кеңшардың директоры болып тағайындалганнан кейін, шаруашылықпен толық танысып алғасын мені мазалаған үш мәселе болды.Біріншісі — тұрғын үйдің жайы, оның ішінде малшы бақташылардың кеңшар орталығында үйлерінің болмауы, ер жетіп үйленген балалары, кеңшар орталығында қызмет жасайды да, отбасылары — орталықтан қашықтағы қыстақта болады. Олардың үлкендері жанүяларымен бірігіп, балаларын оқытып отырайын десе, орталықта үйі жоқ. Орталықтағы интернат үйіне осының салдарынан бала сыймайды. Жақын туыстарының үйлеріне балаларын бөліп орналастырып, әбігерге түсіп жүргені.Екіншісі — мемлекетке өткізілетін жүннің тазалығының төмен болуынан үнемі төмен сортқа өткізіліп, одан түсетін пайда неғұрлым аз болып келгені. Бұл кеңшардың мемлекетке өткізген жүнінің тазалығы 60-65 проценттен аспапты. Негізгі себебі — жүннің ластығы. Қозысын қосып есептегенде, елу мыңның үстіндегі қойды қолдап тоғытуға көптеген адам күшін керек етсе, ол койды аяғынан сүйретіп, шаң топыраққа батырып тоғыттағы суға саламын дегенде жүн тазармақ түгел қайта үстіне лас қосып алады екен. Бұл жағдайдан құтылу үшін бірнеше жерден механикаландырылған қой тоғытын салудың қажеттігі туды.Үшіншісі — жоғарыда айтылған кеңшардың жер көлемі өте аз, және шабындық жері жоқ, азгантай ғана Қабақ деген жерде жаңбырлы болған жылдары шөп шабылады екен. Сол себептен де жыл сайын мал азығын көбінесе, Наборбудақ кеңшар орталығы деген жерден дайындайды екен. Наборбудақ Шайырдан 400 км тұрады, жолы өте нашар, қандай жарамды машина шығарылса да 2-3 рейстен кейін қирап, оңдалып жатқаны. Кеңшардың бас экономисі ысылған тәжірибелі, бұрын шаруашылық басқарған Сейілханов Бишехан деген азамат болатын. Сол кісімен ақылдаса отырып, басқа облыстардан дайындаулы тұрған табиғи шөпті сатып алып, темір жол арқылы тасып әкелудің шығынын есептеттім. Ең алыс деген Жамбыл, Қостанай облыстарының дайындаған шөптерінің өзіндік құндарын сөйлесіп анықтап, теміржолдан вагонның тарифтерін біліп, жоба есебін шығарғанда біздің Наборбудақтан дайындаған шөбімізден арзанға түсті. Ол кезде теміржол тарифі өте арзан болатын.Кеңшардың активистері мен мамандарын жинақтап, осы ойымды ортаға салдым. Бөтен пікір айтылмады. Алдымыздағы жылдың жоспарына он шопандар отбасына екі отбасылық үй, үш жерден механикаландырылған тоғыт, және үш мың тонна шөпті басқа облыстардан сатып алуды жоспарға енгізетін болып шештік. Келесі жылы он отбасылық тұрғын үй салынып, іске қосылды. Үш бригада ұйымдастырылып, үш жерден механикаландырылған тоғыт салынып, іске берілді. Бұрын күніге екі отар қой зорға тоғытылатын болса, енді екі сағатта бір отар қой тоғытылды. Бұрынғыдай 30 адам қолдап жұмыс жасаған жоқ. Тоғытта 3 адам ғана жұмыс жасайтын болды. Содан бастап, жүннің сапасы артты. Зауытқа тапсырылған жүннің тазалығы 80-85 процентке дейін жетті. Бұл көрсеткіш Маңғыстау ауданы емес, облыс көлемінде алдыңғы орынға шыкты. Осы жағдайга байланысты шопандар жеке меншік қойларының жүнін дайындау мекемесіне емес, кеңшарға өткізетін болды. Оның себебі, дайындау мекемесі жеке адамдардан жүн қабылдағанда тазалығын 60 пайыздан жоғары етіп алмайтын еді. Осылайша жүн жыл сайын зауытқа жогары сортпен өтетін болды. Жүн өнімі жоспарланған бағасынан арзанға өтіп келген болса, енді жоспардан артық жыл сайын қыруар каржы түсетін дәрежеге жеттік.Маңғыстаудың ауа-райы қолайлы емес. Жиі қуаңшылық, жаңбыр аз, жердің шөбі шабындық түгіл жайылысқа болмай жатады. Осыған байланысты және арзанға түсіру мақсатында жұмыс істеген он жылдың ішінде бірнешелеген облыстардан шөп сатып алып, темір жолмен тасып жеткіздік. Даладан сатып әкелген шөбіміздің құны өз облысымыздан дайындалған шөптен қымбатқа түскен жоқ Өз жерімізден дайындалған шөптің әр центнері 5 сом 20 тиыннан келіп тұрса, Костанайдан алған шөптің әр центнері 4 сом 90 тиыннан қелді. Қостанайдан үш жыл қатарынан шөп алдық. 7,5 мың тонна шөп сатып алып, темір жолмен аудан орталығы Шетпеге әкелініп, ары қарай тасып алып отырдық Бұл жерде кеңшар орталығы Шайырдың Шетпеге жақындығы да біз үшін, әрине, тиімді болды. Шөп алудың бастамасындағы түрлі қиындықгарға байланысты үнемі өзімнің барып ұйымдастырып қайтуыма тура келді. Қостанайдан екінші рет шөп алатын мезгілде біздің облысымыздың барлық жерінде қуаңшылық болып, соған байланысты Қазақстан үкіметінің 10 мың тонна шөпті Қостанайдан дайындап алуға деген жарлығы бойынша бірнешелеген кеңшар директорлары болып, өз машиналарымызбен барғанбыз. Бізді бастап апарған Маңғыстау аудандық атқару комитетінің төрағасы — Есболов Қабиболла деген азамат еді.Қостанайға барып, біздің директорларды аудаңдарға бөлгенде, 3 мың тонна шөпті Федоров ауданынан алатын біздің кеңшар болып белгіленді. Кейбір аудандарда шөп беретін мүмкіндік жоқ деген әңгімеге байланысты басшымыз Қабиболла сол аудандарға өзі барып жолығу үшін кейбір кеңшарлардың директорларын алып жүріп кетті де, мен Федоров ауданына келдім. Аудан орталығына келіп, аудандық кеңес аткару комитетінің төрағасы Ахметов деген өзіміздің қандасымыз екен, сол кісінің кабылдауында болып, негізінен келіскенінен кейін, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысына кірудің қажеттігі туды. Себебі Ахметов: — Негізгі қорытындыны сол кісі айтады, болады десе болады, болмайды десе, оған біздің билігіміз жетпейді, — демесі барма. Ол кісіге барып салым суға кетіп шықтым. "Шөп егін аяқталғасын қыркүйек айында беріледі", — деді. Өзі Жоғарғы Кеңестің депутаты, Еңбек ері, "ту" десе түкірігі жерге түспей тұрған адам екен. "Енді кайттім" күйге түсім, Қостанайға кештетіп қайтып келдім. Облыстық ауылшаруашылығы басқармасы бастығына кіріп, хабарымды айттым. "Олай болса Обкомның ауылшаруашылық бөліміне барып хабарласқаныңыз дұрыс шығыр, біздің айтқанымызды ол кісі тыңдай қоймайды", — деді. Обкомға барсам, ауылшаруашылық бөлімінің бастығы жолсапарда болып шықты. Ауылшаруашылығы женіндегі хатшысының да ауруханада жатқандығын айтты. Нұсқаушылардың біреуі қазақ жігіт екен маған жайлап қана: "Климов Демиденкодан басқасын тыңдамайды, басқалар айтса болады дейді де, болғызбайды, сіз тек қадна Демиденкоға кіруіңіз керек, оған кіру қиын, ол кісі үнемі таңертеңгі сағат алтыда келеді сонда күтіп тұрып айтып қалмасаңыз, басқа жолы жоқ", деді. Келесі күні таңғы сағат 5-те келіп күттім: дәл сағат алтыда келіп, машинасынан түскенде мен де қарсы жүріп, сәлемімді бердім. Маңғыстау облысынан келгенімді айтып, 5 минутқа қабылдауын сұрадым, ол кісі өзімен бірге жүруге ишара жасады. Барғасын жағдайымды қысқаша айтып шыктым. Тыңдап болғасын қолма-қол телефон соқты, соққан адам жұмыс орнында болмады-ау деймін, "Климовтың үйіне қос" деді, сонда барып, Федоров ауданының хатшысына соғып жатқанын білдім. Амаңдасып болысымен, тікелей менің жұмысыма көшті. "Менде Маңғыстау облысының бір совхозының директоры отыр, кеше саған барған екен, қуып жіберіпсіз, алатын 3 мың тонна шөбін кеңшарларыңның директорларына тапсырма беріп, Тобольға тасытып бересің, мен еңбек демалысынан келгенде бұл директор сенде болмайтын болсын, осы шөпті жіберіп болғанша, саған демалыс бермеймін", - деп жымиып күліп отырды. Ана кісінің не айтқанын білмеймін, "жарайды, жарайды" деді де, тағы күлімсіреп, трубканы орнына қойды. Сосын, телефонмен тағы біреуді шақырды, шақырған адамы келгесін маған қарап: "Мына кісі обкомның екінші хатшысы, мен ертең демалысқа шығайын деп отырмын, жұмыста кедергілер болса, осы кісімен хабарласарсың, Климов та ертеңнен бастап демалысқа кетеді, сен қазір Федоров ауданына бар, Климов директорларын шақырып, сенімен кездестіреді, тапсырмасын береді, шөбінді аласың", — деді. Мен рахметімді қайта-қайта айтып: "Демалысқа кетсеңіз, жолыңыз болсын", - деп қолын алып, көңілімді бірлеп, шығумен Федоров ауданына келдім. Бірінші хатшының қабылдау бөлмесінде бірнеше адам отыр екен, келген мені көріп, хатшы қыз: "Маңғыстаудан келген сіз бе, сізді хатшы күтіп отыр, кіре беріңіз", — деді. Мен кіріп барғанымда Климов жалғыз отыр екен: "Кел, мына жерге отыр", — деп өзіне жақын орындықты нұсқады. "Демиденконың тапсырмасы бойынша казір бес кеңшардың директорларын шакырып алып отырмын. Үш мың тонна шөпті соларға бөліп беремін, шөпті кедергісіз тасып әкеліп береді, вагон мәселесін өзің шешесің", деп ескертті. Әңгімеміздің үстіне аудандық атқару комитетінің торағасы Ахметов келіп отырды. Қабылдау бөлімінде отырған шақырумен келген кеңшарлардың директорлары екен. Кейіннен олармен таныс болып кеттім, төртеуі — неміс үлтынан екен, біреуі — өзбек жігіт болды. Климов мені таныстырды да, Демиденконың тапсырмасын дәл айтқан күйінде жеткізді. Тіпті, "демалыс бермеймін" деген әңгімесіне дейін жасырмай айтты. Әр директорға 600 тоннадан биылғы шабылған шоптен тасып беруді, бүл жүмысты бір айдың ішінде астық басталғанға дейін бітіру қажеттігін қайталап айтты. "Кім не айтады?", — деп еді, ешкім үндемеді. "Жұмысты қалай ұйымдастырасыздар, оны шыққан соң келісіңіздер", - деп шығарып салды. Қабылдау бөлмесінен шыққасын нұсқаушылардың бірінің бөлмесіне барып, директорлардың мекен-жайын, телефон нөмірлерін жазып алып, тасып әкелуді қашан бастайтындарын, күніге неше тонна шөп жетістіре алатынына келістім. Енді вагон мәселесін шешу қалды. Аудан орталығының қасында Тоболь деген үлкен қалааралық темір жол станциясы бар. Шөп соған тасылуы керек. Станция бастығына келіп, күніге 10 вагонның қажеттілігін айтқанымда, ондай вагонды бере алмаймын, ол үшін Қостанайдың теміржол басқармасының бұйрығымен жоспарға енбесе болмайтынын айтты. Кештетіп Қостанайға қайта келіп, ертесіне теміржол басқармасының бастығы Романовта болып вагонның жайын айтқанымда: "Күніге 10 вагонды бөлуге мүмкіндігіміз жоқ, Целиноград теміржол басқармасы шешеді", — деп қарап отыр. Бастықтан шығып жүк тасмалдау бөлімінде қазақ жігіттің отырғанын бағана бастықтың отырған жерін іздеп жүргенімде көріп кеткенмін, сол жігітке келіп жағдайымды айтып, Целиноград теміржолының бастығының аты-жөнін сұрап және ол кісінің ертең орнында болатын болмайтынын біліп беруді өтіндім. Ол жігіт Нығыметжан Есенғариннің өзінде екенін, ертең де жұмыс орнында болатынын телефон арқылы сөйлесіп, біліп берді және сол күнгі сағат 14-00-де Қостанайдан Целиноградқа ұшак болатынын айтты. Қош айтысып, "тәуекел, аэропорт қайдасың", деп тартып кеттім. Келіп кассаға хабарласып, билеттің барлығын біліп, ұшақтың қашан ұшатынын сұрасам, "екі сағаттан кейін", деді. Жалма-жан билет алып, шоферім шайырлық Қалшабек деген жігіт еді: "Қазір мен ұшып кеткесін, біздің косқа барып, демал. Ертең күндізгі сағат 9-00-де Целиноградтан келетін ұшақты күтерсің, ертең келмей калсам, арғы күнгі ұшақтан күтерсің", — деп тапсырмамды бердім. Менің "біздің қосқа бар" деп отырғаным, Шайырдан вагонмен 7 қалқандаулы жүк машинасы, 1 адам тасуға жабдықталған машина, 20-ның үстінде адам осыдан бір күн бұрын Қостанайдан түсіп, каланың шетінде палаткаларын құрып алып жатқан — палатка деп аталғанмен, сүйегі ағаш, сырты брезентпен қапталған - құрастырылмалы әр қайсысы төрт адамдық алты үй әкелгенбіз. Сонымен Целиноградқа бір сағатқа жетер-жетпес уақытта келіп қалдық. Ұшақтан түсе салысыммен теміржол басқармасына тарттым. Теміржол басқармасы бастығының қабылдау бөлмесінс келсем, бастықта мәжіліс жүріп жатыр екен. Мен барғасын көп ұзамай тарады. Хатшы қызға Маңғыстаудан келгенімді айтып, бастыққа кіргізуді сұрадым. Ол бастыққа кіріп шықты да "рұқсат" деді. Мен кірсем, жұмыс кабинсті өте үлкен екен. Кіріп алғасын бастыққа жеткенше де біраз жүрген сияқтандым. Келіп амандасып, шаруамның жайын айттым. Тыңдап болғасын: "Сіздің облыстағы кеңшарларда қонақүй болмайды дейді ғой, барған адам әркімнің үйінде қонақтап жүреді деген рас па?", — деп сұрады. Мен қонақүйдің де, асхананың да жоқ екендігін, оның бізге қажетінің жоқ екендігін, қызмет бабымен келген неше адам болса да, кеңшардың қызметкерлерінің үйлерінде қонақ етіп сыйлап жіберетінін, ол біздің ертеден келе жатырған бұзылмаған ата салты екендігін әңгімеледім. Нығыметжан ағамыз менің әңгімеме дән риза болды-ау деймін: "Біздің аталарымыздың дархан жомарт дәстүрлері мен әдет ғұрыптары сіздерде әлі қаймағы бұзылмай сақталған ғой, ол, әрине, кімге болса да мақтанышпен айта алатын, көрсете алатын дәстүріміздің бірі емес пе", — деп қатты көңілденіп кетті. Нәкең менің сұраным хатыма бұрыштама соғып, тасымалдау бөлімінің бастығы болар, бір кісіні шақырып алып, жиырма бесінші маусымнан бастап, қырық бес күнге күніге он вагонды бөлуді көрсетіп, жоспарға енгізіп, Қостанай теміржолына бүгін бұйрық жіберуді тапсырды. "Теміржолға тіреліп қалған жұмыс болатын болса, менімен хабарласуға болады", — деді үйінің, жүмысының телефон нөмірі көрсетілген картасын берді. Менің аты-жөнімді, түрағымды өзіне жазып алды. Мен рахметімді айтып жүретінімді білдірдім. "Бүгін Қостанайға ұшақ болмайды, таңертең сағат сегізде болады, қазір осы жерде біздің қонақүй бар, соған жатып, жақсылап демал", — деді. Мен рахметімді айтып тұра бергенімде, маған қарап күліп: "сіздердей болмағанмен біздерде де үй бар, бірақ үйдің бастығы бүгін жолаушылап кетіп еді", — деді. Мен рахметімді айтып: "Қызметімді бітіруге көмегіңіздің өзі мен үшін қонақасынан гөрі қымбатырақ сияқты", — дедім. Шындығында да солай еді. Бір адамды шақырып алып, мені бір бөлмелік люкске жатуға талон беріп орналастыруды тапсырды. Мен ертесіне қайта ұшып, Қостанай теміржол басқармасына келсем, бұйрық келіп Тобылдің бастығына да тапсырма беріліп қойған екен. Қосты сол күні Тобылға көшіріп, станцияның таза, ашықтау жеріне үйлерімізді түрғыздық. Сөйтіп, біз ай жарымда үш мың тонна шөпті тасып алғанбыз. Бұдан кейін де Нығметжан Қабатайұлымен кездесудің екі-үш рет сәті түсті. Ол кісі соңынан Алматы теміржолының бастығы болып ауысты, одан кейін Бүкілодақтық жол катынасы министрінің бірінші орынбасарына Москваға ауысып кетті. Алматы облысында жүрген кезінде жиналысқа барғанымда амандасып шықтым. Мен барып кіргенімде жазбай танып, Маңғыстаудың жағдайын сұрап, "шаруа тіреліп қалып жатса, хабарлас", — деп жылы қабақ танытып шығарып салған. Біздің шөп іздемеген жылымыз санаулы болар. 1987 жылы болуы керек, шөп іздеп тағы да Алматы облысына бардық. Кеңшарларынан шөп алатын болып, енді вагон бөлуді сұрап, теміржол басқармасына бардым. Басқарма бастығы Попов деген кісі екен. Бір ай мерзімге күніге бес вагоннан бөлуді сұрап хатымды бердім. Попов бір вагон да бере алмайтынын, вагондардың астық тасудан босамайтынын айтты. Ауылшаруашылық министріне барып министрдің орынбасары Серікболсын Әбділдинге Маңғыстау ауданының сол кездегі бір басшысы Сармурзин Оңайжан екеуміз кіріп, вагонның жағдайын әңгіме кылғанымызда: "Қазір астықтың кезі, вагонның жағдайы қиындау", — деді. Солай деді де: "Адайлар тартып алмайсыңдар ма?", — демесі барма. Шаруамыз бітпей шыққасын, мен Оңкеңнен: "Жаңағы кісінің тартып алмайсындар ма дегені қалай?", — деп сұрағанымда, Оңкең: "Әзілқой адам шығар" - деді де қойды. Ол кісінің "адайлар" деп бізді неге әзілдегенін артынан, көп кейіннен соң барып білдім. Оңкең Маңғыстаудың басқа кеңшарлары үшін шөп мәселесімен Алматы облысы аудандарын аралауға жүріп кетті. Маған: "ЦК-ның ауылшаруашылық бөліміне барсаң да, вагон алудың қамын жаса", — деп тапсырма берді. Сонымен мен теміржол басқармасына қайта бардым, ойымда Есенғаринмен байланыс жасағым келді. Басқармаға келіп, "диспечерское" деген жазуы бар бөлмеге кірсем, ішінде бір әйел адам отыр екен. Жан-жағы самсаған байланыс аппараттары. Мен сәлемдесіп, шаруамның бітпей жүргенін, Москвадағы Н. Есенғаринмен байланыс жасағым қелетінін, телефон нөмірін білмей жүргенімді айтып, мүмкіндік болса Москвамен байланыстыруды сұрадым. Ол: "Есенғаринді танитын ба едіңіз", - деді. Мен: "ол кісі менің туысым еді", - дедім. "Бұл жерден ол кісімен клиенттерге сейлесуге рұқсат етілмейді", — деп басқа кабинетке ертіп әкелді, онда бір әйел адам отыр екен соған айтып еді, ол кідіртпей Есенғаринді алып берді. Мен Маңғыстаудан келіп тұрғанымды, аты-жөнімді айтып және жаңа жұмыс орнымен құттықтадым да, содан соң шаруамның жайын айттым. "Басқа қандай шаруалар бар", - деді де: "Кеңшарлардың басшыларының бәрі сіздей болса, ауылшаруашылығы жылдам қарқын алатын болар", - деп күлді. Мен шаруамның тағы да бітетін болғанына қуанып кеттім. "Қазір Поповка айтамын, сіз барып қабылдау болмесінде күтіңіз, өзі шақырады", - деді. Мен Поповтың қабылдау бөлмесінде 10 минуттай күттім, сосын шақырды. Мен кірісіммен Попов: "Есенғаринмен байланыс жасаған екенсіз, вагонмен көмектес деп сүрап жатыр, сұраным хатыңызды беріңіз, ертеңнен бастап, күніге бес вагоннан қойдыртамын", — деді. Мен: "ертеңнен бастап емес, мына хатта көрсетілген қүннен бастап қойдырсаңыз болады, сіз кешіріңіз, мен сіз туралы ештеңе айтқаным жоқ, ол кісі менің жақын туысым болады, сондықтан әрі амандық білісіп, әрі жұмысыма көмек сұрағанмын", — деп әдейі айтып салдым. Сөйтіп, Алматыдан алатын шөбімізді мезгілінде кедергісіз сатып алғанбыз.Осылайша өздеріміздің жоспарлы жұмыстарымызды шапқылаумен жүріп, іске асыра бердім. Кеңшардың экономикасы да жайлап көтеріле бастады. Кеңшар орталығынан он бес малшы-бақташының отбасына үй салынып берілді. Жыл сайын онның үстінде отбасы жаңа үйлерге кіретін болды. Жаңадан типтік жобамен кеңшар орталығынан орта мектеп, интернат, балалар бақшасы үйлері салынып бой көтерді. Әлеуметтік-тұрмыстық орындарға үй салынып, іске қосылды. Ферма орталығы Тигеннен көптеген тұрғын үйлер салынды және клуб, кітапхана үйі салынып іске қосылды. Кеңшар орталығы Шайырдан, ферма орталығы Тигеннен механикаландырылған мал азығын ұнтақтап нәрлендіретін күніге 50 тонна мал азығын дайындайтын цех салынып қызметке қосылды. Үш мың бастык мал жемдеп семіртетін алаң қайта жасалынды. Кеңшар орталығы Шайырдан, ферма орталыгы Тигеннен теледидар қондырғысы орнатылып, кеңшардың адамдары көгілдір экран арқылы әлем жаңалықтарын көретін болды. 370 га суармалы егістік көлемі қосымша скважиналар қаздыру арқылы 560 гектарға ұлғайтылды. Жаңадан бірнеше жаңбырлатқыш аппараттары аддырылып іске қосылып, егіннің (жоңышқаның) түсімділігін арттырып, жыл сайын 1200-1500 тоннаға дейін көк жоңышқа алуымызға қолымыз жетті. Суармалы егістікті толықтай механикаландыруға сол кездегі облыстық Қазсельхозтехника мекемесінің бастығы инженер-механик Әнуарбек Қадырғалиевтың, аудандық Кеңес атқару комитетінің төрағасы инженер-геолог Қабиболла Есболовтың көмектері аз болған жоқ. Көптеген қыстақтар жоғары кернеулі тоқ желілеріне қосылып, шопандардың тұрмыстық қызметтері жеңілдеді. Он жылдың ішінде 120 отбасы жаңадан типтік жобамен салынған үйлерге кірді.Мал басы: 1990 жылы қой — 37300, түйе - 1700, жылқы -6700 басқа жетті. Аудандық партия қомитетінің бірінші хатшысы С.Керелбаев облысқа жұмыс аударуына байланысты, орнына келген басшымен мен де екі жылдай қызметтес болдым. Балалар ер жетіп, жоғарғы оқу орындарын бітіріп, алған мамандықтарына сай Ақтауда қызмет жасады. Осыған байланысты менің де қалаға келгенім дүрыс болатын болды. Ол кездегі облыс басшысының бірі Нәсіпқали Марабаев та болып жағдайымды айтқанымда: "Күні бүгін дұрыс қызметтің төбесі көрінбейді, Жаңаөзенге нан заводының директоры қызметіне қазір жіберуге болады", - деді. Мен Жаңаөзенді қаламайтынымды айттым. "Онда әзірге кідіре түр, жұмыстың реті келсе, өзім шақырамын", — деді.Сөйтіп жүргенімде, облыстық ауылшаруашылық кәсіподақ комитетінің конференциясы өтетін болып, соған байланысты кеңшарлардан конференцияға делегаттар сайлануымен бірге кәсіподақ басшысы да ұсынылатын болды. Кеңшарда кәсіподақ ұйымының жиналысы болды. Жиналыста мені конференцияға делегат етіп және облыстық ауылшаруашылығы кәсіподақ комитетінің төрағасына ұсынды. Жиналысқа кеңшардың активистері, малшы-бақташылары, механизаторлар, жұмыс адамдары барлығы 200-дің үстінде адам болды. Жиналыс тыншып қалды. Себебі, менің кәсіподаққа бастық болып ұсынылуым тосын болды-ау деймін. Біреулер сұрақ қойды: "Біздің директорымыздың өзінің келісімімен болып отыр ма, әлде жоғарының тапсырмасы ма?" — деді. "Өзінің келісімімен ұсынылып отыр", — деген жауап берілді. Топырағы торқа болсын, Атшыбаев Әскербай деген шопан сөз сұрап шығып: "Мен бұл ұсыныстың жайына түсінбей қалып тұрмын. Он жылдай қызметтес болдық, кеңшардың жағдайы жақсы, бізге салсаңыздар Төлеуғалиевтың конференцияға делегат болып қатысуына карсы емеспіз, директорлықтан кетуіне наразымыз" — деп орнына барып отырды. Одан кейін сөз алган Бекқалиев Еділбай, Досанов Сүлеймен деген азаматтар да Атшыбаевтың сөзін қолдайтынын айтты. Залдан "жібермейміз" деген дауыстар шыға бастады. Мен жағдайымның қиындап бара жатқанын түсіндім де, өзімнің жайымды айту үшін сөз сұрап, түсіңдіріп айтып шықтым. Егер мен ауылшаруашылығы кәсіподақтарының төрағалық қызметіне сайланып өтіп кеткен жағдайда да олардан қол үзбейтінімді, қоян-қолтық қызмет атқаратынымды айтып ұсынуларын сұрадым. Сөйтіп, дауысқа салғанда облыстық кәсіподақ комитетінің төрағалығына көптеу адам қол көтергендіктен өттім-ау, әйтеуір. Одан кейін он шақты күн өткен соң облыстық кәсіподак конференциясына келдік. Делегаттар барлық аудандар мен қалалардан келген екен. Конференцияға облыстық кәсіподақ комитетінің төрағалығына алты адам ұсынылган екен. Жиналыстың үстінде үш адам дауыстарын қайтып алды. Сонымен сайлауға үш адам түсті: Самешов Нәсіпқали - облыстық селолық құрылыс тресінің біріктірілген кәсіподақ комитетінің төрағасы, Төребаев Райс -сельхозтехника мекемесінің төрағасы, үшіншісі — мен. Қарсыластарым да ел танымастай адамдар емес, солай бола тұрғанмен, жабық, жасырын дауыстың қорытындысында қатысқан 96 делегаттың 76-сы мені қостап дауыс бергендіктен, 1991 жылдың 3 қаңтарынан бастап облыстық ауылшаруашылық кәсіподақ комитетінің заңды төрағасы болып отырдым. Біраз уақытқа дейін кеңшарға директор жіберілмей, екі жұмысты қосып атқаруға тура келді. Директорлыққа облыстық су шаруашылығы мекемесінің бастығы Қартбаев Аманжол келіп отырды. Алу-беру кұжатын жасап, кеңшарды тапсырдым.Кәсіподақ жүмысында алғашқы бес жылдың ішінде облыстың ауылшаруашылығы саласында жасайтын жұмыс адамдарының 300-дей балаларына тегін жолдама алып, Алматы, Көкшетау, Шымкент облыстарына тынығу-демалу санаториясына тегін жолдамамен жіберіп, ішінде жүрегі ауыратын балалардың бар екендігі барғасын анықталып, емделді. Жиенбаев Қалам деген шонанның баласының жүрегіне операция жасалып, құлантаза жазылып келді. Одан кейін де "Маңғыстаумұнайгаз" ААҚ-ның көмсгімен Қырғызстанда, Қостанай облыстарына көптеген балалар тегін жолдамамен барып демалды. Кәсіподақ жұмысы кеңшар директорларымен салыстырғанда әлдеқайда жеңіл, жауапкершілігі де, ауыртпалығы да жоқ жалқаулыққа үйрететін жұмыс болып шықты. Үш-төрт жылға дейін не істерімді білмей, ерігіп біртүрлі болып жүрдім де, артынан бұған да үйренуге тура келді. Кәсіподақта жүріп те Нығыметжан Есенғаринмен тағы кездесудің реті келді. Қазақстан кәсіподақтар съезіне алгашқы делегат болып барғанымда съезге Назарбаев, Есенғарин қатынасты. Ол кезде Нығметжан ағамыз - Премьер-министрдің бірінші орынбасары болатын. Ағамызбен сол жерде кездесіп, сәлемдескенімде: "Сен немене кәсіподаққа ауысып кеттің бе?", — деді. "Мен жақында осы жұмысқа ауыстым", — дегенімде, "Оның не, жаныңның тыныштығын осы бастан ойлағаның ба, әлде басқа кедергілер болды ма?", — деді. Мен балалардың ер жетіп, жоғарғы оку орындарын бітіріп, Ақтауда жұмыс жасап жүргенін соған байланысты келгенімді айтқанымда, "Сен меніңше ауылшаруашылығына керегірек сияқтысың, әлі де ойлан, менімен жолыққың келсе, кез келген мезгілде кел", — деді. Мен рахметімді айтып қалдым, одан кейін ол кісімен маған кездесудің сәті түсе қойған жоқ. Осылайша социалистік қоғамды мұратына жеткіземіз деп жүргенде, заман өз дегенін істеді. Мәселеге бойлау үшін тарихи ақиқатқа жүгіну керек. 1987 жылдан бастап жағдай кандай еді. Кеңестер одағының әміршіл-тоталитарлық жүйесі өзінің құлдырау шегіне жетті. Қаржы құнсызданып, экономикалық байланыстар әлсіреді. Қысқасы қоғамдық,экономикалык өмірдің қай саласында да дағдарыс белең алып, мұның өзі империяның күйреуіне әкеліп соқты. Бұл туралы Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаев былай деп жазады: "Коммунистік режимнің сан жылдар бойғы күш жігерімен құрылган тоталитарлық қоғам көз алдымызда және де елеулі сыртқы ықпалдың әсерінсіз-ақ ойыншық үйшіктей быт-шыты шықты. Аса қуатты державаның соншалықты тез және қайтып келместей күйреуінің көптеген себептерін айтуға болар сді. Бірақ, меніңше олардың ең бастысы, КСРО-да бастапкы кезден-ақ адамның өзін өзі үғына білуі және өз тағдырын өзі айқындау механизімінің болмағандығына байланысты. Кеңес адамдары өздерін, өз өмірлерінің, өз меншігінің, өз елінің шынайы қожайындары ретінде ешқашан да шынайы сезінбей, партиялық-мемлекеттік машинаның бұраңдасы ғана болып келді."Осының салдарынан бұрынғы Одактың жүйенің түкпір-түкпірінде демократиялық дүмпулер белең алып, ұлттық санада сілкініс басталды. Мұның бәрі жиылып келіп одақтас республикалардың ортақ одақтан қол үзіп, егемендік, тәуелсіздік алуына ұласты. Айтуға жеңіл болғанымен бұл процестер қоғамдық-саяси өмірімізде оп-оңай өте кеткен жоқ. Түрлі саяси қозғалыстар, топтар мен бірлестіктер арасындағы көзқарастар қайшылыгы, мінез шарпысулары белгілі бір өңірлерде қақтығыстар алдындағы ахуалға алып келді. Айталық, республика тарихындағы "ақтандақ" жылдарға кайта баға беру, әділеттілікті орнықтыру, ел егемендігі, тіл мәселесі, жер тағдыры, елдімекен атаулары жоніндегі пікір таластар аса өткір жағдайда шиеленісіп шешіліп жатты. Өте қиын кезеңдерді басымыздан 10 жылдың ішінде-ақ өткерген сияқтымыз. Солай бола түрса да алда жасалатын іске асырылатын қызмет түрлері жеткілікті. Соның бірі — тәртіп мәселесі дегім келеді. Біздердің кейбіреулеріміз Одақтың кезінде зәбір-жапа көрдік деп көз жасымызды көл қылғанмен, тәртіп жағы үнемі қадағаланып отырылды. Сол тәртіп дегенді қасиетті сөз, қасиетті ұғым деп түсінгеніміз жөн сияқты. Тәртіп жоқ елде бейбітшілік тұрақтамайды, бейбітшілігін жоғалтқан ел ұзақ өмір сүре алмайды. Тәртіп дегенді мен қарапайым адам есебінде әкенің — балаға, ағаның — ініге, ағайынның — ағайынға, адамның — қоғамға, қоғамның - адамға ілтипаты, сыйластығы, бірінің біріне құрметі деп түсінемін. Біздер әуелден бабалар рухын сыйлап, алдағы өмірге де бабалар өсиеті негізінде кез салып үйренген ұрпақпыз ғой. Қазір сол қасиеттеріміздің көпшілігінен қол үзіп бара жатқан сияқтымыз. Меніңше ауылдың-тозғандығы сол тәртіптердің әлсірегендігінен бе деп ойлап қаласың. Мен бұрын да баспасөзде әңгіме қылғанмын, тағы да қайталап айтуға тура келеді, біз ауыл өмірін оңдырмай ақсатып алдық, өзін-өзі басқару, өзін-өзі қаржыландыру болып басталып, ақыр соңында "жекешелендіру" деп соның қелеңкесімен миллиоңдаған адамдардың маңдай терімен жиналған мал-мүліктер жекелеген жебірлердің қалтасында кетті. Қорытындысында, адамдар жұмыссыз қалды. Бұл олқылықтың орнын қалай қармансақ та әлі де 10-15 жылсыз қайтадан қалпына келтіре алмайтын сияқтымыз. Соңдықтан да бүған үлкен әрекет жасаумыз керек. Мұндайда өмірден алған тәжірибесі мол, зиялы жасы үлкендердің ақылын пайдаланса дұрыс болар еді деген ойдамын.Осы жерді ашып айтуға тура келеді. Елуден, алпыстан асқаннан кейін адамдар ақыл иесі бола бастайды. Бұдан – елуден асқан адамның бәрі мықты ақылды болады деген сөз шықпайды. Солардың ішінен оқыған тоқығаны көп, өндіріс басқарған, ел басқарған, тұйыққа тірелген кейбір қиындықтардан алып шыға алатындарын әңгімелеп отырмын. Мұндай тәжірибе әуелден бар, мұсылман елдерінен басқа халықтарда да болаған. Ежелгі римдіктер адам алпыстан асқанда ғана кемеліне келіп, ақылы кенге айналады деген қорытынды жасаған. Сол себепті, олар жасы алпысқа келген адамдарды ғана ел билеугс қойған. Тіпті, патшаны да жасы алпысқа келгендердің ішінен қоятын болыпты. Бұл жағдай бізге де таңсық емес. "Алпысқа келген — ақыл иесі" — деген пікір әу бастан бар емес пе? Қазір біздің қоғамымызда мынадай жағдай қалыптасып келеді. Ол қоғамдағы жастар жасы үлкендерді "не біледі дейсің?" деп бөле қараушылық. Жас жігітті басшы қойғаннан кейін олар жасы үлкен жақтарын ығыстырудың жолдарын ойластырумен болады. Өткеннің тәжірибесіне, көпті көрген аға ұрпақтың ақылына, пысқырып та қарамайды. Қателіктің көбі, тәртіптің әлсіреуінің төркіні — осында ма деген ойға келесің. Менің пікірім екі ұрпақты қызметке қатар пайдаланып, бірінің бай тәжірибесі мен білімін, екіншісінің күш-жігерін ұштастырып, ынтымақты бірлік жасалынса, алда біз жеңбейтін қиындық болмас еді.Әрине, елдің ішіндегі барлық қозғалыстар да, ұсыныстар да заңмен реттеледі. Бұл орайда қабылданған заңның да жүректен шығуы лазым.Мысалы, ҚР-ның "Қазақстан Республикасындағы Еңбек туралы" Заңын әңгімелегенде, соның бір бабында: "Кез келген еңбек адамын өзінің жасасқан еңбек шартының мерзімі біткесін жұмыстан шығаратынға құқы бар делінген". Бұл сөйлемнің астарында нендей мән жатқанына заң шығарушы органдарымыздың, депутаттарымыздың қалай назар аудармағаны түсініксіз. Заңның осы бабы басшылыққа алынып, жұмыстан кемшілік жібермесеңіз де, шартта көрсетілген мерзімің біткесін қызметіңнен босатыласың, орныңа бастықтың өзі үнататын адамдары қабылданып жатады. Адамдардың, ұлттардың, өркениеттердің арасын жымдастыратын жаңа әлеуметгік тәртіп кешеуілдеумен келеді. Кім күшті - сол билейтін өктемшілдік мәдениеттің кім әділетті болса, соның сөзі отетін бейбітшілік мәдениетіне қалай алмасатындығының тетігі олі жасақталынбағаңдықтан заң да күштілердің ығына жығылатын сияқты. Әрине, мұңдай кемшіліктер таяу уақытта түзелетін болар, оның ссбебі, біздің қоғамда жағдайды осылай жан-жакты талдап, оны түзетудің тиімді жолдарын қарастыруға тәуекелі тұратын салиқалы сарапшылдық, өтпелі кезеңнің қырық құбылмалы қиындықтарынан қалыптасып отырған жағдайдың ырқына жіберіп қоймай, ақылға сыйымдылық ауқымында ұстап отыра алатын саяси шешімділік пайда болды.Мәселен, "Тікелей инвестицияны қолдау туралы" Заңның жасалуына байланысты біздің облысымызда шетелдердің инвесторлары көптеп келіп, өндірісімізді дамытып, экономикалық жағдайымызды көтеруге септігін тигізуде. Осы Заң 1997 жылы ақпанда шыққан еді. Осыған байланысты біздегі инвесторлар түгелдей мұнай өнімдерімен айналысуда. Мұнай өзімізден өңдірілгенмен бағасының өсуіне күн сайын куә болып отырмыз. Мұның себебі, мұнай мен мұнай өнімдері әр түрлі салықтармен басып тасталынып отыр. Сондықтан, мұнай өндірушілерге мұнайды шет елге шығару әлдеқайда пайдалы. Соның салдарынан, өзіміз де мұнай өнімдерінен тапшылық көрумен келеміз. Сонымен қатар, мұнай өнімдері зауыттардан тікелей сатылмайды, олар міндетті түрде бірнеше сатылы делдалдар арқылы сатылады. Соңдықтан да азды-көпті халықтың әлеуметтік жағдайын жеңілдету үшін жанар-жағар майдың сапасын арттырып, оны арзаңдатып беретін мезгіл болган сияқты. Облыс халқы "Қазақойл" ұлттық мұнай компаниясының облыс қалаларына жанар-жағар май станцияларын, оның ішінде Ақтау каласының өзінен бірнеше жерден салып бастаған: "жанар май зауыттан тіке келетін болды, арзанға бензин, солярка алатын болдық", — деп "Қазақойл" компаниясынан көп жақсылық күткен болатын. Станциялар да салынып бітті, бірақ жанар-жағар майлардың бағасы бұрынғы май бағасымен бірдей болып шыға келгенде куанышымыз су сепкендей басылды.Кемшіліксіз жетістікке жету мүмкін емес, жетістіктеріміз көп. Облысымыздың экономикасы Қиынов Лязаттың ұйымдастыру қабілеті арқасыңда соңғы екі жылдың ішінде қатты көтерілді. Жұмыссыздардың саны азайды, зейнетақы, жәрдемақылар, жұмыс адамдарының жалақылары мезгілінде берілетін болды. Облысымыздың қара шаңырағы - Маңғыстау ауданына қашықтығына қарамастан, табиғи газ жеткізілді. Қалалардың ішіндегі асфальт жолдар қайтадан төселінді. Көптен оңдау көрмеген үйлердің іші-сырты жаңартылды. Облыс халқының көніл-күйі көтерілді. Жетістіктеріміздің барлығы еліміздің тәуелсіздігінің арқасында мүмкін болып отыр. Баршамыздың бүгінгі басты міндетіміз - ел тәуелсіздігінің нығая түсуін, көк байрағымыздың бейбіт аспанда желбірей беруін, ұрпағымыздың амандығын сақтау екендігін есімізден шығармағанымыз жөн. Ауызбірлік болып, түтініміз бір жерден шықса, біз алмайтын асу жоқ дегім келеді.