ВЕРНУТЬСЯ

(Алғысөз орнына)«Жұлдыз» журналының қара шаңырағында қызмет атқарған ширек ғасырға жуық уақыт белесінде әдебиетті төңіректеген жазушы- оқушысы бар, талай адам көз алдамыздан өткен екен. Ағын судай сырғып өте шыққан елес сияқты, көбінің таңертең көрсең, түске жетпей түсін ұмытасың. Бір көргеннен жарқ етіп жүрек түбі, көңіл төрінде бедерленіп бекіп, қалатыны некен саяқ. Сол аздың бірі һәм бірегейі маңғаз басып Маңғыстауда жүрген марқасқа ағамыз - Бектұр Төлеуғалиев десем, үстеме қосып әсірелеп айтқаным бола қоймас.Бектұр ағамен әуелі сырттай таныстым. Бірден тәнті болдым, пайым- парасатына. Ұмытпасам,  90-жылдардың соңы шығар деймін. Олжастың ой қазанында ұзақ қайнап дүниеге келген әйгілі туындысы «Таңбалар тілінің» Римде басылып шығып, елге тарап, зиялы қауымның қолдан-қолға тигізбей жапатармағай оқып дүрлігіп жатқан кезі. Ұлы ойшылдың тіл мен адамзат мәдениеті тарихын қырық құлаш тереңнен қопара зерделеген бұл іргелі шығырмасы шын мәнінде ғасырларда бір туар, арысы әлемдік лингвистикиға,бергісі түркология ғылымына олжа салған кемел туынды еді. Осындай дәуірлік еңбектің төл топырығымызда тууы ғылым үшін, жалпы қазақ өркениеті үшін үлкен мерей екені даусыз. Бірақ біз мақтана алмадық. «Көрмес түйені де көрместің» күйін кештік. Жайшылықта болмашыны жалаулатып, «ойбай, сенсация фурор. Міне, ғаламат!» деп жар салып жарылып кете жаздайтын баспасөз де, маман ғалымдар да, өресі жетпеді ме, әлде өзге себебі болды ма, әйтеуір ауыздарына маржан толтырып тым – тырыс үнсіз қалды. Біз өз тарапымыздан қалың оқушыла шет – пұшпақтап болса да жете берсін деген ниетпен «Таңбалар тілінің» алғашқы тарауларын жазушы Сайын Мұратбековке аудартып, «Жұлдыздың» екі санына басқанбаңыз. Көп өтпей Ақтау қаласынан қалың конверт келді. Бектұр Төлеуғалиев деген автордың «Таңбалар тілі» туралы жолдаған пікір –хаты. Көлемді мақала. Анау – мынау маманның тісі бата бермейтін күрмеуі қиын күрдклі зерттеуді жан – жақты талдап, байыпты пікір айтыпты. Сөзі нық, ойы дәйекті. Төселген қалам машығына қарап, бұрын аты – жөні таныс болмағандықтан, осы салада еңбектеніп жүрген зерттеушілердің бірі болар деп топшылағанмын. Сөйтіп, бүкіл Ғылым академиясы қалғып – мүлгіп отырғанда сонау Маңғыстаудың маң даласында жатқан Бектұр Төлеуғалиев деген қазақ «Таңбалар тілі» туралы ағынан жарылып айғайлап тұрып елден бұрын пікір айтып еді. Қалың қазақтың сүйінші сұрағандай, шын тебіреніп сүйінішін білдіріп еді. Бекеңнің аты – жөнімен алғаш осылай қауышқанмын. Журнал  шығысымен бір күні қоңырау шалды. Әдетте «Жұлдызда» алғаш көрінген авторлар алғысын үсті – үстіне жаудырып, сөлескенде елбелектеп кететін. Бұл кісіде ондай жоқ. «Жіберген кішкентай бір мақаламды басыпсыздар, оларыңыз дұрыс болған екен» деді де басқа бір бұйымтайға көшті. «Осындағы бір баланың шаруасын орындай алмай ұятты болып тұрғаным, - деді қиналыңқырап. – Тоғызыншы сыныпта оқиды екен. «Таңбалар тілінің» «Жұлдыздағы» үзіндісін оқыпты. «Толықтай оқығым келеді. Кітапты тауып беріңізші» - дейді. Өзі бір болайын деп тұрған бала екен. Нар сұраса да ұстата салар едім, кітаптың қолымда болмай тұрғаны. Дүкенге де, кітапханаға да түспепті. Сіздерден қандай жәрдем бар? Егер табылып жатса поштамен салып жіберіңіздер. Ақшасын бірден жіберемін!» Айдаладағы бір баланың өтінішін жерге тастамай үлкен басымен осынша әбігерге түскеніне таңқалдым. Мынау қатыгез, жатбауыр заманда сирек кездесетін мінез. Осы бір елеусіз әрекеттен – ақ Бекеңнің болмыс – бітімін танып білгендей бодым. Менің көз алдымда ешкімді жатырқамайтын, жақсыны бауырына тартып, соның жолында жаны жапырақ боп жүгіретін ақеділ, ғазиз жанның асыл бейнесі тұрды. Жүрегім алдамапты. Кейін телефонмен жиі хабарласып тұрдық. Әр сөйлескен сайын осы сенімім беки түсті. «Кісі сөйлескенше, жылқы кісінескенше» демекші, бет – жүзімді көріспесек те бір риясыз бауырмалдық сезім шым – шымдап тартып, арамызды жақындастыра бергендей. Журналдың жұмысы қашанда қарбалас. Әсіресе баспасөзге жазылу науқаны барысында қызылтану боп жатамыз. Бұрынғыдай тиражыңды иек қағуымен жасаттырып, жетпеген қаржыны бюджеттен бөліп беріп, әлпештеп отыратын Үкімет жоқ, нарық заманының қатал заңы өз күніңді өзің көр дейді. Осындай жан қысылған сәтте қазан құлағын ұстаған басшы мен байларға алақан жаясың, жанашыр азаматтарды жағаттайсың. Сөйтіп, Маңғыстау облыстық қазақ тілі қоғамын басқарып отырған Бекеңе де амалсыз өтініш айтуға мәжбүр болғанбыз. «Жұлдыздың» бұйымтайынан садаға кетпеймін бе. Менің қолымнан келетін шаруа болса, аянбаспын!» деп бірден елп ете түсті. Жасының егделігіне, денсаулығының сыр бере бастағанына қарамастан, алажаздай аптап ыстықта ақ тер – көк тер шапқылап жүріп алақандай Маңғыстаудан мыңға жуық тираж жинады. Екі күнде бір телефондап, дәл бір міндетті адамдай есеп беретінін қайтерсің. Ақы – пұлсыз, қара басына қара бақыр пайдасы жоқ жұмысқа қызылтабан боп осылай ебіл – дебіл жүгірген  адамды қайдан көрдіңіз?! Бекең әлі күнге дейін сол әдеттен жаңылмай өзінің сүйікті «Жұлдызы» үшін майлық – сулық боп қызмет атқарып келеді.Алматы мен Ақтаудың арасын телефонмен күнара жалғастырсақ та жүздесудің сәті бірер жылдан соң бір – ақ түсті. Алматыға емделуге келгенін естіп емханаға іздеп барғанмын. Ортаншы ұлым – Валодя інім екеуі бір палатада оңаша жатыр екен. Көрген бойда көп жылдан кейін сағыныса табысқан ағалы – інідей құшақтарымыз айқаса кетті. Сол көңіл, сол ықылас әлі күнге суыған емес. Менің алдымда кеудесін шалқақ ұстап, шымыр денелі, ақ жүгірген сұйқылтым шашын шалқайта қайырған, ақсары өңді ажарлы кісі тұрды. Аялы, қоңырқай көздері ұшқындай бетіңе тіке қарайды. Ішіңе дүрбі салып сұқтана үңілген жабысқақ көз емес. Жұмсақ, мейірімді. Кең ашылған жанарының айнасында бүкіл жан дүниесі жарқырап менмұндалап тұрғандай. Аман – саулықтан кейін: «Абай айтпақшы, бұрынғының – артымыз , бүгінгінің қартымыз. Ескі машина сияқты біз де тоздық қой, аздап ремонтталып алмасақ болатын емес», - деп бүгін – ертең операцияға жатқалы отырса да сырқатынан сыр бермей жадырай күлді. Бекең, әуелгіде өзімше тұспалдағандай,  ­­әдебиет пен лингвистика ғылымын індетіп жүрген зерттеуші емес, мүлдем басқа саланың адамы болып шықты. Мамандығы – инеджер – экономист. Ал әдебиетке деген құштарлық көкірегіне ана сүтімен дарып, бала күнінен жүрегіне байланғанұлы аңсары болса керек. Ат жалы – түйе қомында күнделікті арпалыспен біраз ғұмыры өтіп кетсе де сол арман бәрібір қолынан жетелеп Музаның төріне алып келіпті. Әңгімешіл. Қоңыр даусын соза асықпай баптана сөйлеп, қозғағанда сонау бағзыдағы шумер, Элладаға дейін аттың басын жіберіп – жіберіп алады. Ел – жер тарихына келгенде жорғадай жорғадай төгіліп еркін көсілгенмен, өзі туралы айтуға сараң. Суырпақтап сыр тартпақ болғанымызда: «Шырағым, ел қатарлы тірлік қой, ауыз толтырып айтарлықтай не тындырды дейсің. Біраз жыл партия, кеңес қызметінде болдық, одан қалды совхоздың шаруасымен шапқылап жүргенде, қайран өмір өтіп кетіпті ғой...», деп күрсіне қысқа қайырудан арыға бармады. Мұнысы мақтануды жаны сүймейтін сырбаз, сахи адамның кішік мінез сыпайлығы шығар. Әлде үлкен шаруашылықты басқарып, көрнекті қайраткер дәрежесіне көтерілсе де, сол өмірін қанағат тұтпай, «әтттең – ай, бәрін жиып тастап, әуелден осы жазудың жолына түскенімде, ендігі біраз жерге барар едім ғой» деген шынайы өкініш пе? Әсілі, соның екеуі де болса керек. Өзі тіс жарып, ішін ашпағанмен, ол жайлы біраз сырға өзгелер арқылы қанықтық. Бекеңмен тонның ішкі буындай жақын араласып, сонау қиандағы совхозды басқарған жылдарындағы ерлікке пара – пар қажырлы қызметіне куә болып талай рет гәзеттерге мақала жазған белгілі журналист Ә.Спанов, профессор А.Айтқұлов, А.Өтегенов т.б. өздерінің естеліктерінде жазушының өмір жолы жайлы көптеген мәліметті көлденең тартып әсерлене тоолғанады.Бекең тарихта “Ұлы Отан соғысы” деп таңбаланған ұлы зұлмат тұсында дүниеге келіп, сол зобалаңның бүкіл қайғы-қасіретін басынан өткерген жанкешті, қамкөңіл ұрпақтың өкілі. Әкенің нұрлы жүзін, аялы алақканын көрген жоқ.  “аузын ашып сүйген, көзін ашып көрген”, отының басы, суының тұнығы жалғызының қаз тұрып қалтаңдап тәй-тәй басқанын көрместен қайран әке майданға аттанып еді.  Төрт жыл етігімен қан кешкен Төлеуғали Қартқожаұлы 1944 жылы мамырда Варшава қаласында қаза табады. Қазір ол кісінің есімі Варшавадағы обелискіде жазулы тұр. Заманның тауқымет азабын көппен бірге көре жүріп ержетіп, етек жапқан балаң жігіт тіршілік күйбеңімен етекбасты боп отбасы, ошақ қасында қалып қорйған жоқ. Талабы өрге сүйреді. Мектепте оқып жүріп қысқа мерзімдік шоферлік курсты қоса тамамдаған талапты жас біраз жыл өзі туып-өскен Тұщықұдықта механизатор болып істеді. Күш-қайраты бойына сыймай тасқындап тұрған жігерлі жас нендейц істі  болмасын шырқ үйіріп әкететін алғырлығымен, адал да принципшілдігімен бірден көзге түседі. Еңбек жолын “Амангелді” колхозында механик боп бастаған ол сатылап өсіп, аз уақыттың ішінде біраз лауазымды қызметтің басын қайырады: жиырма екі жасынан бастап табандатқан он алты жыл бойы “Октябрьдің 50 жылдығы” , “Куйбышев ” , “Ералиев” совхоздарында бас инженер болып істейді. Одан бергі уақытта аталған шаруашылықтардың партком хатшысы, директоры қызметтерін атқарып, Маңғыстау аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушісі, Маңғыстау облыстық ауылшаруашылық қызметкерлерінің кәсіподағы комитетінің төрағасы лауазымына дейін көтерілді. Шаруашылықтың біраз сатысында тәжрибе жинақтап әбден ысылған, кәнігі маман ретінде Бекеңді 1980 жылы аудандық партия комитеті  “Октябрьдің 50 жылдығы” атындағы совхозды басқаруға жібереді. Бұл бір басшы құтаймай, шаруашылығы шатқаяқтанған қиырдағы совхоз болатын.  Бекең осы шаруашылықты табан аудармай он бір жыл бойы басқарды. Айтты-айтпады, осы кезең Бекең үшін жұлдызды жылдар болғаны анық. Білікті маман, іскер бьасшылық қабілетін танытып, сан қырынан жарқырап көрінді. Майталман басшының шаруашылық басқарудағы һәм ауыл мәдениетін көтерудегі бұл озық тәжрибесі 1988  “Дербестік және жауапкершілік” деген атпен  “Қайнар” баспасынан жеке кітап боп шығып, бүкіл республика көлеміне насихатталды. Бұл айтқандарымыздың барі Бекеңнің азаматтық, қайраткерлік келбетін танытатын қадау-қадау мысалдар ғана. Десек те, Б.Төлеуғалиевті қалың елге мәшһүр еткен оның жазушылық өнері. Бүгінде басшы Төлеуғалиевті, қайраткер Төлеуғалиевті біреу білсе, біреуі біле бермес, ал қаламгер Б.Төлеуғалиев есімі көзі қарақты қаймана қазақтың көбіне таныс. Бәкең әдебиетке кездейсоқ келген жоқ, ол әу баста жазушы боп жаратылған жан. Ойы ұшқыр, санасы сергек. Тек орнығып отырып қалам ұстауға ат үстіндегі қым-қуыт қарбалас тірлік мұрсат бермеген сыңайлы. Хатқа түсірмгенмен оқып түйгенін, көне көз қариялардөан естіп-білгенін шырғасын шығармай көкірегіне қаттай берсе керек. Сол қордалы қазына сарқырап ағар бұлақтай көзі ашылар сәтін күтіп жатыпты. Бұрын қазақ, орыс тілдерінде тиіп-қашты мақала, суреттемелер жазғаны болмаса, Бекеңнің шегеленіп отырып қаламға ден қойғаны соңғы он жылдың аржақ-бер жағы ғана. Өткен жылдардың есесін толтырғандай қарқындата жазып, түйдек-түйдегімен үш бірдей кітапты дүниеге акелді. Үшеуі де көлемді роман-эссе. Тарихи деректер мен ел аузындағы аңыз-әфсананың ара-жігін әдемі қиюластырып, алтын зердей көркем сөздкен кесте төгеді. Алғашқы қомақты туындысы – «Балдағы алтын ақ болат» Махамбеттің өміріне арналған Махамбеттің тағдыр-тарихы-біршама игерілген тақырып, жаңадан бірдеңе айтам деу қиындау. Әйткенмен жазушы ескі-сүрлеуге түсіп қайталауға ұрынбаған. Жалпақ жұртқа онша мәлім емес еміс – еміс ел жадындағы әңгіме-деректерді уақиға желісіне көптеп қиыстыруға тырысыпты. Түйенің құмалағын найзамен шаншып жауынгерлік іске машықтанып жүрген жас Махамбеттің ханның алдынды қасқайып сөйлеген хас батыр болғанға дейінгі өсу эволюциясын  айшықты тілмен нанымды суреттейді.  Қазақ тарихы – ерлікпен елдіктің тарихы, жаналып, жан берген қиян-кескі шайқастар тарихы. Туған жердің ұлтарақтай пұшпағын қорғап талай баһадүрлер шыбын жанын шүберекке түйіп, толарсақтан қан кешкен. Көкбөрідей шайнасқан жұлымыр заман не бір даңықты ерлерді тарих сахнасына шығарғаны мәлім. Түн қатып, түс қашып қанды жортуылда тебінгісі терден шіріген кемеңгер көсемдер мен батырлардың ерлігін халық ғасырлар бойы жырға қосып, жадынан өшірген жоқ. Отандық тарихта он сегізінші ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы жоңғар  шапқыншылығына қарсы күрестің маңызы айрықша зор. Бұл шын мәніндегі Отан соғысы еді. Қазақтың тағдыры қыл үстінде тұрды. Ары қарай ел болама, әлде ұлы-құл, қызы күн болып, дұшпанының бодауында жұтылып кетеме деген қауіп шындап төнген. Міне, осы тұста дүр көтеріліп атқа қонған байтақ даланың баһадүрлері бір тудың астында табылып, асқан ерліктерімен өшпес даіңққа бөленді солардың бірі -  Қабанбай, Бөгенбай, Маплайсары сияқты аруақты ерлермен қатар найзасын жауға тіреген Шотан батыр Назар ұлы болатын. Өкінішке орай, осынау ұлы тұлға көп уақыт тарихшыларымыздың назарынан тыс қалып келді. Ешл аузындағы қисса-дастандарда аты дәріптелгені болмаса, ресми танылып, отандық тарихтан өзінің лайықты бағасын алі алған жоқ. Жазушы Б.Төлеуғалиеа «Бас сардар» аталатын шығармасында осы олқылықтың орнын толтыруға талпыныс жасапты. Шотан Жоңғарға қарсы соғыста Әбілқайыр хан қосынының бас сардары болыа қол бастап небір жан алқымға тірелегн тығырықтан ақыл – ерлігімен жол тапқан даңқты баһадүр , Бұланты, Аңырақай шайқастарының қаһарманы. Қалай асқақтатсақта сиып тұр. Бірақ жазушы кейіпкерін эпостық батырларша құр қызыл сөзбен дәріптей бермей, оны үнемі іс-әрекет  үстінде көрсетеді, кісілік сыр – сипаттын әр қырынан айшықтайды мысалы :  «Шотан бастаған адайдың 600 жігіті қалың қамысты жапырып кележатқан құйын сияқтанып, жаудың орта тұсының ұйпа- тұйпасын шығарды. Анда –санда шұбардың шапшығаны мен үст індегі Шотанның қылышының оңды-солды жарқылы қайта –қайта көзге түсумен болды. Оның жау ортасын жарып шығып, оң қапталға көзінің түсе бергені сол еді, есікпен төрдей жерде Бөкенбайдың ту сыртынан желкеден көздеп, найза ұруға жақын қалған еңгезердей қалмақты байқап қалған Шотан шалт  қимылыменен қолындағы найзаны одан бұрын атты. Шотанның  қарулы қолынан атылған найза бұрын тиді, қалмақ лақтырып үлгере алмай, кеңірдегіне шаншылған найзадан өкірумен барып атынан құлады.Сонда аған барып Бөкенбай Шотанды қөрді. Құлаған қалмақтың кеңірдегіне қадалып тұрған найзасын күшпен суырып алғанда мойнын қолымен басып қорылдаған қалмақ тірі күйінде қала берді...»« ... Шотан бастаған Адай жасақтарының жүрген жерлері жайрап қалып жатты. Күн бесінге таянғанда құалмақ қолдары бытырап, бөлек-бөлек қаша бастады. Осыны байқаған қалмақ қолының негізгі бөлігін қоршауға алды. Көп ұзамай қоршаудан он-шақты қалмақ жауынгері шығып жандарын қалдыруды өтініп, сауға сұрады. Шотан Абылайға қарады. Абылай Шотанға:«Жауды жеңген сіз, билік жеңген адамның қолында болуға тиімті. Сондықтан шешімін өздеріңіз, Ералы сұлтан екеуіңіз айтасыздар. Біздер сіздердің алған шешімдеріңізге ризамыз» - деді. Осы үзінділерден Шотаннның ерлік қимылдарымен қоса, үлкен аолдындағы кішік мінезін, ізето – ибасын танып-білеміз һәм хан Абылайдың ризашылық пейілінен – ақ батыр бейнесі одан ары асқақтай түседі.Қазір қазақ даласында ру аралық жаппай бәсеке басталып кеткені жасырын емес. Әр ауылда бір – бір әулие. Бұрын ауызда қақпақ, төбеде тоқпақ боп айтылмай келгені болмаса, одан асқан баһадүр, одан асқан әулие жоқ екен. Ең тамашасы, осы күнгі ат үстіндегі қаратаяқтар мен дүмі мықты байлардың бәрінің ата – бабасы, нағашы аталары, қайын жұрттары ... шетінен ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен боп шықты. Қалам ұстаған түлкіқұрсақ көгенкөздер соларды бір – бірден «приватизациялап» алып, бірінен бірі асыра том-том ғұмырнама жазу үстінде. Кешегі тоқымы кеппеген барымташы бүгін батыр, ауыл-үйдің сойыл соғыры – ұлт қаһарманы... тоқта, бәлкім мұнымыз ұшқары айтылған байлам болар. Бел асып кеткен бұлыңғыр баба тарихтың кіндігін кескен ешкім жоқ. Хатқа түскеннің өзі де қағида емес, белгілі бір көзқарас ұстанған жеке адамның әлеуметтік индивид ретіндегі субьективтік пікір-әсері, түсінік-пайымы. Сондықтан бүгінгі сөздің бәрі долбар. Тарих ғылымынан гөрі өнерге қоңсылас. Айта біл, дәлелдей біл. Қисынды сөз ғана шындықтың жоралғысына жүрмек. Айтты-айтпады, қаптаған  хан-нама, баһадүр-намалардан балалап өрген қалың батыр мен болған бір-бір жотаның басына барып қонжиып алды. Күндердің күнінде оларға жота жетпей қала ма деп қорқасың.Бекеңнің «Адай тарихы сыр шертеді» роман-эссесін қолымызға алғанда, «Япырай, рулар бәсекесінің бәйгесіне бұл ағамыз да ат қосты ма?» деген күмән қылаңдап көкейімізде кеөлденеңдегені рас. Қуанышқа орай оқи келе ол күдігімізден айықтық. Жазушы басқа тараптан басқа із кесіпті. Қазір көптеген ру «тарихшылары» өз ата-тегін таратқанда Адам-ата, Хауа-ананың ар жақ-бер жағынан қайырып жүр. Мұндай рекордтық көрсеткіштен кейбір Адай шежірелері де құралақан емес. Т.Жаңбыршин қария айтқандай, олар адайлардың тегін біздің дәуірімізге дейінг V-VI ғасырда Каспий сыртын мекендеген «дайлардан» , «дахтардан» шығарып, парсы патшасы Кир екіншінің басын қан толтырған меске салып, еліне жіберген массагеттердің патшасы Томиристі «біздің апамыз, адай екен-мыс» деп әңгімені ары қарай ертегіге айналдырып жібереді. Б.Төлеуғалиев  осы сүрлеудің сорапбымен кетпей, көптеген архивтерді атқарып, көз майын тауыса іздену нәтижесінде басқаша қисынға жүгінеді. Қазіргі адайлардың түп атасы – Адай батыр дегенге атбасын тіреп, сол тұжырымын тиянақты дәйектермен дәлелдейді. Романның бас кейіпкері Адай батыр – нақты тарихи тұлға, Қазақ ордасының шаңырағын көтерген Керей мен Жәнібек ханның ту ұстаған батыры. Оны заманның өзі туғызған. Жастайынан ел тағдыры сынға түскен небір күрмеуі қиын уақиғалардың қайнағанортасында жүріп ширап, шыңдалып өсті. Дара бітім, даналығымен көзге түседі.   Кейіпкер өмір жолы арқылы қазақ тарихына тікелей қатысы бар арғы-бергі оқиғалар кеңінен сараланып, қызықты баяндалады. Әсіресе кітаптің негізгі екі бөлімі тартымды оқылады. ХІІІ ғасырдан бастап Бұрындық, Хақназар хандарға дейінгі кезеңді қамтитын бұл тарауларда сан қырлы оқиғалар адай тарихымен сабақтаса өрбіп отырады.Керей мен Жәнібек Көкорда  билеушісі Әбілқайырдан ірге бөліп, қазақ ордасын құрғаны мәлім. Осынау тарихи кезеңде Адай батыр өзінің қосынымен Жәнібектің қасынан табылып, жаңа ұйысқан қазақ мемлекетінің шаңырағын  көтеріседі. Қанды балақ, шұбар төс Әбілқайырдың іргелі бір ұлысты оңайшылықпен уысынан шығара қоймасы белгілі. Айлакер, әккі билеуші тіс-тырнағымен жабысып жанталасып бағады. Осы тұста жалпақ жұрттың Керей мен Жәнібектің айналасына ұйысуының мән-маңызы зор екенін елден бұрын түсінген Адай батыр ақ найзаның ұшы мен де, ақыл-парасаттың күшімен де айрықша қажыр-қайрат, көрегендік танытады. Кекжигеннің басын идіріп, тірескеннің тізесін бүктіріп, қан майданда қасарысқан жауының кеңірдегіне найза тіреген жойдасыз ерліктерімен қатар оның ел арасында ара ағайын боп жүріп, қасты дос қылы білетін саяси шеберлігі,  дипломатиялық даналығы осы сөзімізге дәлел. Автор шығарманың өн бойындағы оқиғаларға өз қиялынан ештеңе қоспаған. Тарихи деректермен қоса ел жадындағы әңгімелерді жаңғыртып әдемі қиюластыра білген. Мәселенки, парсы саяхатшысы Әл-Ибн Бахуридің «Алғашқы қазақтардың бірігуі» атты жазбасында: «...Сол кездегі ұрыстың немесе басқа да келіспеушіліктің өте қиын тұстарында Жәнібек хан үнемі шешілмей тұрған түйінді шешуге, жеңілмей тұрған жауды жеңуге Алшынның Адайын жұмсап отырыпты» деуі осынша ерлік жасаған жанның ойдан шығарылған аңыз емес, нақты тарихи тұлға екеніне оқушының көңілін иландырып, сенімін шегелей түседі . Біздің бұл қысқа қайырған қадау-қадау шолуымыз мол табыспен жетпістің мерейлі биігіне қадам басқан көрнекті қаламгердің көкірегіндегі қордалы қазынаның шым-шымдап сыртқа шыққан шет-пұшпағы ғана. Кемеріне толып, кемеліне келеген асыл ағаның алдағы уақытта алі де талай құнарлы туындылармен ел-жұртын қуанта беруіне Алла тағала нәсіп еткей деп тілеймін.         Тұрысбек Сәукетай, Жазушы,.                  «Егемен Қазақстан»  30 желтоқсан 2009 жыл.