ВЕРНУТЬСЯ

Қазақстанның тәуелсіздік алуы өткен ғасырдың соңғы жылдарына тиесілі  болса, қалыптасудың  күрделі  алғы шарттары ғасырлар тоғысына тап келді. Әр мәселеде айтылған  сан алуан  пікірлердің  бір арнада тоғысуы, сан алуан қиялдардың бір мақсатқа жұмылуы оңай болған жоқ. Алмағайып кезде Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлі Назарбаев ел тізгінін қолына алып, жолайрықта тұрған халқын жарқын болашаққа жеткізер  даңғылға  бастады.  Тар жол тайғақ кешуден елін аман алып өтті. Осынау бір сын сағатта Елбасымыз  басты  бағыттарға парасатты түрде таңдау жасап  сенімді түрде  қадам басты. Сөйтіп тұңғыш қазақтан шыққан Президент Н.Назарбаевтың тікелей көрегендігінің арқасында Қазақстан табысқа жетудің төте жолына түсті.Жиырма жылдың ішінде қазақ елі адам танымастай өзгерді. Тарихта көрсетілгендей, қандайма болмасын жас мемлекеттер жетісіп кетуі үшін кемінде 50 жыл уақыт керек болса, Қазақстан 20 жылдың ішінде адам танымастай өзгеріп, экономикалық дамудың жоғары сатысына шығып отыр.Әр ұлтта өзінің тілі мен мәдениетін, ділі мен дінін сақтау үшін барлық жағдай жасалған. Қазір  жүздеген ұлт өкілдерін бір шаңырақ астына тату-тәтті біріктіріп, бір мақсатқа  жұмылдырған этносаралық және конфессияаралық келісімнің  қазақстандық моделін қалыптастырып, жетілдірудегі Елбасымыздың саясаты әлем жұрты үшін жарқын үлгіге айналып отырғанын мақтанышпен айтуға тиіспіз.Тәуелсіздік туын тіккеннен бері өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріліп, халқымыз елі мен жерінің  бостандығы үшін  күрескен ата-бабалардың есімдерін ұлықтап, рухтарын ризалау парызын атқарып келеді. Оларға ас беру, бейіттерінің басына кесене-мазар орнату, ескерткіш тұрғызу секілді есімдерін мәңгі есте қалдыру шаралары халықтың жадын жаңғыртып, рухын асқақтататын игілікті істер деп түсінеміз.Республикамыздың 20 жылдығына байланысты халықтың ұмытылмас тұлғаларының бірі, жоңғарлармен шайқаста қазақ жерін қасықтай қаны қалғанша қорғаған – Әбілқайыр ханның ақылшысы және әскербасы болған халық батыры  Назар Жарыұлы Құлсары кентіне жақын орналасқан Бақашы жерінде жерленгені тарихтан белгілі. Сол даңқты батырдың жерленген орны жоғалып кетуге айналғаны көптен әңгіме болып келген еді. Елдің көкірегінде  күні бүгінге дейін сақталып келе жатқан ұлы тұлғаға Атырау, Маңғыстау азаматтарының ұйғаруымен ескерткіш-мазар орнатылмақшы.Назар Жарыұлы 1674 жылы Әзіреттің Алатауының Қазығұртқа қараған беткейін жайлаған Адай ауылының белгілі батыры Жарының шаңырағында дүниеге келген. Назар жас кезінен ат жалын тартып мінген мезгілінен бастап елін жаудан қорғауда көзге түскен. Ол ержете келе әрі батыр, әрі би, халқының алдында үлкен беделге ие болған тұлға. Адай тайпасында Қыдыр көрген үш Назар  бар деп айтады. Олардың бірі осы Жары Назар, Ескелді Саназар, Жаңай Қожаназар делінеді. Жары Назар Әйтеке биге жиен болып та келген және айрылмастай досы болған.1722 жылдың көктемінде  Әбілқайырдың өткізген жиынында,  туған жерді уақытша жауға қалдырып елді аман алып қалуды, ол үшін қыс  түсіп, мұз қатқасын Сырдан өтіп, малды дариядан түгелдей өткізіп, жаз шыға  қозғалу мәселесін бірінші Назар ұсыныпты. Осы бір оқиғаны «Бас сардар» деп  аталатын тарихи деректі повестімде былайша суреттеппін:«Өз үйінде оңашада қалған Назар ойдың мұхитына түсіп кетті. Әбілқайырдың айтқан әңгімесінің салмағының ауырлығын түсінді. Өткен  Қарақұмдағы жиыннан кейінгі Әбілқайырдың қимылы әлі есінен кетпепті. Өзінің ойшылдығымен, ұйымдастыру қабілетінің мықтылығымен, түйіндеп айтқанда орасан зор ақылдылығымен көзге түсіп еді-ау. «Арқар ұрандының туын Әбілқайыр көтерсін» дегенмен, шынтуайтында, Алаштың да, Арқардың да  жорық кезіндегі билігі Әбілқайырға  көшіп еді.Әбілқайырдың соғыс ісіне жетіктігінен болар, оның тапсырмасын «сен Кіші жүзденсің ғой» демей аузымен құс тістеген Орта жүздегі қанжығалы Бөгенбай, қаракерей Қабанбай, шақшақ Жәнібек, бәсентин Малалсары, Ұлы жүзде Саңырық, Райымбек, Кіші жүзде табын Бөкенбай, тама Есет, байбақты Шолан, беріш Есболат, адай Ақпан, Сабытай, Атағозы, Есекмерген, әлім Киікбай, Жаулыбай, керейт Тайлан сияқты көкжал батырлар тік тұрып орындайтын еді ғой.1712 жылғы жоңғарлармен болған бір  ұрыста адайдың бес жүз кісілік жасағын өзі бастап келіп, оң қанаттан күтпеген жерден шабуылға шығып, жоңғар қолына күйрете соққы бергені, Әбілқайырдың құшақтап тұрып: «Жарадың Назар, адайдың қара бұлтын жоңғардың басына қаптатып, тас бұршақ жаудырып жатқан кім екен десем, сен екенсің ғой» деп күлгені көз алдына келді.1715 жылы әз Тәуке дүние салғаннан кейін-ақ қазақты «басшысыз қалды» деп айтуға болатын еді. Әз Тәукенің қартайып қалған інісі Қайып та, баласы Болат та ел басқаруға қабілеттері жетпейтін еді. Әсіресе Әз Тәукенің баласы Болат ел билемек түгел, өзінің отбасына әлі келмейтін жетесіз жуас, дарынсыз адам болды. Осыны біле тұра Болатты хан сайлағаны Назардың ақылын айран қылған болатын. Назардың «әттең Әбілқайырды Әз Тәукенің орнына отырғызбады» деп өкінуінің үлкен себептері бар еді. Әйтекенің жоқтығынан билер үлкен қателікке жол берді. Олар елдің емес өздерінің бас пайдасына көшті.  Көкіректерін қызғаншақтық кернеді. Әбілқайырдың ақылдылығын көре алмады, сондықтан да төре тұқымында «тегі төмен» деген орынсыз дәлелдермен хан тағына жібермеді.«Қайран Әйтеке болғанда не қыласың, бүйтіп тығырыққа тірелмеген болар едік. Хан төре тұқымынан болсын деп шешілгенде Әйтеке Әбілқайырды таққа отырғызып, осы күндері қазақ қолдары жоңғардың басына әңгіртаяқты ойнатуы мүмкін еді» деген ой Назардың басынан шықпай-ақ қойды.Әйтекені Кіші жүз биі деп жолын кішіге санағанмен, оның тапқырлығы, шешендігі, орнықтылығы мен ойшылдығын, ақылдылығын Ұлы жүз бен Орта жүз билері Төле мен Қазыбек өздерінен жоғары болмаса, төменге санамаған. Төле мен Қазыбекке қарағанда Әйтекенің ықпалды әулеттен шыққандығы тағы бар. Ол Жалаңтөспен аталас Ақша батырдың баласы Салқам Жәңгірдің жоңғармен айқасып, жағдайының қиындап жатқан кезінде жиырма мың  қолмен келген Жалаңтөс батыр жауды жермен  жексен етіп Жәңгірдің абыройын жалаулатқанын Әз Тәуке қайдан ұмытсын.Сөйткен  Әйтеке ойламаған жерден  сиқалы болып, ұзақ ауырып 56 жасында дүниеден өтті. Әйтеке сырқос дегенді естіп көңілін сұрауға Есекмергенді, Есболай мен Сабытайды  және сырқосты емдету үшін өзінің інісі емсек Бектемісті ертіп барғаны ойына түсті. Барып жайланғаннан кейін Бектеміс Әйтекені төсегіне отырғызып, тамырын ұстап, дене мүшелерін түгелдей қарап, өзімен алып келген кітаптарын оқып көп отырыпты. Түске дейінгі ұзақ отырыстан кейін Әйтекеге қарап: «Сізге бойыңызға бірте-бірте тарайтын у беріліпті. Сырқосыңыз білінгеннен кейін бір  айдан  кешікпей ем жасағанда кеселден құтылатын едіңіз ендігі қалған бір ғана амал, сіздің қаныңызды төгіп, жас адамдардың қанын құюымыз керек. Ол үшін сіздің балаларыңыздан,  немерелеріңізден қандары сәйкес келсе қан алып пайдалануымыз керек» деп Әйтекеден рұқсат сұрайды.  Әйтеке келісімін берген.  Сөйтіп бір үйді босаттырып Бектеміс көптеген адамдардан қан алып оны тексеріп барып, ауыстыру жұмысына кірісіп кеткен еді. Қан ауыстырылып болғаннан кейін, үлкен ту бие сойдырып, терісін мес қылдыртып, сол меске төрт шелек ешкінің сүтін құйғызып,  ішіне Әйтекені төрт сағаттай жатқызып шығарғанда, қатты терлегені сондай үстінен су моншақтап ағып жатыпты. Жылы сумен үстін тазартып, таза төсекке жатқызған бойына Әйтеке ұйқыға кеткен. Сол ұйқысынан ертесіне сәскеде оянғанда тұла бойының жеңілденіп, тамаққа да тәбетінің ашылғаны байқалған. Сөйтіп,  жеті күн жатып үш рет қан ауыстырып, үш рет ешкінің сүтіне түсіргенде Әйтеке ауруынан сауыққан болатын. Әйтеке тәуір болып, қонақтар рұқсат алып ауылына қайтыпты. Жолға шыққасын Бектеміс емшіден сырқостың жайын сұрағанда: «алты ай сайын осы емді жасауға тура келеді, осылай істесе әлі де екі жыл өмір сүреді» дегенді айтыпты. Соңынан Бектеміс үш рет келіп ем жасапты, сол айтқан екі жыл өткенсін Әйтеке қайтыс болыпты.-«Өткен жиында, Әйтеке аға би болып сайланғанда, екі адамның тісін қайрап, қастығын анық білдіріп алғанын, «қап бәлем» деген сөздерін де құлағым шалып еді. Бірақ зұлымдық әрекетін көзіңмен көріп, қолыңмен ұстамағасын, мойындата алмайсың ғой» деп Назар қатты күрсініпті. Есболай Назарға қарап: «олар кімдер, қолымыздан ештеңе келмесе де біліп қоялық» депті. «Олар Әлі сұлтан, ханның ағасы Уәлібақы және Садық қожа. Құдайға күпірлік болмасын, Әйтекеге у берген тап осы үшеуі» депті Назар. «Бұл үшеуінен жақсылық күтуге болмайтын адамдар. Сол жиындағы Әйтекеге деген жаман көзқарастарын мен де байқағанмын, бұлардың малшы-жалшылары арқылы сөз тартып көру керек екен» деді Сабытай.Ой мұхитына түсіп кеткен Назар, ертеңгі жағдайды да ойлап кетті. Әйтеке кетті, айтқаны болды, қазақ елі басқарусыз қалды. Сыбан-Раптанның  келер  жылдың көктемінде  Қазақ Ордасын басып алуға даярланып жатқаны белгілі болды. Осыған байланысты ертеңгі күні  өзінің ордасында Әбілқайыр кеңесін жалғастырады. Не де болса Назар өз көңіліндегі түйткілді ертеңгі жиында ортаға салып ашық айтуды жөн көрді. Кеңеске Байұлынан Назар, Есболай, Есекмерген, Сабытай, Ақпан, Атағозы, Шотандар қатынасты. Назар қамшысын жерге тастап, тамағын кенеді. Отырғандардың көңілі Назарға ауды. Әбілқайыр «сөйлеуге рұқсат» дегендей ишарат білдірді. Жиналған көпшілікке жағалай қарап алып, Назар сөзін бастады:-«Қамшының сабындай қысқа өмірде жан бағып, мал жинаудың тәсілін ойлап бұға бермей, жиын-тойдың соңында далақтап шаба бермей, бір сәт жан-жағымызға көз жіберіп, басымыздағы арылмай келе жатқан қырсықтың сырына үңіліп, одан құтылудың жолы-өз ноқтамызды жөн білетін зерделі жанның қолына ұстатқанды жөн көремін. Енді халық бір кезде түсініп, сондай игілікті іске ұмтылған тұста көсем адам табыла ма? Егер табылса, оның соңынан халқы ере ме? Халықтың құлқы түзелгенде, бұйда ұстайтын ешкім шықпай, ондай бұйда ұстар туғанда, жұртының басы піспей, қашанғы қара шаңырақтарын қараптан-қарап жығып алып жатқан кемталай халық аз ба? Сорға батар сормаңдай жұрт сондай берекесіздікке тап болады да тұрады. Алға жүрер халқы барда, қарынның тойғаны мен иін жылтырағанына мәз болып қалғып қалған тізгін ұстарлар бақ байлайды. Сондықтан да айтарым – біз билігімізді әу бастан өзіңе бергенбіз Әбілқайыр,  сенің соңыңа ереміз.Сыбан-Раптанның хабары расқа айналып барады. Биыл іргемізді бекітіп отырып қалсақ, көктемнің басында қозғалып кету-қазақ үшін болмайтын шаруа. Елді қорғаймыз десек-жаудың табанының астында  қалудан бұрын қозғалғанымыз дұрыс сияқты. Егерде іргені қозғағанды дұрыс көрсек, қалай қозғаламыз? Қай жаққа барып табан тірегеніміз дұрыс болады?  Кіші жүз түгел бір мезгілде, бір бағытқа қозғала ма? Немесе бөлек-бөлек әр бағытты нысаналай ма? Қазірде Байұлының өзінен үш мыңдай жасақ шығарып отырмыз. Осылар бәрі бір жүре ме, әлде бөлек жүргендері дұрыс бола ма? Осылардың бәріне келісіп алғанымыз жөн, мен өз пікірімді айтып отырмын, менен басқа азаматтар не айтады,  «келісіп пішкен тон келте болмайды» деген мақал бар»,  деп аяқтады.Назардан соң сөз алған Сабытай батыр: «жерді әзірге жауға тастап, елді аман алып қалуды мен де жөн көремін. Болат таққа отырғалы қазақтың жағдайы төмендеумен келеді. «Сұмырай келсе, су құриды» дегендей екі рет қуаңшылыққа ұшырадық, жұтап қалдық. Қазақтың басшысы жоқ, ыдырауға айналған жағдайын жоңғар көрмей, білмей отырған жоқ. «Алдағы көктемде қазақты басып алады» деген сөз рас. Енді барлық қазақты біріктіріп жауға қарсы аттандыратын ханның сүдіні анау. Біліп отырып, көріп отырып халықты қырғызатын жайымыз жоқ, сондықтан Назардың ұсынысын қолдаймын» деп аяқтады.Сабытайдан соң Есет, Бөкенбай, Есболайлар сөйлеп елді қозғағанды дұрыс деп тапты. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін Әбілқайыр айтты: «Айтқандарыңыздың бәрі дұрыс. Оның ішінде елді жаудан аман сақтап қалу деген әңгіме өте орынды. Малды Сыр бойына қыстатам дегендеріңіз де жөн. Бірақ бір нәрсені қатты ескерулеріңіз  қажет, ол – қолдағы барлық күш көлікті өздеріңізде  қалдырасыздар. Екінші айтылатын жағдай – барлық Кіші жүз тайпалары, өздеріңізден  қарулы жасақ құрылатын болады. Өздеріңіізге белгілі, батыста  Еділ мен Жайықтың арасын жайлап, орысқа арқа сүйеп торғауыт тұр. Теріс  жақтарыңызда жердің тәуірін иеленіп башқұрт отыр. Күнгейлеріңізде Хиуа мен Бұхара алып жатыр. Сулы, нулы жерлерге  иелік етіп казак-орысың тұр. Осылардың ортасында орын таппай біздер қалып тұрмыз. Неде болса тәуекел, Еділ мен Жайыққа қарай ентелей бергеніміз жөн.  Қазақ пен қалмақ ұстасса, башқұрт пен түрікмен аңысын аңдап тыныш тұрады. Әзірге Жем мен Сағыз, Елекке сұғынатын үш арыс ұстап, қалың ойрат жатқан кеуде мен бөксені алты шекті мен жеті руға қалқалатып, ілгері ұмтыла бергеннен басқа жолы жоқ. Түрікмен жаққа Есенқұл, Назар, Сабытай бастаған адайды, башқұрт жақ қанатқа Бөкенбай бастаған табынды, Есет бастаған тама мен қалған Байұлыны торғауыт ұлыстарына қарай ұмсынта берген дұрыс. Адай мен табынның тентек-телісіне «Самның жәуміті мен Мұңалжардың етегіне көз алартпай тұра тұрыңдар» деп ескертіп қоймаса болмайды» деп айта келіп, «біз жерімізді түпкілікті қалмаққа қалдырып қашалық деп отырғанымыз жоқ. Біз уақытша ғана қалмақтарға жерді береміз. Елді аман сақтау үшін бұл жасап отырғанымыз уақытша шегініс. Еділ-Жайық бойындағы құба қалмақтардың тыныштығын кетірудің жолдарын  жас нояндар Шотан мен Атағозыға түсіндіріп, тапсырмасын беріп те қойдық» деп күлді. «Біз осымен енді кездеспейміз, ақылдаспаймыз деген сөз болмайды. Әлі де талай кездесеміз. Берілген тапсырмаларды шұғыл орындауға кірісу керек» деп Әбілқайыр сөзін аяқтады.Әбілқайырдың ұйымдастыруымен Онекі ата Байұлы бастаған Кіші жүз ауылы алапат соғыстан бұрын қозғалып кетті. Қару ұстайтын еркектері ұрысқа дайындыққа кірісті. Кіші жүзден әскер жасақтарын құрып ұйымдастыру жұмысына Қараұлы Бөкенбай батыр кірісті. Бөкенбайдың тапсырмасымен Онекі ата Байұлынан әскер ұйымдастыру жұмысына Тоқтамыс, Дәулеталы, Мұратбек, Мете батырлар және Шотан мен Атағозы бөлінді. Онекі ата Байұлының бұл жұмысына тұтастай басшылықты Назар қолына алды.1723 жылдың наурыз айының орта шенінде жоңғарлар ешқандай кедергісіз қазақ жеріне кіргенде Кіші жүз ауылдарының орындарын сипап қалды.  Олардан қалып ұйымдасқан қарулы жасақтар Әбілқайырдың бастауымен бөлек-бөлек топ болып жүріп шашау шыққан жоңғар жасақтарын құртумен болды.Осылайша жайлап Әбілқайыр әскер санын күннен-күнге көбейте бастады.Сол бір кезеңдерде ойламаған жерден назардың ауылына Қожаберген жырау келді. Назар Қожабергенмен 1710 жылғы жиында кездесіп танысқан болатын. Сол жиыннан тарағасын, Қожаберген             Назарды Керей-Уақтың ішіндегі өз ауылына шақырып қонақ етіп жіберген. Қожаберген Толыбайұлы Назардан оншақты жас үлкендігі бар болса керек, әуелі Назарға жезде болып, кейіннен Назардың інісі атақты көріпкел атбегі Базардың қызы Айсұлуды Нәби атты баласына келін қылып түсіргесін құда болып бұрынғыдай әзілдесуді доғарыпты. Мен бұл әңгімені елімізге белгілі назардың ұрпағы Айтқұл Шманұлы жыраудан 1955 жылы жазып алған болатынмын. Айтқұл  ақсақал  кеңестік дәуірдегі идеологтардың бірі болған. Тұңғыш Қызыл отауларды құрысқан, үгіт-насихат жұмыстарының тізгінін ұстаған адам. Адай тарихын да жазған, бірақ жарыққа шығарудың мүмкіндігі болмаған. Маңғыстау халқына ақын, жырау деген атағы жайылған сол кездегі сауатты адамдардың бірі болған азамат.Айтқұл Шманұлының айтуынша Қожаберген дарынды жырау, эпик ақын, елін жаудан қорғаған батыр, қазақ халқында үлкен беделге ие болған аузы дуалы шешен, парасаты мол, кемеңгерлігімен елге  танылған тұлға деп көрсетеді.Қожабергенні зайыбы он екі ата Байұлының Есентемір тайпасындағы Қабыланбай деп аталатын белгілі адамның Айша атты қызы, төркіндеп келіп жүргенде адай руының көріпкел сыншы, атағы елге танылған атбегі Базардың қызын көріп өзіне ұнағасын «өз сіңлімді келін қылып алам» деп құда түсіп, айттырып алған көрінеді.Міне, сол Қожаберген 1723 жылдың мамыр  айының орта кезінде қасында бәйбішесі  Айша бар бір топ адамды ертіп  Назардікіне келіп түседі. Назардың да жорықтан жаңа келіп отырған кезі болса керек. Назар Қожабергеннің жүзі сынық, жаяу жалпы жүрісінің жәйін жақсыға жорымай алдынан шыққанда апасы Айша келіп бас салып, құшақтап дауыс етіп балаларынан айырылғанын, осындай күйге түскенін айтқанда Назар да дауыстап жылап жіберулі. Жаугершілік мезгіл болғандықтан жолым-үймен отырған Назар он алты қанат ордасын тіктіріп, Қожабергенді қабылдап, ту бие сойғызып жауда шейт болған Қожабергеннің балаларына құран оқытып, біраз уақыт демалдырып барып, Қожекеңнің өз аузынан болған жәйді естіген. Айшаны алып қайын-жұртына келгенін, көрісіп, амандасып, біраз күн жатып демалып елге қайтқан жолда екі рет жау қоршауында қалып, қалмақтардың қолына түсіп қала жаздап, зорға шыққанын, екі баласынан және туыс болып кеткен екі атқосшы болып жүрген азаматынан айырылғанын, ат-көліктерінің де қолды болғанын, осы жерге зорға жеткенін баяндаған Қожаберген енді Назардан елдің жайын сұраулы.«Қожеке,-депті Назар өзіңіз қамкөңіл болып келе жатқанда елдің хабарын айтып қайғының үстіне қайғы жаматқым келіп отырған жоқ, жата-жастана  естірсіз, дұрыстап демалып алыңыз» дегенде Қожекең: «неде болса мен естіп демалайын, хабарыңды толықтай айт» депті. «Себебі мен  осы жылдың ақпан айының аяғында Айша екеуіміз қайын жұртқа кеткенбіз, қазір мамыр айының ортасы болды. Содан бері біреулердің алып-ұшты әңгімесінен басқа дұрыс хабар естігеніміз жоқ» деген көрінеді. «Олай болса Қожеке тыңдай беріңіз, мен көргенімді де, естігенімді де айтайын» деп Назар әңгімесін бастаған.«Сіз қайын жұртқа жүріп кеткеннен кейін көп ұзамай-ақ Сыбан-Раптан бұрыннан біздермен талай ұстасып жырынды болып қалған, соңғы 10-15 жыл бойы Мәнжу-Цин әскерімен үнемі соғыс жүргізіп, бай тәжірибеге ие болған, соғыс тәсілдерін жан-жақты меңгерген, ысылған, от қаруы бар жүз мыңнан астам қыл шашақты, қызыл тулы қалмақ шеріктері жерімізге еш кедергісіз кіріп, ойранын шығарды. Осылайша қазағың балапан басына, тұрымтай тұсына қашып, пана таба алмай, қалмақтың табанының астында қызыл жап  болып қырылды. Отыз-қырық мыңнан кем емес түтіні бар қалалардың орнында күл араласып құлаған, өртенген үйлердің орны қалды. Тірі мақұлықтан ештеңе қалған жоқ десек қателеспеспіз. Күшігін ерткен қаншық иттерге дейін өлтірілді. Итаяқтан басқа қолға ілінер зат қалмады. Қолға түскен адамдарды түгелдей сапқа тұрғызып, бетіне әжім түскені мен шашышың бір тал ағы барлары мен екіқабат келіншектерін түгелдей атып кетті. Жас  қыздарды ғана іріктеп алып, күң етіп пайдалануға немесе араб-парсы байларына сату мақсатында құл базарларына айдап кетті. Өйстіп қазақ «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атты апатқа жолығып отыр. Қожеке, қазағыңның басына ақырзаман орнады. Қазірде малын түгел жауда қалдырған ел аштықтан қырылып жатыр, Ұлы жүз бен Орта жүздің қоңыраты мен найманы Сырдария жақтағы Алакөлдің айналасын сұлап жатқан өліктен толтырып, Бұхараға бет алды. Орта жүзден босқан ел жалаңаш жалпы, ақ бұрқылдақ сорды кешіп, ақтабан болып шұбырып Торғай жағына кетті. Онекі ата Байұлына ермей қалған Кіші жүздің бір бөлігі өлгені өліп, өлмегені өлімші болып Хиуаны бойлап тартты» - дегенде, -«Бұл айтқандарыңыздың кейбіреулерін көріп келе жатырмыз, әрі қарай айта бер» деді Қожекең. Назар әңгімесін жалғастырып «жоңғарлардың түгелдей от қарумен қаруланғаны, жүздеген зеңбіректерінінң бар екендігін, Сауран, Жөлек, Түркістан, Қарнақ, Иқан, Шорнақ, Созақ, Шолаққорған, Баба-ата, қысқасын айтқанда Түркістан бастаған  жиырма бес қаладан айырылғанын әңгімеледі. Түркістандағы Әзірет сұлтан дүребесінен бастап басқа қалалардағы мешіттер қоймасында сақталған бай кітапхана, ондағы діни-фасафалық еңбектер, ескі тауарихтар мен шежірелер біз «бар» деп білмеген  тағы қаншама мұра өртке кетті, талан-таражға түсті, жойылды. Қазақ ордасы құрылған кезден бергі барлық жазба  мұрамыздан айырылдық. Қалалар қираған кезде жойылған өнер туындылары, сән-салтанат бұйымдары және басқадай заттық қазыналар өз алдына. Міне біздің хабарымыз қысқаша осы» деп сөзін аяқтады Назар.Айтқұл жыраудың жазбасында: «Хабарды естіген Қожаберген он алты қанат ақ орданың ішіне сыймай теңселіп қыдырып кеткенін, біраз уақыттан кейін барып ілулі тұрған қобызын қолына алып, төрдегі өз орнына барып ыңыранып  шыққан  қобыздың даусына қосылып күңіренген қорқынышты жырды бастап кетулі. Бұл атақты қайғылы халықтың мұңын жоқтаған «Елім-ай» эпопеясы осы болатын» деп Айтқұл жыршы домбыраға қосып айтқанын өз құлағыммен естіген едім.Сөйтіп атақты Толыбай сыншының ұлы дүлдүл жырау Қожаберген Назардың үйінде он күндей жатып, демалып, «Елімай» шығармасын толық аяғына дейін шығарып айтып бергенін әңгімелеген.Назар қасына қарулы жасақ қосып, апасы Айшамен екеуін Қорғалжынға дейін жеткізіп салғанын айтқан еді. Халыққа танымал ғалым, академик М.Қозыбаев «Қожаберген жырау» атты  кітаптың «Дауылпаз баба-Қожаберген» деген тақырыппен жазылған  алғы сөзінің ішінен үзінділер келтіре кетейік:«Қожаберген Үргеніш медресесін бітірген, араб, парсы, шағатай тілдерін жетік білген адам. Қожаберген сынды бекзаттың әкесі Толыбай сыншы өз тұсында қазақ хандығындағы аса ірі мемлекет қайраткерлерінің бірі болған. Дауылпаз Қожаберген жырау –ұлы ұстаз. Ол 1710 жылы 27 жасар қанжығалы Бөгенбайдай шәкіртін өзінің орнына бүкіл қазақ қосының сардабегіне ұсынды. Ұлы Қорқыт ата, Асан атадан кейінгі Көмекей әулие атанған Бұхар ата оның сүйікті шәкірті.Дауылпаз Қожаберген –дүлдүл тарихшы. Біріншіден, «Елім-ай» дастанында бүкіл дәуірді суреттейді. Жоңғар империясының дәуірлеп, күшею себептерін ашады. Екіншіден жоңғарлардың орыстармен қытайларға арқа сүйегенін көрсетеді. Орыс империясы өзіне көрші қазақ елін тұқыртып, жоңғарларға кіші зеңбірек жасауды үйретіп, құтыртып, екі түркі тілді халықтарды өзара қырып салуына мүмкіндік жасағаны ғажайып суреттейді. Үшіншіден, Түрікмен, Қоқан, Хиуа, Бұқардың қазақ еліне деген қастандық саясатын, өзбек пен тәжіктің жаттығын әшкерелейді. Төртіншіден, Әз –Тәукеден кейінгі қазақ хандығында болған текетірес, бақталас  берекесіздіктің бетпердесін ашады.Қожаберген Әз-Тәукенің тапсырмасымен «Жеті Жарғыны» ақ былғарыға жазып ханға табыс еткені туралы жазушы Н.Әбуталиев жанама деректер тауып отыр. Онда ақ былғарыға түсіріп:Мұқияттап хаттадым,Әз-Тәукеге қызмет қып.Жаздым «Жеті Жарғыны»,Салыстырып талдадым,Бергі менен арғыны»,-деп  Қожабергеннің еңбектерін Манаш Қозыбаевтың жоғары бағалағанын көреміз.Міне, осылайша әр дәуірде өз орындарын өмірде ойып алған ұлылар болған. Біздің ұлықтап отырғанымыз солардың ішіндегі шоқтығы биік қасиет дарыған данышпандары. Солай  болғанмен олардың атақтары  да, істеген қызметтері де еліміз егемендік алғаннан кейін  қазақтан шыққан тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың «Мәдени мұра» бағдарламасының арқасында жарыққа шықты. Әңгіме қылып отырған Әйтеке би мен оның бабасы Сейтқұл әулие кешені Өзбекстанның Науайы облысының Нұрата жеріне салынды. Мұндай үлкен маңызды жұмыстың ұйымдаса қоюы да оңай болған жоқ. Оған мұрындық болған азамат-сол кезде Өзбекстан Республикасында қазақ елінің елшілік қызметіне атқарған Зауытбек Тұрысбековтың араласуымен жұмыс басталған. Кешеннің бірінші кезегі 2009 жылдың шілдесінің 31 жұлдызында ашылған. Басталған жұмысты өзінің мәресіне жеткізуде Усманов Шахарбек ақсақалдың атқарған қызметін айтпай кетуге болмайды. Жеткілікті мөлшерде қаражат тауып, өзбек шеберлерін жұмылдыра білді. Рухани тұрғыда аса маңызды бұл жұмыс күллі қазақ баласының жұмылуымен Әбіш Кекілбаев сияқты ғұлама академиктің ықыласының шарапатын төккен келелі де, дуалы сөзінің арқасында арада үш жыл өткенде яғни, 2012 жылдың мамыр айының 17-18 жұлдызында тұтас кешен пайдалануға берілді. Кешеннің бітуіне байланысты Маңғыстау облысынан барған делегация құрамында  осы мақаланың авторы өзім де болдым.Сейтқұл әулие – Әйтеке би кесенелері архитектуралық жағынан дүние жүзі сәулетшілерінің үздік туындыларының бірі, бірі емес бірегейі десек қателеспеспіз. Бұл салынған кешен Нұратаға көрік беріп қана тұрған жоқ, Нұратаны руханият орталығының қатарына қосты. Әйтеке би мұражайының ішіндегі екі елдің қол алысып тұрған Президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Ислам Каримовтың бейнелерін көргенде, екі халықтың туыстығын  көріп, сезіп тұрғандай боласың. Ислам Каримовтың бір кездесуде «Қазақ пен Өзбек бұл дүниеде базары бірге, о дүниеде мазары бірге туыс халықтар» деген сөзін еріксіз ойға оралтады. Шара үлкен дайындықпен ұйымдастырылған екен. Маңғыстаудан барған делегацияны өзіміздің қандастарымыз заң қызметкері Жүсіпбеков Келдібай  мен Ләззат келін екеуі өздерінің үйлеріне қонаққа шақырып құшақ жая қарсы алды. Келдібай да,  Ләззат та ұлт жандылығын туған елінің көркейіп гүлденуіне сырт жерде жүрсе де жан- тәнімен тілекші жандар екенін байқатты. Бұл шара екі ел арасындағы түсіністікті, татулықты, достықты, саяси-экономикалық байланысты нығайтқанның куәсі болды, рухани тұрғыда басымыз қосылды. Осы бір ұлылардың  рухтарын ұлықтаған бас қосудан тарап елге бет алғанымызда көңіліміз көншіп, қазақтан шыққан тұңғыш Президентімізге деген алғысымыз кеудемізді кернеп, қуаныштарымызды жасыра алмайтын күйге түстік. Бұл да аталар рухының шапағаты болар  деген түсінікте болдық.Соңғы жылдардың ішінде Дауылпаз  жырау Қожаберген бабаның елімізге белгілі қоғам  және мемлекет қайраткері, «Жеті Жарғы және Қожаберген жырау» халыаралық қайырымдылық қорының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген заңгері, заң ғылымдарының докторы Бекет Тұрғараев  бастаған бір топ азаматтардың бастауымен «Қожаберген жырау» атты өлеңдері, толғаулары, дастандары жарыққа шықты. Бекет ініміздің араласуымен 2000 жылдың 19-20 желтоқсанында Петропавл қаласында  ҚР Ұлттық ғылым академиясының ұйымдастыруымен «Қожаберген Толыбай сыншы ұлының қазақ тарихындағы орны мен рөлі» деген тақырыппен ғылыми-теориялық конференция болып өтті. 2001 жылы Гүлтөбе жеріндегі бейітіне ескерткіш мазар тұрғызылды. Жыраудың туған жері Жамбыл ауданының орталығы Преснов селосының орталық алаңына ескерткіш мүсін салынып, осындағы қазақ мектебіне есімі берілген. Бекет қазірде  қызмет бабымен Маңғыстау облысында Ақтау қаласында тұрады.Алдымыздағы  2013 жылы  маусым, шілде  айларында Солтүстік Қазақстан облысында Қожаберген Толыбай сыншы ұлы атақты жыраудың 350 жылдығы, «Елім-ай» дастанының 290 жылдығын ұлықтау рәсімін биік  дәрежеде өткізу жолында Бекет ініміз тынымсыз қызмет атқарып жатыр. Ұлыларды ұлықтаудағы жасалынып жатырған рухани жұмыстарға сәттілік тілейміз.Осы мақаладағы көрсетілген ұлтымыздың ұлы тұлғасының бірі Кіші жүзден шыққан қазақ елінің тұтастығын сақтауда сыртқы жаулармен шайқасып өткен батыр, аузы дуалы шешен, Қыдыр атамен кездескен  пірәдар Назар Жарыұлына да ескерткіш мазар тұрғызып, болашақ ұлықтау рәсімін дұрыстап ұйымдастыру шараларына азаматтар кірісіп кетті.  Ұланғайыр құтты қонысымыз бен халқымыздың бостандығын қорғап, бүгінгі сәулетті өмірімізге даңғыл жол ашып берген қайран қаһарман бабаларымыздың рухтары риза болсын, әрауқтары ұрпақтарын әмәнда желеп-жебеп  жүргей!