ВЕРНУТЬСЯ

     Арқаның кербез сұлу Көкшетауы.

Дамылсыз сұлу бетін жуған жауын.

Жан-жақтан ертелі-кеш бұлттар келіп,

Жүреді біліп кетіп есен-сауын.

Сексен көл Көкшетаудын саясында,

Әрқайсы
алтын кесе аясында.

Ауасы дертке дауа, жұпар иісті

Көкірек канша жұтса, тоясың ба?

Ырғалған көкке бойлап қарағайы,

Қасында
көк желекті әппақ қайың,

Жібектей желмен шарпып төңіректі,

Балқытып мас қылады иіс майы.

Қарағай биік шыңды
қиялаған.

Еш адам оны барып қия алмаған, -

Шаңқылдап тау жаңғыртып, шыңға қонып,

Жалғыз-ақ көк қаршыға ұялаған.

Көкпеңбек шың басынан мұнар кетпес,

Басына атсаң-дағы оғың жетпес.

Бір жұтсаң Көкшетаудың жұпарынан,

Өлгенше көкірегіңнен құмар кетпес.

Сары алтын Көкшетаудың ерте-кеші,

Тау мен күн сүйіскендей еркелесіп,

Суретті шежіресі өткен күннің,

Сілекей ағызады ертегісі.

Талай сыр ертегіні ел айтады,

Ызындап таудан соққан жел айтады.

Сырласып сыбырласқан жапырақтар,

Күндіз-түн күңіренген көл айтады.

Толғанып төмен қарап шал айтады,

Тамсанып-таңырқанып бала айтады.

Тау-тасты тұнжыраған куә қылып,

От басы қатын-қалаш - бәрі айтады.

Ертегі болмаса да хатта қалған,

Аузында шежіренің қартта қалған.

Қарттардың баян қылған
әңгімесін

Есіткен кейінгілер жаттап алған.

 

   ЖЕКЕ
БАТЫР

 

Болыпты баяғыда Жеке батыр...

Тау бағып жатады екен тігіп шатыр.

Бір күні қарауылда
қалғып кетіп,

Сол батыр
бүгінгеше ұйықтап жатыр.

Сол батыр осы күні бір үлкен тау,

Көз жұмған көкке қарап сыры үлкен тау.

"Ұйықтаған
батыр" дейді таудың атын,

Адамша көлбеп жатқан қыры үлкен тау.

Батырдың қырыққа
таяу келген жасы,

Денесі биік жота, таудай басы,

Сақалы төсін жапқан, қыр мұрынды,

Киюлі баста жатыр дулығасы.

 

БУРАБАЙ

 

Тағы бір ақбас
бура, - емес атан,

Жүріпті
Көкшетауды қылып Отан.

Мұныда "көзі көрген" қартайтады,

Тыңдаған
әлеуметке алқа-қотан.

Тағы екен жанға ұстатпай жүрген қашып.

Күркіреп тұрады екен көбік шашып,

Бір көлді мекен қылып
күнде келіп,

Су ішіп кетеді екен алшаң басып.

Дүниеде әрбір бөлек жердің аты,

Себеппен қойған бәрі елдің аты;

Бурабай атаныпты содан бері

Ақ бура мекен қылған
көлдің аты.

Мөп-мөлдір Бурабайдың суы күміс,

Көргенде шаршаған жан алар тыныс.

Мінбелеп қоршалаған шымылдықтай,

Қарағай,
қайың менен қалың жыныс.

Ақ көбік көпіреді
күміс судан,

Сан сұлу сол көбікпен бетін жуған;

Көл басы
бірде күңкіл бірде у-шу,

Әңгіме сансыз сырлы ертек туған.

Ақ бура көп жыл тауды қылған мекен,

"Бір үлкен іс боларда сезеді екен".

Ол істі елге айтқандай маңайдағы.

Бақсыдай тауды азынап кезеді екен...

Шабысып бірін-бірі ел қуар болса,

Не өлмек, не бір батыр туар болса,

Немесе бір апатқа ел ұшырап,

Кәрі-жас бетін жаспен жуар болса.

Бақсыдай бура азынап жүреді екен,

Мал шулап, иттер ұлып үреді екен.

Қалың ел
маңайдағы құрбан шалып,

Құлақты
алдағы іске түреді екен.

Қара бұлт тауды төніп басады екен,

Күркіреп жерге зәрін шашады екен.

Аспаннан қып-қызыл от жерге шашып,

Таудағы аң пана таппай сасады екен.

Білген соң бураның бұл қасиетін,

Үлкеннің кіші тыңдап өсиетін.

Түнеріп долы бұлттай күрілдіген

Бураға
болмапты енді жұрт тиетін.

Баласы Абылайдың Қасым төре,

Жасынан сотқарлығы басым төре.

Бір күні тау ішінде келе жатты

Өзіндей бір топ жігіт қасында ере.

Бәрінің асынғаны қару-жарақ,

Соқтыққан
өңкей сотқар жалақ-жалақ.

Найзамен неше түрлі ат үстінде

Ойын ғып келе жаткан көлді жанап.

Тастарды, ағаштарды қылып қарақ,

Ысқыртып келе жатқан өткір садақ.

Бураны Қасым төре сөз қылыпты,

Кез келсе атпақ болып төстен қадап.

Қасым хан
туғаннан-ақ қанға құмар,

Дірілдеп өлім күткен жанға құмар.

Анадан қан уыстап туған мұндар,

Қан ұрттап жүрсе ғана көңілі тынар.

Сол кезде шыға кепті ақбас бура,

Жап-жалбыр төсін басқан әппақ шуда.

Қасым хан тұра қалып
ақ бураны,

Шіреніп атып сапты нақтап тура.

Өкіріп ақбас бура көбік шашып,

Шиқылдап тісін қайрап, аузын ашып.

Қасымды бір айналып бура-қотан,

Қан ағып кеткен тулап таудан асып.

Бақсыдай сарнап бура тауды кезген,

Күңіреніп мекенінен енді безген.

Ел естіп хан ұлының бұл жұмысын

Зор іске ұшырарын бәрі сезген.

Жоқ болып ақбас бура көп күн өткен,

(Қасымның қан қолынан қаза жеткен.)

Бір күні таудай болып шегіп жатқан

Бураны жұрт көреді өткен, кеткен.

Құбылаға басын беріп шөгіп жаткан,

Көк мұнар
қалың ойға шомып батқан,

Ақ бура қабақтарын қарс жауып,

Қозгалмай
мәңгі жатып тас боп қатқан.

Ақ бура таудың тағы түйесі деп.

О-дағы қасиетті бір иесі деп,

Тұқымы сотқар ханның оңбағаны.

Жұрт айтад "сол түйенің киесі" деп.

"Бұл іске Бурабайдың көлі куә,

Қасымның қалған жұрты, көңі куә,

Бураша шөгіп жатқан мұнар тау мен

ЬІзыңдап
таудың соққан желі куә..."

 

ОҚЖЕТПЕС

 

Көк торғын Көкшетауды
мұнар басқан,

Бастары көкке бойлап бұлттан асқан.

Бір шың бар етегінде тіп-тік найза

Адамзат жасағандай құйған тастан.

Сүп-сүйір бейне найза шың, құз, биік,

Төбесі
кейде тұрад бұлтқа тиіп.

Қарасаң етегінен шың басына,

Тақияң жерге түсед тұрған киіп.

Тіп-тік шың көкке қарай кеткен бойлап,

Тұрғандай таусылмайтын бір ой ойлап.

Жалғыз-ақ шың басында ноқаттай боп,

Құйқылжып қалықтайды бүркіт ойнап.

Басына атсаң-дағы оғың жетпес,

Иіліп ешбір тауға тәжім етпес,

Сол шыңға жан шықпаған ұя салып,

Шаңқылдап қаршыға мен бүркіт кетпес.

Осы шың Бурабайдың жағасында,

Күнбатыс тауға кірген сағасында,

Орта жүз хан Абылай заманында,

Айтарлық бір іс бопты тағы осында...

Ертегі толып жатыр өткен-кеткен;

Өтірік-шынды әңгіме бізге жеткен.

Әйтеуір расы сол: Көкшетауды,

Ел шапқыш хан Абылай мекен еткен.

Біреулер батыр мен би, ханды мақтап,

Бұрынғы надан, шірік заңды мақтап,

Сарнайды, жыр қылады сөзін сырлап,

Бақсыдай жын шақырған сандырақтап.

Тартынбай қан төккенді батыр деген,

"Бір өзі
жүз кісіге татыр" деген.

Зиянсыз момындарды шаруа баққан,

"Қолынан түк келмейтін қатын" деген.

"Хан" деген жерге тамған қанға құмар,

Дірілдеп өлім күткен жанға құмар;

Жазықсыз бейпіл жатқан елді шауып,

Типыл ғып жер күңіренткен даңға құмар.

"Би" деген сөз қуғындар арам тамақ,

Бәсеке бір-бірінен алған сабақ;

Ел жайын терең ойлап піше алмаған,

Сөз біткен қимылымен қас пен қабақ.

Көп тыңдап,
көп тексердім осындайды,

Мақтарлық қылық,
мінез табылмайды.

Оқушы оқып өзі
баға берер

Өлеңге
қостым мен де Абылайды.

Абылай орда қылған Көкшетауын,

"Аударған қонысынан талай жауын".

Бір жылы, жаздыгүні, қалмақ елін

Шаппақ боп қол жиыпты айтып сауын.

Қазақ пен қалмақ көрші заман болған,

Жылы жоқ шабысудан аман болған;

Қара күш сотқарлықпен
ел бастаған.

Екі ел де аң
тәрізді надан болған.

Жөнелді ханның қолы жынша шұбай;

Егей төс, мінгендері ығай-сығай.

Тыныш елге батырсынып шеру тартты,

Лек-лек боп қосындасып ыңғай сыбай.

Сайланып шыққан ірік өңкей кегей;

Сайласып мінгендері ылғи егей.

Асынып жарақтарын құнтиысып,

Аттарын тұқыртады шіреп шегей.

Шұбырып ханның қолы жүріп кетті;

Жылыдай қан ұрттауға бұрып бетті.

Жол жүріп бірнеше күн шеру тартып,

Қалмаққа бейбіт жатқан келіп жетті.

Атының құйрығы мен жалын түйіп,

Бәрі де көйлектерін
сырттан киіп.

Қалмақтың ордасына үрпек шашты

Көк найза, дабыл қағып, қалды тиіп.

Ат қойды қалың әскер андағайлап,

Дүрсілі жер қозғалтып "Абылайлап".

Тыныш жатқан қалмақ
елі қас қаққанша

У-шу боп шаң астыңда қалды ойбайлап.

Біреулер ысқыртады садақты атып,

Біреулер қанды қанжар жалақтатып,

Біреулер найза менен жас баланы,

Іліп ап көтереді салақтатып...

Таптады атпен басып қалмақ елін;

Қан көбік сорғалатып аттың терін.

Олжалап қыз, қатынын
атқа өңгеріп.

Бауыздап алдарында еркектерін.

Қасқырдай ырылдайды күшін біліп,

Жарады жүкті әйелді ішін тіліп.

Баласын қанжарменен
тілерсектен

Бір соғып керегеге кетеді іліп.

Тағы да қанды
қанжар жалақтатып,

Көздерін жын соққандай
алақтатып,

Кез келсе кек сақтар ер басын кесіп.

Байлайды қанжығаға
салақтатып...

Әйелдің сұлуы мен жасын сайлап,

Қосақтап
бір-біріне шашын байлап,

"Олжалап" қойша қағып, қан-қан болып

"Батырлар" шықты қайта топтап айдап...

Жас бала, кемпір-шалды бордай басып;

Аттарын ентелете борбайласып.

Айдалған мал-мүлік пен жас әйелдер,

"Бауырым"-дап... шуласады ойбайласып.

Хан қайтты қанға батып, елді шауып,

Шұбыртып ел күңірентіп, "олжа тауып".

"Осындай шаба берсем" - дейді Абылай,

Кетерсің бәлем қалмақ өзің де ауып".

Абылай бір жерге кеп аттан қонды,

Сол тұсқа жиып алды қалың қолды.

Желпініп аттан түсіп қалың әскер

Гуілдеп мошады бір үлкен жонды.

Абылай батырларын алды жиып,

Үлеске олжаларын салды жиып.

Сол жерде бір сұлуға талас болды:

Бере алмай біреуіне бірі қиып.

Қамалап
сол сұлуға қарасыпты,

Бәрі де "мен алам" деп таласыпты.

Жолына тұтас байлап мал мен мүлкін.

Сұлуды бірі-бірінен қаласыпты.

Сұлуды өз
көзімен көрмеген соң,

Көркіне
көріп баға бермеген соң,

Сұлу деп жұрт айтады мен білмеймін,

Қасына
Абылайдың ермеген соң.

Қалмақты
шауып-шаншып қайтушылар,

Болмасын бұл сұлуға қайтып құмар?

Сол қыздың
көркемдігін айта алмайды.

Бұл істі дәмдендіріп айтушылар.

Сол қыздың
он жетіге келген жасы,

Оралған аш беліне қолаң шашы.

Қап-қара қарлығаштың қанатыңдай

Иілген ақ маңдайда
екі қасы.

Аш белі көк шыбықтай солқылдайды,

Қолаң шаш бейне жібек толқындайды.

Батырлар сол сұлуға салыстырған -

Жалғыз-ақ аспандағы Күн мен Айды.

Қиысқан бұрын талай сый-сияқты

Сұлуды бір-біріне қиыспапты.

Жолдасын
бір қыз үшін қалың әскер,

Дуласып, кең далаға сиыспапты.

Сұңқардың
баласындай торға түскен,

Құланның құлынындай орға түскен;

Тұткын қыз
жауларына жаутаңдайды,

Киіктің лағындай қолға түскен.

Сөзбененен бірін-бірі жеңісе алмай,

Жолдасып ынтымаққа келісе алмай;

Аттанды қалың әскер
гүжілдесіп,

Сұлуды бір-біріне берісе алмай.

Жеткенше соныменен Көкшетауға,

Алаламай бір-бірінен сұрап сауға.

Қалың қол Бурабайдың сағасына

Кеп қонды, бітім кылмақ талас дауға.

Түбектей айнала тау - берік қорған.

Қаптаған тау мен тасты қап-қара орман.

Бурабай жағасында Оқ жетпес шың,

Жағалай сол жерге кеп әскер қонған.

Тілдесіп таумен аспан сүйіседі.

Сәлем қып
бұлттар басын иіседі.

Қиырдан келген қалқып
түрлі бұлттар,

Бас қосып тау төсінде түйіседі.

Қалың қол шомылысып күміс суға,

Өздерін, аттарын да шомып жуған.

Тігісіп шатырларын тыныққан соң.

Таласты айналдырды үлкен шуға.

Жаутандап тұтқын
қыздар жауларына,

Елеңдеп құлақ салып
дауларына;

Бәнде боп қасіретпен қарасады

Матаған қол-аяқта бауларына.

Желбіреп алқа-қотан шатырлары;

Айтысып сұлу үшін жатыр бәрі.

Абылай көк шалғынға кілем төсеп,

Әмірмен жинап алды батырларын.

- Батырлар, бәріңізде олжа толық.

Әмісе оң болғай да біздің жорық.

Жүрмендер жамандасып өкпе сақтап,

Себебі олжадағы бір қыз болып.

Бұл талас түсті менің қаруыма,

Қайтсеңде көнесіндер
балауыма.

Бәрінді көріп өзі тандау қылсын,

Бұйырдым "тұтқын қыздың қалауына".

Батырлар түрегелді "алдиярлап",

Тізіліп тұтқын қызға
болды бармақ.

Тұтқын қыз кімді тандау қалау қылса,

Сұлуды қатын қылып сол болды алмақ.

Жіберді қызға Абылай "барып кел" деп,

"Немесе өз
алдыма алып кел" деп.

"Біреуін батырлардың тандау қылар,

Ұқтырып
құлағына салып кел" деп.

Батырлар талас сөзді
қойып енді,

Тұрысты тәуекелге буып белді.

Жіберген Абылайдың жігіттері,

Ортаға тұтқын қызды алып келді.

Аш белі көк шыбықша майысқандай.

Ашаң жүз ақ шапақтап атқан тандай,

Үзілген қызғалдақтай өңі солғын,

Қабырғаң көрсең аяп қайысқандай.

Секілді қолға түскен бала киік,

Мергеннің әлсіреткен оғы тиіп.

Күйік пен қасіретін жасыра алмай,

Кеп тұрды хан алдына басын иіп.

Томсарып сұлу тұрды басын иіп,

Жеңіл ме жас басына келген күйік.

Қалмақтың алақандап қанын ішкен,

Қалайша қатын болсын жауын сүйіп?

Абылай тұткын
қызға салды көзін,

Сөйледі, әмір билік айтқан сөзін.

"Жарқыным,
өңкей батыр мына тұрған,

Қара да
біріне ти, тандап өзің".

Батырлар тұрған боймен қалды қатып,

Қадалып
тұткын қызға көзбен атып.

Тулайды жүректері дәйек қылмай,

Тандар деп сұлу,
шіркін, кімді ұнатып!

Бәрінің жүректері аттай тулап,

Жүздері құбылады
өңі қурап,

Қалың қол тым-тырыс боп тұрды қарап.

Күледі көл мен ғана орман шулап.

Қыз айтты:
"құлдық, тақсыр, төреңізге,

Тағдырдың салған ісін көреміз де,

Адамды жете байқап сынамасақ,

Бір көріп тура баға береміз бе?

Я, тақсыр, менен тандау сұратсаңыз,

Бұл істі осылайша ұнатсаңыз,

Тандайын төреңізге
құлдық айтып,

Өнерін батырлардың сынатсаңыз.

Тиейін садағы ұшқыр мергеніне,

Көзіммен асқындаған көргеніме.

Байланған мына шыңның кақ басына,

Жаулығымды атып жығып бергеніне..."

Абылай берді қыздың тілегіне,

Серт болды
батырлардың білегіне.

Етектен шың басына көз жіберіп.

Зор күдік кірді әркімнің жүрегіне.

Қыз шешті
орамалын беліндегі,

Бір адам серт қып
берген еліндегі...

Сағымдай көз алдынан
ағып өтті,

Жас өмір туып өскен жеріндегі.

Жібекпен шайы орамал кестелеген,

Айнала жазуы бар: "есте" деген.

"Егер де айтқан серттен таяр болсаң

Мейлің жырт, мейлің өрте, шеш те" деген.

Жұмбақты
жазуларға қарап алып,

Тастады хан алдына орамалын.

Батырлар қозғалысып
шапырласты,

Ентелеп хан мен қызды орап алып.

Абылай түрегелді даусын кернеп,

Сөйледі құлжадай
боп қолын сермеп.

"Батырлар, бір қызық сын келді міне,

Мініндер аттарыңа жылдам ерлеп!

"Ыңғайлы бір он жігіт сайлансын тез!

Орамал шың басына байлансын тез!

Садақ пен құлаш сынап кезі келді.

Серіппе садақ оғы қайралсын тез!.."

Он жігіт белге байлап арқан жіпті,

Мысықша өрмелесіп
шыңға шықты.

Байланған серт орамал
найза ағашты

Ырғалтып шың басына әрең тікті.

Батырлар даярланып баптан ысты,

Белсеніп оңтайланып аттанысты.

Шіреніп үзеңгісін сықырлатып.

Айтулы жерге шығып саптанысты.

Қалың қол гуілдейді анталасқан,

Бәсеке бір қыз
үшін тайталасқан.

Бір тасқа топ жанында қыз да шықты.

Тартыстың себепкері жан таласқан.

Кей батыр ойқастайды оғын сайлап,

Кей батыр безейді оғын өткір қайрап.

Шыңдағы орамалды оқпен ілу,

Әркімнің тілегені
"я, құдайлап".

Орамал желбірейді қойған байлап...

Абылай: "атыңдар!" - деп шықты айғайлап.

Батырлар шіренісіп тізбектеліп,

Тартысты садақтарын "Абылайлап".

Дүмпілдеп садақ оғы ысқырады,

Ойқастап
жолбарыстай пысқырады.

Ышқынып
жолбарыстай күшін өлшеп,

Батырлар садаққа
оғын қыстырады.

Әуені ыскқыртады
атқан садақ.

Қыз да тұр тас басында көзін қадап;

Етектен шынға қарай
кекті жарып,

Әндетіп тасқа
тиген оқты санап.

Қарасып қалың
әскер тұрды анталап,

Әркімнің шыңға ысқыртқан оғын санап.

Қызыққан жас сұлуға дәмеліден

Қалмады оқ атпаған бір нән талап.

Атқан оқ тасқа тиіп жарқылдайды,

Шында ойнап бала бүркіт шаңқылдайды.

Оқтарын орамалға жеткізе алмай.

Батырлар біраздан соң "қарқындайды".

Шіреніп садақтарын шыңға кезеп,

Сығалап орамалға оғын безеп,

Дағдарды оғын ешкім жеткізе алмай,

Ысқыртып
садақтарын кезек-кезек.

Ешқайсы сыннан сөйтіп
өтпеген соң,

Қыз қайтсін "өзің тандау
ет" деген соң.

"Оқ жетпес" деген атақ алыпты шың,

Атқан оқ нақ басына жетпеген соң.

 

БОЙ ЖАЗУ

 

Күй шіркін кейде
серпіп қылаңдайды,

Кейде пәс, кейде сейдін, сыландайды.

Кейде жай кібіртіктеп, ақсай жылжып,

Кейде ырғып, ақ түлкіше бұландайды.

Сұлуша кейде әсемдеп бұрандайды,

Мәстекше кейде мешел тырандайды.

Кермеге байласаң да жерді тарпып.

Тұлпарша кейде шапшып тұралмайды.

Күй шіркін
әуел құлаш салған еді,

Шалықтап
өрттей жүйткіп жанған еді.

Дестелеп Көкшетаудың ертегісін.

Тізбектеп біраз жыр ғып алған еді.

Әйткенмен шіркін жүйрік талған еді,

Қарқыннан біраздан соң танған еді.

"Оқ жетпес" ертегісін бітіргенде.

Үзіліп жыр тізбегі қалған еді.

Бас жағы бұл ертектің жазылғалы,

Әңгіме белуардан қазылғалы,

Екі-үш жыл болса-дағы, - кейінгісін

Жазуға қалам алдым қазір ғана...

 

ҚАЛМАҚ ҚЫЗЫ

Жұмбақтас

 

Батырлар
апырақтап, зорланысып,

Қамалды қалың әскер қорланысып.

Ерлігін
кербез шыңның енді байқап,

Үндемей хан да тұрды зор намыс қып.

Тұрды да тас басында қалмақ қызы,

Таласып қалың
әскер алмақ қызы:

"Я, тақсыр, үшке шейін бәйге қылам,

Өзіңіз ерік берген соң тандатқызып.

Бірінші сыннан адам етпей тұр ғой.

Ешкімнің оғы шыңға жетпей тұр ғой,

Мінеки, көріп
тұрсыз оқ атуға.

Еш батыр енді талап етпей тұр ғой.

Енді екі бәйге тігіп қарайын да,

Көрейін не жазу бар талайымда.

Үш сынның екеуінен озған ерді,

Сыныма толған ер деп қалайын да..."

Ойқастап қызға Абылай жақын келді,

Ұнатып
қыздың сөзін мақұл көрді.

Жарқыным, енді бәйгең қолдан келмес

Іс болып
жүрмесін деп ақыл берді.

Қалың қол тұрды қоршап
анталасып,

Лепірген қарқындарын біраз басып.

Қамалға шауып қайтып кеп тұрғандай,

Жауменен жағаласып, жанталасып.

Күлімдеп алтын күн мен биік аспан.

Қарасып айна көлге жымындасқан.

Күледі айнала тау, қалың орман, -

Тек қана үн шықпайды тұйықтастан.

Қаз бенен ақку көлде
қаңқылдайды...

Шарықтап, бала бүркіт шаңқылдайды.

Құбылған құстардың ән, күйлерімен,

Жаңғырып тау мен орман саңқылдайды.

Қалықтап қара бүркіт көкті шарлап,

Шарықтап айналады тауды барлап,

Шаңқылдап құздан құлап көк қаршыға,

Түйілер атқан оқтай төмен зарлап.

Батырлар айнала тұр тас қасында,

Алғандай бір-бір сұлу бас-басына.

Бәйгеге бірі қалмай түспек тағы -

Абылай бәсекенің бас-қасында.

Жауының елін шапқан ортасында,

Тапжылмай сұлу да тұр тас басында.

¥шсын ба... қайтсын енді тұтқын пенде

Кез болған бәлесі аз ба жас басында.

Анталап, қамалаған көп жыртқышқа,

Жемтікше оңай өзін
тастасын ба!

Зарлаған сөз өтпейтін нойыстарға,

Жалынып жылап ылғи қақсасын ба?..

Қыз айтты Абылайдың сөзін тыңдап.

"Я, тақсыр, біздікі тек мойын сұнбақ:

Екінші бәйге оп-оңай,
күш сынасу,

Онан соң үшіншісі: жеңіл жұмбақ.

Өлшенсін осы тасқа мың қадам жер,

Жарыссын сол арадан дәмелілер.

Төрт адам жүгі болсын жарысқанда, -

Болмасын бекер еркек босқа арам тер.

Таппадым жеңіл бәйге бұдан басқа,

Сол ғана озған болад бұл таласта:

Көтеріп төрт кісіні жүгіріп кеп,

Кім бұрын алып шықса мына таска".

Абылай батырларға: "серпіл!.. - деді. -

Жаяу түс, бар дәмелің желпін" - деді.

"Бәйгелік жер мөлшерле..." дегеннен сөң,

Жүгіріп, даяршылар елпілдеді.

Батырлар дабырласып аттан түсті.

Қалың қол
тамаша етті "қызық істі".

Армансыз тоқайласқан жаумен емес,

Сынаспақ болды өзара
қара күшті.

Абылай ат үстінде күпілдейді,

Ойқастап, қоразданып дікілдейді.

Лепірген апырақтап
батырлардың.

Күпті боп жүректері лүпілдейді.

Абылай асықтырып
дігерледі...

Батырлар аттарын тез шідерледі.

Күшіне бекем сенген дәмелілер,

Алшандап білектерін жігерледі.

Бой тартып кейбіреулер енді бұқты,

Алшандап кейбіреулер алға шықты.

Балтыр мен білектерін жалаңаштап,

Шайқалып іріктелді, қырық-ақ мықты.

Көк құрыш
бұлшық балтыр, білектері...

Тулайды дүрсіл қағып жүректері.

Майданда сыннан озып сұлуды алу -

Қазіргі
әрқайсысының тілектері.

Көркем қыз даурықтырды қалың қолды,

Бәйгеден келер екен қандай жолды?

Жамырап, реттеніп самбырласып,

Жарыспақ дәмелілер дайын болды.

Айнала қоршаған тау, орта даң-дұң.

Өлшеді
"қыз тасынан" мың қадамды.

Жөнелді
балуандар алшаң басып,

Әрқайсысы
ертіп алып төрт адамды.

Қырык батыр аяндады тайталаса

Желіккен әскер ду-ду, анталаса

Қасында шатырлардың матаудағы,

Банадан "тұтқын күндер" таң тамаша...

Тұрған жұрт көруге асық істің артын,

Бәрі де тамашалап қыздың шартын.

Тізіліп балуандар лап жүгірді,

Әрқайсы
төрт кісіні үстіне артып...

Жүгіріп кейбіреулер майысады,

Солқылдақ көк
темірдей қайысады.

Тайқандап кейбіреулер бос тайлақша,

Құшағын қызға
қарап жайысады.

* * *

Қарақшы, - қыз тұрған тас бұл бәйгеге,

Серт қылып,
жүгіріскен сын бәйгеге.

Белгілі болмақ жері серт асықтың,

Түскені кімге бүге, кімше шіге.

Шуласып, әскер күліп, сақылдасты,

Батырлар жанталасып тақымдасты.

Өзгеден сегіз батыр озып шығып,

Ілезде қарақшыға
жақындасты.

Бәрі де ырсылдайды жүгірісіп,

Майданда күштеріне жүгінісіп.

Сегізі озып келіп қыз тасына

Таласып, бірдей шықты бүгілісіп.

Бәйгеге сегізі де таласады,

Қыз бенен Абылайға қарасады,

"Шықтым" деп қыз тасына "бұрынырақ"

Әрқайсы өзін-өзі санасады.

Абылай ат үстінде қарқылдады,

Даусы тау жаңғыртып саңқылдады.

"Сегізің тең түстіндер, - деді Абылай, -

Күштерің бір-біріңнен артылмады..."

Әрине әміршіге мойын
сұнбақ,

Сөзіне оның
айтқан әркім тынбақ.

Шын түгіл теріс билік қылса да ұлық,

Иіліп "алдияр" деп аузын жұмбақ...

Сонда қыз толғанады даусын кернеп,

Бір сөзді айтпақ болып, қозғап, тербеп:

"Бар еді, бір әңгімем тақсыр төре,

Соны айт деп
еңірейді жүрек шерлеп.

Бәйгені көріп тұрсыз
көзіңізбен,

Күтемін әділ төре сөзіңізден.

Сізге сол әңгімемді баяндаймын,

Сұрауға
төрелігін өзіңізден..."

Берген соң
рұхсат "айта бер!.."
деп,

Еліктей қыз
майысып түсті жерге.

"Барайық көлдін,
тақсыр, жағасына,

Шөлдедік, ыстықтадық, күйіп, терлеп...".

Бәрі де көлдің келді жағасына,

Су ішті көлеңкелеп ағашына.

Тағы да бір жар тасты қасына алып,

Көлдің сол
мінбелеген сағасына.

"Қыз
тасы" жүз-ақ таяқ көлге шейін, -

Оны да сізге тағы мәлімдейін.

Бәйге тас: "қыз тасы" деп атаныпты,

Ертекте атқа ие боп содан кейін...

Ішкен соң күміс шарап көлдің суын,

Қыз шықты
шарап пенен бетін жуып,

Қалың қол
қызға тағы телмірісті,

Тым-тырыс қоя
қойып даурық шуын.

Жартаска шықты сұлу лақтай ырғып,

Батырлар тас жанына келді сырғып.

Жартасқа көлге төнген
шығып тұрып,

Қыз айтпақ
әңгімесін енді жыр ғып.

Шың құз, тау, - бұлты қапқан биік ерен,

Тіп-тік шың, аңғар жартас мылқау-керең,

Сүңкиіп,
мінбелесіп, қатып-қалған,

Төнісіп,
көл түбіне түпсіз терең.

Жартасқа
шыққан сұлу ойнамайды...

Биіктен құлармын деп ойламайды.

Құрғаққа
құласа егер тасқа ұрылмақ,

Құласа тұңғиыққа, - бойламайды.

Жартастың бір жағы шың, бір жағы су...

Тау іші қалың орман, жап-жасыл ну.

Орман да, тау да,
көл де, ертелі кеш,

Сыбырлап, сынқылдаған
күңкіл ду-ду

Алтын күн, күміс суға нұрын бүркіп.

Сағыммен көкке ұшады торғындай бу,

Сызылтып әдемі әнін сыңқылдатып,

Ертеді балапанын көлде екі ақку.

Екі ақку көлендейді қатар жүзіп,

Күмістен айна көлге шимай сызып.

Толғанып
шашады екі бөбегіне,

Көлдегі ақ шашақтың басын үзіп.

Кептер кебі

Аққудай ақ
қанатын алған қомдап,

Тал бойын күміс сымдай безеп, ондап,

Жартастың суға төнген қақ басында

Қалтырап
бір күрсініп алды толғап.

Тағы да қыз толғанды даусын кернеп,

Бастады әңгімесін қозғап, тербеп,

Жүйріктей бүктетіліп, баурын жазып,

Көлбендеп, ширатылып, құлаш сермеп.

Сарнады сұлу тұрып, даусын қырнап,

Толғады әңгімені әнмен ырғап.

Сыңқылдап аққу
кұстай әдемі үнмен,

Нәп-нәзік қалтыратып шертті жырлап:

"Арқаның бір тауының саласында,

Көк орай қиырсыз кең даласында,

Сыңсыған қалың тоғай, томарлы көл,

Сол нудың құстары көп арасында.

Сол нуда бір құс көрдім кептер деген,

Жыртқыш жоқ
оның етін жеп көрмеген.

Бәрінен жыртқыштардың қорғалайды,

Қорқады ең
ақыры бөктергіден.

Кептер құс бір терекке ұялапты.

Еңбекке кептер байғұс тиянақты.

Ақ үрпек кездерінде төрт баласы,

Көріпті қара құстан қиянатты..

Жыр кылмақ біреу
бастан өткергенін,

Жыр кылмақ біреу азды-көпті көргенін:

Я, тақсыр, таза тыңдап, төрелік бер,

Жырлайын, бастан аяқ кептер кебін..."

Қарақұс пен кептер

Тыныштықтан,
рақаттан да бірдей жеріп,

Бала үшін жердің ыңғай құртын теріп.

Тынымсыз кептер сорлы жүреді екен,

Жем тапса, төрт шақаға әкеп беріп.

Қаңғырған бір қарақұс
жемтік іздеп,

Баспалап ұрын кепті оны көріп.

Кептер құс ұясына келген кезде,

Әлгі сұм ұстай апты, андып тұрып...

Кептерді өнері асып, алғансиды,

Құнжындап, арам шіркін арлансиды.

Қорғансыз
аңғал құсты бұғып ұстап,

Мақтанып, қоқиланып, мардамсиды.

Мұршасыз кептер сорлы барылдайды,

Тыпырлап қаны шапшып, қырылдайды.

Пәленің шеңгелінде сорлы анасын,

Көре сап төрт
балапан шырылдайды.

Шырылдап төрт балапан жыласады,

Ес кетіп ұясынан құласады.

"Бізді же, анамызды қоя бер" деп,

Жалынып, қарақұстан сұрасады.

Қарақұс:

"талайды азап қылдым" дейді.

"Осындай қолға
түскен құлдың" дейді.

"Құлашы сұңқардың да жетпей жүрген

Талайды тыпырлатып жұлдым..." дейді.

"Талайға азаттықты бердім" дейді.

"Ақ жүрек көкті кезген ермін" дейді.

"Дөп келдің, шабытыма" деп күледі -

"Тоймасам өздерінді жермін" дейді.

Мықтымсып
мүгедекті жеңгеніне,

Мәз болар, кептерге әлі келгеніне.

Сорлыны босатар ма, топас мұндар, -

Қапыда ілінген соң шеңгеліне...

Қарақұс, кептер, лашын

Еңіреп, төрт балапан шуылдайды,

Қарақұс
қоқиланып, қимылдайды.

Сол кезде аждаһадай көкте ысқырған,

Бірдеме жоғарыдан суылдайды.

Ысқырып, көкті жарып, садақтай боп,

Лақтырған жасыл темір қалақтай боп,

Көктен
кеп, көз ашқанша жарқ-жұрқ
етті.

Қарақұс тоңқаласты
далақтай кеп.

Далиып қалды
лезде шіркін пасық,

Ағызып арам қанын аузын ашып.

Кептерді қоя беріп мыжырайды, -

Әлгіде қодиланған арам сасық.

Көк қанат лашын екен келген шүйіп,

Суылдап жарқ-жұрқ етіп өткен түйіп.

Шулатып балаларын кептерді ұстап,

Отырған қарақұстың мойнын қиып.

Шарықтап тоғай
ішін бағады екен,

Жылаған дауысты естіп ағады екен.

Еңіретіп төрт шақаны отырғанда

Желкеден қарақұсты қағады екен.

Кептер мен төрт баласы қалды бұғып,

Қорғалап, қалың шөпке басын тығып.

Терекке қонып
лашын, сөз қатқан соң,

Қарасты бас бағысып шөптен шығып.

"Жаулассам, - деді лашын, қасқырдаймын,

Бет алды көрінгенге қас қылмаймын,

Қалтырап тығылмандар, - сендерді мен,

Еңіретіп көздерінді
жас қылмаймын.

Естілді шырылдаған жылауларың

Еңіресіп көздің жасын бұлауларың.

"Бізді же, анамызға тиме" деген,

Пасықтан зарлап рақым сұрауларың.

Мінеки жауларыңыз жатыр өліп,

Өлгенін отырсындар, көзбен көріп.

Сендерге қас қылам ба жауларыңның,

Желкесін алдарында екі бөліп?"

Отырды бір бұтақта
батыр лашын...

Кептер құс
шүкірлік қып төкті жасын.

Құткарған
бір ажалдан лашын ердің,

Жылап кеп аяғына ұрды басын.

"Я, батыр, жасыл құрыш тұяғыңыз,

Жебелі алмас болат қияғыңыз.

Топадай түсіресіз белдескенді,

Мүгедек біздей емес сияғыңыз.

Ал тілім емес сізді тұрған мақтап.

Пәледен айырдыңыз бізді сақтап.

Ажалдан құтқардыныз ғайыптан кеп,

Өтеймін
мұныңызды қалайша ақтап?..

Жәрдем қып,
бүйтіп бізге келгеніңе,

Арман жоқ жауымызды жеңгеніңе.

Боламын төрт баламмен сенің құлың

Тақ тұрып батыр сенің дегеніңе..."

Төрт бала "ризамыз" деп бас ұрады.

Сөзіне анасының қосылады.

Лашынға құлдық ұрып шуылдасып,

Ықыласын
анасынан асырады.

Бес кептер құлдық ұрып қоймаған соң,

Лашынның жауабына тоймаған соң,

Шарт қойды төрт балаға лашын тұрып,

Бұтақта біраз ғана ойлаған соң:

"Төртеуің бір анадан туған егіз, -

Ер екен, екі айтпайтын мынау дегіз.

Ұшқан соң
төртеуіңнің ең үлкенің

Бал уыз нақ тесіңнен тоят жегіз.

Мінеки, менің қояр
жалғыз шартым,

Алсаңыз ең үлкенің мойныңа артып,

Өздерің тілендіндер құрбандыққа,

Алмаймын уәдені күшпен тартып..."

Тұрғандай
лашын шартын ойынсынып,

Бәрі де ризаланды бойын сұнып.

Үлкені балапанның "ризамын" деп,

Ант қылды иіліп кеп мойын сұнып.

Лашын құс:
"күтем, - деді, ұшқанынды,

Андимын,
ұшқанынша дұшпанынды. -

Деді де, қош
айтысып жөнелді ұшып,

"Алыстан күтемін, - деп, - құштарымды.

Бала кептер

Мерзімді соныменен күндер өтті...

Сөз байлап балапанмен лашын кетті.

Құс болды қанат өсіп төрт балапан,

Лашынмен сертті орындар
мезгіл жетті.

Судырап жібек жүні гүл-гүл жайнап,

Үшеуі балапанның
кеткенде ойнап,

Үлкені отырады
жеке қалып,

Тезірек келсе екен деп лашынды ойлап.

Ал қызыл жұпар исі гүл майымен

Судырақ жібек
жүнін сылап, майлап

Сыланып, әсемденіп бала кептер,

Отырды лашын ерге өзін сайлап.

Сақтанып бөтен бастақ арам көзден,

Уәде-сертін күтті басын байлап.

Жарқырап көкті кезіп келер-ау деп,

Жыраққа қарап қояр
бойлап-бойлап.

Жан-жаққа бала кептер қаранады,

Қомданып
жал-құйрығын таранады.

Пәледен кептер сұлу аманында

Лашынды іздеуге енді жаранады.

Бала кептер мен сұңкар

Іздеуге жол-жобасын құрғанынша,

Безеніп көкке құлаш
ұрғанынша,

Аспаннан бір ақ сұңқар ағып келіп,

Сап етті кептер мойнын бұрғанынша.

Шарықтап кезген сұңқар көкті шарлап,

Орманды жүреді екен о да барлап,

Кептерді жібек жүнді көргеннен соң,

Құмартып
ағады екен оқтай зарлап.

Сұңқарға кептер байғұс: "арыз" деді.

"Бар еді, мойнымда зор қарыз..." деді.

"Уәде берген едім бір лашынға,

Санаушы ем уәдемді парыз" деді.

Сөйлейді жастан жәбір көргендігін,

Кан ішкіш қарақұстың келгендігін.

Қорғауға жыртқыштардан өзін-өзі,

Қарусыз жаратылған зор кемдігін.

Анасын жемек болған қара сұмның,

Лашынның соққысынан
өлгендігін.

Жылаған шақаларға жаны ашып кеп,

Лашын ер, сұмның мойнын бөлгендігін.

Сұңқарға бастан-аяқ баяндайды,

Лашынға қалай уәде бергендігін.

Сөйледі ер көңілді лашын құстың

Қалытқысыз уәдеге сенгендігін.

Я, батыр, ғибрат алып ойласын жұрт,

Сенудің нышанасын жоймасын жұрт.

Мұрсат бер, уәдемді орындайын,

Нануды бір-біріне қоймасын жұрт...

Үлкен сын болып еді жас басыма,

Серт қып ем өтірікке баспасыма.

Қолыңа
берілейін қайтып келіп,

Ант етем сізден енді қашпасыма...

Кептердің сұңқар зарына исінеді.

Лашынның ерлігіне сүйсінеді.

Кептерге тілегенше ерік беріп,

Ең әділ дүниеде бисінеді...

Түнде ұшқан кептер

Мүгедек кептер сорлы,
әлсіз зағып,

Болған соң ақ сұңқарға мұңын шағып.

Талақ қып өтірікпен жан сақтауды,

Жөнелді лашынды іздеп қанат қағып.

Қарамай жолдың алыс, жырағына,

Жыныстың қиын соқпай
бұрағына,

Жас кептер түн жамылып зырқырады

Лашынның қиырдағы тұрағына.

Түнде ұшып, өзін-өзін ұрламаса,

Көрінбей сұм көздерге
зырламаса.

Кептерді күндіз жалғыз жүргізе ме,

Сұңқар да босатпас ед, жырламаса.

Тоғайды кезді заулап, қанат сермеп,

Лашынға ару төстен тоят бермек.

Сонан соң қайтып келіп ақсұңқарға,

Болашақ салған ісін тағы көрмек.

Айдын көл,
судыр қамыс, орман жыныс,

Түнеріп маужырайды түн тым-тырыс.

Ала бқлт
аспанда тек ай зырлайды,

Зырлайды кептер, түнмен алмай тыныс.

Кептер мен жапалақтар

Ұйқының мұнарына шомып
батып,

Қара жер
түн жамылып, қалған қатып...

Жалғыз-ақ қара түнде жем аулайды

Кейбірі мақұлықтардың, күндіз жатып.

Біреуі сондайлардың жапалақтар,

Жем андып, түнделетіп қапалақтар.

Бір жерде тұяғына
жем ілінсе,

Қуанып
қанаттарын шапалақтар.

Бір екі-үш боз жапалақ жол андыған,

Жем үшін тілеу тілеп қаранғыдан.

Кептерді бір тоғайда ұстап алды,

Баспа ғып бұтақты бір тораңғыдан.

Қуанып
жапалақтар алақайлап,

Кептерді жұлмақ болды талапайлап.

Шұбырып сілекейі үшеуінің,

Кептерді аймалады "балақайлап".

Секіріп, жынша күліп сықылдасты,

Сандарын шапалақтап лақылдасты.

Таласып жас кептерге түн ішінде,

Кан толып көздеріне бақылдасты.

Әрқайсы өлтіп, санын шапақтайды,

Икемдеп жас кептерді жахаттайды.

Кептер құс өлердегі сөзін айтып,

Жалынып әрқайсына
жапақтайды.

Сөйлейді кептер зарлап кемшілігін,

Мүгедек боз торғаймен теңшілігін.

Лашын мен ақ сұңкардың ерлік қылып,

Істеген қандай бұған кеңшілігін.

Кептер құс
зар, мұңының бәрін айтты,

Жалынып сауға сұрап зарын айтты.

Сұңқар мен лашын ерге серт қылғанын,

Қалдырмай
бастан-аяқ бәрін айтты.

Сұңқардан мұрсат алып түнделетіп,

Лашынға келе жатқан халін айтты.

"Сертімді орындайын тимендер" деп,

Үш "досқа"
кептер жылап жалына айтты.

Шыдаймай аш бөріше алақтаған,

Тілдері сілекей боп салақтаған,

Мәз болып сақылдаған үш жапалақ,

Түстерін өзгертті енді жалақтаған.

Лашын мен ақ сұңқардың істеріне,

Түр кірді сүйсінгендей түстеріне.

Егілген кептердің көз жасын көріп,

Аяныш кірді елжіреп іштеріне.

Өзара жапалақтар қылды кеңес,

Сөйлесіп, тез келісті қылмады егес.

"Мұны егер жәбірлесек" деді үшеуі,

Ешбір жан бізде намыс, ар бар демес.

Зор қылмыс жәбірлесек кешілмейтін,

Өмірі қорлық таңба өшілмейтін.

Лағанат қамытыңдай
болар еді,

Мойыннан өле-елгенше шешілмейтін.

Нәпсіге берілмелік сабыр қылмай,

Бұл ерді босаталық жәбір қылмай.

Лашынның мекеніне жеткізелік,

Қараңғы тоғай ішін дабыр қылмай.

Кептердің бұл жолында былай таман,

Қорқыныш
талай жер бар бұдан жаман.

Серттерін орындасын жомарт ерлер,

Шығарып сап қайталық есен-аман..."

Солайша үш жапалақ ақылдасты,

Әлгідей әділдікті мақұлдасты.

Өзгертіп құлақтарын
ғапу етдеп,

Кептерге жылы жүзбен жақындасты.

"Қауіпті
түнде жүру қара орманда,

Жиналған сан жорықшы бар орманда,

Тіл алсаң осы арадан соныра жүр,

Түн ауып жол тосқандар
таралғанда.

Егерде енді жалғыз қоркам десең,

Боламыз біз жолбасшы саған көсем.

Орманда түн ішінде жол білмесең,

Мерт болмай өту қиын,
аман-есен.

Жиналған ойдан-қырдан
қалың жауға,

Сені біз тырысайық алдырмауға.

Белгілі бір жерлермен алып жүріп

Жол тосқан
жау көзіне шалдырмауға.

Орманнан аман-есен өткізелік,

Жөніңнен адаспастай дөп түзелік.

Немесе ерінбелік, сертіңе жет,

Лашынның мекеніне жеткізелік..."

Жүруге үш жапалақ жоба құрды,

Істеуге сүйтіп ерлік бетті бұрды.

Дағдылы қараңғы түн қырандары,

Кептерді түнделетіп алып жүрді.

Қанды көз
түн ерлері - үш жапалақ,

Дағды алған түн қатуды қанды балақ.

Тырс еткен сыбырлары білінбейді,

Өте сақ: қаранады жан-жаққа алақ.

Аландап әр дыбысқа тоқтап, тыңдап,

Мылқауша ишаратпен шапшаң ымдап.

Орманның қара дүлей арасымен,

Кептерді алып жүрді ептеп, жымдап.

Біреуі ылғи жымдап кептерді алып,

Екеуі кежеуілдеп, жолды шалып.

Кептермен аман-есен қош айтысты,

Лашынның мекеніне әкеп салып.

"Күте алмай ренжітсек біз, ғапу ет" деп,

Кептермен қош
айтысты, "сертке жет" деп

Көрсетіп лашын құстың
ұя ағашын,

Жөнелді үш
жапалақ қайта беттеп.

Кептер мен лашын

Сөйткенше
талауранып таң көрінді.

Рауандап атқан аппақ сам
көрінді.

Серпіліп түннің көлеңкесі,

Бозарып
ала тәбе маң көрінді.

Лашынның кептер келді мекеніне,

Қуанды лашын орнында екеніне.

Кептердің қорықпай бұлай келуінің,

Лашын ер түсінбеді, не екеніне.

Лашынмен аман-есен кездескен соң,

Жолығып оңашада көздескен соң,

Лашынның сонда ғана түсті есіне,

Кептер құс бастан-аяқ сөзді ескен соң.

Сөз көбін
шертті кептер бастан-аяқ,

Жатырқап,
лашын құстан жасқанбай-ақ.

Сұңқар мен үш жапалақ уақиғасын,

Баян ғып, бір мүлтігін тастамай-ақ.

Сөйледі кептер барлықсыр зарлығын,

Сұңқардың жомарттығын,
мырзалығын.

Кез болып, қара орманда достық қылған,

Үш ерге жан-тәнімен ырзалығын.

Лашынға уәде-серт бергендігін,

Түн қатып сол серт үшін келгендігін.

"Сертімді бұзғанымша - деді, кептер, -

Одан да артық
менің өлгендігім..."

"Сол
сертті енді, міне, орындаңыз,

Жаныма батса-дағы қорынбаңыз.

Сол үшін іздеп сізді келдім, - деді,

Әйтеуір, сертіңізді толымданыз..."

Кептердің келгеніне азаптанып,

Сұңқардан, жапалақтан азаттанып,

Бәрінің жомарттығын салыстырып,

Отырды лашын қайран,
ғажаптанып.

Бәрінің ерлігіне сүйсінеді,

Лашын да риза болып исінеді.

"Бәрі де менен артық жомарт-ау", - деп,

Өзіне
күмәнденіп, түйсінеді.

Кептерге
айтты: "Саған тие алмаймын,

Сені енді жем қылуға қия алмаймын.

Басқалар жомарт болған бір тоятқа,

Қалайша
қызығуға ұялмаймын?..

Сен келдің,
уәдеңе со да татыр,

Тиюге саған қалай бармақ батыл?..

Мен риза, қайт"
деп енді берді рұқсат,

Тимеді кептерге енді лашын батыр...

Кептер мен бүркіт

Кептер құс риза болды көңілі тасып,

Лашынмен қош айтысты төсін басып.

Лашын ер парызынан құтқарған соң,

Жөнелді зулап ұшып белден асып.

Ұшады кептер талмай сермеп күшін,

Тезірек ақ сұңқарды көрмек үшін.

Жомарттың билігіне енді мүлде,

Апарып өзін-әзі бермек үшін...

Таң атқан үрпек бас шақ, алаң-елең: -

Көрінді орман, көлдер, ой, қыр, белең.

Оянып ұйқысынан бозша торғай,

Үрпиіп қаранады етіп елең.

Бір бүркіт таудан ұшқан тоят аулап,

Орманға кеп тиетін дайым жаулап.

Орманды мүлгіп тұрған у-шу қылды,

Тиіп қап бір бүйірден оқша заулап.

Бұл бүркіт қу жем үшін ойды кезген,

Көркем шың, кербез биік таудан безген.

Тоғайдың
бейбіт жатқан жәндіктерін,

Әдеті талғамастан бәрін езген.

Тамақсау әңгі бүркіт ұшқан қаңғып,

Жәндіктің бейғам жатқан кезін андып.

Жас шақа балапандар кездессе де,

Ұстайтын,
оларды да "үлкен аң" ғып.

Бықбырт қып сан уақ құс балаларын,

Зарлатқан орман ішін у-шу даңғып.

Қыратын, көбінесе, әлсіз анды,

Тыныш жатқан
қара орманды сонша лаң ғып.

Қимайтын
тау бүркітін мұндай іске,

Сыртқы елді кете тұғын
тіпті таң ғып.

Орманды бүркіт сөйтіп бүлдіретін,

Қан қылып
жүрген жерін былғап саңғып.

Түрлі құс орманда
ұйқтап жатқан жиын,

Шошынып ояна сап қорғады үйін.

У-шу боп
жандарынан түңілісті.

Бүркіттің аш қарында көріп күйін.

Ілезде азан-қазан бықпырт қылып,

Орманның даңғой бүркіт берді "сыйын".

Ордалы ұяларын талқан қылып,

Сан құстың жүрегінде салды түйін.

Бүркітке ерген тағы топты құзғын,

Жем үшін жаннан безген қалың ызғын.

Көніккен
қан ішкіштер кімді ондырсын...

Қан тырнақ
көрмеген соң ешбір тізгін.

Іледі бүркіт сөйтіп талай құсты,

Әлеумет, есіттіңбе, мұндай істі.

Бұға алмай сол
орманда әлгі кептер,

Бүркіттің шеңгеліне тағы түсті...

Жібімей кептер құстың жылауына,

Зарланып көздің
жасын бұлауына.

Тау бүркіті жөнелді алып мекеніне,

Кептердің назар салмай сұрауына.

Әлеумет, бұл көпті
енді доғаралық,

Бұл істің Сарыарқада болғаны анық.

Білмеймін, ендігісін, не қылғанын,

Кептерді кетті бүркіт жоғары алып.

Мойнында тау бүркіттің мың-сан жаза,

Тартылмақ мың жазаға бір-ақ саза.

Алдырған балаларын күйіктіден,

Таппай ма, ісі асқынған бір күн қаза.

Қиюлап
айта алмадым сөздің көбін,

Сырлы ғып сөз айтуға жоқ еді ебім.

Төрелік сұрайын
деп: қай құс әділ,

Әдейі баяндадым кептер кебін.

Жыр қылмақ
біреу бастан өткергенін,

Жыр қылмақ
біреу азды-көпті көргенін.

Қай құстың
ерлігі артық шешіңіздер,

Әдейі баяндадым кептер кебін.

Бұл жырым түсінбегенге жұмбақ-сынды,

Жыр қылдым түсінгенге болған шынды.

"Бұл жұмбақ" дегендерге шексіз, тақсыр,

Сөзімді жұмбақ болса қылмай, мінді...

Бұл сөзді төрелікке
жыр ғып тартып,

Сын тілеп, бәріңізге тұрмын артып.

Тау бүркіт, сұңқар,
лашын, үш жапалақ.

Айтыңыз, қайсысының ерлігі
артық..."

Қыз бен әскер

Қыз тұрды
айтып болып кептер жырын,

Күрсінді аршығандай көңіл кірін.

Түнерген тұңғиыққа
құзда тұрып,

Ағытты күйікті қыз біраз сырын.

Домалап көзден тамған жасын сүртті.

Ашқандай мөлдір жаспен көздің нұрын.

Қалың қол қалша қарап, қалды қатып,

Жоғалтып әңгі адырлық, сес пен қырын.

Жауынгер батырсынған қалың қолға,

Болмады жырдың арты онша қырын.

Тым-тырыс қалшиған қол бір аздан соң,

Қозғалып сөз
қатысты бірін-бірін.

Тұтқын қыз - әскер ессіз болған құмар,

Сымбаты - көк өрімдей
шыбық шынар.

Беліне дөрекі қол тисе нойыс, -

Дер едің гүл сабақтай оңай сынар.

Түксиіп Абылай да тұрды тұйық,

Манадан сесі кеміп түскен иық.

Түнеріп, төмен қарап үндемейді,

Басқандай тұншықтырып
түн тұңғиық.

Қол тағы жамырасты гүжілдесіп,

Ілезде гулеген үн тағы да өсіп.

Әркім де "бұл жыр-жұмбақ" десе-дағы,

Шықпады қыз
жұмбағын ешкім шешіп.

 

КӨКШЕТАУ КҮЙІ

 

Абылай біраз
тұрып көпті байқап,

Гүжілдеп қозғалды енді басын шайқап.

Сұлуға таста тұрған қарап қойып:

"Шешуші, қайда..." деді, қолын жайқап.

Абылай: "Шешуші кім?.." деді айқайлап,

Қалың қол тына қалды тілін байлап.

Төңірек тым-тырыс боп қалды қатып,

Дағдарып, ой түбіне терең бойлап.

Жер мен көк бір-біріне жарасқандай,

Олар да бәсекемен таласқандай.

Айнала қоршаған тау, қалың орман -

Жер мен көк қызға төніп қарасқандай.

Нулы орман, биік шындар анталаса,

Қоршаған
бейне мылқау, таң-тамаша.

Тым-тырыс түнерісіп үндемейді -

Өткерген
алдарынан сан тамаша...

"Оқ жетпес", - көкке өрлеген мүсін
сұңғақ,

Айтылды етегінде әлгі жұмбақ.

Созылған көкке қарай сұлу шыңның,

Үні жоқ тұрса-дағы
сөзді тыңдап.

Тек қана
орман ептеп сыбырлайды,

Жасырып, тапқызбастай сыр ұрлайды.

Ұры жел
көзге ілінбей зыр жүгіріп,

Көл беті, гүл, жапырақ жыбырлайды.

Көлдегі жұбай аққу сыңқылдайды,

Еркелеп қос бөбегі
қыңқылдайды.

Көлдегі мыңт үрлі
құс күйге балқып,

Мас болып жаз иісіне мыңқылдайды.

Аспанда тау
бүркіттер қалықтайды,

Саңқылдап биікте ойнап, шарықтайды.

Жарқылдап, шыңнан жерге, жерден көкке

Құйқылжып, топшылары талықпайды...

 

       АДАҚ

 

Әрине, "мыңнан біреу шешен" деген,

"Жол таппақ, қамалғанда көсем" деген.

Тым-тырыс тұрған қолдан шықты біреу,

Жыр қылған қыз жұмбағын шешем деген.

Ежелден бәйге десе әркім қозбақ,

Дәмелі - қызықтыға қолын созбақ.

Қызықты
затқа ұмтылса көп дәмелі,

Әрине ебін тапқан біреу озбақ.

Күресте: жеңеді - алып, дауда - шешен,

Ақыл мен болжау істе қырағы озбақ,

Жұмбақтың көп
қамалған кілтін тауып,

Төреге қолын созды
бір ер боздақ.

Қара сұр, ұзын
бойлы, емес талпақ,

Денесі көк құрыштай,
өрдеш-шалқақ,

Қыр мұрын, қарагер
көз, қара мұртты,

Қақпақтай қобы
жаурын, топшы жалпақ.

Солқылдақ көк құрыштай біткен тіп-тік,

Жараған аш бөрідей
белі жіптік.

Ыңғайлы, сұлу сида, сұңғақ дене,

Жараған бәйге кердей ықшам, сыптық.

Білінген шиыр дене, бейне шойын,

Жұп-жұмыр сом боп біткен жігер мойын.

Денесі бұлшықетті, шерткен күшті,

Бәйге атша ширатады тұла бойын.

Ұлы арғын
Көкшетауды қылған мекен,

Аз кезі көшпелі
елдің, жүрген жекен.

Арғынның бір баласы Қуандықтың -

Сұр жігіт жұмбақ шешкен, баласы екен.

Жасынан кедейліктен кемдік керген,

Жігерлі талабы зор езі мерген.

Жылқысын бағып жүрген
байын тастап,

Төренің
бір себеппен қасына ерген.

Сыпайы, тиянақты өзін баққан,

Артықсып әңгіленіп емес лақкан.

Күші де,
ерлігі де жолбарыстай,

Әділдік, кішілікпен көпке жақкан.

Тағы әнші, керней дауыс, ерен ақын,

Келтірген көркем
сырлы сөздің нақын.

Сұрқия өтіріктен
аулақ қашып,

Шындыққа,
ерлікпенен жұрген жақын.

Егесте, көз ұшында қадақты атқан,

Күресте -
қалың қолды адақтатқан.

Сондықтан Адақ деген
есім алған.

Талайға сынасқанда - "табақ тартқан".

Жұмбақты шешемін деп, қол созды Адақ,

Үстінде ықшам киім, белде садақ,

Қалың қол
жалт қарасып, сеңше толқып,

Адақка телмірісті көзі қадап.

Сөйледі Адақ тұрып
Абылайға:

"Я, тақсыр, өтілім бар, - қабыл айла!"

Жұмбақты шешпей тұрып тілегім бар,

Қабыл ғып тілегімді сөзді байла!

Болар ед, кешпес күнә - шешер болсам,

Жақпаса қыздың басын кесер болсаң,

Жұмбақты сондағана шешіп көрем, -

Қыз сөзін шайпау болса кешер болсаң..."

Бүркіт пен аққу,
мерген

Абылай: кешірем, - деп қарқылдады,

Жаңғырып, айнала шың саңқылдады.

Сол кезде көлде жүрген жұбай аққу,

Ойбайлап суды сабап қаңқылдады.

Тұрған қол кенелмекке өленді естіп,

Толқыды
көлге қарап елендесіп.

Қараса, - ойран
болып жұбай аққу,

Заулап жүр көл үстінде көлендесіп.

Сабайды көлді ойран ғып, суды шашып,

Қиқулап, аласұрып, аузын ашып.

Шулатқан екі ақкуды бүркіт екен,

Жөнелді бір баласын ала қашып...

Көктей жай төбесінен түйгендей-ақ,

Немесе түнде бүйі тигендей-ақ,

Екі аққу
ойран болып бірге ұмтылды,

Зар илеп ұясы өртке күйгендей-ақ.

Аққудың ақбөбегін көлден іліп,

Тау бүркіт қуанғандай
көкте күліп.

Зарлатып, ата-анасын сұңқылдатып,

Жөнелді
шарыққа өрлеп көкпар қылып.

Тырнақты тырнақсызға шаппасын ба?..

Андушы алу ебін таппасын ба?..

Аққудың балапанын алып бүркіт,

Шырқады "Оқжетпестің" қақбасына.

Көлдегі бейбіт құстар үрікті шошып,

Сүңгіді, қорғалады,
қашты жосып.

Әскер де қарап тұрған қайран қалды,

Қос аққу
сыңқылдады даусын қосып.

Зарлаған туған
әке, анасына,

Тау бүркіт көкпар
қылған баласына,

Жаны ашып кейбіреулер жабырқасты,

Аяныш кіргеннен соң санасына.

Әлсізді әлді жеген күші басым,

Жылатқан әлсіз болса қарындасын.

Тұтқын қыз осыны ойлап құз басында,

Аққуға қарап тұрып төкті жасын.

Адақта қарап тұрып бойын тежеп,

Садағын қолына алып, шертіп, безеп,

Көк сүңгі оғын іліп серіппеге,

Бүркітке сығалады дәлдеп кезеп.

Бұлтиған бұлшықетті құрыш білек,

Жиырылып ырғатылды күшін білеп.

Атуға ыңғайланған жолбарысша,

Ышқынды екі бұтты кере тіреп.

Садақтың серіппесін ырғап тартып,

Шалқиды пәрменінше күшін шіреп.

Жеткенде "Оқжетпестің" басына құс, -

Садағын Адақ мерген сілтеді іреп.

Ысқырды
садақ оғы көкті жарып,

Зымырап жарқылдады жолын қарып.

Торғай боп "Оқжетпеспен" қатарласқан,

Үш қырлы оқтау
бүркіттен өтті дарып.

Қаруын сан қылмыстың татарына,

Тап болды мерген дәлдеп атарына:

Тау бүркіт төңкерілді жеткен кезде,

"Оқжетпес" нақ басының қатарына.

Тау бүркіт қылығына жаза тапты,

Азырақ момын андар мазатапты.

Лақтырған терліктей боп көлге күмпіп,

Қан-қан боп,
қан құмар ер қаза тапты.

Бүркіттің көкпар алып қашуына,

Болмады
"Оқжетпестен" асуына.

Көзінше
қалың қолдың қаза тапты,

Тура кеп шын мергеннің басуына.

Шарықтап, балапанды ап кетті деген,

Ноқат боп "Оқжетпестен" өтті деген.

Ешкімнің қиялына
кірмеп еді,

Бүркітке атқан
садақ жетті деген.

 

АДАҚ МЕРГЕН

 

Таң болып әскер
толқып дуылдасты,

Адақты көтермелеп шуылдасты.

Жаңғыртты тау мен тасты көтерген сөз:

"Бәйгеден Адақ озды, Адақ асты..."

Алшитып камшат бөркін
түрді Абылай.

Тамағын қоразданып қырды Абылай.

"Бағана, неге бұлай атпадың..." деп,

Адақтың қасына
кеп тұрды Абылай.

"Бағана, бәйгеде сен жарысып пең?

Ортаға өнерінді
салысып пең?...

Атқыштық
күштілікті сынасқанда,

Онда озбай
өзгелермен қалысып пең?..

Немесе бағана сен атпадың ба?..

Атуға жүрексініп батпадың ба?..

Әйтпесе сұлудан сен дәме қылмай,

Егеске түсуге әдеп сақтадың ба?.."

Айтты Адақ: "бәске, тақсыр, қатыспадым,

Шындағы орамалды
атыспадым.

Сұлуды батырлардың бірі алсын деп,

Бәйгеге бекер түсіп шатыспадым.

Әдейі батырлармен сынаспадым,

Әуре боп,
белді бекер қынаспадым.

Жаңағы қыз жұмбағын естігенше,

Әдейі, тақсыр төре, сыр ашпадым.

Жұмсайтын, бар өнерді
керек іске,

Әдейі салмап едім ерегіске,

Бәрін де қыз сертінің орындайын,

Тақсыр хан, мен даярмын төреңізге.

Ешбір оқ орамалды шала алмады,

Таянып шың басына бара алмады.

Атып мен орамалды түсірейін,

Болса да сұлуды
ешкім ала алмайды..."

Соны айтып Адақ енді тұрмай тоқтап,

Садағын оңтайлады безеп оқтап.

Қос аққу шыр айналды мұңлы үнмен,

Баласын кезек ұшып, сыңсып жоқтап.

Сұлу мен ханға қарап Адақ тұрды,

Безеніп "Оқжетпеске" садақ құрды.

Сүңкиіп
суға төнген құз басында

Сұлу да таңырқап көз қадап тұрды.

Расы Адақ бәске қатыспаған.

Шындағы орамалды атыспаған.

Апырақ, албырт, әңгі батырлардан,

Бұл жігіт өзін аулақ, жат ұстаған.

Тұрғандай түпсіз терең ойға батып,

Қадалып, шыңбасына қалған қатып.

"Оқжетпес"
өрдеш шыңмен арбасқандай.

Тұрған ед жолбарысша көзбен атып.

Және де жарысқа да енбеп еді,

"Түс" деген жігіттерге көнбеп еді.

Ауырып тұрмын, деген сылтауына,

Ренжіп қостастары сенбеп еді.

Өнері өзіне аян кем емесі,

Күшіне мұның ешкім тең емесі.

Тұрған бұл, жас құлжаша күші тертіп,

Тұрса да қайнап, қызып делебесі.

Батырлар жүгіргенде аршындатып,

Адақты күш билеп ед қалшылдатып.

Тұлпардай көрмедегі
жер тарпыған,

Тықыршып ауыздығын қаршылдатып...

Жаңартты тұтқын қызбен Адақ шартты,

Шіреніп, серіппені ырғап қатты.

Сырықта шың басындағы орамалға,

Сығалап көздеп тұрып садақ тартты.

Әндетіп оқжөнелді көкке боздап,

Әуенің дыңылдатып
сымын қозғап.

Шаттанып шыңға қарай асқан сайын,

Елігіп, жар салғандай "шабандоздап".

Ұшқыр оқ
шың басына кетті сарнап,

Жайқалған
орамалға атқан арнап.

Қалың қол тыныс тартып, телмірісіп,

Жанғырды айнала тау қоса зарлап.

Қос тілді оқ, найзағайша көкті тіліп,

Айырып орамалды кетті күліп.

Орамал жырымданып қала берді,

Болат оқ шүберекті кетпеді іліп...

Садаққа қыстырды Адақ үш қырлы оқты,

Ысқыртты шіреп енді аспан-көкті.

Атқан оқ орамалдың қадасына

Сақ етіп, тас жаңғыртып, барып соқты.

Үш қырлы
оқдал-дал қылған мана құсты,

Шіреніп сілтеген соң қайрап тісті.

Оталған қурайдай
көк шалғыменен,

Қада мен орамалды жұлып түсті.

Адақтың оғы өзгеден
ұшқыр ұшты,

Қос тілді, жасыл құрыш, үшкір үшті.

Басына "Окжетпестің" оқ жеткізіп,

Өзгеден
үздік болды - күш құрышты.

Қада ұшты орамалмен шыңнан жерге,

Тигендей ауыр құрыш ұшқыр ұшы.

Оқпенен ілдіргенде орамалды,

Қанғандай болды әскердің іш құрышы.

Шуласты, Адақты қол мыңға балар,

Қамалап қошамет қып жатыр талап.

Қызулап төбесіне көтерісті,

Құрметтеп, айқайласып, "көп жасалап".

Адақты қамап жатыр құттықтасып,

Жапырлап, кезек-кезек ұтықтасып.

Жай күліп Адақ тұрды
бәйгені ұтып,

Әңгі емес секіретін асып-тасып.

Қойқандап бөркін тастап шалқасынан,

Қошқардай байдың мынды марқасынан.

Абылай Адаққа кеп алғыс айтып,

Риза боп, қақты күліп арқасынан.

 

ҚЫЗ ЖҰМБАҒЫ

 

Енді қол
жапырлады құзға қарап,

Бұралып құзда тұрған қызға қарап.

Үлкендер көп жасалап құттықтасты, -

Әзіл қып біркелкі жас қыз баталап.

Қыз айтты Абылайға: - "Даяр басым.

Тақсыр хан, жұрт кішкене аялдасын.

Болса да Адаққа мен тиер болдым,

Жырымның шешуін де баяндасын..."

Абылай қыз тілегін "мақұл" деді.

Адаққа: "Ортаға кел, жақын, - деді.

Кебіндей сұлу айтқан әнге салып,

Сөзінді жыр қылып айт, ақын", - деді.

Шуласып: "шешсін... шешсін!" - деді көп те,

Шешуін қыз кебінің естімекке.

Өзі де көпшіліктің кұмар еді,

Адаққа жұмбақты енді шештірмекке...

 

АДАҚ АҚЫН

 

Адақ ер
ыңғайланды даусын ондап,

Лашындай
шарықтауға қанат қомдап.

Шиырлып бойындағы
күшін жиып

Жараған бәйге кердей бойын сомдап.

Қозғалды, дарқан ақын бұрағандай,

Құлағын домбыраның күйлеп қолға ап!

Боздатып күй сарынын келтіргендей,

Екпінін ірке шертіп, кеңнен толғап.

Бой жазып бәйге кердей ойқастаған,

Тұқырып, мойнын кезек оңнан солға ап.

Орғыды бір бүгіліп, бір жазылып,

Құлашын қарыштауға жолын болжап.

Әскер де қамаласып тұрды жиын,

Анталасып, бір-біріне тіреп иін.

Шешуі қыз кебінің не екен деп

Көрінген өңгелерге сонша қиын.

Ақырып құйқылжытып
шырқады Адақ,

Соққандай таудан ұйтқып долы құйын.

Кең тастап көкірегін қобдиланып,

Серпілтті көкке өрлетіп
құлақ күйін.

"Әлеумет, сабыр етіп таза тыңда, -

Шешілсін қыз байлаған жұмбақ түйін.

Ұзатпай
қыздың кебін баяндайын,

Тыңда да мейлің күйін, мейлің сүйін.

Адамның бір жолдағы намысы бір,

Болса егер, санасы бар, бір-ақ ұйым.

Жайылып бірден-бірге бастан-аяқ,

Жыр болмақ бұл әңгіме елге дүйім.

Ел менен ер намысын ақтай алмас, -

Ел шауып, олжа қылып алған бұйым.

Хан да бар, қара да бар - бұл арада

Төрелік
берерсіндер, әділ биім..."

 

ЖҰМБАҚТЫҢ ШЕШУІ

 

Тұтқын қыз өз
басының жырын айтты,

Жүректен жарып шыққан шынын айтты.

Кептерді мысал қылып өз басына,

Не көрген бала күннен сырын айтты.

Зорлықтың
жастан дәмін татқан екен,

Ауылын бір күн жау кеп шапқан екен.

Өлімнен, ата-анасын жау қолынан,

Лашындай бір ер кез боп қаққан екен.

Шапқан жау отырғанда саспай жайлап,

Атасын бауыздауға пышақ қайрап.

Зарлаған екен сонда бала сұлу,

Жауынан рақым тілеп ағатайлап.

Лашындай кез болған ер ойда жоқта,

Бүйірден тиген екен жауға айқайлап.

Ауылды бейбіт жатқан қырған жаудың,

Лезде қалған екен өзі жайрап.

Ер жігіт бейне лашын ала мойнақ.

Бүйірден жауға тиіп салады ойнақ.

Жұлады қарақұстай жаудың басын,

Боп келген бейбіт
елді ала қоймақ.

Әлгі ерге қыз әкесі барын сайлап,

Мал басын түгелімен тартқан айдап.

Көп сөздің ақырында лашын-сынды ер,

Кетіпті қыз баламен бір сөз байлап.

Кім көрген уәденің мұндай түрін,

Әңгімем естілмеген бұдан бұрын:

Лашын мен кептер кебін айтты сұлу,

Мысал ғып әлгі ерменен сертті сырын.

"Күнәға" бой жеткен соң, батпай тұрып,

Әйелдік тұрмыс дәмін татпай тұрып,

Әлгі ерге бір түнекке кеп қайтпақ қыз, -

Қойнына
күйеуінің жатпай тұрып.

Әйел боп салмай тұрып басқа күндік,

Болатын болса-дағы мейлі кімдік:

Байласқан серт бойынша әуелі қыз,

Әлгі ерге әйел болмақ бір-ақ түндік.

Сөз байлап ер кетіпті сұлуменен

Қыз өскен аз ғана өмір сүруменен...

Бір сабаз қызды келіп алмақ болған,

Қалап кеп,
іздеп құлақ түруменен.

Күйеуін мысал қылды ақ сұңқарға, -

Әрине, сұңқар сипат ашық жарға.

Сұңқар ғой сүйген жары сұлу қыздың,

Болмай ма, сүймегені нақ сұм қарға...

Әрине, күйеу отау тіккен аулақ

Оңаша күйеу сонда жатпақ аунап.

Қасына
алып келген қалындығын,

Үйіріп, сыр ашысып алмақ баурап.

Күйеуге қалындығын әкеп аулы,

Басына салмақ болған желек жаулық.

Қыз сырын айтқан екен күйеуіне,

Екеуін қалдырғанда құсша баулып.

Оңаша түнде отауда емін-еркін,

Сабаз қыз күйеуіне кебін шертіп,

Сол түнгі кеңшілігін сұранады,

Өтеуге
баяғы ермен қылған сертін.

Сұлуға берген екен күйеуі ерік,

Жомарттық ерлігінде болып серік.

"Сертінді бар да орында" депті жары,

Адамдық - қылған сертке болмақ берік.

Күйеуі айтқан сонда өсиетін:

Шыншылдық, - адамшылық қасиетін,

Жалғаншы атанба, бар, сертінді өте,

Шыншыл бол, әділ халық бас иетін..."

Белгіге берген күйеу орамалын,

Сұлудан аямайды қора малын.

Шеттерін кестелеген орамалды,

Қыз шыққан, қыпша белге орап алып.

Рұқсат ап, ақ сұңқардан қойнындағы,

Білінбей өзге жұртқа бойын бағып,

Жөнелген екен сұлу түнде жалғыз,

Өтеуге, алған сертін мойнындағы.

Әр жерде ұрылардың ісі ұласқан,

Бәрінен сол түнгі бір үш ұры асқан.

Жүгірген түнделетіп жалғыз сұлу,

Бір жерден үш ұрыға ұшырасқан.

Ұрылар
қуаныскан секірісіп,

Зорлауға қызды ыңғайлап бекінісіп.

Құтырып айуандық нәпсілері

Шұбырып сілекейі кекірісіп.

Жемді тек түнде аулайтын құсша қарап,

Жол тосып кездескенді жүрген талап.

Кептер құс ұшырасқан түнде орманда,

Мысал ғой үш ұрыға үш жапалақ.

Сұлуға үш
қарақшы қызығады,

Көздері қарауытып қызынады.

Айуан нәпсілерін тойдыруға,

Естері алабұртып бұзылады.

Бұралған көк шыбықтай көркем ару,

Нәзік қыз істей алмақ кімге қару?..

Іліксе арсыздарға мұндай олжа, -

Болады тілектері итше сару.

Қыз жылап айтқан екен барлық сырын,

Себебін келе жатқан бүйтіп ұрын.

Алдаушы болам ғой деп сенгіш ерге,

Жойма деп жалыныпты әбүйірін.

Сұлудың сырын айтып жылағаны,

Жалынып көздің жасын
бұлағаны,

Оятқан үш ұрының ар, намысын,

Кеңшілік олардан да сұрағаны...

Құтырып қозған нәпсі басылады,

Кешірім сұрап қызға бас ұрады.

Оянған адамшылық ар-ұяты,

Айуан нәпсі жынын қашырады.

Жаман ой, арам қулық бәрін тастап,

Құрметтеп, енді үш ұры "қарындастап"

Сабаздың лашын-сынды мекеніне,

Қызды ертіп, түн ішінде жүрген бастап,

Үш ұры тірі жанға білдірместен,

Жолшыбай жат көздерге ілдірместен.

Қыз іздеп шыққан ердің мекеніне,

Жеткізіп сап қайтыпты кідірместен.

Түн қатып іздеп шыққан жерін тауып,

Қыз келіп жолығады ерін тауып.

"Баяғы серт бойынша келдім" дейді,

Мұрсат ап түн ішінде ебін тауып.

Кебін қыз шерткен екен түгел бастан,

Бір сөзін уақиғаның қалдырмастан.

Күйеу мен ұрылардың кеңшілігін

Баяндап ақтарғандай
бейне дастан.

Қалай ғып сұлу рұқсат алғандығы,

Күйеуі жомарттық қып қалғандығы.

Батырды бәрі қайран
қылған екен,

Үш ұры тимей әкеп
салғандығы.

Сұлуға батыр енді дейді шырақ!

Оншалық аулың сенің емес жырақ.

Ризамын қайт ізіңше сертің бітті,

Қызықсам қала ма ардан бір жапырақ?.

Ер арын қайтсын, енді зорласын ба?..

Өзін де,
сұлуды да қорласын ба?..

Бұрын ер енді қызып бір шашаққа,

Алданып бұ да жомарт болмасын ба?..

Қыз аман кейін қайтып жолға түскен,

Кептерден пенде бопты торға түскен.

Жеткенше сұңқарына
қайта келіп,

Сол елді шапқан
жауға қолға түскен.

Сол елді шапқан жауы бізбіз міні...

Осы еді қыз кебінің барлық шыны.

Тайлақша бәйге боп тұр, міне, ортада,

Біреудің мандайдағы Ай мен Күні?

Орманға тиген барып тау бүркіті,

Андарға ылғи момын жау бүркіті,

Тақсыр хан, сізге мысал айтылған сөз,

"Жүрміз ғой, десек-дағы жауды үркітіп..."

Жазықсыз қалмақпенен жауласамыз,

Аянбай аңша қырып
ауласамыз.

Калмақ та ел өзіміздей деген болса,

Теңгермей бойымызға дауласамыз.

Мысал ғып жырлады қыз сыр мен зарын,

Елінің әділ, жомарт сабаздарын.

Жыр қылды түнде өзімен ұшырасқан,

Жол тосып ұрлық қылған
- "бабы аздарын"

Бәрінің жомарттығы
сүйсінерлік,

Әр елге осындай-ақ тисін ерлік.

Жомарттық бізден мұндай табылмаса,

Мақтанған құр
өтірік күйсін ерлік!..

Өлтірер деген еді ерді намыс,

Қоянды
өлтіреді деген қамыс, -

Қызды енді олжаласақ елімізді

Не демек естісе егер, жат ел - қалыс...

"Сабаз" деп бұл сұлуды мақтар еді,

"Момын" деп қалмақ елін жақтар еді.

Бізден де бір қыз сөйтіп зарлап тұрса,

Қиянат
қылғандарды ақтар еді.

Сөзді енді бүркемелік, етіп күлте,

Мұндайда керек емес мақта-білте.

"Ханы да, қарасыла арсыз деген",

Келмесін ел бетіне шіркеу-шілте.

Қыз жырын сізге арнады төрелікке,

Болмайық,
тақсыр, бекер өр-елікпе.

Естіген халық жерге түкірмесін,

Біз-дағы әділ билік берелік те.

Әлеумет, мойнымызға бұл бір салмақ,

Қырылды, қолымыздан талай қалмақ...

Күн сайын лағнат айтып отыратын,

Боламыз қызды ұялмай, қалай алмақ?...

Бұл сұлу бәйгеме енді маған тиді,

Тақсыр хан,
билігіңе басымды идім.

Ұрықсат бердім
қызға елін тапсын,

Олжаны ұры қиған мен де қидым...

Тарқатсын нәзік тұтқын қасірет, шерін,

Жарамды бір жүйрікпен тапсын елін.

Еліне аман кайтып сұлу бикеш,

Өлмесе, тауып алсын жомарт ерін...

 

ЕРІК АЛҒАН ҚЫЗ БЕН ХАННЫҢ ҚОЛЫ

 

Иілді Адақханға, болып сөзін,

Кіргендей болды көпке біраз сезім.

Бұралып құзда тұрған нәзік сұлу,

Ырза боп, тұрды жылап сүртіп көзін.

Абылай төмен
қарап тұрды тұйық,

Ішінде тұншыққандай мылқау қиық.

Ешкім де бұза алмады біткен істі,

Әскердің әлгі сөзге көбі-ақ ұйып.

Мінбелеп шындар көлге шүңиеді,

Айнала көктен төніп
үңіледі.

Көлбеген Бурабайдың айнасына,

Шындар мен көктен басын күн иеді.

Сұлудан дәмелілер үміт үзді,

Анталап, әскер шулап, қамап құзды.

Ерік алып, көкірек
керіп демін алған,

Жамырап, құттықтады
тұтқын қызды...

Қаранып сұлу енді оң мен солға,

Сөйледі ханы менен қалың қолға:

"Тақсыр хан, үлкен аға, замандастар!

Кідірмей бет түзейін, шығып жолға.

Ойлап ем, сырымды айтып жыламақка,

Жұмбақтап ханнан ерік сұрамаққа,

Әдейі құз басына шығып едім.

Бермесе, тұңғиыққа құламаққа.

Тереңге төнген құзды
сайлап едім,

Басына шығып кепті сайрап едім.

Олжаға түсер
болсам, құздан құлап

Өлуге белді бекем байлап едім.

Рақмет! Құтты болсын дегендерге,

Зарымды бүйтіп
шешкен кемеңгерге...

Тағы да адамшылық еткейсіздер,

Олжа боп, біздің елден келгендерге..."

Кідірмей бір жүйрікті алдыртады,

Ерлетіп қоржынды ондап салдыртады.

Сусындап тұтқын сұлу киінгенше,

Суартып, жетектетіп, шалдыртады.

Тұрды қыз, сымдай болып белін қынай,

Қос бұрым, сүмбіл шашы беліне ұнай.

Жеңген соң сұлу енді құрмет көрді,

Келгендей Абылайдың елін сыйлай.

Сөйлесіп анталаған батырлармен,

Жүретін жолдың бағыт жөнін сұрай...

Калмақтың өзге
тұтқын әйелдері,

Қоштасты, зар
еңіреп, жылай-жылай.

 

ҚЫЗ БЕН КЕРКӨЖЕК

 

Шапшыды, тықыршып
Кер бәйге сұрай,

Аузымен құс тістеген бейне құмай.

Жандыға шалдырмайтын жел аяқты.

Қуса да
қос қанатты мейлі құдай!

Көжектей қамыс
құлақ, сымпыс құйрық,

Бүгілген бадана көз, мінсіз сүйрік.

Алмайды қанатсызды
қапталына,

Жүйткісе көз ілеспес сағым жүйрік.

Жетектеп, әлекедей көжек көрді,

Серке сан, бота тірсек өжет көрді.

Шаужайлап аяндатып бір жас жігіт

Тізгінін қатты
қымтап, тежеп көрді.

Секіріп, аузын
ашып, көкке шапшып,

Көжек кер қобалжытты
үстегі ерді.

Желікті, дәйек қылмай,
тез пысқырып,

Шашпаққа
бұрқыратып ащы терді.

Жұлқынып, ауыздығын қарш-қарш шайнап,

Тұқырып, құшырланып, тарпып жерді,

Ширшықатып, билеп шырқайналды,

Уытты екпінімен шарпып желді.

Атыспай Абылайдың қолын жеңген,

Жөнелмек алып сұлу кемеңгерді.

Сұлуды кетпек алып құстай ұшып,

Дегендей: "Тарқатсын тез шемен, шерді."

Ыңғайлап, қызға әкеліп көжекті ұстап,

Мөлшерлеп, қоржынға
сап қорек берді.

Жолшыбай су алуға керек десіп,

Бүктесіп, қоржынға сап көнек берді.

Пысықтап
қайта-қайта: "Адаспа"деп,

Жадына жөнін
мезгеп, шенеп берді.

Мініп ап, Керкөжекке
шіркін сұлу,

Бұралып қош айтысып жөнеп берді.

Мінген соң
Қуандықтың құмайына,

Жөнелді қыз елі мен жұбайына.

Жолшыбай тірі жанға шалдырар ма, -

Керкөжек тигеннен соң сыбайына?

Жөнелді
аузын ашып керше таңлақ,

Ырғиды, құйын соққан
бейне қанбақ,

Не құмай, не бұлдырық, не қаңбақ деп,

Айтарсың, қарамасаң әбден андап.

Сәйгүлік
Қуандықтың арда кері,

Жорыққа Барақ батыр мінген тандап.

Бауыры аңғал шыңның болды жым-жырт, -

Сағымдай бітті тозып, қалған шандақ.

Жас елік кетті босап тұтқын қолдан,

Жас құлан шықты
ойнақтап түскен ордан.

Тұтқын қыз Керкөжекпен
кептер құсша,

Жытты енді босанған соң темір тордан.

 

ОҚЖЕТПЕС, БУРАБАЙ, ЖҰМБАҚТАС

 

Көк торғын,
Көкшетауды мұнар басқан,

Кербез тау көкке бойлап бұлттан асқан.

"Оқжетпес" етегінде бейне найза

Адамзат жасағандай құйған тастан.

Тау бүркіт көк қаршыға
көкте қалқып,

Шарықтап, шыңында ойнап шаңқылдасқан.

Қызықты Көкшетаудың ертегісі,

Сілекей ағызады сырлы дастан.

"Оқжетпес", "Бурабайдың" жағасында,

Күн батыс тауға кірген сағасында.

Басында кептер кебін қыз жырлаған,

Аңғал құз, көлдің жиек тағасында.

"Бурабай" таудың шұңғыл шарасында,

Әлгі құз "Оқжетпес" пен арасында.

Ұлылы-кішілі
боп көлге төнген,

Өңкей құз
күміс келге жарасымда!

"Оқжетпес" кербез сұлу боянбаған,

Керіліп, кернеу тартып оянбаған.

Айнаға алдындағы мәңгі қарап.

Өзінің көркіне
өзі тоя алмаған.

Аңғал құз "Оқжетпестің" етегінде,

Ботадай бойшаң нардың жетегінде,

Бұл күнде көлдің суы құзды ораған,

Дәл сол құз екен көлдің шеті о күнде.

Әлгі құз "Жұмбақтас" деп аталыпты,

Солайша калмақ қыздан бата алыпты.

Суретті "Жұмбақтастың" шежіресін,

Үлкеннен кейінгілер жат алыпты.

Мінеки, жұмбақ таста болған ертек, -

Жыр қылған, от басында әйел, еркек.

Қақтаған отқа бұтын балалар да,

Ши борбай, күс
табанды, қарны шертек.

Осылай жыр қылады "Жұмбақтас" деп,

Дәу алып адам пішін сымбат тас деп.

Куәсі ертедегі болған істің,

Белгісі шежіренің қымбаттас..." деп.

Барғанда анда-санда "Оқжетпеске",

Болмайды "Жұмбақтасты" елемеске.

Елестеп көз алдыңа суреттері,

Ертегі әлгі әңгіме түседі еске.

"Жұмбақтас" - бейне арыстан шөгіп жатқан,

Айбатты жалбыр жалын төгіп жатқан.

Манқиып "Оқжетпеске"
қырын қарап,

Суына
"Бурабайдың" бөгіп жатқан.

Жақын кеп, қараған
жан аңғал тасқа,

Сүңиген тұңғиыққа,
саңғал тасқа.

Қызықты жаратылыс
суретіне,

Болмайды қайран қалып,
таң қалмасқа.

Сүңиген аңғал қия, мылқау-керең;

Үңілген көлге төніп,
түпсіз терең.

Қарасаң етегіне келіп тұрып,

Шымырлап түршігеді барлық денең!

Анығын ертегінің сұрасаң да,

Айқайлап етегінде айтып өлең,

Қаңқылдап өз сөзінді қайта айтады,

Жалынған сұрауынды қылмайды елең...

* * *

Бурабай желді күні толқынады,

ЬІсқырып, дауыл соқса, бұлқынады.

Жайындай найза тиген ойран болып,

Соқтығып қырға шапшып жұлқынады.

Кескекті арыстандай арсылдайды,

Шынжырлы ақ бураша қаршылдайды.

Гүрсілдеп, көбік шапшып тасқа соғып,

Қамаған тау мен тасқа қалшылдайды.

Үнемі бір қалып
жоқ "Бурабайда",

Маужырап тыныштанад тынық жайда.

Көңілді балқытады жұмсақ тербеп,

Сипайды еркелетіп жанды майда.

Аспаннан алтын Күннің сәулесі ойнап,

Құйынып, күміс суға терең бойлап.

Құбылып ойнайды көл исінгендей,

Кұлпырып сансыз түрге гауһар жайнап.

Жағалай тау мен орман
анталасып,

Ортада жатқан
жасыл мөлдір айна, -

Ойнайды айнадан өз
жүзін көріп,

Кеш болса сансыз жұлдыз алтын ай да...

Долданып, дауыл соқса, тулап айдын,

Гүрсілдеп, аласұрды шулап айдын.

Жұлқынған
шынжырынан ақ бураша,

Көпіріп соқтығады
зулап айдын.

Күрсілдеп, аласұрып көбік шашқан,

Тулаған көл бейнелі - бурада айбын.

Кей күні тулаған көл, кей күн жым-жырт.

"Бурабай" тыншығады шуақ жәй күн.

Шілдеде көркем айна, торғын тұтқан.

Аждаһа, - қарадауыл құралай күн.

Тағы да бір құз
тас бар жағасында,

Тағы сол күміс сулы "Бурабайдың".

 

КЕҢЕСАРЫ ҮҢГІРІ

 

Орта жүз "ақ
патшаға" бағынғанда,

Патшаға хан ұрпағы жағынғанда,

Қасым хан
бармай қалған, туыстары

Патшадан "байғазы" алып тағынғанда.

Кене хан Қасым ұлы қырға көшкен,

Үстінен туыстары шағынғанда.

Патшаға қарадың деп
елді шапқан,

Хандығын Абылайдың сағынғанда.

Үркітіп дүйім елді бүлдіргенге,

Шулатып жабықтарын тілдіргенге.

Мәз болған
хандарыңыз, - ел шапқызып,

Торсықты
керегеге ілдіргенге.

"Қасым хан, туғанда қан уыстаған",

Мәз болып,
"Кеңесары ту
ұстаған".

Кене мен ағалары жауласыпты,

Сияқты Абылайдан туыспаған.

Бұл сөзім онша емес көне сарын, -

Әңгіме, сексен жылдан емес ары.

Шауыпты қырдан келіп ағаларын,

Абылай немересі - Кеңесары.

Тасқанда көлдің өсіп кенересі,

Су қайтса
биіктейді кемері өсіп.

Түстік жақ Бурабайдың бір құзына

Қоныпты Абылайдың немересі...

Кемерде қалың орман, күз тас шошақ...

Кененің қолы
келіп құрған ошақ...

Қарауыл таудан
аса баршы салып,

Сол құзда Кеңесары
жатқан мошап.

Сол құзда жаткан мошап үйілісіп,

"Жат болған" Көкшетауға күйінісіп.

Шаппақ боп, дуан менен таудағы елін,

Күштерін жиып, тастай түйінісіп.

Содан соң мәңгі тастап бекінісін,

Қолымен
Кене кеткен шегінісіп.

Мүлде енді шөлге кеткен аулын шауып,

Қасымның екі ағасын, екі інісін.

Үйшік бар, әлгі құзда үңгірлеген,

Ішіне кірсең үйдей күңгірлеген.

Аталған "Кенесары үңгірі" деп,

Көрсеңіз тәрізді іші дым кірмеген.

 

ЕСКІ КҮЙДІҢ САРЫНЫ

 

Дүниеде әрбір
бөлек жердің аты,

Себеппен қойған бәрі елдің аты.

Әлгіде себептермен атаныпты,

Шындар мен тау ішінде көлдің аты.

Солайша құздар
мен көл атаныпты,

Зерек жұрт хикаясын жат алыпты.

Қате айтсам, әңгімені қағыс естіп,

Кешірер тарихшылар қаталықты...

"Бұл іске "Бурабайдың" тасы куә,

"Оқжетпес", "Жұмбақтастың" басы куә.

"Сыбырлап, сыр ұрлаған қара орманның

Бүкір бел кәрісі мен жасы куә".

Тарихқа болмаса
да онша дерек, -

Әркім-ақ оқып көрер қылса керек.

Көрейік
толық білген жазсын жақсы,

Еш ертек меншікті емес ешкімге ерек.

Талай сыр ертегіні ел айтады.

Ызындап таудан соққан жел айтады.

Жасырын сыбырласқан
жапырақтар,

Күндіз-түн күңкілдеген көл айтады.

Толғанып
төмен қарап шал айтады,

Тамсанып таңырқанып бала айтады.

Тау, тасты тұнжыраған куә қылып,

От басы қатын-қалаш - бәрі айтады.

Ертегі болмаса да хатта қалған, -

Аузында шежіренің қартта қалған.

Қарттардың баян қылған әңгімесін

Есіткен кейінгілер жаттап алған...

Жыршы ақын домбырасын шертіп төрде,

Ертекпен таныстырар ашып перде.

Тыңдаған алқа-қотан әлеуметтен,

Талапкер жат алады, болса зерде.

Домбыра түптеп қозғап жырын сарнап

Күрсініп толғанады қоңыр перне.

Қоздатып көшкен елдей шұбыртады;

Моншақша тізбектеліп айтқан терме...

Домбыра сарнайды үдеп күйін кертіп;

Толғанып жырлайды ақын талмай шертіп.

Ертегін Көкшетаудың баяндайды,

Ұзаққа шапқан аттай шоқып, кертіп.

Тыңдаған алқа-қотан әлеуметті

Ертекші тамаша етіп алады ертіп.

Тамсанып ертегіге ертедегі

Әлеумет теңселетін
күймен елтіп...

Ертекке енді әлеумет емес құмар...

Ескілік еңбекші елге болмас тұмар.

Еңбек пен өнер күйін естісе енді,

Әлеумет анталасып елтіп тынар...

Заманның қызықты енді болашағы,

Еңбекші ел үрдіс кешіп қонашағы.

Еңбекші ел ынтық болар күйлер шертсең

Әлемнің мехнатынан қола шағын...

 

КӨКШЕТАУ ҚАСИЕТТЕРІ

 

Адам бар өнеріне
бас иетін,

Құрметіне
ескерткіш қып тас үйетін.

"Өнерлі кей ұлдарын" еске салып,

Енді айтам Көкшетаудың
қасиетін.

Көз салсаң Көкшетаудың қай жағына,

Айнала құлашын кең жаймағына: -

Қара орман, су мен езен, айдын көлдер,

Сан өлке кіреді оның аймағына.

Сылдырлап жасыл
өзен аққан көлбеп

Күміс су, маржан құмды
шалқар көл көп.

Өзенге күркіреп
кеп өзен құйып,

Шымырлап, көк
үйірім кеткен сел боп.

Жаз жасыл, күзде сары бетегелі,

Қиырсыз, құлашты кең жайған бел көп.

Бітік, ну - өсімдігі, шөбі - шүйгін,

Жатады қара жерге майды шел боп.

Жайылған Көкшетаудың аймағында,

Мал бағып, егін салған кәсіпті ел көп.

Төбенің басына да егін шығып,

Төрт түлік мал әседі бұла-тел боп.

Ертіс пен орап аққан Есіл, Нұра,

Бұларға сансыз өзен құйған жыра.

Әр таудан өзен атқып, тулай гүрлеп,

Тастарды домалатқан құмын сыра.

Созылып көк жібектен Нұра ирендеп,

Құяды Корғалжынға болып мұра.

Ертіс пен Есіл орап кетеді өтіп,

Құдиып мұз
теңізге бетін бұра...

Сансыз көл айдын-шалқар жатқан шалқып,

Түрлі кұс мөлдір суда жүрген қалқып.

Қаз-үйрек,
шағала, аққу мың түрлі әнмен

Күй қосат
көлдің басын думан, даң ғып.

Құмы -
інжу айна көлдің күйін тыңдап,

Адамның жадырайды
көңілі балқып.

Көк орай,
көк айнала белуардан

Көк майса гүл иістері
шығады аңқып...

Түрлі құс жасырынып ну құраққа

Теңселген сылдыр қағып ту құраққа

Секілді ойын
қылған қыз-келіншек

Тығылған пай шымылдық судыраққа.

Көлінде, өзенінде толған балық,

Еңбекші ел кенелді балық алып.

Балығын құстарымен кәсіп қылып,

Сонымен
пайдаланған талай халық.

Барсаң да қай
өлкеге белден шалғын,

Оралған белуардан балдыр-балғын.

Мас болып шұбар ала гүл исіне,

Келеді сансыз гүлді құшып алғың.

Толқыған
алқара көк теңіз-сынды,

Келеді көк майсаға шалғы салғың.

Тыныс ап, жұпар иісті құшағында,

Келеді төсінді ашып жатып қалғын.

Жайқалған қара
орманда қарағайы,

Тораңғы, қызыл, аппақ, ала қайың.

Ағаштан түрлі керек сайман жасап,

Алады еңбекшіл ел қарамайын.

Ән салып гүлден гүлге қонақ болып,

Жинайды аралар да дала майын.

Молдалар қызықтырған ұжмағынан,

Бірде кем ормандарын санамаймын.

Әуесі дертке дауа Көкшетауды,

Молда айтқан мың ұжмаққа баламаймын.

"Ұжмағын"
Көкшетаумен қатар қойса,

"Ұжмақты"
ақы берсе қаламаймын...

Жатқандай қара жері майға шылқып,

Қап-қара семіз қыртыс, борси былқып,

Астыққа қарық
болад, бірі жүз боп,

Еңбекші ел жерді жыртты салып егін.

Көрінген
мал құлағы, жері құтты,

Құнарлы, берекелі, майлы, сүтті.

Қап-қара топырағы түбіт түкті,

Көкшетау
елемеген талай жұтты.

Уә, шіркін! Мұндай жерлер көпке-ақ ұнар

Қара жер, жібек түкті, құтты құнар..

Екеуін "ұжмақ" пенен танданатын,

"Құда" екең болар ма еді, мені сынар!

Кені бар Көкшетаудың қызыл алтын,

Өлшеуіш дүниенің еңбек нарқын.

Түлкіше қасақана қашқан жортып,

Құмар ғып
жер үстінің барлық халқын.

Жеріне
Көкшетаудың сіңген қашып,

Көпір тас,
жылтыраған қызыл жалқын...

Жер үңгіп, тасты қашап,
алтынды алған,

Жұмыскер қиын істің қылған парқын.

Дүниеге тегіс совет орнағанша,

Шіркінге қарар ма екен пенде салқын.

Табыныс алтынға адам сонда ғана -

Коммун боп өзгерткенде сана-салтын.

* * *

Елдерін араласаң өскен, өнген,

Суретті көркем түрлі көп ескі өлең.

Кең көкірек,
керней дауыс, ақын, әнші -

Келеді жігіттері боп өскелең.

Іс қылған адамының денесі
ірік,

Жігерлі, ер көңілді, еті тірік.

Ақын да, палуан да, әнші де көп,

Дей алмас көрген адам мұны өтірік.

Ерлер бар - бітістері жасыл, құрыш,

Ерлер бар - айтса қайтпас, алмас қылыш

Ақын бар - алмас садақ, тілдерінен

Кейде бал ағызады, кейде бұрыш.

 

ӘНШІ АҚЫНДАРЫ

 

Ыбырай

Әнші бар Көкшетауда талай ірі,

Ыбырай - топ
жарғанның о да бірі.

Қаңбақша
қыз-бозбала қағып алып,

Жайылған талай әсем ән мен жыры.

Өзі ақын, ән шығарғыш, домбырашы,

Сауықтың жан думаны, болған пірі.

Ақырып арыстандай ән салады,

Ыбырай жүйрік тарлан әлі тірі.

Кең алқым,
кең көмейлі, даусы керней,

Ақырмай ән салмайды, көкірек кермей.

Астына алты қырдың естіледі,

Шырқаса екіленіп құлаш сермей.

Ән салса, алқымы ісіп құйқылжиды,

Бәйге атша, алып қашқан
ырық бермей,

Айнала айдын көлге естіледі

Жаңғырып керней даусы аспанға өрлей.

Қапсағай, қыр мұрынды, арыстандай

Жаратқан дүлдүлмен де жарысқандай.

Әуелі қалтыратқан
күркір дауыс,

Тіресіп дауылменен қарысқандай.

Әні бар "Гәкку" деген аңқылдаған

Аққудай айдын көлде қаңқылдаған.

"Гідігай", "Қалдырған" мен "Маңмаңкерін"

Ырғалтса, керней дауысы саңқылдаған.

Мазақтап байдың қашқан "Керекесін"

Сөветтің көзі көріп берекесін.

Сөветтің губерналық жиынында

Ән шырқап, құттықтаған мерекесін.

Советтің еңбекші елге сыйын көріп,

Отарба, машиненің биін көріп,

Екеуін өлең қылды
"отарба" ән мен

Гулеген Көкшетаудың
күйін керіп.

Туса егер, өнерлі
елде бақтарына,

Білім ап жүрсе бәрі баптарында:

Біржан сал, Ақан сері, Ыбырайлар,

Алмас ед Шаляпинді қапталына.

Балуан Шолақ

Тағы да бір ғажап ер Балуан Шолақ,

Бір қолы отқа
күйіп болған молақ.

Цирктің Корень деген балуанының

"Қираткан
қабырғасын жалғыз қолы-ақ

Жиналған бес дуан ел сәтукеде,

Көтерген елу бір пұт бір-ақ жол-ақ.

Қызықты ән шығарғыш, ақын балуан, -

Шебері сырлы өлеңнің,
емес олақ.

Кес белтек, алшаң
төстек, емес иір,

Денесі болат
құрыш, жігер шиыр.

Жалаңаш денесіне тіс батпайды,

Көк темір - бұлшық етті түйір-түйір.

Жайдары жарқылдаған ер көңілді,

Ел кезіп ән сап жұртпен болған үйір.

Шолақтың өлеңі мен балуандығын,

Сөз қылған:
"бәлі!" десіп талай қиыр.

Қап-қара күшті дене - құйған шойын,

Топшылы, тау бүркіттей, бұғы мойын.

Қайраты, күшіменен таң қаларлық -

Цирктің жыққан
бүктеп талай дөйін.

Ән шырқап, құйқылжытып өлең айтып,

Қазақтың думан
қылған талай тойын.

Көрсеткен
еліктіріп бозбалаға,

Құйғытқан ат үстінде сан түрлі ойын.

Жайдары, жігіт гүлі, жарқын-жайсаң,

Жауына жалынбаған,
тастай қайсар.

"Пасықсың, мысық құйрық" дейтін еді,

Билерге жағамын деп сөзден тайсаң.

Шығарған талай әсем ән мен сарын,

Жүрекпен ыстық қанның айтып хәлін.

Әсерлі өлендері әнмен айтқан

Толғанып суреттеген ашық жарын.

Күрілдеп, сыймай қоңыр лашығына,

Шығарған ән мен өлең ғашығына.

Шығарып "Ғалияны" жұртқа жайған

Күйініп ғашығының қашығына.

Әлі ынтық "Ғалияға" жұрттың бәрі,

Тыңдаса мәз болады жас пен кәрі.

Білмейтін "Ғалияны" қазақ бар ма? -

Күлісіп, тыңдаған жұрт дейді:
"бәлі!"

Николай қазақ елін
жерден қуған,

Айдаған орманды жер, шалқар судан.

Жерінен мал құлағы тұтам шыққан,

Айрылған талай момын қалың нудан.

Жерсіз қап, әсіресе, кедейлері

Еңіреп қош айтысқан жермен туған.

Тепкі жеп Николайдан бір жыласа,

Жылаған бай мен биден, болыс қудан.

Нашар жұрт еңірескен айрылған соң,

Мекеннен кіндік кесіп, кірін жуған.

Надан ер "иісі орыстың, бәрі бір" деп,

Сол кезде кек алмақка белін буған.

Жазасыз мұжықты
кеп Шолақ тапқан,

Малдарын жүздеп
қуып, жауша шапқан.

Мұжық пен
надан ерді атыстырып,

Шолақты ұстап ұлық құлыпка
жапқан...

Суықтас,
темір құлыпты қамау үйі,

Шолаққа
темір кісен - қылған
"сыйы".

Тас үйде, есік құлыпты,
қолда бұғау, -

Тордағы торғай құстай
тұтқын күйі.

Шынжырын қолындағы
жіптей үзіп,

Жұлқынып
арыстанша күші қызып.

Түрменің бөлмесінде жалғыз құлжа,

Шегініп құлыпты
есікті соққан сүзіп.

Рақымсыз ақ патшаның тас түрмесін

Қиратып, аңғал батыр шыққан бұзып.

Тұтылып, құтылғанын өлең қылып,

Әндетіп елге Шолақ кеткен сызып.

Қажымұқан

Көсілген Көкшетаудың даласынан,

Көк майса сансыз өлке саласынан.

Шолақпен
тете шыққан Қажымұқан

Оралған көк Есілдіңжағасынан.

Дүңкілдеп жұртқа даңқы Мұқан шыққан,

Жасынан тең құрбысы түгел ыққан.

Нан піскен кеудесіне балуандар

Түксиіп Мұқан келсе жым боп бұққан.

Аралап талай жерді, сан қаланы,

Күресіп талап алып дәуді жыққан.

Ел кезіп елден асқан балуанның

Талайын қол ұшымен ойнап сыққан.

Сан балуан көрген
байқап оның күшін,

Қалтырап,
ол тигізсе қолдың үшін.

Мұқанды
ойда, қырда білмеген жоқ,

Күшіне сүйсінгендей үлкен, кіші.

Күресте СССР-да жеке қара,

Талай дәу қыла алмаған ешбір шара.

Европа, Азиядан асқанда да:

Подцубный, Ганс - Гауан, Қазбек Гара.

Ожар бет, қара мойын - бейне құлжа,

Қылар ед бір салса егер мылжа-мылжа.

Шалқиған жауырынды, бұжыр қара,

Еңгезер, үйелмен, дәу, тарқан - құжға.

Қалың бет,
бура төсті қара нардай,

Жұп-жұмыр, жуан діңгек, бойшаң дардай,

Өзге жұрт ергежейлі ол келгенде,

Айбынды, жолбарысқа болар пардай.

Топшысы кере құлаш, бітіс шалқақ,

Шалқиып балпаң басад, талтақ-талтақ.

Ұзақ жол
керуеннің көшіндегі

Сияқты жампоз атан, басқан малтақ.

Жасында Кажымұқан байда жүрген,

Жалшы боп, бірталай жыл өмір сүрген.

Халыққа
алыптығы әшкере боп,

Циркке балуан боп сонсоң кірген.

Атқарып жүргенде де малайлықты,

Күресте тең құрбысын
талай жықты.

Бір байдың аттартпаған жүгін тартқан,

Көрген жұрт деген
шулап: "Қалай мықты!"

Бурдай шонжар, жампоз, жараған дом,

Өрдеш төс,
білеу дене, шойындай сом.

Алпамса, алқа-салқа, бұлшық етті,

Қобы жон,
алды артына біткендей көм.

Құлжадай
топтан оған көз тартады -

Мысалы, даладағы бейне бір дең.

Алыбы бұл заманның Қажымұқан -

Адамның осы күнгі шонжары шоң.

Біржан

Қазақта даңқы шыққан Біржан ақын.

Келтірген сұлу өлең сөздің нарқын.

Сан топта,
сан жүйрікпен жарысқанда,

Келмеген қапталына ешкім жақын.

Өлеңмен ән шырқаса,
дерсің бұлбұл,

Жандыға шалдырмаған бейне дүлдүл.

Жарысқа
ұлы дүбір мүдірмеген,

Құлашын
үдей сілтеп жайнап гүл-гүл.

Ән салса арыстандай ақыратын,

Әуені қалтыратып
жапыратын.

Саңқылдап
даусы кетіп алты белге,

Көркем ән мандағы елді шақыратын.

Көтеріп көкіректі ырғағанда,

Дауысын шарықтатып,
шырқағанда,

Дауысы алты белден естілетін

Құлаштап
домбыраны бұлғағанда.

Жарыста наркескенмен жауды ұрғандай,

Өтті тіл от жапырақ қауды ұрғандай.

Кақтаған нәзік күміс дағараға

Аспаннан гауһар бұршақ жаудырғандай.

Қазақта
кім білмейді Біржан салды?..

Ағызған қызыл тілден шекер балды.

Сан ақын жарысқанда талай топта,

Үздік боп бәйгені ақын Біржан алды.

Қазаққа
даңқы шыққан ақын Сара,

Бәйгеден келген талай жеке қара.

Біржанмен шаршы топта айтысқанда,

"О дағы қыла алмаған ешбір шара".

Біржандай болмайды ақын тау ұлында,

Сол кезде еш қазақтың
ауылында.

Ақынның моласы тас, жол аузында,

Тауының
туып өскен бауырында.

Ақан сері

... Тағы да үздік шыққан одан бері,

Зарланған "сырлы мінез" Ақан сері.

Зарлы әнмен, көркем
күймен, сырлы өлеңмен

Шарықтап
өрлеп көкке шыққан шері.

Әнінен исініп жұрт таң болатын,

"Түскен деп әнін тыңдап көктен пері".

Жатқа алып
қыз бозбала құмарланып,

Жайылған Сарыарқаға
"Құлагері".

Құбылған әні көркем гауһар түрлі,

Күйлеген нәзік сезім "жұмбақ" жырлы.

Махаббат, қасіретін күй ғып шерткен,

Әндері, өлендері нәзік сырлы.

Ырғалтып шырқағанда көркем әнін,

Келтіріп нәзік нақыс әннің сәнін.

Әндері "Сырымбет" пен "Үш тоты құс"

Еріткен тыңдаушының
жан мен тәнін.

Шырқайды Ақан әнін ой мен қырда,

Жайылған қазақ түгіл,
қыр мен сырға.

Ақанның Сырымбетін башқұрт қызы

Ырғалтқан
Мәскеуде үлкен театрда.

Мәскеуге көрнекке жұрт барысқанда,

Әр жақтың бар өнері жарысқанда,

Әр елдің әншілері театрда

Әндерін көп алдында салысқанда.

Көпшілік талай әнге онша бақпай,

Отырған талай әннің бірі жақпай.

Салғанда Ақан әнін башқұрт қызы,

Әлеумет тыңдай қалған кірпік қақпай.

Сол сында Ақан әні пар іздеді...

Көлдегі аққу әні тәрізді еді.

Ақанның "Үш тоты" мен "Сырымбетін",

Таң қалған естігенде Парижде де.

 

ЗАМАН АҒЫМЫ

 

Өткен күн
ертедегі бейне сағым.

Заман құбылады, жоқтай "бағым".

Үдере, бұлдыр қағып, тынбай аққан

Зырлаған заман шіркін сияқты ағын.

Баяндап Көкшетаудың ертектерін,

Жыр қылып, күйге салдым біраз шағын.

Байлығын, жаратылыс қасиетін,

Сарын қып, күміс сымды шерттім сазын.

Адамзат бейне керуен көше бермек.

Қиырсыз өмірі жол, - кеше бермек.

Жолшыбай жас қосылып, сағат сайын,

Ескі өшіп,
жаңа ер жетіп, өсе бермек.

Керуенмен тынбай алға бара бермек,

Жаңа адам жолдан қосып ала бермек.

Бүгінгі жаңа адамдар баршын тартып,

Жолшыбай шұбатылып қала бермек.

Ежелден тіршіліктің заңы солай,

Тынымсыз өзгереді керуен жолай.

Болмысын көркейтуге алас ұрып,

Ұтылап
іздеп онды, құрап қолай.

Бұл күнде тұрмыс күші емес баяу.

Қаласың лезде
артта болсаң жаяу.

Керуен жынша жүйткіп шабады алға,

Жоқонда жай
аяндап, күшін аяу.

Жүрісі көштің бұрын - аяң, ырғақ.

Ырғалып жылжушы еді керуен сырғақ.

Бұл күнде экспресс отарбаша

Құтыртып
құйғытады алға зырлап.

Бұл күнде тұрмыс көші бейне құйын,

Жүйткиді тауды, жарды көрмей бұйым.

Сан шалам сапырылып бірге ұйтқиды,

Дөңгелек ойнағандай
шапқан жиын.

 

ҚАЗІР КӨКШЕТАУДА

 

Талай су
бүгінгіше еткен ағып,

Бір жөнмен тынбай зырлап кеткен "лағып"

Өткеннен кеп шерткен соң жаңаның да

Шертейік күміс сағын біраз қағып.

Біраз жыр тағы тізіп көгендейін.

Желілеп тізбегімді шегендейін.

Өзгерді Көкшетаудың тіршілігі

"Ел жаңа - елу жылда" дегендейін.

Ешкімге Көкшетауды қиыспаған,

Ешкіммен кең байтаққа сыйыспаған.

Ешкіммен көршілес боп күнелтуге

Ол күнде сөзге
қазақ ұйыспаған.

Қазақты
патша еріксіз бағындырған

Өзіне хан
төресін жағындырған.

Ақымақ төрелерді
итаршы ғып,

Иығына оқа,
тана тағындырған.

Езгілеп, есек қыл
деп еңбекші елді,

Төре мен приставты қағындырған.

Күңірентіп, бытыраған еңбекші елді,

Бұрынғы тіршілігін сағындырған.

Қазақтың қалған
сонсоң асаулығы,

Бетімен көшіп конған бас аулығы.

Кешуін жел билеген, қонуын сай,

Зиян боп, кең жайылған шашаулығы.

Еріксіз басқа
елдермен отандасқан,

Жаншылып, жәбірленіп қотандасқан.

Бұрынғы ұмытылған: жат елдермен

Қиырсыз жерге сыймай қоқандасқан.

Патшаның еңбекші елді торлағанын,

Итше ұстап нашарларын қорлағанын.

Жойды енді Ұлы
Октябрь өзгерісі,

Әлсізді әлді таптап, зорлағанын.

Еңбекші ел тендік көріп, көзі ашылып,

Еске алад, бұрын қандай сорлағанын.

Көреді алтын күндей нұрын шашқан,

Советтің қызыл
туы орнағанын.

Бұл күнде басқа елдермен қораласып,

Ынтымақ, татулықпен жораласып;

Төскейде мал қосылды, төсекте бас,

Бұрынғы "жат елдермен" араласып.

Хандардың, патшалардың салған ланы,

Құл қылған еңбекші елді шірік заңы.

Сағымдай ертегі боп қалды ұзақ жыр,

Атқан соң
бостандықтың алтын таңы.

Білімнің құшағына кірді қазір,

Өзімен Көкшетаудың тұтас маңы.

Жаңғырды тау, қара орман, қиыр дала,

Нұр шашып, еңбекші елге білім шамы.

 

ЖЕР БӨЛІСІ МЕН
КОНФИСКЕ ӘСЕРІ

 

Тағы бір тілек

Өзгерді совет келіп,
ел шырайы,

Өзгерді бұрынғы
"жау" көрші райы.

Түсті кеп жарлылардың бөлісіне,

Ірі ну, бай малы мен жер шұрайы.

Байлардың қалды
бүгін еркелігі,

Шолжаңдық, көки, есер,
"серкелігі".

Мастанып бет келгенге қамшы үйіріп,

Беретін момындарға "желкелігі".

Жегенін құсты бүгін біраз обыр,

Күшпенен жуасыды талай шобыр.

Үлесіп ірі байдың мал мен жерін

Салтына кірді өзгеріс қалың тобыр.

Өзгерді бұрынғыдан байдың құны,

Қулар мен
сәудегердің құрыды үні.

"Байлықтан көңілі қайтты" уақ байдың,

Жұлынып ірі байдың біраз жүні.

Болмады кәзір енді байлар ардақ,

Базары түсті кәзір семіз бордақ.

"Болса да аузы әдемі байдың ұлы"

Қоштасты мінезімен "әңгі дардақ".

Әр көлдің жайынсынған мекіресі,

Сыздаған әр ауылдың шікіресі.

К... басын тығып бұқты кәзір -

Мысалы: егіннің бүр - кекіресі.

Құтылу қажет енді кедейліктен;

Надандық, мешеу, жабы кенейліктен.

Тегістік дәуіріне жылдам жетіп,

Құтылып тұрмыс ала мерей жіктен.

Әйтпесе қусымақтар біраз бұқпақ

Жарлының еңбегі оған
тағы жұқпақ.

Аңызды тазарттым деп мәз боп қойсаң,

Арам шөп ептеп қозып
тағы шықпақ.

Ұқыпсыз болса арамза күзелуі,

Нашардың тұрмысы әбден түзелуі.

Екпіндеп тез болмаса,
айтшы жолдас,

Елуге канша қашық жүз елуің?..

Тағы бір тірек, елде белсенділер,

Болса екен
түгелімен ел сендірер.

Пәлендер пәленмін деп, пәлен қылды, -

Дейтін жұрт болмаса екен келсең күлер.

Еңбекші ел жаңа түрмен алға басар,

Сан қиын
асулардан жеңіп асар.

Шірік заң, шірік салтты жолдан теуіп,

Әлемге тегіс жайлы тұрмыс жасар.

Барша әлем тең тұрмысты ол дәуірде:

Ешкім бай, ешкім кедей - болмас нашар.

Әлемге тең тұрмыстың алтын күні

Шұғыласын жер тобына бірдей шашар.

 

БУРАБАЙ КУРОРТЫ

 

Қала бар "Бурабайдың" жағасында,

Күркіреп суы атқыған сағасында.

Ақ балтыр, сұлу қайың,
сүмбіл шырша,

Аңқыткан
жұпар майын ағашында.

Салдырған бұл қаланы
бұрын байлар,

Істелген қарағайдан көркем жайлар.

Табиғат рақатына бөленуге,

Бұрындар көркем жайды байлар сайлар.

Тұрмыстың бар рақатын иемденіп

Жаны тыныш, жағасы бос, қарны майлар;

Ішіп, жеп, бордақыша мамыр, шау боп,

Іркілдеп шіркін байлар шайнар-шайлар.

Курортқа
сол үйлерді қойған жай қып,

Саулыққа керек затты түгел сай қып.

Әлпештеп науқастарды бағу үшін,

Дайындап сүйген асын бал мен май қып.

Әр жазда жиналады еңбекшілер,

Жәбірлі ескілікті жеңбекшілер.

Бейнеттің салдарынан кесел шалған

Келеді Бурабайға еңбекшіл ел.

Қиырдан жиналған ел тынығуға,

Жұпар май әуесіне шынығуға.

Жалаңаш маржан құмда күнге шыжып,

Шомылад ертелі-кеш тұнық суға.

"Бурабай" денсаулықтың көркем кені,

Күміс су, жұпар әуе, бір түрлі емі.

Жалаңаш
денеңізге, ыстағандай

Күп-күрең май боп сіңед жұпар демі.

Бал қаймақ,
бағлан еті, уыз қымыз, -

Тынығып жатқандардың
жейтін жемі.

Болған соң суы күміс, әуе жұпар,

Сауықпай
қайтпек енді адам дені!..

Алтын күн леппен булап күйдіреді.

Лебіне жердің бетін сүйдіреді.

Қайың мен қарағайдың жұпар исі,

Пысынап, мас қып жанды идіреді.

Сусыны - исі аңқыған сары қымыз,

Шалдыққан тәнге шипа дәрі қымыз.

Күшейед, біраз ішсе қаны толад,

Ілмиген қан жоқ, сол жоқ арығыңыз.

Келген жан кектей солып арып, талып

Жабығып, қажып қайрат кесел шалып.

Жадырап, күйленеді жан мен тәні,

Оңалып, шипа тауып, қуат алып.

Ақ сұлу, әдемі үнді шаңқан қылаң,

Дүзетін күміс көлде аққу сылаң -

Бұл күнде ақ қанатты жел қайықтар,

Қалқиды дөңгеленіп жел мен бұлаң.

Айнадай көлдің
жүзін сызып кескен,

Гауһардай сылдырлатып суын ескен.

Бұл күнде "Бурабайды" баурап құшып,

Аққудай ақ шатырлы қайық кешкен.

Курортты әдемілеп безеттірген,

Адамды бар байлыққа тел еттірген.

Кол басын, курорт тұрған қара орманды,

Жұлдыздай шұбарлаған электрмен.

Курорттың бір төмпеш бар ортасында,

Ерте-кеш сол төмпештің жартасында.

Оркестр топты керней күй тартады,

Жартастың шөгіп жатқан жал тасында.

Ерте-кеш сыңқылдайды топты керней

Тау ішін, көл-орманды
күймен тербей.

Тербетіп, керней күйі жұбатады,

Жабыққан болса үлбіреп жаның шерлей.

Тыңдаған күміс
көлде аққу күйін,

Тыңдаған Ыбырайдың "Гакку" күйін.

Кербез тау керней күйін тыңдайды енді,

Тыңдаған Ақанныңда "Тақту" күйін.

 

ҚОСЫМША

 

Қойса да "Бурабайды" байдан алып,

Кейде кей арам тамақ пайдаланып.

Жатады еңбекшінің орнын алып,

Күтулі, орынды ондап, жайлап алып.

Шалдыққан еңбекшілер арасында,

Ұялмай
жүреді о да "майдаланып".

Көргенде
көзіңмен тек оқ атасың,

Келген деп, рұқсатты
қайдан алып?!

Әрине, жоқ емес ондай көп те,

Уа, жалған, не болмайды ну мен көпте!

Аңызда қалың бидай арасында,

Ұрланып, өмір сүред арам шөп те.

Кекіре, мысық құйрык, арам кермек,

Еңбекші аңызынан жұлып термек,

Өршітпей арам шөпті
жұла берсе,

Арам шөп бірте-бірте құри бермек.

 

ПИОНЕРЛЕР

 

Құзынан
"Кеңесары" емес жырақ

Сарқырап "Бурабайға" құйған
бұлақ.

Тау тесіп, салдыр-гүлдір, ылды-құлдыр,

Сумандап орман
кезіп еткен бұрақ.

Тас бұлақ Бурабайға құйған жері,

Жиекте судыраған жасыл құрақ.

Бұлақ пен Кеңесары
үңгірінің

Арасы біраздау жер, алқа қырақ.

Сол жерге жас пионер отряді,

Әр жазда шатыр тігіп, етіп тұрақ,

Жалаңаш күнге күйіп күндіз ойнап,

Көшпенен
от жағады, бейне шырақ.

Сол жерді пионерлер алған сайлап,

Қаз-қатар
шатыр тігіп, жаздай жайлап.

Тәндерін шынықтырып, түрлі ойынмен,

Ортаға желбіреткен туын байлап.

Шынығып, өспек оқып, нығап саулық,

Жаңарткан жағаларын жаңа баулық.

Жолында жаңа тұрмыс жан беруге

Ол баулық - серт белгісі, қызыл жаулық.

Іс істеп, маздатады кешке от жағып,

Әскерше Көкшетауды
жатқан бағып.

Ертемен тіршілікке тұтанады,

Жаңғыртып, кернейлетіп, дабыл қағып.

Шомылып "Бурабайға" күміс жылтыр,

Ерте-кеш дүзіп ойнап құсша малтыр.

Тотыққан
денелері қара күрең,

Шынықпақ тәрбиемен білек-балтыр.

Адақтан құрыш,
сымбат пішін алмақ,

Шолақ пен Мұқандардан күшін алмақ;

Маркс пен Ленин жолын бағыт қылып,

Үйреніп, бар білімін, ісін алмақ.

Біржан мен Ыбырайдың үнін алмақ,

Тұрмыстың әділдікпен шынын алмақ.

Зарлатқан нашар елді, озбырлардан

Мәңгілік жәбірінің құнын алмақ.

Өз-өзін болашаққа
дайындамақ,

Тұрмыстың
бар тетігін байымдамақ.

Жер менен көктің заңын түгел біліп,

Мұхиттың түбіндегі
"жайынды" алмақ.

Жеткіншек пионерлер - біздің қарақ,

Зиянды, ескілікті қылмақ талақ,

Құшақтап,
кей мырзалар айырылмайтын

Олардан аулақ шылым, қарт пен арақ!..

Білімді дария қылып, көзін оймақ,

Затымен надандықтың түбін
жоймақ.

Жаңғыртты пионерлер Бурабайды

Ел шапқыш
ханның жұртын қылып ойнақ.

 

ОТАРБА

 

Отарба- өрге өрлеген, тамаша өнер,

Надандық
өнер күшке лажсыз көнер.

Кім де кім оның
жолын кес-кестесе,

Езіліп, құмырсқадан
оңай өлер.

Тас жүрек отарба
үдеп шапқан сайын,

Надандық өзін-өзі
жерге көмер.

Қаласың,
отарбаға міне алмасаң,

Мінгенде, отарбаға алға жөнер.

Отарба талай өлке, талай қырды

Аттады, басып өтті, кесті, жырды.

Сар белін Сарыарқаның
оятуға

Күрсілдеп Көкшетауға келіп кірді.

Ентігіп, ақырғаны қара айғырдың,

Естілді қиырына талай қырдың.

Ақырды момындарға:
"Тез жаңарт!" деп,

"Не қылдың, тұрмысынды, қалай құрдың

Қиырды
айғыздады тілім-тілім,

Басылды тас төсекпен талай жылым.

Көк темір
қоспақ жолмен гүрсілдетті,

Тізіп ап, сан арбаны алмай тыным.

Жол тапқан меңіреу түнде, көзі қызыл,

Екпін күй, ұшқынды үнді, сөзі қызыл.

Советтің нысанасы - жолы темір.

Отарба қызыл отты, өзі қызыл.

Жалшы тап үкімінің нышанасы,

Жүк арткан мың-мың батпан күш анасы.

Бет алған темір жолмен түп мақсұты,

Тегістік, коммуншылдық
нысанасы.

Отарба жүгіреді асып-сасып,

Гауһардай, қып-қызыл от ұшқын шашып.

Жер жарған дүбірі мен ақырғаны,

Ұйқысын еңбекші елдің шайдай ашып.

Жолына отарбаның жұмылды жұрт,

Жалқаулық, надандықпен аулақ қашып.

Ағылтты тиеп жүкті, тиеп жұртты.

Ерсілі-қарсылы айдап тынбай тасып.

Өрге ерлеп, жасыл орман тауды аралап,

Отарба Көкшетаудан етті басып.

Жаңғыртып тауды, орманды, сары белді,

Арқырап
Сарыарқадан өтпек асып.

Отарба қалың надан елге жетті.

Тың жатқан талай қиыр жерге жетті.

Құйғытып, тізбектеліп, қоспақ жолмен,

Тас жүрек титықтатты кер көжекті.

Түрліше әркім кәсіп етіп жатыр.

Әркімге түрлі кәсіп жетіп жатыр.

Тұтынып біреу балға, біреу күрек,

Біреулер әлденені нетіп жатыр.

Біреулер керектерін алып жатыр,

Біреулер ілгері асып кетіп жатыр.

Біреулер "Ноян" боп кеп үйретпек боп,

Біреулер білім іздеп кетіп жатыр.

Қалың ну,
жасыл орман тұнжырасып,

Бетімен өскен,
өнген мың жыл ғасыр.

Баржыдан жұмыс күткен тобырдай боп,

Тұрушы ед, түскендей боп ұнжырғасы.

Жаңғыртты,
қара орманмен Көкшетауды,

Жиілеу айғыздатты қалың қауды.

Кұтқарып ұзақ жолдан ат, түйені,

Мойнына алды отарба алыс лауды.

Отарба тиеп әкеп бергеннен соң,

Халықтың мәшинеге дені-ақ ауды.

Айырбас, мәшинеге астық беріп,

Еңбекші ел қара жерді жебе сауды.

Еңбекші ел отырыққа жиындасты,

Жұмыскер, еңбекші тап ұйымдасты.

Шаруа кәсіп үрпін жебе сауып,

Базарды шаруалық бұйым басты.

Отарба, шапқылай бер, алмай тыным,

Көп келтір жаңа кұрал, өнер-білім.

Келмесін "енерлі" елдің қағылғаны

Сәудегер, жәллап, суайт, арақ-шылым.

Таси бер, еңбекші елге керек-жарақ,

Машине, мата, сайман, сабын, тарақ.

Сүйрей бер, шебер, ғалым, дәрі-дәрмек -

Құрысын
қуылған сұм - қарт пен арақ!..

 

АВТОБУС-АВТОМОБИЛЬ

 

Сыдыртты автобустар қара жолды,

Гуілдеп, құйындатып
сара жолды.

Жүк тиеп, адам тиеп, ерсі-қарсы,

Шаңдатты
бұрқыратып дала жонды.

Өзі ұшқыр, өзі күшті кетті ана тіл,

Жүргізіп, аттан оңай, аттана біл.

Қазір жұрт "шайтан арба" деуін қойды, -

Үйреніп, дейтін болды: "Автомобиль!"

"Авталар" Көкшетаудан асты зырлап,

Дамылсыз, әрі-бері қырлап, тырлап,

Бет алып, Сарыарқаның
түкпіріне

Әндетті, өнер күйін гулей жырлап.

Арымас жүйрік алып, мықты көлік,

"Шу!" десең, тұлпардан да жүрісі өнік.

Советке өнер мініп, ерге шапқан,

Сүйенед еңбекші елдің бәрі көріп.

Сияқты
жылмаң арба желге жеккен,

Ілезде көз ұшында жерге жеткен.

Күйлетіп Көкшетаудан ен далаға,

"Авто-біл!" басып озды кер көжектен!

Автобус болдырмайтын күшті керік,

Тербейді, жұмсақ жайлы, үсті берік.

Құйғыту, жорғалату, аяндату,

Жалтару, - өз
еркінде, өзінде ерік.

Көкшетау
шабар қылды автобусты,

Машина, - тұлпар құмай аттан озды.

Жарысқан
жол аузында бәсекемен,

Па, шіркін! Тырандатты атты бізді!..

 

ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНДА

 

Қара орман,
Көкшетаудың қалың нуы...

Жаңғырды басымырақ тұрмыс
суы.

Салынып ылдиына қазақ
қала,

Тендіктің орнатылды
қызыл туы.

Қоршатып, қалың орман қасына ала,

Кестедей қара жерде жасыл ала,

Өнердің ошағы боп қала түсті,

Көк ала күміс көлдің басын ала.

Қаланың орман, көлдер аумағында,

Шұп-шұбар, айнала кең аулағында.

Біржанның моласының қазақ қала,

Аз ғана қиысырақ
тау жағында.

Сыңсыған, орман іші дөңес алап,

Қала үшін, сол араны алған қалап.

Радио,аурухана, мектеп, кеңсе

Орнатқан ұйтқылыққа етіп талап.

Бұл қала
үлгі алатын болмақ өрнек,

Ортада еңбекші елге болып көрнек.

Капарат,
аурухана, кеңселерге

Келген жан өнер ісін көзбен көрмек.

Өрнек жай, оқу, енер - жаңа тұрмыс

Сабағын еңбекші елге күнде бермек.

Еңбекші ел қиындықтың тауын қашап,

Білімнің асыл тасын тынбай термек.

Қаланың ісі өзінше
қайнап жатыр,

Үй салып, керек іске сайлап жатыр.

Инженер, шебер, ұста, жұмыскерлер

Істерін түзеп, жөндеп, жайлап жатыр.

Әркім-ақ ерінбесе, табар кәсіп,

Біреулер отарбаға товар тасып.

Біреулер үй, қоралар істесіп жүр.

Біреулер айналаға шабар тасып.

Қара орман, қала маңын дабырлатып,

Ойнайды кілкі жастар дабылдатып.

Әскерлік тәсілдерін үйренісіп,

Мылтыққа, пулеметке жабылды атып.

Тегістік майданының батырлары,

Жаңғырад мылтық
атқан сатырлары.

Оңаша жатақтары, тәртібі - тас

Тігілген киіз үй мен шатырлары.

 

КООПЕРАТИВ

 

Ат, арба алды топыр кооператив,

Дүкеннен әркім бұйым апаратыр;

Шай, сабын, көресін,
жіп, ине, мата,

Тырнауыш, шалғы, соқа, сепаратор.

Шаруа әлі малын төгіп жатыр.

"Капарат" үлгіре алмай бегіп жатыр.

Жүн-жұрқа, тері-терсек тең-тең болып,

Жүндеусіз түйелерше шөгіп жатыр.

Әкелген біреу бидай, біреу малын,

Біреу шек, қарын,
қаймақ, біреу балын.

Біреулер аңның терісін, біреу әкеп,

Күзеген байталының біреу жалын.

Бұйымын беріп жатыр әркім өлшеп,

Үйілген ұлы, кіші бөлшек-бөлшек.

Анталап бірін-бірі итермелеп,

Жапырлап алып жатыр көйлек-көншек.

Ұйтқы боп коператив
еңбекші елге,

Ескілік, теңсіздікті жеңбекші елге.

Тегістік, социалдық дәуіріне,

Жұмыла ұйымдасып еңбекші елге.

Ұстаған
қазан аузын семірмесін,

Кақсүйек нашар момын
кемірмесін.

Ұйымға
ұйтқы болмақ дүкенінді

Қу басшыл,
қу ауыздар жемірмесін.

Жыртығын еңбекшінің жауып тұрсаң,

Бабымен күйлендіріп, "сауып" тұрсаң.

Шаруа құнартып,
ий бермек,

Түгелдеп бар керегін тауып тұрсаң.

Төңкеріс артқан міндет саған бүгін,

- Тегістей әлеуметтің тұрмыс жігін;

Сүрінбей, жықпай апар нысанаға,

Лениннің қасиетті артқан жүгін!..

 

РАДИО

 

Еңбекші ел өнерге
күрт бұрды бетті,

Тілші ғып радионы
іске жекті.

Дүниенің төрт бұрышынан
хабар алды,

Жақын ғып от басындай қиыр шетті.

Радио - өнердің бір, ілгері алды,

Ешбір сөз жатсынбайтын тілге орамды.

Орнатты, өрнек қазақ қаласына

Радио - сымсыз тілді телеграмды.

Радио, хабар сөйлеп саңқылдайды,

Жаңғырып ағаш үйлер қанқылдайды.

Естіртіп сүйген жердің әңгімесін

Сол жердің өз тілімен аңқылдайды.

Кәрі, жас, қатын-қалаш, жігіт-желең,

Тыңдайды басқа
еш затты қылмай елең.

Ишанның сөзін
естіп тыңдаса жұрт,

"Бұл неткен көктен түскен ишан?" дер ең.

Әлі де жұрт былшылдап тыңдайды деп,

Түңіліп қалың
елден опық жер ең.

Еңбекшіл ел өнерге енді анталады

Бұрынғы селқос жүрген аңқау-керең.

Радио елге білім нұрын шашар

Білімнен шайтан, ишан, надан қашар.

Біліммен саясаттан хабар беріп,

Әр жұрттың ән-күйімен көңіл ашар.

Анталап радионың сөзін тыңдап,

Тот басқан
топас ойын жанып, шындап,

Тыңдады сан қиырдан айтқан сөзді,

Болса да шақырымы неше мындап.

Кәрі, жас радионы тыңдап қатқан,

Білімнің шашқан жеміс дәмін татқан.

Тыңдайды жер жүзінде әр қаланың,

Сөздерін жұртқа әдейі шашып жатқан.

Бір жерден тәртіп, нұсқа, заң тыңдайды

Бір жерден білім, пәннен мән тыңдайды.

Бір жерден көркем әуен күй кернеймен

Тербетіп, жан иіткен ән тыңдайды.

Радио жер
дүниеге құлақ салмақ,

Бұлжытпай әр дыбысты естіп шалмақ.

Жұмыскер
қазақта оны құрал қылып,

Түп-түгел жер добынан хабар алмақ.

Үн шашқан
жер дүниеге биік тұрған,

Жаса, деп жаңа тұрмыс салған ұран.

Үн шашқан коминтерн радиомен

Қалсын деп шірік таурат, інжіл, құран.

Еңбектің жемісі бұл, емес тылсым

Мәнісін оқып
көріп әркім білсін.

Ауысып өнерінің жемісінен

Бір-бірін тыңдап адам ойнап күлсін.

Білімнің сан-сабаздар құмын терген,

Мұра қып,
бірден-бірге тізіп өрген.

Ерлерге бас иелік еңбегімен,

Дүниеге мұндай құрал тауып берген...

Бір күні қазақ қала болып жиын,

Ташкеннің тыңдамаққа
ән мен күйін.

Тігініп отырыпты құлақ түріп,

Толтырып радионың үлкен үйін.

Радио - Ташкен басқан әр түрлі әнге

Әр жұрттың кезектеткен әнін сәнге.

Түрлі әуен бір-біріне ұқсаспаған

Әр түрлі әсер еткен - жан мен тәнге.

Бір кезде ән кезегін біреу алған,

Шырқап бір "Үш тотыны" ырғап салған.

Таныс үн, таныс әнді тыңдасып жұрт,

Қайран боп, өнер іске мәз боп қалған.

Тыңдасып таныс үнді қалысады,

Ән салған Сабырды да танысады.

"Мынау үн - Сабырдікі - тәубе-ау!.." десіп,

Өнерге кемпір-шал да қанысады.

 

АЭРОПЛАН

 

Еңбек тап жер мен
көкті түгел тектеп,

Бұйырмақ табиғатқа:
"жүгін!.. Шөк!.." деп.

Өнерді көк қанатты
самұрық қып,

Мініп ап, жұлдыздарға ұшпақ өктеп.

Жердобы, зырылдай бер, диірменше!..

Ұршық қып
адам сені иіргенше.

Тұтқаңа еңбек табы ие болып,

Әмір ғып "былай жүр!" деп үйіргенше.

Көкке ұшты, жасап мініп самұрықты,

Аспан-көк екпінімен жаңғырықты.

Керемет, сиқыр тілсім жалған шығып,

Дауысынан жын мен пері тәңір ықты.

Әндетіп аспа-көкке өнер жырын,

Тектемек көкті кезіп, сансыз сырын.

Әуелеп аспанға өрлеп, бірте-бірте,

Білуге білмегенді бұдан бұрын.

Жырлады аспанды өнер жеңгендігін,

Қойнына
алтын бұлттың енгендігін.

Ай мен күн, сансыз сәуле жұлдыздардың,

Жетуге құшағына сенгендігін.

Гауһар нұр жұлдыздарға аттанғанын,

Жаранып, қиын
жолға саптанғанын.

Көктегі сәулелерге
жетемін деп,

Ән-күйге салды шырқап шаттанғанын.

Күйімен жұлдыздарды күйлетпекке,

Сұлу нұр сәулелерді билетпекке.

Мақсұтын еңбекші тап: еркін тұрмыс,

Тегістік, махаббатқа үйретпекке.

Аспанға қара жерден ұшқан баршы,

Жіберген еңбекші тап ұшқыр жаршы.

Жаңғырды аэроплан әніменен,

Пайғамбар қиялымен
барған ғаршы.

Самұрық көк қанатты аэроплан,

Жұлдызға жетуге енді айлаплан.

Жасап ап, еңбек табы өрлер биік,

Лек-лек қып тәрбиелеп сайлап ұлан.

Келтірді аэроплан көктің сәнін,

Әндетті көкті кезіп білім, әнін.

Асусыз аспан көкті еңбек табы,

Шарықтап білмек енді барлық мәнін.

Әуелеп, өрлеп көкке салды сайран,

Әуені жеңгендігін қылды мейрам.

Жұлдызға құлаш
ұрған самұрыққа

Таң болып,
тау бүркіттер болды қайран...

 

БОЛАШАҚТАҒЫ КӨКШЕТАУ

 

Адамзат аласұрып жем іздейді.

Жем тапса: "Енді керек семіз!" дейді.

Тұрмысын жеңілдеуге дамыл көрмей,

Түрліше қиындыққа ем іздейді.

Жеңуге әр қиынды құрал
жасап,

Тістесіп, қиындықтың тауын қашап.

Тап-тап боп жұлысады және өзді-өзі

Тұрмыстың тәтті дәмін жеңгені асап.

Тарихы адамзаттың бастан солай,

Тартысқан
тамақ үшін өмір жолай.

Тырмысып, үстемдікке құрал жасап,

Іздейді тағы одан да ықшам қолай.

Тың жерде жылым ақса, жыра болмақ,

Жылымдап, аққан
жыра ұра болмақ,

Сондай-ақ еңбек ісі бұрынғының

Қазына кейінгіге мұра болмақ.

Тұрмысқа адам тәсіл іздей бермек,

Құрал ғып,
тәсілдерін тіздей бермек.

Мұрасын бұрынғының кейінгілер

Сұрыптап, тоқи бермек, үзбей өрмек.

Аз ауыл өсіп, өнсе, ел болады,

¥ра су дами берсе, көл болады.

Жылымнан жыра болып, өзен-көл боп,

Кең арна - аққан дария сел болады.

Ілгері адам-керуен көше бермек,

Табиғат жұмбақтарын шеше бермек.

Құралын өнер-білім
молықтырып,

Бірлесіп еңбек табы өсе бермек.

Адамзат көшін
бастап, өнерді ат қып,

Тас ноқта обырлыққа
есе бермек.

Обырға тұмылдырық кигізген соң,

Тап, тап боп жұлмаласу өше бермек.

Адамзат тынбай зерттеп жер мен көкті,

Сансыз көп қиындықтан ыза шекті.

Біртіндеп жеңіп сансыз қиындықты

Күштерін табиғаттың іске жекті.

Адамзат істей бермек үзбей еңбек,

Біртіндеп табиғатты түгел жеңбек

Еңбекті гүлдендіріп тұрмыс жүгін,

Өнерге түгелімен артпақ тендеп.

Әлемнің еңбек табы күшін бастап,

Апармақ тегістікке тура қастап.

Шырмаған надандық
пен жауыздықты,

Аяқпен жолдан қағып артқа тастап.

Тебілер арсыздарда мысық құйрық,

Сұрқия, жылмандарда пысық құйрық.

Өзінен кейіндерге көкиленген,

Өзінен зор әңгіме қысық құйрық.

Жұмсамақ еңбек табы жігер күшін,

Жасамақ жер дүниеге жаңа пішін.

Жоқ қылып
қайғы-қасірет жарлылықты,

Жер тобын ұжмақ қылмақ адам үшін!..

Ол дәуір Көкшетауы тегістіктің,

Дүниеде бітпей кезі тегістіктің.

Серт қылып, мойнына артқан еңбек табы,

Мойнынан түсер жері тегіс жүктің.

Болашақ Көкшетауы
күмбез зеңгір,

Көлденең орта жолда талай дөндер.

Әлемді еңбек табы бастап соған,

Жеткізіп, зеңгір тауға тұрмысты өндер.

Зеңгір тау - бейне күмбез қиырдағы,

Тегістік, әділдіктің биік тағы.

Көзделген еңбек табы жету үшін,

Әлемге тегіс жайлы бағыт - бағы.

Зеңгір тау көз алдымнан кетпес елес,

Қағады қол
сермесем кес-кес белес.

Күнәсіз сұлу сәулет ғашық қылды,

Ұмтылып
тез жетпесек, өзі келмес!

Өнерді еңбек табы құрал етпек,

Кедергі талай асу белден өтпек.

Бар әлем кемшіліксіз, тең тұрмысты,

Көздеген
зеңгір тауға ақыр жетпек.

Жер мен көк
жұмбақтарын түгел тектеп,

Бұйырмақ табиғатқа:
"жүгін!.. Шөк!.."деп.

Өнерді көк
қанатты самұрық қып,

Мініп ап, зеңгір тауға ұшпақ әктеп.

Жер добы
зырылдай бер диірменше,

Ұршық қып
адам сені иіргенше,

Тұтқаңа еңбек табы ие болып,

Әмір ғып: "былай жүр!.." деп, үйіргенше.

Асусыз асқар ақбас тауды кесті,

Жол ашып,
кеспесе, үңгіп, астын тесті.

Жер добын орап
жатқан мұхиттардың,

Жайынша астын, үстін түгел кешті.

Мінді істеп ұшқыр
алып, дүлдүл - пырақ,

Электр түнді қуып
жақты шырақ.

Бұл күнде от басындай болды жақын,

Бұрынғы алты ай жүрсе жетпес жырақ.

Бақсыдай аласұрған жын шақырып,

Машине бір күн жүрсе мың шақырым,

Соны да місе қылмай қазіргі адам,

Деді енді: неге жүрді мұнша ақырын?.."

Еңбекші іске жекпек соққан желді,

Тілесе бақша қылмақ батпақ көлді.

Жер үстін тілегенше қайта жасап,

Көк майса
гүлдендірмек бетпақ шөлді.

Тілесе ойпандарға тау тұрғызар,

Сортаңға ұжмақ-сынды бау тұрғызар.

Теңіздей бұйра құм мен тақырларға,

Көк орай жасыл ала қау тұрғызар.

Түрлерін табиғаттың қолмен қояр.

Асусыз асқар тауды бордай ояр.

Орнатып жер үстіне көркем тұрмыс,

Арамдық, жәбірлікті тегіс жояр.

Тілесе ен дарияның бетін бұрар,

Қиырсыз
дөнді іншіктен оңай жырар.

Суларын мұхит, теңіз, дарияның,

Қақбалап, тілегенше айдап сырар.

Өнерді іске жегіп еңбек табы,

Әлемге тегіс, жайлы тұрмыс құрар.

Барша әлем бір-бірімен туысқан боп,

Тегістік, көркем тұрмыс мәңгі тұрар.

Ертек боп қараңғылық ымырт қалар,

Жарлылық байлықпенен ұмыт қалар.

Махаббат, жер үстіне коммун орнап,

Боз торғай қой үстіне жұмыртқалар...

Бастаған еңбек табы әлем - дүрмек,

Сол тауға жетіп бақыт дәуір сүрмек.

Жетісер надан ел ол дәуірге

Күрішпен су ішкендей бірге күрмек.

Жер добы!..
зырылдай бер диірменше,

Ұршық қып
адам сені иіргенше.

Тұтқаңа ие
болып коммун ел,

Әмір ғып: "былай дүз" деп үйіргенше.

1928 жыл, Қызылорда, Ташкент.