ВЕРНУТЬСЯ

     Байлаған биенің бас сауымын сауып алған кезде, "Тайжүзген"
құдығының басындағы төрт ауылдың атқа мінер кәрі, жас,қатын-қыздарының аттары
ерттеліп болды. Үлкендер маңызданып қымызы бар үйлерден қымыз ішіп, қыз-бозбалалар,
бай балалары сәнді киімдерін киіп, жақсы аттарын күмістеген ер-тоқымдарымен
ерттеп, кедейдің балалары да барын киіп, қатындардың байы байша, кедейі кедейше
тазарақ киімдерін киіп, бәрібір түрлі асығып лепіруде.

      Күн ыстық. Шыбындап, топтанып, шаптары
терлеген жылқылар үймелеп жылы желі маңайында тұр. Қап-қара болып күнге күйген,
бұттарында жүнін сыртына айналдырып киген шалбарлары ғана бар жап-жалаңаш
малайлар арпалысып сауған биелердің сүтін шелектерімен қолдасып келе жатыр.

   Құрғақ апандардың
әм жарлардың көлеңкелерінде қозылар үймелеп, жүргендері жүріп, жатқандары
жатыр. Қара мал өріске кеткен. Ауылдың күншығыс жағындағы сортанда сағымнан бұлдырап
төрт-бес түйе жүр...

     "Тайжүзгеннен" үш-төрт шақырым
жердегі ауыл -Жүгербайдікі. Тойға бірсыпыра әйел шақырылған. Бүл тойға барайын
деп жатқан "Тайжүзгеннің" басындағы атақты Сәлкең ауылдары. Сәлкеңе
қараған он шақты ауылдың "Тайжүзгеннің" басындағы ауылдардан
басқалары үш шақырым жердегі белдің астыңдағы Сәтбай құдығының басында. Сол
Сәтбай құдығында Сәлкеннің орташы
баласының аулы. Оған немере Сәлмен деген жігіт Жүгербайдың қызын алайын деп
жатыр.

   Міне, енді
Тайжүзгендегі Сәлкеннің төрт ауылынан топтанысып үздікті-создықты тойшылар
жөнелісті. Алдыңғы топ үлкендер. Сәлкең, Жантайбек, Асаутай деген болыс, би
балалары. Қастарында ақсақалдары, ауылдастары, қоңсылары бар әм атқа жеккен
ағаш арбада үкілеген қара саба қымызға толы.

   Екінші топ
пәуескелі әм салт атты қыз-қатыңдар, үшінші топ жас жігіттер... Үшінші топтағылардың
бәрі біркелкі, алды жиырманың ішінде. Арты он сегіз, он тоғыз жастарда. Бәрінің
жараулы аттары тойды көрген соң еліріп әм шыбыннан қағынып терлеп, ұрынып,
лепіріп желдей есіп келеді. Олардың үстінде самбырлай сөйлесіп қаршығадай
ыңғайлы Сәлкең ауылдарының жігіттері келеді. Бұлардың саны он екі. Қастарында құйрықтары
сүзіп үкілеген екі құнандағы баламен он төрт. ЬІстықтап тершіп, күлісіп,
сөйлесіп жігіттер келет.

   Ортадағы Асаутайдың
баласы Құрман, қиылған қара мұртты,қыр мұрынды, шүңіректеу қара көзді, қараторы
жігіт, Сәлкеңнің өзге балаларынан кедей болса да, әкесі де, Құрман да бай туысқандарынан
өздерін өздері кем ұстамайды. Құрман Сәлкең балаларының кейінгі жастарының
бастығы, жасы кіші немере-шөбере інілеріне аға: немере-шөберелер Құрманды аға
деп қадірлеп, Құрманның айтқанымен жүреді. Құрман білімді. Не істесе де ақылмен
істейді, істеймін деген нәрсесін алдында таудай бөгет тұрса да елемей істейді.
Өзі бір сөзді, уағдашыл. Қырдың байларына, болыс,бидің тәкаппарлығына қас.
Олардың алдында өзін бір түрлі жоғары ызбармен ұстап, нашарларға келгенде бір
түрлі жайдары. Құрман газет алып оқиды. Әйелді сүйгеніне беру керек деген сөзді
жайып, әке-шеше, туған-туысқандарының беретін жерлеріне наразы болған қыздарға
талай қорған болып, халық көзіне ілінген. Құрманның аты қыз-келіншек арасында
көбірек айтылады. Сондықтан Құрманға ынтық қырдың сұлулары көп. Әсіресе жапсар
елдің, бөтен елдің сұлулары ынтық. Құрман - құрбы-жастардың туы. Домбырашы,
әнші, мерген әм оның шығарған өлендерін жастар жаттап алысып, әнге салып айтып
жүреді. Қазір тойға келе жатқан Құрманның қасындағы жігіттердің көбі Құрманға
шөбере әм одан гөрі қашығырақ ағайын. Құрманның оң жағындағы бәрінен жасы
үлкен, Құрманнан айырылмай жүретін жолдасы Айтжан деген ағайыны. Ер, қажырлы жігіт.
Оның әр жағындағы Құрманмен немере Жантай болыстың баласы Мұса, жерде - балуан,
ат үстінде, көкпарда тақымкеш жігіт.Құрманның бергі жағындағы Мұздыбек пысық,
ойыншыл, айтқан жерден шығатын жігіт.Оның бергі жағындағы Құрманмен шөбере
Бектің баласы Әлді,бұл да балуан, тақымкеш, қысқасы Сәлкеңнің шөберелерінің бәрі
балуан, тақымкеш, ер, өткір. Күресте, көкпарда сол аймақта бұларға пара-пар
келетін жігіт аз. Сәлкеңнің немере-шөберелерінің бақытына аттар да жүйрік
келеді, қазір тойға келе жатып бұлар көкпарды әм күрес бәйгесін алмаймыз деген
ойлары жоқ. Бәрі ыңғайлы, бірінен-бірі өтеді. Құнан бәйгесін де аламыз дер еді,
бірақ әкеле жатқан құнандары бапсыз болды десіп келе жатыр. Қайсыларының көкпар
тартысатыны, қайсыларының көкпар алып кашатыны өздеріне белгілі. Бірақ Сәлкеңнің
жастарына үлкендері бәйге тіккен күреске түсуді тыйыңқырап жүр. Сондықтан бір
аса қызған жерде болмаса, күреске қастарында бірге жүретін әм қазір де бірге
келе жатқан Айдар деген жігітті күрестіретін болып жүр. Жігіттер лепіре,әңгімелесіп,астарындағы
аттары тыпыршыса да үлкендердің соңынан жүріп отырып Жүгербай ауылына таянды.

    Жүгербай ауылы - бай
ауыл. Қасында төрт-бес ауыл жақын ағайындары отырған. Міне, анау ортадағы ақ
үйлер, көктүтін жер ошағынан шығып, атты-жаяу қыбырласып жүрген Жүгербай ауылы.
Мынау ауылдың желі басындағы топ жылқысы. Әне,жан-жақтан топ-топ ағытылып,
келіп жатқан тойшылар.Сәлкеңнің ауылының кісілері Жүгербай ауылына таянғанда
алдарынан даяшылар шығып амандасып, қатыңдарды Жүгербайдың өз үйіне апарып
түсіріп, қыздарды күйеу-қыздар отырған үйге апарып түсіріп, үлкендерді
Жүгербайдың ағасынікіне түсірді. Бір қырқылжың мен бір жас жігіт Құрмандардың
алдынан шығып көлденендеп-кескестеп келіп: "ассалаумағалейкум!"деді.

Құрмандар:

-        Уағалейкумассалам,
амансыздар ма, құдалар! Тойларың тойға ұлассын! - десті.

-        Айтқандарыңыз
келсін, мал-жан аман ба? Мал-жан аман ба? - деп аттарын ауылға қарай бұрып
алып, қатарласып тоқтамай жүріп келе жатқан Құрмандарға қырқылжың даяршы: -кәне,
бөлек үйге түсесіңдер ғой, Құрман? - деді.

-        Әрине, бөлек
үйге түсеміз.

Даяршы қасындағысына:

-        Бар...
Бәкеңнің үйін даярлата бер, - деп Құрманға қарап,қалжындап, - сабаларың жоқ
қой? - деді.

Құрман:

-        Саба жоқ, -
дегенде Айтжан күліп:

-        Саба неге
керек, қымызға әрқайсымыздың сабамыз толық! - деді. Даяршы күліп: - Олай болса
жарайды, бірақ анна болыстардың қымызынан ішерсіңдер, - деп, Құрмандардың аттарына,
құнандарына қарап, - Япырым-ай, көкпары мен құнан бәйгесі тағы сендердікі екен, - деді.

Құрмандар күлісіп:

-        Кім біледі?
Көреміз, - десіп даярлаған Бәкен үйінің сыртына келген соң даяршы: - Кәні,
аттан түсіп, қона қалыңыздар осы жерге! - деп үйден шыққан ауыл жігітіне:

-        Әй, таза ма үй
іші?.. Мына кісілерді есік ашып енгізіп,қызмет қылыңдар, - деп аттарын
байластырып жатқан Құрмандарға:

-        Мен енді ас
жабдықтарын даярлайтын жерге барайын,өздеріңіз кіріп отыра бересіздер Құрман,
әйтеуір сын тағатын кісі емес, өз тойларың ғой? - деді.

Құрман, Айтжан, Мұса әм өзгелер де күлісіп: - Әрине,басқаларды
күте беріңдер. Бізді неғыласың, - деді. Тазалап киіз, сырмақ, төрдің алдына кілем төсеп, көрпелер салынған.
Бәкеңнің отауына Құрмандар кіріп, желпініп,бөріктерін, жаз киетін жеңіл
тымақтарын алып, терлерін сүртіп отырды. Кешікпей екі жігіт, бір келіншек, бір
бала отауға самауыр мен шай жабдығын алып кірді. Шай әкелген жігіттер Құрмандармен
амандасып, жылдам шайды жасап, келіншек қолындағы бауырсақты, өрік-мейізді
дастарқанның үстіне төгіп,қызыл шыны аяқтармен шайды құйып бере бастады...

   Күн ыстық.
Жүгербайдың ағайындары, бес ауылдың бар еркегі ат үстінде. Жаратып бар жақсы
аттарын мінген. Барын киген. Адамдарының көңілдері көтеріңкі. Ауылдары әбігер,
айқай-ұйқай. Шаң-шұң. Дүсір-шабыс. Келген кісілердің алдарынан шығу, күтіп алу,
жабдықтарын даярлау.

 Құрмандар шайды ішіп
отырған кезде үйге Жүгербайдың кіші шешесінен туған Бәкеңнің келіншегі,
Жүгербайдың қызы және бір қыз, бір келіншек кіріп келді. Үйдегілер күлімдеп:

    -    Ә, мал-жандарыңыз аман ба, құдаша,
құдағилар. Тойларыңыз тойға ұлассын. Тойларыңыз құтты болсын, - деседі.

Өзгелері: - Шүкір... шүкір... айтсын... - Бәкеңнің
келіншегі:

   - Айтсын, өздеріңіз
де аман-есенсіздер ме? - деді.

    Құрман:
"жоғары шығыңыздар" деді. Бәкеңнің келіншегі:"жоқ, алда риза
болсын, әшейін амандасып шығайық деп келіп едік" дегенде, Айтжан, Мұса,
Мұздыбек бәрі: "жоғары шығыңыздар, мына шайға келіңіздер" деп
қозғалып араларын ашқан соң әйелдер жоғары шығып, жігіттердің арасына кіріп
отырды. Әйелдерге шай құйды. Кос етекті жібек көйлегі судырлап, шолпысы
сылдырлап, шайы қамзолыны сыртына барқыт бешпентін желбегей киген Жүгербайдың
қызы ып-ыстық болып Кұрманның қасына келіп отырды.

Кұрман қүлімдеп:

-        Кұдаша,
күйеулер ана жеке тұрған үйде ме? - деді.

Жүгербай қызы күлімсіреп:

-        Иә, сол үйде,
күйеу... сіздің ағаңыз болушы ма еді?

-        Бір жасы
үлкен... оны неге сұрадыңыз? - деді.

-        Жайша.

Құрман күлімдеп:

-        Осы тойға
келген қыз-келіншектер сонда барып жатыр

ма?

-        Иә, сіздер де
баратын шығарсыз?

-        Барамыз...
әбден барамыз... әрине барамыз... - деп Құрман, Айтжан, Мұздыбек әм Мұса жауап қайырды.
Әйелдер бір-бір аяқтан шайды ішіп болып, Құрмандардан рұқсат сұрап,сызыла
тұрып, шолпылары шылдырлай шығып, күйеу, қыздар отырған үйге кетті. Құрмандар шайды ішіп болғанда ауыл жігіттері жабдықтарын
жинап алып кеткен соң Жүгербай, Ғалым-Ақмад деген пысық ағайынмен сәлем беріп
кіріп келді. Кұрмандар сәлем алып, Ғ алым сәлем беріп тойға құтты болсын
айтты. Жүгербай да жігіттердің бас-басымен амандасып, ойнап: "Қымыздарың жоқ екен, біз енді қымызы бар үйге барып отырайық"
- деп, тізелерін бүге салып шықты. Кешікпей табақшылар ет алып кірді де дастарқан жайды.Етті
апыл-құпыл жеп те болды.

            Күн әлі
ыстық, жел жоқ. Жүгербайдың үйінін сол жағында жерошақ қасындағы етке тіккен үй
мен табақ тарткан үйлердің арасында күнге күйіп, тершіп, ыстықтап, түтігіп,
асығып, дабырласа сөйлеп, аяғы аяғына жұқпай жүрген табақшылар. Тайға,құнанға әм
арықтаған тоғырларғада мініп, топтаныса шуылдап,ойнап жүрген балалар. Шыны аяқтарды,
шай жемдерін дастарқанға түйіп, бір қолдарымен тас шәйнектерді ұстап, екеу-екеуден
қолдасып самауырларды көтеріп жүгірісіп жүрген жаяу қызметкерлер.

     Үштен-төрттен бірігіп қатар түзеп, барын киіп, барын мініп ауылдарды
аралап, үй-үйдің араларында жүрген бозбаласымақтар. Жүгербай үйі мен етке тіккен
үйдін арасындағы жерошақтың басында күнге шағылысқан самауыр жанында
шүпірлескен қатын-қалаш, бала-шаға, малайлар. Көкала түтіні аспанға
будақтаған он шақты жерошақ. Оның қасында он шақты самауыр.Үймелеген,
ерсілі-қарсылы жүрген адам. Жүгербайдың үйінен кимешектері көлеңдеп тысқа
кіріп, шығып жүрген тойшы қатындар, бала-шағалар. Тойшылар түскен үйлердің қасында шыбындап
тұрған топ-топ аттар. Бір үйден бір үйге атпен келіп түсіп жатқан кісілер.

    Әр үйдіңжанында қыбырласып. кіріп-шығып жүрген жаяу кісілер.
Самбырлай, асыға сөйлеген сөздер. Біреуді-біреу шақырған дауыс, ойнаған, күлген
күлкі, ерсілі-қарсылы жүріс, шабыс,ың-жыңдауыс.Кұрмандар аттарына мініп күйеу, қыздар
отырған үйге келді.Құрмандарға екіден, үштен келіп амандасқан жігіттер де Құрмандармен
күйеу үйіне бірге келді.

Аттарды үйдің алдына байластырып тастап, күйеу-қыздар отырған
үйге Айтжандар алдына Құрманды салып, оның соңынан жігіттер сәлем беріп кіріп
келді.

Есіктен төрге шейін киіз, кілем төсеген алты қанат ақ үйде жағалай
отырған қыздар, оның араларында бірен-саран жас келіншектер әм күйеу мен
төрт-бес жігіт. Бәрі Құрмандардың сәлемін алып, қимылдасып, Сәлмен күйеу мен
үлкен жолдасы Ақмедия қуанысып, күлісіп:

-        А, жоғары
шығындар, жоғары шығындар, жігіттер!.. -деді.

Құрмандар араларын ашып, орын берген қыздардың ара-арасына
кіріп отырды. Әркім отырғанда бет алдына отырмай,лайықты орындарына отырды.

Амандасып болған соң күйеудің бас жолдасы Ақмедияға қарап
Айтжан:

-        Қане, Ақмедия,
үндемес ойнап отыр ма едіндер, жоқ, ойнап отырған ойындарың бар ма еді? - деді.
Ақмедия күлімсіреп,жалтақтап: - "Жалғыз жан" ойнап отыр едік, - деді.

Мұздыбек: "Жалғыз жан"... - қой "жалғыз
жанды":"тұтпай" ойнайық, солай ма, балалар? -деп оңжағындағы
төрде Құрман мен Айтжаннын қасында отырған сәулімдерге қарады.

Сәулімдер: - дұрыс, "тұтпай" болса, болсын, -
деді.

Мұздыбек Құрманға әм Айтжанға: - кім бастайды? - деген сон,
Құрман: - Айтжан екеуің бастаңдар, - деді.

"Тұтпайды" Мұздыбек пен Айтжан бастады. Ойынның басында
сәулімдердің әм жігіттердің кейбіреулері ұялыңқырап, қорғаншақтаңқыраса да,
артынан бәрі төселіп ойын қыза бастады.

Ойын қызған кезде Жұман ауылының жігіттері
дүсірлеп,самбырлап келіп ат үстінде үйді айнала тұра қалып, үйдің жабдығын
жан-жағынан түріп жіберіп "аужар" айтқан болды.

Құрмандар шақырған соң үйге кіріп, онсыз да ыстықтап отырған
үйдегілерді қапалатып, сығылысып келіп отырды. Құрман -төрде, Сейіттің қызы
Гүлжанның қасында. Құрманға таяу Айтжан отыр домбыра тартып. Гүлжан көп
сәулімнің сұлуы. Ақылды. Ашық мінезді. Құрманға көптен құмар. Бірақ бұрын
ауылдарының қоныстары шалғай болған соң, айында, жылында бір көріссе де, сөйлесе
алмай жүретін.

Қазір Гүлжан мөлдіреген көздерімен қарап, Құрманмен сөйлесіп
отыр.Кейбір сәулімдер көздерінің астымен қарасып, Құрманның сөз арасында
Гүлжанға жымиып күлгендерін көріп, азырақ іштерінен күндеп те отыр. Сөйтіп
отырғанда түсірлеген, самбырлаған дыбыстар көбірек естіліп "Ат шабар! Ат
шабар! Ат шабар! Ат шабар!!!" деген айқай шығып қалды. Жігіттер ойынды қоя
салып, дүркіреп, асығып тысқа шығып, аттарына мініп, қолға қарақшы алып
"ат шабарлап; жүрген ауыл кісісінің соңынан жөнелді.

* * *

Сонымен той бітті... жұрт ауылдарына қайтты. Жалғыз-ақ Құрмандар
сегіз жігіт Жүгербай ауылына қонды. Және ұзататын қыздың қасында жақын отырған
ауылдарының қыздары қалды. Кешке күйеу, қыздар отырған бөлек тігілген әшекейлеген
үйге Құрмандар келді... Жігіттер мен сәулімдер араласа отырды.

"Қане, енді ойын бастаңыздар... Сіздер бастаңыздар,
жоқ,сіздер бастаңыздар, қане, қане..." деп біраз әзілді сөздерден соң
"Хан жақсы ма?" деген ойын басталды.

Құрман төр алдында Сейіттің қызының қасында. Екі-екіден отырған
жігіттер, сәулімдер "Хан жақсы ма?", "хан жақсы ма?"деп
келіп "жасауыл" сұрағанша көкіректе сақтаулы айтылмай жүрген сөздері
болса нұсқаласып айтысып, сыпайы әзілдесіп отырды,ақырын домбыраны шертіп
Гүлжанмен сөйлесіп Құрман отыр, сыбырлап, күңкілдеп күліп, сөйлесіп бәрі отыр,
сырттан байқаған кісі көрер еді көп сәулімдердің түпсіз терең қара көздерімен,
анда-санда Құрманға қарап қойып отырғандарын.

"Хан жақсы ма?" бітті. Жұртхан мен жасауылға қарай
қалды. Құрманның сол жағында отырған Мұздыбек "ханнан" бұрылып келіп
Жәмилә "жасауыл", "кімнен зорлық, кімнен зомбылық көрдіңіз"
дегенде Мұздыбек қуланып кәрі кісіше: - ойбой-ау! ойбой-ау кәрілігі құрғыр-ау,
- дегенде отырған жастар бәрі тегіс ду күлді. Егерде сол уақытта қырдың
сәулімдері, жігіттері кіршіксіз тістерін жарқыратып, жазғы тандай жайнасып
күлген кезде, көтерген тісті, беттеріне бояулар жаққан қаланың қыздары тұрса,
"аһ!" деп таңқалар еді: - "тамаша, қырдың сәулімдері мен
жігіттерінің тістері тізген меруерттей болады екен. Еріндері қабысқан,
албыраған қызыл гүлдей болады екен, қастары қара барқыттай, шіркін-ай" дер
еді: "Хан жақсы ма?"дан кейін "орамал тастамақ" ойнап,
сәулімдер, жігіттер орамал тастасып ауыздарының дәмін алысты! Бұл
сүйіскендердің ішінде көкіректері кернеген, махаббатпен, бір-біріне жандарын қиярлық
ынтықтардың лептері қосылды. Нағыз бұл қырдың сәулімдерінің, жігіттерінің бұралып
тұра келіп сүйісіп тұрғандарын көрсе қыздарын сатпай, сүйгендеріне қосатын
өнерлі жұрттың адамы:"қазақ қызын қалың мал деп малға сатады, шалға
сатады" десе нанбас еді."Орамал тастамақтан" кейін "жалғыз
хан" ойнап "ұры"түскендері өлең айтпақ болды. Өртенді кең
далада, кұстары мен құбылып түрлі әнге салатын көлдерде, күмістей сулары сылдырлап
аққан кең өлкелі өзендерде, орманды тас бұлақты, шыңды тауларда еркін бұла өскен кең көкіректі қырдың жастары шырқасып
құбылтып, аударып-төңкеріп ән салысты. Әндеріне,өлеңдерінен естілді қазақ
халқының кеңшілік тұрмысының қызықты күйлері. Қазақтың қорлық көргендерінін
қасіреті, һәм кеңшілікте жүріп көрген таршылык күйлері. Гүлжан
"ұры" түсіп,қолын ұстаған жасауылға қарамай Құрманға балаша жымиып күліп
қарап:"Мен үшін өленді сіз айтсаңыз қайтеді?" деді, Құрман күлімсіреп:

- Мен айтайын сіз үшін, бірақ "хан" не дейді екен,
- деді."Ханнан" бұрын Айтжан күліп: "несі бар оның?.. Гүлжан Құрманның
бетінен түрегеліп бір сүйсін, Құрман үш ауыз ән салсын дейді. Хан бұл сөзді ұнатты.

Жұрт Гүлжанға, Құрманға қарай қалды... Гүлжан бұралып тұрып,
сымбатты көк өрімдей көркем бойын, екі қатар өрген артыңда салбыраған қоп-қою
ұзын қара жібектей шашын көрсетіп, қабысқан қызыл гүлдей еріндерімен манаптай
болып түрегеліп тұрған Құрманды шөп еткізіп сүйіп алды... Құрман отырып, Гүлжан
үшін домбыраны күйлендіріп, толған ашық дауыспен ырғалтып әнді сызылтып қоя
берді:

Әнді мендей кім салар баяулатып,

Жылы ескен желдей жаяулатып,

Қырға шығып ән салсам шырқап, толғап,

Дәтің қайтып шыдайды, шіркін, ояу жатып?

Сағындым, сәулем, бермен кел,

Келмесең егер қасыма.

Мейлің, шіркін өзің біл!..

  Жастар Құрманның
әніне бір түрлі сүйініп, сәулімдер көздерінің астымен түпсіз тереңнен қарай
жүректерінің тамырлары ісініп, ақырын-ақырын сызылып оның күші барлық денелеріне жайылып отырды. Ән салып болған соң Гүлжан ақырын
Құрманның қолын қысып: "Бұл ән өз әніңіз, өз өлендеріңіз ғой!.. Кімге
айтқан өлендеріңіз?" - деді. Құрман ақырын көзі, еріндері күлімдеп: -
"Әлі айтармын өзіңізге!" деді.

Ойын таң атып келе жатқанда қойылды. Күндер өтті. Айлар
өтті.Жылдар өтті, патша түсіп, Совет біраз тұрып одан Колчак шыққан кезде
Сәлкең ауылдары Есен деген өзеннен көшіп, қыстауына қайта бет алып Қараөзекке жаңа
қонған. Ертең қасқырдың бәлтірігін қумаққа Құрман, Айтжан, Мұздыбек, Мұса,
Айдар,Шағыр алтауы аттарын күтіп, баптап көрмеге байлап, өздері күн еңкейіп
таудан асуға салбыраған мезгілде ауылдың сыртыңдағы төбенің үстінде отырды.
Ауыл қаладан өте алыс. Қаламен қатынас үзілген. Уақыт, жер соны. Қараөзектің
маңайы - айналасы адыр, тау, мал бұрынғыдан аз. Жылқылар, қойлар, сиырлар, түйелер
ауылдардың айналасында һәм ара арасында жатыр. Жұрт көшіп қонған соң жаңа ғана
шаруаларын жайлап болса да, тыста қыбырлап жүрген адам көп. Һәм малдардың,
адамдардың әртүрлі дауыстары бет-бетімен шығып қосылысып естіледі.

Асаутайдікіне бір кісі келіп түсіп, қайта атына мініп қырда
отырған Құрмандарға келді. Бұл келген Хамит деген жас жігіт. Сағиттың ағасының
ауылындағы мұғалім. Өзі Құрмандардың елінің жігіті емес, басқа Кереку деген
қалаға қарайтын елдікі. "Ассалаумағалейкум!" деп аттан түсіп Құрманмен қол ұстасып
амандасты. Ауыл жігіттері де амандасты. Құрман: "Аман-есен ғой.Жолыңыз
болсын енді?" Хамит: "Әлей болсын. Жай, әншейін,ауылшылап жүр едім,
және сізде бір шаруа бар еді"... деді.

Құрман: "Не шаруа? Айтыңыз?.."

Хамит: "Оңаша шығып кетсеңіз?.." - деп орнынан қозғалды.

Құрман: "Жарайды..." - деп мұғаліммен оңаша шығып
біраз сөйлесіп, қолына бір хатты ұстап жолдастарына келіп сендерге бір тамаша
хат оқиын, деп оқыды.