ВЕРНУТЬСЯ

 "Бауырым Құрман! Үшбу хатты су түбіне кетіп бара жатқан соң жазып отырмын саған. Ешкімнен жәрдем жоқ, сенен болмаса. Көңілім көлдей болып жүргенде, мұршамды толғануға келтірмей байлағандай қылып, кеше келген алтай Сабалақтың қатыны өліп, қыз іздеп келген баласына мені бермек болып жатыр. Алды-артқа қаратпай ертең жөнелтпек. Түнде қашып кетті қылып. Дүниеде адам баласына қиындық келетін болса, сол қазір маған келіп отыр. Басыма таудай пәле орнады, бауырым. Бір лажын тап, қол ұстасып біреумен кетуге бармын. Сабалақ баласына кеткенше, ендігі сөзді мына мұғалім ауызша айтар. Сенен несін жасырайын, жәрдем қылсаң осы Хамитпен кетемін,қайда алып кетсе де, анықтап жауабын қайыр, бауырым.1919 жыл, 20 август Гүлжан "Хатты оқып болып Құрман: "Мұны қалай қылдық енді,жігіттер?.."Айтжан: "Кайдан білейін?.."-дегенде, Мұса: "Қайдам? Өзің біл..." - деді Құрманға.Құрман мұғалімге қарап һәм жігіттердің бәріне қарап: "Қой!Бізге адам деп, жігіт деп, бұл бишара хат жазып өлердегі сөзін айтқанда, біздің еш нәрсе істемей қалуымыз ұят. Мұғалім, сен еліңе алып кете аламысың  бұл  Гүлжанды?.." деді. Хамит: "Сіздер жәрдем қылсаңыз тәуекел қылайын".Құрман: "Жарайды ендеше!.. Мынау енді жігіттер: не іспен болса да тәуекел деп бұған кірісейік!Гүлжандай қызды Сабалақтын малына сатқызбайық. Жалғыз бұл емес, біздің талай ісімізді үлкендердің көбі теріс көріп еді ғой, бұл да солардың біріндей-ақ болар. Бұған азаматтық қылайық! Сөз бір ғой!?.." Айтжан, Мұса, Айдар, Мұздыбек, Шағыр бәрі бір ауыздан: - "дұрыс" - деді. "Қолдан келгенді аямайық. Бірақ қалай қылмақшымыз? Құрман ойлап тұрды да:"Қалай қылуды мен таптым! Алып жүргенде осы біздің маңайды басып жүреді ғой, ол қыз алушылар өздері қанша кісі?"Мұғалім: Сегіз кісі.Құрман: Гүлжанды қашып кетті қылып, Сағит ауылдарының ешқайсысы білмей қалған болмақ па?.. Жоқ. "Түнсат"қылып ұзатып шығарып салатын кісілер бола ма?..Мұғалім: "Түнсат" қылмақ. Сағиттың кіші шешесінен туған Кенжебек деген бала һәм Қыстаубай деген жігіт, - деді.Сіздің Қыстаубай Гүлжанның тілін ала ма?Мұғалім: - Алар... алады.Құрман қуанып: - Айтжан, жігіттер! Тамаша табылды реті!Міне мұғалім, сіз ертең мынау тұрған шоқпар тастың түбінде ақшам уақытыңда болыңыз, әбден жүруге даяр болып онан соң сіздің әлгі Қыстаубайыңыз әлгі Алтайларды, Гүлжандарды ертіп жүргенде, сол мынау шоқпақ тастың жанынан жүргізсін!-     Дұрыс па? - деді, мұғалім һәм жігіттер: жарайды деді.Құрман Гүлжанға хат жазып берді, мұғалім қайтты.Құрмандар ақылдасып алдағы істейтін істерінің әбден анықтап ретін құрды. Ертеңінде бие байлаған соң бөлтірік қууға Құрмандар атқа мінді. Бәрінің үкіметтен жасырып сақтап-сақтап жүріп, енді шығарған саймандарын алды. Мінгендері, әнеугі тойға мінген аттары. Құрман қолға найза алып, қоншына алты-атар мылтығын салып алды. Мұса қос ауыз бердеңкесін алып, өңгелері сойыл алды, бәрі аттанып Жаман Айманақ деген тауға қарай жөнелді. Аттары жарау. Жігіттер қатарласып сөйлесіп барымтаға аттанғандарша құнтиып, аттарын сыландырып,құлпыртып желдей есіп жортып келеді. Қаршығадай сестеніп өздері аттарына, аттары өздеріне жарасып, аттар солар үшін,өздері аттары үшін жаратылғандай аттардың үстіне құйып қойғандай отырып құнтиып қыр балалары кетті. Жаман Айманақ,Сәлкең ауылдарының күнбатыс-оңтүстік жағында жігіттер шоқпар тастың жанынан өтіп, шоқпар тастан төрт-бес шақырым жердегі Құрмандардан бөтен ел Қиырбай ауылдарына келіп,Қиырбайдың баласынікіне түсті. Қиырбайдың баласынікіне Құрмандарды күтіп, әбігерленіп, көрпе салып ауылдың еркектері жиналып, бала-шаға шулап, бірен-саран қыз-келіншек үйдің маңайына жиналып, есіктің о жер, бұ жерінен сығаласып сыбырласып қалды. Қиырбайдың баласы үйінде жоқ екен, қатыны бұйығылау нанға өкпелеген бала тәрізді болып бет-ауызы бұлтиғандау болса да, шай қойғызбақ болып һәм тез мал сойғызбақ болып еді. Жігіттер рахмет айтып мал сойдыруға кідірмеді. Айтжан Қиырбайдың баласының қатынына:-     Жеңгей, бізге қымыз берсеңіз болады. Құдай қаласа қайтарда түсерміз, асықпай отыратын болып, - деді.Қатын: "Ендеше, әй Тоқшылық, тегенедегі қымызды әкел!"- деп өзі түрегеліп алдына дастарқан жайып, тостағандарын,кеселерін, ожауын алып, Тоқшылық тегенемен әкеп қойған қымызды сапырып жігіттерге бере бастады... Қатын үйге топырлаған бала-шағаға қарап қабағын түйіп:- Әй, балалар, бар шығыңдар. Немене айналып толып кеткендерің, тап кісі көрмеген ауылдың балаларынша, барыңдар! - деп еді, бала-шаға шықты. Үйге кірген ауыл кісілерінің біреуі, амандасқан соң жігіттерге, жолдарыңыз болсын, - деді.Айтжан: "Әлей болсын, мына Жаман Айманақка барамыз,берілері, ұрылары болса шошытуға" деді.Ауылдың екінші кісісі: - Осы күні қасқырда, ұры да білініп тұр ғой!.. - Ол арада жүктің үстінде тұрған домбыраны Мұздыбек алып, құлақтарын бұрап шертіп, күйге келтіріп ойнатып отырды. Қымыз ішіп, жігіттер аттарына мініп жүріп кетті. Ауылдың иттері үріп, кейбір қатын-қалаштар, бала-шағалар шығып қарасып қалды. Жаман Айманаққа келіп жігіттер қалың қарағанды, бұталы, қия жартасты шаттарын аралап, сайларын аралап, өрлеп аттарын ентелетіп биікке шықты. Биіктің басында біраз қарауыл қарап тұрып күншығыс жақтағы қырқадағы қалың қарағандарды қағуға таудан түсті. Жігіттер таудан түсіп, қырқаның "Ұялы сай" деген қалың қарағанын дара-дара бөліп қаз-қатар жүріп аралап келе жатқанда ортада келе жатқан Мұса айқайды алып, астыңдағы құла торы атты орғытып тұра шапты.Жігіттер, көздері шатынап жығылу-сүрінуді, мертігу-өлуді ойламай, қалың, биік қарағандардан, бұталардан орғытып, апандардан, жыралардан орғытып оқтай зулап, Мұсаның қасына келіп, Айтжан, Мұса, Айдар үшеуі бір бөлтірікті қуып кетті.Құрман, Мұздыбек екеуі бір бөлтірікті қуып кетті, һәм оларға атын басқа-көзге төпелеп Шағыр келіп қосылды. Ақырып, айқайлап, күрілдеп тауларды,даланы жаңғыртып, күңірентіп, орды жарды тыңдамай аттарын орғытып жүріп көз ашып-жұмғанша опыр-топыр қылып екі бөлтірікті ұрып алды, екі бөлтіріктің біреуін Мұздыбек, біреуін Шағыр бөктіріп алып, біраздан соң жігіттер күлімсіреп, омырауларының түймелерін ағытысып,желпініп сау аяндап қайтты.Бесін ауыңқыраған кезде тағы да Қиырбайдың ауылына келіп, баласынікіне жігіттер түсті.Бала-шаға һәм ауылдың еркектері баяғыдан да көбірек жиналды. Қиырбайдың баласы үйіне келген екен. Жігіттерге отырып амандасқан соң, күліп: "Ә, сауға?!" - деді. Құрман күлімсіреп: "Алыңыз" - деді. Қиырбай баласы: "Немене бөлтірік қағуға кетті деп еді, ештеңе таптыңдар ма?" - деді. Құрман: "Бірекі бөлтірік көрініп еді, соғып әкелдік!" - деді.Қиырбайдың баласы: "Ә?.. Қанжығаларында тұрған шығар?.. Әй, Оразалы! Мына кісілердің жанындағы бөлтіріктерін шешіп алып келші, ырым қылайық!" - деді күліп...Самауыр қойылып, мал сойылып жатыр. Үйдің ішінде кісі толы. Тыста қыз-келіншек, сылдырласып, судырласып, сыбырласып, үйді айналып сығаласып жүр. Құрман кісілермен сөйлесіп отыр. Мұса былқылдатып, сарнатып, ентелетіп домбыраны шертіп отырды... Ауыл кісілері тарқаған соң шайды жігіттер ішіп болған соң үйге бір дөңгелек қара торы қатын бастап он шақты қыз-келіншек еніп келді.Жігіттер: "Амансыздар ма?.. Есенсіздер ме?.. Жоғары шығыңыздар", - деп еді, бастап келген қатын амандасып: "Мына жақта болады ғой" - деп, Қиырбайдың баласының қатыны отырған жаққа барып бәрі отырды.Қиырбайдың баласы қараторы қатынға қарап күліп: "Сендер әдейі жиналып келген соң, мына жігіттердің қастарына, ара-арасына неге отырмадындар?" - деді.Қараторы қатын: "Осы жерде болады ғой... Әшейін жақсыны көрмек үшін деп, мына жігіттерді көрейік деп, және жақсыда жаттық жоқ деп, домбыраға қосып салатын лебіздерін естиік деп келіп едік" - деді.Айтжан қалжындап: "Ә, олай болса әуелі өздерің ауылдың алты ауызын айтсаңдар екен" - деді.Қатын: "Кемеші келсе, қайықшы судан шығады деген, бізді не қыласыз, онан да өздеріңіз лебіздеріңізді естіртіңіздер" деді.Айтжан күліп Мұса мен Құрманға қарап еді, Құрман сыбырлап:"Мұса мен Мұздыбек айтсын" деді.Мұса мен Мұздыбек шырқап, былқылдатып "сағындым сәлемге" салып қоя берді. Жұрт өлеңге қатты құлықтанып тыңдап, ауылдағы һәм маңайдағы жан үйге толып ентелеп, Мұсалар айтып болған соң Құрманның лебізін есітуге тілек қылып болмаған сон Айтжан мен Құрман екеуі қосылып, Құрман домбыраны сарнатып қоя берді. Екеуі дауыстарын кернеп, ырғалып,төмен түсіріп құлпыртып салғанда, жұрттың бәрінің өндері өзгеріп, бәрі әннің әуеніне түсіп еріп кетті...Ет жеп болып, еттің артынан қымыз ішіп жігіттер күн таудан асып батып кеткенде аттарына мінді. Қиырбай ауылының еркек-ұрғашылары тысқа шығып жігіттерді аттандырып қала берді.Сойылдарын сүйретіп, мылтығын асынып, найзасының желігін желбіретіп жігіттер аттарын жайтандатып сау аяндатып ауылдан шыға бере Құрман мен Айтжан екеуі қосылып шырқап "Ардақ" деген әнге салып жөнелді.Күн батысымен дөңгелек сары алтыңдай болып жарқырап ай да туған. Аспанда бұлт жоқ. Төңірек тыныш. Кұрман мен Айтжанның салған әні төңіректі жаңғыртып, құйқылжып шарыққа шығып әуені дыңылдап, дірілдеп, қалқып, толықсып жайылып келеді... Ақшам жамырап бара жатқанда уәделі жартастың түбінен жігіттер күтіп отырған мұғалімді тапты. Құрман мұғалімге ақырын сөйлеп "ә ә жолдым", немесе, бүгін "жөнелтетін болды ма?" деді.Мұғалім: "Ел жата жөнелтеді, құдай қаласа Қыстаубай оларды осы жартастын солтүстік жағымен, мына жермен алып өтпек?" - деді.Жігіттер көңілдесіп сөйлесіп, аттарынан түсіп, жартастың көлеңкесіне байластырып тастады. Шағырды тасқа шығарып қарауылға қойып, өзгелері жиналып көңілдесіп сөйлесіп отырды. Сонымен уақыт өтті. Қарауылға Мұздыбек келіп отырды.Ел жататын уақыт болды, еш дыбыс жоқ. Жігіттер елендеп шыдамсызданды. Айдарды Құрманның ақ сұр атына мінгізіп,Мұздыбекті өзінің ақ көк атына мінгізіп екеуін алтайлардың келетін жағына жіберді... Біраздан соң олар қайтып келді: "ештеңе естілмейді" деп, түн ортасы ауды. Түн қысқа. Жігіттер күңкілдесіп Айдар мен Мұздыбекті тағы да жіберді... Бір уақытта жігіттер көздерін тігіп қарап отыр еді, Айдар мен Мұздыбек ақ селеудей болып аттарын сумандатып жетіп келді.Отырған жігіттер сыбырласып: "Немене ештеңе біліне ме?"-деді.Айдар мен Мұздыбек сыбырлап: "Келе жатыр, едәуір жерде, тура келе жатыр" - деді.Құрман сыбырлап: "Сендерді көріп қалған жоқ па?" - деді.Айдар мен Мұздыбек ақырын: "Жоқ. Көрген жоқ" - деді.Жігіттер тез аттарына мінісіп алды. Кұрман Айдардың астыңдағы өз атын мінді. Бәрі жартастың тұмсығынан қиылып көздерін тігіп қарап отырды. Әлден уақытта алыстан дүбірлеген дыбыс естілді. Дыбыс бірте-бірте анығырақ естіліп жақындап,адамдардың шоғырмақтанған қарасы көрінді. Құрмандардың аттары, құлақтарын тігіп қайшылап, көздерін тігіп тынышсызданып елендеп тұр. Өздері де шұғылданып төніп көздерін тігіп қарап тұрды.Құрман алты атарын алып қарап даярлап, Мұса қосауыз бердеңкесін даярлап, өзге жігіттер сойылдарын көлденең ұстап алды.Ай жарық. Құрмандар жартастың тасасында. Алтайлар күбірлесіп сөйлесіп, аттары пысқырып сау аяндатып, жүріп келіп,жартастың солтүстік жағынан өте берді. Құрман жолдастарына сыбырлап: "Айтқан сөзді ұмытпаңдар... даярлан... ал ұмтыл!.."- деп атты тебініп тұра ұмтылып:"Қайда-а-а! Атып таста! Ә-әй! Қыр-ра-рам!!" деп лап берді.Жігіттердің бәрі: Қайда-аа, қайда-а! Шаншып таста! Атып таста! Қайда-а-а! - деп сойылдармен кағысып, Құрман мен Мұса үсті-үстіне мылтықтарын "ах!", "бах", "дүмп", "дүмп!" еткізіп атып-атып жібергенде таулар, дала, аспан, жер төңірек күңіреніп жаңғырып кетті. Есінен адасып қойдай айырылып сасқан қыз алушылар, бәрі тырқырап безіп жөнелді. Табан жерінде екеуі түсіп қалды. Бір-екеуі, Гүлжан мен Қыстаубай шаба алмай бөлініп қалды. Өзгесі безген бойымен кете барды. Тағы да біраз қуған болып мылтық атып, кашқандардың әбден қарасы өшкенде Құрман, Айтжан, Мұса, Айдар төртеуі орағытып, құстай ұшыртып жартастың түбінде жиналып күтіп тұрған жолдастарына,Гүлжандарға келді. Келісімен Құрман: "Гүлжан, амансың ба?"- дегенде қалшылдап, дірілдеген Гүлжан: "аға-ке-ай! Енді қалай қыламыз?.." - деп еді.Құрман: "Қой сөзді, жүріңдер!" - деп бері күншығыс пен  оңтүстіктің арасына қарай жөнелді...Жүріп келіп бір жерге тоқтады. Таң да атып қалды. Жігіттер аттан түсті.Құрман: "Қане, Гүлжан қарағым, енді қоштасайық. Құдай беттеріңнен жарылқасын. Қош, қарағым!" - деп қолын ұстады.Гүлжан жылап: "Құрман, ризамын жігіттеріңе, өле-өлгенімше ұмытпаспын сені! Бірақ, бірақ,.. бүйтіп кетемін деп ойлаған жоқ едім... Басыма қара тұман, қасірет орнаған соң амал бар ма, құдай ісіне? Көнемін-дағы! Тең-құрбыға, құлынтайдай бірге өскен құрбыларға мың қайта сәлем айт, сәлем айт!" - деп Құрманды құшақтап жылады.Құрман һәм бәрі де қолын ұстап: "Қой жылама, Гүлжан,жылама! Мұның несі бар! Мұндайдың бәрін де көрген жақсы.Әлі бәрін ұмытарсың мұның. Қане қош, бетіңнен жарылқасын.Қош, мұғалім!" - деп бәрі амандасып болсада Құрман Гүлжанды қолтықтап аттандырып: "Қош, Гүлжан, алдыңнан ай, артыңнан күнтусын, қарағым! Қош!" - дегенде, Гүлжан жылап: "Қош,бауырым, қош, бауырларым. Бірге өскен құрбыларға, бауырларға сәлем. Күллі елге сәлем. Қош, қайран ел... Қо-о-ш, туып өскен жер, сулар, қош!.." - деп жылап жүріп кетті. Таң атып келеді. Түн жалтыр, ай жарық. Азырақ шөптің басын теңселтіп сыбырлатып майда ескек тұрды. Көзден тамған жастай қара жерге, шөптерге мөлтілдеп меруерттей шық түскен. Төңіректе үн жоқ. Аспандағы жұлдыздарда да, айда да үн жоқ. Суық жүз. Суық бет. Жалғыз-ақ күншығыстан өскен майда жел шөптерді қозғайды. Шөптер, бұталардың жапырақтары ақырын-ақырын қозғалысып, теңселісіп сыбырласқандай ғана болады...Күншығыстан ескен өткір майда желден бұталар, шөптер қызыл күннің таянып келе жатқанын сезіп сыбырласқандай...күн күледі... күн келеді.Өңдері қашып, қабақтарын түйіп, аттарын ортекедей ентелетіп, үндемей тұрған даланы дүбірлетіп, кең далада дүбірлері жер жарып, шоқыта басып орғытып, қыр балалары қайтты.Сойылдарын сүйреткен, мылтығын асынып, найзасының желегін желбіреткен. Түстері суық, терең ойға кеткен Сарыарқа да терең ұйқыға батып жатқанда, ортекедей орғытып қыр балалары келе жатты...                                                                                                          1923жыл