ВЕРНУТЬСЯ

Жоғарыда әңгімеміздің басында айтып өткендей Маңғыстаудың өзіндік ақын-жыраулар мектебі, күйшілер мектебі, әншілер мектебі, сәулетшілер мектебі, шыңырау құдықшылар мектебі, аңшылық мектебі, палуандар мектебі болған.  Қазақ мемлекеттік университетінде фолклортанудан лекция оқыған ғалым Сұлтанғали Садырбаев лекциясының бірінде өзін ұстазы Мұхтар Әуезов шақырып алып, кандидаттық диссертацияға тақырып етіп атақты жырау Мұрын Сеңгірбекұлының репертуарындағы «Қырымның қырық батыры» циклды жырларының мән-мағынасын ашуды ұсынғанын, Маңғыстауға Мұрын жырауды іздеп барып, әңгімелескенін, соның негізінде   ғылыми атағын қорғап шыққанын айтып еді.Ал ғалым Қабиболла Сыдиқов Маңғыстаудың асыл мұралары -ауыз әдебиетін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін түбегейлі зерттеп, сусыған құм мен жақпар тастардың арасынан аршып алып, том –том тарихты халқының игілігіне айналдыруға бар ғұмырын арнап, әр мектепті қалыптастырушы тұлғаларды жеке- жеке саралап, қайта тірілтіп берді.Қабекең тек Маңғыстау ғана емес, Батыс Қазақстан өлкесінде өмір сүрген ақын –жырауларды, әнші –күйшілерді, мемлекет қайраткерлерін зерттегенде олардың өмірбаяндарын, шығармаларын, атқарған қызметтерін ғана баяндап қоймай, сол кездегі қоғамдық -әлеуметтік жағдайды, ел мен ел арасындағы саяси байланысты, олардың өскен орталарының ерекшеліктерін түгел қамтып, Маңғыстаудың Орта Азия халықтары мәдениетімен сабақтастығын, туыстығын нақты мысалдармен талдаған үлкен жүректі ғалым еді.Қабекеңнің теңдессіз ерен еңбегінің нәтижесінде ақын-жыраулар мектебінің көрнекті өкілдері - Абыл Тілеуұлы бастаған Ақтан, Қашаған, Аралбай, Нұрым, Қалнияз, Түмен, Сүгір, Мұрын сынды ақпа-төкпе ақын-жыраулар; күйшілер мектебінің көрнекті өкілдері - Абыл Тарақұлы бастаған Есбай, Есір, Құлшар тәрізді күйші-композиторлар; әнші-жыршылар мектебінің көрнекті өкілдері – «жеті қайқы» атанған - Өскенбай, Жылкелді, Досат, Әділ, Тұрсын, Тастемір, Шолтаман, бұлардан да басқа Қайып, Қойбас, Мұрат тәрізді әншілер, Қаражүсіп тәрізді сәулетшілер, Бейнеубай тәрізді шыңыраушылар,  Қожамбет бастаған палуандар, Тобанияз, Жалау Мыңбайұлы бастаған мемлекет қайраткерлері, т.б. туған халқымен қайта қауышып еді.«Маңғыстаудың жыраулық мектебі Сыпыра жыраудан бастау алып, Мұрын жыраумен аяқталады» дейтін Қабиболла Сыдиықұлы ағамыз. Абыл да, Нұрым да, Ақтан да, Қашаған да «Қырақ батыр...» эпосын түгел білген, таңды таңға ұрып орындаған. Бір-біріне үйреткен. Мәселен, Мұрынның ұстазы Нұрым болған ғой. Ал Нұрым Абыл ақынды ұстаз тұтқан. Жырда қайыртпай кеткен Қашаған іздеп барып, айтыса отырып, сол Нұрымның батасын алған. Мұрын жырау сонау алапат соғыс кезінде Алматыға алдырылып, тек осы эпостық жырды алты ай жырлап тауыса алмай, бірнешеуін кейінге қалдырып елге оралған.Қазақтың мың әнін жинап, сауапты іс тындырған атақты өнерзерттеуші, мың болғыр Затеевич Орынборда мемлекет қайраткері Жалау Мыңбаевтың (Жалау ол кезде Қазақ автономиясының басшысы) орындауында маңғыстаулық біраз әндерді жазып алған. Демек Жалаудың да ерен әншілік қабілеті болғанын көреміз. Әнші Қожантай Қойбас Ғарифолла Құрманғалиевпен бірге Алматыда филармонияда ән салған, Ғарифолланың репертуарында Қойбас шығарған әндер де болған. Қойбас елге оралған соң маңғыстаулық жатақтарды Ақтөбе облысының Қобда ауданына апарып қоныстандырып, «Екпінді Адай» атты серіктестікті ұйымдастырушының бірі болып, кейін өзі соның төрағасы болып тұрғанда әлдекімдердің «Қойбастың үйінде Тобанияз ханның айбалтасы жасырын сақтаулы» деген көрсетуімен ұсталып, Қиыр Шығыстың түрмесінде дүниеден өтеді. Сол себептен де Ғарифолла орындаған Қойбас әндері халықтікі болып кете береді. Ақтау қаласында Маңғыстау ақын-жыраулар мектебінің аса көрнекті өкілінің бірі – Қашағанның 170 жылдығы тойланды. Шара аясында күй атасы Құрманғазыға Ақтау қаласында еңселі ескерткіш орнатылды. Осы кезде сонау Тәуелсіздігіміздің таңсәрісі енді атып келе жатқан мезгілдегі ата-баба дәстүрлерін қайта оралтуға деген құлшыныстардың ерендігі ойға оралады...