ВЕРНУТЬСЯ

      Аса қадірлі Николай Иванович!
     Сіз арқылы
тапсырылған хаттың біздің оқу
мәселемізге үлкен жәрдемі тигенін Сіз өзіңіз де ендігі білетін боларсыз. Бұрын қазақтар үшін мектеп ашу пайдасыз деп болмай келген губернатор, облыста бірден алты болыстық мектеп
аш деп мені асықтыра бастады, ал мен де
оның орындалуын
кешіктірмедім; осы жылдың басына дейін, екі жарым айдың ішінде, айтылған алты мектепті ашып, орналастырып та
болдым. Содан кейін жағдай да өзгеріп қалды. Губернатор Проценко қызметінен босатылды. Оның орнына генерал Барабаш
келіп отырды; бұл ақылды, оқымысты
және, жалпы алғанда, қазақтарға, олардың тұрмыс мәселелеріне жаман қарамайтын
адам екен. Едәуір серпіліп қалдым,
қымбатты Николай Иванович, құлашты
сермеп жатырмын; Ырғыздағы қыздар
мектебінің жанынан қазақ қыздары үшін биыл әйелдер пансионын
ашамын; Қостанайға көшіп келген орыстар
үшін орыс мектебін ашып қойдым, Ақтөбеде қыздар мектебін аштым, Торғай, Елек
уездерінде тағы да екі болыстық мектеп
аштым; Красноуфимскідегі реальное училищеде казақтарды техникалық ғылымдарға окыту үшін төрт стипендия тағайындалды, ал
ауылшаруашылық мектебінде казақтарға атақты, іскер, өз өнерін өте сүйетін Соковниннің
басшылығымен ауыл шаруашылығын оқыту үшін бес стипендия тағайындалды. Бұл ауылшаруашылығы мектебінде оку ісі
түгелінен тәжрибеге негізделіп қойылған, онда: былғары илеу, сабын қайнату, май шайқау, құмыра жасау істері, ағаш-токарь, ұста-слесарь өнерлері үйретіледі, ал
ауылшаруашылығынан - огород
егу, бау-бақша салу, мал шаруашылығы, егіншілік жайлары үйретіледі, осылармен
қабат жаңа машиналармен, олардың құрылыстарымен таныстырылады, мал емдеу
тәсілдері, астыққа зыянды жәндіктермен күресу тәсілдері үйретіледі. Мен қазір
осы Красноуфимскі училищесіндей етіп облыстың өзінде қазақтар үшін
арнаулы ауылшаруашылық мектебін ашу туралы жоба
ұсынып отырмын. Әлдеқашан-ақ
ашылуы қажет болған, бірақ осы уақытқа
дейін, кінә өзімізден де болар, ашылмай келген бұл жаңа оқу орындарының бәрін ашуға енді асығуымызға тура келіп отыр;
асығуымыздың қажет болатын тағы бір себебі, біздің облысымыз таратылады деген лақап күшейіп барады, ал
таратыла қойса, қоғам қаржысы екі
немесе үш жерге бөлініп кетеді, олай болған күнде, жанында завод, фермалары болатын
ауылшаруашылығы мектебін салу сияқты
күрделі жұмысты істей алмай
қалуымыз да мүмкін.
Ал
енді, Килячковты тезірек жібере көріңіз, бұл жөнінде өтініш
етіп мазаңызды алғаныма кеңдікпен кешірім етіңіз.
Ол осы уақытқа дейін келген жоқ, ал мектебі 21 августа ашылды. Килячков кідіріп қалған соң мен жергілікті поп
Малышевтан өзінің диаконын уақытша етіп тағайыидауын
өтініп отырмын; бұл диаконның басқа істері де аз емес, сондықтан, ол ойдағыдай
оқытады-ау деп сене алмаймын. Орынборға
әдейі губернаторға жолығайын деп және онымен жоғарыда айтылған мәселелер жайында сөйлесейін деп келген едім. Ол
облыстағы халық ағарту жұмыстарына
байланысты қағаздардың бәрін жазуды менің өзіме
тапсырды; сондықтан, мен мұнда губернатордың мектеп мәселесі жөніндегі іс
жүргізушісі есебінде құлшына істеп отырмын.
Осы айдың күні
түнде округтік попечитель келді: ол
біздің жаққа, Қостанайға барғалы жатыр. Орынбор төңірегінде
бірқатар мектептер ашу жөніндегі жұмысымды октябрьге дейін қоя тұрып, онымен
бірге жүруім керек болып отыр. Мен осы жерден шанамен Қазанға, сіздерге барғалы
жатыр едім ғой, бірақ енді жағдай өзгеріп, өзімнің бұл ынтық тілегімді қоя тұруыма тура келіп отыр. Мен Сізді сырқаттау
деп естідім. Ол рас болса, біз - бүкіл қазақ елі болып - құдайдан Сізге саулық беруін тілейміз жәме
шарапаты кең алла біздің бұл дұғамызды
қабыл қылар деп сенеміз.
Сәлем бердік, қымбатты Екатерина
Степановна! Meн қалай да
Сіздің үйге барайыншы деп едім, бірақ сәті түспей
қалды. Тірі болсам келесі жылы қалай да барамын.
Сізді шын құрмет тұтатын, өзіңізге мейлінше берілген қызметшіңіз
И. АЛТЫНСАРИН.
1888 жыл, сентябрь.