ВЕРНУТЬСЯ

   Шапағатты төрем, аса қайырымды
Николай Иванович!
   Менің Сізге
жазған хаттарымдағы пікірлеріме Сіз риза емессіз-ау
деп ойлауға дәлелім толық бола тұрса да, өзім туралы Сіздің есіңізге салып, Сізге шын берілгенімнің, Сізді шын сүйетіндігімнің ешқандай өзгермегендігімді жазуды қажет
деп тауып отырмын. Сізге хат жазып, мазаңызды алуыма себеп болған бір нәрсе -
жақын арада алынған мынадай хабар
еді. Халық ағарту министрінің ұсынысы
бойынша біздің Соғыс губернаторымыз қазақ балалары
үшін Қазанда жазылатын орыс алфавиті мен оқу кұралын кұрастыруға қатысу үшін
мені Қазанға жібергелі отыр деген хабар еді. Бұл жөнінде мәселе көтерген Сіз
екеніңізді Сіздің хаттарыңыздан білгендіктен, министрдің мені жіберуі туралы бұл ұсынысы Сізге мәлім шығар деп ойлаймын.
Сонымен, бұл осылай бола қойса, мен өте бақытты болған едім; Қазанда болсам, жақсы адамдарды көрсем, олардың
ақылын тыңдап, тәлім алсам деген менің алда-кашанғы тілегім, ақырында, орындалады деп сене алар едім; сонымен қатар, осы жағдайды пайдаланып, қазақша өлеңдерімді тәртіпке келтіріп, аудармасын
және ескертулерін қоса жазып әзірлеп қойдым. Тек бірқатар мәселелер жөнінде білетін адамдармен ол жайында ақылдасуым ғана қалып отыр. Менің
Сізден ендігі сұрайын дегенім: менің өзіме кесел болған,
ондаған жыл жас өмірімді босқа дерлік кетірген қолайсыз істеріме кешірім етпес пе екенсіз,
ал осы кешірім етуіңіздің
белгісі ретінде маған хат жазып,
жоғарыда айтылған жұмысқа баруыма сене алатынымды, ал баратын
болсам, қашан баратынымды
хабарлауыңызды өтінер едім.
Мен әлі күнге
Торғайда, уездік басқарманың
іс жүргізушісі болып отырмын; бірақ жағдайдың өзгеруіне байланысты бұл кызметті
атқарып жарығаным жоқ; біресе уезд бастығының аға көмекшісі болып, біресе
уездік судья болып, бір қызметтен
екінші қызметке тек ауыса
беріп жүрмін; бірақ мұның бәрі де уақытша қызметтер; орнықты және тәуірірек орынды әлі
тапқаным жоқ. Менің қызметіме
бастықтарым өте риза, бірақ міндетті
қызмет мені мүлдем тойғызып барады.
Ендігі барлық ойым бұрынғыша ғылымда және ресми жағдайдан тыс қоғамға араласуда ғана болып жүр. Сондықтан
мен Қазанға шын баратын болсам, бұл маған ұлы оразадан кейінгі қызыл жумыртқа
тойындай үлкен той болған болар еді, немесе көптен
ет көрмеген адамның мұрнына
келген қуырдақтың тәтті иісіндей иіс болған болар еді.
Қазанға барғаннан кейін мен істің
жағдайына қарай және есті
адамдардың маған берген кеңесіне қарай іс еткен болар едім.
Екатерина
Степановнаға менің шын көңілден
құрмет білдіретінімді айтыңыз.
Сізге шын
берілген және Сіздің
бағынышты пендеңіз,
         И. АЛТЫНСАРИН.
1873 жыл, 20 март.
Торғай қаласы.