ВЕРНУТЬСЯ

     Аса сүйікті досым Федор
Демьянович!
    Менің тапсырған жұмыстарымды дереу
орындағаныңыз үшін көп-көп
рақмет. Қостанай мектебінің 1
класына оқытушы етіп өзіңіз
білетін Балғымбаев тағайындалды. Онымен екеуіңіздің бірлесіп істей алатыныңызға сенімім зор. Царегородцев келгеннен кейін Сіз
2-класты оқытуыңызды қойып жүрмеңіз. Царегородцев мырза әуелі Сіздің оқыту
тәртібіңізбен, оқыту әдісіңізбен танысып алсын, мұны мен Царегородцевке де
айттым.  Егер, тіпті, Сергей Данилович
келе қойған күнде де Сіз, басқа адамның оқытуында кенет өзгеріс болып кетпеу
үшін, бірлі-жарым күн класқа барып жүріңіз. Мен мұны ете қажет деп білем.
Сергей
Данилович қазақ тілін білетін адам болғандықтан 1-класты оқытады және мектептің меңгерушісі болады. Егер ол келген болса менен сәлем
айтыңыз және 2 ноябрьге дейін үлгіре алатын болса, менің үй-ішім жайында хат жазуын сұраңыз. Балаларымның не күйде екенін білмей қатты тынышсызданып жүрмін; олар
жайында 20 сентябрьден бері ешбір хабарым жоқ.
Әлекең мен Шаһмұратқа менен сәлем айтыңыз. Ырғызға
енді бара алмаймын. Қырмен тура Николаевскі уезіне, немесе Орскі арқылы,
жүргелі отырмын. Сахарова ханымға менен жалынды сәлем. Ол туралы жақсы деген
хабарлар естіп жатырмын, оған бек қуаныштымын. Құдай оның ісін оңғара берсін. Қостанайға
тез келіңіз. Ол жерде мен Сізді қуанышпен қарсы алам. Бұл жақта мен қазақтарға
жолығып, балаларын мектепке орналастыру жайында сөйлесіп жүрмін; мұның ойдағыдай
болып шығатын түрі бар. Гайджевская ханымға да менен сәлем айтарсыз; ал Павел
Платоновичпен осы жақта көрісетін шығармын.
Сізді тәуір көретін досыңыз И. АЛТЫНСАРИИ.