ВЕРНУТЬСЯ

      Николай
Иванович, мұныңыз не, ешуақытта
хат жазбайсыз? Тым болмаса ермек үшін бірдене жазсаңыз қайтеді. Сіздің, зеріккіш досыңыз бұл жердегі елге рақат көремін деп келіп, аюдың үңгіріне түсіп
кеткені, ол үңгірден шығып жарық сәуле көруінің өзі қиын екені, Сізге Николай Иванович, белгілі ғой.
Бірақ құдайдың мұнысына да шүкір, өйткені
мені әзір ақ аюдың немесе қара аюдың тырнағына түсірген жок. Біздің бекіністің ауасы енді ғана
тынышталып, тазарып келеді, өйткені, Краманенков кетерінде, бастықтарға апарып
көрсету үшін, біздің бекінісімізден арба-арба өтірік-өсектер мен қоқыр-соқырларды
өзімен бірге алып кетті. Қазақ арасы деген маған мамык-төсек, кең жайлау ғой;
бірақ маған енді орыс қоғамының керектігі сезіліп жүр; олардың арасында болсам
мен орыс тілін үйрене берер едім, білгенімді ұмытпас едім. Ал ондай қоғам мұнда
жоқ; мұндағы мырзалар бір-біріне ит пен мысықша қарайды; өзара керілдесе
береді. Қазақтардың менен күтіп жүрген үміті зор; әсіресе, құрметті адамдар
маған мектепке балаларын беруге ынталы екендіктерін көрсетіп отыр, оларға
еңалдымен мемлекеттің заңын үйрет деп өтініш жасап жүр, сондағы ойлары кейін
олардан закүншіктер, демек, өсекшілер шықсын дегені ғой. Міне, олардың
көздегені осы.
Мен әзір оларға бұл жөнде ешнәрсе деген жоқпын. Олардың бұл ойын, тіпті, мақұл
көретін болғанның өзінде де, өзім ешқашан заңның ешбір статьясын оқымаған соң және
заңнан ешнәрсе түсінбейтін болған соң, мен оларға не деп уәде бермекшімін. Мұның
бәрі жақсы! Бірақ бір жаман жері әжем, шешем, жеңгем және тағы
басқалары маған ренжіп, мазамды алып
болды, шаруашылығым күйзеліп барады,
не істерімді білмеймін... Мен өзімнің аңқаулығымнан, немесе шынын айтқанда, құрғақ қиялдарға, бос армандарға әуестеніп кеткендігімнен олардың бәрін
де ұмытып кетіппін ғой.
Сондағы іздеп жүргенім
не екен! Мен туысқандарыма сенген
едім, бірақ «денеңе өз көйлегің жақын» деген емес пе. Ал оның бержағында, мен өзімнің ен үлкен борышымды ұмытып кеткен екенмін. Ондай үйішімді, жақындарымды өз қарауыма
алған соң, еңалдымен оларды қамтамасыз етуге тырысуым керек еді ғой. Орыс тілін,
одан кейін басқаларын үйреніп алайын деген ойға беріліп, орыс тілін өте нашар
білуіме қарамастан, мұғалім болудың соңына түсіп кетіппін; оқу үшін ешқандай
каражат таба алмай отырғанда, менен туысқандарыма қандай қайыр тиюші еді; ал oқу
үшін керекті басшылықсыз мен жөн тауып жүре алмаймын ғой. Бұл кемшіліктерін
бәрін елемей, өзім, өз біліміммен мұның бәрін істей беруге әлім келер ме. Маған
бірнеше кітап жібереді-ақ делік. Бірақ онымен іс бітпейді. Орыс балаларына арнап
жазылған кітаптардың сөзін орысша ешнәрсе білмейтін қазақ балалапының мыйына
оп-оңай құя алмайсын. Әсіресе маған бір адамға жәрдемшісіз, оқу құралысыз ол
өте қиын! Балалар күнбе-күнгі тәжрибеден тәлім алар деуге-Мұндағы қоғамның түрі.
мынау; ал тіпті, бұдан басқа, бұдан гөрі мәдениеттірек қоғам болғанның өзінше
де тәжрибеге сене беруге болмайды. Олардың көретіні тек қазақтар, солармен ғана
сөйлеседі; ал орыспен тек зорлап кана сөйлестіресің, одан келер пайда өте аз.
Бірақ қалай дегенмен де, осыдан басқа
жол жоқ. Өздері ойдан шығарып жаза алмайтын болған соң, түсінбей оқитын
болған сон, «я», «жок». «ит», «төбет» деген сиякты дана сөздерді де айта
білмейтін болған соң оларға мен көшіріп жазуды үйреткенмен не пайда шығады.
«Облыстық басқарманың мынадай нөмірлі бұйрығы бойынша» деген сияқты ресми сөздерді
жаттаудан не пайда болмақ. Сондықтан, орысша екі-үш сөзді ғана біліп алып
мектепте оқудан жөнді білім алмай, дұрыс түсінік алмай, олар адам болғансып, қазақ
арасына барады да, өздерін көп білетін адам етіп, әсіресе, закуншікетіп
көрсетеді. Бұған қазақтар сене қалады. Сөйтіп, олар өздерінің азғантай білімін
жауыздыққа жұмсайды, қазақтардың өздерін аяусыз жәбірлейтін болып шығады. Мұның
тағы бір бәлесі: ереже бойынша, оқушылардың ата-аналары баласын мектепке бұл
жетіде беріп, екінші жетіде айнып қалса, мектепке жібермей қоюға да ерікті. Сонда
бұдан не шығады деңіз? Бұдан шығатыны - егер мен бүгін ашуланып, тентек болған
бір баланы жазалай қойсам, ертеңіне, ретін тауып, ол ата-анасына кашып кетеді.
Баласы үйіне қайтып барған соң, ата-анасы оқытушыдан «қорлық көріп жүр» екен
ғой деп баласына жаны ашиды да, сүйікті баласын мектепке жібермей қояды. Мені
де, әрине, әбден боқтап балағаттап алады. Сонымен, мысалы, бұл айда менде 10
шәкірт болған болса, екінші айда бір де шәкірт қалмауы мүмкін. Мен, әрине, балаларды
жазалауды сүйетін онша катал адам емеспін. Бірақ, кейде, балаларды тентектіктен
тыймай да болмайды. Тентек етіп өсірсең балалардың адамгершілік қасиетін бұзып аласын.
Бірақ қазақтар мұның бәрін түсіне қояр ма екен? Ақырында, бекіністің бастығы
мектепке көбірек зер салатын болса, оны тезірек салып бітіруге тырысатын болса,
бұл да жақсы болған болар еді. Бірақ, олар мұндай жұмысқа немқұрайды қарайды
ғой. Міне осы себептерден, әсіресе, шаруашылығымның бүлініп бара жатқандығынан,
мен Лев Николаевичке хат жазып, мені бұл қызметтен босатуын және мүмкіндігі болса,
қазақ арасындағы бір қызметке тағайындауын сұрап, өтініш еттім; бұлай болғанда,
мен, кызмет бабындағы міндетімді атқара жүріп, шаруашылығымды да тәртіпке
келтірген болар едім. Егер Сізге, Николай Иванович, қолайсыз болмайтын болса
және қиыншылық келтірмейтін болса, Сіз осы жөнінде Лев Николаевичпен сөйлесіп көріңізші
және мұны Алексей Александровичке де айтыңызшы. Кім біледі, ондай қайырымды
адамдар маған жәрдем етіп қалар. Онансоң, олардың бұл мәселеге қалай қарайтынын
маған хабарлауыңызға болмас па екен... Мен мұнда белгілі аңшы болып алдым: Ақкөл
көліне барып, бір жеті аңшылық етіп, ондағы қазақтардың көмегімен 8 мегежін,
бір қабан атып алдым, 3 торайын тірілей ұстап алдым. Оларды Баронға және мырзаларға
сыйлайын деп отырмын. Қысқасы, мен оларға соғым, қонақасы жеткізіп беріп тұрам.
Бұл арада қабан деген өте көп. Торғайда қыс жоқ десе де болғандай. Жаза қойғандай
басқа ешнәрсе жоқ. Я, айтпақшы, Бұқардың ханы - Батыр өліпті. Оның орнында
қазір тақта оның баласы Мұзафар отырған көрінеді. Форттан хабар келді.
Менің сізге деген аса құрметімді қабыл алыңыз. Е.
С., Алексей Александровичке, оның
қайырымды үй-ішіне дүғай-дұғай сәлем
айтыңыз.
Сіздің Ыбырайыңыз
19 январь [1861 ж.]
Орынбор бекінісі.