ВЕРНУТЬСЯ

Жәнібек батыр
бала күнінде ақыл-білім үйрену үшін, Қаракерей
Соқырабыз дегенді іздеп
келген екен. Сәлем беріп кіріп келсе,
қарттықтан екі жағын жібекпен
таңып отырған кісі екен, Жәнібекті
көріп:

-        Сен
кай ұлсың? - деді.

-        Қошқар
ұлымын,-деді.

-        Қошқардың адам есті бір ұлы бар деп еді, сол боларсың ба? - деді.   

-        Болармыз,- деді.

-        Балам, не жұмысың бар, бұл
жақта неғып жүрсің?- деді.

-        Осы жақта бір қарт атамыз бар
дегенге, қолын алып, бір-екі ауыз ақыл-білім алайын деп жүр едім,-деді.

-        А-а!!!
Ел бастап, жұрт алайын деген ұл екенсің, сөз бастап,
би болайын деген ұл екенсің  алдыңа келсе әділдігіңді аяма - аймағын кетпес алдыңнан; қол бастап жол алайын деген ұл екенсің, жолдастың мыңын алма, бірін ал,
мың кісіге - бір кісі олжа салатұғын,
олжанды аямасаң - жолдасың қалмас
жаныңнан; жүз жиырма алтыға келіп отырмын, жас күніңде қалың бер де қатын ал, жігіттің хан болатын, қыздың ханым болатын уакыты сол, қартайған
соң өкінбе, ұлым; қару жисаң мылтық жи, жаяу жүрсең - таяғың, қарның ашса -
тамағың.

Мұнан шығып,
Кішіжүзде тоқсанға келіп отырған Тайған деген биге келді. Келсе бидің елі көш
екен, көш үстінде кез болып сәлем беріп, ат үстінен көрісті. Мұнысын жақтырмай,
бұл би де сұрады.

-        Жаным,
қай ұлсың?

-        Қошқар ұлымын.

-        Ұлым, неғып жүрсін?

Оған да айтты:

-        Осы
жақта бір қарт атамыз бар дегенге жолығып, қолын
алып, бір-екі ауыз ақыл сұрайын деп едім.

-        Е!-Е!-Е!-деді
ол.- Азуы алты қарыс арғынның Қошкарұлы
Жәнібек, Алшынның, бір
алжыған шалын келемеж қылып
кетейін деп едім десеңші.

Жәнібек:

-        Мен
сөз сұраймын деп келсем,
көңілімді қайтарды ғой,- деп, атының басын бұрып алып жүріп кетті...

Анадай бара жатқанда, би:

-        Әй,
Жәнібек,- деп шақырды. Жәнібек артына қарады. Сонда би:

-        Атыңның
басын бұрма, солай тұр, жүзім
кішілігінен бір ауыз сөзбен көңліңді
қайтардым: өгізді өрге салма
- қанатың талар, жаманға жүзіңді салма - сағың сынар,- деді.