ВЕРНУТЬСЯ

          Аса қайырымды Николай
Иванович!
       Мен ноябрьдің
11 нен бері карай Торғайдамын. Орынбордан шыққаннан кейін жол маған өте қолайсыз болды. Қар түсті, күн суып кетті.
Орынбордан әуелі тарантаспен шығып, Орскіге әрең жеттім. Осы арада алқа-салқасы
шыққан тарантасымды тастадым. Бұл жерден енді шанамен жүрдім. Верхне-Уральскі
маңында қар жоқ екен, ал кейін, тағы да қар басталды. Торғайға жуықтай бергенімде
тағы да арбамен жүруіме тура келді. Сонымен, біресе шанамен, біресе арбамен
жүріп отырып, өзімнің Торғайыма әрең жеттім. Күннің біресе суық, біресе жылы
болуы, осы уакытқа дейін суық тиді дегенді білмейтін қазақтығыма карамастан,
менің денсаулығыма үлкен әсер етті. Мен тек енді ғана тәуір болып келемін,
казір көңлім жаман емес. Сондықтан, ең бірінші борышым Сізге өзім туралы хабар
беру деп біліп отырмын.
Біздің Торғай, басы жетпіске келген қартымен тегіс
аман. Қар түскеніне бірнеше ғана күн болды; қыстауларына қайта көшіп, қазақ
ауылдары әбігерленіп қалды. Бірнеше күннен бері ел қыстауға қарай шұбап жатыр,
ойпаттау жерлерге қоралар жасалып, әйелдер жабыла қамыс орып жатыр. Тіпті,
балалар да бос жүрген жоқ,- алыстан тек бөрік сияқтанып көрінетін 6-7 жастағы құрттай
балалар да тайларына мініп алып, қыстауларына қарай бұзау айдап келе жатады... Ал
біздің қаламыз, Торғай қаласы тып-тыныш ұйқыда, істеп жатқан ешбір кәсібі жоқ;
тек анда-санда ғана қартымыз, ақырып-жекіріп, бұл тыныштықты бұзып отырады. Таң
ата торғайлармен бірге тұрып, өзінің ауласын айналып, сол арада-ақ қазақтардың
арыздарын тыңдап, оларға іс-міс жоқ ақырып жатқан бұл қартты көрген адам, мынау
шалды жын қаққан болар деп ойлайтын шығар. Бірақ сырттан қарағанда мұнша айқайшыл
болып көрінгенмен ол қайрымды, ақыл иесі және алпыс жылдық-тәжрибесі бар адам.
Татар тілінде жазылған кітаптардан құтылу үшін, қазақ
тілінде оқуға арналған бастауыш кітабымды кеше ғана бастадым. Оны мынадай
өлеңдермен бастадым:
 
Кел балалар, окылық,
Окығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық.
Істің болар қайыры
Бастасаңыз алдалап,
Оқымаған жүреді
Қараңғыны қармалап.
Кел балалар, оқылық,
Оқығанды көнілге
Ықыласпен тоқылық.
Оқысаңыз, балалар,
Шамнан шырақ жағылар,
Тілегенің алдыңнан
Іздемей-ақ табылар.
Кел, балалар, оқылық,
т. т.
Мал-дәулеттің байлығы
Бір жұтаса жоқ болар.
Оқығанның байлығы
Күннен күнге көп болар,
Еш жұтамақ жоқ болар.
Қел, балалар, оқылық, т. т.
Әлпештеген ата-ана
Қартаятын күн болар.
Бар дәулеттен айрылып,
Мал таятын күн болар.
Ата-анаң қартайса,
Тіреу болар бұл оқу,
Қартайғанда, мал тайса
Сусын болар бұл оқу.
Кел, балалар, оқылық, т. т.
Бірінші
кітабымды Паульсон кітабының
кұрастырылу тәртібімен жазып шыққалы
отырмын. Әрине, мұны қазақ балаларына лайықтап жазамын. Мысалдарды
(басни) енгізгім келмейді, өйткені,
қатаң тұрмыста өскен қазақтарға бұдан гөрі мәндірек әңгімелер керек болады. Мысалдарды
қазақ балалары оқығысы келмейтінін, оқыса оған
күлетінін, ал олардың ата-аналары: балаларымызға сауысқан мен карға сөйлеседі деген сияқты жоқ нәрсені үйретеді
деп, тіпті, ренжитінін тәжрибемнен білемін. Қазақ балаларына, меніңше, мағналы
анекдоттар, жұмбақтар, ойына
ой қосатын әңгімелер, немесе
оларды қызықтыратын, мысалы, жібек құртының,
көбелектерінің өзгерулері сияқты, құндыздық өзіне үй салып
алатыны сияқты әңгімелер
тәуірірек болады. Өлең жағын
мен, мүмкін болғанынша, қазақ
өлендерінің арасынан; іріктеп аламын. Екінші кітабымды мен балаларға қызғылықты етіп, табиғат құбылыстары,
табиғат күштері туралы, тарихи және географиялық-ғылыми әңгімелер келтірмекпін.
Менің бұған шеберлігім және білімім жететінін, жетпейтінін білмеймін, бірақ, қалай
да істеп көремін. Сондықтан, менің жоғарыда айтқан программама өзіңіздің қалай
қарайтыныңызды жазып жіберуідізді өтінемін.
Мүнда келгеннен бері мен Сіз туралы ешбір хабар алғаным
жоқ. Бірақ жуырда көріскеніміз бүгіндідей есімде, сондықтан, Сіз жайында бір
хабар алғым келеді. Екатерина Степановнаны, Николай Алексеевичті және Сіздің
бүкіл қайырымды үй ішіңізді аса қадір тұтатынымды білдіремін.
Сізге шын берілген И. АЛТЫНСАРИН.
1876 жыл, 3 декабрь.Торғай қаласы.