ВЕРНУТЬСЯ

   Бұл күнде оқудың
керек екеніне ешкімнің таласы жоқ. Қай жұрт болса да оқумен ілгері басып тұрғандығын,
кейін қалудың себебі оқудың кемдігінен екенін көріп тұрмыз. Оқусыз халық
қанша бай болса да, біраз жылдардан кейін оның байлығы өнерлі халықтардың
қолына көшпекші. Мұның
себебі, ойлап қараса, біздің қазаққа мағлұмсыз емес. Бұл заманда не нәрсе де машинаға айналды. Қазақ биыл 5
теңгеге сатқан нәрсесін келер жылы өзі 10 теңгеге қайта сатып алады. 10-11
сомға алып отырған былғары - былтырғы 4-5 сомға өзі сатқан терісі. Кезі 5-6
сомдық шұғалар, торқалар -
қазақтың бір пұтына 3-4 сом
алып сатқан малының жүні.
  Қазақтың осы күні сатып алмайтын
нәрсесі жоқ, сол алған нәрселерінің
бірін де қазақ өзі істеген емес.
Қазақ пайдаланып отырған шөп
шабатын, киім тігетін машиналар, соқа-сайман, арба-шана, киім-кешек, ыдыс-аяқ -
бәрі де завод, фабрикаларда
істеліп шыққан. Бұл істеліп шыққан нәрселердің сүйегінен іс ақысы он есе
қымбат. Бұлай болғанда, қазақ басқа жұрттың өнерін қымбатқа сатып алып отыр. Мұнан 20-25 жыл бұрын қазақ Бұхар, Ташкентке түйемен кіре салып,
қанша пайда қылушы еді! Темір жол түскен соң, ол пайда да қазақ қолынан кетті. Басқа жұрттарда өздерінің істеген
нәрселері өз ішінде сатылып,
жұмсалған ақша өз елдерінде
қалып, шетке кетпейтін болса, оны жұртқа шығын деп есептемейді, тек бірінен
біріне ауысқан санайды. Қазақ малының
басқаларға кетпейтін орны жоқ. Жоғарыда айтылған шаруа туралы болсын, партияға
мүбталла болсын, бәрінде де қазақ осы көлденең көк аттыларға түсіп, соларға жем
болады.
  Қазақтың шаруасына бір жақтан
надандығынан кемшіілік келгенде, екінші жақтан білімсіздігін
көріп тұрғандар басынып,
елдіктен, теңдіктен қалдырып, тиісті сыбағасына қиянат етіп тұрғаны
санасы бар қазаққа ескерерлік іс еді. Бұл заманда қолы жетпегендерді теңдікке жеткізетін, олсіздерге күш
беретін өнер-білім, сол өнер-білімге мезгілі отпей тұрғанда үйренсек, тұрмысымызды түзетіп, басқалардың аяқ
астында жаншылмас едік, біз де өз алдымызға бір жұрт екендігімізді білдірер
едік.Осы замандағы жан таңырқарлық нәрсенің бәрі де ғылыммен
табылған. Адам баласын көкте құстай ұшқызған, суда балықтай жүздірген ғылым. Дүнияның бір шеті мен бір
шетінен шапшаң хабар алғызып тұрған
ғылым, отарба, от кемелерді жүргізген ғылым. Осыларды істеп отырған жұрттың бәрі де сондай болмаған. Бұлар
да басында біздей, құты,
бізден де өнерсіз болған. Халық жүре, оқи, талаптана келе осыншаға жеткен. Әуелгі замандарда жұрт шаһар дегенді
білмейді екен, далада аңша өсіп-өніп
жүріпті, араларында «менікі-сенікі» болмапты, аңның терісін киіп, етін тамақ,
тарамысын жіп, сүйегін ине қылды, екі ағашты біріне бірін үйкеп от шығарды. Жазу-сызуды көпке шейін білмеді,
соңынан оны да ойлап тауып, басында аңның терісіне жазып жүріпті. Сөйткен жұрттар осы күні кандай тамаша
іс қылып тұр.
  Енді біздің қазақта оқудың көп-азын
мөлшерлеу үшін мынау есепті көрсетеміз: әр жердегі қазақтың өнер-білімі
қарайлас, сол себепті бір облыс, яки бір уезд елдегі оқудың таралуын көрсетсек, күллі қазақтағы оқуды
шамалауға болады.Торғай облысында 1912-ші жыл,
бірінші ғинуарға шейін 570 мың 109 қазақ тұрған, қазақ баласы оқитын 132 школ болған. Бұлай болғанда, әрбір 3 мың 561 кісіге бір школдан ғана келеді екен.
Қостанай уезінде 1909-шы жылғы есеп2 бойынша 60 мың 594
еркек, 52 мың 63 әйел - барлығы 112 мың 657 қазақ болған. Бұлардан қазақша
оқыған (хат танитын) еркек - 6 мың 65, орысша хат танитын - 690. Қазақша хат
танитын әйел - 379, орысша хат танитын - 29. Бұл есептен көрінеді: Қостанай уезінде қазақша хат
танитын еркек әрбір жүз кісіден алтау, орысша хат танитын әрбір мың кісіден алтау. Қазақша хат
танитын әйел әрбір үш жүз кісіден біреу, орысша хат танитын әрбір терт мыңнан
біреу екен. Бұл цифрлар қазақта оқудың тіпті аздығын көрсетеді. Қостанай қазағынан кейбір жердің
қазақтары кем де оқиды.
   Қазақта орысша болсын, қазақша
болсын, оқу ісі жақсы тәртіпте қойылмаған. Қостанай уезіндегі 132 школдың 109-ы
ауылнай школ. Қай жерде болса да, қазақ үшін ашылған школдарға келіп оқымаса,
тіршілікке пайдалы білім алып шыға алмайды. Азғантай үйренген орысша жазу-сызуынан
қарайып, тілін тіпті ұмытып
қалады. Қазақ баласы тәуірірек оқырлық школдарда қазыналық орын аз, өз күшімен
оқытуға әркімнің шамасы келе бермейді. Екі класты школдар әр уезде бір-екеуден,
оларға 30-дан артық қазақ баласын алмайды. Орта һәм жоғарғы школдарда қазыналық
орын бұл кезде жоқтың қасында. Әр облыстың қазақтары үшін университет,
институттардан 2-3-тен артық орын жоқ. Бұрынгы ашылған орындар әр түрлі сылтаумен кеміген. Сөйтіп,
тәуірірек оқитын орындардың қазақ үшін есігі бекіп, жолы жабылған.
   Қазақша оқу әлі бір белгілі төртіпке келіп жеткен жоқ, кемшілігі
есепсіз көп. Қазақша оқу
кітаптары жаңа ғана көрініп келеді, тәртіппен оқытарлық мұғалімдер
аз, оқу программасы жоқ, белгілі оқу жылы жоқ, салған мектептер жоқ, мұғалімдерге арналған айлық ақы жоқ,
қазақша оқуды аймаққа бірдей жеткілікті етерлік жасалған өрнек жоқ, оқыту ғылымын үйрететін дари-мұғаллимин жоқ.
   Орысша һәм қазақша оқудың екеуінен де
керегінше пайдалану үшін, қазақ әуелі әр нәрсенің асылына түсініп іс істерге
керек. Хүкімет қазаққа қазақша мектеп салып бермейді, қазақтың қазақша оқуын
тіпті тілемейді. Сондықтан мектептерімізді тәртіпке қою, қазақша оқуды халыққа
тарату өз міндетіміз.
   Жалпақ жұрттың қолы орысша оқуға
түгел жетсін, оқымаған жан қалмасын, орта һәм жогарғы школдардан көбірек оқысын десек, қазақтан
қазынаға деп жиылған ақшалардың нендей орынға, оның ішінде оқу жолына қанша жұмсалатынын, хүкіметтің осы күні
қазақты оқытуға жұмсап
отырғаны бізден жиылып тұрған
ақшадан артық па, кем бе - соны білу керек. Егер кем болса, кінәні хүкіметке
аудармай, кемін толтыру керек, ақшаны артық төлеп, пайдасын кем көретін болсақ, лайықты жолымен есептесіп, школдарды көбейттіріп һәм
жоғарғы школдардан молырақ орын аштыру тиіс.
   Қазақ халқында бұл күндегі орысша һәм
қазақша оқу жайы осы. Мұнан былай оқу һәм оқыту мәселесі «Қазақта» түгел
жазылып тұрмақшы.