ВЕРНУТЬСЯ

             Болыс біздің
ауылға қыстың аяқ кезінде келді. Оған қанша адам ергенін кім білсін, әйтеуір,
тізбектеліп бірінің артынан бірі шұбырған шаналы көп ат, со күні Жаманшұбарға
қаптап кетті...   

Болысты керу
жұрттың бәріне таңсық, әсіресе, Торсанның Шақаны сияқты болысты кәру таңсық.
Иелері қуғанмен, балалар болыс отырған үйге үймелеп кіре береді, солардың
ішінде қыстырылысып мен де жүрем.

Болыс, әрине, кім
болса соның үйіне түспейді, соғымды семіз байлардың үйіне түседі. Біздің
Жаманшұбарлық байлардың, шымнан салынған қысқы үйі, ортасын «шұбалма» аталатын
пешпен бөлген екі бөлмеден құралады. Төргі бөлмеде қонақтар және үй иесі мен
бәйбішесі, бой жеткен қызы жатады, ауыз бөлмеде үйі түскен ұлы және жалшылары
жатады. Ас, су ауыз бөлмеде даярланады. Қонақтарды көргісі келген балалар да,
батып кіре алмайтын үлкендер де, пештің шам қоятын тесігі арқылы ауыз бөлмеден
сығалайды...

Біз де қонақтарды
сығалап көріп жүрміз. Төрді айнала отырған олардың бәрі де бізге өте зор
денелі, өте жуан қарынды кісілер боп көрінеді. Солардың ішінде Шақанның түрі
өзгелерден өзгеше. Со кезде жасы қырықтарды алқымдаған Шақанның шоқша ғана
қара-сары сақалы, сапарын құлағына қыстырып қоятын қалың қара-сары мұрты бар.
Ол - Кавказдық елдердің адамдары сияқты, үлкен мұрынды және үлкен қара көзді,
беті де сол кавказдықтарға тартқан қушықтау, аса кескінді кісі. Көтере сөйлегісі
келген біреулер:

-        Құстың төресі аққу дейтін еді,
адамзаттың аққуы ғой бұл Торсан балалары, ақсүйек қой бұлар, қара қазақтан оғаш
тұрғанын көрмеймісің, мың қойдың ішіндегі қошқарға ұсап!-деп мадақтайды.
Төмендеткісі келген біреулер:

-        Жоқты сөйлейді екенсіңдер ғой, тәйірі!
Оның атасы Сапақ емес пе? Кешегі Стаптың шошқасын баққан жатақ емес пе еді ол?-
дейді.

-        Енді кімге тартты?-деген сұрауға:

-        Орысқа! - деп жауап береді біреу.

-        Қайдағы орысқа?

-        «Орысың» не?-деп сұрағандарға:

-        Білмейтін бе едің?-дейді анау,- Торсанды
орыстың баяданынан туды деген сөз құлағыңа шалынған жоқ па еді?

-        Жоқ! - деп таңдана қараушыларға:

-        Естімесең айтайын,- деп анау кеңесін
бастайды.- Торсанның шешесі аса сұлу кісі екен деседі. Әкесі - Тілеміс Қорғанда
тұратын Еспетеу  дейтін баяданмен көңілдес
екен. Тамыр боп келіп жүрген Еспетеудің, Тілемістің әйеліне көңілі ауып, жақын
болады, Торсан содан туады.

-        Оны қайдан білесің?

-        Өлең бар.

-        Қандай?

-        Атығай соқыр Тоғжан ақындық құрып,
Болатнайдық базарын келеді. Торсан ол кезде Есенейдің қызына үйленіп күпсіп
тұрады. Тоғжан кеп Торсанға өлең айтса, «мына соқыр мені танымай тұр-ау, былтыр
бір ат мінгізгенмін» дейді. Торсанды қоршап тұрғандар Тоғжанға «әй, соқыр, сен
Торсанды білмейтін бе едік?» десе, намыстанып қалған Тоғжан, суырылып елең
айтып қоя береді. Сонда ол.

«Мен сені білуші
едім бала жастан, Шешеңді жас күнінде қара басқан. Қорғанда Еспетеумен тамыр
болып, Сонда сен туып едің ұзын шаштан.

деген екен дейді.
Сонда Торсан ұялғаннан: «Мына соқырды былшылдатпай, тағы бір ат беріңдер де,
қуыңдар!»- депті...

Торсан туралы бұл
сөздер Шақан жоқ жерде ғана айтылады. Оның көзінше айтуға, намысына тиерміз
деп, жұрт қорқады.

Төргі бөлмеде
Шақанды жағалай отырған көпшіліктің ішінде: үстінде көк кителі бар, бұтында
қызыл лампасты көк шұға шалбары бар, аяғында кигіз байпақты қазақы етігі бар,
денесі де, бет-аузы да жалпақ, сақал-мұртын қырған, ұшы көтеріңкілеу мұрынды,
үлкен көк кезді, қасқа басты, әжімденген бетті мосқал адам отырды. Бұл - Петра
Бекетов, Торсанның өзіне және баласы Шақанға қырық жылдай тілмәш болған,
қазақша «Жаңақала» аталатын, орысша «Островка» аталатын станицаның казак-орысы.
Петра қазақ тілін жақсы біледі, бірақ сындыра сөйлейді. Және ол күлмей сөйлемейді.
Күлгенде бүкіл денесі селкілдейді...   

Жаманшұбарға
жылына бір-ақ рет соғатын болыстың өзге жұмыстары да көп болды ма, немесе
қонақтап жүруден қолы тимеді ме, Мұстафа мен менің арамдағы дауға, келгеннен
бір жұма кейін кірісті.

Даудың шешуі
ұзаққа созылған жоқ. Болыс, расында, Нұртазаны жақтайды екен. Нұртаза - о кезде
жалғыз Жаманшұбардық ғана емес, бүкіл Сибаңның беделді ақсақалы. Сондықтан да
болыс одан ығысады, ал, Мұстафа әрі кедей, әрі ауру бейшара бір адам, оның
несінен қорықсын.  

Өкім болардың
алдында Мұстафаны Петра әуелі біраз жерлеп алды. Алдына кеп шарта жүгіне
отырған Мұстафаға ол тікілене қарап, сындырған қазақ сөзімен сөйлей жөнелді.

- Сен өзін
пирадар айтады, какой шорт сен пирадар? Сен құдайдікі дұшпан, саған тамұқ
айдарға керек. Сен шайтандікі жолдас. Осы сиратаның малын сен ашайт қылған.
Сенікі горла шайтандікі горла, сені подсуд қылу керек. По этаппен каторга айдау
керек. Итжеккенге. Мен саған аяйды, аямаса мен саған осылай қылады...

Ұзақ сөйлеп тілін
қадаған Петраға, Мұстафа ешнәрсе дей алмай, арық денесі имейіп құлдық ұра
түседі.

Петра Мұстафаға
біраз ұрсып алды да, болыс және билер қол қойған үкімді оқыды: «-Мұстафа
Шүкейұлы, Мұқан Шүкейұлының жетім балаларының мал-мүлікін түгел жеген.
Сондықтан үкім қыламыз. Мұстафа Шүкейұлынан Мұқанның жетім баласы Сәбитке бір
бұзаулы сиыр, тайынша-торпағымен және Мұқаннан қалған барлық мүлік алынып
берілсін».   

Бурыл биені,
немесе, оның құлынын қайтару туралы сөз де болған жоқ, өзге мал-мүліктің маған
керегі жоқ. Бірақ бұл менің ішімді тауысатын ой ғана, сыртқа шығаруға дәрменім
жоқ.

Үкімді көктем
шығып, ауыл қырға шыға Сибанның ауылнайы Мәкіш кеп орындады. Мұстафаның қолында
өзінің жалғыз қысыр биесі мен бір қашар сиыры ғана қалды. Екінші сиыр тайша-торпағымен,
бұзауымен маған тиді. Мұстафа мен біздің ескі киіз үйімізден құралып бір үй
жасалған. Үкімді орындаушылар, біздің үйдің Мұстафаның үйіне жамалған есік кигіздерін
сөгіп алды. Уық пен шаңырақ та біздікі екен, олар да алынды. Есебін қайдан алып
жүргенін кім білсін, «Мұқандікі» деген қазан-ошақ, ыдыс-аяқтан да ешнәрсе
қалған жоқ... Сонымен, қысқасы, елу үйлі Жаманшұбар қырға шығып, әркім қолда
бар үйін тіккенде, жалғыз Мұстафаның үйі ғана керегеден қоршаған кішкентай
күркеде отырды.

Бөлістің маңына
мен барған да жоқпын, мені ешкім шақырған да жоқ. Шақырса да бармас ем мен... Мұстафаның
үйінен «қамқоршыларымның» не алғалы жүргенін құлағым шалады. Олардың мақсаты -
Мұстафаны үйсіз, сауынсыз, екінші сөзбен айтқанда панасыз, тамақсыз қалдыру...

Айырылып
кеткенмен, менің туысқандық жүрегім, бейшара үйді ондай апатқа ұшыратуға
қимайды, ауру ағаны да, оның шиеттей балаларын да, солардың бәрін өлмешінің
күнімен жалғыз асырап отырған жеңгені де, баспанасыз,сауынсыз тастауға
қимаймын... Ол жөнде әркімдерге ақылдассам, «өтіп кеткен іс, амал жоқ» дейді...

Бөліс күні мен
Нүртазаның ас үйінен шықпай, шөке түсіп жатып қалдым. Ендігі қорыққаным -
Мұстафа үйі жағынан шығатын айғай-шу еді. Мен ойлаған ем, «ашулы мінезді
Мұстафа, өзгеге емес, үстіне тіккен үйін жығып берерде шыдамай жанжалдасар»
деп, «Сілеусін мен Ұлтуған дауыс көтеріп жылар, мені қарғар» деп.

Олардың бірі де
өйтпеген. Үйді жығарда жалғыз ауру Мұстафа ғана төсегінде жатып қап, өзгелері
тысқа шыққан да, бөлшектеген құрым үйге, көз жастарын ғана төгіп үнсіз қарап
тұрған...

Үй жығылып, ашық
аспанның астында қалғанда Мұстафа көзінің жасы ақтарылған бейнемен басын
көтеріп, теріс жайған қолымен, мені емес, Нұртазаны қарғаған...

Бөлістен кейін
менің «қамқоршыларым» ауылнаймен ақылдасты да, «түбінде тұқым болар» деп ұрғашы
тайыншаны ғана алып қап, сиырды ішіне қоса басқа мал-мүліктің бәрін сатты.
Сондағы шыққан ақша - барлығы бір жүз жиырма сом. Осыдан жиырма сомды бөлісті
«басқарушылар» өзара үлесіп алды да, жүз сомды «жылына он сом есім бересің» деп
Өтей-Дәуіште Кәсен дейтін саудагерге тапсырды.  

Ұрғашы тайыншаның
не болған тарихын айтайық: Мен Мұстафадан бөлінген көктемде, біздің ауылға Әлти
Көкенов атты милиционер бай келе қалды да, Шәйкен дейтін кісінің үйіне түсті.
Орташа арық денелі, ашаң жүзді, селдір сақал-мұртты, ағы қанталаған кішірек
көзді, жасы со кезде жетпістерді алқымдаған, тістері сирек, даусы барылдаңқырай
сөйлейтін кісі екен.       

Сыйлы қонақ
келсе, қолынан ет асау-ауыл балаларының әдеті. Шәйкен үйінің қазан толы асқан
сүрін көрген соң, піскен кезде, өзге балаларға еріп, ет асауға мен де бардым. Ұзын
ағаш астауға толтыра салған жылқының мүшелі семіз еттері қонақтың алдына
қойылды. Қасында Нұртаза және Жаманшұбардың бірнеше атқамінерлері отыр.  

Ет желіне
бастады. Бұл - үйдегі кісілер тауыса алатын ет емес: қос қазылар, бітеу жаялар,
басқа да сыбағалы мүшелер тұтас-тұтасымен жүр... Қонақ та, онымен дастарқандас
адамдар да, біраз қаужалап алғаннан кейін:

- Балаларға ет
асату керек,- деді Әлти.

-        Сіздің бармағыңызды жалағалы кеп тұр
ғой, хажы,- деді Нұртаза, жарамсақтаңған дауыспен,- өзіңіз асатыңыз!

Әлти «оқасы
болмас» деді де тамырлары білеуленген қолымен астаудағы туралған майлы етті
алақанын толтыра көсіп ап:

-        Кәне, келіңдер балалар, шеттеріңнен!- деп,
барған балаға асатып жатты. Етті асатарда «кім баласысың?» деп сұрап жатты.

-        Кім баласысың?-деп сұрады Әлти, кезек
маған келгенде.

-        Мұқанның баласымын,- дедім мен.

- Мұқанның?!-деп
ол аз кідірді де,- қай Мұқанның? - деп сұрады Нұртазадан.

-        Мұқан правительдің...- деп біреу
қалжыңдайыи деп еді:

-        Консайшы!-деп Нұртаза тоқтатып қойды
да,- хажы, езіңізге дәмдес  болған
Мұқанның баласы,- деді.       

-        Ә-ә!..- деп, Әлти маған бір уыс етті
ұстатты да, мен шегінгеннен кейін: «жақсы кісі еді бейшара, жұмысты адал
істеуші еді, топырағы торқа болсын!»-деді.

-        Со кісі сіздің үйге екі-үш жыл дәмдәс
болды ғой,- деп сұрады біреу.

-        Солай,- деді Әлти.- Менен жүздік шапты
ғой ол. Бейшара бір жылы ымшық-шымшықтау боп ауырып жүрді де, жарты жүздігім со
кісінің мойнында кете барды.

-        Артынан телеген жоқ па?--деп сұрады
Нұртаза.

-        Қайдан телесін,- деді Әлти,- одан кейін
жолығудың реті келген жоқ. Мойнына борыш боп кетті.

-        Астапыралда,- деді Нұртаза, шошып кеткен
боп. О, не дегенің хажы, Мұқан елгенмен, оның дүниесі өліп пе? Бұ дүниедегі
күнәсі де жетер бейшараның. Борышын тілейміз.

Со темада өзара
біраз кеңескеннен кейін біздің ағайындар Әлтиге мен Мұстафадан алып шығатын
ұрғашы тайыншаны бермек болды.

Тайыншаны сол
арада біреу сатып алды да, ақшасын Әлти қалтасына салды...