ВЕРНУТЬСЯ

немесе сырлы аса сыры(әңгiме)Осы әңгiменi айтып берген әкем Оспанның аруағына арнаймын.Автор.Ол шаршы орамалдағы құмалақтардың тәртiппен орналасуына қарап, үнсiз ұзақ отырды. Үш қатар тiзiлген құмалақтарды араластырып жiберiп, ақ мата үстiне қайтадан тiздi. Тағы ойланды, бiр нәрсенiң қисыны келмей тұрғандай. Бал аштыруға келiп отырған алдындағы рулас iнiсi Қонайға көз қиығын салды. Жас жiгiттiң жүзiндегi абыржу сезiмi қанша жасырғысы келсе дағы сезiлiп тұр. Құмалақ ақ шаршының үстiне үшiншi рет шашылды.- Қонай, iнiм, - дедi ол құмалақтардың тiзiлiсiнен бiр нәрсенi оқып отырғандай. – Келiннiң iшiндегi баласы әлденеден шошып, бұғып қалыпты. Бершiмекке айналып бара жатыр. Бiрақ түсетiн дауасы бар. Екеуiн таптым, ал үшiншiсi... үшiншiсiн құмалағыма түсiре алмадым. Оны кiтабына бiр түсiрсе орта Сарқасқаны жайлап отырған қараш Есембет түсiрер. Уһ! Айтқандай, әлгi екi нәрсе – ақсарбас тоқты, бүркiт...Шалмағанбет орнынан тұрып, бүгiнгi құмалағына көңiлi толмай, әрлi-берлi жүрдi. Бұрын шашып жiбергенде-ақ ақ мата үстiндегi қойдың қара құмалақтары сөйлей жөнелетiн, әрi алдына келген сырқаттардың ем-домын да өзi жасап, дауасын да өзi түсiретiн. Шешек шығып, жаппай ауырған бiр ауылды құмалағына түскен дауа бойынша, бiрнеше қазанға кәдiмгi адыраспаннан дәрi қайнатып, (әулие адыраспанның жанына барып, “ассалаумағалейкум, адыраспан, бiздi сiзге жiберген Омар, Оспан”, - деп басталатын дұғалық-жыр оқып, адыраспаннның өзiнен рұқсатын алған соң, оның еркегiн бiр бөлек, ұрғашысын бiр бөлек алып) суына шомылдырып, буына отырғызып, бiр сәбиiн де шетiнетпей, аман алып қалған. Бiр қауым халықты ажалдан арашалап алған осы еңбегiнiң өзi-ақ, оның даңқын аспандатып жiберген.Бiрде көршi ауылдан құрдасы келдi. Шаруасын айта алмай, қипақтап көп отырды. Ақыры... белi жоқ екенiн, оны үйленген соң бiр-ақ бiлгенiн... ендi әйелiнiң алдында қара жерге қалай кiрерiн бiлмей жүргенiн айтып: “Құрдасжан, бүкiл қара орманым, байлығым сенiкi, тек қолыңнан келсе емдеп, әйелiмнiң қатулы қабағын берi қарайтын жаса”, - деп жалынды. Шалмағанбет құрдасын сөзге келмей, өз үйiнде бiр апта емдедi де:- Ал, құрдас, үйiрге қосамын, тек бiр айтар нәрсем – батыл бол, бойыңдағы бұрынғы сенiмсiздiктен арыл, ал бар, айғырым, - деп қамшысымен жон арқасынан бiр тартқан. Сол құрдасы – қазiр бiр-екi қара домалақтың әкесi.Тамағынан тамшы су өтпей қалған қылтамақ бiр-екi адамды қимайымен емдеп, құлан таза айықтырып жiберген. Ал қимайыны алудың өзi – тер төгiп еңбектенудi қажет ететiн күрделi iс. Қазiр қылтамақ – ешқандай ем қонбайтын, жазылмайтын аурулардың бiрегейi. Жiпке тiзе берсе, бұндай сәттi оқиғалар көп-ақ.Ал бүгiн қардер адамға, тiптi ет жақын келiнiне жәрдем жасай алмай, қараш Есембет емшiге жұмсады.Сонда қонған әруақтың кетейiн дегенi ме? Әнеугi бiр келеңсiз оқиғадан кейiнгi бiрiншi рет бал ашуы едi. Иә, сандық түбiнде жатқан сырлы асатаяқтан айырылғалы көңiлiнiң қошы болмай жүрген. Ет жақын iнiсi Қонай ауру әйелiн әкелiп отырғасын амалсыз бал ашқан...- Шал-аға! – дедi жiгiт үйден шығып бара жатып. - Шал-аға, әйелiмнiң iшiндегi бала... ағам Саназардан қалар жалғыз тұяқ едi... сол үшiн де оның дүниеге аман келгенi қажет. Марқұм ағамның жарын құшсам, әмеңгерiмiн, дауаның түспей тұрғаны бiздiң қым-қиғаш тағдырымызға әруағыңыздың өкпе артқаны ма екен?- Алла сәтiн салса, дауа Есембеттен түсiп, сәби дүниеге аман келер. Тек ағаңмен араздасып аттанба!Мiне, дегенi болмаса ағайын осы. Дүниенiң тұтқасы осының қолында тұрып, оны қасақана жасамай отырғандай қазандай өкпе-наз айтпақ. Алла аузына салмаса, бұл не iстемек? Сол сырлы асатаяқ ендi қайтiп бұның қолына түсер ме?                                                                            IIСырла асатаяқ демекшi, оның Шалмағанбеттiң қолына түсуi де қызық, адам айтса сенгiсiз. Бiрақ сену, сенбеу әркiмнiң өз еркi, ал оқиғаның дәл солай болғаны рас. Ол кезде бұның ауылы Маңғыстау бойындағы Қаратаудың қойнауында қыстап, күн жылына көшiп Қарақұмға қой қоздатып, Жем бойын Бiр қыста Дәнеш байдың көп жылқысы жоғалып кеттi. Қыс онша қатты болмаған соң үйренген үйiрлер қайда кетер деп ешкiм қарай қоймаған. Бiр күнi Дәнеш Шалмағанбеттiң үйiне келiп, әкесiнен мұны жылқы қарап келуге сұрады. Әкесi келiстi.- Бiр табын жылқы Сарытасқа құлапты деген хабар бар, сол бiздiкi болар, ауылға айдап кел, - дедi бай.Шалмағанбет онда 16-17-лердегi балаң жiгiт болатын. Астына ат емес, жазыланған сары нарды мiндi. Ол сар желiп отырып, Сарытасқа келдi. Кездескеннен жылқы сұрады, олар бұдан бiраз бұрын табын жылқының осында құлағанын, бiрақ олардың кетiп қалғанын айтты. Сарытасқа шығып, айналаға көз жiберiп тұрғанда бұған ақ мұртты, ақ сақалды, ақ шапанды, ақ есектi ақсақал кездестi. Бiр жерде кездескендей ме қалай, әйтеуiр, жүзi жылы ұшырады.- Ассалаумағалейкум, ата, - дедi бұл.- Уағалейкум, ә, Шалжансың ба, iздеген жоғың ауылыңа өзi барады, алаң болма, ер менiң соңымнан, - дедi де, ақсақал есегiн тепеңдетiп алға ұзай бердi. Шалмағанбет есектi кiсiге ерiп келе жатып, ылғи да түсiнде бұның қойнына қағаз тастап кететiн ата екенiн бiлдi. Иә, дәл сол. Ақсақал есегiнен түсiп, сары нарды шөгерттi. Бұйдасын бiр қазыққа байлатты. Бiр нәрсенi басып қалып едi, жер астына қарай есiк ашылып кеттi.- Жүр, Шалжан, абыржыма! – деп ақсақал өзi бастап, жер астына түсiп кеттi. Шалжан да баспалдақтармен төмен түстi. Ортаңғы бөлмеде әлгi есектi ақсақалға ұқсас ақ сәлделi ақсақал намаз оқығалы жиналып жатыр екен.- Кел, Шалжан, намазға тұр, - дедi әлгi. Шалмағанбет бұл бейтаныс адамдардың бәрiнiң де өзiн жете танитынына қайран қалды.Шалмағанбет Жем бойындағы Дүйсеке мешiтiн тәмәмдаған, зеректiгiмен Дүйсеке ишанды таң қалдырған, ауылда “молда бала” атанып үлгерген едi. Бұлармен бiрге тұрып, намаз оқыды. Одан арғысы өңi, бiрақ түс секiлдi нәрселер болды. Қанша күн болғаны белгiсiз, әлгi ақсақалдардан дәрiс алды. Оқығандарын құйып алғандай, жадына тоқи бердi. Бiрге отырып тамақ iштi, алдындағы ыдыста бал тәрiздi тамақ тұрады, үлкен қасық салғанда толып шығады, бiрақ қанша жесең де ыдыс ортаймай, сол қалпында тұра бередi. Бейне астынан өнiп жатқандай.- Шалжан, ауылыңа қайтатын мезгiлiң келдi, - дедi бұны ертiп келетiн ақсақал, - iздеген жоғың сенен кейiн ауылыңа түгел барады. Iшiндегi торы айғыр өлер, оны бауыздамаңдар. Арам өлгенi жөн. Одан кейiн торы бие ауырар, оны Дәнеш бауыздап көршiлерiне бөлiп, үлестiрiп берсiн. Көктем шыға ел жайлауға көшкенде өзiң Манашы сайынан әрi өтпессiң, егер өтсең Күйкеннен төмен түспегенiң дұрыс. Ал одан да түсiп кетсең, амал не, Жем бойындағы Жаманқұмаққа барасың. Онда жетiқара, таз Басар деген кiсi бар, оның әйелi сенiң ағайының Жолдасбайдың қарындасы екi қабат, босанған соң ажалы жетiп өлер, баланың есiмiн Төлеш қоярсың.Ақсақал одан әрi былай дедi. – Шалмағанбет, сен ендi жай адам емессiң, қолыңа аса беремiн, бұл асаны ешкiмге ұстатпайсың, ұстатпаған емес, белгiлi мезгiлге дейiн ешкiмге көрсетпейсiң де, ал хош!Содан кейiн-ақ Шалмағанбеттiң ел iшiндегi аты шыға бастады. Айтқаны келетiн, емдегенi жазылатын болды.Дәнеш бай айтқанды iстемей, торы айғырды семiздiгiне қызығып сойып алды, содан кейiн-ақ оның байлығы қолдың кiрiндей жуылып, сүртiлiп кете бердi.Көктемде ел көшкенде Манашы сайы мен Күйкеннiң бойында жалғыз үй қала алмады. Iлгерi көше бердi. Тек Жаманқұмаққа барған кезде ақсақалдың аманатын орындап, дүниеге келген баланың атын Төлеш қойды. Көп кешiкпей оның шешесi әлгi ақсақал айтқандай дүниеден өттi.Ал ақсақал берген көздiң жауын алатын сырлы асаны қызыл мақпалға орап, теңге салып тастады. Үйлендi. Емшi, солтаналы Шалмағанбеттiң атағы шартарапқа жайылды. Ол кейiн бiлдi: сонау жылқы қарап жүрiп тап болған жерасты үйi – Шақпақ-Атаның жер асты мешiтi екен. Оған ұшпа құздың астынан да, үстiнен де баратын есiктерi мен адам таң қаларлық дәрiстерi адамзаттың өмiр сүру қадесiне жарайтын таптырмас iлiм болып шықты.                                                                   IIIӘлгi әйелге түспек дауаның үшiншiсi не нәрсе болды екен? Япырмау, бұ несi? Асаның жоқтығы... Шалмағанбет өзiнiң ата тегiн көз алдына елестеттi. Ойлап отырса тектi тұқымнан. Өзiне дейiн де талайларды аузына қаратқан бабалары өтiптi бұл фәниден.Ақсақалдар: - Әруақ атадан балаға ұрпақ жетi атаға жеткенде, не төрт атаға жеткенде қонады, - дейтiн. Ойлап көрсе, Шалмағанбеттiң жетiншi атасы да, төртiншi атасы да осал адамдар болмапты. Жетiншi атасы Жомарттың азан шақырып қойған есiмi Аталық екен. Алла оған адам бойына тән асыл қасиеттiң бәрiн жомарттықпен үйiп-төгiп бере салыпты. Мырзалығы ертегiдегi Атымтай – Жомарттай болыпты. Сол ертегiдегi Атымтай деген кiсi адалдығының, арамдыққа жақсылық қана жасауының, жетiм-жесiрге қамқорлығының, қолы ашық мырзалығының арқасында ажал оғын төндiргендердiң де мейiрiмiн оятып, Атымтай-Жомарт атанып кетпей ме? Ал бұның атасы Аталық ертегiде емес, өмiрде дәл солай Аталық-Жомарт атанған адам. Кiшi жүздiң қадiрлiсi, би мырзасы, батыры болған.   Ол кезде қазақ бiр тұтас ел, ханы еңсегей бойлы ер Есiм екен. Ханның әскерiнiң негiзi кiшi жүздегi он екi ата байұлының жiгiттерiнен құралған. Қалмақтармен болған бiр жойқын ұрыста қазақ қолы жеңiске жетедi.Ұрысқа аттанар алдында Жомарт Есiмханға барып:- Хан ием, әскерiңiздiң бiр көш алдын, не бiр көш артын берiңiз. Сарбаздардың ас-суы мойнымда болсын, - дептi.- Жауға шапқанда сарбаздардың көңiлдiлiгi жақсы, ал ол жорық алдындағы татқан тамағына да байланысты, бiр көш алдымды ал, Жомарт, - деген екен хан.Содан Жомарт әскердiң түстенетiн, қонатын жерлерiн алдын ала белгiлеп, сарбаздарға ауқаттанған кезде құнан қойдың үйiтiлген майлы құйқалы төстiгiн қоса берiп отырыпты. Төстiк ер жiгiтке қуат бередi екен.Жеңiстен кейiнгi олжаны бөлiсер тұстағы хан кеңесiне Жомарт келмей қалыпты. Хан шабарман жiбередi. Оның бiрiншi шақырғанына келмейдi, екiншi шақырғанына келмейдi, хан ашуланып, шақырушыны үшiншi рет жiбергенде Жомарт келе:- Хан ием, келмеген себебiм, дүнием де, малым да өзiме жетедi, мен үлестен сұрасам жүрегiм қалаған нәрсемдi сұраймын, оны сiз бермейсiз, сондықтан сұрағанымды ала алмай қапа болмайын дегенiм едi, - дейдi.- Жомарт, менiң бермейтiнiмдi қайдан бiлдiң?- Өйткенi асыл ханға да керек.- Бiрақ ол ханға би, мырза, батырынан артық емес, сұра қалауыңды, Жомарт!- Сұрасам... сұрасам, хан ием, Ақсауытты кимей бер, Ақбоз атты мiнбей бер, аққылышты шаппай бер, ару қыз – Ақсұқсырды сүймей бер. Менiң қалауым осы. Ақсұқсырдай аққу қызды құшпай көңiлiм көншiмейдi, - демей ме, қасқайып тұрып. - Есiм хан Жомарт мырзаның қалмақ ханының қызы Ақсұқсырға әуелден сырттай ғашық екенiн, ол үшiн жеңiс жолына бар байлығын сарп еткенiн, ендi ұрымтал сәттi ұтымды пайдаланып, қажет болса басын да бәйгеге тiгiп тұрғанын сездi. Ал ғашықтықтың не нәрсе екенiн Есiм хан жақсы бiледi. (Оның үстiне Есiм хан Ақсұқсырды көрген жоқ-ты, өзгелерден ерекшелiгi жоқ көп қыздардың бiрi болар деп түйген, кейiн айдай сұлу Ақсұқсырға сұқтанып, бармағын шайнап қалған). Ол ойланып отырып: “Бәрi саған лайық екен, қалағаныңды бердiм”, - дептi.   Той жиын мен қаралы жиында оның ұрпағының иығына арнайы жабатын “Жомарт шапан” атты сый-сияпат маңғыстаулықтар iшiнде әлi бар.Шалмағанбеттiң төртiншi атасының есiмi – Шақан. Жомарттан Солтангелдi, одан Солтаналы, одан осы Шақан. Оны келiндерi “әулие қайнаға”   атап кеткен.Себебi былай екен. Бiрде ауыл жайлауға көшiп бара жатса керек. Көш аралап жүрген Шақанға аттылы келiнi қарсы келiп қалады. Ол кездегi салт-дәстүр бойынша, келiн атынан түсiп, үлкен кiсiге иiлiп сәлем етуi тиiс. Төркiнi мықтылау жерден болса керек, келiн паңдықпен атынан түспептi, тек жанынан аузын жыбырлатып өте шығыпты. Көш қонар жерге жетiп, келiн атынан түсейiн десе, түсе алмайды, тақымы атқа жабысып қалыпты. Әлгi келiн жылап еңiреп, жазып-жаңылғанын айтып, Шақан атасына барып жалбарыныпты. Атасы кешiрiм жасап дұға еткен соң, келiннiң тақымы босапты. Содан кейiн ол осылай “Әулие қайнаға”, “Әулие ата” атанып кетедi. Сол Шақан жетпiске келген кезде ауылында тосын оқиға болады. Жаугершiлiкте қолға түскен түрiкмен қызы Шақанның үйiнде жалшылықта жүредi екен. Жалшы деген аты болмаса сол үйдiң қызымен тең дәрежеде тұрыпты.Бiр күнi ақсақал сусын сұрағанда әлгi қыз қожасына бiр зерең шұбат құйып бередi. Шақан әлгi шұбатты ұрттап қалады да, ауызы толы ақты iшпей, от басындағы күлге түкiрiп тастайды да, қызға тұра ұмтылады. Қорыққан қыз тұра қашады. Жетпiстегi Шақанның он сегiзге ендi толған жалшы қызды қаһарына мiнiп қуып жүргенiн бүкiл ауыл көрiп, арашаға жиналады, бiрақ оларға араша бермей қуады. Сасқан қыз жүгiрген бойына “не де болса суға батып өлейiн” деп шығыр құрылған шыңырау құдыққа қауғамен түсiп кетедi. Ағайындары бойын ашу кернеген шалды: “Ол бишара құдыққа түсiп кеттi, тiрi дейсiң бе?”,- деп тоқтатқан соң, қызды шыңырау құдықтан қос арқан жiберiп тартып шығарып алады.      - Сорлы бала-ау, шалға соншама не жазып қалдың? – деп сұрамай ма әйелдер жағы жiберiлген екi арқанды қосқабат белiне байлап, шыңыраудан аман-есен шыққан қыздан.Сонда қыз: - Өзiме жетерлiк күнәм бар, - дейдi ғой жылап тұрып.    - Не күнә, айтсаңшы? – деп өзеуреп естiгенше шыдамдары таусылған әйелдерге:- Айтсам... айтсам... жасым болса балиғатқа толды. Қожайынымды өз теңiм деп түсiнiп, менi некелеп өзiне атастырып алсын деп, ағарғанға дем салып бергенмiн, оны ол кiсi қасиетiмен бiлiп қалып, жұтпай түкiрiп тастады. Күнәм сол. Мен оның өз отағасым болғанын қалаймын, - деген ғой қарбаша қыз.Бұдан кейiн ауылдастары, ағайындары әлгi қызды Шақанға некесiн қиып, қосыпты.Шақан дүниеден өтер кезде үлкен ұлы Әтембектi шақырып алып:“Балам, мен ендi дүниеден өтемiн, мына кiшi шешеңнiң iшiнде ер бала бар, оның қатарынан кем болмай өсуiн өзiңе тапсырдым”, - дептi. Шақан өлгеннен кейiн дүниеге келген баланың атын Қойгелдi қойыпты. Шалмағанбет болса осы Қойгелдiнiң немересi. Демек, сусынға дем салған әжесi де, оны бiлiп, жұтпай түкiрiп тастаған атасы да тегiн адамдар болмағаны.Ал ақ мұртты, ақ сақалды, ақ киiмдi, ақ есектi кiсi мүмкiн, желеп-жебеп жүрген сол бабаларының әруағы шығар. Әйтеуiр Шалмағанбет те дiн оқуына зерек болды. Дүйсеке мешiтiн бiтiрiп “молда бала” атанса, жылқы iздеп жүрiп Шақпақ-Атаның мешiтiне барып келген соң бұған “перi оқуын тауысқан” деген атақ қосылды. Әйтеуiр бұдан ықпайтын, бұған табынбайтын адам аз едi.Ендi сол қадiр-қасиеттiң кетейiн дегенi ме?                                                             IVҚонай жеңге алған ауру әйелiн түйеге мiнгiзiп, өзi атқа мiнiп, түйенi жетегiне алып орта Сарқасқа жайлауында отырған Есембетке тартты. Орта Сарқасқаның жалы алыстан қарауытты, бiрте-бiрте ақ жұмыртқадай болып тiзiлген ақбоз үйлер қарауытқан жалдың баурайында ақ сағымға бөленiп, билеп тұрғандай болды.Ауылдың ең шетiнен Есембеттiң үйiн сұрап едi, ауылдың орта тұсындағы ақбоз үйдi нұсқады.Үйде екi адам отыр екен. Қонай амандасқан соң Есембет емшiнi бiрден таныды. Бiрақ әңгiменi оның қасындағы бурыл сақал бастап, бұны тергеп-тексере бастады.- Неге келдiң?- Бал аштыруға.- Кiмге?- Әйелiме.- Қатын жанды неме екенсiң, орамалың бар ма?Қонай сөзге келмей, он екi мәнет дәлдiрдi бурыл сақалдың алдына тастай салды. Ақшаны көрген бурыл сақалдың көзi жайнап кеттi.- Әй, Есембет, - дедi ол жанындағы биязы мiнездi адамға қарай, - өзiңе ниетi ауып, ықыласы түсiп келген адам екен, аш кiтабыңды.Есембет асықпай орнынан тұрып, керегенiң басында iлулi тұрған қоржыннан қалың мұқабалы кiтабын алып, орнына қайта отырды. Әлденелердi оқып болған соң, кiтабын ашты да:- Қызыл шырайлы, әдемi өңдi кiсi сiлтептi маған, ол сырқаттың түскелi тұрған дауасының екеуiн тауыпты да, үшiншiсiн айтпапты. Сiрә, Шалмағанбет болар?- Иә, сол кiсi.- Дауа түсетiн екi нәрсенi не дедi?- Ақсарбас тоқты, бүркiт, - дедi.- Дұрыс, ал үшiншiсi - ақ әтештiң қаны...Есембет осылай дедi де, Қонаймен iсi болмай өзiнiң қам-қарекетiмен айналыса бердi. Не тұрарын, не отыра берерiн бiлмеген Қонайға бурыл сақал:- Әй, ендi нағып отырсың, шаруаң бiттi емес пе? – дедi. Орнынан апыл-ғұпыл тұра берген Қонайға әлгi бурыл сақал тағы да:- Әй, жеменей, сонау шеттегi бiздiң үй, әйелiңдi сонда алып барып түс. Ақсарбас тоқтыны тапқанмен аспандағы бүркiттi, орыс пен татарда болатын әтештi табу қолыңнан келмес, мен көмектесейiн, - дедi.Бурыл сақал үйiне келген соң Қонайға қонақасы бере отырып:- Жеменей нағашым едi, ойнап жатырмын, - дедi де, көршiлерiн шақыртты.- Құрман, сен аңшы едiң-ау, қақпан құратынсың, бiр бүркiт ұстап әкелiп бер, ал, Әдiлбек, сен тауық бағасың, құдай жолы ем үшiн ақ әтеш тауып бер, мынау ақыларың, - деп екеуiнiң алдына бiр-бiр дәлдiр мәнеттi тастай салды.Ертесiне бүркiт те, әтеш те, ақсарбас тоқты да табылып, Қонайдың әйелiне емнiң дауасы түсiп, аман-есен босанды. Баланың атын Шалмағанбетке ұқсастырып Аймағанбет қойды.Бұл оқиғалардың бәрiн Шалмағанбет үйiнде отырып-ақ бiлдi. Есембетке жiбермей-ақ, өзi емдей салатын. Бiрақ оны әруақ қолдамады. Есембетке аударып жiбердi. Бәрi сол сырлы асаның қолдан шығып кеткендiгi. Шалмағанбет ендi бал ашпауға, ем-дом жасамауға бел буды.                                                                      VИә, сол сырлы аса қолдан қалай шығып кетiп едi? Көктемгi көшi-қон кезi болатын. Қарақұмға бет алған ауыл Манашыдан өтiп, Күйкеннiң тұмсығының дәл астына келiп қонған едi. Ауыл бiрер күн еру болуды қалаған. Таңертең сыртқа шығып тұрса, немере туысы Қырғынбай келе қалды. Екеуi жандай құрдас едi. Әзiлдерi жарасатын.- Құрдас, жасымыздан құлын тайдай тебiсiп бiрге өскенде менен жасырып жүрген бiр құпияң бар екен, соған өкпелiмiн, - дедi ол.- Не құпия екен?- Сенде перi ұстазың берген аса бар дейдi. Тым болмаса бiр көрсет!- Кiм айтты, қаңқу сөз дағы...- Жоқ, рас көрiнедi, әрi сырласың, әрi құрдасың менен жасырғанда...Шалмағанбет ойланып қалған: “Шынында да осы Қырғынбайдан жақын кiмiм бар, кiшкентайдан бiрге өстiк”.- Мынау жан алғыштай қоймады ғой, теңдегi асаны көрсетшi, - дедi әйелiне.Қызыл мақпал матаға оралған әсем асаны қолына ұстап тұрып, Қырғынбайдың ауызының суы құрыды. – Оюы әдемi екен, сыры неткен қалың, - деп асаны сыйпап қалып едi, сыры сырғып түсiп қалды. Мұны көрген Шалмағанбеттiң өңi құп-қу болып кеттi. Есiне ұстазының: “Ешкiм көрушi болмасын”, - дегенi түсiп, асаны Қырғынбайдың қолынан жұлып алып, матасына орап теңге қайта тықты. Бiрақ бiр жамандықтың нышанын сезгендей көңiлi алай-дүлей болды. Келесi күнi ел көшетiн болды. Өзi қойын айдап, өзгелерi жүктi түйеге артуға қалған.Қой өргiзiп келе жатқан бұның алдынан баяғы ақ мұртты, ақ сақалды, ақ шапанды, ақ есектi қарт шыға келдi де:- Шалжан, асаның сыры түсiп қалды ма, болмаған екен. Асаны әкелiп бер, өзiм алып кетейiн, - дедi.Шалмағанбет жүк артып жатқандарға бұрыла бергенде, әлгi қарт:- Шалжан, барып керегi жоқ, аса мiне, өз қолыма тидi, - дедi де, өз жөнiне жүре бердi. Әлгi ақсақал төбеден төнiп тұрған Күйкен ұшқан тауының дәл тұмсығының астындағы жыра жықпылға түсiп, көрiнбей кеттi.Мiне, Шалмағанбет құрдасының көңiлiн қимай көрсетемiн деп, қасиеттi асасынан осылай айырылып қалған. Ол ендi өзiнiң әруағының бiрте-бiрте әлсiрей беретiнiн сезген. Соның куәсiндей өзiне қарала келген келiнiнiң дауасын тап басып таба алмай, Есембет емшiге жұмсағаны. Бәлкiм, бұл Шалмағанбеттiң балгер-емшiлiгiнiң соңғысы да болар.                                                                   VI“Жынынан айырылған бақсыдай” деген осы екен ғой деп уәйымдады Шалмағанбет. Кеше өзiне қаралуға келген екi сырқатты қабылдамай, қайырып жiбердi. Кеудесiнде ойран жүрiп жатқандай. Кенет есiне со-н-ау балаң кезi, ақ шекпендi ақсақал, жер астындағы қалың-қалың кiтаптардың беттерiндегi тылсым құпиялардың сырларын ашу жолдары түстi. Шалмағанбет сонда жылқы iздеп жүрiп, кездейсоқ тап болған Шақпақ-Атаның жер асты ғибадатханасына тағы бiр барып, мiнәжат етудi ойлап, сапар шектi. Сарытас қыратының үстiнде сол баяғы Дәнеш байдың жылқысын қарағандай айналаға көз салды. Тек айырмасы онда қыстың көктемге ұласар өлiара мезгiлi болса, қазiр жаз. Маңайдағы елдiң бәрi қыр асып, жайлауға көшiп кеткен. Мынау Маңғыстаудың қара ойындағы жалғыз өзi ғана тәрiздi.Екi ұшпа жағалауды қақ айырған кең арна, оның түбiнде жылымшы бұлақ суы ағады. Сонау етектегi ескi бейiт-қорымдар. Онда, шiркiн, кiмдер жатпады дейсiң. Ұшқан қара жоқ. Құлазып жатқан қу дала. Мiне, дәл аяғының астында жер асты ғибадатханасының жоғарыдан кiрер есiгiнiң ауызы үңiрейiп тұр.Шалмағанбет атынан түстi. Бұрынғы Сары нарды шөгерген жер екен. Атын тұсады. Жүрелеп отырып ғибадатханаға дұға бағыштады, ұзақ сүреден қайырды. Орнынан тұрып, ғибадатхананың есiгiнен төмен түсiп, бөлмелерге ендi. Мешiт бөлмелерi қаңырап бос тұр.Бұрын өзi дәрiс алған ақсақалдар да, оның алдындағы тағамы ортаймайтын табақ та жоқ. Иесiз қалған ескi жұрт.Шалмағанбет ендi төмендегi есiк арқылы тысқа шықты. Жақпар тастардағы жазуларға, жануарлардың суреттерiне құлықсыз көз салды. “Ұрпақтарыңа қажет жерiнде жәрдем берiп, күш-жiгерiне қуат қосып отыратын әулие-әмбиелерiм қайда көшiп кеткен, әлде бұл өңiрден алдағы мезгiлде бақ пен бақыттың таятынын бiлдi ме екен”, - деп ойлады Шалмағанбет.Қайтадан жоғарыға мешiттiң төбесiне көтерiлдi. Көзi дөңес тас үстiне ойып сызылған тоғызқұмалақ тақтасына түстi. Қандай әдемi әрi шебер ойылған, мейлi қар, мейлi жаңбыр жаусын, мейлi құм борасын, әлгi тақтаға сызат түсiре алмапты. Тоғызқұмалақтың тақтасын кiм ойғаны белгiсiз, кiм болса да қазақтың кiндiк қаны тамған киелi жерi екенiн дәлелдейтiн мәңгiлiк ескерткiш орнатқан.Шалмағанбет тоғызқұмалақ ойынының шаршы тақтасының жанына келiп отырды. Бұл жерден жан-жағың түгел көрiнедi екен. Мына тақтада нешебiр марқасқалар, әулие-әмбиелер талай тоғызқұмалық ойнады-ау!Шалмағанбет қалтасындағы ақшаршы орамалын алып, байлауын шештi де, iшiндегi құмалақтарды тақта бетiндегi оймақтарға толтырды.Сосын өзiмен-өзi тоғызқұмалақ ойнады. Алдына ойша бұрын өзiн осы ғибадатханаға алып келген, сырлы асаны берiп, кейiн қайтарып алып кеткен ақсақалды отырғызып қойды. Екеуi бие сауым мезгiл шайқасты дейсiң. Соңында Шалмағанбет ұтылып шықты. Ол бал ашатын қырық бiр құмалағын қайтадан жинап алмады, тақта ұяларында тұрған оларды шашып жiбердi, әр құмалақ әр жаққа домалай жоғалды.Шалмағанбет Шақпақ-Атаның ғибадатханасынан жүдеп оралды. Ол әулие-әмбиелердiң бұл өңiрден өзге жаққа қоныс аударғанын, ендi адам санасында рухани құлазу басталатынын, ендi дiнсiздер қоғамының жұлдызды сағаты соққалы тұрғанын iштей сезiп қайтты. Ендi ол бұрынғы айтқаны келетiн, емдегенi жазылатын Шалмағанбет емес, мүлдем бөлек, өзге пенделермен бiрдей мүсәпiр Шалмағанбет едi. Әруақтар бiлгендей қашқан екен. Көп кешiкпей жаңа құрылған өкiмет бай, би, бақсыларды қуғынға алып, соттап, жер аудара бастады. Солардың iшiнде жынынан айырылған “бақсы” Шалмағанбет те кеткен. Құлазып қалған Маңғыстауға қайтып оралған жоқ. Сүйегi жер аударылған Красноводск қаласында қалды...                                                                      VIIҚазiр атақты бабаларының әруағын тiрiлтудi, өмiрге қайта әкелудi мақсат еткен бiр жас жiгiт Шақпақ-Ата басындағы Шалмағанбет шашып кеткен құмалақтарды әр жерден бiр-бiрлеп терiп жинап жүрген көрiнедi. Ол құмалақтардың сол домалағаннан домалап отырып, сан-сапат жер-су асып кеткенi анық. Қырық бiр құмалақтың қашан түгенделерi белгiсiз. Ал түгенделген жағдайда, әлгi бабаларының әруағы сол балаға қонып, сырлы аса қайта оралмақ екен?!!