ВЕРНУТЬСЯ

    Қазақ жеріндегі шаруашылық - мал багу мен
егін егу. Мал бағу қазақтың көптен істеп келе жатқан ісі, ата кәсіп. Мал бағу жайын ешкімнен үйренбей-ақ, өзіміз де
білеміз. Қазақ мал бағу жайын
білмейді деп біз де айтпаймыз.
Бірақ білім дәрежесі неше қабат. Қазақтың мал ұстау турасындағы білімі ең төмен қабатында.
Қазақтың бұл білімі   өмірдің молшылығында ғана білім болып жүр. Қазақ егін егуге кіріскелі де біраз жыл
болды. Егін турасындағы білімді де қазақтар біліп болдық деп жүр. Егін жайында ешкімнен үйрене қоятын
емес.
  Біздің қарауымызша, егін турасындағы
білімі де мал турасыңдағы білімі сияқты жердің молшылығында ілім болып жүр. Жер азайса, ол біліммен алыс
кетпейтін болар. Қазірінде халықтардың
сұрып жерлері еркінше жыртып, соныдан соң түсіп отырғанда Мұжықтан егіні төмен шығады. Ол жер төмендігінен
емес, білім дәрежесінің
төмендігінен. Қазақтың көбі
егін жайынан: егін егуге жер жырту, тырмалау, тұқым шашу
керек екендігін ғана біледі. Осымен егін білімі тамам деп ойлайды. Қашан, қалай һәм қанша рет жырту керек, қалай етсе шашқан тұқымға жер жайлы болады, не нәрсе оған зарарлы,не нәрсе пайдалы,
пайдалы нәрсе  неден, пайда тию үшін, зарарлы нәрселерден зарар келмес, не істеу керек - ол жағынан қазақтың
білімі тіпті нашар. Ол
білімнің нашарлығы қазір жердің молшылығынан білмейтін
шығар, жер таршылыққа айналса, тез-ақ білінер. Аз жерді осы күнгі қалпында тұтына бастаса, жерін тоздырмақшы. Тозған
жер жаңарып жетілуіне қазақ  халқына 15-20 жыл керек. Қала боламыз
деп ер басына жер алғандар бұрынғы молшылық қалыппен ексе, өлшеулі жері
шыдар ма? Жерінің бәрін тоздырып алып әрең түзеліп жеткенде 15-20 жыл жерге обал ма?
   Бұл сөзді қала боламыз деп өлшеулі жер алған қазақтардың кейбір ісінен хабар алып жазып отырмыз. Әуелі, ел болудың мәнісі не екенін білмей, көптің
дүрмегімен еріп қалып, енді
не екенін көзімен көрген соң,
адасқанын  біліп, қалай бетін түзерін біле алмай
жатқандар бар. Қала боламыз десе де, малсыз күн көре алмайтын болған соң, мал бағуға қалаға деп өлшеп берген жер жетпейтін
болған соң, істейін деп жатқан амалдары мынау: екі-үш участок қосылып, жерлерін
біріктіріп, бірін қыстау, бірін жайлау істемекші-міс.
    Бұлары әншейін далбаса ғой. Адасқанын байқаған соң,
абдырағанынан істейін деп тұрған
іс қой. Әйтпесе, он бес десятинадан ұлтарақтай жерлерді құрастырып,
жайлау, қыстау дегенмен, есебі баяғы бір он бес қой. Қалай қарай тартсаң да жер
созылып, молаймайды ғой.
  Әуелі, малсыз күн көре алмайтын
болғанда, «сау басыңа сақина тілеп алмасқа» керек еді. Қала болу не екенін
білмей барып, торға түсіп қалсаң, ендігі істейтін іс, біздің ойлауы-мызша, бұрынғы
«жайлау» деген атты жоқтау
болмасқа тиіс. Өткен - өтті,
іздегенмен, таптырмайды, қуғанмен, жеткізбейді. Өткенді қуғанды қойып, осы
күйінді түзеуге жөн іздеу тиіс. Ендігі істейтін іс участоктарды құрастырып, мынау жайлау, мынау қыстау деп
ат қойып, құр көңіл жұбату емес. Көрпең қысқа болса,
көсілуге жетпейді, созғаныңмен
молаймайды. Көрпе жетсін десек, істерлік жалғыз-ақ амал бар: көсілуді қойып, аяқты жию. Сондай-ақ, аз жерге
істер жалғыз-ақ амал бар: жердің таршылығына істейтін амалға түсу керек. Ол
амал - аз жерден көп жердің пайдасын шығара білу. Олай етуге бұрынғы мал бағу мен егін егуге жарап
жүрген білімдеріңнен басқарақ білім керек. Ол - көп малдың есесіне аз малдың
асылын ұстап, толықтыратын
білім, аз жерді аздырмай, көп жердің орнына тұтынатын білім. Бұл екеуі де қазақ қолданып көрмеген білімдер.
    Малдың асылын ұстау
үшін қазақ қолындағы малын асылдандыру керек, асыл малдың ішінде қазақ жерін
жерсінетін, жерсінбейтіндері болады. Оны да білу керек.Аз жерді аздырмай, көп
жер орнына тұтыну үшін асыл
малға керек білімнен де көбірек білім қажет. Бірақ сол білімнің бәрі де білгісі
келген адамдарға табылатын білім. Білім үшін, әуелі, керек қылу шарт, екінші,
жаһат ету шарт.
   Бұл жоғарыда айтылған сөз қазақтың
бәрі үшін, әсіресе арасындағы қала боламын деп, қамытқа басын сұғып қалып, қайта шығара алмай, абдырап тұрғандар үшін. Аз жерге істейтін
амал жалғыз-ақ осы.
   Егін егу, мал бағу жайын жақсы
білетін адамдардың сөздерін мұнан былай әр уақыт газетаға жазып тұрамыз.
 1913 ж.