ВЕРНУТЬСЯ

( әңгiме)Жар төсегiнен ыстық, жар төсегiнен ләззатты, жар төсегiнен тәттi нәрсенiң мынау жарық дүниеде жоқ екенiне Ақшолпанның көзi жетiп, көкiрегiне түйгелi қашан? Байлық - бақыт емес бедел, өзгенi қорқытып, үркiту үшiн, алдыңа әлсiздiң тiзесiн бүктiру үшiн ғана қажет екен. Ал жар құшағы...Атақты бай, құдай қосқан қосағы Қожаназардың дүние салғанына да үш-төрт жыл мезгiл өттi. Қара жамылып жылын күттi. Бұдан емес өзге әйелден, әлгi жаугершiлiкте қолға түскен жеменей Қонай батырдан сауғаға алған қалмақ әйелiнен туған балалары Жем өзенiнiң бойындағы әдемi тоғайлықта қазақ даласында бұрын-соңды болмаған ас бердi. Оған Кiшi жүздiң ханын шақырды. Атынан түскен ханның алдына қонақ үйiне жеткенше ақ киiз төседi. Кейiн бұл жер “Ақкиiзтоғай” атанып кеттi.Қайғының қара түнегi иығынан түсiп жеңiлденген сайын, көңiлiн әлдене арбағандай, әлдене денесiн шымшығандай, әлдене омырауын қытықтағандай болады. Әсiресе наурыз мерекесi өткелi. Әсiресе күнi кеше қайнысы ағаның орнында отырған жеңгеге көрiсе келiп кеткелi....Тұла бойы өртенiп барады. Өртенiп барады. Құс төсек құстың мамығынан емес, жылқының сабаудай-сабаудай қылынан жасалғандай тал шыбықтай бұралған дененiң тиген жерiне түрпiдей тиедi. Бұның тiлегенi бiр “нәрсе”. Отағасының тамағын сыйпай қытықтайтын ұзын тарам сақалының, қыпша белiн екi орап алатын салалы саусақты ұзын қолдарының орны бөлек екен ғой... Бәрi-бәрi еске түсiп, Ақшолпанды төсектен атып тұрғызды, құс жастықты құшақтатып қайта жатқызды, жұмсақ жастық оның құшағын толтыра алмай жұмарланды да қалды. Ызадан есiк жаққа лақтырып жiбердi.- Жiгерсiз, жасық, еркек емес!Ызадан қолы дiр-дiр еттi. Найза кiрпiктер ашылып-жабылып, жанардан жас моншақтары домалады.Ақшолпанның бұл өкпесi кеше келiп кеткен қайнысына болатын. (Кейiн әже болған кезiнде ол қайны мен қайнағалары туралы: “бiреуi батылы жетiп көрпемдi аша алмады, ал қойшы-қолаңды үстiме шығаруға қорсындым”, - деп отыратын болды).Иә, кеше қайнысы Әлi келген. Тұлғалы, ажар-көркi бiр еркектен кем емес жiгiт ағасы.- Жеңеше, наурызда көрiсе келдiм, - дедi ол. Жасы өзiнен мүшел кiшi Ақшолпанды ата салтымен жеңеше дедi. – Жеңеше, жай-күйiң қалай, Қошан батыр өсiп келе жатыр ма? Ағаның қара шаңырағының иесi сол ғой.Әлiнiң шай қайнатым мен ет пiсiрiм уақытының iшiндегi бар айтқан әңгiмесi осы болды. Шайды үнсiз сораптады, бағыланның жас етiн аузына үнсiз үстi-үстiне тыққыштады. Қолын шайды, тiсiн шұқыды. Сосын:- Жеңеше, ертең ерте жүрiп кетсем, жылқышылар қосында шаруам бар, - дедi де сыртқа шығып кеттi.Ақшолпан ойланып қалды. Әмеңгерлiк жолымен қалауын сұраса, iштей осы қайнысын меншiктеп жүрген. Тек үйiндегi шүйкебасы долылау. Ақшолпан “бiр жыныстанбыз ғой, оның да тiлiн табармын”, - деп ойлаған. Мiне, ендi сол көңiлi құлаған қайнысы жеңгенiң оңаша ақбоз үйiне арнайы ат басын тiреп қонғалы тұр. Демек... оның да көңiлiнде...Ақшолпан ақ боз үйдiң iшiне екi төсек салды. Бiрiн кiшiгiрiмдеу, қойшы-қолаңның төсегiндей жұқалтаңдау етiп төседi, екiншiсiн екi кiсiлiк, яғни бұрынғы отағасы бардағы төсектей көз жауын аларлық етiп салды.Не де болса арадағы нәзiк жiптiң түйiлген тұсын Ақшолпанның өзi шешуге ниеттендi.Сырттан үйге кiрiп келген Әлiге:- Қайным! – дедi, – келiсiңнiң сыр-құпиясын әлi ашпадың, егер қонақ болып келсең, онда қонақ төсегiң анау (босағаға жақындау салынған жұпыны төсектi нұсқады), ал... ағаңның орнын жоқтатпағалы келсең... төсегiң мынау! (ылғи құстың мамығынан ғана жасалған, шәйi жiбектермен тысталған, қандай еркектiң болса да есiн алатын оттай ыстық жар төсегiн көрсеттi).Әлi жеңгесiне қарап қалып едi... Жасы жиырмадан ендi асқан келiншек қырдың қызыл түлкiсiндей құлпырып-ақ тұр екен. Дүниеде, сiрә, бұдан асқан сұлу ұрғашы болмас. Жүрегi бүлк еттi. Жанарын әлгi сұлулық жасқап, өзiнен мүшел жас кiшi, бiрақ қазiргi сәттегi үстемдiлiктi, билiктi өз қолына алып тұрған келiншекке екiншi рет тiк қарауға батылы жетпедi. Осы сәт көз алдына үйiндегi бейпiл ауыздау өз қатыны елестеген. Осы қылығын сезсе, күн ертең отының басы ойрандалатындай сезiндi.Әлiнiң маңдайынан тер бұрқ еттi. Жеңгесiнiң бұл батыл қылығы оған жуса кетпейтiн күнәдай көрiндi. Егер қосылыспақ болған күннiң өзiнде де неке суын iшiсiп, айдай әлем алдына жария етiп барып... жар төсегiне жату керек емес пе?- Ақшолпан! – дедi ол сырт киiмiн кереге басына iлiп жатып, - Бүгiн... м-ме-ен... қонақ ретiнде келдiм... Ал мү-үм-кiн кей-iн...Ақшолпан Әлiнiң сөзiн аяқтатпай қатқыл үнмен үзiп жiбердi.- Қонақ болсаң, төсегiң анау! Өзi сыртқа атып шығып, өксiгiн баса алмай ағыл-тегiл ұзақ жылады. Тағдырын қарғады, әкесiн қарғады, өзiнiң әлiн бiлмей отқа қолын көсеген кәрi қақпас отағасы Қожаназарды қарғады, өмiрдi ойыншықтай көрiп бәрiне келiсiм берген өзiн қарғады.Қайнысының сондағы келiсiнiң мәнiсiне түсiнбеген, өзiнiң ерке қылығы сәтсiз болып шықты. Ақшолпан сол оқиғаны еске алып әлгi сөзiн тағы қайталады.- Жiгерсiз, жасық, еркек емес!..Түн тылсымы, түн арбауы келiншектi ұйықтатар түрi жоқ.Байдың бұла қызы өмiрдiң қысастығына қысастықпен жауап бергiсi, тiптi тәлкек еткiсi келген. Бiрақ қатал тағдыр аңғал, сәби көңiлдi бойжеткеннiң түсiнiк-түйсiгiнен тым күрделiрек болып шықты. Ол оңаша үйде отырып, өз-өзiнен мынандай мағынадағы зар өлең айтатын болды:Умашталып басылып,Төсек бұл жатқан шашылып.Түлкi құйрықты қу тағдыр,Қарғаймын сенi ашынып.Сөндiрген кiм бар отын өз,Жұлқысар шақта етiп ез.Араша түспей ұзатқан,Қарғаймын әке қатiгез.Сақалын, мұртын ақ басқан,Кiрпiгiн қарар қақпастан.Балымды сорған тiлiмнен,Қарғаймын сенi, қақбас шал.Оттан да ыстық ойны бар,Ашылған талай қойнылар.Қарғаймын тағы батылсыз,Қайнағалар, қайнылар.Қайтемiн жәудiр көзiмдi,Бола алмай шыққан төзiмдi.Тәкаппарлықтан тартқан сазайын,Қарғаймын және өзiмдi.Дүние қоңыз қуған кiл,Шыққандай жаурап судан бiр...Не жаздым менi зарлатқан,Тылсымы мол қу тағдыр.Иә, тағдырының бұлай түзiлуiне өзi кiнәлi. Менiң бетiме жан қарай алмайды, айтқаным орындалады, - дейтiн өркөкiректiгi түбiне жеттi. Олай емес, бәрi де алдамшы, жалған екен. Оның есесiне Қожаназар байға қалай тоқал болғаны түстi......Әлiм елiнiң аузынан тастамайтын “айдай сұлу Ақшолпаны” болатын бұл. Әкесi - мыңғырған бай болса, өзi - аса сұлу қыз болса, Ақшолпаннан бақытты кiм болмақ. Қызметшi қыздарының бiрi маңдайын сипап, шашын өрсе, бiрi балтыры мен санын сылайтын. Сол кезде бұл маужырап ұйқыға кететiн. Жiгiттердiң аузында “Ақшолпан”, жеңгелердiң аузында “Еркежан”, “Сырғалым” болатын.Бiрде елiнде той болды. Қыз-бозбалалар отырған отау әркезде көңiлдi, ән-күйге бөленбей ме? Ақшолпан қолына домбыра алып, мақпал дауыспен үзiлдiрiп ән шырқады. Тойшылардың бiрi есiктен, бiрi iргеден, аттылар жабықтан таласа сығалап қалыпты.Кенет Ақшолпанның көзi жабықтан сығалап тұрғандардың iшiнен сақалы аппақ, жанары нұрлы, құндыз бөрiктi, асыл шапанды қартқа түстi. Әлгi паң мiнездi қарт Ақшолпанға сүйсiне қарап тұр екен. Манадан берi ту сыртынан оқша қадалған көздiң иесi осы екенiн сезгендей:- Мына ақшұнақ шалға да қыз керек пе, әй! – деп сыңғырлай күлiп едi, оған “Сары майдан дәме еткен итiм құрсын” деп бозбалалардың бәрi қосылып күлiп, қолдарын шошайтып әлгi қызға тесiле қараған қартты мазақ еттi.Бiрақ Ақшолпан аузынан аңдамай айтылған осы сөздiң кейiн өзiнiң бар тағдырын шешерiн сол бойда қайдан бiлсiн?!Жабықтан сығалап тұрған шал адайдың атақты байы жаңай Қожаназар болатын. Өзiн құдай санайтын Қожаназарды әлгi сөз қамшымен қақ маңдайдан сарт еткiзiп ұрғанмен бiрдей болды. “Тоты құс торға өзiң түстiң”, - дедi бай iштей бiр мырс етiп.- Мына тоты құс кiмнiң бақшасынан екен, бiлшi, – дедi ол қосшысына қарап. Сөйттi де тойдың соңын күтпей ауылына сар желiп жүре бердi.Той иелерiнiң iшiнде абыржу пайда болды. “Қожаназар өкпелеп кетiптi”. “Кiмге?” “Әлiмдерге”, “Неге?”, “Сәлкен байдың сайқымазақ қызы “ақшұнақ шал” деп масқаралапты”. “Ұят болған екен”. «Әлiмдер, ендi сендер Адайға ат-шапан айып төлейсiңдер. Жiгiтке емес, қыздарыңызға мырзамызды сөккiзiп...»     Қожаназарға да керегi осы қаңқу сөз едi. Келе Сәлкен байдың ауылына құда аттандырды. Айтқаны: “Топ iшiнде абыройымды төккен қызға көңiлiм ауды. Шал демесiн. Аруым деп қадiрлеп өтем. Ақшолпанға да Алла “адамың осы” деп тұспалдаған болар, әйтпесе сақалыма жабысар жөнi жоқ едi”.Сәлкен ауылының түндiгi құйын соққандай тулады.- Қожаназардың қай басынғаны, бұл...- Сексендегi шалдың дәмесiнiң зорын...- Қызымыздың теңi болса бiр жөн...-Қойыңдар, ағайын, қызымыздың өзiнен, жатқан айдаһардың құйрығын басып...Осы кезде Ақшолпан:- Әке, жатқан айдаһардың құйрығын бассам, басымды бәйгеге өзiм тiгейiн. Бай малжанды келедi. Оны малмен қашырталық. Әрi қанша бай болса да, тауып бере алмайтын қалың сұраңыз. Қалың малым мынау болсын. Қожаназардың жасы 80-де ғой, бiр өңнен шашасы ақ, ала аяқ 80 күрең құнажын байтал, 800 ақсарбас марқа, 40 алмас өркеш ақ тайлақ...Қандай байдан да бiр-бiрiнен айнымайтын бұндай төл түрi табылмайтын. Қыз байламын естiген құдалар елге шапты.Қожаназар жылқышы ұлы Есбердiнi, қойшысы мен түйешiнi шақыртып алды.- Әке! – дедi Есбердi, - ала аяқ, шашасы ақ 80 күрең байталды Сауранқызыл, Сарала, Аққасқа, Шалбас  айғырлардың үйiрiнен-ақ тауып берем.- Байеке! – дедi қойшы, - 800 ақсарбас марқаңыз анау бөлек жатқан отар.- Қожеке! – дедi байдың өзiмен тұстас түйешi, - алмас өркеш 40 ақ тайлақ Қожаназардың келесiнен табылмағанда қайдан табылады. Бiрақ, кәрi тарлан бурам-ау, осы жолы келеге түспей-ақ қойсаң қайтедi? Онсыз да әйел мен баладан кенде емессiң ғой...Ақшолпанның қалың малы сол бойда Сәлкен байдың ауылына айдалды. Қожаназар байлығымен жеңiп кеттi. Жылқысы да, қойы да, түйесi де асыл тұқымды болып шықты. Жас ару аузынан жазды.Сөйтiп Қожаназарға үшінші әйелдікке, яғни, аққолтық аталатын тоқалдыққа келдi. Алғашқы түнi отағасы ыстық көрпенi ашып, “Шолпанжан, кәрi деме, жаным жас, көңiлiңмен маған берiлсең, айтқаның екi етiлмейдi... Бiсмiлдә, рахман-рахим”, - деп терiс қарап солқылдап жылап жатқан Ақшолпанды бауырына басқалы өзiне қарата берген.Ашулы Ақшолпан оның қолын қағып жiбердi де:- Маған жолама! – дедi.Қайта терiс қарап жатты.Бұдан кейiн Қожаназар да қайтып қолын созған жоқ. Жұбату да айтпады. Таң атты. Әркiм өз шаруаларына кiрiсiп кеттi.Екiншi түнi де бiр төсекте некелерi қиылған ерлi-зайыпты екi адам, дәлiрек айтқанда, сексендегi шал мен 17-дегi жас қыз екi жаққа қарап жатып шықты.“Ашуың басылсын, қақпанға түскен бөкенсiң ғой, қайда кетермiн дейсiң”,- деп ойлады бұл өмiрден түздiң де, төсектiң де ләззатын көп татқан отағасы.Үшiншi түн. Әрберден соң Ақшолпан қосағына бұрылды. Бойындағы ашу тарап, жуасыпты. Мүмкiн күндiзгi абысын-ажындардың құлаққа сыбырлаған құпиялары да әсер еткен болар.Ақ бiлектi созып, ерiнiң мойнына салды. Сосын наздана осы кiсiнi тұңғыш жабықтан көргендегi теңеуiн әуендете қайталай тiл қатты: “Құдай салды, мен көндiм, а-қ шұ-н-ақ шал, берi жат!”.Қожаназардың құлағына бұл жолғы әсем әуен ырғағымен айтылған “ақшұнақ шал” сөзi iлкiдегiдей түрпiдей тиген жоқ, қайта аса бiр жағымды, аса бiр майда, баланы еркелеткендей естiлген.Ақшолпан басына түскен тағдыр тәлкегiн осылай жеңген. Аз күнде-ақ байдың ерке аққолтығына айналды. Қожаназар өзге әйелдерiн мүлдем ұмытты. Дүниеге ұл келдi. Ақшолпанның бағы одан сайын жана түскен... Отасқан соң екi жылдан кейiн Қожаназар дүние салды... Мiне, содан берi жас келiншек жар төсегiнiң ең ыстық, ең ләззатты сәтiн аңсап, жалғыздықпен алысумен келедi.  Түн тылсымы, түн арбауы келiншектi ұйықтататын емес. Тұла бойын өртеп бара жатқан алапат жалын. Наурыз келе дүниедегi бар тiршiлiктiң жанданатын, қимыл-қозғалысқа түсетiн, махаббаттың бүр жаратын әдетi ғой. Ақшолпанның бойында аласұрған бiр нәрсе құжынап, жыбыр-жыбыр еткендей. Бұл құрттың емi... тек жар төсегi. Көрпе де, көпшiк те мыжғыланып қалған. Тiз киiмiн шешiп тастаған Ақшолпан шапанын желбегей жамылып тысқа шықты. Жер бiр ақ, бiр қара матадан құрап тiгiлген әдемi көрпе тәрiздi. Шығыс жақтан баяу қызыл жел еседi. Есiк алдындағы қоңырайған бақа төбенiң көлеңке жақ баурайындағы күртiк қардың ортасына жүресiнен отыра кеттi.“Есiмдi есiрiк еткен, тезiрек жер астына көмiлiп, құм толғыр неме, мә, саған, мұздай қар асатайын!”От болып өртенген денеге қысқы ызғарынан айырылып, моп-момақан күйге түсiп жатқан сап-салқын ұлпа қар тиген бойда жұп-жұмсақ болып ерiдi. Өрттiң емi су емес пе? Ыстық дене рахат сезiмге бөленгендей бей-жай тарта бастады. Тұла бойдан шыпылдап тер бусанғандай ма?Ақшолпан маужырады. Бiр рахат сезiмге бөлендi. Түндер бойы қағылмаған кiрпiк жұмылып, ұйықтап кеттi. Келiншек оянып кеткенде, таң рауандап келе жатты. Тұла бойы жеп-жеңiл, манағы өрттiң, жыбырлаған құрт-құмырсқаның бiрi жоқ. Су сепкен тозаңдай басылған.Келiншек өз-өзiнен таң қалды. Тiптi не болғанын, бұл жерге қалай келгенiн, не күй кешкенiн есiне түсiргелi бiраз тұрды. ...Ақшолпан содан кейiн түнгi жар төсегi ләззатын аңсаған сезiм арпалысынан бiр жола құтылды. Пенделiкпен, нәпсiқұмарлықпен iсi жоқ сол елдiң ақ жаулықты әжесi болды. Оның алдынан қайны да, қайнаға да, абысын-ажын да, келiн-қыз да кесе-көлденең өтпедi. Ақшолпан қыздай қосылған қосағы Қожаназарға адал күйiнде дүниеден кеттi...