ВЕРНУТЬСЯ

     Бір мың тоғыз жүз жетпісінші жылы елу алты жасында ортамыздан оқыс кетіп қалған Шәкен Айманов барлық атақ-даңқ, лауазымдарын былай қойғанда кісінің сырбазы еді. Әу баста оның аты артистігімен шыққан-ды. Бірақ күнделікті тірлік қарекетінде Шәкен артист болып ойнап көрген жан емес. Табиғаты таза. Мінез байлығы мен байсалдылығы, кеңдігі мен сабырлылығы, қара су теріс ағып бара жатса да асып-сасып күйгелектенбейтіндігі, керек десең қыңбайтындығы, адалдығы мен әзілге жүйріктігі, серілігі.. тағы сондай тамаша қасиеттері бір көрген адамыңды да табындырып, бас шұлғытып тастайтын. Қиқым есебі жоқ, әманда ірі жүретін, әманда әсем жүретін Шәкенде достар көп. Дос болғысы келіп үзілетін ынтызар жандар көп.
  Сондай оған ғашық жандардың бірі мына мен едім. Содан ба, кім білсін, жасым үлкен деп бәлсінбей-ақ, тіпті телефон соғып ескертпей-ақ қасына бірер жолдасын ертіп оқыс бір кездерде салып ұрып кіріп келетін еді ол үйімізге.
  Біз, әрине, абыржып, қысылып қалатынбыз.
— Апырау, ІІІәке, құдайға шүкір, телефон болса бар, алдын ала келетініңді айтып ескертіп қоймайсың ба?
Шәкен бірақ саспайды.
— Үйіңде су бар ма?
— Бар.
— Ендеше қысылудың жөні жоқ. Асықпай отырып шәй ішеміз. Шахмат ойнаймыз. Телефон соғып ескертіп, сендерді әуре-сарсаңға салып, ойда-жоқта жұмыс тауып керегі не? Осылай келудің өзі дұрыс, — деп асықпай отырып түсіндіре бастайтын.
  Әрине, Шәкен келген соң жан қала ма, барымызды алдына тосамыз. Ал ол болса осы үйдің өз адамы секілденіп іші-бауырыңа еніп кетеді. Жоқ, қате айтып отырмын. Шәкен еніп кетпейді, қайта бізді өзіне магнитше тартып алады. Үй-ішіміз, бала-шағамыз болып жанымыздың қалмайтыны да содан. Бес жасар қызым Жанна Шәкен ағасының алдына отырып алып маңдайының қатпар-қатпар, қыртыс-қыртыс әжімін сипайды.
— Шәкен аға, маңдайыңызда әжім көп қой. Неліктен олай?
— Әжім — ақылдың белгісі. Ақыл көбейген сайын әжім де көбейе бермек. Мен сондай ақылы көп кісімін, — дейді Шәкен кәдімгі шын сөйлеп отырған адамға ұқсап.
  Қызым мүдіріп қалады да маған қарайды. Содан кейін Шәкенге тағы да сұрақ қояды.
— Менің папамның маңдайында әжім жоқ қой. Сонда қалай, менің папам... сізше... —деп күмілжиді.
Шәкен күлмейді.
— Жер бетіндегі маңдайында әжімі жоқтардың ішінде ақылы көп жалғыз ғана адам бар. Ол — сенің мына отырған папаң...
  Көңілі орнына түскен қызым болған оқиғаны айтып бермекке ас дайындайтын бөлмеде жүрген шешесіне жүгіреді. Ал Шәкен болса, — қы, қы, қы... — деп санын соғып күледі-ай келіп. Әжімі жоқтардың ішіндегі жалғыз ақылдысы болғаным себепті мен де езуімді екі кұлағыма іліп тастап, жоқ мұртымды ойша ширатып шалқая отырамын.
Қайран Шәкен!..