ВЕРНУТЬСЯ

     Мен асықпай жүріп балама машина жүргізуді үйреттім... Бір
кезде Жазушылар одағында Иван деген бір тыңғылықты шофер болған. Машина сатып
алып, өзім жүргізе бастаған кезде сол Иван:
-        Бір жылға
дейін асықпай айда. Сабырмен, баппен жүр. Ақырын жүрсең оқыстан болар
оқиғаларды алдын ала болжауыңа мүмкіндік туады. Ең жақсысы - шартты рефлекс дегенің
калыптасатын болады. Шартты рефлекс 
қалыптасса, кейін қаңдай жағдайдан да оңай шығып кете аласың. Ал осы
бастан қатты айдап ызғытып кететін болсаң, әлгі шартты рефлекс дегенің өмір
бақи қалыптаспайды. Әманда оқиғадан кешігіп барып қимыл-әрекет жасайсың. Мұның
өзі бірдемеге ұрындырмай қалмайды, - деген.
       Мен Иванның
айтқандарын екі еткенім жоқ. Соның нәтижесі ме, білмеймін, әйтеуір рульге
отырған жиырма бес жылдың ішінде жеңіл-желпі бірдемелер болмаса, анау айтқан
жағдайға түсіп көрген емен. Сол тәжірибемді енді балама үйретем ғой баяғы.
        Саян бірін
тыңдайды, бірін тыңдамайды. Сөйтсе де реакциясы жақсы, спортшы болғандықтан
машина жүргізуді тез үйреніп кетті.
       Бұл ретте көңіліміз
тынғанмен, енді тағы бір мәселе келіп шықпасы бар ма!?
      Әдетте оның алты
ай жазда бұрылуға мұршасы жоқ. Үнемі қызыл танау болып жүргені. Соның салдары
ма, әлде салақ па кім білсін, қолы босай қалса, машинаны мінеді де, бір кезде
гаражға әкеп қойып кетеді. Жумайды. Ішін тазалап, сүртпейді. Ертеңінде «рахатын»
мен көрем. Жасы келіп қалған адамның тоңқаңдап машина тазалап жатуы оңай дейсің
бе?!
        Жатып ренжимін
ғой. Балам жұбатумен болады:
-        Қолым тимеді,
папа. Келер жолы айнадай етіп жалтыратып қоямын.
         Бірақ
баламның келер жолы да уақыты болмайды. Мен тағы ренжимін.
-        Өйте берсе,
шаршап не қыласың, берме машинаны, - дейді шешесі де қиналып.
-        Бермесек, бермейік,
- деймін мен де реніш үстінде.
         Бірақ ашу
тарқаған кезде жәйіліп қаламыз. Машина деген не? - Жай темір. Сол темірге бола
дүниеқоңызданып, балаңнан қызғанып, іштарлық жасап жатуың - масқара емес пе!
Жиған-тергенін кім алып кетіпті ана дүниеге. Естір құлаққа ұят тіпті. Осындай
қиналыс үстінде жолды жұбайым тапты:
-        Қой, сен
бүйтіп ренжи берме. Одан да осы балаға машина алып берейік. Күте ме, күтпей ме
содан кейін өзі білсін.
        Біз осыған
тоқтадық. Баламызға «Жигули» машинасын сатып әпердік. Әйелі мен төрт жасар
қызында ес қалмады. Қайда барам десе де енді өз еріктері. Бізден рұқсат сұрап
кіріптар болып жатпайды. Тағы бір қызығы - зырылдатып біздің үйге келеді. - Кабинетімде
жұмыс істеп отыратын мен, балам машинасының даусын бірден танимын да, терезеден
қараймын. Қызық сурет: тырс етіп байыппен есік ашылады. Бір жағынан балам, екінші
жағынан немерем мен келінім шығады. Үшеуінің қолында да шүберек, машиналарын
айналдырып сүрте бастайды. Үңіле қарайды. Үңіле сүртеді. Содан кейін беттей
беріп, үшеуі де тұра қалып артына бұрылады. Айнадай жалтырап тұрған алқаракөк
«Жигулиін» қызықтай тұрып қалады. Ал біз болсақ үшінші қабаттағы жұмыс
бөлмемнің терезесінен жымия күлеміз: «Кімнің малы болса, оның малы болсын,
мейлі керек десең, әкеннің малы... Бірақ өзімдікі дегенге не жетсін!»