ВЕРНУТЬСЯ

     Бір мың тоғыз жүз жетпіс бірінші жыл. Қазақ ССР Мәдениет министрлігінде репертуарлық коллегияны бас- қарып жүрген кезім. Душанбе қаласында жас драматургтардың бір айлық семинары өтетін болды. Жазушылар одағымен ақылдаса отырып біз сол семинарға Амантай Сатаевты жіберуді ұйғардық. Жол қаражатын, әрине министірлік көтеруге тиісті. Бірақ Амантай бұл мекемеде қызмет істемейді. Енді не етпек керек? Жол табылды — Амантай Сатаев министрдің бұйрығы бойынша жол қаражатын Қазақ филармониясынан алмақ.
  Сөйтіп, Амантай Душанбе қаласына бір айлық семинарға қатысты. «Бір шаңырақтың астында» деген пьесасын талқыға салып, ақыл-кеңес алып, түзеп-жөндеп пісіріп қайтты. Келген бойда біз Амантай пьесасын қайта оқып қабылдадық та, облыстық театрлардың бірінің репертуарына енгіздік. Амантайдың жағасы жайлау. Репертуарымыз бір жақсы пьесамен молыққан біздің де көңіліміз қош. Осындай қуанышпен жүргенде жетпіс екінші жыл да жақындап қалды. Кенет телефон шылдырлайды. 
— Бұл филармониядан... Екінші тоқсанда Амантай Сатаев бізден жол қаражатын алып еді ғой, документін әлі күнгі тапсырған жоқ...
— Тапсырмағаны қалай? — деп сұраппын. Сірә, қайран қалған болсам керек.
— Телефон соғамыз. Өтінеміз. Керек десең жалынамыз да. Ертең әкеліп тапсырамын, — дейді де зым-зия жоғалады да кетеді. Жыл аяғы жақындап қалды ғой. Қиналып отырмыз. Көмектесіңізші. Әйтпесе алған ақшасы біздің мойнымызға жазылады.
— Саспаңыздар, документтерін бүгіннен қалдырмай қолдарыңызға табыс ететін болады. 
Филармонияның бухгалтері өлердей қуанбас па!
— Тәңір жарылқасын! Сізге баяғыда-ақ айтуымыз керек еді, — бүгін, ертең деген соң мазаңызды алмайық деп ұялып жүретінбіз, — деп ағынан жарылып жатыр.
  Мен Амантайды тауып алдым. — Осылай да осылай. Ертең жаңа жыл келеді. Қыздардың жаны мұрнының ұшында тұрған секілді. Апарып бер. — Амантайымда ес қалмады — Құнт етпей кеткен екем. Міне қазір апарып табыс етемін...
  Жетпіс екінші жылдың екінші тоқсаны бітер кезде министрдің орынбасары шақырады.
— Амантай Сатаев өткен жылы Душанбеге барып па еді?
— Барған.
— Ендеше отчетін әлі күнге тапсырмапты.
— Қой, жаңсақтық шығар. Отчетін былтыр декабрь айында тапсырған болатын.
  Орынбасар филармонияның хатын алып шықты. Осы жылдың май айының аяғында жазылған хат. Мағынасы — баяғы Амантайдың Душанбеге сапары...
  Амантаймен енді ренжіңкіреп сөйлесем ғой:
— Әй, сенің мұның қалай? Мына шаруаңа енді министр орынбасарының өзі кірісіп жатыр.
— Жаздым, жаңылдым. Міне қазір апарып қолма-қол тапсырамын. 
Мен енді Амантайдың елпілдеп тұрғанын сезіп жайылыңқырап қалам ғой.
— Айналайын, сөйте қойшы. Әйтпесе ұят болатын түрі бар.
— Саф-ға, міне телефон құлағын орнына қоя салып жүгірем.
Үшінші тоқсан бітуге жақындады. Шақырып жатыр деген соң министрге келдім.
— Былтыр Амантай Сатаев Душанбеге барып па еді?
— Барған.
— Отчетін әлі күнге тапсырмапты ғой?..
— Мүмкін емес. Май айының аяғында апарып берген болатын.
— Май айының аяғында қалайша апарып берген болады? Міне мына хат сентябрь айының ортасында жазылып отыр ғой.
  Жазған құлда шаршау бар ма?! Мен тағы да Амантайды тауып алам ғой.
— Әй, сенің денің сау ма өзі?
— Сап-сау.
— Сау болса, анада апарып беремін деген отчетіңді неге тапсырмағансың? Әңгіме енді министрдің өзіне жетті. Документтерің бар ма өзі?
— Бар.
— Олай болса, жұртты неге әуре етіп жүрсің?
— Ұят болды шынында да. Үйде еді, қазір барайын да алып шығып апарып берейін.
— Неше сағат шамасында?
— Көп болса екі сағат.
— Мен екі сағаттан кейін тексеретін боламын.
— Тексеріңіз, уәде құдай аты.
— Ал жақсы...
  Мен филармония бухгалтеіріне телефон шалдым.
— Екі сағаттан кейін апарып беремін деп уәде берді. Әкеліп бермесе, маған телефон соғыңыз.
  Бухгалтер телефонды екі сағаттан кейін емес, келер күні ертесімен шылдырлатты:
— Амантай әлі келген жоқ.
  Телефон соғу кезегі енді маған тиді. Дес бергенде Амантайдың өзі тап болғаны.
— Амантайсың ба? Амантай болсаң, ей, тап...— арғы жағында жазыла бермейтін бір дөрекі сөздің шығып кеткені. Нендей жауап болады, күтпедім. Телефон кұлағын ұясына салдым. Осы оқиғадан кейін бір сағат өтер-өтпесте филармония бухгалтериясынан қуанышты хабар келді: Амантай есебін тапсырған. Документінің бәрі дұрыс.
  Былай қарасаң, қалбалаңдап жүгіріп жүретін, әманда қызмет істеуге әзір елгезек Сатаевтың мына қылығын қалай түсінуге болады? Бас-аяғы жарты-ақ сағатта тындырар істі неліктен екі жылға созды? Түсінбеймін. Арада біраз күн өтті. Бұрын министрлікке жиі келіп немесе жиі-жиі телефон шылдыратып тұратын Амантай хабарсыз кетті. Сонысына қарағанда өкпелі болса керек. Өкпелесе, өз обалы өзіне, өкпелей берсін. Оңай нәрсені қиындатпау керек емес пе?! 
  Бір күні ұйғыр жазушысы Хизмет Абдуллинді іздеп жазушылар одағына телефон соғып едім, құлағын Амантай көтерді де даусымнан танып қойды.
— Саф-аға, аман-саусыз ба?
— Аманмын. Амантай, мен бір нәрсеге өкініңкіреп жүрмін...
Өкінішті өзінше қабылдаған Амантай іле жөнелді:
— Оқасы жоқ, Саф-аға. Жасыңыз үлкен. Не айтсаңыз да көтереміз...
— Жоқ, сен менің өкінішімді теріс түтсініп тұрсың. Мен анада телефонда айтқанымды бекер айттым-ау деп емес, осыдан бір жарым жыл бұрын неге айтпадым екен?! Сонда мына дүрбелеңнің бірі де болмайтын еді ғой, — деп өкінемін...
  Амантайым қарқылдай күлгені.
  Адам мінезінде осындай да қызықтар бола береді екен-ау!