ВЕРНУТЬСЯ

     Қызық деңіз, демеңіз, мен қай күні туғанымды білмеймін.
Үлкендерден сұрасам: ит жылы ауыл қыстаудан көшіп шығып, көктеуге қонғанда
туыппын. Күні бүгінгі мен сол «итіңізді» малданып келем. Ал Хамит Ерғалиев болса,
туған күнін айнытпай біледі екен: 1916-жылғы патша жарықтығыңыздың июнь
жарлығынан соң төрт ай өтті дегенде, жаңа шежіре бойынша қарашаның он төрті
күні дүниеге келген. Керек десеңіз, бұл кісіңіз туғанда таң қылаң беріп қалған ғой. Соған дейін дәп басып
айта алады.
          Міне бүгін
он төртінші октябрь. Сәске түс. Ақын алпыс беске толып, алпыс алтыға аяқ
басқанына тұп-тура бес сағат болды деп қабырға сағаты қоңырау шалғанда Зейнолла
Қабдолов екеуміз бір-бірімізге телефон  шылдыратыстық.
-        Ау, неғып
отырсың? Бүгін Хамаңның шыр етіп жерге түскен күні емес пе?!
-        Білем, шыр
етіп жерге түскен күні.
-        Барып шалды құттықтап
шығайық та.
-        Кеттік онда.
          Біз,
Зейнолла екеуміз аз-кем уақыттан соң қазақтың бір ұлы ақыны Жамбыл мен орыстың
ұлы бір композиторы Чайковский атымен аталатын шуы жоқ тыныш көшелердің
қиысатын жерінде кездестік те, өткен жылы ғана тұрғызылған еңселі, әдемі үйдің екінші қабатындағы ас
пісіретін бөлмесі болса, даладай, ал дәлізі айнала ат шаптырым, төрт бөлмелі
пәтердің қоңырауын келіп бастық. Есікті балалардың бірі ашты.
-        Әкең үйде ме?
-        Үйде, жұмыс
істеп отыр, - деді жаңаға бала сыбырлап.
         Кілтке
жабылмақ түгіл, топсасынан еңкеймейтін Хамаң кабинетінің есігі дағдысынша
далиып ашық тұр екен. Дүбір шықса делебесі қозар жүйрікке ұқсас қайран ақын
біздің дауысымызды естіп, бөлмесінен жүгіріп шықты.
-        Ал, төрлетіңдер!
        Хамаңды
жұмысынан бөлмейік дедік пе, әйтеуір:
-        Біз осы
дәлізде отырсақ та болады ғой, - деп мүдірдік.
       Хамаңның мұрны
тап ашуланар кезіндегіше кәдімгідей қисайыңқырап қалды:
-        Әй, дендерің
сау ма өздеріңнің? Көрпесін төрге салмай, есік көзіне төсеген қай қазақты көріп
едіңдер!
        Бүйтіп
мүләйімситіндерің бар, неге келдіңдер ендеше!?
-        Жәй, өзіңізді
құттықтайық деп...
-    Немен
құттықтамақсыңдар? Бұл күні айт та, той да жоқ секілді еді ғой, - деп дәлізге
отырайық дегенге шамданып қалған Хамаң иілер емес.
       Ас үйден Әнуар
жеңгеміздің даусы шықты.
-        Ау, інілерің
сенің туған күніңмен құттықтағалы келіп тұр ғой. Бүгін он төртінші октябрь!
-        Ә, солай ма
еді? - Жымия күлген Хамаңның әлгі бір кезде қисайыңқырап қалған мұрны енді
кәдімгідей түзеле бастады. Бір қызығы - бұл кісі туған күнін білсе де, толған
күнін ұмытып кеткен екен.
-        Ал, онда
Әнуар, қазан көтер. Дастарқаныңды жәй, - деп үй иесі бізді кабинетіне бастады.
         Хамаң шынында
да шабыт үстінде екен. «Жүйріктің тоқымы құрғамайды» дегендей жазу үстелі
бұрқыраған қағаз.
-        «Жұлдыз»
журналы қызық бір іс бастапты. Келер жылғы бірінші санына біраз ақындарды
шақырған екен. Өлең тақырыбы - қыс. Мұның өзі бәйгеге жаратып ат қосқан
секілді, нағыз жарыс қой. Журнал қызметкерлері тауып кеткен. Сол тапсырманы
талай күн толғанып жүріп, бүгін бір өлең келтірдім дүниеге. Сендерге оқып
берсем қайтеді? - деді ақын енді ағынан жарылып.
            Хамаңның
бұл ұсынысынан көрі әлгі Әнуар жеңгемізге айтқан «қазан көтері» дәмділеу,
әуезділеу шықты ма кім білсін, Зейнолла екеуміз әуелі бір-бірімізге қарастық.
Содан кейін ашық тұрған ас бөлме жағына көз тіктік. Байқаймыз, ол жақтағы
қимылдың бәрі дұрыс.
          Соған
көзіміз жетіп, көңіліміз орнына түскеннен кейін шалға бұрылып:
-        Қайткені
несі?.. Ал кәне, оқып жіберіңіз,- дедік кәдімгідей кісімсіп.
Жаңа туған өлеңнің аты «Осынау қаңтарға орай» - екен. Әуелі
Хамаң окыды. Содан кейін Зейнолла екеуміз алма-кезек дауыстап оқыдық. Ал сосын
пікір таласы басталсын да кетсін.
         Он екі
шумақтан тұратын осы өлеңде: «Қартайғандағы шашымдай» - деген бір жол бар екен.
Өлерменбіз ғой деймін, біз әуелі соған шұқшидық:
-        Бұл жерде
әдемі табылған теңеуге мән берілмей қалған. Оқушы назары тоқтамайды. Ал оқушы
назарын тоқтатам десеңіз осы жолды қаққан шегедей етіп нақтылап, қадап
тастауыңыз керек. Ол үшін бар болғаны «менің» деген есімдікті қоса салсаңыз
бітіп жатыр. Сонда: «Қартайғандағы менің шашымдай», - болып жанып түседі.
          Ақынның
мұрны «қисайсам ба екен, қисаймасам ба екен» - дегендей қимылдаңқырап кетті.
-        «Меніңнің» керегі
жоқ бұл жерде. Ана «шашымдай» деген сөзде «мен» тұрған жоқ па?
-        Тұруын тұр. Бірақ
ол жерде ұрланып тұр. «Менді» үй төбесінде тігетін ту секілді көтеріп,
желбіретіп қойған дұрыс.
        Ас бөлмесі
жағынан келе бастаған мұрынды қытықтап, сілекейді шұбыртар бір иіске қосылып
Әнекеңнің даусы шықты.
-        Кеше бар
болатын. Өзі ғой алып тастаған. Мен «меніңді» алма деп едім, көнбеген.
          Хамаң бері
келейін деді.
-        Рас болса,
онда сөзге тоқтайсыз.
         Ақынды
дегенімізге көндіргеннен кейін дәндеген қарсақ құлағымен қазадының кері болып,
біз тағы бір пәленің басын қылтитық. Біз емес, дәлірек айтсам - Зейнолла.
-        Маған ана бір
шумағыңыз мүлде ұнамайды.
-        Қай шумақ? -
деп ақын тіксініңкірей сұрады.
-        Ана бір
«мүңкіген иіс», «шірік» деген сөздері бар шумақ.
Ақынның мұрны тағы қисайды.
- Оның несі ұнамайды? Дұп-дұрыс-ақ тұрған жоқ па?
-        Дұрыс тұр
дейсіз... Дұрыс тұрмағаны былай тұрсын, мүлде бүлдіріп, теріс тұр. Алып
тастайсыз.
-        Жоқ, алып
тастамаймын. Бұл шумақ маған переходқа керек.
- Онсыз да переход бар.
       Талас көпке
созылды. Ақын көнбей әлек, Зейнолла екеуміз көндіреміз деп әлек. Ақыры ас
ішетін бөлмеге ауысып, жеңгеміз әкеп қойған дәм үстінде Хамаң бері қарады.
-        Айтқандарыңда
жан бар деймін. Тігіті көп таластыңдар ғой. Алсам, алып-ақ тастайыншы...
          Біз сөйтіп
бір күнде Хамит Ерғалиевтің мұрнын үш мәрте қисайтып, үш мәрте түзеттік те,
дегенімізге екі рет көндіріп орнымыздан көтерілдік.
         Көтеріліп
жатып, ақынның өз қолымен бір жолы жөнделіп, бір шумағы алынып тасталған өлеңді
мен қалтама салып алдым.
-        Ау, мен бұл
өлеңді журналға апарып бермекші емес пе едім?..
-        Үлкен адамсыз,
әуре болып жүресіз бе. Мен-ақ апарып бере салам ғой.
         Хамаң осы
шіркін рас айта ма? - дегендей маған қарады. Бірақ қайтсең де қайтарып бер деп
қадалған жоқ.
         «Шабан үйрек
бұрын ұшар» дегеңдей айына бір рет шығар «Жұлдыз» журналы ерте қамшылап, менің
қалтама тым ерте түсіп кетуінің себебінен, оның үстіне Зейнолла екеуміздің де
еңбегіміз бар болғандығынан ақы иесіне жетпей қалған сол өлең мынау еді:
Қаңтардағы қарлы төңіректі
Оңашада ойлы қарақтан.
Басымыздан канша өмір өтті, -
Қаңтардағы сырттың бәрі аппақ.
Мың заманғы таудың көк тасы
Кеп-кешегі жасыл дарақ та,
Тандырдағы күйген от басып
Күнбағыстың орны...- бәрі аппақ.
Қаңтардағы қайран табиғат
Түрлі түстерге шашылмай,
Бірақ бояуға табынған
Қартайғандағы менің шашымдай.
Және де бұл өзі бүтіндей.
Нәрестенің нәзік ерніне
Жаратылған ана сүтіндей...
Желіндегенде сөйткіш жер - міне!..
Желіндегенде солай дертетін
Қаңтардағы аппақ қайран Жер,
Құт-берекесін өртейтін
Пәле-жаланы қайдан дер?
Уа, көкірегі күйлі, алаңсыз
Адамдарға зәру ақ қысым!
Сөйлемейді бүгін жалаң сөз
Тумысында саған жақ кісінің
Қанды табан жендет қар таптап
Көрдік қой ит-қор еткенді.
Қорлаушыдан әм қорқақтан
Жиіркенетін мезгіл жетті енді!
Өрт шықса, соған жұмсарға
Жұмылған бұл шақ - жұдырық.
Кезікпесін деп жыл сорға
Күшті нәр жерден жеді ұрық.
Қаңтардағы аппак жер-көктің
Қасиетті сүті шырындап,
Кеп келсін дейді жөргектен
Нәрестелері шырылдап.
Қаңтардағы таза ақнәма -
Ақындардың дұғай дастаны!
Алаңсыз, мұңсыз шағына ма?-
Беймаза жанды дос таны.
Беймаза жанмын... жатпаймын
Жанықтырмай жылда санамды, -
Тойламай тағат таппаймын:
Көктемдегі шілдеханаңды!
Талантты қолдан шыққан туындыларды көз жүгіртіп қана қоймай,
үңіле оқысаң ғана ашылатын бір астарлары болады. Басы аяғы жұп-жұмыр осы бір
әдемі өлеңнің мен екінші шумағына оқушы назарын аударғым келеді. Сол шумақта:
таудың тасы - көкпеңбек, дарақ - жап-жасыл, тандырдағы от басы - қап-қара, ал
күнбағыс болса -сап-сары. Әдебиетке түс бояулардың үлгісі болып кіріп кеткен
кемпірқосақтың жегі бояуына тағы бір бояу - атап айтқанда, ошақ басындағы қара
бояу қосылып сегіз түр-түс құраса, содан таңдап алынған төрт түстің бәрі де өзгеріп, қартайған ақынның
ақ шашындай тағы бір түске - атап айтқанда аппақ түске табынған. Ақын оны тереңде:
әзірге ақ жамылғанымен, ертеңгі күннің жемістеріне жүкті болып дертін жатқан
Жер-ананың шілдеханасын күтеді ол.
        Осы жерде
заңды сұрақ келіп туады: ал ақын жырлап отырған жаңағы төрт бояуды қаңтардың
үскірік ақ қары басты да жауып тастады делік. Бірақ сол төрт бояуда адам іздері
- іздері болғанда да кісілігі мен қабат иттілігінің де, өсек-ғайбат,
хайуандығының да, арамза есептері мен зұлымдығының да, жә болмаса, тіпті бері
салғанда адам мен адам арасындағы өкпе- базынасының да іздері жасырынып қалды
ғой. Ал сонда ертеңге деп дерткен Жердің шілдеханасын күткен ақын сол
шілдеханамен бірге өткен жылғы жауыздық пен иттік, арамза есеп пен арзан қулық
іздері ол күткендей көмескі тартудың орнына көктеммен бірге қайта ашылып, қайта
бадырайып көрініп жататын болса, не етпек? Меніңше, бақай есебі жоқ, әманда
кесек турап жүретін аңқылдақ ақынға бұдан артық соққы болмаса керек.
         Енді біз
алдыртып тастаған шумаққа келейік:
Бұл күндерде бүлгін ниеттер
Бұрынғыдан бетер есірік.
Пәле-жала мүлде иектеп
Мүңкіп тұр иісі ие шірік.
Бұл шумақ жаңа жауған ақ қарға Хамиттің өзіне тән өрнекпен
сызып түсірілген сурет секілді мына өлеңнің қай жерінен қай жеріне «переход»
бола алады?
        Тапсаңыздар
жақсы. Таппасаңыздар, ешкімді мен жазғырмаймын. Өйткені оған кінәлі әуелі біз -
Зейнолла екеуміз де, қала берді қоймаған соң дегенімізге көне салған мұрны
қисайғыш тентек шалдың өзі.