ВЕРНУТЬСЯ

    Бір мың тоғыз жүз жетпіс бірінші жылдың октябрь айы.
Бейбітшілік қорғау комитетінің ұйғаруымен Дунай бойындағы елдерді араладым,
Дунай круизы деп аталатын бұл сапардағы кемеде жүз елудей адам бармыз. -
Одақтас он бес республика өкілдері. Мақсатымыз: ел көру, жер көру.
Мәдениетімізді жақындастыру. Елмен елді байланыстыру.
- Қазақстаннан бесеуміз. Екі әйел, үш еркек. Әйелдің бірі -
Қостанай облыстық атқару комитетінің жауапты қызметкері Бағила. Екіншісі -
көпке белгілі Ажар Ыбыраева.
        Ажар бұрын Қазақстан Орталық Комсомол
Қомитетінің секретары болып істеген. Қазақ ССР Жоғарғы Советіне депутат болып
сайланған, көпті көрген, көшелі кісі. Жүріс-тұрысынан, сөз саптасынан ысылған
адам екені көрініп тұрады.
        Біз Прага
қаласына шекарадағы Чоп станциясы арқылы поезбен келдік те, үш күн сонда
болдық, Завод-фабрикаларды араладық. Театрларына бардық. Еңбек адамдарымен
сұхбаттастық. Әрине, қолымыз босай қалса, магазиндерді де сырт қалдырған
жоқпыз.
        Аралай беруге
бармыз. Бірақ ала беруге келгенде - қысқа жіп күрмеуге келмейдінің кері.
Себебі, Прагаға келген бетте арқайсымызға қырық сомға жуық ақшамызды төрт жүз
алпыс кронаға айырбастап берген. Біз ерлер жағы кез келген жерде көзімізге
түскен ұсақ-түйекке шашып жүрміз. Ал әйелдер жағы... иә, әйелдер ақшаны қалай
ұстайтыны айтпаса да белгілі ғой.
        Сөйтіп, Ажар
екеуміз Вацлав алаңындағы магазинге кірдік... Бір кезде ол қолымнан тартты.
Қарасам, өңі бұзылыңқырап тұрған секілді. Аяқ-қолы дір-дір етеді. Шошып қалдым.
-        Не болды, Ажар?
          Ажарда үн
жоқ. Қолын шошайтып төбені көрсетеді. Мен жоғарыға қарадым. Бірақ асулы тұрған
люстралардан басқа түкті көріп тұрғаным жоқ. Аң-таңмын.
-        Люстра... -
деді Ажар сыбырлап.
-        Иә, люстра?..
         Бақсам,
атақты чех хрусталінен жасалған люстра төрт жүз жетпіс крона тұрады екен. Ал
Ажардың бар ақшасы төрт жүз алпыс қрона. Қиналыс сыры сонда.
-        Қиналма, -
дедім Ажарға.
         Сөйтіп
жетпегенін мен толтырып люстраны ораттырып алдық.
         Ажарды қуантқаныммен,
ендігі қиналыстың көкесі маған көшті. Ит арқасы қиян Дунай бойынан сатып алған
зіл қара тас шыныны сындырмай, бүлдірмей Алматыға жеткізу менің міндетім болса,
қиналмағанда қайтерсің!..