ВЕРНУТЬСЯ

    Бір мың тоғыз жүз алпыс бірінші жылдың февралінде семья
жайымен Қызылжарға жолым түсті. Әр жерге қонып ұшатын кішкене самолет үскірік
аяз, ақ түтек боранның кесірінен бір тәулікке кешіккені. Сарғая күтіп шаршаған
ағайындар - бүгін келмейді - деген жаңсақ мағлұматты малданып тарап кеткен.
Қарсылап алған пенде жоқ. Енді не істедім? Ойлап-ойлап түнгі сағат бір кезінде
жобалап келіп бір іні жігіттің есігін қақтым. Табиғатында ақ көңіл, жап-жақсы
елеңдерімен көзге түсіп жүірген газет қызметкері. Құрақ ұшты: Ау, аға, төрге
шығыңыз... Ау, шақырып келтіре алмайтын құрметті қонақ келіп қалды. Шай қой. Ет
ас!
       Мен неге келе
жатқан жайымды айттым. Тәулік бойы аяғымнан тік тұрып шаршағанымды, түктің
керегі жоқ екенін баяндадым.
-        Маған көрсетер
сый-кұрметіңнің ең үлкені - төсек салып бергізсең, мен тынықсам...- дедім.
      Өтінішімді
қабылдар, менің қазіргі жағдайымды түсінер іні қайда.
-        Үйімізге
тұңғыш рет бас сұғып отырғанда... о не дегеніңіз?! Құр ауыз жатқыза алмаймыз.
Мен қазір ауыз жылытатын бірдеме табайын, келініңіз тіске басарын дайындай
берсін, - деп киіне бастады.
-        Мына жеті
қараңғы үскірік аязды түнде қайда бармақсың? Әуре болма!
Ақын тыңдаудан қалды.
-        Қайда
баратынымды өзім білемін...
      Екі бөлмелі
кішкене үй әрі таза, әрі сондай жып-жылы екен. Әрі-беріден соң бойым жылынып
маужырай бастадым. Қанша жатқанымды білмеймін. Әйтеуір, дауыстан ояндым:
басы-көзін кырау басқан жігітім қып-қызыл нарттай болып есік көзінде тұр.
-      Сонау вокзалға
барып, күзетшінің бірінен зорға тапқаным...
-        Әлгіндей болмай-ақ
шай мен дәмді қуырдақ келді. Кішкеитай сидаң үстелдің жоғарғы жағында көзімді ашып-жұмып
мен отырмын. Қарсы бетте үй иесі. Әлсін-әлі еңкейіп аяғына қарай береді. Неге
өйтеді? - Таба алмай таңмын. Бақсам, таңданатындай ештеңе де жоқ: ит өлген
жерге жаяулап барып әкелген шөлмегі үстелдің астында екен.
-        Шөлмегіңді
ашпайсың ба?! - деп әйелі сыбыр етті.
-        Үй иесі үстел
астына қарай екі-үш рет қол созып барып, аузында қағаз тығыны бар шишаны алып
дастарқан үстіне қойды да үңіле қарады:
-        Күн дегенің қақап
тұр ғой. Тоңғаннан кейін аузымды жылытайын деп анда-санда бір ұрттап отырып едім,
еңсеріліп қалған ба өзі, немене?!
        Шынында да
шөлмекте түбін жасырарлықтай ғана бірдеме қалыпты. Мен күлген болсам керек.
Онсыз да нарттай жанып отырған інім өз ісінің ерсі екенін енді түсініп қызарақтап
қалды. Әйелі намыстана сөйледі:
-        Әдейі барған
соң екеу-үшауін неге алмадың? Біреу болған соң бүтін әкелмейсің бе?! Мұнысы көз
ғана. Өйткені мана күйеуі кетерде қалтасының түбін қағып жатқаны өзіме аян.
         Жұбата
сөйлеуіме тура келді.
      Жақын жер болса,
бір сәрі. Түу-түу вокзалға барып қайту оңай ма! Осы ықыласыңның өзі неге
тұрады. Бөл екіге, - дедім ішімдікке зауқым соқпай отырса да.
        Қалай десең де
басқаға қоң етін кесіп бергісі келіп тұратын інімнің осы бір күлкілі әрекетінде
айта жүрерлік әдемілік барын мойындауыма тура келеді.