ВЕРНУТЬСЯ

    Ескен Құсайынов - дембелше келген орта бойлы қара жігіт. Талай-талай облыстық сайыстарға түсіп бас бәйгені жеңіп алып жүрген балуан еді. Соғысқа барды. Омырауын ордендер мен медальдарға толтырып аман-есен жеңіспен оралған соң өзінің туған ауылы — Суаткөл колхозында председатель де болып қызмет істеді. Ол кездегі колхоз жағдайы белгілі емес пе: жетпіс-сексен үй. Мың қаралы қой-ешкі. Жүз елу-екі жүз сиыр, жетпіс-сексен жылқы. Әрі кетсе бес-алты жүз гектар егін салады. 
 — Солтүстік Қазақстан облысындағы көп колхоздың шама-шарқы осы. Ал Суаткөл болса сол шарықсыздардың бірі. Жоқ бірі дегенім қате. Өзі секілді қоңторғай жұпыны колхоздардан Суаткөлдің бір артықшылығы бар. Онысы — жерінің көптігі. Басқаларда жиырма-отыз мың гектар жер болса, бұл колхозда екі жүз мың гектар. Өзі қоныс тепкен жерден бастап Торғайдың жаны баспаған ақ селеулі даласына қарай сұғынып кете берер ащылы-тұщылы, шақатты қиырдың бәрі Суаткөлге қарайды. Ол кездегі тәртіп бойынша колхоздың мемлекетке берер алым-салық мөлшері жылдық табыс көлемінен емес, жер көлемінен барып шығатын. Жері көптің мемлекетке бермегі де көп. Бос жатқан иен жердің иесі Суаткөл — астығы мол шыққан жылдың өзінде де мемлекет қарызынан құтыла алмайтын, бір жылғы қарызы екінші жылға қарыз үстіне қарыз болып қосыла көшіп борыштың астында жататын сіңірі шыққан қу кедейдің өзі.
  Елуінші жылы осы секілді келеңсіз жәйлар ескеріліп, ұсақ колхоздар бірігіп, ірілене бастады. Немесе совхоз үлесіне ауысып жатты. Сондай өзгерістерге іліккендердің бірі осы Суаткөл еді. Шарқы шағын ауыл Қарағаш пен Есперлі, мен туған ауыл — Аманкелді төртеуі бірігіп Жамбыл атты совхозға айналып, төңірегі Қайыңды орман Тоқтыбай көлінің жағасынан жаңа қоныс теуіп жатқан кез. Қазығы жаңа қағыла бастаған совхозға келушілер көп. Олар ақ шаңқай шатырларда тұрады, үй салады. Қолдары босай қалса, Тоқтыбайдың иек артпасында тұрған Суаткөл жағасындағы ауылға серуенге шығады. Мақсаттары — жер көру, ертең осы совхозға қосылғалы жатқан елмен танысу емес әрине, оңайлау жатқан бірдемелер болса, қағып кету болыпты. Өрістен қайтқан мал ішінен қолына түскен қой-ешкіні көтеріп әкетеді. Көшеде жүірген тауықтарға жем тастап ұстап алады да, мойнын бұрап дорбаға ұрады. Сұрау жок, қымсыну да жоқ. Суаткөл бекінген болыпты. Бірақ атам- заманнан бері ашық-тесік жатқан ел етек-жеңін қайтіп бірден жиып ала алсын. Қалайда жем бола берген ғой.
  Дағдысынан кеш шығып келе жатқан көктемнің ызғырық бір күні екен, алакөбеден тұрып колхоз шаруашылығын ыңғайластырған, содан кейін совхоз орталығынан келген комиссия мүшелеріне тапсырып жатқан кеңсе қағаздарын бірыңғайластырған Ескен мал өрістен қайтқан сәске тұсында үйіне келген ғой. Шамасы сүт пісірім шаққа көз шырымын алмақ. Етігі мен үстіндегі ауыр киімін шешіп қисая берген екен, бақыра жылап бір әйел кіреді. Үсті-басы сары ала сауыс сүт. Қолы басы қан.
— Шырағым-ау, не болған саған?
— Ұрып кетті, — демей ме әйел байғұс кемсеңдеп.
  Сөйтсе оқиға былай екен: Бұл сепараторға сүтін өткізіп үйіне келе жатса, Тоқтыбай жақтан келген екі жігіт: сүтің өзіңде қалады, қаймағыңды бізге бересің! — дейді.
— Неге сендерге берем? Бірдемелеріңді өткізіп қойып па едіңдер қаймақ беретін?
  Сөйткенше болмайды, ана екеуі әйелдің қолынан қаймақты тартып алады да, өзін бір теуіп құлатады. Шелектегі сүт үстіне ақтарылады. Солардың бейбастақтығына қорланған әйел салып ұрып Ескенге келмей ме...
— Күн көруден қалдық қой, түге. Тапа-тал түсте өз үйіңнің қасында арақ ішкен бұзақыларға таланып, көрдік қой көресіні. Еркексіңдер ме, кімсіңдер өздерің? Беттерін қайырмайсыңдар ма көстеңдетіп қоя бермей?!
  Әйел сөзі жанына батқан Ескен киініп далаға шығады. Жаңағы екеу кетпепті. Кетпегені сол, басқа бір үйдің алдында тауық қуып әуре.
— Әй, кімсіңдер өздерің? Не істеп жүрсіңдер?
— Онда сенің не шаруаң бар?
— Неге шаруам болмайды, мен осы ауылдың әзірге бастығымын.
— Сендей бастықтардың көргенбіз талайын. Жаныңның барында тайып тұрғаның жөн.
— Өздерің қалай-қалай сөйлейсіңдер?! Мен бе, әлде сендер ме тайып тұртатын?
— Әрине, сен! — деп екеудің бірі Ескенді теуіп жіберген.
  Ашу буған бастық қолының қалай барып қалғанын өзі де білмейді, жаңағыны мұрттай ұшырыпты. Екіншісі келіп тиісе кете ме деп артына қараса, өкшесі жарқ-жұрқ етіп тайып бара жатқанын көреді. Соны байқап мұрттай ұшқанның өзі де зыта жөнеліпті. Әлсіз келіншектің кегін осылай алып берген Ескен көңілі жәйланып, әрі әйел алдында абыройын арттырып үйіне келіп қайта жатпай ма! Ойында әлі де болса, бір мызғып алу.
  Қанша жатты, білмейді, әйтеуір дауыстан оянады:
— Ойбай, тұр, Ескен, қаптап келеді әне! — Айқайлап кірген өз атшысы Жәми екен.
  Ескен аласа балшық үйдің кішкене терезесінен көз салса, Суаткөлдің арғы қабағынан жиырма шақты адам бері түсіп келеді. Манағы екеуінің ертіп шыққан тобырлары екені айдан анық. Мұны өлтірмекке келе жатыр. Алғашқы келген ой осы. Шынында да жиырмасы жиырма тепкен күннің өзінде де Ескенде не жан қалады?!
— Жәке, бұлардан қашып құтылу жоқ енді маған. Қайтсең де торы бестіні тақымыма тигіз, — дейді ғой Ескен Жәмиге.
  Майданда болып, кемтар аяқпен оралған Жәми торы атка жүгіреді. Бір сұмдықтың жақындап келе жатқанын сезіп балалар жылай бастайды.
— Өлсек біз өлейік, қаш, Ескен, көзіне түспе аналардың! — деп әйелі зарлайды.
— Қашқанда қайда барамын? Олар бәрібір қоймайды. Одан да торы бестіні тез жеткізе көр деп Жәмидің тілеуін тіле.
— Әне, анау үйдің алдында бір ат байлаулы тұр ғой, соған мінсейші, келіп қалды ғой мыналар...
— Жауда қалдырар топырыш емес пе, оған мінгенде не қайрат көрсете аламын, — деп Ескен баспайды.
  Сөйтіп жүгенін сыпырып далаға жіберген торы атты ұстап әкелгенше бір шама уақыт өтіпті. Айқайлап шу көтеріп, дуылдасып келе жатқан қомақты тобыр мұның үйіне жақындай берген... Ескен үлкен қақпаның баспасын салыпты да, темір күректің басын қағып тастап, келдегін қолына алған. Бар қаруы сол ғана. Қайтсе де жастығын ала жығылу.
Тобырдың алды үйге жетіп, айқайлай бастайды:
— Жаныңның барында аш қақпаны!..
— Ашпасаң сындырамыз!..
— Басып кіреміз!..
— Үйіңе өрт қоямыз!..
— Бала-шағаңды, әйеліңе дейін қырып тастаймыз!..
  Осы кезде үйден жүгіріп шыққан әйелі Жәмидің терезе алдынан өткенін, қораның сырт жағындағы кішкене қақпаға келсін дегенін хабарлаған. Ұрып, тепкілеп, иықтарымен итеріп сындырып қиратар қалге жеткізе бастаған қора дарбазасын жайына қалдырған Ескен жүгіріп барып сыртқы қақпаны аша бергенде торы атқа мінген Жәми мен мұның арасына екі жігіт түсе қалыпты. Аттылы адамды көріп осы бетті аңдығандар болса керек. Алдымен ұмтылғанын Ескен келдекпен бастан періп, жалп еткізген, одан кейінгісін келдектің қаламымен ішінен сұғып құлатыпты. Сөйтіп торы атына қолы жеткен ғой. Қолхоз басқармасының мәпелеп бағып, жаратып мініп жүрген қарулы торысына қарғып мінген Ескен енді келсең-кел деп ойнақтап шыға келмей ме! Көзі қора айналып қашып бара жатқан біреуге түскен екен, қуып жетіп торының төсімен соғып құлатады да тапап кетеді. Содан кейін қақпаға үймелегендерге айқай салады:
— Не істейтін едіңдер? Мен міне мындамын!
  Жаңағы дүлей тобыр осылай қарай лап қойғанда Ескен торыны тебініп қалып соқталы аттың кеудесімен ортасын қақ жарып бір өтеді. Қайырыла шапқанда ат тұяғына ілігіп мертігіп жатқан екеу-үшеуге көзі түскен.
  Еңгезердей бірден мұның шылбырына жармасқан екен, бала кезінен ат құлағында ойнап өскен Ескен қарулы қолымен жауырынынан сарт еткізіп, қапсыра ұстап басын тақымына басып сүйрете жөнеледі. Оқ бойы жерге шауып барып аяғын жазса, қылқына бастаған жаңағы сылқ ете қалған. Қайырыла шапқан Ескеннің көзі топтан жырыла шығып ұмтылып келе жатқан тағы бір қасқа бас дәуге түсіпті. Саусақтарын тарбитып, құлашты қолын кең жайып, мысық табандап келеді екен.
  Шамасы, аттан аударып түсірмек. Жұлқына шапқан ат екпінімен ұлғая, күшейіп барып дәл тиген келдек соққысы қойсын ба, мұнысы да қылжаң ете қалыпты. Бұл тегі «атамандарының» бірі болса керек, өйткені осы қасқа бас құлаған соң қалғандары тырақайлап қаша жөнелген. Осы жағдай көзіне қан толып кеткен Ескенге ол беріп жіберген ғой. Іс-әрекет қимылға кеңістік-мүмкіндік алған жігіт енді кашқандарды біртіндеп қуып жетіп баудай түсіре беріпті. Соққыға жығылмаған бірі жоқ. Қашқандардың ең соңғысы Суаткөлдің арғы қабағына жетіп қалған екен, қан майданды көріп құтырынып алған торы ат қойсын ба, Ескен оны да Тоқтыбай көліне жеткізбей қуып жеткен де жайратып тастаған... Өтірік, шынын кім білсін, «Суаткөлге қарай енді қайтып аяқ баспайын, ағатай, өлтірменізші, — деп жалыныпты деседі», бірақ өз басын бәйгеге тігіп, әйелі мен бала-шағасының өмірін оққа байлап, ойран салып жүрген жігіт ол жалбарынышты естіді дейсің бе?!
  Естен қалса, мағынасын түсінбеуі де мүмкін. Әйтеуір, ауыр соққыға жығылып, қатты жараланғандардың бірі сол жігіт...
...Осы оқиғадан кейін бір айдан соң мен туған ауылыма бардым. Жұрт аузында жиырма бір жігітке қарсы шапқан Ескен ерлігі. Жараланбаған бірі жоқ.
  Қасыма милиңиядан кісі ертіп, ауруханаға барып, Суаткөл айқасына қатысқандардың екеу-үшеуімен тілдескенім де бар. Қандай сұрақ қойсам да, бастарын төмен салып, қипыжықтап теріс айнала береді. Мардымды жауап жоқ. Қан-жоса болып отырғанымен: Ескен мені ұрып кетті, Ескеннен таяқ жедім, — деп бірі шағым жасамайды. Қипыжықтап теріс айнала беретіндері де содан болса керек.
  Мен Петропавл қаласының түрмесінде Ескеннің өзімен де жолығыстым. Сәл таралып, бозаң тартқаны болмаса, жиырма бір адаммен жекпе-жек шыққан батырдың көнілі сондай тетік.
— Айыпты болсам, қандай жазасын да көтеремін, — деді сергек дауыспен.
  Бірақ өткен оқиғаның көп жайлары есінде жоқ. Айта беретіні торы бестісі. Қарсы келгенді құлағын жымитып тістеп, кеудесімен жапырып, жығылып жатқандарды қашаулап басыпты. Сөйтіп басына қатер төнген иесіне көмектесіпті жануар.
— Көрер жарығым, татар дәм-тұзымның таусылмағаны шығар... — деп Ескен торы ат жөнінде кемсеңдей айтты. — Жығылсаң, сиыр мүйізін төсейді, жылқы жалын төсейді, — деген нақыл бар. Бекер айтылмаған нақыл. Өйткені жылқы баласы көкпар, сайыс, бәйгелерде жығылып жатқан адамның бірін баспайды, қайтсе де қарғып өтеді. Ал мына жерде жануар ата-тегінің сол қасиетінен айнып, жығылғандарды таптап жапырып жүріпті...
  Қоштасар сәтте Ескен қайратқа мінген секілді болды:
— Өз бетіммен барып ешкімге де тиіскен жоқпын. Менің ісім ерлік емес, бас арашалау ғана. Советтік әділ заң ақты-қарасын тексерер. Қылмысым болса, амал не, көтеремін де, — деді тағы да қолымды қысып. Басқа түк айтқан жоқ.
  СССР Жоғары соты пленумының қаулысында мынадай пункттер бар екен:
  «Право на необходимую оборону является одной из важных гарантий реализации конституционных прав и обязанностей граждан по защите от общественно опасных посягательств интересов Советского госдарства и общества, социалистической собственности, общественного порядка, жизни, здоровья, чести и достоинства советских людей. 
  ...граждане имеют право на применение активных мер при защите от общественно опасного посягательства путем причинения посягающему вреда, независимо от наличии у них возможности спастись бегством или использовать иные способы избежать нападения.
  ...состояние необходимой обороны возникает не только в самый момент общественно опасного посягательства, но и при наличии реальной угрозы нападения. Состояние необходимой обороны может иметь и тогда, когда защита последовала непосредственно за актом хотя бы и оконченного посягательства, но по обстоятельствам дела для оборонявшегося не был ясен момент его окончания... Суды должны учитывать не только соответствие или несоответствие средств защиты и нападения, но и характер опасности, угрожашшей оборонявшемуся, его силы и возможности по отражению посягательства...»
  Бұл қаулы Суаткөл оқиғасынан көп жыл кейін бір мың тоғыз жүз сексен төртінші жылдың он алтыншы авгусы күні алынған. Бірақ осында барынша айқын да бүкпесіз айтылған шындық пен әділдік рухы сол кездің өзінде де емір бар жерде, қым-қиғаш адам қатынастары бар жерде қалықтап ұшып, заң әділдігін жоқтаушы әділ қазылардың көкірегінде сара жол болып сайрап жатқан болса керек... Ескен үш айдан кейін тұтқыннан босап, құлан таза ақталып шықты.
  Суаткөл — қазір Жамбылдан бөлініп шығып өз алдына отау тіккен жаңа совхоздың орталығы. Жыл сайын өсіп, өркен жайып келе жатқан жаңа ауыл.
  Баяғы жоқшылық пен кедейшілік келмеске кеткен. Ендігі ауыл азаматтары — Суаткөл оқиғасы кезінде немесе сол оқиғадан кейін туғандар. Ескен ерлігі оларға жәй ертегі секілді, бірі білсе, енді бірінің хабарында да жоқ.
  Бас-аяғы жетпіс-сексен үйден кұралған осы ауылдың жүз елуден астам азаматы майданға аттаныпты. Солардың жүзден астам боздағы от басына қайтып оралмаған. Әзірге жалғыз-ак көшеден тұратын осы бір шағын қыстақтың ортасында бойын көкке созып құлпытас тұр. — Жаңағы майданда қаза болған ата, әке, ағаларға арналған қазіргі ұрпақ алғысы. Әрине, ол тізімнің ішінде Ескен есімді жігіт жоқ. Майданға солдат болып барып, офицер болып оралған Ескен соғыстан кейінгі өмір тауқыметінің талайын басынан кешіріп барып өз ажалынан қаза болған.
  Мен білетін Ескен адал да таза, енбекқор да момын, қой аузынан шөп алмастың өзі еді. Бірақ майданда болсын, мейлі бейбіт еңбекте болсын намысын қолдан бермеген асыл азамат.
  Ел ішіндегі намысқой, жоқшы жігіттер жиналып ел атынан белгі қоямыз деп қаракет жасар болса, Ескен оған татитын ағалары...