ВЕРНУТЬСЯ

    Бала кезімде бір жылы Қызылжар қаласында қасапшының үйінде
бір ай пәтерде тұрғаным бар. Қасапшы орта бойлы, жирен шаш, көк көз тығыншықтай
жас жігіт еді. Есепке жүйрік-тін: қас қараймай шам жақтырмайды. Ал түнгі сағат
он бірде әдейі келіп мен жатқан бөлменің шамын өшіріп кететін. Әке-көке десең
де көнбейтін.
- Жанып тұрған шамың ақшаға түсетінін білесің бе? - дер еді.
-        Тиын ғой,
тақсыр-екесі.
-        Мм... ақшаның
тиыннан құралатынын білмейді екенсің ғой, шырақ. Біліп қой онда, - деп электр
жарығын тырс еткізіп сөндіріп кететін. Түнде далаға шықсаң да айқайлап жатқаны:
-        Шам жақпасаң
адасып кетесің бе? Сөндір деймін.
       Бұл күнде атын
ұмытып калған қасапшым осындай жігіт еді. Бір күні кеш құрым мынадай оқиғаға
куә болмасым бар емес пе: далаға шықсам, үй сыртында қасапшым біреумен сөйлесіп
тұр екен. Біреу дегенім көрші үйде тұратын Нағима дейтін сұлу қыз.
-        Мен саған
ғашықпын, Нағимаш.
-        Мен саған
ғашық емеспін...
-        Екі жарты
қосылып бір бүтін болайықшы, Нағимаш.
-      Жарты болсаң
өзің жарты бола бер. Мен жарты емеспін. Бүтінмін.
-      Мен бай
адаммын, Нағимаш.
-        Баймын дегенше
бақытсызбын де.
-        Не себептен
бақытсыз болмақпын? Мен бақытты адаммын қайта.
-        Бақытсыз болатының
- қараусың. Дүниеқоңызсың.
-        Не дейсің?
Қайталашы.
-        Бақытсызсың,
дүниеқоңызсың деймін... Сендей наданға қор болғанша өмір бақи қу тіземді
кұшақтап өткенім жақсы.
       Қасапшы ұмтылып
барып Нағиманы теуіп жіберді. Араларында бұрын қандай қатынас болған, ол арасы
маған қараңғы. Әйтеуір менің естігенім осы жан-жал. Екі-үш күн өтті. Қасапшы
үйге бір қыздың суретін алып келді. Турасын айтсам, сурет емес, ет сататын дүкендерде
сойылған мал нобайы ілініп, қызыл сызыктармен қалай бұтарлаудың жолдары
көрсетілуші еді ғой, дәп сондай қолын қол, бұтын бұт етіп бұтарлаған сурет.
Қасапшы сол суретті қабырғаға ілді де ұзақ қарады. Содан кейін мені шақырды:
-        Қыз дейді... осы
қызда, кәне айтшы, не қызық бар? Қолы қол, саны сан. Түк қызығы жоқ. Қызығы жоқ
емес-ау, малдың мүшелері әлде-қайда әдемі, әлде қайда дәмдірек келеді. Ал
мынада не дәм, не тату жок. Өтірік деші?!. - деп менен қолдау таппақ болды.
       Мен қарсылық білдірдім.
-        Дүние-тірлікке
тек қасапшының көзімен ғана қарауға болмайды ғой...
        Қасапшы
үндемей қалды. Менің пікіріммен келіскен шиығар десем, қателескен екенмін.
Ертеңіне басқа бір үйге қоныс аударуыма тура келді...