ВЕРНУТЬСЯ

    Жұмыс аяғында үйге келіп білдім: Педагогикалық институттың
студенттері телефон шылдырлатып, кездесуге шақырыпты. Уақыты соншалықты тығыз.
Ал тақырыбы болса беймәлім: үй іші сұрамаған, шақырушылар айтпаған. Ойлап-ойлап,
барғанды жөн кердім: тым болмаса жұрт айтқанды тыңдап қайтқан да теріс болмайды
ғой.
        Жеткен хабардын
шалағайлығы сондайлық, мен, тіпті, кешігіп қалыппын. Зал лық толы. Мінбеде бір
шикіл сары сөйлеп тұр. Шешен сөзін бөлмейін деп кіреберіске отыра салып едім:
-        Президиумға, -
деген дауыстар шықты. Жұрт дүрліге қол соға бастады. Амал жоқ, ілгері өтуге
тура келді. Көрсеткен орынға жайғасқан соң байқадым, стол  басында мен танитын бірер адам бар екен:
қоңқақ мұрын, құбаша-ақын. Одан әрі отырған жалпақ бет қара - сыншы.
         Шикіл сары сөзін
ілгері жалғады.
-        Біз сендердей
кезімізде есеп дегеннің не екенін білмейтін едік. Не істесек те, мемлекет қамын
ойлайтынбыз. Ал бүгінгі жастардың психологиясы мүлде басқа. Олар есепке жүйрік.
Жоғары оқуға түсердің өзінде де мемлекетке емес, өзіне пайда түсірер мамандықты
таңдайды. Мәселен, зоовет институтта оқып жатқандардың қайсы бірі мал бағуды
жақсы көреді дейсің. Сонда да зоотехник, ветеринарлық дәрігер болып шықпақшы.
Себебі, олар малдың өзін жек көрсе де, сүтін жек көрмейді.
        Кеш келіп,
ештеңе түсінбегендігім бе, әлде осынша жәбірлейтіндей қазіргі жастардың, оның
ішінде зоовет институтта оқып жүргендердің не жазығы бар дедім бе, әйтеуір:
-        Мынау не айтып
тұр? - деп оң жағымда отырған көзілдірікті жігітке бұрылдым.
-        Бұл кісі осы
институттың мұғалімі. Ұстаз болған соң, не айтса да еркі бар ғой.
       Мен енді мына жиын
мақсатын анықтап алғым келді:
-        Бұл жиын ненің
құрметі?
-     Е, естімеген екенсіз ғой. Студенттердің ойлап
шығарып ж.ргені. Кездесу тақырыбы - «Өткен өміріңдегі есте қалған бір оқиға».
-        Балалар
шынында да қу екен. Аңқау ағаларын мінбеге шығарып алып, аузына келгенін
сөйлетпек қой,- деп әріректе отырған бір жігіт ана мінбедегі шикіл сарыны
иегімен нұсқап мырс етті.
         Мен ойланып қалдым.
Шынын айту керек, сондай табылған тақырып. Өз өміріңдегі тағыдым боларлық бір
оқиғаны есіңе алып, жақсы жандар туралы айтып берсең, жастарға өнеге, ал өзіңе
жан ләззатын әкелер еді ғой.
        Ал сонда мына
оқыс сауалға не деп жауап бермек керек? Басыңнан өткен көп оқиғалардың қайсысы
мәнді? Қайсысы бүгінгі жасқа әсер етпек? Жөппелдемеде солардың ішінен нені
даралап айтқан жөн болмақ?
        Мен осындай
бір сауалдар қойып, азапқа түсіп отырғанда:
-        Есеп қумаңдар,
балалар!- деп әлгі шикіл сары мінбеден түсті.
         Зал
тым-тырыс. Қол соққан бір пенде жоқ. Енді мінбеге қоңқақ мұрын құбаша ақын көтерілді.
        Ренішті залдың
көңілін көтерейін деді ме, жасында өзі ғашық болған бір қыз туралы айтты. Ұзын
сөздің ұрғасынан түсінгенім: бұл қызды шын сүйген екен де, қыз байғұс мұның
сезімін түсіне алмаған.
-        Қыз балалар,
махаббатты қадірлей біліңдер! - деп тоқтады құбаша ақын.
         Үшінші болып
мінбеге сыншы көтерілді.
-        Мына бір жас
ақын дала туралы өлең жазған екен. Өлеңінде қала тынысының тарлығын, шуылының көптігін
айта келіп, көсіліп жатқан кең даланы аңсайды екен. Бұл не, жолдастар?- деп
сыншы аса бір мәнді кідіріс жасады. Содан кейін өз сұрағына өзі жауап беріп, сөйлеп
кетті.- Бұл - атам заманнан бері сын мансұқ етіп келе жатқан, өзіміз де талай-талай
өлтіре сынап келе жатқан патриархалыцина, ескіні көксеу. Көзілдірікті жігіт
әдебиет тарихынан мол хабардар адам екен.
- Мына жарықтық бұрынғы китіңінен әлі танбапты ғой, - деп
қалды .
- Китіңі емес, күрзісі ғой,- деп әріректе отырған жігіт тағы
сөзге араласты.
Залдан да шу шықты.
- Сіз айтып отырған жас ақын соғыстан кейін туған жігіт.
Олай болса, оның көксеп отырған «ескісі» елуінші, алпысыншы жылдар болып
шығады. Онда қандай патриархалыцина бар?! Бұл жиындағы әңгіме тақырыбы мүлде бөлек...
Одан да сіз өз басыңыздан әңгіме қозғаңыз.
        Мен әлі ой
жетегіндемін: залда өрендей жастар отыр. Бүгінгі студенттер. Ертеңгі
мұғалім-ұстаздар. Ал осы мұғалім-ұстаз бен шәкірт ара қатынасы қандай болмақ?
        Ұстаз
ұстаздығын сатып, жасының үлкендігін бұлдап, кез келген жерде орынды-орынсыз
ақыл айта берсе, ондай ұстазда не құн бар? Осы ойдың ұшы мені жетелеп отырып
алыста қалған балалық шағыма, мен оқыған орта мектепке, ондағы бір ғазиз
мұғалім-ұстазыма алып барды.
...Бір мың тоғыз жүз отыз сегізінші жылдың күзі еді. Мен
онда төрт кластық ауыл мектебін бітіріп, көршімізде жиырма шақырым жердегі
Майбалық орта мектебінің бесінші класына келіп түскен болатынмын. Ілгері класта
оқитын балалардан білгенім: мектептің бұрынғы шала сауатты мұғалімдері кетіпті
де, олардың орнына жоғары оқу орнын биыл бітірген кілең жастар келген. Бәрі де
ығай мен сығай.
        Оқу
басталысымен-ақ бұл пікірдің дұрыстығына менің көзім жетті. Тарамыс денелі,
ұзын бойлы қара кісі Ешмұхамбетов Кәрім - мектеп директоры. Ол маған тіпті өзінің
сұсты қияпатымен, маңғаз, паңдығымен әлде бір сәуегей ақсақал-патриарх секілді
болып көрінетін еді.
       Жас мұғалімдердің
ішінен көз алдымдағысы - тарғыл бет, кесік мұрын, аласа бойлы мұғалім - Ғазез
Әбішев. Әдебиет пәнінен сабақ беретін. Мінезге бай, кішіпейіл, не айтса да «бұл
не зат?» деп тұратын кісі. Балаларға ұрыспайтын. Сөйтсе де сабағын демімізді
ішімізден алып, тыныш отырып тыңдайтын едік. Өзі өлең жазатын. Өлең жазатын
балаларды төңірегіне жинап, қанаты қатпаған жастар шығармаларын жалықпай оқып,
жөндейтін. Тіпті кейбір шумақтарды жанынан қосып, неге, қалай өңдеп, өзгерткен
себептерін де тәптіштеп түсіндіретін-ді.
       Ал математика
пәнінен сабақ беретін аққұба жігіт - Шияп Садықовтың жөні мүлде бөлек.
      Ешмұхамбетов
директорды айында-жылында бір көрсек, Ғазез үнемі қасымызда болатын. Шияп та
мектептің оку жағын басқарған себепті үнемі көз алдымызда.
          Дегенмен бұл
мұғалімге біз үнемі жолай алмайтынбыз. Себебі ол балаларды іш тартып өзіне
жақындатып та, жә болмаса сыртқа теуіп, алыстатып та жібермейтін.
        Біз одан
қаймығатын едік. Әлде сабақ беретін әдісі өзгеше болғандықтан сыйлаймыз ба,
әйтеуір, оған деген сезіміміз жұмбақ, түсініксіз. Бір ғажабы ІІІияп мұғалім аз
сөйлейтін. Дауысын көтеріп балаларға ұрысқан кезі де жадымда жоқ. Сөйтсе де
математика сабағын біз айрықша бір мейрам немесе той секілді күтуші едік.
Үзіліс бітпей жатып класқа кіретінбіз. Тақтаны тап тұйнақтай тазалап, бәріміз
де орнымызға барып қимылсыз отырып, есікті бағатынбыз. Шияп мұғалім кешікпейді.
Қорырау соғылған соңғы минутта еңселі кластың есігі ашылады. Арғы жақтан ақ өңін
сондай аша түсетін кіршіксіз аппақ көйлек киіп, көк галстук таққан ұзын бойлы,
қонқақ мұрын талдырмаш жігіт кіріп келе жатар еді. Біз бәріміз де орнымыздан
тұрамыз. Кей мұғалім амандықтың осы түрін қатты ұнатады ғой. «Былай тұрмадың,
алай тұрдың», «олай амандасудың орнына былай амандастын» деп ескерту жасап жататындар да табылады. Ал
Шияп мұғалім болса, кіре бергенде-ақ қолын көтеріп «отырыңдар» деп ишарат
білдіреді де, өз столына келеді. Содан соң тамағын сәл кенеңкіреп:
-        Қалай, сабаққа
дайындалдыңдар ма, балалар?- деп сұрайтын.
-        Дайындалғанда
қандай! - дейміз біз бір ауыздан.
         Шияп мұғалім
жүзіне аздап күлкінің ізі жүгіреді. Өйткені ол біздің математика сабағына
әманда дайындалып келетінімізді жаксы біледі. Біле тұра сұрайды. Ал оның біле
тұра сұрап тұрған осы «қулығын» біз біле бермейміз. Ағымыздан жарыламыз. Сол
балалық аңқаулығымызға күле ме, әйтеуір күледі. Ал Шияп мұғалім күлсе, біз
рахаттанып қаламыз. Өйткені оның қияпатты сұсты өңіне күлкі жарасады.
         Шияп үні
көкірегінен шығатын, қаз дауысты мұғалім еді. Оның үстіне сабақты да өте жақсы
түсіндіретін. Әсіресе жаңа тақырыпты өткенде ұрымтал жерді тауып, қиын
қисындардың өзін айқын етіп әр оқушыға жеткізіп бере білетін. Сол себепті біз
де қарыздар болып қалмайық дейміз бе, «тақтаға кім шығады?», «пәлен тақырыпты,
кәне кім айтады?» дегенде, қолымызды бірімізден біріміз асыра көтеруші едік. Өз
білгеніңді таныту, сөйтіп бұл мұғалімнің көзіне түсу әрқайсымыздың арманымыз
секілді.
         1939 жылдың
кысы. Сол жылы Сәбит Мұқановтың «Жұмбак жалау» романы жарық көрді. Кітапқа
шөліркеген біздер кітапханаға айлап кезекке тұрып, бұл романды қолдан қолға
тнгізбей жаппай оқығанбыз. Екі баланың басы қосылса, әнгіме тақырыбы - осы
кітап.
           Балалар
болса Асқарға ұқсағысы келіп, қыздар болса Ботакөз болғысы келіп, сілкініп
жатқан кезіміз еді. Бір күні өзінің дағдылы сабағына Шияп мұғалім сол «Жұмбақ
жалау» романының екі данасын алып келгені әлі есімде.
-        Балалар, мына
кітапты оқыдыңдар ма?
          Бәріміз де
шу ете қалдық.
-        Оқығанда
қандай?
-        Қалай
оқыдыңдар?- деп сұрады Шияп мұғалім.
          Жауап әр
қилы. Біреу пілте шам жарығымен түнімен оқыпты. Біреу ертемен тұрып оқыған.
Қолына қағаз, қалам алып керекті жерін жазып алып оқығандар да, жазбай
оқығандар да бар. Соның бәрін Шияп тыңдап болды да:
-        Балалар,
көңілдеріне келсе де айтайын, тап мына Сафуанша бірің де оқымағансыңдар,- деді.
        Менін жүрегім
су ете қалды: мақтағаны ма, даттағаны ма?
-        Міне, кітап оқу
деп мынаны айт!- Шияп мұғалім «Жұмбақ жалау» романының соңғы бетін ашты да, ақ жерлеріне
толтыра жазылған шатпактарды көрсетті.
        Менің бетімнен
отым шықты. Себебі, ол шатпақтарды мен жазған болатынмын. Романның бала көңілге
әсер салғаны сондай, кітаптың өзімдікі емес, кітапхананікі екенін де
ескермеппін ғой. Тіпті, қай кітаптың болса да бетін шимайлаудың жөн емес екенін
ол кезде білмейтін де болсам керек. Ойыма келгенді жаза беріппін.
        Шияп мұғалім
бірақ ұрысқан жоқ. «Бұдан былай кітапхана кітабын шимайлама» деп ақыл да
айтпады. Бар болғаны қасыма келді де:
-        Арманың көп, сөзің
мағыналы екен, мына кітапқа да бірдемелер жазарсың, - деп екінші кітапты менің
қолыма ұстата берді. Мен аларымды да, алмасымды да білмедім. Алайын десем, Шияп
мұғалімнің кекесінмен айтып тұрғанын анық сезінем. Алмайын десем, сыйлайтын,
сыйлағандықтан әманда қаймығыңқырап жүретін бедел иесінің сөзін далаға тастау
да қиын. Ақыры сезімнің осы екіншісі жеңді ме, мен «Жұмбақ жалау» романын үнсіз
алып, портфеліме салдым. Класс іші жым-жырт. Шияп мұғалімнің кекесінмен істеп
тұрғанын олар да біледі. Сол себепті қазір бір сұмдықтың боларын күтіп үнсіз қалған.
Қасымда отырған Тоқтар деген жалпақ бет, тайқы мұрын, мінезге бай досым:
-        Бекер алдың,
қазір ұрсады ғой,- деп күбір етті.
Бірақ Шияп мұғалім балалар күткен жерден табылмады. Қайрылып
орнына барған бойы сағатына қарады.
         Содан кейін үнді
қаз даусымен:
-        Балалар, уақыт
босқа өтіңкіреп кеткендіктен, үйге берген тапсырманы келер сабақта пысықтармыз.
Қазір жаңа тақырыпқа көшейік,- деп әңгімені мүлде басқа арнаға бұрды.
       Арада бірнеше
күн өтті. Мен мұғалім сыйлаған кітапты не істерімді білмей көп жүрдім. Ақыры
Тоқтардың ақылымен оңаша отырған кезін пайдаланып, Шияп мұғалімнің кабинетіне
кірдім. Әлде осы бір келуімді күтті, күтпесе жайдан-жай келмегенімді сезді,
әйтеуір, Шияп мұғалім орнынан тұрып, жылы қарсы алды.
-        Иә, балақан?
-        Мұғалім, кітап
бетін шимайлап ағаттық жасадым, кешірім сұраймын. Енді қайтып мұндай кемшілікті
қайталамаспын,- деп кітапты өзіне ұсындым.
      Шияп мұғалім «жоқ, бұл қалай, мен саған
сыйлап едім ғой»,- деп көлгірсімеді. Тегі өз әдісінің нысанаға дөп тигеніне
риза болды ма, жымиып күлді де, кітапты қолына алды. Өзі де оқып шыққандығын
танытып, әр беттерін ашып отырды да:
-        Қалай десең де
кітап беттеріне жазғандарың көңілге қонады. Адам арманшыл болуға тиісті.
Өйткені арман қашан да адамды алға жетелейді.
           Шияп
мұғалім осыны айтты да стол суырмасынан «Жұмбақ жалаудың» мен шимайлаған
данасын алып, бірінші бетіне: «Сафуан балақанға! Осы кітаптың соңғы бетіне өзің
жазған армандарыңның орындалуын тілеймін. Шияп Садықов» - деп жазып, қолыма
ұсынды.
         Содан кейін
жымиып күлді де:
-        Мынау өз
кітабым еді, тағы бір белгілер салып тастамасаң, кітапханаға апарып тапсыруға
тиістімін. Бұдан былай көпшілік оқитын кітапқа ұқыпты қара, - деп стол
суырмасына салды. Мен Шияп мұғалімнің кабинетінен төбем көкке жеткендей болып
шықтым.
          Есік алдында
күткендердің де есі жоқ. Қітапты қолдан қолға алып, мұғалімнің қолтаңбасын
тамашалаумен болды. Ал мен болсам, өзімді басқа балалардан бойым озыңқырап
тұрған секілді сезінем. Бірақ бұл Шияп мұғалімнің тек маған ғана жасаған
ілтипаты емес еді. Біршама жақсы оқыған балаларды алаламау - ұстанған жолы
болса керек-ті. Шын мағынасындағы педагог екендігі оның балаларға деген
көзқарасы, іс-әрекетінен әр кезде-ақ көрініп тұратын.
    Шияп мұғалімнің
қай шешімі болса да терең толғаныстан, күн демей, түн демей балалар жәйін ойлап
жүруден туатынына осы күні көзім анық жетеді. Үстірт  байлам, қызбалық бұл мұғалімге жат қылық.
       Жетінші класта
біз отыз жеті бала оқыдық. Отыз жеті түр-түс қана емес, отыз жеті түрлі мінез
ғой бұл.
         Сабақты «керемет
оқыдық» деп қанша мақтанғаныммен, ішімізде тентегіміз де, иіс алмасымыз да
табылып қалатын. Солардың өзіне де қатал деген Шияп мұғалімнің көзқарасы шындап
келгенде қатал бола бермейтін-ді.
Дайындықсыз келген, жауап бере алмаған баланы екілік бағамен
көзге шұқымайтын. Ең әуелі үй-жәйін, неге дайындала алмаған себебін сұрап
білетін. Ал бала жауабынан жалғандықты сезсе, сабақтан кейін дереу кабинетіне шақырып алушы еді. Бір таңданарлығы - Шияп мұғалім
кабинетіне кірген бала мүлдем өзгеріп шығатын-ды. Үлгермегендер үлгеріп,
тентектер жуасып кететін. Бірақ себебін ешкім білмейді. Кабинетте болған балалар
болса айтпайды. Айдан анығы кім болса да ол кабинеттен жәбір көріп
шықпайтындығы.
       Осының бәрін
бүгінгі күнгі ақылдың көзіне салып, сараптай келе түйетінім: Шияп мұғалім бала
психологиясы дегенді терең білген. Бала намысының мұқалғыш келетінін, ал
мұқалған намыстың күтпеген жайларға апарып соқтыратынын тамыршыдай тап басқан. Соның бір айғағы
тағы да өз басымда.
        Шияп мұғалім
кітап сыйлаған соң беделім көтерілдіме, әлде жақсы оқығандығым себеп болды ма,
әйтеуір келер жылы өз класымның старостасы болып сайланғаным көз алдымда.
        Осы бір
тұстағы интернатта өткен өмірімді еске алсам, сол кездің екі бірдей қызық иісі
күні бүгінге дейін мұрнымды келіп қытықтайды. Бірі нан иісі. Интернаттың өз
наубайханасы бар. Онда кілең бір әнші украин кыздары жұмыс істейді. Аракідік
кезекші болған кезімдегі сурет көз алдымда: үлкен кеспектерде тасып жатқан
қамыр жалпақ столдың үстіне төңкеріледі. Содан кейін оқтаудай жұп-жұмыр кілең бір ақ білектер қамыр үстінде
ойнағанда бүгінгі жастардың би билесі түк би секілді емес. Сұлу қыздар өстіп ән
сала жүріп ақ білектерімен стол үстінде «билеп» болғаннан кейін, иі қанған
қамыр қазақы бала ұғымынан тыс бір, шұңғыл ыдыстарға аударылады да пеш ішіне
жөнелтіледі.
        Сол пештен
шыққан төмпе-төмпе ақ бөлке иісі аш болмасақ та, ауылда ашытпаған нан жеп
келген біздердің сілекейімізді шұбыртатын-ды. Екінші иіс - қағаз иісі. Бұл
иістің де әсері мен үшін пісірілген нан иісінен әсте кем емес. Жазылмаған
дәптердің ақ парақтары, оған түскен тор көздер мен шетіндегі қызыл сызықтар
ғажайып бір иіс шығарып сезіміңді баурайтын. Қағаздың тапшылығы ма, білмеймін,
әйтеуір, бір блокнот, не бір қалың дәптер қолыңа түссе, әкең базардан келгендей
қуанатынсың.
      Әлі есімде, бір
күні сабақ үстінде Шияп мұғалім интернатқа дәптер келгенін айтты. Аздығы
сондай, бала басына біреуден ғана.
      Үлкен үзіліс
кезінде жүгіріп завхозға бардым. Ол тізімге қарады да: отыз жеті балаға отыз
жеті дәптер, деп пар-парлап санап, жетпіс төрт дәптерді ұстата берді.
Қызыққандығым сондай, «артық қой» деуге аузым бармады. Класқа келген бетте
сырымды Тоқтарға айттым.
-        Не істеуім
керек? Қайтарып берсем бе екен?
-        Қайтарып беріп
жындандың ба?! Бөліп алайық та.
-        Біліп қойса
қайтеміз?
-        Біліп қойса,
кім алғанын қайдан біледі? Жоғалды дейді де қояды. Оның үстіне соншама көп дәптердің
ішінен бір отыз жетісін іздемеуі де мүмкін ғой.
Тоқтардың осы сөзі қамшы болды. Дәптерді жасырып портфельге
салып алып үйге әкелдік те, бөліп алдық. Бөлінбей қалған бір дәптерді Тоқтар
«еңбегің бар ғой, сен ал!» деп маған берді.
          Арада екі-үш
күн өтті. Дәптер туралы не сөз болып жатыр дейміз бе, аяқты ұшынан басып
жүрдік. Тың тыңдаймыз, сөйткенше болмады, дүңк ете қалды.
-        Интернат
қоймасында отыз жеті дәптер жетпей қалыпты.
-        Старосталардың
біріне завхоз жаңсақ санап, артық беріп жіберіпті.
         Сол күннің
ертеңіне біреуден «сені Темірболатов шақырып жатыр» деген хабар келді.
        Темірболатов
Үтжан жұмсақ мінезді қартаң адам болатын. Сонда да жүрегім лүпілдеп бардым.
«Өлсең де мойындама» деп Тоқтар тапсырып жіберсе де, егер алғанымды қадап айтса
қайырып берейін деймін. Бірақс завхоз сондай жайбарақат екен. Сонысы маған күш
беріп жіберді.
-        Біраз дәптер
жетпей қалды, анада кеткен жоқ па, балақан? - деді әлденені көтеріп бір жерден
екінші жерге қойып жатқан қалпында.
-        Жоқ, кеткен жоқ,
- дедім мен сенімсіздеу.
        Завхоз
қайталап ештеңе демеді. Маған көз қиығын да салған жоқ.
-        Ә, жарайды,
ендеше бара бер.
          Мен қуанып,
класқа келдім. Болған жәйді Тоқтарға айтып едім, «Әне айтпадым ба, саған, кім
алғанын қайдан біледі» деп, о да масайрап кетті. Бірақ ел құлағы елу емес пе,
«VIII класс старостасын завхоз шақырыпты, жоғалған дәптер сонда екен. Тоқтар
досы екеуі бөліп алыпты», - деген лақап лезде жайылды.
-        Дәптерлерді
қалай, қайтардың ба? - деп сұраушылар да көбейе бастады.
         Завхоз алдын көріп қайтқаннан кейін мен
енді неге болсын бекіп алдым.
-        Айтып тұрған
дәптерің не өзіңнің? Завхоз шақырса басқа мәселемен шақырған, - деп бет
бақтырмаймын.
          Тағы да
бірер күн өтті.
          Шияп мұғалім
сабаққа дағдысынан сұстылау келді де, бірден:
-        Балақан, артық
алған дәптерлерді әлі қайтармапсың ғой. Қазір тұр да завхозға апарып тапсырып
кел! - деді. Даусы өктем. Зіл де, бұйрық та сезіледі. Мен де шорт кеттім.
-        Алмаған
дәптерді қайдан апарып берем?
-        Алмағаны қалай?
Завхоз отыз жеті дәптер орнына екі-екіден жаңсақ санап жетпіс төрт дәптер
берген жоқ па?
         Тоқтар қайтсе
де мойындама дегендей санымды шымшып қалды. Класс іші мен не дер екен дей ме,
тым-тырыс.
-        Завхоз жаңсақ
санаған жоқ, жаңсақ айтып тұр, мұғалім.
         Шияп мұғалім маған сәл тіксініңкіреп
қарады. Бірақ үндеген жоқ. «Ал жақсы» деді де сабаққа көшті. Осымен әңгіме
бітті деп ойладым ба, менің де жүрегім орнына түскен деді. Бірақ оным ұзаққа
бармады. Сабақ бітісімен Шияп мұғалім мені өзімен бірге кабинетіне шақырды.
-        Көкесіне
танытады енді, - деген күлкілі дауыстар шығарып салды мені.
         Балалар
білмей айтпапты. Кабинетіне келген соң Шияп мұғалім қаһарланып кетті.
           Сөзді қой,
балақан, жаныңның барында дәптерлерді қайтар қазір. Әйтпесе жаман болады.
           Мен бірақ
қызық халдемін: не айтса да, қалай қорқытса да ерегесемін бе, әйтеуір, алған
бетімнен қайтар түрім жоқ.
            Жаман
болса болсын, қайтара алмаймын.
            Қайтармасаң
мектептен қуыласың.
             Қуылсам, қуылайын, бірақ қайтара алмаймын.
             Шияп
мұғалім таңданған секілденді:
-        Неге қайтара
алмайсың?
-        Алмасам, қалай
қайтарам! - деймін тағы да қарысып. Мұғалім сәл үндемей отырып қалды. Не ойлады?
Мына әдісінің мақсатқа жеткізбейтінін ойлады ма, қоркыту, ұрсумен бала жүрегіне
жол табылмайтынын сезді ме, кім білсін, әйтеуір, орнынан тұрды да, шкаф үстінде
тұрған мандолинді барып алды. Бері оралғанда байқадым, жүзі жылы, көңіл күйі
өзгеше. Шияп мұғалім мандолиннің жайлап құлақ күйін келтірді де, мені «отыр»
дегендей ишарамен диванға шақырды. Өзі қасыма келіп жайғасты да, әлде бір халық
әнін тартты.
      Содан кейін
бетіме жылы жүзімен жымия қарап:
-        Сен осы
домбыра, мандолин тарта білесің бе? - деп сұрады.
-        Жоқ.
-        Бірақ, ән
саласың ғой?
-        Әнге де сонша
емеспін.
-        Қабырға газетіндегі
Жамбылға арнаған елеңіңді оқыдым. Жақсы екен.
-        Түзеп, жөндеген,
жаңа шумақ қосқан Ғазез мұғалім ғой.
-        Оқасы жоқ, кейін
буының бекіп, қаламың төселген ақын деген атаққа ие болған кезде, өзің де
біреуге көмектесетін боласың.
         Мен жадырайын
дедім. Шияп мұғалім тағы бір халық әнін тартты. Содан кейін кілт тоқтады да,
маған тіктеп қарады:
-        Сен, балақан,
сабақты жақсы оқитын, тәртіпті, жақсы баласың. Жақсы болмасаң, біз сені
староста етіп сайламас едік қой! - Шияп мұғалім мені қайтер екен деді ме,
тоқтап қалды. - Мен дәптерлердің сенде екенін анық білем. Тіпті ана Тоқтар
екеуіңнің бөліп алғандарыңа дейін маған аян. Керек десең қай жерге тыққандарыңа
дейін айтып бере аламын. Жалғыз-ақ, жаңа балалар алдында ағаттық жіберіп алдым.
Көптің көзінше сені қыспауым керек еді. Дәптерді қайтар. Бірақ балалар алдында
сені арашалап алуды маған сыр. Ұрлықшы атандырмаймын.
         Манадан бері
қыстығып отырсам керек, мен жылап жібердім.
-        Ондай-ондайлар
бола береді, қысылма да жылама. Бала кезімде менің де ептеп кебежеге түсіп,
құрт, май ұрлаған жәйім болған. Дәптері құрғырдың жетпей жатқаны ғой, әйтпесе
сөз етуге тұрмайтын шаруа мұнымыз...
        Мен көзімнің
жасын сүрттім де түрегелдім. Шияп мұғалім екі айтпайды. Бала жүрегі тамыршы секілді
мұғалімнің бұл қасиетін жақсы біледі. Осы ұғымымды растағандай:
-        Ешкімге
көрсетпей өзіме ғана әкеп берерсің, - деген қаз дауысы мені кабинеттен шығарып
салды.
          Әңгіме
осымен бітті. Мешкей деген жақсы атақ емес қой. Келесі күні Тоқтардағы дәптерлерді
алып, оған өзімдегіні қосып газетке орадым да, жасырынып келіп мұғалімге
тапсырдым. Әңгіме кешегі сөзбен бітті деді ме, әлде өзгерісі бар ма, қайтсе де
жоғы табылғанына Шияп мұғалім қуана қойған жоқ.
-        Бар класыңа
бара бер, - деп салқын ғана шығарып салды.
          Қобалжулы
көңілмеп класқа кірдім. Қазір ол кіріп келеді де «ұрланған дәптерлер міне!» деп
газетті жазады. «Ұры әне отыр!» - деп мені көрсетеді. Сонда қайттім!..
            Жұмсақ
мінезді Тоқтар:
-        Не болды? Өңің
қашып кетіпті ғой? - деп сұрады.
-        Білмеймін, мұғалім
алды суық. Әшкерелеп қоя ма деймін...
          Тоқтардың да
өңі өзгеріп кеткен секілді. Демін ішіне алып үнсіз қалды.
Әлден уақытта қоңырау соғылды. Класқа Шияп мұғалім кірді.
Бәріміз түрегелдік. Арада қанша уақыт өткенін білмеймін, бір кезде мұғалімнің:
«Ау, сендер неғып түрегеп тұрсыңдар? Отырмайтын ба едіңдер?» - деген дауысы құлаққа
келді. Қарасам, жұрт әлдеқашан отырып үлгерген. Түрегеп тұрған Тоқтар екеуіміз
ғана.
-        Сен неге тұрсың?-
деппін мен Тоқтарға отырып жатып.
-        Өзің отырмаған
соң,- дейді Тоқтар сыбырлал.
         Арт жақтан
дауыс шықты:
         Отыра алмайтын себептері бар олардың.
         Қандай себеп?
- деп сұрады Шияп мұғалім.
          Қылмысты.
Дәптер ұрлаған.
         Шияп мұғалім
түсін суытты.
         Оны кім айтты саған?
-        Жұрт шулап
жүр.
-      Өз көзің жетпесе, жұрттың сөзіне неге ересің?
        Дауыс жым
болды.
          Шияп мұғалім
тақтаға қарай бір-екі аттап барды да бері бұрылды.        
-        Бұл екеуінде
түк жазық жоқ. Бәрін шатастырған әлгі завхоздың өзі. Тексере келгенде дәптерлер
өзінен шықты. Бір бумалардың арасында қалған.
          Тоқтар
күрсініп шалқая отырды. Менің де демім дірілдеп шығады.
-        Үстірт сөйлеп,
жөнсіз сөзге еру жолсыздық болады, - деді Шияп мұғалім.
-        Олай болса,
кешірім сұраймын. Ағаттық болды, - деп жаңағы бала кішірейе сөйледі.
          Тоқтар жымың
етті. Қыздар жағы «е, бәсе!», деп шу ете қалды. Мен үндемей өз орнымда отыра
бердім.
        Бұдан отыз
сегіз жыл бұрып Шияп мұғалімнің даналығы арқасында мен «ұрлықшы» деген жаман
аттан осылай құтылған едім.
          Ұшқары
ойлап, келте пішетін кейбіреулер: «Мұның иесі даналық?» - деуі де мүмкін. Оның
үстіне үстірт қарағанға Шияп мұғалім әрекетінде педагогикаға «жатпайтын» да
бірдеңелер бар ғой. Айталық, менің абыройымды төкпеймін деп, көп алдында өтірік
айтты. Шындықты жасырып қалды. Онысы дұрыс па еді?!
         Мен қазір ата
болған адаммын. Немере-шөберелер сүйіп отырған жанды-жақты үйде әр ата-ана
өзінше педогог болуға тиісті ғой. Мен ол кездегі бала көзімен емес, бүгінгі
педагогикадан хабары бар, бала тәрбиелеудің жөн-жосығын білетін ата көзімен
қарағанның өзінде де Шияп әрекетін бірден-бір дұрыс жол демекпін. Өйткені, «шындықты
жасырып қалудың» ірісі мен уағы бар.
         Кейде ірі
шындықты жасыру қылмысқа итермелесе, ұсақ нәрсені әшкерелеу қылмыстан да ауыр
болмақ. Рас, мемлекет мүлкіне біреулер қол сұғып, екінші біреулер соны жасырып
қалса, әне бұл қылмыс. Ал ана дәптер мәселесі секілді ұсақ, болымсыз жәйда өр көкіректік танытып,
айқайлап жату - кісілік қасиетке дақ түсірер білімсіздік; керек десең надандық
демекпін. Өйткені адам тағдырының кілті кейде осындай ұсақ окиғадан көбірек
табылып қалатынын ескермеске болмайды. 
        Менің жұбайым
мұғалім болып істейді. Бұдан біраз жыл бұрын осы Алматы қаласының Баянауыл
көшесі жағындағы бір орта мектепте өзі куә болған бір қайғылы оқиғаны айтып
берген еді: бесінші класта оқитын бір бала үйіне келген де, атылып қалған.
Артына жазып қалдырғаны: «Папа, мама! Кешіре көріңдер, сендерді ұрлықщы баланың
әке-шешесі деп көзге шұқыттырғым келмейді». Бары осы. Ақыры қазамен ғана
шешілер қандай ұрлық жасапты сонда ол бала? Осы қайғылы оқиғаның алдында V
класта бір баланың қаламы жоғалған. Класс жетекшісі тықылдаған тым пысық әйел
екен. Балаларды тізіп қойып түгел тінткен... Сонда жоғалған қалам әлгі баланың
қалтасынан шығыпты... Жаңағы тықылдақ педагог баланы жұрт алдына шығарған да
тілдеген: «Ұрлықшысың, өтірікшісің. Әке-шешеңе барып айтып, милицняға апарып
түрмеге жаптырам», - деп бала намысына тиген... Соның аяғы жаңағы қайғылы
оқиға.
      Ойлаңызшы, қылмысты жасаған кім? Қалам ұрлаған
бала ма, әлде мұқалымпаз бала намысын қорлаған ана мұғалім әйел ме? Тайға таңба
басқандай даусыз бір шындық бар: ұшқыш болмасаң, самолет штурвалына отыруға тиісті емессің. Тетігін білмеген адам ЭВМ-нің маңайына
да бара алмайды. Барса, күлкі болады. Ал бала жүрегінің, бала психологиясының
кілтін іздемейтін, іздесе де таба алмайтын, педагогтық қабілет-дарыны жоқтар
мектеп есігін ашып, класқа кіруге не себепті қақылы?
       Біз кейде жас
балалар өз ойлаған жерімізден шықпаса, шошынып қаламыз. Өзіміз бала болып көрмегендей
түймедейді түйедей етіп жіберетініміз бар. Бүгін дәптер ұрласа, ертең біреудің
қорасына түсіп, түйесін ұрлайды деп қараймыз. Бүгін біреудің портфелін ашып,
қалам «ұрласа», ертең қалтаға түсіп ақша ұрлайды деп шошынмыз. Осы
шошынуларымызда бала психологиясын жете білмегендіктен туатын ұшқарылық барын
пайымдай бермейміз. Бұл «ұрлықтың» шын ұрлық болмай, жүре бара, есейе келе
балалық шақпен бірге кететін бала мінездің қызығушылығы болуы да ықтимал ғой.
Шын ұрлықтардан осы балалық қызығушылықты айыра білу үшін шын педагогтік
көрегендік, даналық керек.
       Шынында да,
қазір ойласам, Шияп мұғалім даналық танытпай, алдап түсіріп алып, жұрт алдында
масқарамды шығарса, менің тағдырым қай арнамен кетерін бір тәңірдің өзі білсін.
Өйткені бала жүрегінің кілті табылмаған жерде мұқалған бала намысы неге апарып соқтыратыны
белгілі ғой.
* *
     Арада ұзақ жыл
жатыр. Ұлы Отан соғысы біз оқыған мектеп қабырғаларын шалқайта айырып,
әрқайсысымызға әрқилы жолдар дайындады. Соғыс басталысымен Ғазез бен Шияп
өздері сұранып майданға аттанды. 1942 жылдың мартында Тоқтар екеуміз де армияға
шақырылдық. Жолымыз Алматы қаласынадейін бірге түсті де, 17 март күні бұрынғы
«Ударник» кннотеатрының үйі бізді ажыратып жіберді. Тоғыз жолдың торабы болған
осы үйден Тоқтар батысқа, мен шығысқа аттандым.
       Көп кешікпей
мен шығыстан батысқа оралдым. Ал бір өкініші батысқа аттанған Тоқтар шығыска
қайтып оралмады. Майдан жұтқан боздақтардың бірі ол. Ғазез бен Шияп тағдырлары
да қилы-қилы.
       Майданға семья
құра алмай бойдақ аттанған Ғазез талай-талай жараланып, ақыры елуінші жылдың
бас кезінде туған жері Көкшетаудың Қарағаш ауылына оралды. Қарағаш - даңқты
жер. Одан қазақ поэзиясының тарланы Жақан Сыздықов қанат қаққан. Бұл жер - жас
талантын аша алмаса да, өз заманының оқушысына танылып кеткен Елжас Бекенов
туған жер. Талант дарыған осы ауылда мен 1963 жылы болдым. Арада жиырма екі жыл
өткенде ұстазым Ғазезбен кездестім.
       Баяғы үн, баяғы
саумал мінез. «Бұл не затты» да Ғазекең ұмытпаған. Бар өзгерісі - семья құрған.
Біз ересек балалардың әкесі болсак, Ғазекең шиеттей сәбилердің әкесі. Құдай
берген сынық мінезі ме, әлде оның балаларынан менің балаларым әлдеқайда үлкен
болғандықтан ба, Ғазез ұстазым кішірейіп маған «сіз» деп сөйледі.
      Бір-екі рет
ескертіп, «Сіз маған ұстазсыз ғой және қандай ұстазсыз, ал мен өмір бақи сіздің
шәкіртіңіз ғанамын. Сіздей ұстазым барлығын мақтан етемін»,- десем де Ғазекең
сізден танбады. Бірақ мен Қарағаштан қанаттанып аттандым. Қаншама ұзақ жол болсын,
басы бірінші қадамнан басталады демей ме, мен бүгін қазақ совет әдебиетінде бір
нәрсені тындыра алдым-ау десем, соның бастауында Ғазез Әбішевтей ғазиз жан
тұрғаны мен үшін мақтаныш.
       Ал Шияп мұғалім
болса, соғыстан жаралы оралған жанның бірі. Бір қызығы - келген бетте біраз жыл
партия қызметінде болған. Кейін өзінің сүйікті қызметі - мектепке ауысқанда:
менен қайбір партия қызметкері шығушы еді. Мектебі ме келіп енді дұрыс болды -
депті.
        Ол біраз жыл
Солтүстік Қазақстанның Сергеев аудаданында бір үлкен орта мектепте директор
болып қызмет істеді. Қазір пенсияда деп естимін.
        Мен Шияп мұғаліммен
1965 жылы кездестім. Таңданарлығы - кейбір педагогтерге ұқсап: мен саған ұстазбын,
сен маған шәкіртсің - демеді. «Мен сіздің шәкіртіңізбін, сіз маған ұстазсыз», -
деп мен айтсам, әлдеқайда ұтымды болатынын зерделі педагог білсе керек-ті, елпілдеп
алдыма да түсе қойған жоқ. «Майбалық орта мектебінен озып шыққан жалғыз өзің
ғанасың ғой, жазғандарыңды оқимын», - дегені болмаса, баяғы жылуы ішінде, сырты
салқын қалпы. Тал бойынан мен тапқан бар мін - киімі жұпынылау секілді. Кигені
кеңдеу шалбар, өңірін айқара түймелейтін пиджак. Әңгіме үстінде тағы бір
аңғарғаным; бір кезде жұртты табындырып, әйелдерді ынтық еткен сұлу жүзіне өмір
сызықтары түскен. Қаз дауысында да аздаған жарықшақ бар. Адам психологиясын
тамыршыдай дөп басып танитын педагог менің осы сәттегі көңіл-күйімді байқап
қалды ғой деймін, қабағына кірбің іліп, терең күрсінді:
-        Үйге жүріңдер,
шай ішейік.
          Ұстаздың
айтқаны маған заң. Мен орнымнан тұрдым.
          Үш-төрт
бөлмелі ағаш үйдің іші бостау, салқындау көрінді маған. Алдыңғы бөлмеден ақ
жаулықты бір қарт ана шықты.
-        Төрлетіңдер,
балалар!
-        Бұл кісі
Мисалым жеңгелеріңнің анасы, - деп таныстырды Шияп.
Ойыма оқыс келген сауал:
-        Ал жеңгеміздің
өзі қайда?
         Шияп
мұғалімнің өңі бұзыла берді:
-        Манадан бері
айта алмаған едім. Мисалым женгең дүние салған...
         Мисалым
жеңгей менің көз алдымда. Дөңгелек жүзді тым сүйкімді кішкене кісі. Қыста биік
өкшелі фетр пима
киіп жүретініне дейін білем. Ол бізге сабақ беген жоқ. Сонда да сынық мінез,
сыпайылығы үшін, Шияп секілді жігіт төресінің лайықты, жарасымды жұбайы болғандығы
үшін қатты сыйлап, алдын кесіп өтпейтінбіз.
       Есімде
сақталған тағы бір көрініс: екеуінің жұбын жазбай бірге жүретіндігі. Мектепке
бірге келетін, мектептен бірге кететін. Класта терезеге жақын отырған балалар «Әнекей»,
- деп қалса бәріміз бірден түсінетін едік те, дүр етіп терезеге ұмтылатынбыз.
Сонда бір-біріне қос аққудай сондай үйлесіп келе жатқан, не кетіп бара жатқан
Шияп мұғалім мен Мисалым жеңгені көретінбіз. Көретінбіз де қызығатынбыз.
Жүріс-тұрысы, мінез-құлықтарына еліктейтінбіз де. Олар біз үшін әманда сұлулық
пен тазалықтың, татулық пен асыл махаббаттың ойып алған үлгісі секілденіп тұратын.
        Біз зират
басына бардық. Мисалымға деген Шияп махаббатын мен осы жерде көргендеймін.
Қызыл кірпіштен көтеріліп, марқұмның өз көңіліндей ақпен сыланған күмбез төңірегінде
аялы алақанның ізі жатыр. Тазалық - татулық ізі, айнымас достық ізі.
        Зират басынан
қайтқанда, Шияптың жүдеп, шөгіп қалғанын байқадым. Сол халден шығарып алайын
дедім бе, қасымыздағы жолдастарға баяғы дәптер тарихын айтып едім, Шиякеңнін де
есінде екен:
- Бәрі де жоқтықтың салдары ғой, - деп ақталған секілді
болды. Ол оқиғада сондайлық тапқырлық бар деп танымайтындай. Менің көңілімде
мұғалімнің мені жұрт алдында ақтап алғаны көбірек сақталса, оның есінде тіктеу келгені, «ұрысқаны» көбірек қалып қойғанға ұқсайды.
Байқаймын, «дәптер мәселесіне» екеуміз екі тұрғыдан қарайтын сияқтымыз. Оның да
жөні бар. Шиякең секілді көшелі адам «есінде ме, мен сені арашалап алып едім ғой», - деп жоқ жерде өз бағасын өзі түсіріп босқа шашылып
жатса, не болғаны?!
          Ұлы Абайдың:
Жалғанда сенен артық маған жар жоқ,
Саған жар менен артық табылса да,- деген жолдарының жүрекке
ұялар сиқырлы күші «сен», «мен» деген есімдіктердің өз орынын тауып тұрғанында емес пе! Ал осы жолдарды сәл өзгертіп:
Жалғанда менен артық саған жар жоқ,
Маған жар сенен артық табылса да,- десе надандықтың көкесі болып
шықпас па!
      Міне, менің
алғашқы ұстаздарымның бірі Шияп Садықов бұл күнде ата болған шәкіртінің өзі
мақтана алатын осындай адам. 
          Міне, педагогикалық
институттың залында надан шикіл сары мен аңғал құбаша ақынды, ұр да жық піл көз
сыншыны тыңдап отырып менің көз алдыма осы бір оқиға келген еді.