ВЕРНУТЬСЯ

     Қолым бос кезінде айтса болды, әйелімді сұраған жеріне
апаратын әдетім бар. Сағат кешкі бес. Біз салып ұрып тарап жатқан көкшін
базарға келдік. Бақаң тарай бастаған жұрт арасына сүңгіді де кетті. Машинаны
күзетіп мен қалдым. Жәй қалған жоқпын, құжнап жатқан жұрт нөпіріне қараумен
отырмын. Міне қақпадан бір әйел, бір еркек шықты. Біреуінің қолында сыпырғыш. Екіншісінің
қолында жарты литр арақ, тағы бір түйіншек. Екеуі маған қарай жақындап келді де
уақыты бітіп жабылған кішкене дүкеннің баспалдағына келіп жайғасты. Еркек сыпырғышты
былай қойды. Әйел түйіншекті ашты да, тұзды қияр мен қызанды алып, баспалдаққа орамал төседі. Еркек жартының тығынын ашты. Екеуі баппен
отырып кәдімгідей, үйдегідей дастарқан жайды.
       Нан мен
сарымсақ, тұзды қияр мен қызан, жарты литр арақ. Аты көше демесең, бұдан артық
не тілемексің құдайдан?!
-        Оң қанатты мен
бүгін тазалап сыпырдым, - деді әйел.
-        Сол қанат бүгін
сондай таза. Менің алшым оңынан түсті, - деді еркек. - Бір қасапшының етін
шабысып едім, бес сомды қалтама сұға салды.
-        Маған да теріс
болған жок, алма сатқан бір азаматтың жүгін түсірісіп едім, үш сом ұстата
берді, - деді әйел.
          Екеуі де көңілді.
Екеуінде де табыс бар. Еңбекпен өткен мына күнді қайтсе де атап жіберу керек
енді.
         Содан кейінгі
жоспарды ақылдасып шешеді ғой екеулеп. Әйел жан қалтасынан екі стакан шығарып
орамал үстіне қойды. Еркек бір жұтынып алды да арақ құймаққа шыныны көтере
берді...
       Кенеттен бір
милиңионер сап ете қалды:
-        Бұл жерде не
істеп отырсындар?
        Еркек арақты
орамал үстіне қайта қойды. Екеуінде де үн жоқ.
-        Тәртіпті неге
бұзасыңдар? Кешеде отырып арақ ішуді сендерге кім үйретті?! Тұрыңдар кәне! -
Милиционер осыны айтты да, жарлығының орындалуын күтпестен арақты арыққа апарып
лақылдата салды,- табандарыңды жалтыратыңдар кәне бұл жерден!
        Милиционер қас
қағымда кетіп отырды. Тілі байланып қалған еркек пен әйелде үн жоқ. Бірер минут
осылай өтті. Содан кейін екеуі де есін жияйын деді білем, осы жерге отырайық
деген сенсің, жоқ, мен емес, сен едің ғой, -деп даурығысып, бір-біріне қол
сермесіп, жер тепкілесіп тұрды да екі айрылып жүре берді...
      Ерсі шаруаның
ақыры осылай тынбағанда қайтушы еді...