ВЕРНУТЬСЯ

     Бала кезімде жетпіс-сексенге келген қариялардың мақтана айтар кей әңгімелері еміс-еміс құлағымда қалыпты: жылан жылы пәлен елге барып жылқы айдап әкелгенде... доңыз жылы түген деген жерге барып жылқы алып...
  Есейе келе ойға қалам ғой: «ау, ұрлық түбі - қорлық» демеуші ме еді жұрт?! Қашаннан бері мақтаныш болған ұрлық дегенің?
  Сол тұста мен өскен ауылда Ерден молла деген кісі бар еді. Молла деген аты ғана. Әйтпесе моллалық құрған жан емес. Бірақ орысша, қазақша білімді, хатқа жүйрік, әр нәрсенің арғы жағын ойына түйіп жүретін парасат иесі. Жаңағы сауалды мен сол кісіге қоям ғой.
  Ерден молла көсіле жөнелді.
— Қазақ ежелден ұрлыққа үйір халық емес. Ұрысының ең мықтысы — Баукеспе. Есікті жіппен шандып байлайды ғой. Ретін тауып сол жіпті кесіп үйге кіретін ептіңіздің түрі. Орыстар қызыл іңірден терезелерінің қақпағын жауып, есіктерін бекітіп алады. Қора-жайға, үйге түсетін ұрыларға қарсы қолданатын амал-айлалары да көп: засов, заслон, запор, щеколда, крючок... тағы сондай есік, қақпаларды бекітер әдістері бар. Ал қазақта осылардың бірі де жоқ. Қрючок деген әйгілі сөздің өзіне балама таба алмай, ілгек деп жүрген жоқсыңдар ма. Киімнің ілгегімен шатастырмау үшін, есіктің ілгегі дейсіңдер. Осының барлығы ұрлық деген жаман әдеттің бұрынғы ауылда дағдыға айналмағандығының айғағы. Қазақ аштан өлуге бар. Бірақ біреудің ала жібін аттамайды. Себебі, ала жіпті аттау — өлімнен де жаман. Ал ат үстінде жүріп жылқы айдап әкету — ұрлық емес бұл. Қайта күш таныту, қыр көрсету болып табылады. Ел мен ел арасындағы қилы-қиян қарым-қатынастарды дұрыстап, қалыпқа келтіретін амал. Сол себепті ұрлығы жоқ елде жылқы алып кету — ұрлық емес, қайта өнер саналған...
  Ерден молланың осы айтқандарының көкейіме қонғаны соншалық, арада елу жыл жатса да әлі күнгі құлағымда тұрған секілді, ұмытар емеспін.