ВЕРНУТЬСЯ

       Аудандық
комсомол комитетінің секретары болып сайланғаныма біршама уақыт өткен, іске
төселіп жаттыға бастаған кезім. Аудандық партия комитетінің бюро мәжілісінде
Тегісшіл колхозына баратыным белгілі болды. 
Міндетім - газет тілімен айтқанда, көктемгі егіске дайындықты қадағалау
ғана емес, осы науқанды ойдағыдай атқарып, абыроймен аудан орталығына оралу.
- Мен комсомол комитетінің топырыш торысын жадағай шанаға
жектім де, дайындалып екі айлық сапарға шықтым.
     Тегісшіл колхозының үш ерекшелігі бар:
бірінші ерекшелігі - жан басының аздығы. Колхоз не бары он бес-ақ үйден тұрады.
Екінші ерекшелігі - сол орамдағылардың ұғымы бойынша, жылқы тұяғының көптігі.
       Орталық жылқысы
әр үйге шаққанда жнырма-жиырма бестен айналады. Сол себепті бұл ауыл ауданда
жылқылы Тегісшіл, бай Тегісшіл деп аталады. Үшінші ерекшелік - шапаты келген,
қол тоқпақтай ғана қара кісі Айтбаев Шаяхметтің осы жылқылы Тегісшілдің колхоз
председателі болуы. Онда тұрған ерекшелік не?
        Әйтеуір, біреу
болмаса, біреудің колхоз шаруашылығын басқаруға керек емес пе? - дейсіз ғой.
Біреу болмаса, біреудің емес, әңгіме Шаяхметтің председатель болуында.
       Шакең бұл
колхозға келгенге дейін осы ауданның басқа бір совхозында директордың орынбасары
болып істеген. Орынбасарға жұмыс табылмай ма, бір шаруамен облыс орталығы Петропавлға
барады. Әдейі келген ісін тындырған соң, балаларына көйлек-көншек, тағы сондай
бірдемелер сатып алмақ болып дүкенге кіреді. Әрнәрсені бір қарап, үлкен қара
пештің тасасына қарай ойысады.
        Бір кезде:
шырағым, мына бір ойыншықты көрсетіп жіберші, - деп басын көтерсе, магазинде
бір жан жоқ. Бұларға не болған деп шығар есікке барса, сыртынан үлкен қара
құлып салулы тұр. Бұл пеш тасасында әлденеге телміре қарап тұрған кезде
магазинде кісі барын байқамаған сатушылар есікті жапқан да түскі үзіліске шығып
кете барған. Шаяхметтің зәресі ұшады. Айқай салады. Есікті ұрғылайды. Түстіктен
кайтып оралған сатушылар, әрине, мұның ұры емес екенін бірден танып, қоя берсе,
ІІІакең магазиннен кетпейді ғой:
-        Жоқ,
милициядан кісі шақырыңдар! Менің қойны-қоншымды жақсылап тінтетін болыңдар!
-        Ұры емес
екеніңізді біліп тұрмыз. Жолыңыздан қалмаңыз. Алатын затыңызды алыңыз да бара
беріңіз...
    Оған көнер Шаяхмет
пе? Ақыры органнан өкілдер шақыртып, акт жасаттырып, өзінің адалдығына жұрттың көзін
жеткіздірген соң ғана дүкеннен шығады...
        Ойда жоқта
душар болған осы жайдан зорға дегенде құтылып, үйіне келсе, әйелі:
-        Манап басқа совхозға
көшейін деп жатыр,- депті.
-        Қай Манап?
-        Бухгалтердің
орынбасары Манап тағы... Өсіп, басбухтың өзі болып кетіп барады.
-        Әу, онда не
ғып отырмыз? Барып қоштасып қалмаймыз ба?
Дәм-тұзы жарасқан есепшімен қоштасып қалмақ болып, Шәкең
Манап үйіне барады. Ортада дөңгелек үстел, жағалай отырған жұрт, енді біреу оң
қолда кіреует үстінде екен. Самауыр күжілдеп тұр. Ал самауыр мен пеш арасындағы
еден кақпағын ашып, үй иесінің әйелі қоймадан май алып жатады. Әманда асығып
жүретін Шаяхмет жұрттың бәрімен қолдасып, енді кіреуетте отырған адаммен
амандасайын деп кері айналып келіп самауырын мен пеш арасынан: сәлеме...- деп қолын
созып ұмтыла бергенде қоймаға күмп береді. Бір жақсысы, үй иесінің әйелі
қиыстау отыр екен, аман қалыпты.
       Ал Шаяхметтің
өзі мертікпесе де көпке дейін белім деумен болған ғой. Біраздан кейін есін
жиған жұрт сұрамай ма:
      Ойбай-ау,
алдында апандай үңірейіп ашық жатқан қойма барын көрмедің бе?
       Сонда шойырылып
отырған Шаяхметтің жауабы:
-        Қайдан
білейін, қарайып жатқанға, төсей салған қара тері екен деп ойладым ғой мен
бейбақ...
        Мен, міне, сол
Шаяхмет Айтбаев басқарған жылқылы Тегісшіл колхозына келе жатырмын. Аудандық
партия комитетінің бюро мәлжілісіне қатынасқан Шаяхметпен келісімім де бар:
шабан үйрек бұрын ұшар дегендей
мен комсомолдың топырышымен кете бермекпін. Ал Шакең болса,
бай Тегісшілдің жер тарпыған арғымағымен мені қуып жетпек.
       Март айының аяқ
шағы. Алты ай қыс бойы үстемдік алып, толассыз бұрқырап, шабына соққан ақ
боранның жыны басылып, жуасыған жылы, шағырмақ күннің бірі.
       Шана табанына
темір шыңылындай тиетін шыңылтыр қар енді жұмсарып жылымық тартқан. Қыстан
жүдеңкіреп шығып келе жатқан топырыш торым ауырлай бастаған жолдағы шана
сырылына екі құлағын қайшылап кезек тігіп, аяң бүлкекпен келеді. Төңіректегі
қарлы даладан ат ізімен, шана ізімен нығарланып біршама биіктеп алған жол
сорабы айқын. Алда ағаш қылтасы бар.
       Ойым сол жерге
барып ат сарқын басып, дем алу, артта қалған Шакеңді күту. Ағаш қылтасына
жақындаған кезде артыма көз салдым. Біреу құйғытып келеді. Өзі шана үстінде тұр.
Ішігінің оң жеңінен қолын шығарып алған. Ұзын бишігін төбеде ойнатып, торысын
үсті-үстіне төпелейді. Жақындағанда таныдым: Айтбайдың Шаяхметінің дәл өзі. Мен
бұрылып жол бере бердім. Шаяхмет құйғытқан бойы алдыма түсті де тоқтай қалды.
-        Ау, Шаке,
бірдеме көрінді ме, от ала қашқандай, мұныңыз не?
-      Көрінді.
-        Не көрінді?
-        Бала, саған
айтқан жоқ па едім?..
-        Ештеңе де
деген жоқсыз.
-        Кешеден бері
мына ат ауырып...
-        Еһе, ауырған
атты осылай қинай ма екен олай болса?
-        Бала, сен
түсінбейсің.
-        Түсіндіріңіз
онда түсінбейтінімді...
-        Қазақ: адам жылқы
мінездес дейді. Осының мәнін, әрине, сен білмейсің.
-        Білмейтінім
рас, бірақ естіген мәтелім.
       Шаяхмет қуанып
кетті.
-        Айттым ба
әне... Адамның жылқы мінездес екені рас болса, жылқы да адам мінездес болып
шықпай ма сонда?
-        Мүмкін... -
деп күмілжідім мен оның не айтқысы келіп тұрғанын аңғара алмай.
-        Ал сонда адам
суық тиіп ауыра қалса, ыстық бір сорпа ішіп терлеп, жазылып кете бармаушы ма
еді. Мен де мына торы аттың ащы терін шығарып жазып алайын деп келе жатырмын...
       Бірдеме дегенше
қара малға ұқсап солығын баса алмай, теңселіп тұрған торы аттың жонында бишігін
ойнатып Шаяхмет шаба жөнелді:
-        Енді
Тегісшілдің өзінде ғана көрісеміз.
       Жоқ, біз
Тегісшілде емес, екінші қырдың астында қайта жолығыстық. Топырыш торыммен
калқақтап дөңге шықсам, арғы құлай берісте Шакеңнің торы аты сұлап жатыр. Не
істерін білмей аңырып қалған Шаяхметтің екі көзі жыпылық-жыпылық етеді. Қайтсе
де колхдаз председателінің жем жеген семіз аты ғой, арам өлмесін, бауыздап таста
десем, онда да, менде пышақ жоқ. Алда бір шақырымдай жерде Айымжан колхозы бар.
Мен соған барып істің мән-жәйін колхоз председателі Жолмұқанов Мұхамеджанға
айттым. Мұхамеджан жол-жобаны білетін, сол төңіректе кісілігімен аты шыққан
тыңғылықты адам еді, - Ә, Айтбайдың Шаяхметі болса, одан шығады, -деп бір
жымиып алды да, дереу кісі шаптырып, зорығып өлгелі жатқан торы атты
бауыздатып, еліне кырық жілік етіп таратып, ат құнын Шаяхметтің
қалтасына салып жіберді.
       Тегісшілге
аудандық партия комитетінің өкілі келуімен байланысты Айтбаев колхозшылардың
жиналысын шақырды. Күн тәртібінде малдың қысқы күтімі, көктем егіске дайындық
жәйі. Колхоз председателінің беделі
соншалық мықты ма деймін, қайта-қайта хабарлап, қайта-қайта
кісі жіберіп, бала-шаға, қатын-қалашы бар, жиырма бес-отыз адамды зорға дегенде
жинап, түнгі сағат бірден асқан кезде жиналыс ашылды. Шаяхмет баяндамасына
кірісе бергенде-ақ күнімен жұмыс істеп көк жұлын болып жүрген еңбеккерлер отырған
залдың әр жерінен қорыл шыға бастады.
-        Әй, бәленше-еке,
тоқтат қорылды, - дейді Шаяхмет баяндамасын доғарып.
    Бәленше-екең
ұйқысынан оянып, қақырынып-түкірініп енді жөнделіп отыра бергенде колхоз председателі
баяндамасын әрі жалғайды. Сол-ақ мұң екен, қорыл залдың екінші бір жағынан дүр
ете түседі.
- Әй, бәленше-еке, тоқтат деймін қорылды.
      Осы кикілжіңмен
біршама уақыт өтті. Шакең мал басын түгендеп келіп, енді тауық шаруашылығына
тоқталды.
-        Жылдың басында
арам қатқыр жүз шақты әтеш бар болатын осында. Әуелі бес-он жұмыртқа салып
жүруші еді, мен оны МТС директрры Андрюшковқа астыртынберіп едім, соған
қырсықты ма, білмеймін, қазір
жұмыртқаламайтын болып кетті иттер.
      Қорылдап жатқан
зал ду ете түсті.
-        Оу, денің дұрыс
па өзіңнің? О заман да, бұ заман, әтеш жұмыртқалайтын ба еді!
       Шаяхмет көзі
тағы жыпылықтай қалды:
-        Жо...жоқ, ішінде
ұрғашылары да бар болса керек... мекиен деген сөз Шакең аузына қайдан түссін.
       Күлкіге
көмілген зал тірілейін деді. Бір жерден айқай шықты:
-        Жылқы шаруашылығына
атүсті тоқталдың. Тебінде жүрген жануарлардың жәй-күйі қалай? Сол жөнінде баяндап
бер!
-        Тебіндегі
жылқы саны төрт жүз. Бәрі де дін аман.
       Жылдың басы
қара қатқақ, жүре бара мұздақ болғанын өздерің де білесіңдер. Қүзде айғырдан
шыққан жүз биенің отыз шақтысы құлын тастады...
-        Биыл сонда жүз
биеден жетпіс-ақ құлын аламыз ба? Айтбаев жолдас, басыңмен жауап бересің! -
деген әлде қулық, әлде шын, әйтеуір, бір дауыс шықты.
       Шаяхметтің көзі
тағы жыпылықтай бастады. Сасқаны ма, кім білсін, сәл мүдіріп тұрды да:
-        Көктемге дейін
қаншама уақыт бар әлі, өйтіп-бүйтіп, биелерге жүз құлын таптырамыз... - деп
салмасы бар емес пе. Әлгінде ғана бір жамбастап жатқан ұйқылы-ояу зал күлкіден
ішегі қатып, дүр сілкінді.
      Мен қатысқан
колхозшылар жиналысы таң ата өстіп думен аяқталды.
      Көктем шықты.
Біз бәріміз де қос басындамыз. Солтүстік жағында құралайдың қара суығы деп
аталатын нағыз салқын кездің өзі. Кыстың жынды боранына бергісіз қара жел өңменіңнен
өтіп, қойын-қонышыңды аралағанда жаныңды қоярға жер таптырмайтын, малға да, жанға
да қиын қара өзек шақ. Бірақ қос іші жылы. Ортада маздап от жанады. Колхозда
бір ғана бригада бар. Бас көтерер ер азаматтардың бәрі майданда болғандықтан,
сол жалғыз бригаданың бар жүгі Күміс деген әйелдің мойнында. Күміс - әйел болса
да, еркекке бергісіз пысық адам. Колхоз жұмысын тасқаяқтай қағыстырады.
      Өзі ана-мынаңа
көне де бермейді. Не жұмыс атқарса да өз бетінше істейді. Әрі біліп, жөнімен
істейді. Сол Күміс бригадир де от басында. Әңгіме әрқилы: қыс сондай қатты
болғандықтан, былтыр күзде көктеген қара бидайдың өзі үсіп кеткен... Құралайдың
салқыны өтпегендіктен, жердің тоңы да жібімей жатыр... Қылтия бастаған көк
біткеннің қорғалап, бой салмай тұрғаны да содан...
      Бүйте берсе,
көктемгі егісті де уақытында аяқтай алмаспыз...
Ұзаққа созылған осы тұрғылас әңгіме үстінде Шаяхмет қолын
қолайсыз бір жеріне апара беріп:
-        Күміс, сен
бүгін мынаны ұйымдастыр... - демесі бар емес пе!
Жұрт ду ете түсті. Сабырлы болса да, ешкімге сөзін жібермейтін
Күміс:
-        Сау адамның
тамағын ішіп, ауру адамның сөзін сөйлеп, өзіңді әбілет басып отырғанның қай
жағы? - деп салды.
     Шаяхметтің көзі
тағы жыпылықтап кетті.
-        Не... не болды
саған, Күміс?
       Күлкімізді
тыйып, әңгіменің байыбына барсақ, колхоз председателінің ұйымдастыр деп
отырғаны колхоз шаруашылығына байланысты бір мәселе екен. Аңдамай сөйлеген
ауырмай өледі деген осы.
         Бәріміз
колхоз кеңсесінің алдында тұрмыз. Анадай жерде сұлап түсіп бір көтерем жатыр.
Қыстан арып шыққан малдың алғашқы көкке аузы тигенде өстіп тұра алмай қалатын
әдеті. Шаяхмет бастап, біз қостап, бәріміз
сол көтерем қасына келдік. Тұрғызып жіберейік деп едік,
қозғалта алмадық.  
Орталық малына жаны шын ашитын колхоз бастығы батыс бетке
иегін безеп:
-        Әне бір
түйіліп келе жатқан бұлттың репеті жаман. Түнде бозқырау түссе, мына көтеремнің
күні нешік? - деп дағдарды.
       Колхоз
председателінің бар әлсіздігін жақсы білетін Шәріп ақсақал дағдылы қулығына
бағып бір бәленің шетін шығарып қойды.
-        Рас айтасың,
бұлт реңі жаман. Түнде аяз соғады.
-        Мына көтеремді
не істедік онда? Ұшып өледі ғой...
-        Ұшып өлмесін
десең, жабулап тастау керек.
-        Жабуды қайдан
таптық? - деп дағдарды Шаяхмет байғұс.
Шәріп ақсақал бір мырс етті де:
-        Өй, тәйірі,
сол да сөз болып па! Үйің болса, міне тиіп тұр. Төрде жатқан алашаңды алдыр да
жаба сал.
        Бұл ақыл Шаяхметке
қона кетті. Бір жас жігітке бұрылып:
-        Бар, біздің
үйге кір де, төрде жатқан алашаны алып келе ғой, - деді.
- Жеңгей бермейді, - деп жігіт қиқаңдай бастады.
Сөзге тағы Шәріп араласты.
-        Әй, бермейдің
не сенің? Шакең айтса, бермеуші ме еді! Жүгіріп бар да алып кел. Қарап отырып
орталық малын арам өлтіріп аламыз.
      Шәріп ақсақал ауылда
сондай беделді адам. Әңгіменің арғы астарын аңғармаса да, қарттың ығына жығылған
бала бастық үйіне беттеді. Әлгіндей болмай қораға кірді. Бәріміздің көзіміз сол
жақта. Не болар екен деп бағып тұрмыз. Біршама кешіккен жігіт бір кезде ауладан
құр қол шықты. Байқасақ, Шаяхметтің де көзі өз үйі жағында екен. Құр қол шыққан
жігітті байқай салып иегін тағы батысқа кезеді.
-        Шәке, әлгі
бұлт дегенің ыдырап бара жатыр ма қалай?! Күн ашылып, түннің жылы болатын түрі
бар ма деймін.
        Шәріп ақсақал
бізге көзін қысты да, колхоз председателін қостай кетті.
- Шаяхмет, дұрыс байқап тұрсың. Әне, әлгінде түйілген
бұлттан дым да қалмаған. Жабудың керегі болмай қалды енді.
     Тұрған жұрт рахаттана
күлді.
     Расында да,
былайғы түндер сондай жылы болды. Колхоздың арық-тұрағының бәрі де көп кешікпей
алашасыз-ақ көтеріліп кетті.
      Көктем егісі
аяқталысымен колхоз шаруашылығының аз күнге қолы босаған шаруа адамдары енді өз
үй іргесіндегі жұмыспен айналыса бастады. Бұл жұмыстың бастысы - картоп егу
науқаны. Шаруа қуған тыңғылықты колхозшылардың, әрнне, тұқымға деп қыстан алып шыққан
картоптары бар. Соларын екті. Ал салақтары көршідегі украин деревняларынан
тұқымдық картопты сатып әкеліп жатты.
        Жұрттан қалсын ба, Шаяхмет те өз үйінің
іргесіне картоп егетін болды. Кешқұрым кез. Колхоз кеңсесінің алдында әңгіме
кұрған адамдар ортасында отырып Шаяхмет осы ойын ортаға салды.
-        Жұрт тұқымдық
картопты қаншадан сатып әкеп жатыр?
-        Пұтын жүз елу
сомнан...
       Шаяхмет
отырғандардың ішіндегі жастау біреуіне қарады.
-        Ендеше жүз елу
сом берейін, ертең бар да Жекекөлден маған бір пұт картоп әкеп берші.
        Шәріп ақсақал
сөзге араласты.
-        Жекекөлге ат
шаптырып қайтесің. Сепкеннен қалған бір пұт картоп біздің үйден де шығады.
        Шаяхмет жұлып
алғандай:
-        Ендеше жуз елу
сомды саған берейін онда... - деді.
        Шәріп ақсақал ұнатпағанын
білдіріп бірдеме дейін деп келе жатыр еді, сөз соңын тоспаған Шаяхмет іле жөнелді:
-        Ендеше екі жүз
сом берейін.
-        Ау, Шаяхмет...
-        Ендеше екі жүз
елу сом берейін.
-        Оу, сенің есің
дұрыс па өзі?..
-        Ендеше үш жүз
сом берейін.
       Шаяхметтің
үдете беретінін аңғарған Шәріп ақсақал үңдемей қалды да, батырың сабасына
түскен кезде ақырын жайлап қана:
-        Үш жүзің не,
жүз елудің өзі қымбат. Ана Түлкі Ойнаққа барғандар жетпіс бес сомнан әкеп
жатыр, - деді.
       Шаяхмет
дағдысынша көзін жыпылықтатып алды да:
-        Ендеше жетпіс
бес сом берейін, - деп салды.
       Жұрт ду күлді.
Ішек-сілесі қатқан Шәріп ақсақал күлкісінен тыйылып былай деді:
-        Олай болса,
бір бұт картопты мен саған жәй бердім.
Шаяхмет мінезінен айныр емес.
-        Ендеше
картобыңды жәй алайын...
        Өзім куә
болған осы әңгіме қыстан жүдеңкіреп шыққан мына бір шағын ауылдың бір айлық
күлкісіне ұласқан еді.
       Ол кезде
ауылдық жерде, әсіресе Тегісшіл секілді көпей колхозда қонақ үйі деген қайдан
болсын. Ауданнан келген өкілдер не болмаса есепші, ферма бастығы секілді
белсенділердің үйіне түседі. Мен де осы дәстүрден озып кеткенім жоқ. Жатар жерім
Шаяхметтің өз үйі.
       Шакеңнің
жұбайы.... өкінішке орай есімін ұмытып қалыппын... сол себепті мен оны Гүлсім
деп атайын, ие, сол Гүлсім елде жоқ келісті адам. Мінезге де бай, сондай
орнықты. Күйеуінің әпенділігін жақсы біледі. Сөйтсе
де шамданбайды. Жұрт күлкісіне мән де беріп жатпайды. Гүлсімнің
тағы бір керемет қасиеті бар: ертеректе қалада тұрғандықтан ба, әйтеуір,
тамақты шәрдәрілеп, аса дәмді етіп дайындайды. Үй ішіне де, алтын асықтай болып
өсіп келе жатқан үш баласына да, өз басына да құнтты. Бір жақсысы әйелінің осы
ерекшеліктерін Шаяхметтің өзі де жақсы біледі. Жақсы білгендіктен бағалайды да.
       Міне сол Гүлсім
жеңгеміздің дәмді кеспесін ішіп отырмыз. Шаяхмет кеспені қасығымен сапырып-сапырып
алды да мақтаныңқырай сөйледі.
-        Шіркін, біздің
кемпөшкеге жететін әйел бар ма екен жер бетінде?! Ай, жоқ-ақ шығар мұндай әйел!
        Менің
білетінім, бұлар жиырмасыишы жылдардың бас кезінде қосылған. Шаяхмет болса
тақыр кедей, оның үстіне әпенділігі және бар. Ал Гүлсім болса, сұлу да ақылды
қыз. Әке-шешесі де ел ішінде қадірлі жандар.
      Шаяхметтің қолы
осындай қызға қалай жеткен сонда? Әркімдердің көңіл құртын оятып, дәмелі
жігіттарді өзіне ынтызар еткен бойжеткен сұлу Шаяхметке қалайша тұрмысқа
шыққан? Көптен бері көңілімде жүрген осы сауалды реті келген соң қойып қалдым.
-        Жоқ екеніне
мен де имандай сенемін, Шаке. Бірақ елде жоқ осындай сұлу қызға қолыңыз қалай
жетті? Соны айтыңызшы.
        Тамақ құйып берін
отырған Гүлсім аса бір сыпайылықпен жымиып қойды. Ал Шаяхмет болса, есіңкіреп жүре
берді:
-      Ойбой, ол бір жатқан хикая...
-        Ал, ие,
соныңызды айтыңызшы...
        Гүлсімнің бұл
естіген әңгімесі болса керек, сәл даусын шығарып бұйығы күлді.
-        Айтсам...
Гүлсімді алдап түсірдім...
-        Қайтіп?
-        Мен жеңгесімен
сөйлестім ғой. Ол тоқсан сом берсең, Гүлсімді шығарып беремін деді. Мен көне
кеттім.
        Уәде байласқан
күні кырық сом ақша салып бардым. Жеңгесі сөзінде тұрып Гүлсімді алып шықты.
Қолына қырық сомды ұстата бердім.
-        Әй, қағынды,
қалғаны қайда?
-        Қалғаны кейін
болады жеңеше.
        Сөйтіп, Гүлсімді шанама салып алып тартып
отырдым. Жеңгеміз қала берді. Кейін елу сомды сұрап қыңқылдаған-ды. Ал мен
болсам, Гүлсіммен тұз-дәміміз жарасып қалған соң әне берем, міне берем деп
жүрдім де ақыры алдап кеттім...
-        Өзіңіз
коммунист адамсыз, алдағаныңыз жарамаған екен...
-        Коммунист
қалыңмал бермейді.
-      Бермегеніңіз қалай, ана қырық сомды қайда
қоясыз?
-        Ол қалыңмал
емес. Құдайға шүкір, қазір алтын асықтай үш балам бар. Әрқайсысы он үш сомнан
есептесең де, отыз тоғыз сом тұрады. Ал сонда Гүлсім секілді сұлудың құны бір-ақ
сом ғой. Өзің ойлашы, о заман да, бұ заман, бір сомдық қалыңмал бола ма!?
         Шаяхметтің
әзілі емес, шын есебі бұл. Күлмегенде қайтесің енді...
Осы айтқандарымның бәрі де қоспасыз әңгімелер.
       Соғыс кезінде
жалғыз Солтүстік Қазақстанда ғана емес, әржерде-ақ колхоздың осындай бастықтары
болған. Сол себепті танданатындай бұл оқиғаларда ештеңе де жоқ деп білемін.